Ғалымның хаты

 М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны  (1950-1961жж)

М.Әуезовтің туғанына - 125 жыл

М.Әуезов ХХ ғасырдағы қазақтың философиялық, қоғамдық, әлеуметтік-психологиялық және адамгершілік коллизиясын өзінің шығармаларында негізге ала отырып, оның рухани өсуіне керемет әсер етті. Оның бай рухани мұрасы өз заманындағы ойшылдар мен идеологтардың, қоғам мен қалам қайраткерлердің санасына философиялық тереңдігімен, эстетикалық көпқырлылығымен, психологиялық қайшылықтарымен қозғау салып,өмірлік ақиқаттарға өзгерістер енгізді.

М.Әуезов шығармашылығының әр заман талабына сай интерпретациялануы – біздің жас ұрпағымызға ұғынықты болуы мен дүниетанымды кеңейтудегі философиялық құнарын жоғалтпаудың жолы.

Жалпы, жазушы өмірбаяны  мен шығармашылығының әдебиет тарихындағы, ұлттық құндылықтағы маңызын зерттеу үшін  арнайы 3 мәселені анықтауымыз керек: 1.жазушының жеке өмірбаяны, оның шығармашылыққа деген қарым-қатынасы, сол кезеңдегі  көңіл-күйі. 2.жазушының әлеуметтік өмірбаяны; 3.шығармашылық өмірбаяны, оның әдеби өміріне қатысты дүниелер. Бұл мәселелердің әрқайсысы ерекше қарастырылуды  қажет етеді.

Жазушының жеке өмірбаяны, оның толғаныстары әлбетте әртүрлі деңгейде өз творчествосына әсері болады.Қоғамдағы әрбір өзгеріс,оның адам өмірі мен санасына әсері, сол дәуірдің рухани қозғаушысы болған шығармашылық тұлғалардың ұлтжандылық қасиеттері мен азаматтық ар-ұятына, халық алдындағы жауапкершілік пен перзенттік парыздарының өлшемдеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырары хақ.Өзінің жеке өмірлерінен ұлт мүддесін жоғары қоятын шығармашылық тұлғалардың әрбір  шығармасы сезімдер күнделігі секілді. Санадағы өзгерістер суреткердің ішкі сүзгісінен өтіп, сапалық өңде, яғни көркем шығарма болып өмірге келері хақ.  Мысалы, Гетенің : «Все мои произведения являются отрывками некой генеральной исповеди, во всех произведениях я рассказывал то, что переживал»,-дегеніндей , шынында да өмірдегі шындық ірілі-ұсағына дейін көркем шығармада суреттік, идеялық ой түрткі болып өнерге ұласып жатпай ма? Өмірбаяндық әсер мен өмірлік материал негізінде көркемдік құндылыққа ие болған әрбір әдеби образ өмірлік модельге ие. Әр образ жазушының өмірдегі кездесуі мен толғаныстарының жемісі. Бұлардың бәрі автордың өз дәуіріндегі  қоғамдық өмірді қандай жолмен  бақылап, қалай бағалап отырғанын көрсетеді . Сондықтан әр ұлттың ар-ұяты болып саналатын әрі өз кезеңінің перзенті болған үлкен парасат иелері, қоғамдық ойдың қозғаушылары-қаламгерлердің назарынан ештеңе қалыс қалып, оны бейғам қалдыратын қалтарыс, дерек болмауы табиғи құбылыс.  Академик  В.М.Жирмунский өзінің «Введение в литературоведение» деген оқулығында былай дейді: «…Все это очень существенно как круг наблюдений писателя. Но биография писателя здесь-не литературный факт, она не присутствует как нечто личное в произведении, потому что все оно обращено к обьективной действительности, дает ее обобщение .Биография же-лищь способ наблюдения над этой действительностью»/142/.

Сондықтан зерттеушілердің негізгі міндеті әдеби шығарманың өмірбаяндық негізін іздеу емес десек те, қаламгердің ғұмырнамалық фактілерімен неғұрлым кеңірек таныс болуы оның шығармашылығының тарихы мен дәуірі, жалпы поэтикасы туралы толық мәліметті меңгеруіне мүмкіндік береді. Қарапайым оқырманның да,  зерттеушінің  де қызығушылығын тудыратын шығарма материалы, ондағы образдардың прототиптері, олардың дүниетанымдары, өмірге көзқарастары, өмірлік ұстанымдары мен жеке адами қасиеттері секілді толып жатқан құпия мәселелер шынында да көңіл аударарлық. Ол  үшін біз жазушының әлеуметтік өмірбаянын ,яғни өмір сүрген дәуірін , өскен, қалыптасқан ортасын білуіміз керек. Өйткені, шығармашылық тұлға- ол ,ең біріншіден, ой адамы, ол идеолог, қоғамға қозғалыс беруші, адамзат санасына өзгеріс енгізуші, оны өсіруші, рухани сілкініс тудырушы. М.Әуезов те өз заманының заңғар кемеңгері, рухани көсемі болған тұлға. Өз заманының қоғамдық,тұрмыстық, әлеуметтік-саяси, әдеби, мәдени салаларындағы барлық өзгерістер оның өз өмірі мен шығармашылық өнерінде де назардан тыс қалған жоқ.

Бұл ретте М.Әуезовтің ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі, оны көркем құндылыққа айналдырудағы тағлымды тәжірибесі үлгі бола алады. «Как я работал над романом «Абай» деген мақаласында (М.Әуезов Шығармаларының елу томдық толық жинағы, 44-т-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2010.-320 б103 б) шығармашылық тұлға туралы әлем әдебиетіндегі классикалық шығармаларды түгендеп оқығаны, олардың бай тәжірибесіне сүйене отырып, қазақтың 100 жылдық тарихын қамтитын қоғам өмірін терең зерттеу жолындағы іргелі ізденістерін тізбелеп  , өзінің жеке қаламгерлік әдіс-тәсілдеріне тоқталады: «…Мне хочется рассказать о своем, несколько необычном методе создание своего произведения. Дело в том, что я начал писать роман не с первой главы, в которой моему герою только тридцать лет, а с последный главы второй книги романа, когда моему герою уже сорок два- сорок три года.Эту главу я написал 1937 году к столетию со дня смерти Александра Сергеевича Пушкина. Глава была опубликована на казахском и на русском языках, называлась она «Как запела Татьяна в степи». Речь шла о Пушкинской Татьяне Лариной»/103/.

М.Әуезовтің «Абай жолындағы»  туындыны ең негізгі  идеядан бастау ерекшелігі «Өскен өркенде» де  жалғасын тапқан. Абайдың халық мұңын жоқтауды А.С.Пушкиннен үйрене отырып, ой қозғағанын «Татьянаның сахарадағы әні» деген тарауы арқылы бейнелеп, «Абай» романының алғашқы қарлығашын ұшырса, кеңестік дәуір өмірінің жетістіктерін көрсететін  жоспарлы 7 кітабының тұсауын «Өскен өркенімен » кесіп, шығармашылық зертханасының тағы бір құпия  сырын танытады. Зерттеу нысанына қатысты мол материалдың ең  таңдаулысы мен терең толғаудан туатын кемел ой ғана көркем  шығарма тудырарын білетін Мұхтар Әуезов М.Горькийдің : «Айтпасқа, лажың жоқ нәрсені ғана жаз» деген сөзін де үнемі назарда ұстаған сыңайлы.

«Менің өмірбаяным» («Автобиография») – жазушының орыс тілінде жазған ғұмырнамасы 1950 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан жарық көрген «Абай» романына алғы сөз  ретінде берілген. Одан кейін бұл өмірбаян Әуезовтің орысша жарияланған «Абай жолы» роман- эпопеясының барлық басылымына енгізілгені аян. Белгілі сыншы, мұхтартанушы Айқын Нұрқатов оны қазақ тіліне аударып,  жазушының толық шығармалар жинағының 12 томдығының 1 кітабына жариялаған. Автор өз өмірбаянында ұлы ақын шығармашылығымен қалай табысқаны туралы айта келіп: «…Бұл кітап-Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап, ден қоюмен өткен Әуез оның өлеңдерін кітап ғып көшіріп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады. Немерелері ұлы ақынның өлеңдерін жақсы көріп өссін деп те ойлайды »,- деп, сәби санасына ұлтжандылықтың ұрығын сепкен рухани құндылыққа қаншалықты қарыздар екендігінен   хабар береді. Өз өмірбаянында үнемі ескертетіндей үш бірдей қоғамдық формацияның, яғни  феодализм, капитализм, социализм дәуірінің куәсі болған, осы кезеңдердің аумалы-төкпелі өтпелі замандарын бастан кешкен, олардың қым-қиғаш қайшылығын, оның себеп-салдарын жүрегінен өткізген   Мұхтар Әуезов Абай арқылы өз сөзін, мұң-мұқтажын халқына жеткізе білді. Өмірлік те өнерлік те тақырыбына айналған Абайдың  шығармалары мен өмірін зерттеуде барлық өзге шығармаларынан көбірек ізденгендігін жасырмайды. М.Әлімбаевпен болған бір сұхбатында: «..Романды жазғанда әдебиет тарихын зерттеуші ретінде ғылыми ұғым тілімен, ал жазушы ретінде роман,бейне тілінде жазуым керек еді. Бұл екі тілдің екеуі қабыса келе, бір мақсатты көздеген еді. Ол-Абайды, Абайдың дәуірін толық көрсету болатын. Абай-бүгінгі күннің үлкен көмекшісі, өйткені ол бізге өз дәуірін сынап, ашып көрсетіп берді»,-деп шығармашылық өмірбаянынан сыр шерткен жазушы осы шығарманың жазылу тәжірибесімен де ой бөліседі: «..Бірінші кітаптан екіншісі тез жазылды. Оған  көмекші болған-ақын Абайдың өз еңбектері. Бірінші кітап Абайдың адам ретінде өсуін көрсетсе, екінші кітап оның ақын ретінде қалыптасуын суреттейді». Бұл 1949 жылғы «Пионер» журналының №5 санында жарияланған көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Тамаша кітап» деген сұхбатынан келтірілген үзінділер. («Қалам қайраты.А. Жазушы,1976.-224 бет.5 б).  М.Әлімбаевтың айтуы бойынша М.Әуезовтің өз эпопеясы, творчестволық лабораториясы жөнінде айтқан алғашқы лебіздердің бірі екен.

Кешегі көшпелі феодализмнің қалдықтарын, өз елі ішіндегі  ескі патриархалдық көріністерді,  кеңес үкіметімен ілесе келген небір сорақы нәубеттерді, қанды қырғындар мен бүкіл ұлтты жойып жібере жаздаған зор алапат-аштықты, қазақтың  оқыған зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жазықсыз жазалауды саналы түрде жүргізген қасіреттердің тірі куәсі болған оның қолына қалам алмауға тіпті қақы да жоқ еді. «Адамды жазушылыққа бақытсыз балалық шағы әкеледі », -деген батыстық зерттеушілердің сөзіне сенсек, бала Мұхтардың бастан кешкен қиыншылықтары мен көкейіне сақтаған  өмір суреттері суреткерлікке алып келгені кәміл. Елге  айтары жоқтың жазушылықта жұмысы жоғы  тағы да ақиқат. М.Әуезов  1957 жылы «Советский  Казахстан» журналының №11-дағы «Свет зари негасимой» деген мақаласында өзінің көңілсіз балалық шағы мен халықтың жүдеу тұрмыс-тіршілігіне  шолу жасай келіп: « …Моим сверстникам, чья юность совпала с 1917 годом, выпала поистине удивительная и завидная судьба.Наше сознание формировалась в степном ауле, сохранявшем еще все черты феодально-родового строя. Суровые, страшные его законы воспринимались нами с детства как должное. И в такой же мере естественным казалось нам в смутном отрочестве, в тревожной молодости и движение по степи русских купеческих караванов, и богатства  гостиных дворов и лавок Семипалатинска, Павлодара, Петропавловска. Урядники и полицейские ревниво охраняли честь и имущество русского капитала. Однако с еще большим рвением охраняли они наши степные края от проникновения революционного русского слова, от социалистических идей, заронявших свои искры в аульные кочевья»,-дейді (212-213 стр,20-т.19-т.) . Азғана уақыт ішінде үш тарихи-дәуірдің (феодализмнің, капитализм , социализм) замандастары болған өзі мен Алаш зиялыларының ұлт мұраты жолындағы жанкешті күресіне белсене атсалысты.  Әркім өз заманының перзенті болғандықтан қоғамнан да саясаттан тыс адам өмір сүре алмақ емес. Дегенмен, қоғамдағы ойдың қозғаушы күші, ұлттың рухани көсемі болған қаламгер ретінде М.Әуезов жалпы адамзаттық құндылықтарды бетке ұстап, әлемдік өркениет өрісіндегі өз пікірін ашық білдіріп отырды. Абайдың «қалың елім, қазағым,қайран жұртымнан» басталған ұлттық мүдде  Алаш зиялыларының ұлттық идеясымен жалғасын тауып жас Мұхтардың жүрегін мәңгілік мекен етіп , соның жолында  коммунистік әкімшіл-әміршіл жүйенің соққысына талай түсіп, қуғын-сүргін , зәбір-жала көрсе де  халқына деген махаббаты қалтқысыз болды. Алаштағы ағаларының: «Абайды жазу үшін, Алаш идеясын арттағы ұрпаққа жеткізу үшін, қандай қиянатқа да, қорлыққа да, қиыншылыққа шыдас беру керек» деген аманаттарына адал болуды аңсаған жазушы сол саясаттың ұсақ-түйек ,ұрда-жық соқпақтарынан биік болды. Арасында арнайы тапсырмамен «ұраншыл» мақаланы жазуға да мәжбүр болған. Әсіресе, 1950-60 жылдардағы мақалалардың көбі осы деңгейде жазылғанын мойындамасқа тағы болмайды. Жүректен шықпаған соң жүрекке жетпейтіні белгілі. Құрғақ сезімге құрылып, саяси дабыраға айналып, жалаң насихатқа ұқсайтын ұранды мақалалардың өзін кемеңгердің  біліктілігі мен көрегендігі басып, кіші халықтардың ұлттық мүддесі тұрғысынан талай астарлы ой айтып, жібін жатқыза жұрттың жүрегіне жылы тиер маңызды мәселелер көтере білгендігі де жасырын емес.

Ұлы суреткердің 30-жылдары идеологиялық қамауды басынан кешірген тәуелді шағы 1950 жылдары да қайталанған.

Абай өмір сүрген дәуір тарихын, өмір көріністерін, ұлы ақынның жеке тағдыры мен замандастарының, сол қоғам құбылыстары мен қайшылықтарын жете зерттеген жазушы  әр мақаласында  мәлімет-деректер жинаудағы, ақынды көзімен көрген, жақын білген адамдармен ,Абайдың жақын шәкірті Көкбаймен, алғашқы әйелі Ділдә мен кіші әйелі Әйгеріммен , тіпті тап жаулары деп саналған адамдармен де  жолығып, әңгімелескендегі шығармашылық ізденістерін сөз етеді. Бұлардың бәрі жазушының шығармасына материал жинаудағы өзіндік әдіс-тәсілінен, бай тәжірибесінен хабар  береді.

Жазушының өзі  алғашқы шығармашылық қадамын, жалпы қазақ қаламгерлеріне тән мәнер-машығы сияқты өлең жазудан бастағаны жөнінде 1953 жылы жазған өз өмірбаянында: «…Первые литературные опыты я начал со стихов, которые не были опубликованные»,- деп мәлімдейді . Бұл жазушының ұлы ақынның шығармашылық өмірбаянын зерттеуге, жазуға толық моралдық құқы бар екендігін ескертеді.М.Әуезов ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық өмірбаянын ғұмыр бойы зерттеп қана қоймай, өзі де поэзияның теориялық мәселелері мен көркемдік әлемі жайлы жиі-жиі ой қозғап, өндіріп жазды да. Айталық, «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» атты зерттеулерінде поэзияның жанрлық сыр-сипаты, көркемдік ерекшеліктері мен теориялық ой-тұжырымдары туралы сөз қозғайды. Зерттеуші өз зерттеулерінде поэзиядан еркін ой, шалықтаған шабыт пен шыңға жеткен шеберлікті, тереңдікті, сұлулықпен құйылған келісті суретті,  кестелі көркемдікті талап етеді. Көпшіліктің  көкейіне қона бермейтін көркемдік ерекшелік, екінің біріне бағына бермейтін асау сезімталдық пен терең парасаттылық , барлық жұрттан жасырын жұмбақ әлем поэзия иесінен табылған кезде ғана «өлең сөздің патшасы» өмірге келетініне күмәнсіз сенді, суреткер. Өзі де осы талапты барлық туындысына қойып, соның жолында саналы өмірін құрбан етті .

Әлемдік рухани кеңістікте кеңінен танымал тарихи тұлғалардың өмір мен шығармашылық өмірбаяндарына көз салсақ, көбісі өз дәуірінде еленбене бермейтіні өтірік емес.

Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымен»  ауызданып, сонымен «ауырған» Мұхтардың мәңгілік ғұмырының мәні де – сол қазағының қамын ойлап ,сол қайғымен өмір кешуінде  шығар?! Кеңестік кезеңдегі қытымыр саясаттың салдарынан талай рет сағы сынса да (1922,1928-1932, 1937-1938,1947-1949,1951-1953) ұлттық рухы жығылмаған суреткердің сәл де болса еңсесі көтеріліп, көркем шығарма жазуға шындап кіріскен жылдары , шынында да ғұмырының соңғы сәттері, яғни 1950-60 жылдар болыпты. Мұхтардай ғұлама ғалымды, дара да дарынды дананы, таланты да шебер суреткерді солақай сыншылар мен қырағы саясатшылардың сақ бақылауы да мұқата алмапты. Ұлының ұнжырғасы ұсақ-түйекке түсе қоймасы хақ.

Қазақтың бір ғасырлық өмірін баяндайтын «Абай жолындай» (4 кітап) кеңестік кезеңнің көркем шежіресін шертер 7 кітаптан тұратын романды да  3-ші кітабы-   «Өскен өркеннен»   бастауы шынында  да ерекше құбылыс.Тегінде, бұл жазушының  даралық шығармашылық қасиеті, тосын тәжірибесі болса керек.Оның себебін суреткер : «…Почему еще тогда, двенадцать лет тому назад, имея разработный план своего романа, я начал с последней главы? Потому, что эта глава полнее и конкретнее раскрывала основную идею роман образ моего героя, казахского классика Абая Кунанбаева. Главной исторической заслугой жизни и деятельности Абая явилось стремление к скорейшему приобщению казахского народа к передовой демократической и революционной культуре великого русского народа»,-деп түсіндірмей ме? Өз кезеңінің саясатына сәйкес уақыт талап еткен тақырыпты алға шығару тәжірибесі романның түйінін де көрсетеді.

Сондай-ақ «К беседе (о романе «Абай») («Абай» романы туралы әңгімеге») ,-деген мақала мәндес тезисінде 1-ші кітабы туралы 12 сөйлемнен тұратын ойлар айтса, «Вторая книга» деген екінші бөлімінде шығармашылық зертхана сырын жалғастырып, 12-23-ке дейін нөмерлеп, өзінің шығармашылық тәжірибесімен бөліседі. Нақты сұрақтарға қысқа әрі дәл жауап іспетті бұл сөздер  шығарманың жазылу барысы мен мақсат-міндетінен, жоба-жоспарынан қызғылықты мәліметтер береді. Оқып көрелік: «1.Роман-две части, теперь справедливо воспринимался как одна книга.

2.Формирование личности, становление поэта-задача двух книг.

3.Роман и исследование, есть ли принципиальная разница? Нет.Позновательны.Дополняют друг друга взаимно, но по-разному.

4.Исходя из этих задач роман должен быть каким? Биографическим или романом о творческой личности?

5.Биография его не ясна-это раз. Второе-не важен его точный путь, календарный со всеми годами, деталями.Это ли делает ценным Абая для нас? Он ценен творениями.Он ценен не биографией в целом, а тем, что звучит для нас, для грядущего в его биографии» /95/. Міне бұл ойлардың бәрі жазушының роман жазудағы шығармашылық тұлғаның тағдырына қатысты құнды ойларды, маңызды мәліметтерді оның тұрмыстағы  өмірлік деректерінен емес,терең мазмұнды шығармаларынан іздейтінін көрсетеді. Оқырманға ой салар рухани құндылықты- құдіреті күшті өлең жолдарынан, даналық дарыған дара болмысынан, табиғат тарту еткен талантынан туындаған таңғажайып тағлымынан алу керектігін  ескертеді.  Үлкен парасат иесінің бұл пікірі зерттеуші А.А.Мелик-Пашаевтың:«…внутреннюю потребность, объектировать пережитое в образе, потребность в художественно-творческой деятельность» ,- деген ғылыми тұжырымдарын еске түсіреді (А.А.Мелик-Пашаев. «Эстетическое отношение к жизни как первооснова способностей к художественному творчеству» Кітапта: «Художественное творчество» .Л.Наука,1983,216 с).

Бүкіл адамзаттың рухани құндылықтарын жақтаушы Абай тағдыры екі ұрпақтың алмасуы, пікір қайшылығы арқылы өрнектеледі.Абай-ақын, шығармашылық тұлға, ол күрескер.Сондықтан да шығарма психологиясы, күрделі ақын табиғаты жазушыдан жанкештітілікті талап етті.

М.Әуезовтың шығармашылық өмірбаянында ерекше орын алған «Абай жолы» эпопеясының жазылу тәжірибесі талай жылғы тынымсыз еңбектің жемісі.Шынында да қазақ әдебиеті тарихында Абай образы жөнінде Біржан-Сара айтысында (1898), Жаяу Мұса, Ш.Құдайбердиев, Т.Жомартбаев, С.Дөнентаев, революциядан соң І.Жансүгіров Абай туралы дастан, И.Байзаков «Абай» деген өлеңдерінде  (1934) кішігірім көрініс тапқаны болмаса  өзге ешқандай  тарихи деректер, әдеби мәтіндер,  нақты мәліметтер жоқ болатын.

Абайдың тірі кезінде 4-ақ өлеңі, ал орыс тілінде бірінші рет 1889 жылы «Лето» ,1914 жылы «Восточный сборник в честь А.Н.Веселовского» деген жинақта «Жаз», «Ауыл түні», «Поэт» деген өлеңдері мен бірнеше қара сөзі аударылып жарияланғаны жазушының үкілі үмітін үзбеді.

Қолда сүйенер еш тарихи дерегі мен  әдеби мұрасы, не құжаты жоқ қаламгер қағазы мен қаламына ғана сеніп, Абай еліне, оның өскен ортасында жиі болуы, кіммен кездесіп сөйлессе де бірде-бір сөзін қалдырмай қағазға түсіруге  қалыптасты. Ұлы жазушының мұрағатында сақталған 1935, 1943 жылдардағы жолжазбаларында ақынды, оның замандастарын, ортасын, жан ұясын, оның ақындық мектебін жақсы білетін  ел адамдарының естеліктері, естіген, көрген оқиғалары, оның айналасындағы адамдардың мінез-құлқы, кескін-келбеттері, ерекше бір қылықтары, тағдырлары, ауыл арасындағы аңыз-әңгімелер мұқият жазылған. Сондай-ақ, суреткердің өзі көзімен көріп, кездескен адамдарының бейнесі, сөйлеу мәнері, айтқан оқиғалары, көңіліне ұялаған табиғат, жер, ел   көріністері, өзінің ой-толғаныстары  бәрі-бәрі де ұқыпты түрде қағазға түскен (№29-п,80). Бұл да жазушының шығармашылық тәжірибесінің бір қырын, яғни өз шығармасына материал жинағанда ешнәрсені назардан тыс қалдырмайтын, мүмкіндігінше мол мәлімет алуды дағдыға айналдырғанын танытады.

Мұхтар Әуезовтің мол әдеби мұрасы- тарихи орны бөлек  рухани әлем. Тұтас тарихи кезең қамтылған аса күрделі   көркем шығармаға керек   дерек көздері де ауқымды болмақ. М.Әуезовтің өзі мен бүкіл қазақ елі бастан кешкен үш түрлі қоғамдық формацияның сан алуан қайшылықтарын зерттеп, зерделеу сөз жоқ, кемеңгер суреткердің ғана қайраткерлік қуаты мен қаламгерлік шеберлігіне тән заңдылық. Қатаң бақылауда бола  жүріп те еліне өсиет етерлік сөзін астарлап болса да  жүрекке жеткізе айту  үлкен ақыл-ой иесінің еншісі. Ұлттың ұятына айналған М.Әуезовтің атақ-абыройы мен  кәсіби қызметі соны талап етті.Әр дәуірдің талабына сай тақырыбы, көтеретін мәселесі, идеал тұтар тұлғасы, ұлттың санасын оятарлық ой-өсиеті болмаққа керек.Сонда да саясаттың қол шоқпарына айналып кетпеген суреткер ұлт пен ұрпақ алдындағы адами, кәсіби міндетін адал орындап, тұлғалық табиғатын сақтай алды.

Абай төңірегіндегі ойларын  жылдар бойы жүрегі мен ойында жүйелеп, әбден жазбасқа шарасы қалмаған сәтте ғана қолына қалам алып қағазға түсіретін қаламгерлік қасиеті Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқы тарауын 15 рет жазғанындай жанкештілікті еске салады. Тума таланттарға тән бұл табандылық пен адалдық жауапкершіліктің, шынайы шеберліктің үздік үлгісіндей.  Осы орайда ұлы жазушы шәкіртінің бірі, көрнекті ғалым Рымғали Нұрғали: «…Жаратылысында бойкүйез Флобер «Санамбоны» жазу үшін ми қайнатар ыстықта Африкаға барады екен. Тау-тау кітап оқиды екен. Әуезов те, Шыңғыстауда туған Әуезов ұлы ақын тақырыбына кірісу үшін табандатқан 20 жыл бойы материал жинаған екен, сөз біледі-ау деген адамдармен айлап сөйлеседі екен. Содан барып қана 15 жыл бойы табан аудармай отырып, шығарма жазады екен»,-дейді бір естелігінде /157/. Әуезовтің тарихи-ғұмырнама шығармасының жанрлық талабының өзі зерттеу нысанасын терең әрі жан-жақты білуді талап етсе , екіншіден, күні кеше өмір сүрген және көз көргендер мен өз ұрпақтары тірі болғандықтан да деректі дүниеге аса ұқыптылықпен, асқан жауапкершілікпен қарамаса болмайтынын жақсы білген. Суреткерлік қиялға ерік беру үшін, тарихи факті негіз болып, көркем бейнені сомдаудағы эстетикалық әсердің нанымдылығы назарға алынды.Эпопеядағы этнографиялық ерекшелік те нысанын дәл білуді, дәлелді дәйекті талап етті.

М.Әуезов тумысынан талантты, терең ойшыл, биік интеллектуал жазушы. Ол сыртқы сұлулыққа, пішіндік ізденістерге, түрлік тәсілдерге аса қызыға қоймайтын өзінің өрісті ой кемелдігіне сай кең ауқымды , мол тынысты ,мың қатпарлы эпикалық стилге бейім  шығармашылық тұлға. Ол адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздейтін, ұлттың рухани құндылықтарын тереңнен талдап, адамзат атаулыға тән табиғи болмыс-бітімді,  мінез бен менталитетті, кісілік келбетті, ар-ожданды, сезімдік-психологиялық   құбылыстарды, яғни эксизтенционалдық мәселелерді зерттейтін зерделі зерттеуші, зергер суреткер. Ол, ең алдымен психолог жазушы. Оны қызықтыратын тек қана ой, адамның жаны, тұлғаның тағдыры,  қоғам мен адам қатынасы, ұрпақтар қақтығысы, ондағы қайшылықтар. Ол жөнінде өзі де: «9.Гоняюсь ли за нарочитым сюжетом, картиной? Нет… Не нужно искусственных приемов. Близок путям русской литературы-классической, современной»,-дейді /95/. Суреткердің шығармашылық табиғатына тән эпикалық стиль – уақыт пен кеңістігі мол тынысты, кең масштабты , алар аумағы ауқымдылықты қажет етті.

М.Әуезовтің әуелден қалыптасқан суреткерлік стилі терең толғаныстарға, парасатты пайымдауларға, тереңнен тамыр тартар психологиялық талдауларға, қоғам қайшылықтары мен адамдар санасындағы екіұдайылыққа бейім.  Авторға мол мүмкіндік беретін рухани кеңістік пен ғасырлық уақытты алатын эпикалық стиль  оның барлық шығармашылығын шабыттың шыңы мен шуаққа шомылдырар көркемдік құбылыс.

Ұлтымыздың ұлы құндылығы мен көркемдік полотнасына айналған Абайдың шығармашылық өмірбаяны М.Әуезовтің туындылары арқылы әдебиет тарихында өз орнын тапты. М.Әуезовтің бір мақаласында : «Трудно даже представить, какой диапозон воспоминаний, какую дистанцию понятий представляют собой мироощущение мировозрения человека, который не когда воспитывался в казахской юрте, а спустя полвека выступает как почетный гость и полноправный товарищ, скажем на конгресе писателей Германии в Берлине» («Колониализму позор!» 20 том.19-т.-1985.-496 б.205 б) деуі үш дәуірді бастан кешкен кемеңгер келбетін, рухани өсу динамикасының биіктігін танытады.

М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянына зер салған кезде ерекше көңіл бөлер жәйт-жазушының қай шығармасы болмасын, мейлі ол шағын ғана мақала, немесе бір әлемдік деңгейдегі мінбеден оқылар ғылыми баяндама болсын, бәрібір ұсақ-ірі демей, асқан жауапкершілікпен жазылатындығы .Әрбір сөзіне ерекше ұқыптылық ынтамен қараған қаламгердің зердесі ғажап елек, санасы сирек кездесер сүзгі. Кемеліне келмеген дүниені оқушысына ұсынбаған кірпияз. Қара жұмыс демей, тынымсыз қағаз ақтару, түзету, толықтыру сияқты творчестволық табандылық, шығармашылық мехнат  ол кісіге кәдімгі кәсіп, дағды. Өшірген мен көшірген сайын тасқындап келген ойлар кемшілікті ығыстырып, кемеңгерлікке ойысып отырған. «Ұлы жазушының әрбір жолы болашақ ұрпақ үшін асыл қазына болып қалатынын» (А.С.Пушкин) М.Әуезов жақсы түсінген.  Жан-жағын молынан шолып, тақырыпты тереңдей зерттеудің арқасында қандай алқада да алқынбай, абыржымай еркін көсілу де жазушының ерекшелігін танытса керек. Суреткердің артында қалған қолтаңба мұрасының бірі саналатын «Есте болар сөздер» атты жазбалары. Әуезовтің мұрағатын, қолжазбаларын көркем туындымен салыстырғанда байқайтынымыз алғашқы түпнұсқасынан көп өзгеріске ұшырамайтыны. Бұл-шығарманың қаламгердің ойында әбден пісі-жетіліп барып қағазға түсетіндігін дәлелдесе керек-ті.

Әуезовтің шығармашылық  лабораториясынан жан жақты хабар беретін «Тағы бір топ сөздер», «Ерлер туралы әйел сөзі», «Индия ғалымдары сөздерінен», «Бір тойдан соңғы стол үстіндегі, үй ішіндегі сурет», «Кей адамдар жөнінде» деген қолжазбалардағы белгілер соғылған бөлімшелер нағыз еңбекқорлықтың белгісін танытады . Жазушының 20 томдық шығармалар жинағының 20-кітабына енген бұл «Есте болар сөздерде» : «…Не керек? Ой керек…ойсыздық қатер…Жасқа да, кәріге де бір шарт, жалғыз шарт: ішіндегі, өзіңнің шыныңды, өз көңіл төріңдегі шыныңды (шын) шалғандай, орағандай ойың қайда? Үлкен шығарманың үлкен сырынан, шыңынан соның білінсін…Шығарма-қарақ суынан суарылған, әр жанның өз түкпір-түкпірінде туған меруеті болсын….. Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек..,Тәнге ас керек болғандай, жүрекке де ақыл сондай керек ..,т.б …» – , деген сыңайлы тас-түйін тұжырымдар, нақпа-нақ нақылдар бар./468 б. (1985,20-кітап).

Және бір жазушының  материал жинаудағы, жоба-жоспарларын, ойын қағазға түсірудегі өзіндік әдісі  қолжазбалардың  оның көңіл-күйіне байланысты бірде  араб, енді бірде латын,  кейде криллица таңбаларымен қағазға түскендігі дер едік. Алғашқы сауатын араб тілінде ашып, қолы да соған қалыптасып қалғандықтан ба көбінде Құран тіліне кетіп қала беретін сыңайлы. Оған әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазар алдындағы дайындық жұмыстары, яғни ел ішінен  тарихи, әдеби, өмірлік деректер жинау барысындағы қолжазбалары дәлел. Және шет елдерге шыққан шығармашылық сапарларындағы күнделіктері мен жолжазбаларында және өзі оқып белгі қалдырып отырған кітап жиектерінде  (Индия, Жапония, Америка) көбінде араб таңбалары түсірілген. Үнемі бақылауда болған қайраткер сырт елде сақ болуды көздеді ме екен, әлде  ойын жылдам түсірудің жолы сол болды ма екен, әйтеуір қасиетті Құран тіліне жиі жүгініпті. Ал, өз еліміздегі әдеби, ғылыми мақалаларын, баяндамаларын , түрлі сұраныстарға, ғылыми еңбектерге, диссертацияларға берілер пікірлер тек  қазақ, орыс тілдерінде жазылған. Кемеңгер жазушының  мәтелге айналып кеткен атақты афоризмі: «Орыс тілінде түс көрмеймін, сондықтан ол тілде еркін жаза да алмаймын» деген даналығы кейінгі екі тілді шұбарлап сөйлейтіндерге дәріс болса құп. Орыс тілінің әдеби, ғылми мән –маңызын бір кісідей еркін білетін ғұлама ғалымның бұл қанатты сөзі жастарға жақсы тағлым . Мектепте де, жоғары оқу орнында да орысша оқып, кәсіби маман ретінде орыс тілін жетік біле тұра (ол бүкіл түркі тілдерін жақсы білген ғой)  өз шығармаларын тәржімалаудан бас тартуы  қаншалықты жауапкершілікті аңғартады.

Жазушының шығармасын жазар алдында қай бөлімде қандай мәселе көтерілуі керек, кейіпкерлер кім болмақ деген сияқты  жоспар жасап, ойға алған оқиға желісінің бүге-шегесіне дейін жазып отыруы өте сирек кездесетін тәжірибе. Және ол қалыптасқан дағды, шығармашылық зертханасына тән үрдіс,  кәсіби машығы .

Көркем шығарма дүниеге қалай келеді? Бұл сауал зерттеушілерді жалықтырмайтын және үнемі ізденіске бастайтын мәңгілік сауал.Өйткені әрбір шығармашылық тұлға –жұмбақ жаратылыс, құпия құбылыс.  М.Әуезовтің де шығармашылық зертханасы құпияға, өзіндік ерекшелікке, тосын тәсілдерге толы. Осынай оқшау шығармашылық тәжірибесінің ең төресі- күрделі көркем шығарманың күрмеуі шешілер шешуші тарауын алға шығару, кейіпкерінің  тұлғасын танытарлық тұстан бастау.

«Абай жолы» мен «Өскен өркенінде» де алға қойған мақсаты мен міндеті-тарихи деректерді тізу немесе оқыс оқиға ойлап табу емес, сол тарихымыздан орын алған оқиғалардың себебін ашу болатын. Оқушысын ойлаудан гөрі шым-шытырық оқиғаға қызықтыратын әсіреқызыл қасіреттен бойын аулақ ұстайтын суреткер тартыс пен қайшылықтардың туу , даму себептерін айқындау әлдеқайда қызғылықты екендігін қаперінде сақтап, соны өнерлік ұстаным ете білді. Адамзат бойындағы психологиялық құбылыстардың құпиясы мен оның санасындағы екіұдай сезімдер мен өзгерістердің себебін ашу- тек қана аса сезімтал психолог жазушылардың еншісі. Дара дарын иесі М.Әуезовке сол талантты дамыта білетін табанды еңбекқорлық та дарыған . Нағыз өнердің тууына Л.Толстой айтпақшы, бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек дәнекер болады емес пе? Өз сөзімен ұлттық сөз өнеріне енген «нағыз еңбекторысы» деген ұғым жазушының тап өзіне арналғандай. Ағыл-тегіл төгілген ақыл кеніші бар, телегей теңіздей терең білімі бар , ең бастысы елге айтары бар  қаламгердің  сол табанды еңбегінің

нәтижесінде қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет шығармашылық тұлға-Абай тағдыры, оның өмір кешкен кезеңі сөз болған  эпопея жарық көрді. «Ақын аға» романының үзінділері «Әдебиет және искусства» журналының 1949 жылғы 4,5,6,7,8,9 сандарында жарияланып, 1950 жылы жеке кітап болып, «Қазмемкөркемәдебиет» баспасынан жарыққа шыққаны біздің еліміз үшін естен кетпес рухани құбылыс болғаны белгілі.  1952 жылы  оқырмандар мен қаламдас замандастарының біраз ескертпелерінен кейін қайта өңдеу жұмыстарын жүргізіп, «Абай жолы» деген атпен шығарма 6 томдық шығармалар жинағының  3-ші томына енді.1955 жылы екінші рет жарияланды.

«Абай жолының» 4-ші кітабы 1953 жылдың 28 сентябрінде басталып,1954 жылдың 18 февралінде аяқталған. Сол жылы 3 тарауы «Әдебиет және искусства» журналының № 3, 4, 5 сандарында жарияланып, 1956 жылы «Абай жолының» 2-ші кітабы (ҚМКӘБ –нан)  жарыққа шықты.1957 жылы 6 томдыққа енді.

1959 жылы 4 томдық эпопея түгелдей тәмәмдалып, оқырманға жол тартты. Жұртшылық жылы қабылдаған бұл еңбек мемлекет тарапынан жоғары бағаланып сол кезеңдегі ең үлкен марапат – Ленин сыйлығы беріледі. Оған 1954 жылдың 17 қыркүйегінде «Правда» газеті М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын бүкілодақтық әдебиеттің алтын қорына қосылды» деп дәріптеуі себеп болған еді (12 томның 4 томында).

Әлемдік әдебиетке қосылған құнды шығармасы арқылы М.Әуезов өзінің шын мәніндегі суреткерлік шеберліктің шыңын меңгерген шығармашылық тұлға екенін танытты.  Әлем халықтарының тілдеріне орыс тіліндегі аудармасы арқылы жеткен «Абай жолын» орыстың көрнекті жазушысы Н.Анов пен  әдебиет зерттеушісі З.С.Кедрина тәржімалады.  Ол «Казправданың» бірнеше санында (17,18,20,31т.б) және 12 томның 7 томында жарияланды.Төрт томнан тұратын роман-эпопея бүгінде  әлемнің 50 тілінде 160 реттен аса жарық көрді.

Әдетте әр жазушының жұмыс стилі әрқилы. Бір кейіпкер, бір кезең, бір тарихи оқиға, бір тағдыр  туралы әр қаламгер өзінше толғанып, өзінше ой өрбітуге құқылы және ол оның кәсіби , суреткерлік шеберлігіне тікелей байланысты. Осы орайда болгар жазушысы П.Вежиновтың «…Я пишу с легкостью, но не легко. Умею работать исключительно интенсивно. Между первым и последним вариантом существует огромная разница. Первый вариантом существует ограмная разница. Первый вариант пишу импульсивно, давая перу полную свободу. Именно после этого начинается подлинно писательская, я бы сказал, профессиональная работа»,-деген сөзі ойға  оралады (П.Вежинов. «Так же, как строим мост». «Обзор», 1984, №7, с.47).

Қаламгердің жүрегінен өтпей, санасында сарғайып піспей , толғағы толмай толыққанды туынды болмасы анық. Әуезов те әсте асығысты сүймейтін, кең толғаныс, мол пішінді жақсы көретін көреген суреткер. «Абай жолы» эпопеясы соның толық айғағы.

Мұхтар Әуезов әуелден нақты іске, жүйелі, жоспарлы жұмыс істеуге машықтанған тұлға. Күрделі көркем туындыларынан бастап, кішігірім мақалаға дейін ұзақ ізденіс жұмыстары жүргізілетіні әдеткі қалып. Тақырыпқа қатысты әдебиеттермен танысудан бастап, қойын дәптерлеріне жоспарын жасап, тарау, бөлімдерге бөліп, қалай бастап, қалай оқиғаны дамыту, ширату, шарықтау шегіне жеткізу, оны аяқтау секілді  шығармашылық процесті бастан-аяқ өзі қалыпқа құйғандай етіп , қолмен жазса да, диктовка жасаса да ой ағыны тау суындай тоқтамай сылдырап кете беретін құсайды. Оған ұлы жазушы туралы естеліктер мен жазбалардағы замандастарының әңгімелері куә.

Жазушылық тағдырындағы жоспарлау табиғаты да бір-біріне ұқсас. Мәселен, «Өскен өркен» романының жоспарында да кейіпкерлердің тізімін, жасы мен кәсібін  драмалық шығармаларға тән әдіспен көрсетіп отырады.

Жазушы мұрағатынан алынған бұл мәліметтер жоспармен жұмыс істеудің үлгісін танытады. Жазушының кең ауқымды ойлау мәнері мен мұндалайды, мұнда.

Ұлы жазушы М.Әуезовке тән тағы бір қасиет-қай шығармасына да материалды молынан жинайтындығы. Тіпті жоспарлаған туындысынан артылып қалатын деректер мен мәліметтер мол болса да, өз ізденісін ірікпейтіндігі тағы бар. «Өскен өркен» романы жарыққа шыққанға дейін өзі барып, пікірлескен, жүздескен кейіпкерлерімен хат жазысып, өзінен кейінгі жаңалықтарды, шаруашылықтағы өзгерістерді, қандай жағдайлар жасалып, кемшіліктердің түзетілгені мен жаңадан ашылған қора-жайлардың болуы ,мәдениет мекемелерінің  орнығуы  секілді таусылмайтын сауалдарына жауап алып отырған. Әрине,олардың бәрі түгелдей енбесе де екшеп, оның түйінін ғана таңдап алуды дұрыс санаған. Өз заманының айнымас барометрі бола білген  ұлы жазушы туралы жазылған естеліктерде шығармашылық қасиеттері , оның жұмыс істеу стилі, творчестволық лабораториясының құпия қалтарыстары  жеткілікті баяндалған. Бұл жөніндегі зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, жазушы зертханаларында жүретін толассыз еңбек, іркіліссіз ізденіс, көп деректердің жиналуы талантты тұлғаларға тән ортақ тәжірибе екен. Мәселен,  әдебиеттанушы ғалым Н.Фортунов:  «…Творческая лаборатория писателя-понятия сохраняющее известную долю метофоричности, хотя содержание его совершенно ясно для нас. В таких случаях речь идет не о конечном результате писательской работы, а о процессе его достижения»,-деп жазады  «Творческая лаборатория Л.Толстого», (М.,Сов.пис-ль,1983,с.3). Шындығында да өмірлік фактілердің өнер шындығына айналуындағы шығармашылық үрдіс туынды жарияланған соң ғана тәмәмдалатыны аян. Содан кейін ғана Р.Барт айтқандай автор-өліп, туынды оқырмандікі, көптің рухани азығына айналады. Сонда ғана суреткердің бірнеше жылғы сарыла еткен еңбегінің соңғы нүктесі қойылады.

