Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбайдың «Заманақыры» ақырзаман ба?

Шортанбай ақынның мұрасының ішінде шығыстанушысы, этнограф, Ресей Ғылым академиясының академигі қазақ халқының ауыз əдебиетінің жиналып, зерттелуіне айрықша үлес қосқан түркітанушығалым Василий Васильевич Радлов (ФридрихВильгельм) (1837–1918) жазып алған «Заманақыр» өлеңі жауһар алқаның шашылып қалған бір үзігіндей көрінеді. Жырмен тартылған Қиямет күннің белгілерін көз алдымызға келтіріп отырып, тосыннан үзіліп қалғанда «әттеген-ай» деп, жырды жеткізуші мен жазып алушыдан кеткен қателікке ішіміз удай ашып  қалады. Әрине, осы күйінде болса да Ақын мұрасын жеткізгендерге алғысымыз шексіз. Өйткені Шортанбайдың дін тақырыбындағы, одан қалды ілімділердің ілгерісі ғана түсінетін имам әл-Маһдиге қатысты оқиға желісіне құрылған жырдың бір үзігі оның ақындық тереңдігінен хабар беріп тұр.

Көп жырдың ішінен Радловтың бұл жырды таңдап, жазып алуы бекерден емес-ті. Өйткені «Заман ақыр» Шортанбай ақынның жырларының ішіндегі шоқтығы биік, алдында өткен діни ойшылдардың дәстүрін, «қиямет күн», «ақырзаман» деп аталатын  эсхатология ілімін жаңғыртқан жыр. Осыған қарай отырып, ақынның шын шығармашылығын танытатын көптеген жазба дүниесі бізге жетпей өшті-ау деген ой тағы келді. Шоқтығы биік дейтініміздің себебі, ақын жырларының дені халықтың дүние-танымына жақын болып, жамағатын иманға шақырып,  жақсы мен жаманды түсіндіріп, орыс боданына мойынсұнған зар заманының зарын жеткізген жыры болып келеді. Сондықтан да ол жырлар тыңдаушысының жанына тым жақын болған соң елдің аузынан түспей айтылып, бүтін күйінде біздің қолымызға жеткен. Алайда бізге жеткен Шортанбай жырларының арасында «Заманақырдың» Радлов жазып қалдырған нұсқасы қайталанбайды. Негізі ақырзаман тақырыбы, бұл алдымен үлкен ілімді, мұсылман тарихын жақсы білетін жандардың тісі бататын туынды болып есептеледі. Егер кезінде Радлов Шортанбай жырының жазып алуға ниеттеніп, оны жатқа айтатындардың ішінде білгірін іздеп жаздырса, адамын дәл тапқан екен деп ойға қаласың. Жырды жеткізуші ел аузында  жиі айтылып, жадында жатталмаса да нағыз жауһарын жаздырып бізге жеткізгеніне мың тәубе дейміз.

Ақырзаман белгілерін  жырлаған Шортанбайға дейінгі ақындардың ішінде, заманында «Хакім Ата» лақаб атымен белгілі, Сүлеймен Бақырғани (1091-1186) еске түседі. Қараһандықтар билігі тұсында өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани қаламынан жүзден аса даналық сөз, сондай-ақ «Ақырзаман», «Миғражнама», «Исмайыл қиссасы», «Бибі Мәриям», «Жарты алма» секілді дастандар дүниеге келген. Бақырғани ақырзаман көріністерін былай жеткізеді.

Заман ақыр болса, нелер болар,

Ғалымдар шағыр ішіп, зина қылар,

Дүниеге түрлі-түрлі пәле толар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Хақ жадын айтпағандар «Алла» демей,

Ғалымдар ғылымын есітіп жалған дегей,

Басына ажал оғын келмес дегей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Ер мен әйел харабатта шағыр ішкей,

Білер екен, білмес секілді істер істей,

Кекірейер аспаннан жерге түспей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Мешіт, михраб, медреселер бос қалады,

Діндар жандар керексіз боп аш қалады,

Залымдар мазлұмдарға бас салады,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Сараңдар қанағатсыздықтан ашкөз болар,

Құран үнін есітісе құлақ жабар,

Кәпірлік нышанасы үшбу болар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

Зар заманның ақыны Шортанбай жырларының қайсысын алсаңыз да, ақырзаман көріністері адамзаттың пейілінің бұзылуын, қоғамдық қатынастар өзгеріп, өзге діннің отарына айналғанынан елдің бұзылуынан ақырзаман нышандарын  көреді. Бірақ Заманақырдың орны бөлек.