Өмірдегі қарапайым құбылыстардың кейде әлемдік деңгейдегі рухани құндылықтарға айналуы әрине, суреткердің жеке кәсіби шеберлігі мен білімдарлығына тікелей байланысты  және ол үлкен дарынның ғана қолынан келетін құдірет. Ойға алып, көңіліне ұнаған өмір көріністерінен көркем кесте тігіп, сан мың оқырманның жүрегіне жол табу әрине оңай шаруа емес. Оқиға желісі, күрделі кейіпкерлер әлемі, сан алуан көркемдік компоненттер, махаббат драмасы өмірдегідей өрнекті, тартысты, адамдар арасындағы ой мен іс-әрекет қақтығыстары М.Әуезовтің шығармашылығына тән құбылыс.

Бұл ретте  Ресейдің ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскийдің : «…И запомните мой завет: никогда невыдумывайте ни фабулы, ни интриг. Берите то, что дает  сама жизнь. Жизнь куда богаче всех наших выдумок! Никакие воображения не придумают вам того, что дает иногда самая обыкновенная, заурядная жизнь, уважайте жизнь!»,-деген даналағынан дәріс алуға тура келеді (А.Г.Цейтлин. «Труд писателя». Сов. писатель,М.1926,с.367.)

М.Әуезов те  «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуда да  таза  тарихи шындыққа жүгініп, аты аңызға айналған ақынды өз кезеңіндегі болмыс-бітімімен бейнеледі. М.Әуезовтің 1930 жылдардан басталған Абайды тану мен оны таныту барысындағы барлық ізденістері ақырында табиғаты күрделі, тағдыры тағлымды алып ой иесін өнерге алып келді.

Әдебиеттанушы В.Шкловскийдің: «…Толстой говорил, что у таланта, если он даже хочет солгать, талант не позволит ему солгат»,-деген сөзін М.Әуезовке де бағыштауға әбден болады. Өйткені, қос таланттың қасіреті де құдіреті де бірдей.  Өмірдегі қасіретті Абай сөз өнерінде де  трагедиялық тұлға болып тарихта қалды.

Жазушының өмірлік материалды көркемдік шындыққа айналдыру принциптері, қаламгер шеберлігін анықтау жолының бірі – кейіпкерлер мен олардың түп тұлғасы арақатынасын салмақтауға саяды. Кейіпкер түптұлғасын айқындау-әдебиеттану ғылымындағы қиын мәселе. М.Әуезов кейіпкерлерінің көбі, тіпті түгелге жуығы тарихта болған, түп тұлғасы бар адамдар. Суреткер көркем образ жасауда өмірден көшірді ме, әлде көркейтіп бейнеледі ме?. Ол автордың құқығындағы мәселе. Ал тарихи туынды  мен тарихи тұлғаны қиялмен қисындауға қол қысқа. Өнер заңдылығына сүйенсек, қаламгердің өз еркі қайдан құлақ шығарса да. Дегенмен, көркем образдың табиғаты шындыққа тірелуі, оның тарихи негізі болуы, нанымдылығы қатаң ескерілетінін естен шығармаған жөн. Академик З.Қабдолов та: « Әр жазушының творчестволық лабораториясын зерттеген адам оның өмір шындығын көркем жинақтау, яки әдеби бейнелерді типтендіру әрекеті, көбіне әр типке түп тұлға табудан басталғанын байқар еді»,-дейді (Екі томдық таңдамалы шығ-ры. ІІ том, А.,1983, 83-бет). М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянында байқалғандай туындылары тарихи тақырыпты таңдаса, кейіпкерлерінің түп тұлғасы да өмірде болған адамдар.

Көрнекті ғалым, тарихшы  Ләйла Мұхтарқызы  Әуезова «М.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары» деген монографиялық еңбегінде жазушының эпопея жазудағы шығармашылық зертханасының тағлымды тәжірибесі мен  «Абай жолы» эпопеясының тарихи өмір шындығы, қазақ қоғамының тұтас әлеуметтік құрылыстарын өзара сәйкестікте берілуіне терең мән беріп, оның ғылыми негіздерін айқындаған.

«Абай жолының» өзі М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянындағы 1-ші романы. Оның 1-ші кітабы Абайдың 12 жасар кезінен басталса, 2-ші кітапта қалған 19 жылы, ал қалған 2 кітапта соңғы 15 жылы баяндалады. М.Әуезов: «Образ Абая-водителя народа-определяет все компоненты и стиль моего романа. Мне хотелось, чтобы его душевная боль выливающаяся порой в лирических стихах, а иногда в сатирических строках, определяла тональность целых глав, контрастность стиля хотелось дать синтез образа Абая»,-деген (Мысли разных лет,1959,412 стр.-126 ). Негізі шығарманың бағын ашатын сюжетке арқау болар  кейіпкер тағдыры, оның образы десек, ұлы ақын Абайдың шығармашылық тұлғасы М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігіне көркемдік қуат дарытқаны анық. Шығармашылық тұлғаның табиғатын ашып, туындының көркемдік сапасын арттырар психологиялық талдау әдісі М.Әуезовтің қаламгерлік қасиетіне  әуелден тән әдіс.

Роман-эпопеядағы 260 кейіпкердің көпшілігінің түп тұлғасы бар бола тұра олардың әрқайсысының шығармада атқарып отырған  өзіндік көркемдік міндеті мен алып жүрген әлеуметтік жүгі бар. Оларға жүктелген жүктің қаншалықты жауапты екендігін  жазушының өзі былай ескертеді: «Такая тема, как тема романа «Абай»- требует чтобы психологическая творчества была обнаружена. Тут следишь не за тем как составлена фраза, а за тем, насколько она эмоциональна, наполненна мыслью» (М.Ауэзов. «Из неопубликованного» Казахстанская правда». 1967.16 апреля»). Шығармашылық тұлға туралы туындының  өзге көркем  туындылардан ерекшелігінің өзі, осында ішкі сезім иірімдері мол психологиялық талдауға құрылуында.  «Көркем әдебиетте батырлар бейнесін жасаудан, ақын бейнесін жасау қиын» ,-деп М.Әуезовтің айтуы тегін болмаса керек (М.Әлімбаев.Көңіл күнделігі. А.Жалын, 1980.-240бет. 57 б). Өзі де шығармашылық тұлға бола тұра Абайдай данышпан, дара дарын иесі, бүкіл қазақ халқының бір ғасырлық тарихының рухани көшін көтерген кейіпкерді бейнелеу әрине,  Әуезовтей ұлыға оңай соқпағаны белгілі.

Осы ретте Мұхтар Әуезовтің жұмыс стилі туралы : «… Әдетте күндізгі сағат оннан онекіден 45 минут өткенше, ал кешкілікте сағат сегізден он бірге дейін үш сағат диктовка жасайтын.Осы жұмыс мерзімін ол төтенше жағдайда, яки бір жаққа сапарға шыққанда болмаса, «Абайдың» соңғы томы біткенше өзгерткен жоқ ..»,-деген  стенографистка Ғазиза Бисенованың естелігі ойға оралады. («Шырқау биікке шыққан адам», «Әуезов үйі» ҒМО-ның қолжазба қоры. №671-п.31-бет). Үнемі ой мен шығармашылық толғаныста жүретін ақын-кейіпкер тағдырын жазушы да тек ішкі мазмұн мен психологиялық талдауды қажет ететін ішкі тебіреніске, санадағы  сезім қақтығыстарына құрайды.

Жазушының шығармашылық өмірбаянының әдеби аспектісі негізінен шығармасын жазу барысындағы керекті деректі  іздену шеңберіндегі түрлі әдебиеттермен танысудан басталады. Көркем шығармаға өзек боларлық оқиға мен кейіпкер тағдырына қатысты қоғам мен дәуір тарихы, олардың адамзат санасына әкелген өзгерістері мен қайшылықтары, мұндай мол мәліметтердің әлемдік әдебиет әлеміндегі көріністері қандай, кімнің, қандай үлгілі тәжірибелері бар деген сан сауалдарға жауап іздеу барысындағы шығармашылық ізденістер, күнделіктер, түрлі жазбалар, хаттар, қараған кітаптарындағы сілтемелер, оларға қойылған белгілер  бәрінде де жазушының табанды еңбегінің іздері жатыр.

Мұнда өзі мен өзге шығармаларға жазған пікірлер, эстетикалық теориялар, әдеби сындағы істері, жазғандарының да  көмегі көп. Осы ретте жазушының : «…Но, помимо таких случайных признаний в переписке, дневниках, разговорах с друзьями, таких биографических материалов в узком смысле слова, писатели нам оставили и документы горазде более ответственного характера: декларации, манифесты, в которых они выступает перед публикой с объяснением своих произведений и принципов своего искусства. Чаще всего это предисловия к собственным произведениям. Если произведение в каком-то смысле новое, если оно может встретить непонимание публики, писатель предпосылает ему предисловиями. ..» ,- деген сөзі оқырманға шығарманың маңызы мен міндетін түсіндірудегі алғы сөздің атқарар рөлін анықтап береді /158/. Кез-келген шығармасынан өзіндік өрнегі мен қолтаңбасы танылып тұратын суреткер шын мәніндегі бақытты тұлға.

Өз шығармаларында халықтың рухани байлығы сыртқы пішін, түрден гөрі ішкі көркемдік тұтастықты, мазмұнның тереңдігін мойындатқан М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянында айрықша айтылатын кейіпкерлерінің  түп тұлғалары бар екендігіне тағы бір мысал, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі кейіпкерлер. Айталық, сондағы бас кейіпкер Бақтығұл-өмірдегі Рысқұл – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат, көсемсөзші Тұрар Рысқұловтың әкесі (1894-1938). Қазақстан мен Орта Азия республикасының шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан қайраткер  Қазақстанда жүзеге асырылған  және халықты үлкен қасіретке душар еткен сталиншіл-голощекиншіл «Кіші Октябрь» саясатына қарсы шыққан, ашаршылыққа ұшыраған халқына ара түскен Т.Рысқұлов 1920 жылы тарих сахнасынан кетірілген Алашорда жетекшілеріне, мүшелеріне, әсіресе  Мұхтар  Әуезовке көп көмек қолын созған. Ұлы жазушыныңТашкент пен Қазақстанның оңтүстік өңірін паналап, ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жұмыспен шұғылдануына қамқорлық жасаған Тұрар Рысқұлов М. Әуезовпен 1922 жылы Ташкент қаласында танысып, жиі араласып тұрған. Сол сұхбаттардың бірінде келешектегі көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов Тұрар Рысқұловтың 1923 жылы Жетісу облыстық революциялық трибунасының төрағасына хат жазып, әкесі Р.Жылқыайдаровтың сот ісі туралы мұрағат деректерін іздестіріп, алдырғанынан хабардар болып, мұрағат құжаттарымен танысады. Тұрар Рұсқұловтың өзінің қиындықпен өткен өмірі мен бас еркіндігі жолындағы қайсар ерлігіне тәнті болған М.Әуезовті оның әкесінің де тосын тағдыры қатты қызықтырады. Ұзақ толғаныстан кейін шығарма жазу туралы ойын Тұрар Рысқұловқа  білдірген. Бұл жөнінде көптеген қызықты деректер бар.

Ойға алған жоспар-жобасын жүзеге асырмай тынбайтын қасиеті бар қаламгер бұл тақырыпты ақыры көркем шығармаға арқау етіп, Т.Рысқұловтың әкесі-Бақтығұл туралы «Қараш-Қараш оқиғасы» туралы повесть жазады. Тұрар онда Сейіт деген есімді иемденеді.

Осы орайда айта кетер тағы тарихи дерек- 1922 жылы күзде Әуезов Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы ретінде оқуға түсіп, «Манасты айтушы ортасы» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасаған. Сонда еркін тыңдаушы демей оны тыңдауға атақты тюрколог ғалым Р.Ә.Диваев, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері С.Қожановтар қатысып, тыңдаған. Бұл нені көрсетеді? Әрине, Әуезовтің сол кездің өзінде-ақ рухани кеңістікке үлкен білімдар, кәсіби пікірі бар  ойлы ғалым, жазушы келгендігін елге, маңайына мойындатқанын мәлімдейді. Және бір ерекше көңіл бөліп айта кетер жәйт- жазушының сол кезден қалыптасқан қатаң жұмыс істеу тәртібі. Жоғарыда баяндағанымыздай «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіне тақырып тауып, дерек жинауды ,көңіліне тоқып, көкейге түюі-1922 жылдан басталса,  Манас туралы деректерді де сол жылдан бастап жинап, толықтыра бергені мәлім. Оның бір айғағы- 1952 жылы Фрунзеде «Манас» жырын саясаттың салқынынан, солшыл сыншылдардан қорғауға қатысты жасаған атақты баяндамасы. Бұл деректер жазушының жүрек қалауына түскен тақырыбын түпкілікті  және жүйелі түрде зерттейтінін, ол туралы мағлұматтар мен білімді байытып, үнемі іздестіріп жүретін шығармашылық әдеті бар екендігінен хабар береді.

Мәселен, 1959 жылғы тамыз айының 23-30, қыркүйек айының 1-3 күндеріндегі «Социалистік Қазақстан» газетінің сандарында 25 жылдан бері шек қойылып келген «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі  (алғаш-1927, сонсын -1936) жарияланады. Көрнекті мемлекет қайраткері  Тұрар Рысқұловтың саяси жағынан ақталған соң ғана жарыққа шығаруға рұхсат берілген повесті  жазушы ерінбей-жалықпай қайта қарап, сол кезеңнің саяси талабына сай етіп қайта өңдейді.

Бұл шығарманың қайта өңделу себебі  жазушының 1950-60 жылдардағы шығармашылық өмірбаянына тікелей қатысы болғандықтан мұхтартанушы ғалым Т.Жұртбайдың «Мұхтар Әуезов энциклопедия » деген еңбектегі түсіндірмесіне толығырақ тоқталуды жөн көрдік: «Жылқыайдаровтың тергеу ісін сол кездегі Түркістан республикасының Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Рысқұлов сұратып алады… Рысқұловтың қолындағы мұрағат деректермен Ә.танысып шыққаннан кейін,1927 ж.шілде айында Алматыға келіп, Қарқара жәрмеңкесіне барады. Қайтар жолда Қараш-Қараш асуына соғып, оқиғаның өткен жерін, жер жағдайын көреді. Жазушы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербуг) қайтып оралысымен Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитоваға жолдаған хатында студенттік каникулдың тағы бір айға созылуына байланысты өзінің жаңа шығарма жазуға кіріскені туралы айтады. Шындығында «Қ.-Қ.о-ның» 1936 жылғы басылымының соңына: «Ленинград.1927 жыл.сентябрь» деп қол қойылған. «Қ.-Қ.о.» жарияланғаннан кейін, әсіресе солшыл әдебиет сыншылары: « шындық үшін күрескен Бақтығұлды өзінің ортасынан бөліп алып, жеке көрсеттің. Оқиғаның таптық сипатын ашпадың. Анархиялық кекшіл рухты суреттедің» деп, жазушыға орынсыз мін тақты. Ал Рұсқұлов атылып кеткеннен кейін «халық жауының әкесі туралы шығарма жазды, Рысқұловпен астыртын байланысың болды» деп жала жапты. Шындығына келсек, онда ешқандай идеологиялық нышан жоқ еді. Жазушы осы повесть  арқылы жеке адамның бас еркі мен жан дүниесінің тәуелсіздігі үшін күрескен жанталасын, намысшыл рухын, тағдырын суреттеуге ұмтылды. Отаршыл жүйеге құрылған жүйенің жеке адамды  қалай тағдыр тезіне салып, қорлайтынын көркем шығарма тілімен жеткізуді мақсат тұтты. Сол үшін өмірде болған нақты оқиғаны туындыға арқау етті. Шығарманың 1-нұсқасындағы оқиға өзегі мен Жылқайдаровтың басынан кешкен  жайдың арасында  ешқандай айырмашылық жоқ. Тек кейіпкерлердің атын өзгертті: Рысқұлды-Бақтығұл, Саймасайды-Жарасбай, Тұрарды-Құрал деп өзгертті. Мұның өзі жазушының тарихи шындықпен  көркем шындықты көркемдікпен ұштастыра білгендігін байқатады. Өкінішке қарай жазушы «Қ.Қ.о»ның1-нұсқасын өзгертуге мәжбүр болды. Ол 1958 жылдың аяғы мен 1959 жылдың басында шығармасын қайтадан өңдеп, жаңа тарау қосып, кей тұстарын мүлдем алып тастады. Бақтығұлдың кегі –таптық жаңа оқиғаны негізгі желі етіп алды. Бүкіл шығармадағы ішкі сюжет соның айналасына құрылды. Бақтығұл мен Саймасайдың арасындағы  кек пен тартыс-кедей мен байдың арасындағы таптық қақтығыс ретінде баяндалды. Жазушы идеясы, автор көзқарасы,  көркемдік шешім тұрғысынан алғанда  , повестің бұл екі басылымын бір шығарманың екі нұсқасы деп қабылдауға болады. Сондай-ақ әуелгідегі Құрал деп суреттелген баланың есімі Сейіт болып өзгерді. Шығарманың түйініне де революциялық сипат берілді. Алайда мұның барлығы жазушының қуатты суреткерлік қасиеті мен шеберлігіне шешуші нұқсан келтіре алмады. Бұл повесть-ұлы жазушының әлем тілдеріне ең көп аударылған шығармасы» (Т.Жұртбай.376). 1935 жылы А.Гомовтың («Литературный Казахстан» журн. 5-6 сандарында/, «Дружба народов» журн.1961 . №7 санында А.Пантиелевтің аудармасымен жарық көрген  «Выстрел на перевале»  Мәскеу мен Алматыда шыққан әр түрлі жинақтарының ішінде 10 рет басылды, бұл, әрине сол кезең үшін үлкен жетістік еді.

Біз жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің  шығармашылық тарихын қарастыру арқылы  солшыл сыншылардың  себепсіз соққыларына  сыр алдырмай, ұлы туындыларын толығымен тәмәмдап, ақырында үлкен абыройға бөленген, жоғарыда атап өткеніміздей ірі жетістіктерге жеткен суреткердің күрескерлік ерлігіне куә боламыз. Қайта соққан құйындай  суреткерді жиі сілкілеуді әдетке айналдырған саясаттың салқыны сол 1950 жылдары  да аязын аямаған-ды. Алайда, «жақсы кісіге бір кісілік орын қайда да бар» дегендей ,М.Әуезовтей ғұлама ғалым, дара дарын иесін қай халық та құшағын жая қарсы алатыны ақиқат.

ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарына берілген алғашқы соққы кезінде Ташкентке, сонсын Мәскеуге кетіп жан сауғалаған қазақ зиялыларының бірі Мұхтар Әуезов 1930 жылдан бастан Мәскеуге жиі келіп, өзінің шығармашылық, қоғамдық жұмыстарын жүргізгені белгілі. Өзі сынды озық ойлы суреткерлермен сыйлас, сырлас болды. Мақсат, мүдделері ортақ рухани кеңістікте әдеби әріптестер тауып, шығармашылық байланыста болған. М.Шолохов, Л.Леонов, Н.Тихонов, Г.Марков, Л.Соболев, К.Симонов, К.Федин тек қана кәсіби әріптестер ғана емес, шын мәніндегі жанашыр, адал ниеттес, тілектес жандар болды. Бұл жәйды «…Ескермедім, қабылдамадым…» (Ашық хаттар) деген еңбектегі Тұрсын Жұртбайдың «Жан қысылғандағы жалған сөз» деген алғы сөзіндегі мына фактілер дәлелдейді: «…Ал 1951-1953 жылдары жарық көрген М.Ғабдуллин мен С.Нұрышевтің мақалалары Мұхтар Әуезовке қаратыла жарияланған соттың үкімі еді. Өзге амалы қалмаған Мұхтар Омарханұлы Әнуар Әлімжанов бастатқан студенттердің көмегімен жасырын түрде Мәскеу қаласына самолетпен ұшып кетті. Саяси жазалау науқаны қызыл астанада да үдеп тұрған еді. Сондықтанда жазушы әуелі «Литературная газетаның» редакциясына ашық хат жазып, оны Константин Симоновқа тапсырды. Сол арада СССР Жазушылар Одағының секретарьларына хабарланып, Әуезовті түрмеден аман сақтаудың түрлі щаралары қарастырылады. Константин Федин Алматыға телефон шалып: «Әуезов-біздің одақтың мүшесі. Біз өзіміз шешетін мәселеге сіздер араласпаңыздар»-ескерту жасады. СССР Жазушылар одағында арнайы талқылау өтіп, қаламгерді толық ақтап шықты. Бұл жиналыстың шешімі КПСС орталық комитетінің секретариатына жіберілді. Жазушы Алматыға қайтпай, Мәскеуде қалатын болып ұйғарылды. Араға бір жыл өткізіп барып Қазақстанға қайтып оралды» (Алматы. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы,1998. 5-6  бб). 1951 жылдан басталған қысым мен қудалаулар әбден жүйкесін жұқартып, жанын жеген соң амалсыз ашық хаттар жазуға мәжбүр болған-ды. 1922-1953 жылдар аралығында жазылған 5-ке жуық Ашық хат соның айғағы. Қазақтар қаралағанмен орыстың ойшыл, гуманист жазушылары, пендешіліктен жоғары тұратын шығармашылық тұлғалары қиянатқа қимай, қол ұшын беріп отырды. Ұлы достықтың дәнекері болған шығармашылық байланыс  жазушы өмірінде кездескен небір нәубет кезеңдерде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Кеңестік кезеңдегі КССРО –ның астанасы болған Мәскеуде өткен барлық әдеби, ғылыми халықаралық, одақтық  жиындар мен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бірнеше жылғы онкүндігіне қатысып, қаламгерлік және қайраткерлік белсенділігін танытқан , жазушы өмірінде өзіндік орны бар қала да осы Мәскеу болатын. 1950 жылдардағы қайталай соққан саясаттың құйтұрқы самалынан уақытша саялауға М.Әуезов тағы да Мәскеуден пана іздеп, 1953 жылы Мәскеу университетінің КСРО халықтары әдебиетінің тарихы кафедрасына профессор болып тағайындалғаны тағы бар. Бұлардың бәрі ұлы ғұламаның  әлемдік әдебиеттің классикалық туындыларымен терең  таныстығының , Азия мен Еуропаның әдебиетін, мәдениетін, тарихын жан-жақты білетіндігінің жемісі еді.

Осы орайда ,бір ғана деректі деталь-Ленинград университетінде оқып жүрген кезінде бір жылын  тікелей француз романдарын оқуға арнауы кімге де болса да тағлымды үлгі. Өйткені, кітап оқу қашанда келешектегі кітабына керек шикізат екендігін суреткер жақсы түсінген.

Енді бір сәт, М.Әуезовтің жеке өміріне қатысты сиқырлы сандар сырына көңіл бөлсек, қызықты жәйтке кез келеміз. Мәселен, Мұхтардың бабасы Бердіқожада 5 бала, яғни 4 қызы, жалғыз ұлы-Әуез болыпты. Ал, Мұхтардың әкесі Омарханның  Әуезі де  өзінен 10 жас үлкен әйелі Дінәсілден туған жалғыз ұл екен . Ал, кіші әйелі Сақыштан да жалғыз  ұл-Ахмет (Әуезов) туылыпты. Кездейсоқтық дейміз бе, әлде тағдырдың тартуы ма, әйтеуір тылсым дүние. Сондықтан да Мұхтар Әуезовтің ата-анадан жалғыз болуы және Алаш зиялыларының аманатын арқалап, кейінгі ұрпаққа ұлттық идеяны өзінің Абайы, Бақтығұлы, Қарагөзі, өзге де кейіпкерлер тағдыры  арқылы жеткізер жалғыз рухани тұяқ болғандығын еске алсақ, шынында да  тәубәшілік жасауға болады.  ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының рухани көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың: « Ұрпақ үшін, Мұхтаржан, Абайды жаз» деп өсиет етуі,  Ахмет Байтұрсыновтың: «Сен келешекке біздің идеяларымызды жеткізу үшін керексің»,-деп сенім артуы, ал Ғабит Мүсіреповтің: «Мұхтардан айрылу-Абайдан айрылу, Абайдан айырылу-халықты ар-намысынан айыру» ,-деген жан айғайы қай қазақтың да жүрегін жаулап, «жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар » деген халық даналығын еске түсіреді.  Ата-анасының ұлдан жалғызы, Алаш арыстарының аманатын жалғыз жалғастырушысы М.Әуезовтің  әр кезеңде белең алып тұрған  саясаттың соққысынан аман қалуына дәнекер болған орыс қаламгерлерінің  шығармашылық өмірбаянында алар орны ерекше. Өйткені, осы 1950-60 жылдары баспасөздерде жарық көрген  зерттеулері, шығармалары, баяндамалары, мақалалары, түрлі тапсырыстармен орындаған пікірлері  бәрі –бәрі де осы Мәскеулік, яғни одақтық ірі басылымдарда жарық көрген дүниелер. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, Әуезовтей әулиенің бағасын біз емес, өзгелер білді. Өкінішті. Орыс басылымдарында осы он жыл көлемінде жарық көрген мол мұраны талдап, түгендеп жату мүмкін де емес. Дегенмен, жазушының шығармашылық өмірбаянына тікелей қатысты деген дүниелерге жалпы шолып өтіп, зертхананың кейбір тәжірибелеріне тоқталып отырамыз.

М.Әуезовтің кеңестік дәуірде партияның қалауымен ,арнайы тапсырмамен қаншама баяндамалар мен мақалалар жазғаны өтірік емес. Алайда, сол социалистік реализм әдісімен әспеттелген әдемі мақаланың өзінде ұлттық мүдде мен мұндалап, әдебиеттің теориялық мәселелері көтеріліп отыратын-ды. Оның мақалалары партия мен социалистік идеологияның шапанын киіп тұрса да астарындағы ақтарылған ақпа-төк ақылды ой, парасатты пікірлер рухани құндылықтардың   мөлдір бастауларындай өзіне тартып, танымы терең тағлымды танытатын. Бұл, әрине, ұлы суреткердің өмір шындығына деген эстетикалық көзқарасының тек өзіне ғана тән жазу әдісі, ой машығы, айту мен жазудағы стилдік ерекшелігінен туындап жатса керек-ті.

Көркем туындыны адам санасының биік жемісі дейтін болсақ, әр кезеңдегі санадағы өзгерістер мен қоғамдық құбылыстар сол дәуірдің шежіресі. Өмірді өнер мен көркем образ арқылы қабылдау қаламгердің құзырындағы қабілет . М.Әуезов те өз заманының көркем шежіресін, тарихи құжатын өзінің  мерзімді баспасөздегі құнды ойлары мен сол кезеңдегі әрбір рухани  құбылыстарға деген көзқарастары арқылы әр түрлі аспектіде қарастырып, толғап отырды.  Қоғамдық сананың кез-келген түрі секілді ,әдебиетте шындықты бейнелеп қана қоймай оған белсенді қозғаушы күш ретінде де рөл атқарды. Әуезовтің әрбір көркем образы да қоғамдық сананы тәрбиелеуде таптырмас құрал болғаны кәміл. Бір ғана Абай  бүтіндей халықты тәрбиеледі және ол ұлттың мәңгілік рухани ұстазы бола білді. Оны өмір мен өнерге әкелген әрине, Әуезов те-феномен, ол-құбылыс.

50-жылдардың басындағы Сталиннің «Марксизм және тіл мәселесі», «СССР-дегі социализмнің экономикалық  мәселелері» атты еңбектерінен кейін түркі халықтардың көптеген фольклорлық мұраларын шығаруға тыйым салынды. Осындай ахуал «Манас» эпосына да төнді. 1952 жылы маусым айында Фрунзеде «Манас» тағдырын шешуге тиісті ғылыми конференция өтті. Міне, Ташкенттегі студент кезінен зерттеп жүрген тақырыбының бірі, әрі жүрегіне жақын «Манас» жырын қорғауға М.Әуезов барады. Мұхиттай терең білімді зерттеуші саясаттың солақай қолшоқпарынан қырғыздың ұлы жырын қорғап қалды. 50-жылдардың басында солшыл саясат пен солақай сынның әсерінен бұрынғы КСРО халықтарының көптеген фольклорлық мұраларын жарыққа шығаруға, оқып үйренуге тыйым салынған кезде, яғни 1954-55 ж.ж  Әуезовті «ұлтшыл-алашордашыл», «реакцияшыл-ұлтшыл», «буржуазияшыл жазушы», «хандардың жоқтаушысы» ретінде жаппай сынау науқаны  қайта басталады.

Бұл тараптағы ойын белгілі ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі Рахманқұл Бердібай былай жеткізеді: «…солақай сыннан қанша соққы көрсе де, Әуезов  өзі таңдап алған көркемдік дәстүр жолынан ауытқымай, ағынға қарсы жүзгені оның еркінің күштілігін, нағыз табанды күрескер мінезін көрсетсе керек. Ал заман әдебиетінің тасқынымен аға бермей, өзіндік бетін, көзқарасын сақтап қалу ілуде ғана  біреудің қолынан келмек. Әуезов  кеңестік болмыс жағдайында шыншыл шығарма жасаудың мүмкіндігі шағын екендігін ерте баста түсінген суреткер. Сондықтан да ол көптеген қаламгер сияқты «ұрымтал» тақырыптарға әуестенбей, өзінің бағын тарихи және фольклорлық тақырыптардан іздеді. Уақыт оның таңдауы бірден-бір дұрыс екенін көрсетті. Суреткердің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» сынды пьесалары қазақ театрларының тұрақты репертуары қатарынан орын алды. Ескі өмір шындығына арнап шығарма жасау кезінде үлкен шығармашылық проблема болғанын, мұндай пікір таласында өз көзқарасын жақтап шығу білімдарлықпен қатар тегеурінділікті керек ететінін ұмытуға болмайды. Бұл арада жазушыларға таудай кедергі болған тағы бір «қисын»- революциядан бұрынғы өмірде қазақ елін қараңғылық қаптаған, жарық сәуле түспеген, жақсылықтың бәрі кеңес дәуірінде пайда болды деген жасанды дүниетаным. Мұндай жағдайда ертеде қазақ елінде дана билер, күміс көмей шешендер, әділ қазылар, ел қамын жеген ерлер деп дәлелдеу аса қиын міндет еді. «Еңлік-Кебек» алғаш рет сахнаға қойылғанда, Әуезовке ескілікті дәріптеді деп мін тағылуы кездейсоқ емес. Ондай айыптаулар жазушының ұзақ өмірінде толас таппады. Қазақтың классикалық эпосы «Қобыланды батырдың» табиғатын анықтау керек деген дискуссия 1953 жылға дейін созылғанын еске түсірсек, осы тақырыптағы пьесаны бұдан ертерек жазған Әуезовке оңай тимегенін түсіну қиын емес. Ал ертедегі қазақ қауымының тарихын іске алғысыз етіп көрсету ұлы орысшылдық шовинизмнің бұрыннан келе жатқан дағдылы «әуені» болатын» /546/.

Ұлтжанды ғалымның жан айғайы есепті бұл пікірі ұлы жазушының барлық соққыға тек терең білімі мен өз ұлтына деген адал еңбегі, бөгде жұртты еріксіз мойындатқызар табиғи талантымен тосқауыл қойып келгенін дәлелдейді. Еске алар болсақ, осы елуінші жылдың алдында ғана Әуезовті қуғындаудың 2-ші дүрбелеңінің басталуына С.Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткендегі қателерінің шығармауында» («Социалистік Қазақстан», 1947 ж.14 наурыз) мақаласы себеп болған-ды. Абай айтқан «қазақтың жауы қазақ » деген сөз осындайда  еріксіз ойға оралады. Білім мен таланты басым жұртты басынан асырғысы келмейтін қуыс кеуде кем жандар әйтеуір осал тұсты пайдаланып, ұлының ұнжырғасын түсіруді аңсап тұратын әдеті емес пе?. Сол жылдың бас кезінде Қазақ Компартиясының Орталық Комитетінің қаулысы қабылданып, онда ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысы сыналған болатын. Сөз қуған арамзалардан бойын аулақ ұстайтын,  өмірдің ондай ұсақ-түйегіне алтын уақытын қимайтын алып тұлға амалсыздан БК(б)П Орталық Комитетіне «Сталин жолдасқа» деген хат жазуға мәжбүр болған. Өзінің 30 жылдық жазушылық, ғылыми-зерттеу жұмыстары, 15 жылдық педагогикалық қызметін жоққа шығарған сандыраққа көне алмайтынын айтып, ашынады. Хатпен бірге 1949 жылы жарияланған «Абай» романының орыс тіліндегі бір данасын жіберіп отырғанын мәдімдеген. Сталиннің хатты алған-алмағаны туралы дерек жоқ. Алайда, 1949 жылы  «Абай» романы 1-дәрежелі Сталиндік сыйлықты алып, жазушының моралдық-психологиялық хал-ахуалы жақсарып, көңілі көтерілгені белгілі. «Аққа құдай жақ» деген осы шығар ,бәлкім.

М.Әуезовтің басын осылай қара бұлттың жиі үйірілуі  эпистолярлық жанрдағы хат жазуға мәжбүрлеген. Бұған жазушы мұрағатындағы №388-папкадағы хаттары куә. Жазықсыз жала жабылып, жаны күйгенде ақталуды ар санаса да қолына қалам алуға мәжбүрлеген мезетте ол еріксіз ел басшыларына, халыққа қамқоршы қайраткерлер ғой деп  шағым хаттар түсіргені  тарихи шындық.  1932 жылғы хаты, 1947 жылғы «Сталинге хаты», 1950 жылдың басындағы «Маленковқа», «Сусловқа», «Пономаренкоға», «Шаяхметовке» ,  1953 жылы «Литературная газетаға» жазған хаттары дәлел. Мәселен, М.Әуезовтің А.Фадеев, А.Сурков, К.Симонов үшеуіне (№143) 1953 жылдың сәуірінде жазған хатын оқып көрелік: «… Как человеку к человеку, как писатель к писателю, однажды в жизни, я обращаюсь к вам троим, в очень трудный момент моей жизни в состоянии большой моральной подавленности. Прошу вас о немногом, а именно, познакомиться с данным моим заявлением и познакомиться лично с теми двумя материалами, которые и приложил к настоящему своему заявлению, и сказать, где следует (где и как вы найдете нужным) свое слово за писателя, известного вам хотя бы своей творчесткой писательской деятельностью… », – (337 б, 50 том). Осындағы сөз ырғағынан-ақ қаламгердің жан күйзелісін, ақиқатқа жете алмай шарасыздығынан шерін шығарған шағын шамалайсыз.  Бұл -1953 жылы М.Әуезовке ұлтшыл деп ресми түрде айыпталып, университеттегі, Академиядағы жұмысынан босатылып, тіпті түрмеге қамалу қаупі төнгендіктен шұғыл  түрде Мәскеуге  кетуге мәжбүр болған мерзім болатын.

Мұндай мазмұндағы хат мәтіні  Ж.Шаяхметовке  (1953 ж. 2 наурыз), белгілі партия қайраткері, 1953-1954 жылдары КСРО мәдениет министрі, 1954-1955 жылдары Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы болған П. К. Пономаренкоға ( №144, 1953 ж.21 сәуір) да жолданады. Жазушының сол жылдардағы шығармашылық өмірбаянындағы өзек өртер өкініші болғандықтан өз сөзімен бергенді мақұл көрдік: «…при чем добавляю, что мне не обязательно работать в КазГУ, я могу продолжать творческую работу лищь в качестве писателя, но и в этом случае я законно прошу реабилититровать меня от тяжелого обвинения, от того позорного клейма, которое приклеено к моему имени после двадцатилетней моей педагогической деятельности в вузе, и которое может быть так пришито столь бездоказательно и огульно лишь оклеветанному человеку» (Бұл- П.К.Пономаренкоға жазған хаты) . Өз басына төнген қиындықтардан гөрі ары мен адалдығына түскен дақтан арылудың амалын алға тосады.

Мұхтар Әуезовтің Оңтүстікке барған сапарында серік болған   Жұмабек Еділбаевқа бір әңгімесінде:  «-Қазақта,-деді сөз арасында, «мекіре балық басы тасқа тимей қайтпайды» деген мақал бар. Ал, шығарма адамы басы тасқа тисе де, қайтпау керек. Біреу адал ниетімен, ақ жүрегімен сынаса, енді біреулер барыңды жоққа шығаруға, аяқтан шалуға, сүріндіруге, түңілдіруге тырысып бағады. Өз басым мұндайларды көп кездестірдім. Тіпті, «Абай» романы үшін маған бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгеннен кейінгі жерде де мені мінеушілер, сынаушылар табылып жатты. «Жақтым күйе» дегендей олар жала жабуға дейін барды, тырнақтың астынан кір іздеді. Ақын болуға талпынады екенсің, сәтсіздікке де, әр түрлі сынға да мойымауың керек. Еңбекке ғана сену керек. Сонда ғана мақсатыңның биігіне қарай өрлей аласың», -деп шығармашылық жолдың шым-шытырық ауыр жолы көп болатыны жөнінде ақтарылып сыр шертіпті ( «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» 2-бас. Алматы.»Білім» баспасы, 2007.-288 бет. «Ұмытылмайтын сәттер». 193 б).

Бұл фактілер  кемеңгер суреткердің көңіл күйі орнықты, ойы тыныш, жаны жайлы болып, шығармашылықтың шабытты шуағын да жақсы сезіне алмағанын айғақтайды емес пе?. Ал, шығармашылық тұлғадан көңіл күйі дұрыс болмаса көркемдік қуаты мен сапасы  жоғары көркем туынды талап ету мүмкін бе? Алайда, әлгінде Р.Бердібай ағамыз айтқандай М.Әуезовтің мұндай ұсақтыққа мүқалмай, талант тегеурінімен тойтарыс беруінің арқасында аман қалып, ел аманатын абыроймен атқарғанының куәсі боламыз. Өмір болған соң оның эксизтенционалдық мәселелері болары тағы мәлім. Жамандық пен жақсылықтың мәңгілік күресі осылай жалғасып жатуы – өмір заңы да. Оның мәңгілік қайшылықтары мен мәңгілік сауалдарына жауап табу да мүмкін емес. Ал, Мұхтар Әуезовтің өмір сүрген-үш қоғамдық формацияның қым-қиғаш қайшылықтары, саясаттағы дүрбелеңдер, тіршіліктегі түсініспеушіліктер, ой мен санадағы қақтығыстар, сөз жоқ суреткердің өмірі мен санасына салмақ салғаны белгілі. Бірақ, Мұхтардай білімдар, ішкі рухани қуаты қарулы қаламгер ештеңеге де мойымағаны мәлім. Тек те көңілдің кейбір кездері көңіліне кірбің ұялатып, алтын уақытын зая кетіргені болмаса.

Ал, өмірінің соңғы 10 жылы ұлы жазушы үшін шынында шуақты, шабытты, жайдары, жемісті жылдар болды. 20 жыл табандатып толғатқан ұлы эпопеясы «Абай жолының» 4-кітабы осы 59-шы жылы толығымен тәмәмдалып, оның жемісін көрді, көптеген әлемдік деңгейдегі әдеби шараларға одақ жазушыларының атынан қатысып, ел абыройын асқақтатты. Өз заманының көркем шежіресін шертер «Өскен өркен» деген роман жазып, қазақ ауылының, жаңа қазақ қалаларының, ондағы ірі өндіріс орындарының мәселелерін көтерді, шалғайдағы шопандар тағдырын тілге тиек етіп, олардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын түзеуге үлес қосты. Қазақтың алтын бесігі болған ауыл проблемаларының (мектеп, ауруханалар, кітапхана, дәріхана, монша, мәдениет мекемелері, отын, су, жайлы тұрғын үйлер  салу, т.б) дұрыс шешілуіне себепкер болды. Ұлы жазушы жүріп өткен жолдардың бәрі түзеліп, айтқан өтініштері орындалып, қосқан ақылдары мен кеңестері жүзеге асып, жергілікті ұлттың рухы көтеріліп қалғаны жөнінде «Оңтүстік сапары» жолжазбаларында қасында болып, жол бастаған кейін «Өскен өркен» романында кейіпкер болған замандастарының естеліктерінде айтылады.

Осындай қиыншылық кездері қасында болып ,қолдау көрсеткен  рухтас, тілеулес қаламдастары болды. Әсіресе, М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтың кірбіңі жоқ таза достығы, бірі-біріне деген адалдығы жөнінде замандастары аңыз етіп айтады екен.   1953 жылы Әуезовпен қоса Б.Кенжебаев та қысымға ұшырап, партия қатарынан шығарылады. 1940 жылы Мәскеуде танысып, Алматыда жалғасқан  достығы өмірлерінің соңына дейін ұласып, ұлы адамдардың  сезімдері де ұлы болатынын ұрпаққа үлгі етеді.

Енді Б.Кенжебаев неге жазаланды деген сауалға келсек,  «Абай» романының 1-кітабын шығаруға Қазақстан партия комитеті уақытша тыйым салғанда, Бейсембай Кенжебаев баспаға бас редактор болып келісімен ешқандай ресми рұхсатсыз-ақ романды жарыққа шығаруға қол қойып, шығарма туралы алғашқы мақаланы да өзі жазады. Мұндай азаматтық мінезге риза болған Әуезов романның алғашқы сүйінші данасына: «Бейсембайға! Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айырықша сүйсініп, бағалаған жүрекпен сыйлаймын. Мұхтар. 31.ҮІІІ.42» деп қолтаңба жазып беріпті (Ергөбек Қ.»Арыстар мен ағыстар: Әдебиеттану, сын әлемі.-Алматы: «Қазығұрт «баспасы, 2003.-336 б.-Отырар кітапханасы. 14 бет).

Кезінде Әуезовпен кеңесе отырып, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиетінің тарихын 5-8 ғасырлардан бастауды ұсынып, соның нәтижесінде  ғылыми мектебі қалыптасқаны әдеби қауымға жақсы таныс.

Б.Кенжебаев ерлігінің арқасында жарыққа шыққан «Абай» романынан бастап, 1959 жылдарға дейін Абай тағдыры мен әдеби мұрасын көркем шығармашылық тұрғыдан тану жұмысы жүргізілсе, М.Әуезов 1950 жылдары ғылыми зерттеуге көп зейін қояды.

Өйткені, елуінші жылдардан бастап М.Әуезов Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайын күрделі зерттеу тақырыбына айналдырып, оның  ғылыми тұрғыдан талдануына көңіл бөлді. Замандастары арасында айтылатын: «Мен жазып отырғанда он ойланып таба алмайтын сөзімді сөйлеп тұрып айтып кетем» ,- деген сөзін растаған жазушы енді сол ЖОО-да  оқыған «Абайтану» курсы негізінде оқыған дәрістерін жинап, ғылмиландырып, монографиялық зерттеу еңбек жазады.  1950 жылы  қолжазба түрінде жинап, жүйелеген Абай жөніндегі монографияның  аяқталғаны жөнінде 1954 жылы 27 тамызда Семей облыстық  «Екпінді» газетінің  сұрауына берген жауабында: « С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бірнеше жыл бойында мен оқыған Абайтану атты курстан құралып келген көлемді монография болатын. Ол – Абайдың өмірін, дәуірін, шығармашылық мұраларын зерттейтін еңбек. Абай жөніндегі өзімнің соңғы бір көлемді еңбегім ретінде сол монографияны қазақша және орысша  әзірлеп, жақын жылдар ішінде жарияласам деген мақсат бар »,-деп жария етеді.

«Отан, халық, партия» атты мақаласы «Знамя» журналының 1959 жылғы №1 санында (4-5 бб) жарияланған . Бұл Әуезовтің «Абай жолы» роман- эпопеясын жазып, Лениндік сыйлық алуының қарсаңындағы уақыт еді. Сталиндік террордың мезгілі өтіп, «жылымық» жағдайы келіп, халықтың еңсесі көтерілген  шақ болатын. Бұл мақаладан ел өмірі мен жазушы өміріндегі осы екі ұдай халдың ұшқынын көруге болады. «Қазіргі заманғы тарихта аса қуатты құбылысқа айналған коммунистік партия туралы ой-пікірден асқан ешқандай ниет жоқ,..» деген пікірді Әуезов айтуға, жазуға мәжбүр болды. Тіпті оған «Абай жолы» секілді күрделі жұмыстар жазып жүрген «басы ойдан бос емес» жазушы имандай сенді де . Расында да бұл  миллиондаған адамдардың, жұмысшы шаруалардың, тіпті оқыған-интеллигенттердің де шын сенген, сеніммен айтатын сөздері еді. Қоғамдық өмірде кеше ғана көшпелі өмір салтының аясынан шыққан халыққа елуінші жылдардағы материалдық-техникалық, мәдени-ағартушылық саласындағы жеткен жетістіктердің әсері өте үлкен болатын.  Өйткені, қоғамнан, өз ортасынан тыс адам болмайды. Әркім өз заманының перзенті. Сондықтан да суреткердің кеңестік кезеңдегі қазақ өмірінің жақсы өзгеріске ұшырағанын, барлық салада адам айтқысыз  жетістіктері мен   жақсылықтардың байқалуын  социалистік құрылыспен, коммунизм идеологиясымен байланыстыра сөйлеуі заңды да .

«Ой жалқаулығынан жаман нәрсе жоқ» дегенді жиі айтатын дара дарын иесі  елдің ойына қозғау салып, ұлттың рухани құндылықтары, әдебиеттің барлық жанрларында қозғалмай жатқан қаншама өзекті мәселелер бар екендігі  жөнінде тарих пен теориядан таралып жататын танымды мақалалар жазуды әсте ұмытпайды. Ол, ең біріншіден, ойдың суреткері, мазмұнның майталман маманы,  қарама-қайшылықпен ойлай отырып, өзінің ойын өткірлейді, оған  мызғу жақпайды, керісінше мазасыз мезеттерінің мол  болуы  ұнайды. М.Әуезовтің осы кезеңдерде  жазушылықтан өзге де қоғамдық жұмыстарының көптігі жөнінде өзі де шетелдік достарына жазған хаттарында айтқан. Мысалы, француз жазушысы, қоғам қайраткері,  Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты   Луи Арагонға  1958 жылдың 29-шы сәуірінде  жазған  хатында:  «Дорогой товарищ Луи!  Очень и очень сожалею о том, что наша встреча на этот раз прерывается лишь на начальном нашем личном знакомстве. Сегодня, 29-го я уезжаю к себе в Казахстан, в Алмату. Здесь в Москве  я уже более трех месяцев и, что называется, вышли все мои сроки, ждут там дела и литературные, и по науке, ведь и я бываю занят многими  заботами и по ряду отраслей культурной жизни нашего народа» ,-деп ұлт тағдырына қатысты барлық салада қызмет атқаруды абырой санайтынын айта келіп, Абай туралы романының француз тілінде жарық көруіне қолдау танытқанына ризашылығын білдіреді ( 50 том. 368 б).   Жан дүниесінің марғаулыққа берілмесін мақсаттаған ол үнемі мазасыз ой кешіп, елдің де санасына сәуле түсіріп, қозғау салып отыруды  шығармашылық машығы еткен.  Оған академик әдебиетші  М.Қаратаевтың «Ұстаз салған ізбенен» деген естелігіндегі: «…Мұхаңның қашанда әдеті: кең отырып әңгімелескенде өзінің творчестволық жоспарын кең жайып айтып, жазған, жазып жатқан, жазбақшы шығармаларының мақсатын, мазмұнын, құрылымын өзі талдап, өзі түсіндіріп отыратын-ды» ,-деген сөзі дәлел бола алады.   Иә, «Парасатты ер парызды, тоғышар адам пайданы ғана ойлайды» ,-деп көне данышпан Конфуцийдің айтқанындай, М.Әуезов өзінің ұлт пен ұрпақ алдындағы парызын осылай ой қозғаулары, елдің санасына сәуле себезгілеу арқылы атқарғанына куә боламыз. Әр жазушының шығармашылығына тән өзінің қалыптасқан машығы бар десек, М. Әуезовке тән тәсіл-ой жалқаулығынан жырақ болуында. Оның нақты дәлелі – осы он жыл аралығында жарияланған мол әдеби, ғылыми, публицистикалық еңбектері.

1955-60 жылдар жазушының ең бір шығармашылықтың жемісін көрген, рухани тынышталған жылдары болды. Оның айғағы – 1955 жылы                                1 қаңтардағы «Литературная газетадағы» «Шығармашылық ойлар туралы», осы газеттің 1957 жылы 7 қыркүйектегі санындағы «Шығармашылық шабыттың қайнары» және 1959, №1,13-бет «Советский Союз» журналындағы «Шығарма шаттығы» деген мақалалары. Және бұл жылдар  Әуезовтің шығармашылық өмірбаянындағы  жемісті жылдар еді. Айталық, бұл жылдары «Абай жолы» роман-эпопеясы  Лениндік сыйлыққа ие болып, қазақ әдебиетінің беделі  үлкен биікке көтерілген-ді. Қазақстан  республикасының әдебиет пен өнерінің онкүндері Мәскеуде өтіп жатқан. 1959 жылы декада шаралаларына байланысты шығарылатын кітаптардың ішінде Әуезовтің 5 томдық орыс тіліндегі таңдамалы шығармалар жинағы болатын. Әрине, мұның бәрі кеңестік идеология кезіндегі таным бойынша қазақ елі үшін толағай табыстар -тын.

Жазушының шығармашылық өмірбаянындағы тағы назар аударар жазу машығы, өзінің творчестволық ізденісіндегі әдісі- қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамай қойын дәптеріне жолжазбалар қалдыру . Жол жүргенде де, кез-келген келелі мәжіліс, конференцияларда, салтанатты жиналыстарда, ақындар айтысында, әдеби кездесулерде , әйтеуір көзіне түскен тосын сурет, әдемі көрініс болсын, көкейіне қонған жаңа бір сөз болсын, өзі естімеген тың тіркес, теңеу, мақал-мәтел болсын, сол кездесулерде көңілін аударған келісті, ажарлы кескін-келбет болсын, бәрін-бәрін қағазға түсіріп отырған . Бұл Абайға қатысты құнды құжаттар мен естеліктерді қалдырмай жазу барысында қалыптасқан, әдепкі дағдыға айналған машығы екендігін тағы бір дәлелдейді.  Жолжазба, ол- әдеби жанр. М.Әуезов сынды сирек кездесетін шығармашылық тұлғаның әрбір қолтаңбасы, оның шежірелік сыры халық үшін құнды құжат, таусылмас қазына дер болсақ, оның әрбір сапарнама , жолжазбалары, қойын дәптерлеріне, тіпті оқыған кітаптарының бір бүйіріне түсірген белгілеріне дейін біз үшін қымбат. Ұлының бір сөзін де қысқартпау да жоғалпау да парыз бен  қарыз. Мәселен, М.Әуезов американ жазушысы, журналист Эрнест Миллер Хемингуэйдің 1952 жылы жазылып, 1954 жылы Нобель сыйлығына ие болған «Шал мен теңіз» повесін оқығанда: «кейін түгел оқиын, серт етейін, көмек ет» дейді. Бұнда балама тамаша» (№558-папка,9-бет)  деген сияқты белгілер соғыпты. Кейін  бұл баламалар мен көріністерді, адам бойындағы ерен ерліктің тайталаста туатын қайсар табиғатын көркем шығармаларына пайдалануды көкейіне түйіп отыру тәсілі болғанын растайды. Шынында да жазушы бұл эпизодты «Оңтүстік сапары» жолжазбасында адасып кеткен шопан жігіттің бейбіт ерлігімен салыстырады. Сондай-ақ, суреткер өзі оқыған, ақтарған көркем әдебиеттер мен зерттеу  еңбектерге көбінде қызыл қарандашпен, кейде қара, көк қаламмен араб таңбасымен «керек» деген белгі соғуы оның көңілін аударған ойларды білдіреді. Негізі, кәсіби шығармашылық сапарлары мен жолжазбалары  көбінде жол жүргенде, яғни шет елдерге, өзге мемлекеттерді аралағанда бейтаныс ел, жер, тіл, көрініс, тарих, табиғат , секілді танымдық дүниелерді түсіріп отырған . Бұған 1955, 1961-Үндістан, 1956- Чехословакия ,1957-Жапония, 1958-Германия , 1960- Америка сапарлары жатады. Тезис сынды бір ғана сөзбен ойын түсірген жазушыға ол деталь кейін қаншама ой ағынына, сезім селіне себепкер болары сөзсіз. Көргенін көңіліне түйіп, тек еске түсіру үшін түртіп алған түймедей ойдың кейін тарам-тарам толғаныстарға, ірі-ірі тарауларға айналып, ой мен толғаныстардың кеніші болғанына сол сапарларға арнаған ойлы очерктерінен, көркем туындыларынан тауып, танып ,танысып жататыны бар, оқырман жұрттың. Олай болса,  жазушының шығармашылық өмірбаянындағы өзіне ғана тән бұл тәсілдің тағлымы да мол демекпіз.

Қазақ халқының мақтанышы мен абыройына айналған атақты қаламгерді Кеңес Одағының атынан да талай ірі қоғамдық ұйымдарға өкіл, төраға, мүше  ретінде сайлап жататын. Мұндай үлкен жауапкершілік жазушының ұлт мүддесін әлемдік деңгейде көтеріп, танытуына да себепкер болғаны белгілі.  Мәселен, 1950 жылдың 2-4 желтоқсанында Мәскеуде, бейбітшілікті жақтаушылардың ІІІ Бүкілодақтық конференциясында М.Әуезов Бейбітшілікті қорғаудың Кеңестік комитетінің құрамына сайланды. Бір бұл ғана емес, Азия елдері жазушыларының Ынтымақ комитетіндегі, жауапты халықаралық кездесулерде кеңестік бейбітшілік қорғаушылар елшісі, өнер және журналистика саласындағы Лениндік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі сияқты көптеген мемлекеттік, қоғамдық қызметтерде, атап айтқанда ҚР ҒА-ның толық мүшесі, Қазақ және Мәскеу университеттерінің профессоры болып еңбек етті. Ұшан-теңіз энциклопедиялық білімнің иесі М.Әуезов сан саладағы қоғамдық қызметтерде де өзінің жоғары мәдениеттілігімен, әділдігімен, асқан жауапкершілік қасиеттерімен зор құрметке  ие болды. Замандас әріптесі Николай Тихоновтың «Заманымыздың зор адамы» деген естелігіндегі : «…Бұл сияқты мемлекеттік сипаты бар қоғамдық жұмыс үшін Мұхтар Омарханұлы таптырмайтын идеал адам еді. Оның басқа жолдастардан ерекше бір артықшылығы болды. Ол, шын мәнінде кемел гуманист еді. Демек, бүгін оның есімін өзі жырлаған Абаймен   қатар қоятындар қателеспейді. Бүгінгі жалпыхалықтық мереке осыны дәлелдейді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов кеңес мектебінің классигі болды. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ…»,- деген сөзі соның айғағы (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер».2-бас.Құраст.Дияр Қонаев, Санагүл Майлыбаева, Әндібек Қуанышбаев.-Алматы:»Білім» баспасы,2007-288 б).

М.Әуезов – шын мәніндегі ұлт пен ұрпақ алдындағы жаупкершілігін терең сезінген ұлағатты ұстаз бола білді. Ол 1934-61 жылдары Қазақ мемлекеттік университетте «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының суырып салма айтыс өнері»,  «Туысқан халықтар әдебиеті», «Абайтану» секілді жалпы және арнаулы курстардан  дәріс оқыды, бұл курстардың оқу бағдарламалары мен оқу құралдарын, оқулықтарын жазды. Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы оқыған дәрістерінен «Абайтану» атты монографиялық зерттеу жазды. «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихында да оның университеттегі қызметінің әсері зор болды. Абай жөніндегі теориялық ойларын тыңдармандарға айтып, студенттер арасында қызу талқылау арқылы өзінің әдеби мұра жайындағы мәліметтерін толықтырып, ішкі қуатты ой ағыны арқылы қаншама құнды сөздерді қағазға түсіруге мүмкіндік алды. Университет жайлы «Үмітті ұрпаққа-игі тілек», 1960 жылғы әдеби бірлестікке байланысты «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген мақалалар жазды. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетте «Әуезов аудиториясы» және «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы бар. Және студенттерге бүгіндері «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әдебиеттану ғылымына кіріспе», «Мұхтартану», «М.Әуезовтің шығармашылық шеберханасы», секілді пәндер аясында жазушының шығармашылығы, шеберлігі, поэтикасы, шығармашылық еңбек психологиясы әдебиеттану ғылымының қазіргі жетістіктері  негізінде оқытылады.

Абай шығармашылығы туралы қандай да бір өрескел, ағат айтылған пікір оның жүрегіне сызат түсіретін-ді. Сондай жауапсыз жазылған еңбектің бірі- 1951 жылы жарияланған Әбіш Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» атты зерттеуі-тін . Бұл саланың білгір маманы, қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуезов бұл еңбектің құрғақ деректер тізіп, дәлелсіз айтқан пікіріне қатты соққы береді. Тіпті, санамалап отырып, 35 жерде кеткен кемшіліктерін  атап көрсетеді. Мұхтар Әуезовтің ащу-ызасын шақырған бұл жауапсыздық кейінгі зерттеушілерге үлкен үлгі болмақ. Автордың бұл сын мақаласы  «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» атты  жинаққа тұңғыш рет енді.

1954 жылы Қазақстан республикасы ҒА-ның академигі Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаевтың «Абай Құнанбаевтың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастар» деген монографиясы жарық көргенде де өзіндік ғылыми пікірі бар, жаңа көзқарастағы  еңбекті жоғары бағаланғаны мәлім. Бұрындары арнайы зерттелінбеген Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары туралы жаңа ғылыми ойлар мен тың теориялық тұжырымдарды  қазақ әдебиеттануының табысы дей келіп,  кейбір кемшіліктерін де көрсеткен М.Әуезовтің пікірі «Абайтану дәрістерінің дерек көздері»  деген (А.1997,331 б) деген еңбегіне енді.

1951 жылы жарияланған бірқатар мақалаларында кеңестік кезеңдегі халықтар достығы, ортақ социалистік идеология негізінде дамыған одақтас республикалардағы әдебиет, мәдениет, тіл, өнер  рухани құндылықтардың маңызы  сөз болады. Атап айтар болсақ, олар: «Жолдас Сталиннің тіл білімі туралы еңбегіне сәйкес қазақ әдеби тілінің мәселелері» деген мақаласы («Дружба народов» деген журналы), 1951 жылы КСРО Жазушылар одағы басқармасының ХІҮ пленумындағы К.Симонов пен Б.Лавреневтің жасаған баяндамаларына қатысты талқылауда (22 қазан) сөйлеген М.Әуезовтің  Мәскеуде «Халықтар достығы театрын » ашып, онда тек ұлттық республикалар драматургтерінің үздік шығармаларын орыс тілінде қойып отыру керек деген ұсыныс жасауы, осы жылдың 1 ақпанда «Казахстанкая правда» газетінде «Социалистік ұлттардың достық семьясында» деген мақаласында қырғыз-қазақ әдеби байланыстары , екі көрші, туыс елдің өнері, мәдениеті, әдебиеті жөнінде ғылыми  мәліметтер беруі, осы сипаттағы әңгімені  «Сөз басы» 1951 ж. «Қазмемкөркәд» баспасында қазақ тілінде шыққан «Қырғыз жырлары» жинағы антологиясына жазған алғы сөзінде жалғастырып,  Ленин, Сталин саясаты арқылы өркендеген кіші ұлттардың бақытты тағдырын дәріптеуі қаламгердің сол кезеңнің қоғамдық ойға құнды пікірлер қосып отырғанын дәлелдейді.

Ана тілдің тағдыры мен әдеби тілдің өркендеуі деген мәселе әрбір ұлт өкілінің, әсіресе әдебиетші қауымның жанды жері. Сондықтан да осы жылдар бойы М.Әуезов әдеби тіл мәселесіне бірнеше мақалаларын арнады. Айталық, «Тіл және әдебиет мәселесі» 1951 ж «Әдебиет және искусство» журналының 4-санында пікіралысу ретінде жарияланды .Қазақ әдеби тілін өркендету жолдары және   «Тіл және жазба» деген мақаласында «Қазақ ССР тарихының» (А.1957) 1-томының «Қазақ халқының ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы мәдениеті» (ҮІІІ тарау) атты тарауында  қазақ тілінің түп төркіні , даму, қалыптасу жолдары жан-жақты сөз болады.

1952 жылдың 5-9 ақпанда қазақ тілінің осынау  даулы мәселелері жөнінде Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиеті институтында ғылыми пікірталас болады. Қазақстанның және басқа да Орта Азия республикаларының көптеген әдебиетші, тілші ғалымдары қатысқан мәжілісте Әуезов қазақтың көнеден келе жатқан  халық тілінің тарихы , қазақ әдеби тілінің теориялық   мәселелері төңірегіндегі ойларын ортаға салады. («Тіл және әдебиет мәселелері» А., жинақ, 1965,63 б). Күні бүгінге дейін өзіндік құнын жоғалтпаған бұл ойлар «Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы», «Тіл және әдебиет мәселесі», «Абай Құнанбайұлы» деген мақалаларында  да кеңінен әрі тереңдетіле зерттеледі.

1952 ж. «Әдебиет және искусства» журналында (№12,95-103 бб), (20-т,18-т-да), «Жазушы Ғ:Мұстафиннің 50 жылдығына» делінген мақаласында әріптесінің шығармашылығы, «Шығанақ», «Миллионер» атты романдарының жаңа заман шежіресін жасаудағы, әдебиетке жаңа кейіпкерлер алып келудегі жетістіктері жайлы әдеби әңгіме өргізеді.

Тек  Кеңес Одағында ғана емес, шет елдерге де есімі жақсы таныс әрі беделді шығармашылық тұлға М.Әуезовтің одақтық басылымдарға кіші ұлттар өкілі ретінде мемлекет пен коммунистік партияның саясатына қолдау білдіруі үлкен абырой екені белгілі. Сондықтан да үлкен атақ-абыройға ие жазушыға  барлық басылымдардан пікір білдіруге, ел басшысының әрбір шыққан қаулы-қарары мен баяндамаларына үн қатуға өтініштер көптеп түсіп жататын-ды. Бұл, әрине түсінікті де. М.Әуезовтің жүрегіне жатпаса да мұндай мақалаларды жазу уақыт қажеттілігі-тін. Және бір ұлттың озғын ойшылы, ар-ұяты болған М.Әуезов оларға үлкен жауапкершілікпен қарап, саяси қате кетіп қалмауын, ұлттық мүддеге нұқсан келмеуін мүлт жібермей ғылми мұқияттылықпен зерттеп, жазатын-ды. Оған  мақалаларында жалған мадақтаудан гөрі тарихи, әдеби  деректерге молынан орын беріп, сол төңіректегі теориялық талдаулары дәлел .  1952 жылы «Известия» газетінің 3 қантардағы санында «Өткенге салауат» деген мақаласында өткен жылмен қоштаса отырып, еліміздегі жарқын істерді еске алып, орыс мәдениетінің Орта Азия халықтарының экономикасына, әдебиетіне, саясатына, техникасына тигізген игі ықпалын өнеге етеді. Түрікмен Ғылым Академиясының құрылғанын, Үлкен Түрікмен каналының салуын, Тәжікстанда ҒА-ның, Қырғыз, Тәжік, Түрікмен университеттерінің ашылуын айтып, шын ризалық сезімін білдіреді.

1952 жылы «Новое время» журналының №54 санындағы («Реальности советской жизни») «Советтік өмір шындығы» деген мақаласын Қазан революциясының 35 жылдығына арнап, онда қоғамдық-экономикалық дамудағы социализмнің жетістіктері мен ерекшеліктері, руханиятта Социалистік Еңбек Ері көбейгенін, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары  шыққанын, қазақ әйелдерінің тағдыры өзгеріп, қоғамдық -әлеуметтік салаларда орын ала бастағанын атап көрсетеді. Индустрия  мен ірі өндіріс орындарының көбеюін, Қарағанды, Балқаш, Лениногор, Жезқазған, Теміртау, Ембі  сияқты  темір жол жүйелері салынғанын зор мақтанышпен атап көрсетеді. Қазақ әйелдері жоғары басқару орындарына көтерілуін, Мәншүк, Әлия сынды қыздарымыздың Кеңес Одағының батыры атануын да үлкен абырой санайды.

М.Әуезов аударма саласында да тұрақты тер төгіп, көп еңбектенген қаламгер. Атап айтар болсақ, Л.Толстойдың «Будда» әңгімесін, «Той тарқар», «Булька», А.Чеховтың «Аққасқа», Дж.Лондонның «Қасқыр» деген әңгімелерін, Ю.Вагнердің «Жер жаратылысы  жайындағы әңгімелерін», Б.Пруттың «Жойқын князь Мстислав» псьесасын, Н.Погодиннің «Ақсүйектер» пьесасын, Шекспирдің «Отелло» трагедиясын, «Асауға тұсау» комедиясын және И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударғаны белгілі. 1952 жазушы И.Тургеневтің «Дворян ұясы»  романының аудармасы туралы» деген мақаласын «Әдебиет және искусство» журналына (1952, №7,10б) жариялайды.

Мақалада бұл романның орыс әдебиетінің тарихында қара сөзбен жазылған поэма екендігін, романды аудару арқылы жазушының кәсіби шеберлігіне бойлау, тәжірибесінен тағлым алу мақсаты болғанын баян етеді. Әуезовтің жазбаларында орыс жазушыларының ішінде әсіресе,  И.Тургеневті жаны қалайтынын, шығармашылығын өзіне үлгі тұтатынын жиі тілге тиек ететіні бар. Сондай-ақ, «Октябрь»журналының 1953 жылдың №11 санындағы «Біздің барлық мәдениетіміз-бейбітшілік үшін» деген мақаласында: «…Біздің халқымыздың озық дәстүрлерді бойына барынша сіңіруі үшін де бейбітшілік керек және мұның маңызы ерекше…Біз үшін Пушкиннің, Горькийдің, Маяковскийдің, сондай-ақ Шекспирдің, Гетенің, Гейненің, Диккенстің, Бальзактың, Виктор Гюгоның, Лу Синьнің шығармаларын үздік аударып, халықтық басылымын жүзеге асыру үшін де бейбітшілік қажет және оның біз үшін маңызы ерекше » ,- деп жазғаны белгілі. (20 т-қ1985.19-т.208-б).

1953 ж. «Литературная газетаның» 1 желтоқсанындағы санында жарияланған («Заметки о теории советской драмы») «Совет драматургиясының теориясы туралы» деген мақаласында  әлем және орыс драматургиясындағы озық үлгілерді ала отырып, ұлттық драматургияның кәсібилігін жоғарылату, ол үшін бұл синтездік өнердің  шеберлігін арттыру керектігі жөніндегі профессионалдық әңгіме қозғайды. Сондай-ақ мектеп программасындағы кеңестік пьесаларды талдау, драматургия жанрларының теориялық негізін жасаудағы әдебиетшілер мен сыншылардың еңбегі жан-жақты сөз болады. Мұнда драматургияның тарихы мен теориясы жан-жақты талданады. Бұл мақаласы туралы ҚазКСР ҒА Президиумына « Менің 1953 жылғы қызметім туралы» деген есебінде де (15.12.1953 ж)  толық баяндайды. Орайы келгенде айта кетер бір жәй- жазушы жыл сайын  Ғылым Академиясына тұрақты түрде  жылдық есеп беріп отырған. Олардағы атқарылған істер мен жазылған, жарияланған еңбек тізімдеріне көз жіберсеңіз нағыз өзі айтқандай « еңбек торысын»  көрер едіңіз. Жылдар бойы жүріп жатқан мемлекеттік, қоғамдық, әдеби, ғылыми, өнердегі таусылмайтын жиын-мәжілістер, Қазақстан Жазушылар одағындағы, университеттегі әдеби талқылаулар, пленумдар, съездер, конференциялар, баспа-журналдар, газет-альманахтардан үздіксіз келіп жатқан сұраныстар, өтініштер, диссертациялық еңбектерге, монографиялық зерттеулерге, жаңа шығып жатқан кітаптарға толып жатқан қағаздарға, мемлекеттік мекемелердің, шет елдік және қазақ оқырмандарының хаттарына  жауап жазу және  өз атына лайық деңгейде жауап жазу қаншалықты қауырт әрі қарбалас істі, асқан жауапкершілікті талап етеді десеңізші!. Республика, кеңестер Одағы ғана емес, шет елдерден келетін хаттар мен өтініштерді қоссаңыз, шынында да жазушының шығармашылық өмірбаяны өте мазмұнды болғанын мойындауға тура келеді.

М.Әуезовтің 1953 жылы жазылған «Алуа» атты пьесасы өзі барда  баспа бетін көрмеген. Бұл шығарманың пьесадан басқа жанрдағы «Әйел жолы» деген кино-әңгіме үлгісінде жазылғаны да бар.

1953 жылы жазушы басына тағы да қара бұлт төнеді. Бұл жолғы себеп-1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде З.Кедринаның 1951 жылы Мәскеуден жарық көрген «Мұхтар Әуезов» атты монографиясына П.Кузнецовтің «Сынау орнына мадақтау» деген мақаласының жариялануы болды. Кеңестік дәуірде  КПСС Орталық Комитетінің органы болып саналатын «Правда» газетінде жарияланған сын мақалаға міндетті түрде шара қолданылатын. Соның салқыны жазушы мен зерттеушіге  тиіп, екеуі де жұмыстарынан аластатылады. Мақала Қазақстан Жазушылар одағының пленумында талқыланып, бұл монографияға «теріс ниетті, қате бағытта жазылған, зерттеуші жазушының ұлтшылдық пиғылын қасақана ашпаған, сынап айтпаған»,- деген жалған кінә тағылып, оны қайта жариялауға рұхсат берілмей, рухани кеңістіктен алып тастайды. Енді Павел Николаевич Кузнецов деген кім деген сауалға жауап іздесек, ол (1909-1957) орыс жазушысы, аудармашы. Кезінде жыр алыбы Жамбыл туралы «Бақытын тапқан адам» деген тарихи роман жазған (1950 жылы, ал, қазақ тілінде 1959 жылы жарияланған). М.Әуезов энциклопедиясындағы Р.Әбдіғұловтың мақаласындағы мәліметке қарағанда М.Әуезовпен хат жазысып, достық қарым-қатынаста болған адам. Алайда, жоғарыда аталған мақаласы керісінше қаламгерді де, зерттеуші З.Кедринаны: «Сын мейлінше солақай, идеологиялық сипатта жазылған…»,-деп қаралаған. Осы бағыттағы мақаланы С.Нұрышев та жазды. Бұл мақалаларға жауап ретінде М.Әуезов «Литературная газетада» «Ашық хатын» жариялады.  Әуезовті аталған мақала шыққаннан кейін «буржуазиялық ұлтшылдық қателері үшін» ҚазМУ-дағы және Қазақстан ҒА-ның Тіл және әдебиет интситутындағы жұмыстарынан босатты. Бұл жөнінде 1951жылы 14 сентябрдегі Мәскеуде оқып жүрген қызы Ләйлаға жазған хатында қапалықпен хабарлайды: «..На днях прошла сессия Академии, я уже не член презиума, это сильно скажется на моем бюджете. Уже подал заявление в университет, чтобы оформили на полную нагрузку. Академия от дел хочет отпустить. Первый том редактировать буду сам же, но эту работу буду, вероятно, вести за счет своих обязанностей действительного  члена  академии. Как бы то ни было, сильно разгружаюсь для писательско-творческой работы. Это все к лучшему. Но пока на бюджете имеется существенное отражения…» (50 томдық академиядық толық жинақ.50-том. А.Жібек жолы,2011-472 бет.28 б). Сүйікті қызының пальто алу туралы өтінішін қанағаттандыра алмай қабырғасы қайысқан мейірімді әке осылай ақталады.  Өзінің көп кісіге жалақы беріп, шығыны көбейіп жүрсе де  қарны мен қалтасының қамынан гөрі бәрібір де шығармашылыққа бос уақыт көп қалатына қуанады. Жазушыға бас сауғалап, Мәскеуге кетуге тура келеді. Жоғарыда аталған мақалалардың арнайы «тапсырмамен» жазылғаны анық еді.Ұлтшылдық мәселесі бүкіл КСРО-да көтеріліп, барлық ұлттық республикаларда да ұлт қаймақтарын қайта бір саяси сүзгіден өткізу қолға алынып, көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері  айыпталып  жатты.

Қиыншылық кезде табысып, адал достық пен сыйластықтың тамаша символына айналған  әдебиетші ғалым Зоя Кедринамен  сыйластығы өмірінің соңына дейін жарасымды жалғасын тапты. Саясаттың сол бір сайқалдық сатқындығын білетін отбасылық достар (күйеуі-аудармашы, жан дос А.Пантиелев) әрі әріптестер З.Кедрина да  М.Әуезовке адалдық танытып,  барлық жалаға көз жұмып қарады. Сол кезеңнің, әсіресе Әуезовтей ұлы адамның өз табиғатынан тыс жалған сөйлеуіне мәжбүрлеген, адал досын айыптауға дейін апарған саяси ауыр ахуалды «Менің қателерім жайында» деген 1953 жылғы февралда жазған Ашық хаты  әшкерелейді: «…Бұл еңбекті мен өзімнің де, қазақ совет әдебиетінің де пайдамызға арналып жазылған кітап деп танымаймын. Жазушы мен оның шығармасына және негізгі қоғамдық сынға, біздің заман қойып отырған талаптарға бірде-бір жауап бере алатын кітап бұл емес…Кітап толған мадақтау мен әсірелей мақтаулар…»,-айта келіп өзін көрер көзге қаралап отырған П.Кузнецовтің «Сынау орнына мадақтау» деген мақаласы жайлы: «… «Правданың» мақаласында (осында суреткер мақала авторын бір рет те атамай тек коммунистік партияның басты органы болған басылымды ғана атауы-соққының қайдан екенін ұқтырғандай Г.П) менің Абай жөніндегі романдарымның да кемшіліктері аталғандықтан сол кітаптарға әсер еткен өзімнің тарихтық түсініктерімдегі бір қателік комплексті арнап атап өтпекпін. Бұл жай бірінші Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселеде және үшінші осы аталғандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың кейбір адамдарын  дәріптеу мәселесінде айқын байқалған еді»… «Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым.1951 жылды «Знамя» журналында «Абай жолы» деп жаңадан ат қойып, жаңадан түзеп жазып шыққан сол романыма сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім..» ,-деген түсініктемелер беруіне тура келеді ( Мұхтар Әуезов. «…ескермедім, қабылдамадым…». Жауапты шығарушылар: Тұрсын Жұртбай, Талатбек Әкім. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы,1998ж. 25-26 бб). Осы хатында «Абай» романында кеткен көптеген кемшіліктерге тоқталып, олардың себептерін түсіндіріп, жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта келіп: «…Еңбекші қазақ халқына жарық дүние тек қана орыс мәдениетіне қол арту арқылы ғана болатынын айттым. Ескілікті дәріптеуші консервативтік реакцияшыл санашылдардың барлық топтарын айыптап көрсетуге тырыстым»,-деп мәлімдеуге мәжбүр болады (29 б). Тағдырдың  тұлғаға тартқан тартуының қаншалықты салмақты екендігін осыдан-ақ түсінуге болады. Осы «Ашық хатта» жазушы бүкіл ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық, педагогикалық жұмыстарындағы «кемшіліктеріне», «өз көзқарасындағы, пікіріндегі түсінбеушіліктерге», толығырақ тоқталып, бәрінен бас тартып, қайта түзету, күзеу, жөндеу, өңдеу,  сияқты сұрықсыз жұмыстар жүргізетініне сендіреді. Заманның зары, саясаттың салқыны сезілген хатты жаның түршіге оқисың. Кемел ойлы ғұламамен бірге жаның ауырып, жүрегің сыздайды. Осы амалсыздыққа көнген, оны мойындаған, бірақ қаламгердің рухани құлдырауына жол бермей керісінше қолтығын сүйеп, өздерінің ары мен абыройын, кәсіби атақ-даңқын тәрк етіп, қолдау білдірген әйел заты болса да зиялылығы ерге бергісіз Зоя Кедрина мен Әуезовтің қарым-қатынасы, өзара достығы, рухани демеушілігі керісінше дамымаса, кемімейді. З.Кедрина бұл «сыннан қорытынды» шығарудың орнына ,олардың шығармашылық қарым-қатынасы нығайып,  Әуезовтің шығармашылығы жөнінде әр жылдары 30-дан астам сыни-зерттеу мақалалар жазып, арандатқылары келген алаяқтарға ұлы достықтың аңызға айналған айрықша үлгісін көрсетті. Өмірлік серігі, аудармашы А.Пантиелев екеуі  Әуезовтің шығармаларын орыс тіліне сапалы аударуға белсене қатысты. Ол «Абай жолының» соңғы екі тарауын, «Асыл нәсілдер» , «Білекке білек», «Түркістан солай туған» атты әңгіме, очерктерін аударған. «Қилы заман» повесінің жарық көруіне үлкен үлес қосты. Әрдайым рухани қорғаныс, қолдаушысы болған сүйікті қаласы Мәскеуде құшақ жая қарсы алатын, қонақ ететін де осы отбасы болатын .Тіпті осы өмірден өтер соңғы сапарында да  соңғы рет сұхбаттасқан, сырласқан, қасында болып, сырқатын жеңілдетуге дәнекер болып, моралдық, рухани демеушілік көрсеткен де осы бір зиялы отбасы екен.

Рухани еркіндікті аңсап, саясаттан тыс таза шығармашылық жолға бет бұрса да  «үнемі бүйректен сирақ шығарып жүретін» солақай сыншылар осылай ойда жоқта бір бізін сұғып алудан айнымай-ақ қойды. Ұлтының келешегі үшін көркем әдебиеттің өсуі мен рухани кеңістігінің кеңеюі әлдеқайда тиімді екендігін әлдеқашан ұққан ұлы суреткер мұндай сыңаржақ сындарға сағы сынбай, тек табандап, тер төге еңбек етуді ғана еншіледі. Бұл турасында орыстың көрнекті ақыны, публицист Станислав Юревич Куняев «Талант тағлымдары» деген мақаласында: «…Әуезов өмірінің тағлымы сонда, ол  нағыз талант мықтыға арқа сүйеген жолбикелер мен қолтыққа су бүріккіштерге қасқайып қарсы тұруға міндетті екенін түсіндіріп берді; үшіншіден, Әуезовтің тағы бір тағлымы, топшылдық, жікшілдік, жүзшілдік талас-тартыстардан биік тұруға үйреткені; төртіншіден, Әуезов орыс тілінің шалқар дариясында судағы балықтай өзінше, шынайы өмір сүре білді және сонымен қатар өзінің ана тілінің бүкіл тереңдігі мен құнар байлығын ерекше сезінген болатын; бесіншіден, Әуезовтің тағы бір өнегесі – «жазушы және мәдениет» деген ұғымға сыйып жатыр; ол бос даурықпа дау-дамай мен ұсақ саясатшылдыққа уақыт жұмсап жатпады; өмір бақи өзі де оқыды, өзгені де оқытты, лауазым, атақ-мансап оның көңілін бұра алмады. Осының өзі де ақылман әкенің кейінге келер ұрпаққа үнсіз ұқтырған өсиетіндей еді деген пайымдаулар айтқан» («Қазақ әдебиеті»,1987),-деп жоғары баға беріледі.

М.Әуезов «Реалистік драма жолында» деген (1954 жылы 3-ші  қыркүйекте Қазақстан Жазушыларының 3-съезінде жасаған) баяндамасында  қазақ драматургиясының 2-съезден (1939) бергі 15 жыл ішіндегі даму жолына шолу жасап, осы кезеңдегі басты жетістіктерге тоқталып, ең көрнекі деген шығармаларды талдайды.

«Жазушылардың екінші съезінде жасаған баяндама» («Доклады на втором съезде писателей») деген жазушының П.Антокольский және М.Рыльскиймен бірге жасаған баяндамасында аударманың ғылыми теориялық, жанрлық ерекшеліктері мен кәсіби шеберлік мәселелері қозғалады. 1953 жылы осы бағыттағы аудармалар барлық аударма әдебиетінің 44,6 пайызын құрағанын,  тәржімадағы ұлттық форма проблемаларының жасалмағандығын айта келіп, түпнұсқасының тілін  білмей «подстрочниктен» аудару зиянды тәжірибе деген тұжырым жасайды.

Осы кезеңдегі ерекше тоқталатын айтулы оқиға- 1954 жылдың 3-8 қыркүйегінде Қазақстан жазушыларының ІІІ съезі өтуі еді. Съездегі кіріспе  сөзінде ұлы суреткер 1939 жылдан 1954 жыл аралығындағы, яғни 15 жыл ішіндегі қазақ совет әдебиетіндегі өсу, өрлеу бағдарына байлау айтады: «..Әдебиет жайындағы сынау, ойлау, талдау сөздер проблемалы болса ғана әдебиеттік құрылысқа, процеске әсерлі, пайдалы болады. Ең зор проблема-марксистік-лениндік эстетиканың жүйелі творчестволық негізі болып отырған социалистік реализм әдісін меңгеру проблемасы…..Социалистік реализм талаптарының ірілері қайсы десек, арнап, атап айтарымыз: заманымызға сай ірі, көркемдік тудыру, шындықты реалистік дәстүрде бейнелеу, шеберлікті күшейту, классикалық мұралардың шеберлігін меңгеру. Осы сипаттар арқылы халқымызды коммунистік рухта тәрбиелейтін-халықтық, революцияшыл, отаншыл және халықтар достығын нығайтқыш әдебиеттер тудыру шарт» /8/. Яғни, М.Әуезовтің кезеңіндегі осынау әдеби талап оның өзін де ойландыратын-ды. Алайда, Әуезов реализм дегенде тек идеология тұрғысынан емес кеңірек түсінетін еді. Бұл туралы жазушының пікірі мынадай: «..Реализм в данном случае нужно понимать не как выражение стиля, а реализм я понимаю горазде шире. Реализм- это верность жизненной правда в художественную правду каждый характер должен осознать нам плеск чувства, правду мышления, правду душевного движения, которые порождают тот или иной поступок, из чего складывается характер людей» (90 бет, 47-томдағы «Выступление М.О.Ауэзова на региональном совещании по вопросам состояния  очерков истории советской литературы народов средней Азии и Казахстана» деген баяндамасында).

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1 пленумында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төралқасының Төрағасы болып сайланған Ғ.Мұстафин  «Қазақ совет әдебиетінің жайы мен міндеттері» деген тақырыпта баяндамасында қазақ әдебиеті озық әдебиеттің қатарына «Абай» романы арқылы қосылғанын, екі халықтың табысқан мәдени – рухани армандарын үлкен махаббатпен шебер, терең жазғанын ерекше мақтанышпен айта келіп: « …Әрине, бұдан ол ешбір мінсіз, ол туралы жақ ашпа, деген ұғым тумайды. Сынауға, мінеуге болады. Бірақ оның бір де бірі аталған қасиеттерін жоя алмайды. Абай жайындағы романдар тек өскен прозаның өзіне үлгі де бола алады. Біз енді прозамызға Абай жайындағы романдардың дәрежесімен қарайтын болдық.

Жолдас Әуезов тарихи тақырыпты тамаша меңгерді. Ал, бүгінгі тақырыпты еркін меңгере алмай  келеді.

Әуезов үлкен драматург бола тұра, қазақ театрының пердесін алдымен өзі ашқан драматург бола тұра драматургиямызға он жылдан бері елеулі ештеңе қоса алмады.