Заман ақырдың адамдары

Өмірлері аз болғай,

Бойлары екі кез болғай,

Өздері құмарпаз болғай

Әр қайсының қолында

Бір-бір домбыра болғай

Жиналып түрлі әлемет қылып

Қол салысып ойнасып,

Жер жүзіне түрлі – түрлі,

Пәле толса керек-ті.

Екі ақын да  Қиямет күннің көріністерін жырмен суреттей келе, Дажжал малғұнның келуіне тоқтайды. Бақырғани:

Дажжал малғұн шығып-ап Румға келер,

Сексен мың жөйт, тарса да жиналып жүрер,

Мәді шықты деп Дажжал хабар берер,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Дажжал малғұн Хорасанға сапар қылар,

Ислам білмес надандар қуанышты болар,

Мұсылмандар Мәді үшін сүйеніш болар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Бұл келіс Шортанбайда былайша жырланады:

«Тажал шығып дінді бұзғай

Қылышынан қан тамызғай

Мұсылмандар анда тұрғай.

Сол малғұн тәңірмін деп

Дағуа қылса керек-ті» дейді.

Осы арада Дәжжәл яғни Тажалдың сипатына тоқтала кетелік.

Ілкім заманнан бері  айтылып кел жатқан ақырзаман туралы дін мұсылман  алымдары  не дейді  десек, онда белгілі хадистерден кеңірек түсінуге болады.

«Дәжжал» сөзінің мағынасы – өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді. Адамзат тарихындағы ең үлкен өтірікші осы Дәжжал болғандықтан, ол бұл есіммен аталған. Мақсаты, өзін Құдай деп танытып, әлемге бүлік салу. Адамдарды тура жолдан тайдырып, жер жүзіне жаманшылығын жаю.
Жер бетінде болатын уақытын Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәжжал жер бетінде 40 күн болады. Оның бірінші күні бір жылдай, екінші күні бір айдай, үшінші күні жұмадан жұмаға дейінгі күндей (яғни, бір апдадай) өтеді. Ал қалған күндері кәдімгі күндей өтеді», – дейді. Ол Дәжжал Адамның (аләйһис-сәләм) ұрпағынан шығады. Алла тағала оған бірнеше ерекше мүмкіндіктерді беріп, оны адамдарға сынақ үшін жібереді екен. Оның сипаттарына келер болсақ, ол – қызыл өңді, қысқа бойлы, қисық аяқ, бұйра басты, ашық маңдайлы, жуан мойынды және оң көзі соқыр ер адам. Оң көзі солған жүзім сияқты, кіріп те кетпеген, әрі шығып та тұрған жоқ. Сол көзін шел басқан. Екі көзінің арасына арабша бөлек-бөлек к-ф-р деп немесе «кәпір» деп жазылған. Оны сауаты болсын, болмасын әрбір мұсылман оқи алады. Сондай-ақ Дәжжалдың ұрпағы болмайды.

Ақырзаманның әрі қарайғы тартысы бойынша, Хадис шәрифте айтылғандай: «Қиямет-қайым болмастан бұрын Алла Тағала менің ұлдарымнан есімі менің есімім, әкесінің есімі менің әкемнің есіміндей болатын бір құлын жаратады. Одан бұрын дүниені зұлымдық қаптап, оның заманында дүние әділеттікке толады». Мына хадисте: Әбу Саид әл-Худр (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын жеткізген: «Мен сендерді әл-Махди туралы хабармен қуандырамын, ол адамдар арасында бүлік пен алауыздық көп орын алған кезде жіберіледі және ол оғынға дейін зұлымдық пен езушілікке батқан әлемді әділдік пен игілікке толтырады. Жер мен көкті мекендеушілер оған разы болады» (Ахмадтың «Муснады»).