Қазақстан егін, мал байлығын дамыту жолында қазір сондай биікке көтеріліп барады. Ондай биікке ешқашан шыққан емес. Шығу үшін партия мен үкімет Қазақстанға барлық жағдайды жасап жатыр, бүкіл совет жұртшылығы болып көмектесіп жатыр. Біз, жазушылар, көз алдымыздағы бұл ұлы оқиғаның эпопеясын жасауға міндеттіміз.Эпопея бірден жасалмас, оны әркімнен талап етуге де болмас. Ал, әр жазушыға сен осы ұлы іске немен көмектестің деп әбден айтамыз. Соның ішінде Әуезов жолдасқа ерекше айтуға тура келеді. Ол біздің заманымыздың геройларын да Абайды сүйгендей сүйіп, Абай образындай зор образдар жасауға міндетті»,-деп нақты міндеттер қояды. Осы кезге дейін халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өсіп, көркейіп келе жатқанына қуанып, көңіл түкпірінде жазсам деген арманды бұл міндет тездетіп жібергендей болды. Әдебиет пен өнердің қай жанрында да алдыңғы шепте жүретін Әуезов 1950-60 жылдары  әдеби сынды , әдебиеттануды дамытуға зор үлес қосты. М.Әуезов сол жылдары қанша қауырт шаруалары бола тұра орталық журнал, газеттерде «Қазақ әдебиеті және орыс реализмінің дәстүрлері», «Ұлттық романдар», «Қазақтың әдебиет тілі» деген көлемді мақалалар жариялап жатты.

Жазушылар одағының жаңа басшысы Ғ.Мұстафин бұл баяндамасында  сол кезеңдегі сындардың әділетсіздігіне қатты шүйлікті, шын әріптестік әділ пікірін айтты: «…Сын шоқпары тимеген басты жазушы кемде-кем. Бүгін табысымыз делінген одақтық аренаға шыққан шығармалардың да соққыға ұшырмағаны некен-саяқ. Әдебиетіміздің мақтанышы болып отырған «Абай» сияқты романдарды «Казахстанская правда» газеті тіпті құртқысы келді. Бұның бәрі «сын» деген қасиетті атпен істелді. Басшыларымыз қой деудің орнына қошеметтеп отырды.

Маркс бір сөзінде :«Ақын еркелетуді сүйеді»-деген екен. Біздің басшылар еркелете білген жоқ, әрине, бұл жазушыны бетінен қақпа деген сөз емес. Біз білген тәрбие екі түрлі: бірі-ащы, бірі-тәтті. Соның тәттісінен таттырмай, ащысын бере берді демекпін.

Осы партиялық тәрбие ме? Партия әман мәдениет күштерін өз маңына топтаумен келеді. Ең қымбаттым- кадр деп келеді. Партияның сол қымбаттысын қорлау үшін бір ауыз өсек, не бір жапырақ жала жеткілікті болды бізге.

Фадеев жолдас былтыр бір әңгімеде қынжылып отырып, былай деді маған: «…Қазақ әдебиетін өскен әдебиет дейміз. Әуезові жаман, Мұқановы, Мүсреповы…жаман. Сонда бұл әдебиетті жасаушылар кім болғаны? Мен Шаяхметовке түсінбей қойдым »,- деген сөздері соншалықты шынайы, әділ пікір. Басшылықтың өзін қатал сынға алған жазушылардың, Ғ.Мұстафиннің ерлігі сөз жоқ, қастерлейтіндей. Шынында да съезде болған Әуезовке әріптесінің шынайы жанашыр сөздері әсер етпей қоймаған секілді. Көптен көкейде жүрген ойға, тақырыпқа түрткі болды. Әсіресе, қазақ жазушыларының алдына қойылған міндетке Әуезовтің де үн қосуы парыз саналды. Ол міндет: «Әдебиеттің барлық жанрларында, түрлерінде қай тақырыпта жазылса да, ең асыл сөз совет адамына арналсын. Ең ардақты міндет-совет адамының образын жасау болсын. Ол – бүкіл адам баласына бостандық, еңбек үлгілерін көрсетуші, ол- қиындықтан, күрестен қорықпайтын, ескі дүниенің барлық бөгеттерін қиратып, коммунизм атты жаңа дүние жасаушы образ. Ол – адамзатқа тең жақсы қасиеттерді бойына жинаған, жоғары мәдениеттік, интернационалдық жүрегі бар образ. Оған халық тілегінен жоғары ешнәрсе жоқ»,- деген сипатта болды (37 б. Сын журналы).

Осы съезден ерекше шабыт алған М.Әуезов  әдепкі шығармашылық машығы бойынша жаңа заман туралы жазамын деген жеті кітабының соңғы кітабы «Өскен өркенді» бастауға біржола  көңілі  кетеді. Алайда, біз жазушының жаңа заман бейнесі, совет адамының образын жасау жолындағы шығармашылық ізденістері, онда көтерілген ұлттық мәселелер жайында екінші тарауда толығырақ  тоқталатындықтан , әзірге 1950-60 жылдардағы жазушының шығармашылық өмірбаянына тікелей қатысты күнделікті өмірінің ақиқатын ақтарар мерзімді баспасөздерде көтерілген мәселелерге шолуды толықтырамыз. Баспасөз, «газет-халықтың –көзі, құлағы, сөзі»- деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзін ескерсек, осы күнделікті ақпарат арқылы сол кезеңнің ақиқатына қанығатын боламыз. Әрі жазушының шығармашылық өмірбаянының тарихынан тағлым аламыз.

1954 жылы Мәскеуде Мұхтар Әуезов, С.Щипачев, П.Антокольский, М.Тұрсын-Заде,С.Михалковтармен бірге Литва әдебиетінің онкүндігінде болып қайтады («Литва литературная»,1983, №5). Жазушының әлем және түркі тектес елдердің әдебиетімен таныстығы , өз білімін көтерудегі жанқиярлық ізденгіштігі осындай онкүндіктерде еркін сөйлеуіне, руханият  кеңістігіндегі барлық өнер салалары мен олардың жанрларының теориясы мен тарихына, олардың поэтикасына қатысты құнды ойларды ортаға салуға құқық беретін. Оның энциклопедиялық білімі кім-кімді де таңырқатып, тәнті ететін.

Әсіресе, 1950-60 жылдары әдебиеттің, оның ішінде прозаға қатысты құнды ойлар айтқан мақалалары баспасөзде жиі жарияланды. Айталық,  роман жанрына, оның теориялық мәселелеріне қатысты көптеген ой-пікірлер айтқан «Современный роман и его герой» («Қазіргі роман және оның геройы») атты мақаласындағы : « ..Спорным мне представляется и деление романа на «роман-событие» и «роман-судьбу», как это делает К.Симонов. Роман основывается на судьбах, которые складываются в событиях. Судьба всегда событийна, а события определяются судьбами. Лишь весьма условно можно говорить о судьбе и событии в романе как о разных категориях художественного полотна..» ,- деген сөзі әлі күнге дейін өз құндылығын жоймаған пікір (317 стр). Шығармадағы оқиға мен кейіпкер тағдырын екі бөлек қарастырудың ешқандай мағына-мәні жоқтығын, өйткені шығармада бір тұтас көркемдік  болмай, оның оқиға мен ойға , тағдыр тартысы мен қайшылығына құрылмасын ескертеді. Роман жазудағы шығармашылық тәжірибесімен бөліскен жазушы Қазақстанға жүктелген жетіжылдық жоспарға сәйкес 4 кітаптан тұратын күрделі роман бастағанын, онда жаңа заманның шаруашылықтағы, мәдениеттегі, ел басқарудағы жеңімпаз совет адамдарының кесек образдары жоспарланғанын әңгімелейді. Және қазіргі роман кейіпкерлерінің міндеті жан-жағында жүріп жатқан жаңа қоғамдағы қозғалыстарға белсене атсалысуы керектігін айтады: «…Не только отражать действительность, но и вторгаться в нее, воздействовать на нее…-такова миссия современного романа и его героев.

Я не собираюсь выводить один сильные, «масштабные» характеры: они, условно говоря, составляют костяк произведения. Однако нельзя представить себе живой, пульсирующий организм без плоти и крови. Роман должен иметь плоть и кровь, должен имеет горячее, подчас обжигающее дыхание. Как этого достичь? Насытить «организм» произведения лиризмом, поэзией, любовью, мечтами, драматическими столкновениями страстей и стремлений. И здесь «первую скрипку» у меня играют персонажи иного плана: девушки, юноши, старики, матери, ребятишки. Это им полностю отдают себя люди, которым есть дело до всего» (392). Ұлы жазушы кеңестік кезеңдегі өмірдің, адам санасының да өзгергенін, ол өзінің жаңа талабы мен көркемдік шартын қоятынын, қазіргі роман соған жауап беруі керектігін кәсіби маман ретінде талдап, түсіндіреді. Әдебиеттің балаң кезіндей оқиғаны құрғақ баяндауға емес,  кейіпкерлер тағдырының күрделі қақтығысы, өмірді тану, қабылдау, бағалаудағы сапалық өзгерістердің қайшылығына құрылған философиялық, психологиялық талдауларды қажет ететін көркемдік-эстетикалық ізденістер керектігі жөнінде кемел ойлы  кәсіби кеңесін де аямайды.  Мақаладағы айтылған ойлар сол кезеңдегі әдебиеттің өзекті теориялық мәселелерін қозғап, өзінің шығармашылық өмірбаянына қатысты құнды пікірлер көп болғандықтан бұл мақалаға кеңірек тоқталдық. Тіпті бұл мақаладағы әрбір ойды талдасаңыз бүгіндері тапшы болып отырған көркем шығарма поэтикасы мен кейіпкерлерді мінездеу, жаңа образ жасаудың мол тәжірибелерінен тағлым алуға болады. Ал, «Кейбір ұлт жазушыларының романдары» деген еңбегіндегі  тағы да осы роман, оның жаңа дәуірдегі көркемдік қызметі мен жаңа заман адамын тәрбиелеудегі рөлі туралы парасатты пікірлері қазір де құнды.  Көркем шығармадағы  мінез-құлқы көп қырлы, болмыс-бітімі бөлекше ,бүгінгі заманның рухани қажеттілігіне жауап беретін, қай құбылысқа да бейтарап қарай алмайтын интеллектуалды образ жасау мәселелері  жазушының 1950 жылғы «Литературная газетада» жарияланған «Роман туралы ойлар» атты мақаласында  әдебиеттегі ұлттық түр, ұлттық дәстүрмен дамытылып, теориялық тұжырымдармен түйінделеді.

1954 жылы Абайдың қайтыс болуына 50 жыл толуы қарсаңында «Әдебиет және искусства» деген журналының №9 санында  «Қазақ халқының ұлы ақыны» деген мақалада ақынның әдеби мұрасы кеңінен әңгімеленсе, сол жылы «Қазақ халқының ұлы ақыны-Абай Құнанбаев» деген КСРО «Білім» қоғамынан жарияланған кітапшасында ұлы ақынның қазақ әдебиетіне әкелген көркемдік , философиялық  құндылықтары талданған .

«1954 жылғы бірінші май»  айдарымен берілген «Труд во имя счастья людей» деген мақаласында («Литературная газета»ның 1 мамырында) қазақ жерінің  құнарлы топырағында тың игерудің  нәтижесінде астықты көп өндіріп, шет елге танылып жатқанымызды аса зор мақтанышпен мәлімдейді.

Қазақтың әдеби тілінің тағдыры жазушыны қатты толғандыратыны «Социалистік Қазақстан» газетіндегі «Көркем әдебиеттің тілі туралы» және «Тағы да көркем әдебиет тілі туралы» деген тақырыптағы мақалаларында жақсы көрінеді ( «СҚ»,1954.№46). Мақалалар тілші ғалым М.Балақаевтың «Көркем әдебиеттің тілі жайында» («СҚ»,1953, №273) атты сын мақаласына жауап ретінде жазылған. Профессор М.Балақаевтың «Абай жолы» романындағы әдеби тіл ерекшеліктеріне грамматикалық заңдылықтар тұрғысынан талдау жасай келе: «…шеберлігі соңғы кездері еркіндікке айналып, оның тілі халық тілінен қашықтап барады. Кей жерде сөздерді орынсыз, ретсіз тіркестіре салу, сөйлемдерді ұзақ, ауыр етіп құру салдарынан тілінің әсерлі болуы былай тұрсын, тіпті автордың не айтқысы келгенін түсіну қиын» деген сияқты ұшқары кекесіндеу сөздер сипатты даулы пікіріне нақпа-нақ, өткір жауаптар береді. Сөйтіп, көркем әдебиет тілінің ерекшелік қадір-қасиеті мен сыр-сипаты туралы өзінің  кең де терең толғамды теориялық ой-пікірлерін ортаға салады. Шығармашылық еркіндікке ие  жазушының тіліне, стиліне бір ғана өлшеммен келуге болмайтынын, «кейде көпшілік қолданбайтын, бірақ халық тіліне әбден қонымды келетін» тың орамдардың өзін , тіпті тілші ғалымдардың ұғымындағы грамматикалық заңдылықтарға сәйкес келмей жатса да, сондай-ақ белгілі бір өлкеде ғана қолданылатын диалекті деп қақпайлап жүрген сөздердің өзін де көркем шығармада тәсілін тауып қолдана отырып, әдеби айналымға сіңіруге, қалыптастыруға болатынын, сөйтіп әр «жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, шеберлендіруге, саралауға міндеткер…Романдар оқушыға тіл де үйретеді, өз тілінде кенеулі ой таратып, көрікті, шебер, шешен сөйлеуге баулиды», – деген сыңайлы көптеген көңілге қонымды кәсіби деңгейде сөз қозғайды.

1954 ж.2-тамыздағы «Правда» газетінде жарияланған «Общее дело советских литераторов» («Совет әдебиетшілерінің ортақ ісі») деген мақаласында КСРО халықтары әдебиетінің, әсіресе орыс тіліне аударылуы арқылы әлемдік әдеби кеңістікке жол тартуға, танылуға болады деген ұсыныстар айтылады. Еліміздегі ғылыми институттар мен ЖОО-ғы әдебиетті жүйелі зерттеуді ұйымдастыруға, білікті әдебиет сыншыларын, аудармашылар мен оқытушыларды жүйелі түрде даярлауға көңіл бөлу керектігін, бұл өздерінің дәстүрлі әдебиеті аумағында өсіп-жетіліп келе жатқан одақтас республика жазушыларының шығармаларын өзге елдерге таныстыру, насихаттау тұрғысынан тиімді екендігін ескертеді.

1954 жылы 23 желтоқсандағы «Литературная газетада» «СССР халықтары әдебиетін аудару» деген мақаладағы мәселе де осы мазмұндас. Кеңес жазушыларының бүкілодақтық 2-съезіне баяндама ретінде даярланған еңбекте аударманың  тек лингвистика ғана емес әдебиеттанудың да нысаны екенін, аудару эстетикасын сақтау барлық қисынның  қазығы екенін швед синологы Карлгриннің «қытай мәтінін түсіну үшін қытай рухын түсіне білу керек» деген пікіріне сүйеніп, сөз етеді. «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелерінде де» (1955 ж .7 қазан «Қазақ әдебиеті» газеті)  автор  аударманың жүйеленген теориялық ойлары, үздіктерінің ерекшелігі талданбайтыны, аудармашының сол тілді меңгеруі, тарихи материалдарды  жақсы білуі сияқты көркемдік шарттар мәселелері қозғалады: «…Ғылыми терминдік сөздерді қабылдаумен қабат, ұлт тілінің мүмкіндіктерін байыту жолында үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл талап-жаңадан сөз байланыстарын жасау, бар сөздер мен ұғымдардың мағыналарын тереңдету, жаңарту, жеке сөздердің  ұғымдық ауқымын кеңейту, ұлт тілдерінің сөз негіздерін пайдалана отырып, жаңадан сөз тұлғасын жасау секілді шаралар арқылы жүзеге асырылмақ»,- деп, аударма арқылы орыс тілінің ойлау формасы, сөз мәдениеті және бүкіл әдебиеттік өнегелерін үйренуге мүмкіндік беретінін айтады.

«Индия очерктері» 1955 жылы Индияға 1-ші рет барғанда жазылған. 1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, ал 1958 жылы «Индия очерктері» деген атпен жеке кітап болып шықты. «…Әуезовтің бұл очеркі 50-жылдардағы қазақ публицистикасындағы алғашқы сапарнамалардың бірі болатын. Шынында оқырмандар өз жазушыларымыздың шет жұрт өмірін бейнелейтін шығармаларына мейлінше зәру болып отырған жағдайда аса көрнекті суреткеріміз Әуезовті «Индия очерктері» атты кітабының жарыққа шығуы – әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болған еді»,- дейді қазақ публицистикасының зерттеушісі, ф.ғ.д, Бауыржан Жақып (304/. Оның түпнұсқасы жазушы  мұражайындағы 61 папкада тұр. 1960 жылы Индияға 2-ші рет барды. Ол жөнінде 12 томның 2-ші томында жазылған.

1955 жылы 28 қаңтарда М.Әуезов осы сапарында Үндістан – Совет достық қоғамында және Президенттің қабылдауында болып, үнді елінің  тарихымен, әдебиеті мен мәдениетімен кеңінен танысады. Сол жылдары бұл елде 560 княздік, 26 штат, 32 университет барлығын, һинди тілінде жарым халық сөйлетінінен хабар береді. Бұл сапарлар туралы 3-ші тарауда кеңінен әңгіме болатындықтан қысқаша ғана мәлімет беріп отырмыз.

«Түркістан солай туған» деген очеркі «Әдебиет және искусства» деген журналда жарияланған (1955 д.№12). Оның жазылуына сол кездегі тың көтеру оқиғасы себеп болды. Жазушы ақын жайлы эпопеясын аяқтаған соң, жаңа заман тақырыбына шығарма жазуды жоспарлап жүрген, 1955 жылы  Оңтүстік облысына жол тартады. Осы сапарына арналған блокноттары жазушы мұрағатындағы 537-папкада /1-52/ сақтаулы. Бұл жөнінде  мұрағаттанушы Талат Әкім былай дейді: «Шығармасын жазбастан бұрын Әуезов оның көлемді жоспарын жасады, осындағы ой түйіндерін ұлғайтып, кеңейтіп, көркемдікке ұштастырып барып – «Жолсызда жүрген вагон», «Бас уайым-баспана», «Ту далада тұңғыш боразда», «Қат-қабат», «Етекке оралған ошаған», «Салқын белде сары алтын» деген тақырыптарға сыйғызды. Тың жерде жаңадан ұйымдасқан совхоздың астық өндіргенге дейінгі қандай жол, қандай бел-белестерден  өткендігі осы тақырып аттарының өзінен-ақ көрініп тұр. Осындай ұғыныстық, ынтымақтастық нәтижесі жерді жаңаша түлетуге жеткізгенін жазушы очеркінің басты арқауы еткен. Ауылдық жерлердегі жаңа заман көріністері мен еңбек адамдарының бейбіт ерліктері, жергілікті жерлердегі мәдени, білім орындарының салына бастауы, мал, егін шаруашылықтарындағы жетістіктер жайы кеңінен әңгіме болған очерк көп кешікпей орыс тіліне аударылып, «Новый мир» журналында басылып шықты (1957.№12/.

Әдебиеттің қандай да бір мәселесінен де құлағдар болып, ұлттық құндылықтардың жемісіне қуанып, кемшілігіне көңіл аударып, кәсіби кеңесі мен ағалық ақылын, бағыт-бағдарын беріп отыратын ұлы тұлға  1934 жылдың қаңтарынан бері шығып , қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнері саласындағы өзекті жәйттерді  көтеріп жүрген «Қазақ әдебиеті» газетінің 1940-54 жылдары шығуын тоқтатып, 1955 жылы қаңтарда қайта шыға бастауына алғашқылардың бірі болып қуанып, сол жылдың 14 қаңтарында «Сәт сапарға-дос ниет» деген мақала жазады: «…Газетсіз әдебиет қауымы роман, драма, поэмаларды немесе әңгіме, очерктер, жеке өлеңдер түріндегі шығармаларды тудырып жатқанмен творчестволық тіршілік баяу, солғын тәрізденеді. Әдебиет өмірі қыбыр-қимылсыз көрінетін кездер де болады. Енді газетіміз болған кезде, әрине, құр қыбыр емес, әрбір нәрлі тірлік белгісі тәрізденіп жанды, жалынды, қанатты шабыт қимылы танытылатын болсын»,-деп , баспасөз арқылы әдеби үрдісті жүйелі жүргізіп,  ұлттық рухани кеңістіктегі  жаңалықтарды жедел әрі сауатты түрде жеткізу керек деп газеттің міндеті мен мақсатын да айқындап береді. М.Әуезовтің бұл мақаласының тағы бір маңызы- балалар әдебиетінің мәселелерін көтере білгендігі. Келешегін ойлаған мемлекет пен ұлт ең бірінші балалар әдебиетін дамытуға көңіл бөлетінін, алайда оларға қамқорлық  әлі де жете жасалынбай жатқанын сынға алады. Бұл мәселе тап қазіргі кезде де  сын көтермейді. Сондықтан суреткердің салиқалы сөзін қайта жаңғыртқанның артығы жоқ деп есептейміз: «..Әр буын жазушы атаулы бәріміздің де арыла алмай келе жатқан қарыз міндетіміз, әсіресе осы балалар әдебиеті жөнінде. «Қазақ әдебиеті» газеті бұл туралы да үнемсозар міндеттерді ада қылу керек» (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. -Алматы: Жазушы.-1985.-469бет. 343 б). Әдебиетшілер ғана емес, бүткіл ел, мемлекет, ұлт болып болашағымыз – балалардың рухани өсуіне, отаншыл азамат болуына бағыт берер –балалар әдебиетін ешқашан естен шығармай, сол жолда табанды еңбек етуге борышты дейді. Ұрпағының келешегі мен ұлтының ертеңгі тағдыры толғандыртатын тұлғаның толғанысы бүгінгі мемлекетті де ойландырғаны мақұл.

Және 1954-55 жылдары бүкілодақтық әдебиет тіршілігінде зор тарихтық оқиға-Совет Жазушыларының екінші съезінің жазушыларға жаңа ой тудырып, тың тұрғылар атағанын, кенеулі зор міндеттер мен биік бағыттар меңзегенін, міне осы қыруар істерді күнделікті әдеби үрдіс бағытында жүйелі түрде жүргізіп отыратын осы «Қазақ әдебиеті» деген сөзді айтады. Сол жылдың 31 желтоқсандағы «Алдағы жылға-асқын тілек» деген 2-ші мақаласында «оқушы аңсап, тосар басылым болып, онда ұлт мәселелері көтерілсе, әділ, талабы мол сын, шын сөзге мығым болса»- деген тілек айта отырып, халық көп жазылса, ел мәдениетті болар еді дейді. Тіпті өзі де оған үлес қосып  1960 жылдары Кентау қалалық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Тілеубергеновке хат жазып, көпшіліктің жазылуына жанашыр болуға шақырғаны жөніндегі дерек те бар. ( «Қазақ әдебиеті» .28 қазан, 1960) 1955 ж.1 мамырда «Литературная газетада» «Священный долг»     («Қасиетті парыз») деген мақаласында (сол жылғы 30 сәуірде қазақ тіліндегі нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған): «…Халықаралық мереке-Бірінші Май күні әрбір ойы түзу адамның қоғамдық болмысының ең игілікті, абыройлы жақтарын еске алу табиғи нәрсе»,- дей келіп: «…Адам баласы білімінің, еңбегінің, ой-қиялы мен творчествосының интернационалдық  парызды ұстанбайтын саласы болмақ емес»,- деп, кеңестік кезеңдегі идеологияға сәйкес халықтар арасындағы достық, ынтымақтық мәселесінің маңызы мен гуманизмді жақтайтын жазушылардың шығармасының нәрлілігі сол интернационализмнен туындайтынын тағлымды ой, тартымды тілмен баяндайды.

Әдетте, басылым беттерінде бір-біріне хат жазып, әдебиеттің, ұлттың, мемлекеттің маңызды мәселелері төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасу  әдебиетші-жазушылар арасында жиі көрініп тұратын құбылыс. Екі тұлғаның ұлт тағдырына қатысты толғақты ойларын осылай көпшілікке жеткізу, ой түрткі жасап, пікірлесуге шақыру  көбінде күн тәртібінде тұрған зәру  проблемалар төңірегінде өрбитіні де заңды нәрсе. Сондай бір толғақты хаттың бірі  жазушының «Қазақ әдебиеті» газетінің 1955 жылғы 11 қарашадағы санындағы «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» деген мақаласы («Қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері») . Бұл мәтін М.Ғабдиллиннің «Мұхтар Әуезовке хат» деп «Қазақ әдебиетінде» (1955, 28 қыркүйек) жариялаған мақаласына жауап ретінде жазылған. Онда қазақ поэзиясының қазіргі жай-күйі, өсу өрісі, басты өкілдерінің шығармашылықтары жайлы теориялық ой толғамдарын ортаға салады. В.Белинскийдің Гогольге хатындай кең тынысты, үлкен әдебиеттің өзекті мәселесін көтерген  теориялық мақала.

1955 жылы 14 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» «Сөз-кітап достың жөнінде» деген мақаласында кітап саудасы, қазақ тіліндегі кітаптар шығару мен тарату , жұртшылыққа эстетикалық тәрбие беру, үйдегі кітап саны көп болуы төңірегіндегі ойларымен бөліседі. Республикадағы кітап таралымының толғақты мәселелеріне  кеңінен тоқталған жазушы: «…Мәдениеттің көрнекті құралы болып отырған кітап оқушыға баратын болсын. Кітап біздің қызметкерлердің, колхозшылардың, совхоздар мен МТС жұмысшыларының  идеялық-саяси санасының өсуіне, жоғарылауына көмектеседі, еңбекте рухани қолқанат болады. Жақсы кітап—жан азығы, ой суаты. Олай болса, кітап тарату мәселесі мейлінше терең ойланып, парасатты шешілетін  болсын. Заман мүддесі осыны тілейді» ,-деген нұсқауы бүгін де өз нәтижесін күткен келелі мәселе (349 б). Тәуелсіздік алғалы бері кеңестік кезінде бір жүйеге түсіп қалған кітап саудасы, олардың таралымдары мен тираждарының көп болуы, насихатталуы қайта құру кезеңінде құрдымға кетіп, әлі күнге қайта қалпына келе алмай жатыр. Әуезовтің әлгіндегі мақаласында көтерген мәселелер өзінің өзектілігімен де бүгінде күн тәртібінен түспей келеді.

«Колониализму позор!» деген мақаласы 1956 жылы «Огонек» журналының №6 санында  жарияланған. (Т.Әлімқұловтың аударуымен (17.02.1956) «Қә» газетінде жарияланған) . Отаршылдыққа қарсы күрестің  халықаралық күніне орай жазылған мақалада әлемдегі барлық отар елдердің қиын тағдыры, ондағы ашаршылық пен жоқшылық, білімсіздік пен өлім-жітіктің көптігі, мәдениет пен медицинаның дамымағаны жөнінде  көптеген ақпараттарға сүйеніп, нақты фактілер келтіреді. Сондай отар елдің бірі ретіндегі Қазақстанның  кеңестік дәуіріндегі жеткен жетістігін жеке өмірін мысалға ала отырып, әңгімелейді. Жазушының шығармашылық өмірбаянына тікелей қатысы бар қызықты өмірлік дерегі болғандықтан біраз үзінді берелік: «…Мне сейчас 58 лет. И не безинтересно сопоставить  воспоминания начального и нынешнего этапа моей жизни. За свою жизнь я, представитель одного из многих народов Азии, прошел через три общественные формации: феодализм, капитализм и социализм. И ныне, как все граждане моего отечества, я участник строительства коммунизма. В некотором смысле, как мне кажется, я мог бы явиться человеком-справкой, у которого между отрочеством и сегодняшним днем лежат буквально века. По всему тому, что я видел, пережил, наблюдал, я пришел в середину ХХ столетия как бы из далекого, даже не европейского, а азиатского средневековья» (204 б). Арнайы тапсырмамен жазылып отырғандықтан жазушының жүрек қалауы мұнда ашылмағанымен сол кезеңдегі отар елдің тұрмыс-тіршілігінен мол тарихи мәліметтер барлығын, мұны жазу барысында автордың  ізденгенін байқауға болады.

Осы жылдың сәуірдің 27-і күні М.Әуезовтің «Өмір мен шығарма» деген мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көреді.  (20-томдықтың 18-ші томында). Мақала 1956 жылы 14-25 ақпанда өткен СОКП 20-съезінің шешімдеріне үн қосу ретінде жазған. Партияның ХХ съезінде қаралған мәселенің бірі – әдебиеттегі өмір мен шындықтың арақатынасы, жазушылардың жаңа заман шындығын бейнелеудегі жеткен жетістіктері мен әлі де игере алмай жүрген тақырыптары, жаңа  образдар тағдыры, олардың шындыққа сай келе бермейтіні, сөйтіп жалаң  ұраншылыққа ұрынуы секілді кемшіліктерге көңіл бөлінеді, бұл мақалада. Шығарма құндылығын арттырар адам тағдыры құрайтын оқиға тартысын қайшылыққа, күрделі қоғамдық қақтығыстарға құрмай құрғақ баяндаушылықтан құтыла алмасымызды айқындап берген жазушы өмірлік көріністің өнер туындысына айналуы үшін авторда биік өре, терең білім және кәсіби шеберлік керектігін және кейіпкердің жан дүниесін зерттеп, талдамай тәуір туынды тумасын ескертеді. Өзінің шығармасына өзек болар өмір фактісі мен оқиға өтер  ортасын өз көзімен көріп, жете танып білмей қолына қалам алмайтын қаламгер кейіпкер бастан кешер   тағдыр мен тартысты, қуаныш пен күйінішті,  өз басыңнан өткергендей етіп жазбай оқырман жүрегіне жеткізе алмасың ақиқат дегенді  айтып, суреткерлік шеберлік төңірегінде  көптеген құнды пікірлер білдіреді. Осы жылдары партияның кезекті съезі болып, Қазақстан мемлекетке миллиадр пұт астық беруі сияқты ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік  науқандардың қарқыны жоғарылап, кеңес жұртшылығы жоғары жеңістерге жетуіне байланысты ұлы жазушының абырой-беделін алға салып, ел атынан мадақтау, марапаттау сөз айтқызу сол кезеңнің дәстүрлі тәсілі болатын. Қауырт шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік және педагогикалық жұмыстарының арасында  партия тапсырмасымен осындай саяси мақалалар жазуға мәжбүр болған М.Әуезов  1956 жылы 28 қаңтарда «Литературная газетада» «Высокое призвание» («Зор атақ») деген мақаласын  СОКП 20-съезі директиваларының жобаларымен танысқаннан кейін жазса,  «Майдағы ойлар» («СҚ»,1956,1мамыр) деген мақаласында  халықтар достығы мен бейбітшілікті нығайтуға шақырып,  «Миллиард» деген мақаласы  («Қазақстан әйелдері»,1956.№10)   Қазақстанның милиард пұт астық бергені жайлы жақсы жаңалықты жарнамалайды. Бұл мақалалардың бәрінде тың игерудегі ел табыстары сөз болады.

«Жазушылар сөйлейді» («Писатели рассказывают») атты  мақаласы «Культура и жизнь» журналы редакциясының сұрағына берген жауабы (1957 жылғы № 1).  Жазушы шығармашылық жоспарлары туралы айта келіп,  соңғы жылдары « Индия очерктері» деген кітабын жазып, «Абай жолы» романының соңғы томын аударуға дайындап жүргені жөнінде айтады. Келешектегі жоспары ретінде «Өскен өркен» атты роман жазғалы жүргенін, онда совет үкіметі әкелген жаңа өмір мен  бүгінгі замандас бейнесі сомдалатынын сөз етеді. Осы жылы жазушының жеке шығармашылық өмірбаянында да жақсы жаңалықтар болады. Атап айтсақ,  «Шатқалаң» және «Бүркітші» деген шығармалары жарық көріп, «Абай» романы-қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген тақырыпта шығармашылық конференция өтеді. Онда көрнекті әдебиетші ғалымдар М.Қаратаев, А.Нұрқатов, Т.Нұртазин, Қ.Құттыбаев, З.Ахметов, З.Шашкин М.Әуезовтің жалпы шығармашылығы мен «Абай жолы» роман-эпопеясының жетістіктері жөнінде  баяндама жасап, прозаның көркемдік әлемі, кәсіби шеберлік, мазмұн мен идея, оқиға мен сюжет, кейіпкер мен тағдыр, стиль мен жанр сынды  теориялық мәселелер төңірегінде пікір алысты (Қазақстан Жазушылар одағына 60 жыл, 1994.18-б). Бұл конференция жазушының шығармашылық өмірбаянындағы тарихи маңызы зор әдеби шара болды. Өйткені, конференцияда «Абай жолы» романы туралы кеңейтілген түрде нағыз ғылыми, кәсіби пікірлер айтылып, жоғары баға берілді. М.Әуезов өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған шығармасының шынында да ұлттың рухани қазынасына қосылған құнды дүние екендігіне көз жеткізіп, шығармашылық бақытты бастан кешті.

Осынау шалқар шабыттың шуағына шомылған жылдың тамызында жазушы Жапонияда өткен 3-халықаралық конгреске кеңес делегациясы құрамында қатысса, келесі жылы, яғни 1958 жылы Ташкенттегі Азия-Африка елдері жазушыларының конференциясында баяндама жасады.

М.Әуезовтің сутегі және атом бомбаларына қарсы ІІІ халықаралық конгреске қатысуы шығармашылық өміріндегі ең бір өшпес із қалдырған сәттердің бірі еді. Өйткені, жапон әдебиетіне қызығушылығы ерте басталған қаламгердің енді ол елді өз көзімен көріп, тарихымен, тұрғындарымен, мәдениет, әдебиетімен танысулың  сәті келгеніне шынында да шаттыққа бөленген-ді.«Сен Никоны көрмеген болсаң, онда «ғажап» деген сөзді қолданба» деген сөзді айтқызған сол іс сапарында Никоны ғана көріп қоймай, айға жуық уақыт ішінде Токио, Хиросима, Осака, Нара, Киото, Нагоя, Уциноми сияқты бірсыпыра қалалары мен өлкелерін аралайды. Конгреске дүние жүзінің көптеген елдерінен өкілдер қатысқан. Табиғатынан талантты, жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, шешен әрі Жапонияның әдебиеті мен мәдениетін терең білетін М.Әуезовтің сөздері жергілікті ұлт өкілдері мен келген қонақтарға да  ерекше әсер етіп, кей жиындарда көпшіліктің өтінішімен қайта-қайта сөйлеуге де тура келіпті. Осы сапарында прогресшіл жазушылар қауымдастығының президенті Аоно, конференция жұмысына қатысып жүрген Танабэ Конитиро, Исино Кэйитиро, Симито Масатциогу, император сыйлығының лауреаты Хино Асихей, Эгуси Кан, аса ірі суреткерлер Исидзаки Тахудзо, Ясунари Кавабаталармен (кейін Нобел сыйлығын алды) әңгімелесіп, сұхбаттасады (№533-п, 2-дәптер, 86 б). Бұлардың бәрі қаламгердің қанаттанып, дүниетанымының кеңейіп, жаңа әсерлер алуына зор ықпал етті.

Шығармашылықтағы табысты жыл саналған 1957 жылы «Абайдың лирикалық өлеңдер жинағы» Шанхай қаласында қытай тілінде жарық көруі де жазушыны өмір бойғы көрген бейнетінен біржола арылып, жанқиярлық еңбегінің жемісін көрген көрікті күндерінің бірі болды.  Үнемі қатаң бақылау мен құйтұрқы саясаттың жиі соғатын «самалынан» құтылып, әлемдік деңгейге көтерілген М.Әуезов бұл кітаптың алғы сөзі ретінде «Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы» туралы мақаласын береді. Сол жылы қазақ әдебиеті мен қытай  әдебиеті арасындағы достық қарым-қатынас жақсы жолға қойылып, Ғабит Мүсірепов бастаған Қазақстан Жазушылар одағының арнайы өкілдері  ресми сапармен барып, қазақ жазушылары шығармаларын қытай тіліне аудару туралы келісім шарт жасап қайтқан болатын. Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Лао Шэ Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» романын аудару туралы шешімге қол қойып, Әкрәми мен Шыңжаң университетінің профессоры Чьжан Чжоуды аудармашы етіп бекітіледі. Роман-эпопеяны басып шығаруға Шанхайдағы «Классикалық әдебиет» баспасы кепілдік береді. Осыған орай Әуезов шығармашылығын қытай тіліне аударуға келісімін беруді өтінген тәржімәшілердің хатына ізгі ниет білдіріп, жауап жазады (Хаттың мәтіні М.Әуезовтің мұражай –үйінің қолжазба қорында сақтаулы). Алайда, романның алғашқы тараулары аударылып жатқан кезде Қытайда мәдени төңкеріс науқаны басталып кетіп, аудармашылардың түрмеге жабылуына байланысты игілікті іс аяқталмай қалады. 1980 -жылдардан бастап Әуезовтің шығармаларын аудару, жариялау жұмыстары қайта қолға алынып, «Абай жолы», «Қилы заман», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Жетім», «Қыр суреттері» Пекин, Үрімжі, Күйтің қалаларындағы «Халық баспаларынан»  араб харпінде көп данамен басылып шықты. Бұған қытайдағы қандас қаламгерлер мен ұлтжанды баспагерлер қомақты үлес қосып, шет елде жүрген бауырларымызға қазақтың басты шығармасын таныстыруға, ұлттың рухани қазынан тәлім алуға мүмкіндік тудырады. Және сол жылдары М.Әуезовтің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, дүние жүзіне мыңдаған тиражбен таралып жатты. Бұл тек қазақ немесе кеңестік одақтың ғана емес, адамзат руханиятының алтын қорына қосылған  бағасыз қымбат қазына еді.

1957 жылы М.Әуезовтің 60 жылдық мерей тойы Алматы, Мәскеуде салтанатты түрде аталып өтті. Өкінішке орай ұлы жазушының бұл соңғы мерей тойы еді. Алайда ол осы азғана уақыт ішінде қазақ халқын әлемге танытып, өлмейтін, бүкіл адамзаттың рухани құндылығына айналған «Абай жолы» роман-эпопеясын, өзге де мол әдеби мұра қалдырып кетті. Сол жылдың сағынтып жеткен күзде, яғни қыркүйектің 20-ы күні Мұхтар Әуезов мерей тойының басын өзінің туған өлкесі Семей облысынан бастады. Өздерінің киелі топырағында туылып, әлемге танылған перзенттерін облыс пен қала  жұртшылығы  зор құрметпен  қарсы алады. «…Қарсы алғандардың ішінде 45 жыл бұрын 15 жасар шәкірт Мұхтарға орыс тілінен сабақ берген ұстазы Игнат Яковлевич Малахов,1920 жылы Мұхаңмен бірге Семей қаласында тұңғыш өнерпаздар үйірмесін құрысқан белгілі педагог-артист, режиссер Ғалиақпар Төребаев, ертеде Мұхаңмен бірге оқыған замандас достары, жастық шақтарын Семейде бірге өткізген құрбы-құрдастары, Семей қазақ педтехникумында Мұхаңнан сабақ алған шәкірттері де болды»,-дейді Қайым Мұхамедханов «Мұхаң туған жерінде» деген естелігінде» («Біздің Мұхтар».1976,383-384 б).

Ал, қыркүйектің 21-і  күні  Семейдің Абай атындағы облыстық драма театрының үйінде Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толған мерекесіне арналған салтанатты жиналыс өткізіледі. Жазушының мерейін көтерген марапаттар мен шығармашылықтары жөніндегі жылы сөздер, таза әдебиет пен өнердің, ұлттық драматургия, театр, кино салалардағы ғылыми, кәсіби мәселелер көтерілген конференциялар мен түрлі деңгейдегі мәжілістердегі мазмұнды баяндамалар  көп бейнеттің зейнетіндей әсер сыйлады.

Алайда, қоғам және қалам қайраткері М. Әуезов мақтауға малданар майда пенде емес, өзінің жеке басының бақытынан ел мүддесін, ұлт мақсатын жоғары қоятын шын мәніндегі үлкен жүректі парасат иесі шығармашылық өмірбаянында бір сәт те өзіне тыныштық тілемей, үнемі үздіксіз ізденісте, мазасыз  шығармашылық мехнатты бастан кешкені мәлім.  Мойнында  қауырт жұмыстары, шығармашылық шаруалары бола тұра ел ісіне араласып, оның жетістіктеріне қуанып, кемшіліктерін сынға алып, кеңес пен бағыт-бағдар беріп  отырды. Ол шығармашылығы мен қоса ҚР ҒА-ның академигі, Тіл және әдебиет институты фольклор бөлімінің меңгерушісі (1957-61 жж) ретінде ғылыми-зерттеушілік қызметін үлкен жауапкершілікпен абыройлы атқарды. Оның ғылым академиясына беріп отырған жылдық есебіне көз жүгіртер болсаңыз, оның әрбір күнінің сағат-секундына дейін бос өтпегенін байқайсыз. Оған төмендегі мәліметтер куә. Айталық, 1957 ж. «Ұлы ақын-ағартушы-Абай Құнанбаев» деген зерттеуі «Қазақ ССР тарихының»1-кітабында жарияланған. Автордың қазақ мәдениеті, әдебиеті, өнері жөнінде арнайы тапсырмамен жазылған тараулары кезінде қазақ халқының рухани өмірі мен тарихын  тұтас қамтыған энциклодепия ретінде бағаланса,  1957 жылы Е.В.Лизуновамен бірігіп «Қазақ әдебиетінің тарихынан» («Из истории казахской литературы») деген мақаласында (Қазақ КСР ҒА хабаршысының №11) қазақ әдебиеті мұралары 19 ғасырдың бас кезінен бастап жиналып, жарияланып,  әдебиет тарихының оқулықтарына ене бастауының ғылыми негіздеріне мән берсе, сол жылы Е.Ысмайыловпен бірге «Қазақ ертегілері» жинағының 1-томына жазған алғы сөзінде ертегілердің туу тарихына, жүйеленіп, зерттелуіне, жиналып, жариялануына және жанрлық түрлеріне, олардың көркемдік қасиеттеріне  көңіл бөледі. Онда ертегілерді 4 салаға бөліп, қарастырады. Атап айтсақ, қиял-ғажайып , сыншыл , қулық-күлкі , өтірік ертегілерінің өзіндік ерекшеліктері , тақырыптық, идеялық қырлары мұқият талданған. Олардың халық мұрасы ретіндегі құндылығы айтылған. 1957 жылы «Қазақ ССР тарихының»1-томының «Қазақ халқының ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы мәдениеті» деген ҮІІІ тарауын жазған автор халық тұрмысының әдет, ғұрыптарының барлық түрлерінің музыкалық көрінісі болатынын , ақындар айтысы дәстүрінің вокалды және аспапты музыканың дамуына себепші болғанын атап көрсетеді. Қазақ халқында аспаптық музыканың кең орын алуының тарихы 16-17 ғасырдан басталып, ол  шығармалар мазмұны көбінше ауызша баяндалып, кейінгі ұрпаққа жеткізіліп  отырғанын ғылыми тұрғыдан дәйектейді.

1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 7 қарашадағы санында «Өнер алғысы» деген мақаласы жарияланды. Газеттің бұл санындағы бүкіл мақалалар Октябрь революциясының 40 жылдығына арналды. Қазан төңкерісінен бергі 40 жылда жеткен табыстар бұл мақалалардың ортақ тақырыбы болды. Ел өміріндегі  әлеуметтік-тұрмыстық саладағы жақсы жетістіктерді шола келе жазушы өзінің  шығармашылық табыстарын да осы кеңес дәуіріндегі жеткен рухани жетістіктеріміздің жемісі дейді. Соның бір дәлелі ретінде жақында болып қайтқан Жапон сапары, одан алған әсері жайында айта келіп, оқу-өнерді ағылшын, американнан оқып үйренсе де, жапон әдебиеті өздерінің өскелең дәуірін орыс классикалық әдебиетінің шәкірті болуға жараған дәуір деп санайтындығын,Толстой, Достоевский,  Чехов аттарын дүние жүзі жазушыларының бәрінен бұрын ауыздарына алатынын, сондықтан озық орыс әдебиетін қазақ жазушыларына үлгі ретінде ұсынады. Кемеңгер жазушының кемерлігі сол , орыс әдебиетінің алтын ғасыры атанған ХІХ ғасырдағы классикалық туындыларын жүйелі оқып тағлым алсақ, ұтылмайтынымызды ұрпаққа ұлағат етіп кетуінде. Айталық, бүгінде Жапонияда бір ғана Ф.Достоевскийдің шығармашылығын зерттейтін арнаулы ғылыми институттың барлығы соның айқын айғағы. Модернистік, постмодернистік бағыттағы жазушылардың бәрі де сол Достоевскийдің шинелінен шыққандар.

1957 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктерінде», 1962 жылы «Уақыт және әдебиет» деген кітапта  жарияланған «СССР халықтары әдебиетінің өркендеуі» деген мақаласында Орта Азия, Кавказ, Украина, Белоруссия, Балтық бойы елдерінің әдебиетіне, оның соңғы жылдардағы жетістіктеріне жан-жақты шолу жасай келе жалпы әдебиет мәселелеріне ортақ көркемдік бағыттар мен ғылыми-теориялық жәйттеріне, проза мен поэзияның поэтикалық сипатына, жаңа жанрлық түрлердің жандануына  әдеби талдаулар жасайды. «Көп ұлтты мемлекеттердегі мол әдеби  процестердің даму заңдылықтарын, олардың көркемдік табиғаты мен кәсіби болмыс- бітімін  тану үшін әдебиетті көркемдік  тұтастық тұрғысынан зерттеу, әрбір ұлт көлеміндегі әр алуан тарихтық жағдайларды ,ортақ заңдылықтарды ашу қажеттігін методологиялық бағдар ретінде ұсынады. Бұл КСРО халықтары әдебиеті туралы қазақ зерттеушісі тарапынан жазылған тұңғыш еңбектердің бірі болатын.

«Үмітті ұрпаққа-игі тілек» мақаласы- 1957 жылы Қазақстан ЛКЖО ОК-ның 5-пленумында сөйлеген сөзі. Ол 11 желтоқсанда «Лениншіл жас» газетіне жарияланды (20-.томдықтың 20-тда). М.Әуезов әдебиетші, студент жастардың тәрбиешісі, ұстазы  ретінде, қазақ студентінің орыс тілін білмесе, өзінің мәдениетті адам болып қалыптасу жолында көп нәрседен құр қалатынын, оны екінші ана тілі есебінде білу- ауа мен судай қажет нәрсе екендігін ескертеді. Кез-келген нысанмен егжей-тегжейлі танысып, оның қыр-сырына үңіліп барып жазу ерекшелігі мұнда да бірден аңғарылады. Жазушы жастардың орыс тілі арқылы әлемдік әдебиетпен жан-жақты  танысып, әр жазушының өзіндік стилдік өрнегі мен кәсіби шеберлігіне, шығармашылық зертханасына тереңдеп бару мүмкіндігінің мол болатынына, көп тіл білгеннің дүние танымының да кең болатынын айтып, шын пейілмен кеңес , бағыт-бағдар ұсынады. Ал, ұлы ұстаздың шәкірті  Аманжол Жақыповтың естелігіндегі: «…Нағыз филолог болу үшін көп тіл білу керек. Ал, туыстас ұлттар тілін сіздер оқытушысыз-ақ өз беттеріңізбен оңай үйреніп кете аласыздар…»,- деген сөзі әлгі ойларды дәлелдей түссе керек («Ұлы ұстаз».қолжазба қоры, №672-п.52-53 бб). Тап осындай мазмұндас мақаланың бірі-«Ана тілі әдебиетін сүйіңдер» (1957). Мұнда да: «…Әрбір саналы, мәдениетті азаматқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадір-қасиеті, мәні, нәрі қандай болатынын ,кітап атаулымен дос болу керектігін, «…бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болатынын» ашып әрі ашына айтады (411б). Әсіресе, ұлы ойшылдың: «..Тегінде қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үшін әдебиетті білу жалпыға ортақ шарт. Әр адамның ең жақын досы- бала күнінен көрге дейін бірге еретін өмір досы, ұзақ досы- кітап болғанда, сол нәрлі достық ең әуелі әдебиет кітабымен достасудан басталады…..Осы ретте аға халқымыз үлгісі мол, дос жұртымыз орыс халқының интеллигентіне үлкен үлгі бере әдет тәрбиесі жағынан өзгеше көз салу керек. Орыстың, европаның интеллигент аталатын адамдары тегінде кітапты аса көп оқиды. Әсіресе әдебиетке құмар емес орыстың жақсы маманын да көрген емеспіз. Ұлы орыс халқының мәдениетті тобының: ғалымы, дәрігері, инженері, агрономы, оқытушысы, саяси-мемлекеттік қызмет қайраткері және әсіресе осы күндегі барлық әскери адамдары, жұмысшы, колхозшы қалың тобынан шыққан  озғын ойлы, көзі ашық қызметкерлерді алыңыз.Тіпті үйде отырған, тек үй қызметкері аналар, қарт әжелер, қартаң аталар болсын, бәрінің де көркем әдебиетке көңіл бейілі, құмарлана ізденуі, тану бағалауы өзгеше»,- деген даналық дәрістері тап бүгінде өз зәрулігін тудырып, қазіргі кітап оқымайтын, бастысы оқығысы келмейтін жастарға қаншалықты өнеге болары сөзсіз. Алдыңғы мақалада көтерілген көп тіл білу мәселесі мұнда да жалғасын тауып: «..Екі тілдің мәдениетін бойға сіңіру ол адамды кең тынысты етеді. Молырақ жағаны кеңірек көретін қос қанатты көреген ете түседі. Екі тіл мәдениетін білгендіктен Абай-Абай болды…Екі бірдей ана тілің болу- екі енеге тел өскендей, екіжақты, егізекі нәр қасиет, қуат бітіреді…»,-деп кітап оқудың құдіретін жастарға үлгі етеді («Ана тілі әдебиетін сүйіңдер», 20-т.20-т-412 б). Бұл тақырып адамзаттың мәңгілік рухани азығы-кітап оқу, оны сүю мәселесін алға қояды.

1958 жылғы «Жұлдыздың» №9 санындағы «Оянған халықтар үні» деген мақаласында  сол жылы күзде Ташкентте өткен Азия, Африка ақын-жазушыларының  конференциясына келген Азия және Африка елдерінің ақын-жазушыларына өз елдерінің отаршылдық бұғауынан құтылғанына қуаныш білдіріп, ол елдердің көне тарихы мен мәдениет, әдебиетіне қатысты қысқаша деректер келтіреді: «…Қазақстан жұртшылығы Азия мен Африка елдерінің өскелең әдебиетімен де барынша танысқысы келеді. Осы мақсатта қазақтың көркем әдебиет баспасы соңғы жылдары Қытай, Индонезия, Корея, Индия, Араб және басқа да Шығыс елдері жазушыларының ондаған кітабын қазақ тілінде басып шығарды» дей келіп, жақында жарық көрген «Азия-Африка ақындары» жинағына тоқталып, онда көрнекті орын алған Шығыстың атақты 7 ақынының поэзиясының әлемдік поэзияда алдыңғы легінде болғанын мақтанышпен мәлімдейді.

Қоғам өміріне араласқан алғашқы жылдардан бастап ғұмырының соңына дейін түрлі саяси қыспақта болып, жүрегіне салмақ түскен кемеңгер  суреткердің соңғы жылдары денсаулығы сыр бере бастайды. Соны сезген жазушы 1958 жылдың қаңтарында  Мәскеуге емделуге жүретін болып, өзі басқаратын фольклор бөлімінің барлық қызметкерлерін (Н.С.Смирнова, М.С.Сильченко, М.Ғұмарова, Б.Адамбаев, Т.Сыдықов, Б.Уақатов, О.Нұрмағамбетова, ) жинап алып әңгіме өткізіп, бірнеше ғылыми жоспар жөнінде тапсырмалар беріп, келешек зерттеу жұмыстарының жазылу, орындалуы жайлы кеңестер береді. Бұл жөнінде фольклортанушы ғалым Оразгүл Нұрмағамбетованың естелігінде жан-жақты айтылған.

1958 жылы барлық мерзімді баспасөз беттерінде коммунистік партияның қаулы-қарарларында  қабылданған 7 жылдық жоспар ,ондағы күн тәртібіне қойылып отырған мемлекеттің мақсаты мен міндеті, оның орындалуы барысындағы жүргізіліп жатқан саяси науқандық жұмыстар, олардың ақпараттар айналымындағы насихатталуы сынды үгіт жұмыстарының үздіксіз жүріп жатқан кезі. Әрине, мұндай мемлекеттік маңызы бар шаруаларға да ең алдымен, ұлт зиялыларының үн қосуы заңды. Ел мүддесі мен ұлттық мәселеге қатысты мұндай құнды құжаттар көтерген мәселелерге бейғамдық танытпайтын белсенді қоғам қайраткері, көрнекті жазушы М.Әуезов те қазақ халқының жарқын келешегіне немғұрайдылық танытпай, жақсы істерге жанашырлық танытып,   18 мамырда «Литературная газетада» «Жетіжылдық эпосы туралы ойлар» («Размышления об эпосе семилетки») деген мақаласын жариялайды. Бұл кейін   жазушының таңдамалы шығармалары қатарында Мәскеуде орыс тілінде шыққан 5 томдық шығармалар жинағының 5-томына енді. Әуезовтің мақаласында негізгі 2 тақырыпқа, атап айтсақ,  коммунистік партияның 21-съезінің шешімдері мен  жетіжылдық жоспарда жүйеленген міндеттер, советтік қоғамның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани салалардағы жеткен жетістіктері кеңінен сөз болады. Кеңестік баспасөздегі қалыптасқан дәстүрге тән идеологиялық насихат пен қалыптасқан қолпаштау мадақ сөздер мәтіні мұнда мардымсыз болғанымен жалпылама мәлімет беруден кенде емес. Әтсе де қандай саясатты да әдебиеттің мәселесіне бұрып жіберетін Әуезовтің әдепкі әдеті мұнда да бой көрсетеді. Жетіжылдық жоспар жөніндегі науқандық сөздің көлеңкесінде көркем әдебиеттің көркемдік-эстетикалық   ойлары , таза поэтикалық  пайымдар, әдеби- көркем сыни пікірлер басым болды. Қазақ сөз өнері өрісінде әңгіме, очерк сынды шағын жанрлармен қатар кеңестік кезеңмен келген адамдар арасындағы теңдік, жаппай сауаттылық, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеру, халықтар арасындағы ынтымақтастық, жаңа заманның әкелген бейбіт өмірін бейнелеп, жаңа кейіпкерлер галереясын жасау міндеті тұрғанын, ол үшін осы кезеңдік дәуірді толық бейнелейтін кең  көлемді эпикалық  шығармалар жазуды қолға алу керектігін,  жағымды және жағымсыз кейіпкер деп бөлушіліктің көркем  әдебиеттің талабы мен шартына келмейтінін ескертеді. Кейіпкерге қойылатын талап оның табиғаты мен іс-әрекетінің нанымдылығы, құрғақ қиялға толы жасанды, идеалды образдардың арты опық жегізіп, шынайы өмір шындығынан алыстап кететінін ,ондай көзбояушылықтан аулақ болуға шақырады.  Мақала өзінің нағыз сөз өнеріне қатысты құнды пікірлерімен, өз кезеңіндегі  әдеби процесте жүріп жатқан кемшіліктердің көзін ашып, оны болдырмаудың жолын бағыттаудағы батыл ойларымен есте қалады. Әдебиетті нағыз көркемдік талап тұрғысынан түсініп, идея мен тақырыптың уақытқа бейімделгіштігіне басы бүтін қарсылығы, өлмейтін өнер мен өшпейтін өнеге нағыз көркемдік құндылыққа ие туындыға бұйырар бақ екендігін емеурінмен болса да жақсы сездіртуімен ерекшелінеді, бұл еңбек.

1958 жылы 28 қазандағы «Литературная газетада» жазушының «Жалынды жігер» («Неукротимая воля») деген мақаласы  БЛКЖО-ның 40-жылдығы құрметіне арналса, 1958 жылы 9 қазанда «Литературная газетадағы» «Жаңа белестер» («Новые горизонты») деген мақаласында Ташкент қаласында өткен Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясының нәтижесінде қазақ жазушыларының  Азия, Африка елдерінің мәдениетімен, бұрын белгісіз болып келген ақын, жазушылардың  көркем шығармаларымен танысу және қазақ жазушыларының да таңдаулы шығармалары да  ол елдердің тілдеріне аударылу мүмкіндігі туғандығын тілге тиек етеді.

Әуезовтің шығармашылық өмірбаянында өшпес із қалдырған осынау конференцияда  Өзбек, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан делегаттарының атынан сөйлеп, қазақтың Абайы, өзбектің Науаи, тәжікстанның Айни сынды ұлы ақын-жазушыларының әлемдік руханиятқа қосқан  үлесі  мен «Манас» эпосының дүниежүзілік тарихи маңызы, үндінің «Махабхарата» жырының түрікмен тіліне тамаша аударылу тарихы , өзге де әлемдік деңгейдегі  әдебиеттің озық үлгілерінен жақсы мысалдар келтіріп, ғылыми өресі биік  баяндама жасайды.

1958 жылы 1 қаңтардағы «Казахстанская правдадағы» «Жұлдыздарға сапар» («К звездам») атты мақаласында Әуезов өткен жылдың жетістіктерін атай келе, 4 қазанда және 3 қарашада ұшырылған жердің жасанды серіктерінің ғарышқа шығарылуын  әлемдегі ерекше оқиға ретінде бағалайды. Мақала «Қырғи қабақ соғыс кезінде» жазылғандықтан, ракета өнеркәсібіндегі табыстарымыз біздің әскери-қарулы беделімізді арттырғанын атап көрсетеді. Бұл да кеңестік дәуірдегі ғылымның дамуының нәтижесі, олардың еңбегін бағалаудың белгісі ретінде қарастырылған. Шынында да кеңестік дәуірде ғылым мен мәдениетке, әдебиет пен өнерге жағдайдың жақсы жасалғаны, олардың өсіп-өркендеуіне мүмкіндіктің мол берілгені және оларды бағалау да біршама жоғары болғандығын мойындамасқа болмас. Айталық,  «Қазақ ССР Ғылым академиясы» анықтамалығындағы мәліметтерге сүйенсек (1987. Ғылым), М.Әуезовтің заманында 7 ғалым-Социалистік Еңбек Ері, 18-і- Ленин сыйлықтың, 34-і -КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атаныпты. Бұл, әрине жаман жетістік емес еді.

Жазушының шығармашылық өмірбаянына зер салсақ,  оның фольклор мен қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелерін зерттеген еңбектерінің көптігіне көз жеткіземіз. Соның бірі – «Қазақ ССР тарихының» Қазақстанның ерте заманнан біздің дәуірге дейінгі тарихының қалыптасу, даму тарихы жүйелі түрде жазылған 2томдық монографиясы (1957-59 ж. «Қазмемкөркемәдебиет» баспасы). Редакциялық алқаның мүшесі болумен бірге, мәдениет жөніндегі барлық тарауларды жазуға қатысқан жазушы «Қазақтың ауыз әдебиеті» (1-т. 8-тарау, 212-232 бб), 16-тараудағы «ХҮІІІ ғасырдағы және ХІХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (378-382 бб), 19-тараудағы «Ұлы ақын Абай Құнанбаев» (487-498 бб) деген  бөлімдерін жазады. Ал, монографияның 2-ші томында М. Әуезовтің шығармашылық, қоғамдық қызметіне талдау жасалып, ол көрнекті жазушы ретінде бағаланған.

1958 жылы «Абай Кунанбаев.Избранное» деген орыс тіліндегі кітапқа енген жазушының  алғы сөзі «Қазақ халқының ұлы ақыны» («Великий поэт казахского народа») деп аталады. Мұнда таңдамалы өлеңдері мен қара сөздері енген Абайдың үш ақындық мектебі: төл әдебиеті, Шығыс үлгісі, орыс, Батыс классикасының әсері жан-жақты  талданады. Мақалада зар –заман әдебиетінің өкілдері Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, шығармашылықтарына идеологиялық тұрғыдан талдау жасалып,  консервативті ақындар деп баға беріледі. Және сол кезеңнің саяси көзқарасына сәйкес Абайға «революциялық рухты» көбірек таңып, шығармашылығының әлеуметтік жақтарына көбірек көңіл бөліп, кеңірек талдаған. Сонымен қатар сол кезеңдегі  абайтану саласындағы кемшіліктерге тоқталып, өзінің өмірлік тақырыбына айналған ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі өз  тәжірибелерімен бөліскен.

1958 жылы Мәскеуден шыққан «Антология казахской поэзии» деген жинаққа Т.Әлімқұлов екеуі жазған «Поэзия казахского народа» («Қазақ халқының поэзиясы») деген алғы сөз қазақ поэзиясының тарихы мен жанрлық түрлеріне, олардың қалыптасып, даму кезеңдеріне толық әрі теориялық ғылыми сипаттама беріледі. 846 беттен тұратын кітапқа қазақ эпосының таңдаулы үлгілерінен бастап 50-жылдарға дейінгі қазақ поэзиясының танылып, әдеби ортада мойындалған өкілдерінің шығармалары беріледі.

«Дружба народов» журналының 1958 жылғы №11 санындағы ( «Рожденная революцией») «Революция жемісі» деген мақаласында Октябрь революциясынан кейінгі 40 жылдағы қазақ әдебиетінің табыстары сөз болса, мұнда қазақ мәдениеті мен өнері біраз жетістіктерге жетіп, опера, балет, филармония, драмалық театр спектаклдері, әлденеше ансамбль, сурет, сәулет өнері, музыка, кино, т.б салаларының биік дәрежеге жетуін бүгінгі қазақ совет  мәдениетінің ұлы достығының жемісі деп дәріптейді.

1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1 қаңтарындағы санында жарияланған жазушының «Өнерге-өнеге» деген мақаласында да (20-томдық, 20-т.-да) 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі, оны 1936 жылы болған онкүндікпен салыстыра отырып, қазақ әдебиеті мен өнерінің өсу заңдылығына, олардың жаңа заман шежіресі мен замандас бейнесін сомдаудағы соны жаңалықтары жөнінде ой толғайды. Және екі онкүндікті де қазақ халқының рухани өміріндегі ірі оқиғалар деп тұжырымдайды. Қазіргі қазақ өнері , әсіресе бұрындары мүлдем бейтаныс болып келген балет, драма, опера, симфония, бейнелеу өнері сияқты салаларындағы үлкен табыстарға тоқтала келіп, бұл жанрларда жинаған мол тәжірибесі бар кәсіби үлкен мамандардың ғылыми-теориялық пікірлерін білу үшін прозаның мәселелерін  3 күн бойы талқылап, 30-дан астам қаламгердің қамқор сөздері, кәсіби шеберлікті шыңдау жөніндегі пікірлері ортаға салынады. Қаламгер  бұл онкүндікті: «…Жазушылардың творчестволық психологиясы туралы, көркем әдебиетте халықтар достығын бейнелеу туралы айтылған пікірлер де барлық жұрттың назарын аударды.Туысқан халықтар өкілдерін көркем әдебиетте бейнелеу туралы мәселенің барлық жазушылар үшін ортақ көптеген қиыншылықтары мен шектері бар. Бұл жөнінде де, басқа мәселелер туралы да өзара творчестволық тәжірибе ауыстырулар үлгі аларлық қызғылықты болды»,-деп бағалады (378 б.20-т.,20-т).

М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянына көз салсақ, тіпті түрлі мазмұндағы мемлекеттік шаруаларға белсене атсалысып, үн қатып отыратынына да куә боламыз. ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының басына төнген алмауыт аштық кезінде халықты қырып алмаудың алдын ала шаруасын ұйымдастырып, алғашқылардың бірі болып қор құрып, елге Үндеу тастаған жап-жас 20-дағы жігітті еске алсақ, бұл М.Әуезов сынды Алаш идеялы, ұлтжанды шығармашылық тұлғаға тән табиғи қасиет екендігін ескереміз. Сондықтан да «Известия» газетінің 1959 жылдың 5-ші ақпанындағы санында «Пакистан ақынын қорғап қалайық» («Голос в защиту пакистанского поэта») деген мақаласындағы Пакистан ақыны Файз Ахмад Файзды Ташкентте 1959 жылы қазанда өткен Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясына қатысып кеткеннен кейін қамауға алғанына таңданыс білдіріп, жазықсыз жанды абақтыдан шығаруды талап еткен Үндеуіне түсіністікпен қарауға болады.   Ташкент конференциясына  қатысушы әрі ұйымдастырушы болған Әуезов және бір топ жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің атынан жазған үндеу хатында «Файз- аса көрнекті ақын, оны Пакистан халқы  аса құрмет тұтады. Жалындағын әрі нәзік өлеңдері оптимизм мен отанға деген сүйіспеншілікке толы»,-дей келе үндеу хатта Файз өлеңдерінен бір шумақ мысал келтіріп, бейбітшілік пен еркіндікті қолдайтын адамдардың бәрін Файзды тез арада босату жөніндегі қозғалысқа атсалысуға шақырады.

Шығармашылық бақыттың не екендігін 1959 жылы сәуірдің 22-і күні «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлық берілгенде тағы бір бастан кешіп еді, ұлы жазушы.

1959 жылдың 15-19 маусымда ҚазКСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының ұйымдастыруымен болған «Әдеби мұраға   арналған  конференциядағы Қорытынды сөзінде» мәжілістегі қазақ әдебиеті тарихының келелі мәселелеріне арналған көрнекті ғалымдар Е.Ысмайылов, Н.С.Смирнова, Б.Кенжебаев, М.Сильченко , Ы.Дүйсенбаев, М.Базарбаев, М.Дүйсенов, М.Қаратаев, З.Ахметов ғылыми баяндамаларынан дәл деректер келтіріп, ұтымды ойлары мен ұсыныстарына, сын айтқан пікірлеріне ризашылықтарын білдіреді. Сол кезеңдегі классикалық әдебиеттің көркемдік 4 қасиетін, яғни халықтық, демократтық, революцияшылдық, реалистік  деп атап көрсетеді. Әдебиеттің осы сипатын жақсы аңғарған Б.Кенжебаевтың баяндамасына жоғары баға береді. Сөз өнерінің қос қанатындай болған тіл мен әдебиет мәселесі тіл мамандарын да мазалайтынын айта келіп, конференцияда екі кісінің есімін ерекше атайды. Қазақстандағы тіл ғалымдарының ағасы, үлкен ұстазы Ісмет Кеңесбаев пен Абай «Қара сөздерінің» тіл ерекшеліктерін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғағалы жүрген Рабиға Сыздықоваға ерекше ілтипат танытады. Тіл мен әдебиетшілерге ортақ ой, тіл құдіреті жайлы маңызды мәселе көтерген тілші мамандардың ғылыми зерттеушілік жұмыстарына жоғары баға береді. Жалпы, қазақ сөз өнерінің тарихынан бастап, кеңестік кезеңге дейінгі  әдеби мұраның жинақталу, жүйелену, зерттелу  мәселелеріне қатысты құнды пікірлер мен тың ғылыми тұжырымдар айтылған конференциядағы баяндамаларға академик М.Әуезов қорытынды жасап, өзінің көкейге түйген  ойларын ортаға салады: «…Әдебиеттің ұлттық түр мәселелерінің бір іргелі үлкен мәні-стильде. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел құрала келіп, жазу стилін қалыптайды. Әдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын атағанда, тіл бұл стильдің өзі  емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір үлкен стиль-сөздік, ақындық теңеу, кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны және тудырады. Ол- ұлттық мінез, бейне жасаудың стилі. Міне, ұлттық түрдің жайына ауысқанда осындай ірі белгілер тілден гөрі артығырақ орын бар, өзгеше сипат есепті болатын жайлар бар » (403 б, 20-т20-т.) .Сондай-ақ, З.Кедринаның баяндамасында айтылған ұлттық бейне мәселесін жазушының шығармашылық психологиясына байланыстыра шешу керек деген пікіріне  қолдау білдіреді.

Ұлттық бейне мен стиль екі түрлі нәрсе екендігін ескерткен ғалым: «…Енді бір алуан жай адам бейнесі жөнінде. Оның ең ерекше бітім-тұлғасы ішкі психологиялық қабілетінде. Сол психологияны халықтық психологиямен иық байланыстырып, шебер терең талдау жасап ашқанда, маркстік-лениндік тұрғыдан дұрыс түсінік беруге болады »,- деп ұлттық бейне жасаудың жарқын жолдарын көрсетіп береді. Суреткер шығармашылық психологияның да әр шығарма жазарда өзгеріп отыратын процесс екенін, оны эстетикалық ерекшелік ретінде қарастырады. Әрбір ұлттық әдебиеттің ерекшеліктерін осындай ішкі  сипатына қарай тани талдау әдебиеттің әдепкі әдісі екендігін айта келіп, одақтық елдер тілдеріндегі шығармаларды түп нұсқасындағы тілде оқып, талдау әлдеқайда ұтымды деген ұсыныс жасайды. Баяндамашы өзінің қорытынды сөзін: «…Гогольді Тургенев танытқан жоқ, Белинский түсіндірді. Сөйтіп, тарихта жазушыны сыншы мен әдебиет тарихшысы түсіндіреді…», -деген сөздермен тәмәмдайды. Әдебиеттің сапасы өсуі үшін көркем шығармаларға қойылатын талапты күшейту керектігін, «көңіл, ажарға қарау, сылай-сипай сөйлеу, кемшілікті кешіргіш, жалған көңілшектік аралас бітімшіл, көнпіс сын бұдан былай болмауы керек» деген қатаң талап қояды (410 б).

«Сын болашаққа мегзесін» деген мақаласы 1959 жылы қазан айында «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында өткен әдебиет сыншылары мен зерттеушілердің жиынында  сөйлеген сөзі негізінде жазылған. Ол талқылауда қазақ әдебиетіндегі революциядан кейінгі жетістіктер, орыс әдебиетінің әсері, жаңа кезең тақырыбын меңгеру шеберлігі, оларда ұлттық нақыштың көрінуі секілді көптеген мәселелер көтеріліп, ұлы жазушы осы төңіректегі ойларын салса, 1959 жылғы 14-24 ақпанда Мәскеуде өткен Өзбек ССР-інің өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі сөйлеген сөзінде коммунизм үшін күрес жолындағы өзбек әдебиетінің табыстары, әсіресе өзбек әдебиетіндегі қазіргі заман және жаңа заман геройы, өзбек жазушылары шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі  өзбек әдебиетінің 40 жылдығына байланысты қарастырылады. Суреткердің бауырлас елдердің руханиятына жанашыр болып сөз сөйлеуі бір бұл емес. Оған жазушының шығармашылық өмірбаянынан «Манас жырының» тарихынан бастап бірнеше мысалдар келтіруге болады.

6 кітаптан тұратын 3 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты монографиялық басылымның ( «Ғылым» баспасы,1966-69 жж)  1 томының жалпы редакциясын басқарып, «Айтыс», «Ертегілер», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек»,  «Абай Құнанбайұлы», «Ақылбай Құнанбаев», «Мағауия Құнанбаев» деген тарауларын жазған Әуезовтің өмірі мен шығармашылық қызметіне мұнда арнайы бөлім беріліп, (авторы М.Қаратаев) туындылары кезең-кезеңімен талданады.

«Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» («Очерк истории казахской советской литературы»), КСРО ҒА-ның А.М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институты мен Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты әзірлеп, 1960 жылы Мәскеуде КСРО ҒА-ның баспасынан шыққан. Кітап  қазақ кеңес әдебиетінің даму кезеңдеріне, оның жанрларына қатысты шолу тараулардан және жеке жазушылардың шығармашылықтарына арналған монографиялық мақалалардан тұрады. Әуезов «СССР халықтары әдебиеттерінің өркендеуі» тарауының авторы. Ал, осы кітаптағы «Мұхтар Әуезов» атты монографиялық мақаланы белгілі әдебиетші, сыншы Айқын Нұрқатов жазған.

1960 жылы маусымда Алматыда Абай ескерткішінің ашылу салтанаты болып, құрметті қонақ ретінде шақырылған  М.Әуезов пен  Ғафур Ғұлам қатысып, сөз сөйлейді. Жазушының шығармашылық өмірбаянындағы ең бір есте қалатын айтулы оқиғаның бірі болды. (Қазақ ССР .Қысқаша энц.4-том,1989,87 б).

1960 жылдың күзінде Азия және Африка халықтарымен ынтымақтастық жөніндегі бірінші совет конференциясына қатысатын Қазақстан делегациясын Сталинабадқа Мұхтар Омарханұлы басқарып, апарады. Ертесінде Мұхтар Омарханұлы құрметті председатель ретінде Азия және Африка халықтарымен ынтымақтасу жөніндегі совет конференциясының алғашқы мәжілісін өзі жүргізеді. Қазақтың көрнекті суреткеріне кеңестік одақ көлемінде көрсетіліп отырған үлкен құрмет пен сенім болатын, бұл.

Осы жылдың қыркүйек айында ұлы суреткердің қырғыздың Ыстықкөлдегі (Шолпан атадағы) саяжайында қызу шығармашылық жұмыс жүргізеді.Бұл жөнінде жазушының стенографисткасы Ғазиза Бисенова: «…Ең алғаш Шолпан атаға 1960 жылы барып екі ай (ұмытпасам август-сентябрь) жұмыс істедім. Бұл жолы Мұхаңмен бірге Шолпан атаға балалары Ернар мен Мұрат, қарындасы Үмия, немересі Елдар (қызы Ләйланың ұлы) келді. Әдетте Мұхаң мұндай сапарда ешқашан жалғыз жүрмейтін. Өзі жақсы көретін, шын пейілмен пікірлесетін кісісін ала жүретін. Мұнда да Мұхаң жұмыс тәртібін қатты ұстады. Ертеңгі сағат алтыда тұрып, екі сағат бойы көл жағасында сейілдейді. Дачадан ұзап, өзі оңашаланып, бірнеше шақырым жүріп қайтады. Сағат сегізде қайтып оралып, жуынады, қырынады. Осыдан      соң бүкіл үй іші болып сағат тоғыздың кезінде шайға отырады. Онға кетер-кетпеске жазушы диктовкаға кірісіп кетеді. Бағана көл басында серуендеген кезде жазушы басына ұялаған ой телегесі енді тасқын судай ағыла жөнеледі. Бұл жолы «Қарагөз» пьесасын жаңадан редакциялап, жазып шыққан болатын»,-дейді  «Шырқау биікке шыққан адам»( «Әуезов үйі»,№671-п,35-36 б) деген естелігінде.

Әдетте, шын суреткер өз шабытын қыстамайды, уақыт рухымен бірге тыныстап,  өз дәуірімен үйлесіп, орайласып отырады.

Қазақстанның Оңтүстік өңіріне 1959-1961 жылдары бірнеше рет сапар шегіп, 4 очерк, 2 әңгіме жазған жазушы  соңғы рет  1961 жылдың (22-28) сәуірінде келген. М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары жөнінде мұхтартанушы ғалым Керімбек Сыздықовтың «Ұстаздық ұлағат» атты еңбегіндегі «Мұхтар Әуезов және Оңтүстік Қазақстан» деген мақаласында бұл сапарлардың тарихы, күні, сағатына дейін кеңейтіліп жазылғандықтан, бұл мәселеге көп тоқтала қоймаймыз, тек оқырманға азғана ақпарат қана бере кетеміз. Суреткер соңғы сапарында    Шаян малшыларын, Созақты, Шолаққорғанды, Құмкентті аралайды, малшылармен, жергілікті халықпен кездесіп, олардың тағдырлары мен елді мекендердің тарихымен танысады. Неше түрлі ел арасындағы аңыз-әңгімелерге қанығып, халықтың әдеби, мәдени, тарихи мұраларын  сұрастырып, жинайды. «Көркем өнер дегеніміз суреткердің өз жанына терең үңілу арқылы көпке ортақ құпия сырларды ашып, көрсетіп беретін микроскоп сияқты» ,-деп Л.Толстойдың айтқанындай ,«Оңтүстік сапары» деген жолжазбасындағы барлық ойлары, онда түсірілген өмірлік деректері мен көріністері жазушының суреткерлік сүзгісінен өтіп, сәл өзгертіліп «Өскен өркен» романына түскеніне куә боламыз (О литературе. М.,1955, стр.310).

1932 жылы жас жазушыларға өзінің жазушылық тәжірибесі жайлы әңгімесінде А.А.Фадеев жалпы жазу процесі жөнінде: «Менің ойымша, қандай бір творчестволық жұмыс процесі болса да, шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады; 1) материалдың жиналу кезеңі, 2) ойша қорыту, немесе шығарманы «толғату» кезеңі және 3) оны жазу кезеңі.

Бірінші кезеңді «алғашқы көркемдік жинақталу кезеңі» деп атаса да болар еді. Бұл кезеңде жазушы кейде саналы, кейде стихиялы түрде, түбінде одан не шығып, не қоярына көзі жетпесе де, өмірден материалдар жинай береді…Содан біраз уақыттар өткен соң барып, болмыстан санаға сәуелеленген ала-құла образдар орын-орнына түсіп, тұтаса бастайды…Міне, дәл осы кезеңде нағыз қызу да қызық саналы жұмысқа бет қоясың…»-дейді (О литературном труде.М.1961.стр.238- 15с).Осы процесті Әуезов «Өскен өркенді» жазарда да толық бастан кешірді.

М.Әуезовтің: «…Шынында Шекспир, Толстой өзгенің бәрінен қара үзген асқарлардай көрінеді. Және солардың үлкендік сапасы ең алдымен сол көп-көп адамдарды: біріне-бірі ұқсамайтын, ерсі, қайшы, қым-қиғаш ерекшеліктерімен алып, көрсетіп кеп, бір шығармада бәрінің басын қосқанда, көп кісіден құралған әдемі хордың бүтіндік жарастығындай көрік табады. Молдан пішілген, кеңнен қашалған сұлулық сияқты»,-деп тәнтілік танытқан ұлы тұлғалар тәжірибесі өзінің шығармашылық өмірбаянында да ерекше өрнек алып, өнеге тұтарлық биікке жеткендігі аян. («СҚ»1934,29 октябрь).

«Өмір материалын батыл әрі молынан алу шарт.Үлкен әдебиет болатын үлкен прозаны осы сарыннан іздеу керек»-деген мақсатта жанкештілік танытқан М.Әуезов тәжірибесі тағлымды тәрбие.

Өмірді білу, жақсы оқу, классикалық табанды еңбек, міне осы 3 талапты әрдайым өзіне қатаң қоятын қаламгер қай шығармасын қолға аларда да білімге, тақырыбын терең меңгеруге, зерттегелі отырған кезең мен дәуір тынысын, ондағы қоғамдық саяси мәселелерді, адамдар тағдыры мен өмірін жақсы білуді міндет санап, ол жөнінде өзі де үнемі әріптестеріне құлаққағыс етіп отыратын-ды: «…Только на основе знания приходит любовь, а любить можно то, что вы знаете, не зная ничего-нельзя любить. Поэтому это умно надо узучить, изучить лучшие традиции, достижение советской русской драматургии, которые созданы классиками, признанными в мировом масштабе» (19). Бұл білімге деген құштарлықтың үздік үлгісі емес пе?

М.Әуезов бұл ойын әрі дамытып: «..Научившись писать, человек любое произведение может быстро написать, может написать много печатных листов, а пьесу за 20 дней можно написать. Но что это за пьеса? Интересно, вспомнить, что говорил Еврипид. К нему пришел драматург и спросил: Сколько вы работаете над пьесой? И Еврипид ответил: «Очень долго. А драматург говорит: «А я за три дня могу написать». И тогда Еврипид сказал: « Вы пишите для трех дней, а я пишу для вечности». Это художественная историческая правда» ,- деп, мәңгілік құндылықтар жасаудың мехнаты оңай еместігін ,жанкешті  еңбек , үздіксіз ізденіс қана шығармашылық өмірбаянды мазмұнды етпегін ескертеді  (48-томда).

Тіпті оның ойшылдығы мен білгірлігін сол кезеңдегі әлемге танымал ірі тұлғалар мойындаған. Осы орайда бір мысал, 1956 жылы қаңтарда ГДР-ге барған сапарында Батыс Еуропа жазушыларының форумына ауырып қатыса алмаған неміс жазушысы Анна Зегерс көңілін сұрай келген М.Әуезовтің өзі туралы әңгімесін тыңдап болған соң: «…сіз ғажайып білгіш адам екенсіз, Сіздің өмірбаяныңыз тарих оқулығымен пара-пар» депті («Біздің Мұхтар»,1975,340,-344-беттер). Мұндай ілтипатты М.Әуезов туралы естелік жазған әлемнің әрбір жазушыларынан естіп, білуге болады. Оған «Біздің Мұхтар» , «М.Әуезов туралы естеліктер» т.б деген жинақтағы жылы лебіздер куә. Мәселен, Әзірбайжан ҒА-ның академигі, халық жазушысы, қоғам қайраткері Мирза Аждар оғлы Ибрагимовтың: «Ол Шығыс пен Еуропа мәдениетінің әрі-бергізін жатқызып, өргізетін. Әсіресе өз қазақ халқының ауыз әдебиеті, тарихы мен мәдениетіне келгенде, жатқан бір шексіз-шетсіз алып мұхит еді. Ол осы өз топырағының дәстүрінен молынан сусындаған болатын. «Абай» көп тілге жайылып, тарап кетті, табынушылары да қисапсыз», – деген болатын («Біздің Мұхтар» А.1976,82 б).

Өзінің жан-жүрегімен қабылдамаған нәрсені дәріптеуге де, талдауға да жазушының құлқы соқпаған. Оның тарихи тақырыпқа, атап айтқанда , ұлы ақынымыз Абай жөнінде роман жазуға бекінгені жүрек қалауына да, өмір тәжірибесіне де, көркемдік- эстетикалық мұратына да лайық еді. Кеңестік заман тақырыбына қатысты көркем шығарма жазбағаны  үшін талай биік мінбелерден мін естіп жатса да тарихи дүниеге бүйрегі бұрып тұратын Әуезов өзінің Абайына адал болып кетті.

Сондай-ақ, жас кезінен дүниежүзілік классикалық әдебиеттен еркін сусындаған, өз заманының талабына сай екі тілді, тіпті түркі халықтарының көпшілігінің тілін жетік меңгерген ғұлама ғалым  кезеңінің ең білімді, ең алғыр адамы болды. Ал, қанша тіл білген адам сонша елдің  мәдениетімен, әдебиет-тарихымен таныс  және сонша елдің өкілі болатынын ескерсек, М.Әуезовтің даналығын мойындамау  тіпті мүмкін емес.

М.Әуезов «Литературная газетаның» 1960 жылы 22 қазанда (кейін «Мысли разных лет» (1961), 5 томдық жинақтарында, қазақ тілінде «Уақыт және әдебиет» (1962) жинақтарында енгізілді) жарияланған «Требование времени»  («Заман шарты») деген мақаласында: «..Мен сын мен зерттеу еңбектерін, мақала мен баяндама көпшілігін орыс тілінде де жазатын автор қатарына қосыламын. Сондықтан да «Әр жылдар ойлары» деген кітабым екі тілде жазылған еңбектерден құралған-ды. Осылай болғандықтан, кейбір орысша еңбектерімнің қазақшасы болмайтыны бар..», – деп шығармашылық лабораториясынан бір сыр ашады. Ал, М.Әуезовтің шығармаларын аудармашылардың әр түрлі дәрежеде аударғанын, аударма барысында автор стилінің сақтала бермейтінін , сондықтан көбіне өз мақалаларын уақыт тапшылығына қарамай өзі тәржімалап, мақаладағы жеке тараушаларды «Космос дәуірінде әдебиетті қайтпекпіз», «Біз жаңалық табу жолындамыз», «Жүрекке жүрек ашылсын» деп атаған.

М.Әуезовтің «Шығармаларының елу томдық толық жинағының» 50-інші томында (Алматы: «Жібек жолы»,2011-472 бет.) «Абай» романының орыс тіліне аударылуына  қатысты орыс жазушыларына жазған хаттары берілген.

Әдетте, эпистолярлық мұраның жазушы шығармашылық өмірбаяны мен зертханасының бәймәлім беттерін ашары ақиқат. Және  бұл хаттар мәтінінің тұңғыш рет осы 50 томдық жинақта жарияланып отырғанын ескерсек,  оқушыға қызықты, танымды, бағалы болуы заңды . 1950-60 жылдар аралығында жазылған хаттар мазмұны біз қарастырып отырған кезеңдегі шығармашылық өмірбаянды байытып, жазушының жеке басындағы көңіл-күйінен, творчестволық зертханасынан мол мәліметтер беруі мүмкін.