Зұлымдық пен әділетсіздікке батқан әлемді әділдік пен адалдыққа толтырған әл-Махди дің күресін қос шайыр былаша жырлаған. Бақырғани:

Мәді барып Бағдад жаққа ұрыс қылар,

Күн тұтылып, шаң көтеріліп, айқай шығар,

Мұхаммед үмбеттерін нала қылар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Мәді қашып Мекке жаққа сапар қылар,

Мұхаммед раузасына жүзін салар,

Раузадан дауыс шығып Иса дегей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

Ал Шортанбайда:

Мәди шығып жолығысқай

Мұсылманға басын қосқай

Тажалменен ұрысқай

Тап тұтылмай Мәди қашып

Пайғамбардың көрін құшқай.

Көрден Ғайса

Әуез шықса керек-ті

Аспаннан Ғайса түскей,

Мәдименен көріскей,

Кәпірменен ұрысқай,

Тажалды өлтіріп,

Ғайса үкімі онда болып,

Мәдиді имам қылса керек-ті».

Бірінде дауыс, бірінде әуезі есілген  Иса, Ғайсалар кім? Ол туралы хадистен мынадай мәлімет жетіпті. Жәбір (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын жеткізген: «Және де Ғиса ибн Мәриәм түседі, ал әмір әл-Мәхди былай айтады: «Біздің алдымызда тұрып намаз оқы». Сонда ол (ғ.с.) айтады: «Жоқ, сендер бір-бірлеріңе әмірсіңдер, бұл да осы үмбетке деген Алланың мейірімі»» (Әл-Харис ибн Әбу Усаманың «Муснады»).

Құран Кәрімде былай делінген: «Алланың расулы Мәриям ұлы Исаны өлтірдік дегендері үшін яһудилерді лағнет еттік. Олар оны өлтірмеді де, аспады да. Өлтірілген адам олардың көздеріне Иса болып көрсетілді». «Хазреті Иса көкке көтерілген». «Әлбетте ол (Хазреті Исаның қияметке жақын көктен түсуі) қияметтің жақындағанын көрсететін белгі. Бұған күмәнданудан сақтаныңдар!» (Зухруф сүресі, 61-аят)

Осылайша, Ақырзаман таяғанда, Дәжжал өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды (ғ.с.) түсіреді. Иса (ғ.с.) жер бетіне түскен соң, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі, оған түсірілген дін Ислам келгеннен соң күшін жойған болатын. Иса (ғ.с.) Дәжжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады. Иса (ғ.с.) пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады: «Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен – Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені, мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында, ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:

  1. Орта бойлы
    2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын
    3. Үсті-басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады
    4. Ол айшықты (кресті) сындырады
    5. Шошқаны өлтіреді
    6. Жан салығын жояды.
    7. Мал-дүние көп болып, судай ағады
    8. Адамзатты Ислам дініне шақырады
    9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді
    10. Ол Алланың қалауымен Дәжжалды өлтіреді.
    11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.
    12. Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді».

Жыр жолдарын хадиспен шегелеп болдық. Бұл мәліметтердің бәрі қазіргі күнде ашық ақпарат көздеріне оқып-танысуға болады. Біздің де қызығушылық танытқан тақырыбымыз болған соң, сол көздерден алынғанны айтып кеткіміз кеелді.

Енді Заманақырдың белгілерін жырдан іздеп көрелік:

Дария тасып, су ақпай,

Таулардан бу шықпағай,

Малды сауса сүт шықпағай,

Жастары әдеп қылмағай,

Рас сөзі жылмағай,

Имандылық қалмағай

Тәубі есігі байланып,

Бекітілсе керек-ті.

Ақыреттің айбатынан

Перизат етсе керек-ті.

Азан менен қаумет кетер,

Мейірімнен шапағат кетер,

Қалам молдадан хат кетер

Мекке жерден көтеріліп

Аспанға ұшса керек-ті.