Мәселен,  1950 жылдың 6 тамызындағы  М.Әуезовке Л.Соболевтің  жазған және оған жауап хаттарының мәтініне мән берсек, «Абай» романының орыс тіліне аударылу мәселесі, ондағы әрбір бөлім, қазақ тарихы мен бір ғасырлық өмірінің,оның төл өкілдерінің  шынайы әрі көркем бейнелерінің, кейіпкерлердің табиғи болмысы, мінез-құлқы,елдің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, этнографиялық ,философиялық, психологиялық сипаты  әрбір сөйлемнің табиғи мазмұны мен поэтикасы дұрыс түсіндіріліп, тәржімәлануына ерекше мән берілгендігі, оларды қаламгердің қатаң қадағалап отырғаны сөз болады. Әсіресе, Л.Соболевтің хаттарындағы « страница рукописи-страница подстрочника 1) 159-2-Здесь в подстрочнике-саврасый конь, а дальше-светло-буланый. Хотя это почти одно и то же, но лучше выбрать что-либо одно. Я быврал-буланый…»-деп келетін салыстырулар мен түпнұсқа-жолма-жол аударма-одан көркем аударма секілді бірнеше сатыдан тұратын шығармашылық процесті , аударма жасаудың мехнатты машақаты, әрбір сөздің дұрыс аударылуына  екі жақтың да асқан жауапкершілікпен қарағаны көрінеді. Кітаптың 102-бетінен 222-бетке дейінгі көлемді алған №75, №76,№77, №78,№79-80, №81-82, №83,№84 деп таңбаланған  эпистолярлық мәтін мазмұны аударма жасаудың озық үлгісі екендігі сөзсіз. Ал, қазақ әдебиетінің шынайы жанашырлары Л.Соболев, А.Фадеев, В.Катинов, З.Кедрина, А.Пантиелевке 1951-1959 жылдары жазылған хаттары да осы мазмұнда .Және М.Әуезовтің эпистолярлық мұрасының ішіндегі көлемді бөлігі қазақ әдебиетінің, оның ішінде Мұхтар Әуезов шығармашылығының шынайы жанашыры, отбасылық достары Зоя Сергеевна Кедрина мен Алексей Наумович Пантиелевке жолданған хаттар. А.Н.Пантиелев М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Түнгі сарын», «Өскен өркен», «Қилы заман» шығармаларын орыс тіліне аударса, З.С.Кедрина «Мұхтар Әуезов» атты монография (1951) жазған. Ол жөнінде жоғарыда айтылды. Отбасылық достар ретінде жақсы қарым-қатынаста болғандықтан оларда жасырын сыр да болмайтын сияқты. 1951 жылдың 18 .08.-інде М.Әуезов З.Кедринаға жазған хатында жаңа үйіндегі жақсы ахуалды , тіпті кішкентай Ернарға дейін жеке бөлмелерді иемденіп, бастары тек ас ішкенде, теледидар тамашалағанда, қосылатынын қуанышпен хабарлайды. Орыс тіліндегі «Абай жолының» «Знамя» журналының екі санына толықтай жарияланатына , енді романның негізгі идеясы, орыс пен қазақ халқының рухани достығы, көркемдік деңгейі мен құндылығы турасындағы орталық баспасөздің бағасын күтетіні жөнінде жазса, 16.ҮІІ.1957 ж. хатында «Айман-Шолпан» драмасын жазып бітіп, театрға өткізгенін, 60 жылдық мерей тойға дайындықтың басталғанын айта келіп: «..»С «Ночными раскатами» опаздываю, все тянутся срочные постановочные, издательские спешные заказы, дела. Время пребывания в Москве постараюсь использовать для этой пьесы, для ее доработок»,-деп жұмысбасты болып жатқанынан хабар береді.

№87-ші деп таңбаланған (мерзімі көрсетілмеген) тағы бір хатында : «..В целом, сама уже видишь и знаешь, конечно, как все намного стало лучше  еще сравнительно со стадией появления статьи Николая Семеновича. А какова передовица «Литературки» от 5 августа?! Я получил даже хорошую радостную поздравительную телеграмму от профессора истории Бернштама из Ленинграда.»,- деп жүрек жарды қуанышын, шығармашылық табысын жеткізеді (230 б). Шабыт шақырар шығармашылық жеміс тағы көп жұмыстарға жеккенін : «Сейчас я работаю беспрерывно лигь над докладами, а их уйма: доклад по драматургии на респуб.съезде, доклад на юбилее Абая 5 сентября ( а съезд 1-го). Затем должен писать свой вариант доклада по переводу для ІІ съезда»,-деп айта келіп, романның аудармасымен толық таныспай үстүрт пікір айтқан жанның (Людмила,жолма-дол аударушылардың бірі болуы керек Г.П) екі түрлі сөйлейтініне наразылығын: «..А если речь идет о романе, и она так себя ведет двойственно, еще не получив двух глав и даже не прочитав полученное,-это недостойно и отвратительно..» ,-дейді(231 б). Бұдан жазушының жалпы екі сөйлейтін адамдарды жаны жақтырмайтынын байқаймыз.

Ал, 1957 жылдың 1 августағы хатында Ғабит Мүсіреповтің Москвада болып, жазушының мерей тойына байланысты іс-шаралар жүргізгенін, секретариятта комиссия құрып, оған Симоновтың жетекшілік жасап, кеш өткізетіні жөнінде және өзінің орыс тіліндегі шығармаларын қайта басу мәселелері қаралып жатқанын, олардың жаңа аудармасы мен редакциялауды тек Абел Наумовичке ғана сеніп , тапсыратынын хабарлайды. Осы жылдың 4 сентябріндегі хатында аударма, мерей той мәселелері сөз болады. Және өзінің Жапония барған сапары жайлы: «…Поездка в Японию была замечательной. Я том развил (после отъезда главы делегации Каирова в Варшаву, через неделю после нашего приезда) огромную активность. Выступал на двух больших митингах, один в Осака на стадионе при стечени 15 тысяч человек. Произносил спичи во множестве, вел беседу с корреспондентами, и самые интересное- устроили встречи, беседы со мной больших групп членов общества Японии – СССР в нескольких городов..» деп жолжазбаларында көрсетпеген көңіл-күйлерін, әсерін сыр ғып әдемілеп әңгімелеп береді (237 б). Үнемі шығармашылық байланыста болған З.С.Кедринаға 19.11.1958 ж. хатында «Зарница» пьесасының аудармасына жасаған жөндеу жұмыстарын жасап, 2 данамен жолдағанын, ал , 27.июль.1959 жылғы Шолпан –атадағы саяжайынан жолдаған хатында: « …Здесь я работаю очень продуктивно. В 45 страниц я отредактировал свое заключительное слово, продиктовал подробно, восстанавливая всю свою речь, плохо воспроведенную казахской стенографисткой. Дальше я заново переработал «Караш-Караш», (сөз-2-ші нұсқасы жайлы Г.П), получилась настоящая социально-психологическая, насышенная, напряженно интересная вещь.

А теперь вот заканчиваю к концу месячного срока пребывания тут и доработку «Кара-Коз».

Как видишь, за месяц проделана огромная важная работа. Перед моим переходом к современному роману (әңгіме «Өскен өркен» жөнінде Г.П) было необходимо связать и концы прошлого», – деп өзінің шығармашылық өмірбаянынан өрелі де өрісті ой өрбітеді (240 б). Шуы, шаруасы көп қаладан сырттағы саяжайда шығармашылық жұмыстың да өнімді болатынын, өзінің азғана уақытта көптен ойда жүрген талай жұмыстарын бір жақты етіп, ендігі жаңа туындысына артына қарайламай қызу кірісетінін аңғартады. З.С.Кедрина секілді сенімді әріптестері арасында ғана болатын мұндай шығармашылық қуанышты бөлісу эпистолярлық мәтінге тән стилде өрнектелген .  Жазушы мұндағы  дәрігердің кеңесі бойынша күнде 3 рет 15-20 минуттан суға түсіп, 2 сағаттан ертеңгі-кеште далада серуендейтінін  жұмыс тәртібін де жасырмай жазады. №92 деп нөмерленген хаты да М.Әуезовтің З.Кедринаға жолдаған, әзірге соңғы хаты сияқты. Мұнда да жазушы өз шығармаларының аудармасы жөнінде өтініш айтып, «Алуа» пьесасының орыс тіліне тәржімәлануын, оны міндетті түрде Абель Наумовичтің жасауын,  бірнеше тілде және өте көп тиражбен шығатын «Советская женщина» журналының өтініші бойынша  сонда жариялауды жоспарлап отырғанын жазады. Сондай-ақ, З.С.Кедринаның өз кітабын кімдерге жіберу керектігіне кеңес беріп, бірнеше қоғам және қалам қайраткерлерінің тізімін жібереді. Бұл  факті де сыралғы достар арасындағы жанашырлықты танытады.

Ендігі бір хаттар легі өзінің ізін басқан әріптестеріне, қаламгерлерге жолданған. Мұндағы хаттар мәтіндерінде сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері қозғалған, сондықтан оларға түгел тоқталмай жазушының жеке болмысын, мінезін, ішкі ойын, бұрындары шығармаларынан, жолжазбаларынан кездесе бермейтін көңіл-күйін, жеке пікірлерін білдіретін азды-көпті ойларына ғана тоқталмақпыз. Айталық,М.Ғабдуллинге 1943 жылдың 9 майында жазған хатында өзінің адами қасиеттерін аңғартып өтеді: «…кейінгі кездегі хаттарыңның бәрінде мені пьесаның сыны үшін ренжіген кісі қып түсініп жүрсің. Ал менде ондай реніштің елесі де жоқ…Пьеса жайын кейін көріскенде сөйлесерміз. Естіп жатқан шығарсың, мұнда жақсы маңызды пленум өткіздік. Сол пленумның маған тапсырған зор міндеті романның екінші кітабын жазып бітіру еді. Қазір соның соңындамын… «Қарақыпшақ Қобыланды» деген үлкен пьеса жазғам. Сондай ұзақ, қиын жұмысқа отырғанда кітапқа да қарамай, хаттан да қол үзіп қалатын жаман әдетім болушы еді. Сендерге де және басқа іс жөніндегі асығыс қағаздарға да жауап жаза алмай бөгеліп қалғаным сол болатын. Бауыржан да (Момышұлы) сенше ойлапты. Оған да март ішінде өзіңмен бірге хат жазып, өкпе салқыны дегеннің ырымы да жоқ екенін жазған едім…»,-деп жұмысбасты кезде өзгеге алаңдамауды әдет еткенін, адамдар арасындағы пендешіліктен жоғары екендігіне көз жеткізе түсеміз. Замандастары айтатын баладай аңқау,  кім бұрын әңгіме айтса соған алаңсыз сенетін, өзіне сын пікір айтқан жанға кек сақтамайтын кесек мінезі мұнда өз аузынан айтылып отыр. Оқып көрелік: «..Сендер жүрген сапарға, сендер етіп жүрген адамшылық, азаматтық адал қайратқа бейбіт күннің болымсыз ұсақ мінезін апарсам, ол менің білімсіздігім, мінезсіздігім болар еді. Пьеса туралы сенімен көп дауласамын, мінсіз дегендіктен емес, түзейтін көп кемшілігін білеміз, бірақ жазушылық міндет, көркемдік негіздер үшін дауласамыз. Бірақ бұл кең уақыттың жұмысы…»,-деп өзі айтқандай «сынның шын» болуына мән береді (247 б). Өзінің жеке басының өкпесінен ұлт келешегі мен халықтың бейбіт өмірі жоғары екендігін: «..ал сенің барлық Отаныңды, елі-жұртыңды, бәрі-бәрімізді қуантатын, мақтандыратын істеріңді ойлағанда, ол пьеса турасындағы дауды бұйым демеймін» -деп ірілік танытады.Бұл хаттағы тағы тосын жаңалық сол кездері Алматыда Завадский театры және Украинаның Франко атындағы театры болғаны және олардың  өлеңмен жазылған «Қобыландыны» өз репертуарларына енгізгені жайлы ғылми ақпарат. Және мұнда жазушы өзінің шығармашылық лабораториясынан да сыр шертеді: «…Мен эпостың өзіне титықтап, аздаған фантастика элементімен жазған ем. Сонысымен қызықты және сирек оргииналдықпен шыққандай еді. Жұрттың бағалауы да осыған байланысты еді. Біздің кей жазушы осы фантастиканы алып тастап, тарихи реалистік ету керек дейді. Мен Қобыланды тарих адамы болғандықтан даңқты емес, халықтың эпосы арқылы даңқты деймін….»-деген әдеби даудың себептерін ашып, өзінің шығармашылық жоспары мен мақсатын айқындап береді (248 б). Одан кейінгі 4 хатында да ортақ әңгіме әдебиет мәселесі, «Абайдың» екінші кітабын және «Абай» киносценарийін жазып, «Абай» киносын түсіру, майданнан қайтқан Дихан Әбілевтің поэмасы, өзге де поэзиялық туындыларындағы  олқылықтар,»….Ондайларын құр тілеулестікпен бүркемей, пайда тисін деп, айқындап айтып беріп, бірталай түзетулер кіргіздік» деп жанышырлықпен талдаса( 11.ХІІ.1943. 249 б), 1950  жылғы (21.ХІІ.) хатында  Мәлік Ғабдуллиннің Мұрат Мөңкеұлы туралы жазған кітабының кіріспе бөліміндегі кемшіліктерді 1,2,3 деп тармақтап, нақты атап көрсетіп береді. Өзге хаттардың бәрінде «Сүйікті інім Мәлік, Асыл інім!, деп келсе, бұл хаты салқындау, ресми тілмен «Жолдас Мәлік!» делініпті. Бұл да хат иесінің көңіл-күйінің бір кезеңі болса керек. 1958 жылдың 10 сәуірінде Мәскеуден жолдаған хатында алыста жүріп аңсағандықтан ба, әлде көңілі түсіп бір көкейдегі кірбіңдерден тазарғысы келді ме екен, ағынан жарылып, бар сырын ақтарыпты. Сондықтан, хат мәтінін толық беруді ұйғардық. Оқылық: «Осы хатты жазу себебім, басқа бір өзім үшін қалыптанған бағаң, орның жөнінде. Өмір дегенді бәрімізде бағып,танып келеміз ғой. Сиректе не сирек? Жаныңа шын бағалы қадірлі жан сирек. Мен өзім сені ерте кез, тіпті жас шағыңнан қазағымның, халқымның кейінгі, кенже асыл ұрпағы деп сүйетұғым. Бұндай сөздер үнемі айтыла бермейтінін білесің ғой. Алыста, жақында жүр- алты қырдың астынан болса да-сені бір өз жақыным, жақсы бауырым деп сезінетұғым. Ол бір халықтық сезімдермен байланысты күй.

Ал анау антұрған жылда, айда мен сені жоғалтқаным бар, жарадан бетер батқан болатын. Ол сырттағы да, іштегі де екі бірдей жара есепті болып еді.Сен алдыңғы жылы «Қазақ әдебиетінде» жазған ашық хатыңмен баяғы орның, азамттық ер қасиетіңді қайта тауып едің. Бұл менің өзімшілдігім айтқызған сөз емес-ті. Көлденең дұрыс жұртшылық ұғымында да ол өр көңілді, қасиетті азамат мінезі болған.

Мынау мақалада да сондағы сияқты, енді өзін де жұрт ағасы болып, жұртың, қауымың үшін сүйсіне сөйлегенсің. Жалтақсыз, алаңсыз тура да батыл ойлар тастағансың.  Ал мені айтсаң, шынында, менің 32 жылға шейінгі еңбектерімді өшіріп тастау, еске алмау, әсіресе «Абаймен» байланысты еске алмау теріс те, әділетсіз болар еді. «Еңлік» қана емес, мен әлі «Қарагөзді» жаңа да қайта қарап, азды-көпті түзеп, оңдап жазсам, сонда оғат істеген болам ба? «Қарагөз» далаға тастай салатын, «Абайға» түк қатынасы жоқ шығарма ма? Ал «Қарагөзді», «Еңліктей» әңгімелерім, жақсылап түзеп, ендігі жұртшылыққа қайта ұсыну менің қарызым емес пе? Мені түзеп бердің деп кім кінәлайды?…Осы жөнде бұрынғы еңбектерімді қатарға қостыру талабын үлкен сөз ретінде бастағаныңа сансыз көп алғыс та айтамын….»-деп шын ниеттегі көңілін білдіреді (253 б). Ауруханаға сырқатына себеп болған артық салмақтан арылу үшін түскенін, әзірге 14 кг салмақ кеміткенінен де  ақпар береді. Осы хатта жазушының сол кезеңдердегі шығармашылық өмірбаяны, толғаныстары,  бүкіл шығармаларын қайта бір сүзгіден өткізу жоспарындағы мақсаттары, тіпті жеке шығармашылық тұға ретіндегі көңіл-күйлері де бүкпесіз берілген.

Жалпы М.Әуезовтің өмірінің соңғы сәттерінде ауруханадан жолдаған эпистолярлық мұраларында   осындай ойлы да  мағыналы мәтіндер, әдебиеттің, көркем аударманың, ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелері оның шығармашылық өмірбаянымен өзектесіп жатады. Бұл мәтіндердегі адалынан ақтарылып айтылған төкпе түйіндер, сезім ағындары, ой толғаныстар келешекте арнайы зерттеуді қажет етеді. Біз мұнда тек жазушының өмірінің соңғы он жылына қатысты  эпистолярлық мәтіндерге ғана тоқталып өттік.

Әрине, Әуезовтің шығармашылық өмірбаянын, оның творчестволық лабораториясының қыр-сырын  зерттеу әрқашан қызық әрі танымды. Ол тақырып М.Әуезов шығармашылығымен қосарланып, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп отыруды талап етеді.

Мұхтарды тану-қазақ әдебиеттану ғылымы үшін таусылмас тақырып. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы 1961 жылдан бері жан-жақты, әр сала бойынша зерттеліп келе жатса да оның әлі де қарастыратын мәселелері көп-ақ. Осы ретте әлі де зерттеуді, ойластыруды талап ететін мәселе-жазушының шығармашылық өмірбаяны, творчестволық зертханасы, оның қат-қабат қырлары мен сырлары, озық тәжірибелері мен өзіндік психологиясы.

Біздің мақсатымыз қарастырған 1950-60 жылдар, яғни суреткердің өмірінің соңғы жылдарындағы шығармашылық өмірі қалай өтті, дәуір тынысы мен шығармашылық тұлғаның тағдыры қалай тоғысты?,-деген сансыз сауалдарға жауап іздеу еді. Оларға сол кезеңдегі ұлы суреткердің жазған мақалаларындағы озғын ойларына, парасатты пікірлеріне, ғылыми ізденістеріне, көркем дүниелеріне біршама шолу жасай отырып, шама-шарқымызша біраз мәселенің басын шалғандаймыз. Бірақ, бұл тақырып әлі де тереңдетіліп талдауды, ұзақ зерттеуді қажет етеді.  Шындығына келгенде шығармашылық тұлғаның өмірі мен шығармашылық өмірбаянын зерттеудің қазақ әдебиеттануындағы тұңғыш тәжірибесін ұсынған да  үздік үлгісін көрсеткен де – М.Әуезов . Оған Абай Құнанбаевтың шығармашылық өмірбаяны жөніндегі бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстары, монографиялары, жекелеген мақалалары және «Абай жолы» роман-эпопеясы дәлел.

 

 

 

ІІ- ТАРАУ. «Өскен өркен»  романы мен жазушы жолжазбаларындағы ұлттық мүдде мәселелері.

 

Ұлт туралы толық та, тұтас түсінікті бізге жазушының өнері беретінін ескерсек,  Мұхтар Әуезовтің ұлт тұлғасы болып қалыптасуына оның шығармашылық өмірбаяны өзек болғаны аян. Мұхтарға 6 жасында атасы Әуез Абайдың өлеңдерін жаттатқызып, қазақтың қамын ойлауды еншілеп бергендей. Соңыра Абай өлеңдеріндегі қазаққа тән қасірет пен қасиет ұлы суреткердің өмір мен өнер өзегіне айналды. М.Әуезовтің 13 жасар кезінде,1910 жылы 11 октябрь күні тұңғыш рет жазған тұтас сөйлемін «Қара күш ақылға төтеп бере алмас» деген ақылды сөздерден бастағанын еске алсақ, Абай тағлымының тегін кетпегеніне көзіміз жетеді. (Бұл сөйлем жазылған дәптерді 1910-11 жылдары Семейде орыс мектебінің 2-ші класында оқытқан ұстазы 40 жыл бойы өз архивінде сақтап, кейін жазушыға тарту еткен екен).

Сол кезеңдегі Ресейдегі саяси төңкерістер,Уақытша үкіметтің, Алашорда халықтық кеңесі (тамыз,1917) мен үкіметінің (желтоқсан 1917) құрылуы  сияқты ірі саяси оқиғалар көкірек көзі ояу, жаңаша сауатты  Мұхтар  Әуезовтің өміріне де үлкен өзгерістер әкелген-ді. Ол Семейде алғашқылардың бірі болып, «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі саяси үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Алашорда ұйымының белсенді мүшелері Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жазған  «Қазақтың өзгеше мінездері, (1917ж.10 наурызда «Алаш» газеті), «Сарыарқа» газетіндегі әйгілі «Адамның негізі-әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Қайсысын қолданамыз?»  деген алғашқы мақалаларының өзінде-ақ оның ұлтжанды қасиеті айдан анық байқалған.  Семей жастарының өкілі ретінде 1918 жылдың 5-13 мамырында Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару  комитетінің мүшесі болып сайланған ол «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстаған «Жас азамат» атты Бүкіл қазақтық жастар ұйымының жұмысына белсене араласып, қазақтың тағдыры мен келешегіне керекті мәселелерге мән береді.

1919 жылы Семейге қайтып оралып, сол жылы сәуір айында Кеңес үкіметі Алашорда үкіметі қайраткерлерімен келіссөзге келіп, қазақ халқына автономия беру келісіледі. 1919 жылдың 4 желтоқсанында  Семейде большевиктер билігі орнаған кезден бастап Әуезов  Семей губревкомының жанынан   ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. Ол «Қазақ оқығандарына ашық хат» жазып, оларды Кеңес үкіметіне қызмет етуге шақырады. 1921-22 және 30-шы жылдардағы ашаршылық тұсында ол Қазақстан Орталық атқару комитетінің жауапты саяси хатшысы еді.  Бұл жолы да өзіне жүктелген мансап билігін ұлт мүддесіне жұмсай білді.

Өзінің шығармашылық өмірбаянында байқалғанындай өз көзімен көріп, көңіліне түйген ,куә болған өмір көріністерін, қилы қызметтерде жүріп түйген тәжірибелерін ғана өнеріне өзек ететін жазушы сол кезеңдегі әлеуметтік әділетсіздіктерді  көркем әдебиеттің өз тәсілімен таныта  білді. Жазушының 20-шы жылдары жазған шығармаларында («Қорғансыздың күнінен» бастап, «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта» т.б) бұл жағдай анық көрінеді. Сол дәуір әдебиетінің басты көркемдік бағыты болған социалистік реализмнің ғана емес, жалпы сөз өнерінің талаптарының  бірі – өмір құбылыстарын, оның өсу-өзгеру, даму үрдісін зерттеп,  суреттеу міндетін жақсы ұғынған М.Әуезов жазар тақырыбын түбегейлі тексермей қолға қалам алмайтын. Ұлы суреткердің  өз кезеңдегі саяси талапқа мойынсұнбай жалған жала мен  қиянатқа төтеп беруінің түпкі сыры да –осы  ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоя білуінде еді.

Бала кезіндегі Абай шығармаларынан тамыр алған ұлтжандылық қасиет оның соңғы «Өскен өркен» романына дейін үзілмей, жүйелі жүрде әртүрлі деңгейде зерттеліп әрі жазылып та келді. Суреткердің шығармашылық өмірінде өзіндік із қалдырған осы шығармасының жазылу тарихы мен онда көтерілген ұлттық мүдде мәселелерін зерттеу сондықтан да маңызды.

«Бар мен жоқтың, асыл мен жасықтың мөлшері салыстыру арқылы ғана танылмақ»,-десек, жазушы қай шығармасында болсын қазақ халқының хал-ахуалын, әлеуметтік тұрмыс жағдайын өзге өркениетті елдермен салыстыра отырып, ой айтады, таразылап, талдайды. Ұлт тағдырымен тұтасқан талант  М.Әуезов  «Абай жолы» романын жазуды жоспарлаған кезде-ақ келешекте  өз замандастары, жаңа кеңестік кезеңнің өмір шындығын көрсететін 7 кітаптан тұратын көркем шығарма жазуды  жоспарына енгізіп қойған.

Осы ретте М.Әлімбаевтың: «Тамаша кітап» атты сұхбатында: «М.Әуезов:- Мен қазір «Ақындар ағасы» деген шартты атпен жаңа кітап жазып жүрмін.Бұл кітапта Абай өмірінің соңғы он бір жылы қамтылады. Мұнда мен ойшыл, ақындық мектебінің жетекшісі болған Абайды көрсетпекшімін. Ол Абай орыс мәдениетінің өз сахарасындағы өкілі, адамгершіл, алысушы қайраткер. Бұл жөнінде Абай көпке қайрат береді. Роман Абайдың өлімімен аяқталады. Өзінің жолын және мүддесін, бар тағдырын еңбек елімен бірге қосқан Абай, сол еңбек елінің жүрегінде өлмес орын алады. Бұл романды биыл аяқтамақпын… Бұл-қазақ халқының жүз жылдық, соңғы бір ғасыр өмірін баяндайтын жеті романымның үшінші кітабы. Қалған төрт кітап совет дәуіріне арналады»,-делінген («Қалам қайраты». Эсселер,сын мақалалар. Алматы. «Жазушы»,1976.-224 б.6 бет). Сонда М.Әуезов «Абай жолын» жазуды жоспарлағанда-ақ жүрегінің бір түкпірінде әлгі сұхбатта өзі келтіргендей «Өскен өркенді» жазуды армандап қойған екен . «Кітапты жазып болып, ақырғы бетін жапқаныңда, сондай тағы бір кітап жазарлық мүмкіншілігің болу керек»- деген ұлағатты сөзді  ұстамына айналдырғаны ұғынықты .

Осы мақсатпен бірнеше рет Оңтүстік өңірін аралауға шығады. Бұған 1959 жылдың көктемінде Түркістан сайлау округінен Жоғарғы кеңеске депутат болып сайлануы да себеп болады . Жалпы, ұлы суреткердің Оңтүстікке сапарының түпкі сырын зерттеушілер әрқалай болжайды.

          1-себеп- жазушының арғы аталары ХІХ ғасырдың басында Қаратаудан Семей өңіріне, Аягөзге, Құнанбайдың қалауы бойыншаТобықты ішіне ауысқан. Сол ата-бабаларының жұрты Қаратау өңіріне барып, олардың әруағына тәубе ету де мақсаты да болған сыңайлы.

          2-ші себеп-1922-26 жылдары, 1928-30 ж.ж. Түркістан республиканың астанасы Ташкент қаласында  тұрып , бұл өңірді бір кісідей білетіндігі.

3- себеп-  Абайдың ұрпақтары, туысқан бауырларына 1928 жылы «бай-феодалдардың тұқымы, алашордашылардың балалары» деген айып тағылып, әулетімен қоса Оңтүстік Қазақстанға көшіп кеткендігі .

Осы орайда көрнекті ғалым Рымғали Нұрғали жазушының Оңтүстікке сапарының тарихы ілгеріде-ақ басталғанын, оның Ташкентте жүргенде  тарихи тұлға Тұрар Рысқұловпен бірге жүріп, идеялас, рухтас, сырлас серік болғанын, оның арты Т.Рысқұловтың өмірі, әкесінің тағдыры жөнінде көп томды шығарма жазу идеясына ұласқаны, соның нәтижесінде  «Қараш-Қараш  оқиғасы» атты тамаша туындының өмірге келгендігі туралы:  «…«Қараш-Қараш оқиғасы» оқиғасы ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді. Әдебиетшіл повестке арқау болған Т.Рысқұловтың әкесінің басынан өткен оқиға екенін дұрыс айтады. Географиялық атаулар сәл өзгерген, адам аттарында өзгеріс бар. Мұнда күрескер бар. Мұндағы атылған оқ Ғазизалардың кегі. Бақтығұл санасындағы психологиялық құбылыстарды, сапалық эволюцияны көреміз»,-деген ойлар айтады /195/. Мұхтар Әуезовтің драматургиясын алғаш зерттеген ғалым оның соңғы романының жазылу тарихына да осындай соны ой, тың дерек қосады.

Сол кезеңдегі саяси қыспақтың арқасында көп шығармаларының бірнеше нұсқасын жазуға мәжбүр болған  ұлы суреткердің қаламынан туған әрбір нұсқа өте құнды әрі қымбат  және олардың бәрі  шығармашылық лабораториясының құпия сырларына  апарар жол екендігін естен шығармаған мақұл. Өркениетті елдер өз ұлыларының әр шығармасының қай нұсқасын да құнды дерек деп танып, көздің қарашығындай сақтайтынын ескерсек, М.Әуезовтің де әрбір нұсқасы, әрбір сөйлемінің жөнделген жолы біз үшін қазына байлық. Мәселен, Л.Н.Толстойдың Мәскеудегі мемлекеттік музейіндегі қолжазбаларының ( 170 мың парақ қағаз-шығармаларының) автор қолымен жазылған нұсқасы –орыс халқының зор рухани қазынасы ретінде бағаланады. Ол мемлекеттің қамқорлығында.Олай болса бір шығарманың бірнеше нұсқасы болуы қаламгерлердің шығармашылық өмірбаяндарындағы қалыпты жағдай. Сол себептен де бұл тарауда әрбір шығармаға жазушының келу себептері мен оның орындалуы барысындағы үздіксіз жүріп жататын шығармашылық үрдістер төңірегіндегі ізденістерге ғылыми түсініктер  беру  көзделген.

Сонымен жазушының Оңтүстік өңірімен таныстығы тарихына көз жіберсек, 1930 жылдардың ортасында Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Жуалы аудандарында бірнеше рет болып, очерк, әңгімелер жазғанына куә боламыз.

Көрнекті ғалым М.Мырзахметұлының («Әуезов және Абай» А. «Қазақстан», 1996,-272 б.) «Түлкібастықтар- М.Әуезов кейіпкерлері» атты мақаласында жазушының шығармашылық өмірбаянына, жазу әдісі мен материал жинаудағы өзіне тән машығы жайлы мынадай мәлімет береді: «Мұхтар Әуезов творчестволық қалыптасу жолында қай туындысы болса да, оны жазуға кіріспес бұрын көркем шығарма негізіне өмірдегі нақтылы шындықты алу, ол үшін шарқ ұрып іздену, зерттеу, көрген-білгендерін ой сарабына салып, көңілге ұялатып, қойын дәптеріне жазып алу жағына ерекше зейін қойған қаламгер. Қазіргі кезде жазушы архивінде сақталып қалған көптеген қойын дәптерлер тобы осының айғағы іспетті.

Ұлы қаламгер ойға оралған пікірін, оны тудырған нақтылы өмір шындығын дер кезінде хатқа түсіріп, ұқыпты түрде жазып отырған. Қойын дәптерлері жазушы шығармасының жазылу тарихын дүниеге келу жолындағы творчестволық сыры мен көркемдік кілтін ашуға айғақты тарихи деректер көзі болып табылады. Мұхтар Әуезовтің «Білекке білек» әңгімесі үлгі-өнеге тұтарлықтай мәнге ие» /158 бет/.

Мұхтартанушы ғалым Е.Күзембаев болса 1933 жылғы бұл сапардың себебін Тұрар Рысқұловтың өтінішімен байланыстырады (Е.Күзембаев. «Мұхтартану».105 бет)  . Жазушы мұражайының қорында сақтаулы тұрған №476 папкідегі «Жолдан» деген тақырып қойған арнайы қойын дәптері мен № 457 папкідегі «Қызыл Шығыс» колхозы жайлы асығыс түскен деректер «Білекке білек», «Іздер» әңгімелерінің жазылу тарихынан, жазушы лабораториясынан көп мағлұмат береді. Жүрген жерінде жергілікті елдің сөйлеу мәнерін, тіл байлығын, диалектілерін жинап, жазып жүруді әдет еткен М.Әуезов кәсіби жазушы ретінде өзі кездескен кейіпкерлерінің тағдырлары мен табиғатына тән ерекшеліктерді, іс-әрекеттерді қағыс қалдырмай қағазға түсіреді. Жазушының қойын дәптеріне  өзі аралаған 33 колхоздың жер, су атаулары, кездесіп, әңгімелескен 40-тан астам адам тағдыры мен тіршіліктері ,  табиғат көріністері түгелдей  бейнелі сөздермен түсірілген. Суреткерлік өнерінде ұстаным еткен өмір шындығынан ауытқымау, нақты деректер ғана шығарма шырайын ендірер нанымдылық М.Әуезовтің өзіндік қолтаңбасын танытады. Суреткердің «Күндей жылы, нұрдай жарқын дәурен»  деген мақаласында : «… Дүниеде адамның ойы мен қолынан құралып туған ұлы көркем қазынаның барлығында адамның  екі үлкен ерекше қасиеті бар. Бірі – ірі, терең даналығында, екіншісі – бұлдырсыз айқын ашықтығында, мөлдірлігінде. Ең ұлы көркемдік-ең ұғымды, ең қонымды көркемдік еді» ,-дегеніндей , шығарма шырайы- шындығында екені даусыз /М.Әуезов (50 томдық шығармаларының толық жинағы, 49 том, 5 бет).

Осы «Өскен өркен» романаның жазылу тарихы мен осы сапардың себебіне қатысты пікірді белгілі мұхтартанушы ғалым Керімбек Сыздық «Ұстаздық ұлағат» деген еңбегіндегі «Мұхтар Әуезов және Оңтүстік Қазақстан» деген мақаласында айтады:  «…жазушы «Білекке білек» әңгімесінің кейіпкері Жақыптың прототипі Жұмағұл Жұмаділовтың үйінде бірнеше күн қонып жатқан. Осы өңірден жинаған материалдары негізінде «Колхоз үшін күрес» деген атпен роман да жазбақ болған жоспары кезінде «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланып еді» (90 бет). №57, 58, 366, 383, 384, 476,537, 538, 543, 544, 545, 564 папкілерінде сақталған жазушының оңтүстік сапарына байланысты қойын дәптері мен қолжазбалары әлі де өз зерттеушілеріне құнды мәліметтер берері хақ.  Сондай-ақ , суреткердің Оңтүстікке сапары туралы көп  тарихи, әдеби және мұрағаттық мәліметтерді мұрағаттанушы Талатбек Әкімовтің «Даналық мәйегі» (.Алматы: «Ана тілі», 1997,-189 бет ) деген зерттеу еңбегінен де танысып, біле аламыз.

Өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін еместігі тағы айқын. Жазушының Оңтүстік өңірімен өзектес өмір және шығармашылық байланысының  осынау қызғылықты тарихы мен оның себептерін нақтылар болсақ, жазушыны  бұл өлкенің көне тарих пен ескі ескерткіштерге  байлығы, олар жөніндегі аңыз-әңгімелелердің көптігі және облыс шаруашылығының өзге өңірге қарағанда жан-жақтылығы (егін де, мал да, мақта да, астық та, көк өніс те, ірі өндіріс орындары  ) жаңа қалалардың жоғары қарқынмен өсуі қатты қызықтырса керек. Қашаннан қазақы облыс болып саналатын оңтүстік өңіріндегі сол кезеңдері басты тақырыпқа айналған халықтар достығы, интернационализм идеясы қалай көрініс тапқанына да зерттеу жүргізуді ойлаған жазушы бас кейіпкерді әдейі  орыс ұлтынан алып, барлық ұлт мәселесін соның сөзімен беру айласын тапқан. Қазақ әдебиеті үшін жаңа образ-Карповтан біз суреткердің өзін көргендей боламыз. Өйткені, «Оңтүстік сапары» жолжазбасына түскен келешектегі күрделі шығарманың эскизі, асығыс  әрі қысқартылып берілген жоба-жоспары, өзі бірнеше рет кездесіп, сұхбаттасқан, сырласқан  кейіпкерлерінен естіген өмірлік фактілер  сол қалпында қағазға түскен. «Оңтүстік сапарында» көңіліне түйген тарихи шындықтарды М.Әуезовтің айтуы бойынша секретары- Ғ.Бейсенова машинкаға терген. Мұнда авторлық идея әңгімелеуші тарапынан баяндалады. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып бүгінгі қаһарман бейнесін- интеллигенция өкілдерінің тағдыры мен табиғатын, оның  ішкі әлемі, ой-өрісі, кәсіби білім деңгейі мен дүниетаным кеңдігін екі қоғамдық формация ауысу барысындағы қайшылықтар арқылы көрсете алған дарынның даралық ерекшелігі болса керек-ті. Өкініштісі, өз кезеңінің көркем шежіресін  жазбақ болған 7 романнан тұратын шығармалар циклінің алғашқы кітабы-«Өскен өркеннен» кейін  жаңа  заманның кейіпкерлер көші өрбімей қалғаны. Әйтпегенде М.Әуезовтің өзі айтқандай: «..тоқсан жыл жазсаң да, тоқсан шығарма жазсаң да қайталауға, сар жұртты қайта жағалауға, қайта тебіндеуге лайық емес, жол жоқ..» екенін, «…әр адамды жазғанда қайталамай, штамппен  тұсалып қалмай өсе білу…» керектігін ескерсек, жазушы ұлт әдебиетіне талай ұрпаққа ұлағат-үлгі боларлық тың образдар галереясын жасауы әбден мүмкін еді. (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы»14-т.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2004.-376 б, «Ленин ұлы идеясының ескеркіші»-14 бет).

М.Әуезов – қашанда жаңалыққа, тың тақырыпты игеруге құмар қаламгер. Бұл құбылысты «Өскен өркен» романының туу тарихынан да жақсы аңғаруға болады. Әдетте, Мұхтар Әуезовтің қолжазбаларындағы араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сиямен, карындашпен жазылған әріптердің қағазға түсуінен  асығыстық аңғарылса, кей беттерінен ойда әбден пісіп-жетіліп, жүйелі түрде қағазға түскен «айналасы жұп-жұмыр» жинақы ойларға, құнарлы ойлардан құралған күрделі құрмалас сөйлемдерге де кез боламыз. Қалай болған да қай қаламгердің мұрағатынан да мәлім бір нәрсе-  жөнделмеген, сызылмаған, сан алуан өзгерістерге, өңдеуге түспеген тап-таза парақтар мен «періштедей» мінсіз сөйлемдер болуы мүмкін емес.  «Қырқыншы жылдардың ортасына дейін шығармаларын қағазға жазып түсіретін Әуезов кейін әуелгі нобай, нұсқаны машинисткаға, стенографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырды. Редакциялау, ажарлау, тереңдету, көркемдеу әр түрлі вариант, нұсқаларды тудырды» (Р.Нұрғали .418 б). Кезінде осыны олқылық тұрып сынға алғандар да болған. Ол жөнінде М.Әуезовтің Т.Әлімқұлов пен З.Шашкинге 7.ҮІІІ.1956 жылы жазған хатында: «…Бұл іске Фаизова (Разия Фаизова «Абай жолының»2-інші кітабын В.В.Смирнова сырқаттанып қалғанда аударуға алған кісі-Г.П) біраз қырсық жасап жүр деп естимін. Оны қазақ тілінің қасиетін білмейтін себепті мен браковать еткен соң, әсіресе шаптығатын көрінеді. Мені «диктовать» етіп жазады, асығыс стенограмманы ұсынады, тілі нашарлап кеткен, «исписаться еткен» деп те орыс адамдарына, редакцияларға сөйлейтін көрінеді. Өзінің ертеден қара кешке мақтайтыны татар әдебиеті, татар жазушылары болатын да, менің өзгелерден басқарақ абырой-жәйімді қызғанатын кеселі де бар-ды. Ал менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының да қақ жарымын-жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Лопе де Вега-талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды. Қазір Симонов солай жазады. Вообще, бұл не былшыл, не сандырақ!..Жәй бір кездегі біздегі ит қызғаныштан шашыраған танту-қаңқу сөз болса-ол кімге дәлел, неге дәрі?!..» ,-деп жазғаны да бар (50 том. Хаттар.289 б).. Көркемдік ойлау жүйесі әбден машықтанған  талантты жазушылардың  дені осы диктовкамен небір даналықтарды дүниеге әкелсе ,оның несі айып? .Бір ғана Ф.М.Достоевскийдің шығармашылық тәжірибесінің өзі неге тұрады?  Өзі бола алмаған, өзгені көре алмаған «сырқат» жандардың бұл сандырағын ұлы суреткер осылай сынға алады.

1959 жылдың 15 қыркүйегінен басталған Оңтүстік сапарын суреткер  облыс орталығы-Шымкенттің ірі өндіріс орындарын  аралап, ондағы еңбек адамдарымен кездесуден бастайды. Күн сайын, кейде тіпті бір күнде бірнеше мекемелер мен колхоз-совхоздарды аралап жұмысшылар мен екпінді еңбекші қауымның ерліктерімен , олардың тұрмыстарымен танысып, әлеуметтік, қоғамдық, мәдени жағдайларының жай-жапсарымен, талап-тілектерін, мұң-мұқтаждарын тыңдайды. Содан қазанның 12-не дейін облысты түгел аралап , көргендері мен естігендерін облыс басшыларына айтып, мүмкіндігі барын түзеттіріп, одан қалғанын республика басшыларына жеткізбек ниетпен шығармашылық сапардың қорытындысы есебінде – «Талап та, тақырып та-тек мақта», «Қадімнен мәлім Қаратауда», «Қаратау тәжі-Кентау», «Баға жетпес қасиеттер» деген тақырыптарға бөліп, «Оңтүстік сапарынан» атты очерктер циклын жариялайды. Әсіресе, қазақтың даласында сұлу да сәулетті сарайлар салынып, әсем де көрікті Кентау сынды қаланың  архитектурасының ажарлылығына тәнті боп, өркениеттің өз өлкесіне өң бере бастағанын асқан тебіреніспен толғануынан туған сезімдер романда да  суымайды.

Осы ретте ұлы тұлғаның қасында көп жүріп, сырлас, сапарлас болған М.Әлімбаевтың «Көңіл күнделігі» деген естелігіндегі М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянына, оның тақырып таңдаудағы талғампаздығы мен табанды ізденісін танытарлық зертханалық құпиясына құлақ қоялық: «…сонау елуінші жылдар соңын ала Мұхтар Әуезов Оңтүстікке сапар шеккеннен кейін жол жазбаларын жариялайды. Соның біреуі «Қаратау тәжі-Кентау» деп аталған. Бұған дейін тура мағынасында, жағымсыз ұғымда айтылатын «тәж» атауы қаламына оралған сөзінің құнын-парқын  арттыра ізденгіш Әуезов қолданысында енді жаңарып, жағымды қасиетке ие боп шыға келді. ….

…. Сөйтіп, өлгенді тірілту де-өнер үлесі екеніне көзіміз жетеді. Мұхтар қаламы арқылы қатарға қайта қосылған сөздердің бірі-«қадым» атауы…Бұл атаудың арғы төркіні, әрине арабта. Бұ да – өткен ғасырлардағы кітаби ақындардың жазғандарында болмаса, қазақ тілінде күнбе-күнгі қолданыстан біржола шығып қалған сөз еді. Әуезов сол Оңтүстік жолжазбаларында осы сөзді де өмірге қайта әкеледі. «Қадымнан мәлім Қаратау» атты очерк те жазды. Көнергеннің де сандығынан сан дүниені тауып бүгінгінің кәдесіне асыруға болады-ұлы ұстаз үрдісі әр шәкірт қаламгерді осыған да үнсіз шақырады»,-деп қазақтың әдеби тіл байлығын қордаландырудың бір тәсілі ретінде ерекше сүйіспеншілікпен атап көрсетеді (57 бет М.Әлімбаев. «Көңіл күнделігінен» эссе,зерттеулер. Алматы,»Жалын» 1980-240 б.).

Сол М.Әлімбаев тағы бір мақаласында: «…Шығармаға ат қоюдың азабы да аз емес. Шығарманың өз тағдырындай аты да сәтті және сәтсізі болады, соның сәттісі саусақпен санарлықтай аз. Сәтті атты табу үшін сарылып, талай рет творчество тақсіретін шегуің керек. Машинкамен басылғанда бас-аяғы көлемі бес-ақ беттік очеркке Әуезов Мұхтар үш мәрте ат қойып, өзгертіпті….Автор әуелі «Қарағанды мен Балхаш сөйлейді» деп атапты да, артынша өшіріпті. Одан кейін «Қайсар қайрат шахтада» деп ат қойыпты. О да ұнамаған соң, «Конвейерде күй басым» деп бір көріпті. Ақырында «басым» деген сөзді өшіріп, оның орнына одан гөрі салмақтылау, құлаққа жұмсақтау , күйлірек «мығым» дегенді алады да, ең ақырында «Конвейерде күй мығымға» тоқтайды. Жалпы, Әуезов дыбыс үндестігіне (ассонансқа да, аллитерацияға да, ішкі ұйқасқа да) аса шебер, әрі құштар. Бұл, әлбетте, қалайда осылай жасаймын деген зорлықпен емес, зергерліктен туған інжулер.

Ғалым, ақын Әбділда Тәжібаевтың куәлігі бойынша В.Шекспирдің «Укрощение строптивой» комедиясын аударған Әуезов Мұхтар пьеса атын қазақ сахнасында премьерасы қойылғаннан кейін ғана тауып, «Асауға-тұсау» деп атаған. Міне мұнда «асау, тұсау» деген екі сөз ұйқас-үйлесімін ғана емес, мән-мағынаны тереңнен аңғартады. Толағай талантқа жанасып кеткен жеріңде бір тағылым аласың»,-дейді ( М.Әлімбаев. «Көңіл күнделігі» .Алматы. «Жалын».1980-240 б. 59 бет).

М.Әуезовтің шығармашылық зертханасынан тағлым беретін бұл үзінділер өткен күн мен бүгінгі күн фактылерін  шебер суреткер оқушы үшін қалай құлпыртып, жаңғыртып беретіндігін байқататын мысал болғандықтан М.Әлімбаев сөзіне  терең мән беріп отырмыз.«Ұлы ақындардың бірде-бір жолын тастамау керек» (Джек Лондон) деген даналардың тағлымына сүйенсек, біз де ұлы суреткеріміздің әрбір сызған сөйлеміне дейін қасиет тұтып, қастерлей білуіміз парыз. Бір облыстағы өнеркәсіптің тынысы, жаңа колхоз-совхоздардың құрылысы мен ондағы әр алуан мәдени мекемелердің өзекті мәселелері арқылы ұлт тағдыры мен ұрпақ келешегіне керекті көкейкесті мәселелерді  қозғаған қаламгердің очерктеріндегі сындарға дер кезінде көңіл бөлініп, тиісті  шаралар да қолданылғаны тарихи шындық. Бір қызығарлығы кеңестік кезеңде баспасөзде көтерілген мәселе қараусыз қалмайтын. Жазушы жолжазбаларында баяндалған оңтүстік өңірдің табиғаты тарту еткен шипалы суларын пайдаланып, демалыс орындарын салу және мәдени, ағарту істерін ілгерілту, оларды халық игілігіне айналуды мақалаларында өзекті мәселе етіп көтерумен бірге мемлекеттік деңгейде шешілуін де талап етіп, қадалаған.

Бүгінде  әлемге әйгілі Сарыағаш демалыс орны – М.Әуезовтің алғашқылардың бірі болып  көтерген мәселесінің жемісі.

Әдебиет тарихы мен фольклористиканы үзбей зерттеп жүрген жазушы оңтүстік өңіріндегі бай әдеби, мәдени мұралары жөніндегі ғылыми пікірлерін, ой-толғаныстарын көне Түркістан, Сайрам, Отырар, Құмкент, Созақ, Баба ата сынды өлке тарихтарымен өзектестіріп, Созақтан қазақтың үш жүзі таралатынын, Көкмұрын деп аталатын қос төбеде үш жүзге жататын рулардың таңбалары қашалғанын, Көрұғлының баласы Әуезханның Кұмкентте өскендігін, атақты Едігенің туған жері  Баба түкті Шашты Әзіз екендігін,  Қамбар батырдың мекені де осында екендігін, Ақсақ Темірге қатысты қаншама аңыз-әңгімелердің тарихына қанығып, өзіне таныс әдеби және тарихи деректермен салыстырып, теориялық тұжырымдар жасайды. Жоғарыда аталған очерктеріндегі осынау тарихи деректер, аңыз әңгімелер  келешектегі көлемді шығармада кеңінен жазылып, көркем шындыққа айналуы әбден мүмкін еді. Бірақ ,ол арман оқыстан келген ажалдың себебінен орындалмай орта жолда қалды. 7 кітаптан тұратын роман-эпопея жазуға ғұмыры  жетпесе де  ол ойға тамызық болар ой түрткілер   «Мәдениет және тұрмыс» (1962, №2), «Жұлдыз» (1962, №3) журналдарында, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (1967,13 желтоқсан) жарияланған очерктерінде баяндалды. Тұңғыш рет 1962 жылы Алматыда жеке кітап болып шыққан очерктері 1977 жылы қайта басылды, кейін 12, 20 ,50 томдық шығармалар жинағына енді. Орыс тілінде Пантиелев аудармасымен «Дружба народов» журналында (1965,№1) жарияланды. Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан (1966), 1977 жылдары жеке кітап болып басылып шықты . Молдаван тілінде А.М.Липканың аудармасымен жарық көрсе (1969), кейін басқа да бірнеше тілдерге аударылды.

Осы очерктердегі ойлардан жүйеленген романның жазылу жоспары жазушының «Еңбегім ұлы Отанымдікі», «Қазіргі роман және оның геройы» деген мақалаларында «Өскен өркеннің» өзі аса аумақты болып жоспарланғанын,  жетіжылдықтың  әр жылына бір бөлім арналатынын, соңғы бөлім жетіжылдықтың соңғы жылдарын қамтуы тиіс болған ойын 1961 жылдың мамырында айтылғанымен, олардың жүзеге асырылмағаны белгілі.

Әйтсе де оқиға желісі мен тақырып идеясын өз санасы мен жүрегінен өткізу мақсатымен  мақалалар мен әңгіме-очерктерінде барлаған қаламгер  «Об эпосе семилетки» атты пьесасында да келешектегі күрделі көркем шығарманың шағын эскизін жасайды.

Шығармаларына материал жинаудағы жазушының өзіне тән мәнері қайсы  бір жол сапардан қайтса да алған әсері мен көңілге түйгендерін лезде-ақ қағазға түсіріп, жазып тастауға  қалыптасқанын танытады. «Оңтүстік күнделіктері» де соның бір айғағы. Осы очерктерге еніп, кейіннен суреткердің сапалық сүзгісінен  өтпей қалған мол деректер де, кітапқа енбей қалған өзі кездесіп, әңгімелескен кейіпкерлер де,  өзінің жоба-жоспары бойынша кейінгі кітапта баяндалуы тиіс деген тарихи деректер де, елдегі шежірешілерден естіген аңыз -әңгімелердің желісі , ойдағы мен көкейде қалып қойған қаншама құнды қазыналы ойлар барлығы алғашында «Өскен өркен адамы» деген атау беріп, жасаған жұмыс жоспарында жүзеге асырылыпты . Тезис түріндегі ой түрткілер емес, кәдімгі көркем шығармадай оқылатын тек қысқартылған түрдегі «Өскен өркен адамы (әзіргі аты)»  деген жоспарлы жұмысын  5 тарауға бөліп, тіпті 5-ші тараудың өзін «Бірінші оқиға», 2-3-4-5-ші оқиға» деп, бірнеше тараушаларға бөлгені тек жазушының өзіне ғана тән тәсіл-тәжірибесі сыңайлы. Және мұндай мехнатты ізденіс жұмысын өзге жазушылардан кездестіру сирек. Бұл тәсіл бір  шығармасына біршама бейнет сіңірмесе, бойына асы жұқпайтын жанкешті жазушыны танытады. М.Әуезовтей ғұлама ғалым, дарынды жазушының мұншалықты жауаптылығы, әрбір сөзіне деген ұқыптылығы қолына қалам алғандарға үлгі-өнеге боларлықтай. Мұхтар Әуезов  бір барған жеріне 4 рет барып, әр кездескен  кейіпкерімен сан рет қайта жолығып, және соңынан бірнеше хат жазып, хабарласып, таныстарына өтініш білдіріп, жинаған мәліметтерін жаңа деректермен толықтырып, үнемі ол облысты бақылауда ұстап, баспасөз бен   елден естіген жаңалықтарын,  маңызды мәліметтерін анықтап, қосып отыруы,  сөз жоқ, өз кәсібіне адал нағыз шығармашылық тұлғаның  тынымсыз еңбекқорлығын танытса керек-ті.

Бірнеше беттерге ұласқан ұзақ-сонар   материалдар шығармаға енбей қалса да өзінің құндылығын жоймақ емес. Өйткені, ұлы жазушының көзіне түсіп, көңілін аударған мәліметтердің мәнсіз болуы әсте мүмкін емес-ті. Жазушы жоспарындағы айтылғандардың көп тұстары жарым-жартылай жазылса , мүлде қозғаусыз қалғандары да жоқ емес.Бұл жөнінде мұхтартанушы ғалым Талатбек Әкімовтің ғылыми түсінігінде: «…Осылардың ішінде екінші тарауының кейінге ысырылу себебін автордың өзі де айта кеткен. Онда химфарм заводынан аса аумақты көлемдегі морфийдің ұрланғандығы, онымен байланысы бар қылмысты топтардың бір ұшығы алыс қиыр шығыс елдеріне жалғасатындығы да қамтылмақ екен, соған қарағанда, қаламгердің қылмыс дүниесіне де қалам тартпақ болғандығы аңғарылады» ,-делінген (39-т.290 бет).

Одан өзге де шығарма арқауына ене қоймаған көптеген оқиғалар желісі –Шәуілдірдің бір қызына үйленіп, бір қыз баласы бар шопан жігіттің тағдыры, Медеу мен Сағадат қыздың махаббаты және бар.  «Өскен өркенде»  сюжет желісіне арқау болған  әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени жағдайлардың  жақсартылуы, бүкіл қазақ ауылдары мен қалаларындағы ірі өндіріс орындары – тоқыма, химфарм, пресс-автомат, май комбинаты сияқты завод-фабрикаларда еңбек ететін ұлт кадрларын даярлау, оларға қолайлы баспана, өз білімдерін жетілдіру үшін түрлі деңгейдегі оқу орындарын ашу, оларға арнап жатақханалар салу, алыстағы ауыл мекендеріне адамға қажетті барлық жағдайлар жасау – от, су, газ, үйлер тұрғызу, әйелдер босанатын перзентханалар тұрғызу, кітапханалар, мектептерді көбейту, мәдени орындар ,моншалар , шопандардың тұратын бүгінгі күн талабына сай келетін тұрғын үйлер салу, жылы қоралар, құм жерді суландыру, онда көкөніс егу, дала жолдарын дұрыстау,   толып жатқан мемлекеттік мәселелер іске асуына автордың ықпалы зор болды. «Өскен өркен» романына деректер жинау сапарында бірге жүрген, сырлас болған аудан, облыстағы қоғам және мемлекет қызметкерлерінің кейінгі жылдары жазған естеліктерінде ұлы жазушының табаны тиген топырақтың бәрі түлеп, түрленгенін, ауылдар ажарланып, қалалардың құлпырып, әлеуметтік-мәдени жағынан өсіп, жақсарғанын мақтанышпен еске алады. Кемеңгер суреткердің шығармасына материал жинап қана қоймай жүрген жеріне шырақ жағып, жұрттың жағдайын, елдің еңсесін, қала мен ауыл мәдениетін марқайтуға мөлшерсіз үлес қосқанын нақты деректермен нақыштайды.  Ұлттық құндылықтарды ерте танып, оны өмір бойы  өзінің шығармашылық өміріне өзек ете білген  ұлы тұлға осындай мәңгілік мәселелерді мұрат тұтты. Жазушы Оңтүстікке сапарында Созақта көп болған. Ол  мұнда алғаш рет 1954 жылы 24-25 қыркүйекте келіп, ауданның басты шаруашылық, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында, атап айтсақ, Баба ата, Құмкент, Баба түкті Шашты Әзіз, Шолаққорған, Жыныс ата, Сызған, Ақназар, Суындық, Балықшы ата,  секілді басты шаруашылық, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында болып, «Балықшы» шопандар демалыс үйінің естелік кітапшасына естелік жазып қалдырған екен. Соңғы рет 1961 жылы сәуір айының соңында Т.Әлімқұлов, Ж.Еділбаев, К.Жарқынбековтермен бірге бірер күн болып қайтқан. Сол кездегі аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Ә.Сасбұқаевпен  жақын пікірлес болып, хат алысып тұрған. М.Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағының 50 томына жинақталған эпистолярлық мәтіндердің бір тобы осы облыс басшыларымен жазысқан хаттары. Созақтағы Әбдірахманов Балтабай, Берденов Кенжеғұл, Өмірбеков Есіркеп,Үрмізі сияқты шежіре кісілердің әңгімелеріне және Сүгір Әлиев, Файзолла Үрмізов,Төлеген Момбеков сынды күйшілердің  өнеріне тәнті болып, айтқан:  «Созаққа барсаң, күйшімін деме, Шаянға барсаң, әншімін деме» деген даналық сөзі бүгінде мәтелге айналғаны мәлім . Қаламгердің адам мен жер аттарының тек бір әріптерін өзгертіп қана беретін тәсілі мұнда да толық сақталған. Мәселен, тарихтағы  Созақ-«Ұзақ», Шолаққорған-Биікқорған, Құмкент- Көнекент, Тасты-Састы деп қана өзгертілген. Созақтағы Баба ата мешітінің маңында өткен қайғылы қанды оқиғаға байланысты туған «Үміттің ажалы» атты деректі жырдың мазмұны аздаған өзгертулермен «Алуаның ажалы» деген тақырыппен романның 3-ші тарауына енген. Осы сапарға қатысты көптеген құнды қолжазбалар мен қойын дәптерлер жазушы мұрағатында сақтаулы.

Материал жинаудағы тағы бір ерекше қасиеті қай деректі кімнен, қай мезгілде, қандай жағдайда алынғаны, оның кейінгі тағдыры туралы толық мағлұматты ерінбей тізіп отыруы дер едік. Мәселен, «Үміт қыздың өлімі туралы» поэманың кейбір деректерінде» былай дейді: «…23 күні біз Қымкенттен шығып, қырық бес шақырымдай жүріп Мырзабай даласын басып, Қызылкөлді жағалап отырып, атақты Бабаатаға келдік. Осында 21-жылы үлкен трагедия – «Үміт қыздың өлімі болған» (қолжазба қоры, 543-бума, 6-б.) десе, «осы қайғылы оқиғаны  дастанға айналдырған  жергілікті ақынның шығармасын Шымкент драма театрының артисі Жұмабеков Отызбай Кентау қаласында тұратын Дәнібек дейтін алпыстан асқан қариядан  жазып алғандығы жөнінде жинаушының ескертпесі бар»-, делінген қолжазбада (359-бума,1-42 –бб).

Оңтүстік Қазақстан өңірінде 1959-1961 жылдар аралығында болған 4 сапарында да кездескен адамдарының мінез ерекшелігін, дара қасиеттерін, сөйлеу мәнерін, міндері мен жақсы мінездерін тізіп, олардың әңгімелеріндегі есте қалар әдемі тіркестерді, бұрындары білмеген бөгде сөздерді, әйтеуір өзіне бейтаныс деген дүниелердің бәріне таңырқаушылық білдіріп, әрбір сөздің мәнісін, аңыз-әңгімелердің тарихын түртіп алып отырған. Тіпті өзі болған, ауыл, аудан, облыс орталығының барлық шаруашылығындағы тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, экономикалық мәліметтердің бәрін молынан алған жазушы табиғат, елді мекеннің әрбір көріністерін де көзінен де көңілінен де таса жібермей көкейіне тоқиды. Жастайынан өзіне жаққан жәйттерді  жад-жанарына желімше жапсырып жүретін әдетін бұл жолы да жап-жақсы пайдаланған-ды.

Елінің ар-ұяты мен ақыл-ойының озғыны саналған М.Әуезов бұл шығармасында сөз жоқ, жан дүниесі бай, жан-жақты білімді жаңа ұрпақтың озық образын жасауды ойлады. Қоғамдағы қандай да бір құбылысқа немғұрайды қарамайтын нағыз ұлтжанды қаламгер сол кезеңдегі соцреализм әдісінің талабы бойынша жағымды кейіпкерді Карпов , Әсия, Жантас, Айсұлу бейнесі арқылы өз ойларын оқушысына жеткізген. Мұнда да кейіпкер протиптерінің аттарының бас-аяғындағы бір-екілі әріптері өзгертіліп, өмірдегі Захан Искендиров- кітаптағы Ақан Сұлтановқа, Әлім Ерімбетов-Сәлім Бегімбетовке, Қаржаубек Жарқынбеков-Алмасбек Жайдыбековке, Әбентаев-Есентаевқа, Қаспанбетов-Есдәулетовке, Тасанбаев-Мұхитовқа, Қолдасбаев-Алмановқа айналып, көркемдік кеңістікке жол тартады . Кейіпкер мен прототип мәселесі Т.Әкімовтің «Даналық мәйегі» (Алматы.»Ана тілі»1997.189 бет) деген еңбегінде жан-жақты айтылған. Романның көркемдік әлемін тұтастырып тұрған түп тұлға-кейіпкерлердің бейне-болмысы, адами қасиеті, кәсіби шеберлігі, кісілік ерекшелігі, мінез-құлқы бәрі де өмірдегідей өрнек алып, деректік жанрға тән сипат сақталған.  Көркем шығарма өмірге келгенде  кейіпкерлердің дені өзін танып, авторға алғыстарын білдірген деген де әңгіме бар.

Және де Оңтүстік Қазақстанға барғандағы сапарында жол серік болып, кейін ой-мақсаты бір тілеулес  жолдастар ретінде жазушы – Виктор Иванович Макаровты, Қайырғали Байғалиевті, Григорий Николаевич Осадчий, Әшір Момынов, Яков Давыдович Печенюк, Хамит Жұмаділдаев, Айтқожа Жүсіпов, Луганов, Сәрсенбаев, Сүлейменовтерді атайды (564-бума,20-б). Бұлардың барлығының тұсына «бәрімен де сөйлестім» деген сөзді жазып қойып отырған.

Мұрағаттанушы Т.Әкімовтің  «Өскен өркен: Өмір материалдары және оны көркемдікке айналдыру жолдары» деген тарауында  бұл шығармаға  материал жинау мерзімі  1959 жылдың қыркүйек-қазан,1960 жылдың мамыр, қазан  және 1961 жылдың сәуір айлары болса, сол мол мұраны қарап, жүйелеп, көркем қиялмен қайта қорытып, жазуды қолға алған күні тамыз айының 31-де басталып, қайтыс болған күні арасында небәрі 4-5 ай ғана еңбектенгендігі жөнінде нақты мәліметтер айтылады (118 бетінде).

Жазушы шығарманың бас жағына болашақ кейіпкерлерінің аты-жөнін, қызметін, жасын, кәсібін, туыстық қатынастарын қысқаша түрде түсіріп алады:     «Нил Петрович Карпов – болашақ хатшы, 45 жастарда Жандос Асанович (Жәке)-65 шамасындағы пенсиядағы қызметкер. Әсия Әлімова-жас әйел, жауапты қызметкер, т.б…» (362-бума,1-б). Бұл тәсіл жазушының драматургиялық жанрдың қыр-сырын, жазылу әдістерін терең меңгергендігінен мағлұмат беретіндей. Кейіпкерлерінің есімдерін де оның шығармадағы алып жүретін көркемдік міндеті мен адами қасиетіне лайықтатып өзгертіп отыруы да әлемдік әдебиет тарихында бар тәжірибе.

Және бір тоқталар жәйт – жазушының  шығарманы  жазу барысында үнемі облыс басшыларымен хабарды үзбей, бұрынғы өзінің жазып алған фактілерін қайта-қайта  нақтылап, кеңейту үшін  хат алысып тұруы дер едік. Осылардың ішінде облыс басшылары Искандиров пен Жарқынбеков, ауданнан Ысмайылов, Манасов, Сасбұқаев, облыстық газеттің редактары Әділбек Омаров болды. Жазушы сұраған материалдар , деректерін олар дер кезінде сапалы орындап, жіберіп тұруды өздеріне зор мәртебе санады. Мәселен, жазушымен жүздесіп, шаруашылық жөнінде көптеген мәселелер жайында сұхбаттасқан  Сасбұқаев Әділ зоотехник, қоғам қайраткері болған адам. Әуезовтің «Өскен өркен» романына  қажетті көптеген материалдар жіберген әрі роман кейіпкерлері прототиптерінің бірі болған. Жазушы 1959 жылы облысқа келген сапарында ол Түркістан аудандық  атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарса, 1960-61 жылдары келгенде Созақ аудандық партия комитетінің  1-хатшысы қызметінде  болған. Сол сапарлардың бәрінде серік әрі жақын жолдас болып кеткен  ол кейін де жазушымен  хабарласып,  хат жазысып тұрған. Айталық, 1961жылғы 27 ақпан күнгі жазған хатында : «Қадірлі дос Әділ! Әнеугүнгі жіберген деректеріңе сонша зор ырза болдым. Маған қазіргі істеп жатқан жұмысымның тұсында ең қымбат керекті деректер осындайлар еді. Осы қағазды жазған адамың аса ұқыпты, байыпты, білгір адам екен. Ауданды қандай жақсы біледі. Енді мен сол өзің жіберген қағаздарды бірнеше дана ғып көшіртіп, обкомда Жарқынбековке, Шаянда Ысмайыловқа жібердім. Шаяннан дәл сондай деректерді мол етіп, нақтылы фактілерін көп етіп жазып жіберсін деп сұрап отырмын. Сен жіберген қағаздарды мысал етіп әдейі жібердім. Ал енді өзіңнен бір өтініш…Екінші өтінетінім…Үшінші…Міне осы деректерді жақында жаздырып жіберсең және де көп алғыс айтар ем. Достық сәлеммен Мұхтар Әуезов» ,- деп, достық ниетпен өтініштер білдірген ( 366-п. 385-бума,8-9 бб). Өзі мен өзгеге де талап қойғыш қаламгердің әлгі жауаптағы асқан білгірлікті, ең бастысы жоғары жауапкершілікпен тиянақты орындалғанына ризашылығын ғана білдіріп қоймай өзгелерге үлгі ретінде  ұсынуы ұқыптылықты ұнататынын көрсетеді. Мұхтар Әуезовтің өте талғампаздығы осы әрекетінен жақсы танылады. Өзіне  де өзгеге де талап қойғыштығы, қай іске де асқан жауапкершілікпен қарайтындығы кімге де үлгі.

Осы оңтүстік сапарында танысқан мемлекет және қоғам қайраткері Тілеубердиев Ыдырыспен де  Әуезов бірнеше жылдар бойы дос, пікірлес болған. «Оңтүстік сапарынан» деген очеркіндегі Әуезовтің: «Қала халқын, көшелер аралағанда екінші секретарь Тілеубердиев Ыдырыспен жүрген едік»,-деген сөздері соның дәлелі болса керек. «Оңтүстік жайынан роман жазар болсам ,ең қымбат жас геройларым бірін-бірі алғаш сүйгенде,осы Кентауда сүйсін дер едім», – деген арман-тілегі де осы Тілеубердиевтің көркем қаланың келешегі жайлы әдемі әңгімелеуінен туған әсер сияқты. Сәулетті де сұлу, сәнді бітімді, социалистік қоғамның жаңа жемістерінің бірі ретінде жаңа өндіріс орындарымен өң алып, реңі кіріп, құлпырып тұрған Кентауды патшаның тәжіндей асқақ балама тауып, теңеуі де тегін емес. «Өскен өркенді» де осы Кентау қаласына келіп жазуды ниет етіп, хат жазуы да соның куәсі: «…Ыдырыс мен келсем келесі жазда келемін, маған қонақ үйінде емес, қала, өндіріс орындары көрініп тұратын көп қабатты үйлердің біреуінен ыңғайлы бөлме дайындатарсың» .

Жазушының замандасы, жоғары білімді, ұзақ жылдар шаруашылық, кеңсе, партия орындарында еңбек еткен Сыпабек Тілеуовтің  «Оңтүстік Қазақстан» очеркі мен көркем шығармаларының кейіпкері болуы Әуезовтің достыққа адалдығын, материал жинауда кездескен, сұхбаттасқан адамдарының көркем шығармасында эпизодта болса да ескеріп отыратын әдеби әдебін де әйгілейді. 1959 жылдың қыркүйек айында жазушы облысқа келген сапарында сол кездегі совхоздың төрағасы Сыпабектің үйінде болып, оның анасы-Көркем кейуанамен сұхбаттасып, келешек романына материалдар алғаны жайлы деректер де бар (К.Сыздық).

Замандас әріптесі Қажым Жұмалиевке (Е.Ысмайыловқа ма?? жазған бір хатында: «…Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен сүйгенім көп, түңілгенімнен де сенгіштігім көп, жиренгенімнен гөрі   құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол»-деп жазғанындай, адамдарға деген сенгіш адалдығы  мен алдан күтер үміті мол М. Әуезов  жаңа қоғамды да қаламының қарымымен құруға құлшына кірісіп, өз өлкесінің өсіп-өркендеуіне деген ризашылығын танытуы табиғи заңдылық еді (50 том…бет). Өзі көрген қуғын-сүргінге қарамай , үнемі үрей мен үстемдікті сезінсе  де туған халқының мүддесіне адал қызмет етуден айнымаған оның шығармаларында адамның еркі, рухани бостандығы, ой тәуелсіздігі  сынды құндылықтар мәселесі өткір қойылатыны да сондықтан болса керек. М.Әуезов тек қазақ халқының ғана емес, әлемдік деңгейдегі ел тыныштығын, бейбіт өмірді ойлайтын кең ұғымды ұлы дарын иесі. Тегінде, оны тебірентпейтін тақырып жоқ-ты. «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастап бүкіл көркем шығармаларының арқауы болған қазақтың қасіреті мен қамы, ұлтының рухани құндылықтары мен халқының бүгіні мен ертеңгі мүддесі   «Өскен өркен» романындағы жаңа өмір, жаңа кейіпкерлер тағдырына телініп, тың көркемдік құбылыстарға ұласқаны белгілі. Кеңестік дәуірдегі қазақ халқының саяси-экономикалық, тұрмыстық-әлеуметтік, психологиялық-моралдық жағдайларының көркемдік шежіресі жан-жақты бейнеленген романда  ауыл мен  шағын елді мекендердегі  шопандар өмірі, өндіріс орындарындағы жұмысшылар тағдыры, олардағы ұлттық кадрлар мәселелерін шешудегі әділетсіздіктер ақиқаты кәсіби шеберлікпен шынайы суреттеледі.  Қиян шеттегі, қия беттегі жайылымдарға радио, кітап, газет жеткізу керектігі, ауылдық жерлердегі әйелдердің ауыр тұрмыстық жағдайы  секілді толғақты ойлар да жазушы назарынан тыс қалмаған. Небәрі 23 жасар кезінде «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп  ұран тастаған  жас ұланның ұлт пен ұрпақ мәселесін шешетін негізгі тұлға – әйелдердің жағдайы түзелмей елдің ертеңі болмайтынын әр шығармасында ескертіп отыруының өзі оның шын мәніндегі ұлтжанды суреткер екендігінің айғақсыз дәлелі. Жаңа романында көтерілген ауыл адамдарының тұрмысын жақсарту, оларды жалпы адамзаттық мәдениеттің ең жаңа көріністеріне ие ету жолында да ол рухани күресті таңдаған. 1940 жылдары-ақ өндіріс ошақтарына жол тартып, жұмысшы жастардың қатарын ұлт кадрларымен толықтыру , олардың рухани жағдайын жақсарту мәселесін алғаш көтеріп, мемлекет алдына қойған сөз өнерінің ірі өкілі М.Әуезов 1948 жылы өнер қызметкерлерінің республикалық мәжілісіндегі сөзінде: «…По поводу пьес на современные темы, по поводу успешного выполнения тем я бы назвал три необходимых условия. Во-первых, надо глубоко изучить  жизнь. Не изучив жизни, не показа действительности, мы не напишем большого художественного произведения. В частности, прав был тот человек, который говорил: прежде чем ,написать большое художественное произведение, надо знать столько, сколько он должен выпарить из каждой поры вашего организма. Следовательно должны быть накоплены знания, чтобы написать произведение. Вы должны закончивать последнюю строку и чувствовать, что у вас осталось еще много материала  следующего произведения. Вот с таким обогощенным жизненным материалом можно писать большие художественные произведения», – дегені бар (49 томда74 б). Тап осы талаптарды талантты туындыгер өзінің шы ғармашылық өмірбаянында да қатаң сақтап отырғаны хақ. Өмірді білмей, халықтың тұрмыс-жағдайымен жете таныспай, өмірлік мол тәжірибе, терең білім жинамай ешқандай көркем өнер дамымайтынын білгірлікпен дәлелдейді. Білім мен тәжірибе қай саланың да қазына байлығы, таусылмас шикізаты.

Жазушы ойлаған мақсатына жете алмай кеткенімен осы романдағы тың авторлық идеяны, жаңа қаһарман таңдау мен бейнелеудегі көркемдік ұстанымындағы жаңашылдықты, қала мен ауыл проблемаларының алшақтығы мен қайшылықтарын, қоғаммен бірге өзгерген адам санасындағы  қақтығыстарды  батыл көтерген шешімдерін  айту парыз.

Әуезовтің әр кезеңдегі суреткерлік өсу сатылары осылай өмірді тануы мен көркемдік кеңістігінің өрістеуімен, ғылыми ойының кемелденуімен  өзгеше бір эстетикалық  көркемдік тұтастық  әлемін құрайды.  1956 жылы жазған «Өмір мен шығарма»  атты мақаласында: «өмір фактісін білу бар да, тереңдей ұғыну бар», … « қысқасы, бар тынысы балқыған жазушылық жүректен ғана шын шығарма туатынын», «…өзің талдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына шейін түгелімен қиялдап та іштен кешіру шарт», – екенін  өзінің шығармашылық өмірбанындағы әдеби әдістері мен бай тәжірибелері арқылы ақиқаттқа айналдырғаны да анық. (Уақыт және әдебиет.А.1962.395 б) .

Әрбір суреткер әр кейіпкерге табиғи болмыс бітімін, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, сөйлеу мәнерінің ерекшеліктері мен эмоциялық-сезімдік, психологиялық құбылыстардың  құпия қалтарыстарын, ішкі қайшылықтарын қадағалай зерттегенде ғана көркем шындықтың нанымдылығы мен шыншылдығы шынайы көрініс табатынын, жаңа заман тақырыбы мен жаңа кейіпкер мәселесін теориялық және практикалық жағынан шешудегі жазушының шешімі ең алдымен, сол дәуір жүгін көтере алатын кейіпкерді  табу қажеттігі деп біледі.

Осы ретте Әуезов: «Мені әлі де сол бұрынғыша, бүтін бір дәуірлік оқиғаларды терең, мол қамтитын кең құлашты роман қызықтыра береді…Бүгінгі күн тақырыбын игеруге де осындай кең құлашты роман ыңғайлы, заңды сияқты»-дей келе,- «…Заман шындығын, замандас сырын толғайтын тың творчестволық туынды туралы толғаныс үстінде біз жаңа дәстүр жасаудан, кеңқұлашты күрделі роман түрін қалыптастырудан және оны жете меңгеруден бас тартпауымыз керек. Өз геройым туралы да әлі де айтарым көп-ақ, бірақ қанша айтқанмен, тоғысар түйін біреу ғана: мінез парасаты қилы-қилы үлкен тұлғаның бейнесін жасау керек, өйткені алпысыншы жылдардағы совет адамының өзі де дәл осындай»-деп түйін түйеді.

 Ақиқатында, автордың айтқанындай: «…Геройдың интеллектісі -көбінше жазушының өз интеллектінің тереңдігі мен кеңдігінің туындысы» . Олай болса, адам да, шығарма да өз дәуірінің туындысы. Көшпелі дәуірдің кемеңгер тұлғасы Абайды сомдаған суреткер енді өзінің кең тынысты эпикалық стилі арқылы өз замандасының, коммунизмді құрушы жаңа қаһарман образының  жүрегін, жанын, сезімін толқытқан психологиялық толғаныстарын, олардың тағдыры мен ой-санасында жүріп жатқан  сапалық өзгерістерді  тереңдей талдайды.  Адамды социалистік реализмнің жалған әдісіне салып, жағымды және жағымсыз деген тұрпайы түрлерге бөліп бейнелемей, біртұтас көркемдік құндылықта қарастыруды қолдайтын қаламгер бұл шығармасында да кейіпкерлерінің ішкі әлеміне көп мән береді. Әрбір әрекеттің себеп-салдары бар екендігіне мән берсек, ол  сахнада ілулі тұрған мылтықтың қойылым соңына дейін әйтеуір бір атылуы тиістігіндей, шығарма соңына дейін  белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетуі хақ. Ал, оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған қаһарманның ішкі жан әлеміндегі жасырын сырлар, сана қақтығыстары, іс-әрекет қайшылықтары емес пе!

«Егер басқаның жан дүниесін білгің келсе, өз ішіңе үңіл; ал өзіңнің ішкі дүниеңді білгің келсе, өзгелердің жан сезіміне үңіл» деген екен шығыстың дана ақыны Әлішер Науаи, кейіпкерінің жан дүниесін танытпақ болғанда, жазушы өзі де түгел ашыла, ақтарыла суреттеуі , шешілуі тиіс. Жүрекке жүрек ашылғанда ғана ақиқат орнығып, шынайы өмір шығармада нанымдылыққа ие болатынын  Әуезов өз туындыларындағы баяндау структурасы, авторлық  шешім арқылы жақсы танытып отыр. Суркеткердің болмысты көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеруінің кезеңдері «Өскен өркенде» жоғары кәсіби деңгейде өрнектелген. Жалпы шығарманың сәтті, сәтсіздігі суреткердің  интеллектуалдық деңгейіне тікелей байланысты. М.Әуезовтің бұл шығармасында инттеллектуалдық прозаға қойылар басты талап-көргені мен оқығаны көп зиялы жанның баяндаушылық қызметі алдыңғы орынға шыққан. Жазушының өзі мақсат тұтқан кеңес заманының алдыңғы қатарлы басшысының бейнесін сомдау үшін баяндаушының да біліктілігі жоғары болуын көксеп, өз кезеңіндегі барлық саланың жетістері мен кемшіліктерін көңіл көзінен өткізуді мұрат тұтты.

М.Әуезов  осы ретте Абай бейнесін жасаудағы өз тәжірибесі туралы айта келіп: «…Абая я должен, с одной стороны, изображать, как человека, сталкивающего с жизненными фактами, во-вторых, должен показать, как эти жизненные факты откладываются в его душе, и в третьих показать, как это виденное, наблюдаемое, переработанное в его творческой психологии получает творческое воплощение в этом произведении»,-дейді (Архив СП СССР, оп.26, №52, стр 90).

Алайда, алақұйын болып аяқ астынан өзгеріп отыратын саяси ахуалдар  жазушының тыныштықпен шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік бере бермейді. 1951-54 жж. Әуезов саяси-идеология тұрғысынан тағы да қыспаққа алынып, оны «ұлтшыл-алашордашыл» ретінде жаппай сынау науқаны басталады. Оған «қазақ фольклоры мен эпостарындағы Ресейге қарсы жазылған, байшылдықты, батырлықты, ұлттық тәуелсіздікті жырлаған дастандарды жарыққа шығарды, Кенесары-Наурызбай көтерілісін жақтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, ғылымға қарсы Абайдың ақындық мектебі деген бағыт қалыптастырды; «Абай» романында феодализмді мадақтады; Құнанбайды халықтың қайраткері етіп көрсетті, «алашордашылдарды» шығармада жағымды кейіпкер етіп бейнеледі, Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті тарихын бұрмалап жазды» деген сияқты көптеген  айыптар тағылды. Мерзімді баспасөздерде Әуезов туралы сыңаржақ сындар мен «халық жауы» ретінде әшкерелеген мақалалар басылды. Алайда, бұдан зор құқайларды көріп жүрген алашшыл азамат ұлтжандық ұстанымынан айнымай, 1952 жылы Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласында өткен  «Манас»жыры туралы конференцияда сөз сөйлеп, қырғыз халқының ұлы эпосын ақтап алуға зор үлесін қосады. 1953 жылдың сәуір айының соңында қамауға алыну қаупі төнгенде , Мәскеуге жасырын аттанып кетуге, А.Фадеев, К.Симонов, В.Кожевников, Н.Тихонов іспетті орыс жазушыларының көмегіне сүйенуге тура келеді. Мәскеу мемлекеттік университеттің профессоры болып 1953-54 жж. «СССР халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнаулы курс бойынша дәріс береді.

Ұлы жазушының 90 жылдық мерей тойында «Мұхтар Әуезов туралы сөз» деген баяндама жасаған  ақын, ғалым, қайраткер Олжас Сүлейменов («Жұлдыз» журналы.1-қаңтар.1987 ж) Мұхтардың жансебілдігін, жанкешті еңбегін, оның жемісін көре алмаған кейбір көрсоқыр жандардың сорақылықтарын айта келіп: «…54-жылы, опера театрындағы Қазақстан Жазушылар одағының съезінде сөйлеген сөзінде, Қазақстан компартиясы ОК бірінші секретары Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко, өзіне тән турашылдықпен, ғылым мен баспасөздің бұрынғы басшыларына қарата: «Социализм таланттарға аса зәру, сіздер талантты адамдарды іздеп тауып, оларды қолдауға міндетті едіңіздер, оларды кеңес өкіметіне қызмет етуге баулуларыңыз керек еді. Ал, сіздер болсаңыздар, алақандарыңыздағы аз таланттың өзін көрге тоғытып, масқаралап шығардыңыздар, оларға жұдырық сілтеу арқылы, сіздер халықтың болашағын, социализмді соққыға жықтыңыздар»,-деген еді

Сонда, тау қозғалса да қозғалмайтын Сәтбаев, залдың ішінде отырып, өзін – өзі ұстай алмай, алақанымен бетін басты»,- дейді (7 бет). Өзге ұлт өкілінен осындай ұлттың бетіне таңба боларлық сөз естірткен «ел ағаларының» жантүршігерлік масқаралығы бүгінгі ұрпақ алдында айтып ақтала алмайтын ақиқаттығы қаншалықты өкінішті десеңізші.  Шынында да алақандағы аз академиктер – Сәтбаев пен Әуезовті сол кезеңде тұтқындауға ордер де дайындалып қойған еді. Екеуі де өз елінен жасырын Мәскеуге қашып кетпегенде бүгінгі қазақ ғылымы мен көркем сөзі қай қырда қалатыны белгілі еді. Тіпті осы баяндамадағы тағы бір ұлтымыздың ұнжырғасын түсіретін оқиға туралы айтқанда опасыздықтың неше түрі болатынына таңғалмасқа шараң қалмайды: «1987 жылы Қазақстан Жазушылар Одағынан «Дружба народов» журналы жеке басқа табыну тұсында жапа шеккен жазушылардың тізімін сұратып отыр. Солардың ішіндегі ең ұзақ тізімді біздің жазушылар мекемесі беретіндігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды». Бұл факті де біздің ұлттың жылқы мінездес, яғни алыс жүрсе кісінесіп, жақын жүрсе тістесетін, Абай айтқан «қазақтың жауы қазақ» болып шығатынын тағы бір дәлелдегендей.

М.Әуезовке жасалған қуғындау қазақ әдебиетіне де жасалған қиянат еді.  Соның салдарынан суреткер шығармашылық жоспарларын уақытша тоқтатуға, аяқталуға тиіс роман-эпопеясын  сыдыртып қоя тұруына тура келді.Тек 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, ақпан айының ортасында ғана жанкешті еңбектің арқасында «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтайды. 1955 жылдан бастап қана Әуезов өмірінің ең шуақты кезеңін басынан кешіре бастайды. Ал, оның себебін жазушының осы кезеңдегі бақытты шағының тірі куәгері болған стенаграфистикасы Данагүл Байқадамованың («Мен білетін Әуезов».-А: «Өлке», 2006.-192 бет ) бір үзік сыры  ашып береді:

«…Ертеңгі сағат алтыдан, март айының 22-23 күндері звандап:

– Келіп кетіңізші, түнімен ұйықтағам жоқ…-дегенде «не боп қалды» деп жүгіріп жеттім. Есікті ашқан Мұхаң құшақтай алғанда, жүрегі дүк-дүк ұрғанынан «бір қуаныш бар ма» деп қалдым.