Күн тұтылып, жел болғай,

Топырақтан өзге шашылмас,

Бұл жерде гүлдер ашылмас,

Түрлі-түрлі жемістер

Құрып қалса керек-ті.

Асрапыл сырын ұрғандай,

Тау қаңбақтай домалар,

Тас бұршақтай жаумалар,

Жан дегеннің бәрі де

Бақыр болса керек-ті.

Тамам жердің жүздері

Айнадай болса керек-ті.

Адам жанын түршіктіретін осы заманды алымдар Қиямет күннің қарсаңы деп атапты. Ол мына хадисте айтылыпты:

Хузайфа ибн Әсид әл-Ғыфариден жеткен риуаят бойынша, Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Біз Мәдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сәтте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жоғарыдан бізге қарап тұрып: «Сендерді жұмыстарыңа қандай мәселе жібермей тұр?» – деп сұрады. Біз: «Сөйлесіп отырмыз», – дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар?» – деді. Біз: «Қиямет қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз», –  деп жауап бердік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер мына он нәрсені көрмейінше, қиямет қайым болмайды», – деді:

  1. Тұманды (түтін)
    2. Дәжжалды
    3. Даббатул арзды
    4. Күннің батқан жақтан шығуын
    5. Хазіреті Исаның (ғ.с.) көктен түсуін
    6. Яжуж-Мәжуждың шығуын
    7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі
    8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі
    9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі
    10. Иеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады, –  деді.

Шортанбайдың тағы бір тамаша суреті періштелер өлімін жырлағаны.

«Төрт Мүккара періште,

Әр қайсы бір істе,

Үшеуін өлтіріп,

Әзірейіл жалғыз қалса керек-ті.

Құдайым айтар: кім бар, деп,

Әзірейіл айтар: мен бар, деп,

Өз жаныңды өзің ал, десе керек-ті.

Бір қанатын жамылып,

Бір қанатын төсеніп,

Өз жанын әзірейіл,

Өзі алса керек-ті.

Мұнда Жаратушымыздың әмірімен барлық тіршілік  иелерінің жанын алып болған жан алғыш Әзірейілдің ажалын берген, тірі сурет! Оқырманға түсінікті болу үшін «төрт мүккара періштені» сипаттай кетелік. Біріншісі Жәбірейл періште. Періштелердің ең ұлығы, ең  үлкені және Аллаһ Тағалаға ең жақыны болғандықтан ол «Сәйидул-Мәләикә» (періштелердің құрметтісі) деген  абыройлы есіммен аталады екен. Келесі Микайлдың (а.с.) қызметі жер бетіндегі мақлұқаттар мен тіршілік атаулының ырыс-несібесі мен ауру, шипа, рахмет, берекет секілді жайттарды адамдарға жеткізу екен.

Исрафил: Исрафилдың (а.с.) қызметі сурды (сырнай) үрлеу. Ақырзаман болғанда Исрафил сурды бірінші үрлегенде аспан мен жердегі бүкіл тіршілік атаулы қиямет қайымның басталуымен тіршілігін тоқтатады, яғни өледі. Ал екінші рет үрлегенде қайта тіріліп, қабірлерінен шығады да махшар алаңына жиналады. Бақырғанидың Ақырзаманында:

…Исрафил пәрменімен сүргін болар

Жер-көктегі барша тірі жан жойылар,

Мәңгілік Жаратқанның өзі қалар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар,-деп айтылған.

Ал Шортанбай болса үлкен періштелердің төртіншісі Әзрейлдің өлімін суреттейді. Оның қызметі тіршілік атаулының жанын алу екені белгілі. Сондықтан оны «Мәләкул-мәут – өлім періштесі» деп атайды. Қиямет қайымда тіршілік  иелерінің бәрі өліп жалғыз Әзірейл қалғанда:

Құдайым айтар: кім бар, деп,

Әзірейіл айтар: мен бар, деп,

Өз жаныңды өзің ал, десе керек-ті.

Сонымен жанымызды тербеткен, барша жан иелерінің жанын алушы періштенің бір қанатын  төсеніп, бір қанатын жамылып, өз жанын өзі алған періштенің  суреті Шортанбай  бабамыздың арқасында  ел жадында қалыпты.

Осымен жыр аяқталады. Ақырмзаман әңгімесі  Бақырғанидың айтуында  мұнымен бітпейді. Демек, Шортанбайда да оның жалғасы болуы мүмкін. Алайда қолымыздағы жауһардың  үзігін осылайша талдап,  хадистермен негіздеп беріп, оқырмандарымыздың жүгін жеңілдеткендей болдық. Қолымыздан келгені де осы болды.

Сөзіміздің соңында Ақынның:

Хақтан жарлық болғанда,

Денеге жан кіріп,

Өлген адам тіріліп,

Күн шыққандай таң атып,

Көрінуі керек-ті

Көр басында өзіңнің

Мың-мың жылдай отырып

Көзден аққан жасың да

Ұлы дария болса керек-ті»-деген жырларымен аяқтаймыз. Өйткені  Қиямет күні болғанда адамдар қайта тіріліп, барлық жан иесі мәңгілік ұйқысынан оянбақ екен.

Шортанбай жырау ақырзаман белгілерін атап қана қоймай, оны қашан басталатыны туралы да «Басталар ақырзаман жылқы жылы» дейді. Осы жырды барлап қарасақ, ақынның ақырзаманының бір ұшы  грек тілінен аударғанда  соңғы, ақырғы білім дегенді білдіретін «эсхатология» яғни, мына жаратқанның жаңа сапаға ауысып, ақырзаман, қиямет қайым сияқты  діни көзқарастар мен тұжырымдардың жүйесін барлайды. Бұл барлық діндерде қарастыралған. Сонымен бірге белгілі бір діннің шеңберінде пайымдалатын саланың бір түрін айтады.

Шортанбай  біздер талдаған «Заман ақыр» жырында эсхатология ұғымын толықтырған туынды ретінде осы негізді ұстанса, одан басқа жырларында орыс бодандығының басталуымен, қоғамдық қатынастар салдарынан  өзгерген қазақ қоғамын, адамдардың мінез-құлқы мен салт-санасының ауысуынан ақырзамандық белгісін көреді.

Күллі адамзат баласына ортақ ойды өрбітіп отырған себебіміз Шортанбай –түркі жеріндегі Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірті ойшыл ғұлама Бақырғани жалғастырған ұлы мектептің көрінісі, асылдың сынығы ретінде осы сопылық жолды жалғастырушы деп айта аламыз. Бұл біздің тұжырым емес, 1933 жылы  М.Әуезов: «Ақынның  нық ұстаған таяғының бірі – дін. Қожа, молда, ишан, сопы атаулының ұғымындағы қараңғы наным – фанатизм діні. Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған, оқыған ақын да осы болуға ылайық. Бірақ соның кітап жолындағы ұстазы, үлгісі: Орта Азия мен иран, араб сопылары. Осы жағынан қарағанда Шортанбайдың зар-замандарының көп үлгі, көп сарыны Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметіне» ұқсайды. Сондағы сияқты Шортанбай да қазіргі өз тұсындағы өзгеріс, жаңалықтың барлығын ақырзаман нышаны» деп көрсетеді.

Біздерде әуезовтен артық айта алмаймыз. Ең бастысы бұл дәстүрдің сопылық жолдың Шортанбай жырау заманына дейін үзілмегенінің дәлелі ретінде қарауымыз керек.

 

***

Ескерту: Бақырғанидың Ақырзаман жыры  «Дәстүрлі ислам жауһарлары» жинағынан алынды. Орта ғасырларда (Х-ХҮІ ғ.ғ) жазылған діни еңбектер мен шығармалардан үзінділер жинағы. –Астана, «Таңбалы» баспасы, 2016 жыл.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан аударған және ғылыми  түсініктерін жазып, баспаға дайындаған Төрәлі Қыдыр. филология ғылымдарының кандидаты

 

Дайындаған Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button