-Тісіңізден шығармаңыз!..Түнде телефон соқты Москвадан, комиссия қарап, менің романыма лауреаттық беретін болыпты… Әлі әйгіленбеген, тек қаралған. Шын достар қуантып, хабарлап жатыр. Партияның менің еңбегіме берген бағасы өзінен басқа, лауреат деген атақ «саған ешкімнің қолы батпайды» деген гарантиясы. Түрменің темір қақпасы мәңгі жабылды деген осы!-деп көзіне қуаныш жасын алып, – ақымақтар менің еңбегіме – үкімші, мен – ақталушы болып өліп едім. Партия, партия ғой, ғаділ бағасын берді ғой,-деп телефонның құлағына мінді…» /114 б/.  Шын мәніндегі «ақ түйенің қарны ақтарылған» деген  осы шығар?. Ұлт алдындағы ұлы мұраттарды орындау жолында неге болса да ұстамдылық көрсетіп келген ұлы адамның жас балаша аспанға секіріп қуанған сәтіне куә болған ол осыншама ауыр жүкті қалай көтеріп келгеніне қайран қалады. Шығармашылық тұлға үшін ой бостандығы мен рух тәуелсіздігіне жетер не бар екен?

Ұлт, қоғам, ұрпақтың тағдыры мен келешегіне енжар қарай алмайтын, оның жолында қандай қиындыққа да шыдас беретін шынайы талант иелері ғана өз жұртына жүрек жарды сөзін айтып, таза сезімімен елдің, оқырманының ойына қозғау салып отырады. М.Әуезов тап осындай ұлтжанды шын мәніндегі дарынды дара тұлға-тын.

«Қазіргі роман және оның геройы» деген мақаласында: «… Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл; содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін…»,-деп өзінің ішкі құпия сырларын ақтарыла айтуы да соның айқын дәлелі.

М.Әуезов «Өскен өркенге » өзек болар өмір шындығы мен жаңа кейіпкер тағдырын іздеп Оңтүстік өңіріне 1959-1961 жылдары бірнеше рет, ал 1960  жылдың мамырында, соңғы рет 1961 жылдың сәуірінде сапар шегіп, 4 очерк, 2 әңгіме жазады. Келешектегі күрделі көркем шығармасына барлау жасалған бұл дүниелерде де қаламгер іздеген жаңа қаһарман бейнесі сомдалған. «Өскен өркен» романының мазмұн күрделілігі, мағынасының көпқабаттылығы ондағы баяндау жоспарына да тығыз байланыстылығы осынау ойлы очерктердегі  эскизі жасалып, олардың астары ашылмай жатқан сезімдік-экспрессивтік қызметтерінде көрініс табады. Алайда, олардың бәрі автор жоспарлағандай инттеллектуалдық деңгейде, шынайы көркем сөз шеберлігінде, биік көркемдік әлемде ашылмай қалғаны аян.

Осы орайда  сапарлас, пікірлес болған Жұмабай Еділбайдың «Ұмытылмас сәттер» атты естелігіндегі мына сөздер біздің ойымызды толықтырып, нақты деректермен дәйектей түседі: «…1961 жылы апрель айында жолыққанда оңтүстікке жол жүргелі отырғанын айтып: «…Замандастар жайлы жазатын жаңа кітабым ертелі-кеш тыным бермейді» (198 б). Суреткердің соңғы он жыл бойы жазылған ғылыми зерттеулерінде де, мақалаларында да осы ойлар үнемі айтылып, жазылып жатады. Бұл жазушының ойында ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізілген ізденісті, тақырып төңірегіндегі тынымсыз толғанысты, үзілмеген шығармашылық үдерісті көрсетеді.

Міне, осынау шығармашылық мазасыздық «Өскен өркен» романының тез жазылуына, айтпағын асығыс жеткізуіне себеп болды. Әсіресе, елдің үлкен өркениетке қадам басқанын көрсететін ірі өндіріс орындары бар қалалардың  бой түзеп, оларда мәдениет мекемелерінің,  өнер ордаларының орын алуына шын ниетпен қуанып, әдемі әсерлерін «Өскен өркенде» кеңінен жазылды да.  Сөз арасында қаланың жақсы тәртіппен салынып жатқанын, жалпы келешегін ойлаған халық мәдениеттің, ғылымның, өндірістің ірі рухани орталығы болатын  қалалардың құрылысын бей-берекет  салынуына жол берілмеуі керектігін қала басшыларына құлаққағыс ете отырып, кейін романда да оны мемлекеттік деңгейдегі мәселе  деңгейіне көтереді. Сонымен бірге барлық салада ұлттық кадрлар даярлау, жас мамандардың тұрақтауы, малшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту  секілді күрделі мәселелерді де жазушы әрбір сөйлеген сөздерінде ойға салып отырды : «…менің геройларым мал да бағады, мақта да өсіреді, әйтеуір шаруашылық пен мәдениет құрылыстарының бәріне араласады», «…олар балалар бағын да, облыстың жетіжылдықтағы социалистік міндеттемесін де орындайды. Бұл адамдар-заводтардың, аудандық партия комитеттерінің, обкомдардың, халық шаруашылығы советтерінің қызметкерлері, тың көтерушілер», «.. көбі саяси һәм қоғам қайраткерлері. Оқиға-қаракет барысында олар жиналыстарда, конференцияларда сөз сөйлейді, шаруашылық, саяси мәселелерді шешеді» («Қазіргі роман және оның геройы»).

Бұл пікір жазушы көздеген мақсатының  кейіпкерлер тағдыры арқылы романда көркем мәтінге айналғандығын анықтайды. Осы  романның жазылу тарихына, кейіпкерлер тағдырына қатысты жазушының өз жолжазбалары, сапарнамалары, хаттары, қойын дәптерлері, романның алғашқы нұсқалары және онымен серіктес, сапарлас болған замандастарының, әріптестерінің, кейіпкер прототиптерінің естеліктерінде осы мазмұндас қаншама мәтіндер, тарихи құжаттар,  әдеби деректер,  ғылыми мәліметтер  баршылық.

Өз заманының ұраны болып күн тәртібінен түспеген жетіжылдықтың жемістері жайлы 4 кітаптан тұратын кітабына  кең эпикалық ауқымды қамтитын кеңестік дәуір тарихын жазуды жоспарлаған жазушы сандық көрсеткіштерді  желбіреткен жеңіл жолмен емес тек өзіне тән биік көркемдік-эстетикалық талғам, биік интеллектуалдық деңгеймен кейіпкерлерінің ішкі жан дүниелеріндегі жаңа психологиялық құбылыстарды, советтік идеологиямен тәрбиеленген адами қасиеттерін, тәрбие, мінез-болмысындағы  ерекшеліктерді зерттеуге  зейін қояды. Қоғаммен бірге өзгерген адамның санасындағы өзгерістерге мән береді. Жаңа заманның саяси және қоғам қайраткерлерінің , зиялы қауым өкілдерінің бейнесін сомдайды.

Жалғандыққа жаны қас жазушыны Қазақстан қалалары мен ірі өндіріс орындарының қарыштап дамуы дарынына дем беріп, қаламгерлік қуатына қарқын қосады. Қаламгердің қазақ халқының осынау қарыштап дамығанын өз көзімен көріп,  жүрегімен сезінуі үшін де бәлкім,  таза жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын Оңтүстік облысты таңдауы да тегін емес-ау деген ой келеді, кейде.

Л.Н.Толстойдың «О литературе» (статьи, письма, дневники. Госиздхудлитр. Москва,1955.760 стр) деген көлемді еңбегінің  «Литературно-эстетические взгляды Л.Н.Толстого» деген кіріспесінде ұлы жазушының 1909 жылы күнделігіне жазған мынадай сөзі келтіріледі: «Произведение искусства только тогда настоящее, когда воспринимающий не может себе представить ничего иного, как именно то самое, что он видит, или слышит, или понимает. Когда воспринимающий испытывает чувство, подобное воспоминанию,- что это, мол, уже было, и много раз, что он знал это давно, только не умел сказать, а вот ему и высказали его самого». Л.Толстойдың адамның рухани қызметінің ерекше түрі болып танылатын әдеби шығармашылықтың оқырманға әсері туралы  бұл сөзі М.Әуезовтің өз заманының шындығын шын пейілмен қабылдап, жазуы арқылы «Өскен өркендегі» көркемдік шешім де  шынайылығымен оқырман ойынан шыққандығын дәлелдеп, ұғындырады . Көркем әдебиетте қоғамдық сананың айрықша көрінісі екендігі, сөз өнерінің әсіресе  кеңестік кезеңде идеологияның басты қаруы болғаны  белгілі. Ал М.Әуезовтей суреткерлік шеберлігі сирек таланттардың қай тақырыптағы туындылары да  талай әлеуметтік талғам сүзгісі мен тарих сынағынан өзінің инттеллектуалдық өресімен өте алатынын уақыт төреші айқындап келеді.

Суреткер осы сапарында бір тұтас ұлы «кеңес» денесінде күре тамыр болып бүкіл жұрттың біркісідей қимылдап, еңбек етіп жатқанын, сол ерен еңбектің арқасында өздері де қоғам үшін күресе білетін сауатты, күрескер елге айналғанын көріп, жүрегі толқиды. Жазушы өзі мен өз замандастарының  осы ұлт тағдыры, оның бақытты келешегі жолындағы күрескерлік еңбегінің , қуғын-сүргінде көрген небір азаптарының бүгін бір жемісі мен жеңісін көргендей ерекше бір желпіністе, шабыттың шарықтау шегінде болуы табиғи заңдылық та .Оның: «Шымкенттен шығып, облыс аудандарын аралауға беттегенде, біздің сапарымыздың өзі де барған сайын қызуы, қызығы үдей, дами түскен кейбір оқиғалы шығарманың бітім-болмысы тәрізденді»,- деуі де бекер емес (119 б, «Оңтүстік сапарында»).

Әсіресе, Әуезовті ерекше әсерге бөлеген жәйт -10 жыл ішінде көңіл мен көзді қызықтыра қуантқандай болып туған тамаша қала Кентаудың әсем көркі мен архитектуралық  әсем стильмен салынған айшығы. Алматы  турасындағы бірнеше мақалаларында сынға ұшыраған қаланың жүйелі жоспармен салыну мәселесі мұнда оң шешім тауып, кәсіби білгірлікпен, көркем- эстетикалық талғаммен орындалған сыңайлы. Бір түзу көше бойында көз сүйсінерліктей    архитектуралық ерекше ансамбль айшықтарымен айрықша көзге түсетін жаңа әрі жас қаланың мәдени болмысы қаламгерді қатты толқытады. Сондықтан да суреткер «Оңтүстік сапарының»                                  «ІІІ.Қаратау тәжі-Кентау» деген тарауында ертегідей екпіндеп өскен қаланы: «Жас қала болса да, балғын, жақсы көрікпен жайғасқан жұрттың қадірлі, мол мекенін айқын танытады.: Сонда арғы-бергі замандарда болып өтті деген Саудакент, Құмкент,тағы әлденеше «кенттердің» бәрінің дәуірін өткен-кеткен аңызға айналдырған қиялдың біздің социалистік алтын дәуірімізде ақталған арманы-осы өскелең қаланың өзіндей»,- деп толғануы да нанымды (138).   Және қала құрылысына қатысты  ойын бөліскенде   ел басшыларына ескертіп: «Облыс орталығы Шымкент қана емес, Қазақстанның өнерлі үлкен астанасы Алматының өзінде де дәл осындай, Алтынсарин атындағы мектептей қазақ мектебін көрген емеспіз» деп жоғары баға беруі жазушының жүрек түкпіріндегі қалалы жерлерде қазақ мектептерінің тапшылығы турасындағы қасіретінен хабар бергендей (140). Елі мен жеріне қатысты қай мәселеге елгезектік танытатын тұлға еңбек адамдарының тағдырына да енжар қарамайды. Очерктің «ІҮ.Баға жетпес қасиеттер жайында» деген тарауында: «Басқа көп еңбек майдандарындай, мал айналасындағы еңбектің де анық үлкен геройлықты, қажымас қажыр қайратты , қала берсе, отаншыл зор азаматтық сананы талап ететін талай қысталаң қиын шақтары болады. Осындай ойдың өте айқын бір мысалдарын біз Шәуілдір ауданында еске көбірек алдық»,-дейді /143 /.

Шәуілдір өлкесінің өн бойында  үздіксіз соғып тұратын қара дауыл, қайсар жел болатынын, оның кейде апталар бойы азынап соғып, адам мен мал жайын біраз қиындыққа ұшыратынын жазушы осы өлкенің бір ерекшелігі ретінде атайды. Мал шаруашылығымен, әсіресе күтімі күрделі қаракөл малын өсіретін Шәуілдірде шаруа жасау түгілі тұрудың өзі ерлік екендігін ескерсек, жазушы естіген, кейін «Өскен өркен» романының оқиғасы мен кейіпкерлер тағдырына айналған -шопандардың ерлігі біле білген кісіге Э.Хемингуэйдің Сантьяго атты балықшы шалының ерлігінің қасында нағыз қаһармандық  дерсіз. Сантьяго  бас амандығы үшін алып балықтармен алысса,  М.Әуезовтің  Шәуілдірдің жап-жас шопаны Төлеген Бойтанов совхоздың 100 қойын қақаған қыста, құтырған дауылда 18 күн мен түн бойы жалғыз өзі шығын шығармай аман алып қалуын қандай  ерлікке баласақ та ерсі емес.  Жапан түзде жалғыз болса да сенім мен үміттен арылмаған асқақ рухты азаматтың ерлігі жайлы ұлы суреткер керемет көркем шығарма жазуды жоспарлағаны да байқалады.

100 қойымен 18 күн қыстың көзі қырауда жалғыз қалған  Бойтанов Төлегеннің Социалистік Еңбек Ері деген Отанымыздың жоғары атағын алуы сөз жоқ суреткерді мақтаныш сезіміне бөлейді. Жазушы тап осындай оқиғалы тағдырды малы көп облыстың бірі Гурьев облысында қысқы боранда  аяғы ауыр шопан әйелдің 6 күн,6 түн бойында қоймен бірге ығып, ақыры күн ашылғанда малын аман алып қайтуын естігенде бейбіт ерліктің иелері туралы жазуды борышы санайды.  Ерлікті тек қан майданнан  емес, иегінің астынан, яғни ел ішінен іздеу керектігін еске салады, бұл оқиғалар.   Дүниедегі ең ірі ерлік өзіңді-өзің жеңу болса бұл екі кейіпкер де өздерінің ішкі үрейлерін жеңудің арқасында ғажайып ерлікке жетіп отыр емес пе?

Ол жөнінде жазушының өзі де былай толғанады: «Шәуілдірдің шопан ері Төлегендер жайлы қандай қалың, оқиғалы, қызық тартысты романдар болса да, олардың талай беттерінде оқушыны толқыта толтырар мәні-нәрі бар дерсің! Кейде тіпті Хемингуэйдің бүгінгі бар әлем оқушысы таңырқай даңқтандырып жүрген «Шал мен теңіз» романына барабар тартыс жаңағы аталған адамдар жайынан да танылып тұрған жоқ па!»,-дейді /145/. Олай болса, қазақтың сөз өнерінің құнарлы топырағында өсіп, оны қайта түлетудің таңғажайып үлгісін «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлемге танытқан М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы – кеңестік дәуірдің жасампаз жаңа қаһармандарының бейбіт еңбек ерліктерінің көркем шежіресі екендігі сөзсіз. Әр шығарма жазушының ұзақ жылғы ізденістері мен толғаныстарының туындысы. Сөз өнерінің құдіретін білетін кемеңгер суреткер өзінің әрбір көркем туындысы арқылы қоғамдық ойға қозғау салып, ұлты мен ұрпағына ненің жақсы, ненің жаман екендігін ұқтыра алса одан өткен қандай бақ болуы мүмкін? М.Әуезов, міне осындай ұлылыққа ие әлемдік дара тұлға.

Әуезов шығармаларының жазылу себептері мен тарихын зерттеу әрқашан ізденушісін жаңа да тың ойларға жетелеп, қызғылықты жәйттерге кезіктірері хақ. Жазушы мұрағаттарындағы құнды құжаттар, небір құпия сырларға толы қойын дәптерлер сыры, жолжазбалардағы жасырын ойлар, сапарнамалардағы сыр бүккен бүктеме ойлар, әр оқылған кітаптар мен қолжазбалардың бір шетіне қонжиып қонған «керек», «кейін қараймындардың» қатпарындағы тереңге тартқан ойлар, араб, орыс, қазақ жазуларындағы ой түрткілер,  бәрі де бүгінгі оқырман үшін қызық әрі тағлымды. Мұнда ашылмай жатқан аралдар, ақтарылмай жатқан қаншама сырлар бар.

Бұлардың бәрі Л.Н.Толстойдың: «Как ни странно это сказать, а художество требует еще гораздо большей точности, чем науки»,-дегеніндей, бір ғана «Өскен өркенді» жазу барысындағы  нағыз жанкешті шығармашылық ерлікті, тынымсыз ізденісті танытады емес пе? (М.Альтманның «Читая Толстого»,Тула-1966.167-с, 120-стр.). Ал, «Абай жолы» роман-эпопеясын жазудағы 20 жылға жуық табанды еңбегінің тағлымды тәжірибесі ше?

Ұлтжандылық қасиеттен туатын осынау суреткерлік қырағылық, ел үшін атқарылып жатқан істердің ешқайсысын елеусіз қалдырмай ел ағасы ретінде пікір білдіріп отыру  үшін де өре, өз елі мен ұлтын өліп-өшіп сүйе алатын патриоттық сезім керек. Ұлттық мүдде тақырыбына белсенді  қалам тартқан қаламгердің күнделікті ағымдағы құбылыстарға да тез үн қату, пікір айтуды парызы санаған.

Шілтерханов Әдірамның (Шығармаларының екі томдық жинағы.-1 том) хикаяттар мен этнографиялық әңгімелеріндегі қызғылықты деректің бірі (Ол сапардағы жолсеріктері-Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы-Қаржау Жарқынбеков, Шаян аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы-Мұхлиса Шакирова, аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы-Қалыбек Манасов, журналист Алтынбек Жолдасбеков 234 б) – малдың қоңдылығына қызыққан қаламгерге Дөңбай шопанның мойнына қоңырау ілген серке қойдың сырын көне замандағы Әбу Ибн Синаның түрлі әуен шығаратын жез қоңырауларды әр түйеге тақтырып жел мен ойсылқараның маң-маң басқан ырғағымен даланы күйге бөлейтін аңызбен байланыстыра баяндауы. Және бұл тәсілдің  малды шашыратпай жинақы ұстауда әрі ұры-қарыдан қорғап, ұзаққа кетпейтінін , олардың жергілікті жердегі  қандай шөптерді сүйсініп жейтіндерін ,  табиғаттың төрт мезгіліндегі қиындықтарға да төтеп беретін төл бағудың қыр-сырын ашқан бай тәжірибесі суреткерді ерекше сүйсінтеді.  Шопанның үйін көріп, тұрмысымен танысу жоспарында болған жазушы жер, су, мал, шаруа адамның жағдайын терең біліп, табиғаттың тілін жақсы түсінетін даланың данагөй қарты Дөңбайдың тартымды әңгімесінен көп тағлым алған жазушы «Өскен өркен» романында  «Ноян ауданының үлкен абырой алып жүрген шопаны» деп дәріптеп жазады. Шынында да кейін Дөңбай шопанның еліміздің ең жоғары наградасын иеленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланады. Бұл жөніндегі оқиға осы кітапта жан-жақты баяндалған /238 б/. Қарт шопанның аузынан малдың қай шөпті қай мезгілде сүйсіне жейтінін, олардың қоңды болуының құпиясы неде екенін, табиғаттың қандай құбылыстарынан қалай қорғанудың жолдары бар екен деген мәліметтерге де әбден қанық болады. Оңтүстік өңіріне тән түрлі шөптердің  аттарын тізіп, табиғатын таниды. Солардың бәрі кейін көркем шығарманың көркін ендіріп, оқушысын ойға қалдырды. М.Әуезовті  елді мекендердегі мал шаруашылығының жай-күйі, ондағы шаруа адамдардың тағдыры, оларға жасалып отырған қамқорлықтың баяндылығы қызықтырды. Сондықтан барған жерінде шопан балаларының жататын , жуынатын, демалатын, ас ішетін бөлмелерінің барлығы, мектеп-интернаттағы оларға жасалып отырған қамқорлықтың деңгейі  секілді өзгеге ұсақ болғанмен өз ұрпағы үшін өзекті деген мәселелер төңірегінде аудан, облыс басшыларына орынды сауалдар тастап,  олардан нәтиже шығаруды талап етіп отырды. Кейін бұлардың бәрі «Өскен өркеннің» көркемдік әдемінде бүкіл қазақ ауылының ауыр тағдыры, әлеуметтік тұрмыстық жағдайы, оларға жасалып отырған партиялық қамқорлықтың жетістігі мен  жетімсіздігі ретінде күрделі мәселеге айналғаны ақиқат.

Өз заманының  нағыз шындығын дәл тауып, тану үшін  әрбір детальға,  дерек көздеріне, өмірлік фактілерге өмір беру керектігін тереңнен сезінген суреткер М.Әуезов өз туындыларында оларды  тізбелеп, тірілтуді емес,  күрделі сезім қайшылықтарынан тұратын ұлы тартысты талап еткен.

Жазушының «Өскен өркен» романына жинаған материалдар мен дерек көздеріне бір сәт көңіл бөліңіз сандық көрсеткіштерден көзіңіз сүрінеді. Суреткерлік сүзгісінен  соң сұрыпталып қалғаны да қаншама? Астың дәмін кіргізетін тұз секілді   өнер туындысының өзегі де – тарихи дерек, өмірлік факт екендігін жақсы білетін М.Әуезов «Өскен өркен» романын жазу барысында жинаған мәліметтері әрине мол. Кейіпкерлерінің тағдырын, өмірін, күресін, өскен ортасын, кешкен тіршілігін нақты деректер арқылы тарихи жағынан дәл және нанымды етіп суреттеу суреткер үшін үлкен жауапкершілік .

«Өскен өркен» романы мен «Оңтүстік сапары» атты очеркіндегі ұлттық мүдде мәселелері » деген тарауда ұлы суреткердің осы романды жазудағы жоспары, мақсаты, шығармашылық психологиясы мен жазылу тарихы, осы реттегі ізденістері жөніндегі мәселелерге тоқтала келіп, енді осы шығарма өзегіне айналған ,бірақ бұрындары арнайы  қарастырылмаған ұлттық мүдде, ұлттық кадр, ұлт пен ұрпақ тағдырына жауапты әйел-ана тағдыры, қазақ тілі сынды ұлттық құндылықтарымызға тікелей қатысты жазушының құнды ой-пікірлеріне тоқталмақпыз.

«Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деген  В.Гюгоның сөзін еске алсақ, М.Әуезов өзінің тарихтағы ескерткішін ел қамы, ұлт мүддесі, қазақ тілі мен қазақ мамандары мен қазақ әйелдерінің  тағдыры, жалпы ұлттық руханият саласындағы салиқалы ойларымен салып кеткен суреткер.

Ұлт барда ұлттық мүдде, ұлттық руханият, ұлттық құндылықтар деген түсініктер қатар жүреді. Ал, М.Әуезовтің зерттеулері мен көркем шығармаларындағы басты мұрат та –осы ел егемендігі мен ұлт тәуелсіздігін құрайтын ұлттық құндылықтар. Оны бүгінгі күн тұрғысынан тану үшін  «Оңтүстік күнделігіндегі» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 40-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2009.-280 бет) (137-239 беттер)  жазушы ойларына қайта бір ой жіберу қажет-ақ. Мұндағы мақсат-жазушының негізгі ұстанымы мен көркем шығармаларында көкселген ұлттық құндылықтардың «Өскен өркен» романында қалай жалғасын тауып, өміршеңдігін танытуын өз тарапымыздан талдауға талпыныс .

Ұлы тұлғаның ұлт тағдырын құрайтын кадр даярлау, қазақ өмірі мен тұрмысындағы кез-келген кәсіпте жергілікті халық өкілдерінің басым болуы және олардың жәй қарапайым жұмысшы емес, білікті де білгір басшылық қызметтерге тартылуы керектігі секілді мәселелерді  жолжазбаларында ашық жазғанын аңғаруға болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлы Абай дәуірі туралы жинаған тарихи деректерінің өзінде де ұлт мәселелеріне, ондағы ұлт саны мен оның тізгінін ұстар кадрлар жайына аса мән бергенін байқаймыз. «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» деген монографиялық зерттеуінде М.Әуезов  Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, сол кезеңдегі қоғамдық қарым-қатынас,  ондағы отарлау саясатын ойдағыдай жүргізу үшін патша өкіметі қазақ жайлаған өлкелерге мемлекет аппаратын құрып, ХІХ ғасырдың орта кезіне дейінгі жүргізіліп келген   округтерге бөлінуі шегеріліп,1868 жылғы жаңа тәртіп бойынша, қазақ даласындағы патшалықтың әкімшілік аппаратының басқа түрлі болғандығын тілге тиек ете отырып, 1870-1880 жылдары қазақ қалаларында (Орынбор, Омск т.б) орысша оқытатын училище, түрлі деңгейдегі мектептердің көптеп салыну себептерін ашып, былай түсіндіреді: «..Бірақ, патшалық өкіметтің бұл школдарында қазақ баласын оқытудағы ниеті қараңғы елді ағарту емес, өзінің ояздық, облыстық, чиновниктік кеңселеріне жергілікті халықтан көмекші боларлық тілмәштар, ұсақ чиновниктер әзірлеп алу мақсаты ғана болатын» /22 б/. Сөйтіп, патшалық отарлау саясаты қазақ халқының ең шұрайлы жерін ғана емес, санасын да отарлап, тілмәштықтан арыға жібермей рухани құлдықта ұстауды мұрат тұтқанын ұғындырады .

Осындайда ойыңа Анахарсистің: « …Митилен жұрты өздерінен сырттай бастаған одақтастарын бағындырып алған соң, олардың балаларын оқытпауды, ештеңеге үйретпеуді үкім еткен. Оларды (жауларын) надандықта қалдырудан асқан құлдықта ұстаудың ұтымды жолын таппаған», «Надандық-құлдық.Ұлттың санасыздығы-ұлттың құлдығы»,- деген  сөзі оралады . Абайдың « хакім дегендер әрбір істің себебін іздеушілер» , (Абай 38 сөз) деген даналығынан дәріс алған  Мұхтар Әуезов те  өз ұлтының  ойшыл-хакімі ретінде қазақты қараңғылықта ұстап келген, оқығандарын басшы іске араластырмай, ойы озығын, бас көтерер рухани көсемдерін толқын-толқынымен саяси қуғын-сүргінге ұрындырып, жан түршігерлік  үрейде  ұстаған отаршылдықтың  саяси әрекеттерін әшкерелеп, елінің санасын оятуды парыз санаған. Халықты ұлт деңгейіне көтеруді көксеп,  ой мен сана мәдениетіне үлес қосты. Көркем шығармалары мен әдеби зерттеулерінде Алаштық рухтан арылмаған Мұхтар Әуезовтің ұлттық мүддені басты назарда ұстап отырғанын осы «Оңтүстік күнделіктері» («Өскен өркен» романының деректері) »  деген  жолжазбасы тағы бір дәлелдеді. Оған көз жеткізу үшін жолжазбадағы  139 беттегі сандар сырына үңілейік:

«…Цех бастығы жалғыз-ақ қазақ. Қобдабергенов. Сауық, кружок, қазақтан мүлде жоқ. Оларды ешкім тыңдамайды дейді…Киоскаларда «Қазақ әдебиеті» жоқ. Сейфуллин кітабын қырғын очердпен алдық. Қазақ тілінде ешкім сөйлемейді… сөйлесе аудару жоқ. Жас кадрды тәрбиелеу, өсіру жоқ ….» ,-деген үзік-үзік ойлар кім-кімді де ойландырары хақ (148 б) .

Жазушыны толғандырып отырған ұлттық кадрлар тағдыры және ол олқылықтардың бәрі жұмысшылар тарапынан айтылған. Жазылу стиліне қарағанда елден естіген сөздер, «..қырғын очердпен алдық» деген сыңайлы ауыз екі сөйлеу тілінен  байқалады. Өз елінде отырып өзге ұлт өкілдерінен көрген өктемдік,  барлық жеңілдіктерден қағу,  басшы қызметке тартпау, билік бермеу, орыс тілін білмейсің деп кемсіту, олардың кәсіби деңгейінің өсуіне  жанашырлық танытпау секілді толып жатқан тарихи фактілер жолжазбада жетерлік.

Асығыс түскен тіркестердің өзі кеңестік кезеңдегі отаршыл саясаттың салқынын, жергілікті жұрт пен жазушы жүрегіне түскен салмақтың қаншалықты ауырлығын сездіртеді. Оңтүстік сапарында көзімен көріп, көңілімен куә болған кемшіліктердің келешектегі көркем шығармасына енбесін сезсе де ұлт тағдырына қатысты құнды ой қозғауға тамызық болар тарихи деректер  ретінде тізіп отырғаны анық. Үнемі бақылауда отырған жазушының бұл деректерді жинауының өзі ерлік еді, ол кезде. «Оңтүстік күнделігіндегі» сырын бүккен цифрлар тек бүгінгі тіліміздің тұсауы кесіліп, рухани еркіндікке ие болған тәуелсіздік тұсында ғана ол шындықтың ақиқаты айтылып, жабық тақырыптар жарияланып жатыр емес пе?.Қарапайым жұмысшылар емес, елдің ар-ұятына айналған атақты жазушы, сол кезеңдегі ең ірі мемлекеттік наградалар Лениндік және Сталиндік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Әуезовтің өзі жазып алғанымен жариялауға жүрегі дауаламай, жинаған деректерде жабық күйінде қалған көлеңкелі жәйттердің басына бүгін күн түспегенде қашан түсуі тиіс?. Кемеңгердің көңілін күпті етіп, еңсесін езген ел мүддесі, ұлт тағдыры, ұрпақ келешегі, кадр мәселесі  төмендегідей түйіндерде тізбектеліп, оқырманын еріксіз ойға тірейді:

«Байділдаев Орынбек 12 жылдан бері смена мастері, өзгермейді. Неге оқытпайды, өсірмейді. 1935 жылдан істеп келеді. Кешкі техникумда оқиды. Без отрыва, веч. Политехникум, тоғыз жыл оқыды, бітіртпейді. Оқуға барарында орнында істейтін адам болмай қалады. Кадр, директор, начцехтар жауапты» (148 б). Жазушы өз тарапынан кеңінен толғайтын түсінік (комментарий) бермесе де әрбір сөз-демінен, ондағы дауыс, дыбыс ырғағынан, сырын ішке бүккен әрбір үтір, деректік деталь, нық қойылған нүктенің өзінен  өзегін өртеген өкініш пен ыза ызғары сезіледі емес пе? Байділдаевтың  12 жылдан бері  қызметінің  өспеуі – жол кесудің, өсірмеудің амалы. Байділдаевтың тағдыры – қазақтың тағдыры, ұлт кадрының тағдыры. Сегіз сөйлемге коммунизмге, интернационализмге, теңдікке, жарқын болашаққа үкілі үмітін артқан бүкіл қазақтың тағдыры сыйған.

«Өскен өркен» романының жазылу барысы жөніндегі ғылыми түсінігінде Т.Әкімов те жазушының ұлт кадры мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігі, алайда шығарманың жазылу барысында өзі көріп куә болған мәселелердің  көбі алынып тасталғанын  мұрағаттағы құжаттар  негізінде мәлімдейді: «…Осындай шындықтарды ақтара ашып суреттеген тұстары роман жеке кітап болып басылғанда да, одан кейінгі жинақтарда да қамтылмай, қысқарып қалды. Оған кітапты дайындаушылардың мұндай жайттар өз уақытының талап-тілегіне қайшы келеді деген көзқарасы себеп болған. Сонда: «Бұл жайдан басқа да Карпов танысып келе жатқан деректерде тағы бір ұдайы көрініп отыратын бір жағдай бар» деген жолдардан бастап, «…Осы күнде бірнеше жас инженерлер қазырдың өзінде кей цехтарда қара жұмысшыға жақын қызметте көптеп ұсталып келеді» («Жазушы».1980.7-т.174 –б) дегенге дейінгі аралықтағы мәтіндер жіберуге болмайды деп, сызылып тасталған. Одан ары кейбір сөйлемдерге мына төмендегідей өзгерістер енгізілген: «Ал зауыттың тарихын алсақ, алғашқы жылдарында бері де, көп уақыттарға дейін мұнда жергілікті қызметкерлер, жұмысшылар проценті бүгінгіден әлдеқайда артық болған» – «Сондықтан да соңғы бес-алты жыл бойында осы заводта, бір цехта бірде-бір қазақтан шыққан, завод өсірген адам жоқ деген» (174-175-бб); сияқты көптеген өзгерген мәтіндерді (175-176 бб, 176-177 бб,177 б,177-181 бб) мысалға ала отырып, «Бұлар жиырма томдық жинағында қалпына келтірілгенмен, түсініктерінде оның мән-жайы туралы сөз болмады, бұл осылай елеусіз кете берсін дегенді ойлағандықтан туған жайт еді.

Жалпы, шығарманың алдын ала бес тарауға бөлінген жобасындағы көріністер мен роман өзегіне айналып үлгерген желілердің арасында көзге ұрарлықтай айырмашылық байқалмайды, тек көп тұстарының әлі де жазылмағаны, жазылды дегендерінің өзі пысықталып, жетер жеріне жетпегені аңғарылады» (М.Әуезов .Шығармаларының елу томдық толық жинағы.39-т.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2009.-296 бет.289 б).  Зерттеуші Т.Әкімов суреткердің  күнделіктері мен жолжазбаларындағы деректер мен олардың шығармадағы бой көрсетулерінің арасындағы айырмашылықтардың барлығын анықтай отырып, бүктеуі жазылмаған ойлардың, сыры ашылмаған сандық көрсеткіштердің көптігін мегзейді.

Енді «Оңтүстік күнделіктеріндегі» жазушының жолжазбаларына қайта оралсақ : «3.Аглоцех 33-тен бес смен. 400-ге жуық …..қол күші тегіс қазақ. (Көрдіңіз бе, жазушы көңілін аударған сандар қалай сөйлейді?. Осындағы әрбір цифр, сан көрсеткіштері ұлтжанды  тұлғаның жанын жаралап, намысына тиіп отырғанын  аңғартпай ма ?) Және осы бетте : «Он жеті партия ұйымы бар, біреуі қазақ емес. Директор, замком. Сухов, отдел кадрде Сивков, парткомда Бондаренко, тегіс бір адам жоқ (осынау толық айтылмай қалған жолдарды толықтырып жіберсек, «тегіс орыстар, бір қазақ жоқ» болып шыға келмей ме? Жазушы жолжазбалары жол жөнекей асығыс жазылған. Қаламгер толық жазуды мақсат етпеген де болуы мүмкін,  кейін бүктеулі ойдың бүкпесін жазып алармын деген ой болуы да кәдік. Жалғасын оқып көрелік: «Бас инженер орынбасары – Малкин, Великов – пәтер бөлімі бастығы. Квитко (әйел), отдел труда, Линчевский-еңбек, жалақы, еңбек бақылау, отдел труда и зарплаты…» (147 б).

Көрдіңіз бе, бәрі кімнің билігінде болған?. Жайлы орын, басшылық қызмет, билік те, пәтер де, жалақы да, еңбекті бақылау, бәрі де бөгде жұрттың қолында. Қаламгердің қытығына тиген де осы қиянаттар. Бүкіл қазақтың қасіретін өзінің қасіреті деп ұғатын ұлтжанды перзентті осы цифрлар қатты қапаландырғаны байқалады. Міне осы жайды жазушы романда облыс хатщысы Карпов пен қалалық партия комитетінің секретары Сидеркин арасындағы диалог арқылы  әдеби әдіспен әспеттеп, дәмді сөзбен демдеп , дәлелді деректермен береді: «-Заводта қазақ жұмысшысы аз екені рас. Мамандық басшы орындарда және жоқ. Бірақ бұл жайлардың себебі де бар. Рас, соңғысы мен Базарбаевтың айыбы деймін. Сол өндірістің өзінде цехқа дейін көтеріп қоярлық екі-үш кісі бар. Жас инженерлер болса да тәжірибе алып өсіп кетуге болады, – деп, ол әңгімені біраз мамандарды жаңғыртып қою жағына көбірек бұра бастап еді. Карпов онысын тура жауап көрген жоқ» (62). Қаламгер екі өзге елдің өкілі арасындағы өзара пікірлесуді бере отырып, жеке көзқарастан гөрі советтік интернационалистік пиғылды жоғары қоятын шын мәніндегі жаңа совет адамының бейнесін беруге тырысады. Кадр мәселесін биік мемлекеттік мүдде тұрғысынан талдаған Карповтың көкейіндегі ой автордың арманымен астасып жатыр. Сидоркиннің сөз сықпытынан сандық көрсеткішке сүйеніп, нақты жауаптан сытылып кетуді, арғы ойында жергілікті халық өкілін өсірмеуге деген өктемдіктен көрінуін екі басшының сөз бен пікір қақтығыстары арқылы ашады.  Ол, біріншіден, сол заман талап етіп отырған халықтар достығын алға тарта отырып, совет адамына тән өз ісіне берілген идеалды, интеллектуалды кейіпкер бейнесін жасауды мақсат тұтқан. Мемлекеттік істің үлкен тізгіні қолына берілген кейіпкер – Карпов шынында да үлкен идеяның, кең ауқымда ойлайтын білімнің иесі.  Автор кейіпкерінің: «…ауыл қыстақтағы қазақтың малдан басқа ешбір еңбек түріне үйрене алмай жүрген еркек, әйел жастарынан неге көп адамдарды әр алуан азын-аулық мамандыққа тартып, үйретіп отырмайды» деген ойларын алға тартады (64). Осындай отты ойлар мен ұлт тағдыры туралы толғаныстардың тасасында Карпов кейпіндегі  суреткердің өзі тұрғандай әсер береді.

Өзі көріп, куә болған өмірлік материалдардың жүйеленіп, суреткер сүзгісінен өткізіліп, сұрыпталуы – автордың  жаңа заман адамын бар болмысымен, табиғи тіршілігімен, іс-әрекеттерінің әр қырымен, қоғаммен бірге өзгерген сана қақтығыстарымен, тартыс қайшылықтарымен  бейнелеуге бейімдігін байқатады. Жолжазбада соншалықты мән беріліп, көріне қоймаған облыс хатшысы романда нағыз интеллектуалды, рухани тұлғаның типтік өкілі болып өрнектелген. Оқушыға да оның көркем бейнелік болмысы, үлгі аларлық басшылық іскерлігі, адами қасиеттерімен құнды.Автор бүкіл бір дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік, саяси және рухани жауапкершілігін көтере алатын жаңа кейіпкер Карпов арқылы кеңестік өмірдің шындығын, күнгейі мен көлеңкесін реалистік қалыпта жинақтап көрсетеді. Қаламгерді  қапалы ойға қалдырған кеңестік кезеңнің кейбір кемшін тұстары   көркем мәтінде астарлы түрде түрленіп, типтік характер жасаудағы ізденіс талпыныстарынан танылып отырады.

Біз қарастырып отырған «Оңтүстік күнделіктеріндегі», яғни 100 беттен аса жазылған жолжазбадағы  бірде қысқартылып, кейбірін тек түртіп, ойға түйіп алған деректері шынында да үлкен кеңістік пен уақытты талап ететін  эпикалық жанрдағы шығармаға жүк боларлық дүниелер екен. М.Әуезовтің 40-ыншы томына енген «Оңтүстік күнделіктері», «Өскен өркен» романының деректері» деген жолжазбасына жазылған Талат Әкімовтің ғылыми түсініктемесінде келтірілген: «Бұл әзірге керек», «кейінгі бөлімге», «Ең соңғы бөлімге керек», «Осының бәрін Карпов біліп көруі керек» деген сияқты жазушы қойған белгілерден бұл жоба-жоспардың ұзаққа жасалғанын ұғамыз. Жолжазбадағы өмір мен өнер ақиқаттары өз замандастарының тағдырына телініп, жаңа қоғамдағы өзгерістер көркемдік құндылыққа ұласқан.

Екі жылға жетер-жетпес уақытты қамтитын Оңтүстік сапарында өзі көріп, куә болған тағдырлар тарихы  қаламгер қиялының қазанында қайнап, «Өскен өркенде» өмір шындығынан өнер шындығына өріс алады. Романның  көркемдік құндылықтарын құрайтын ұлттық кадр мәселесінің құпия қалтарыстары мен жасырын жәй-жапсарлары жазушы мұрағатындағы 362, 363, 364, 538, 539, 543, 544, 545, 562, 564 – бумаларында түйіліп, тәуелсіздік күні туғанша шаң басып шешілмей жатқаны да шындық.

Ұлт болар мемлекеттің мүддесі мен мәңгілікпен мазмұндас ұлттық мақсатты көздеген кемеңгер суреткердің жүрегін толқытқан құнды ойлар осылай құндақтан құтылып, өз оқырманына жеткен мезгіл де –осы тәуелсіздік кезеңі. Жылдар бойы әдеби, ғылыми, тарихи айналымнан алыстап қалған жолжазбалар М.Әуезов шығармаларының 50 томдық толық шығармалар жинағында алғаш рет толық нұсқада жарық көріп, өз оқырмандарымен қауышты.

Қай кезде де ақылының қуатымен, қаламының қайратымен қоғамның рухани күші, адамзат санасының сәулесі болған Мұхтар Әуезов : « Писатели-огромная сила каждом обществе. Словом своим , книгой они воспитывают в народе благородные или дурные чувства , сеют пшеницы или плевелы, служат добру или злу. Именно поэтому честные писатели не могут молчать в пору, когда речь идет  о судьбе народа и народов, о судьбе ценностей, созданных человечеством за века  упорного  и кропотливого труда…От нас, писателей, зависит многое…» ,- («Мы хотим слышать и ваш голос» ,42 /,- деген болатын. Өз дәуірінің шындығын  ұлт тағдыры ,ұрпақ тәрбиесі, ел мүддесі жөніндегі өз сөзін де ол «Өскен өркені» арқылы жеткізді, ұрпағына.     Өзінің кісілігі мен кәсіби ісі де оны ұлттық мүдденің мәңгілік мағынасын мансұқтауға міндеттеген-ді.

«Оңтүстік күнделіктеріндегі» өмір деректерінің  негізіндегі мақалаларында ұлттық кадр мәселесі  айтылғаны, оларға тиісті орындардан шара қолданылғаны , яғни сол кездің өзінде облыстағы өндіріс орындарында ұлттық жұмысшылар құрамының 40  пайызға көтерілуі М.Әуезовтің қаламгерлік және қайраткерлік қызметін абыроймен атқарғанының айғағы емес пе?  (39-т. «Өскен өркен» ғылыми түсініктеме.289 б). Міне, бұл деректің өзі  «Өскен өркен» романының авторы үшін  үлкен жетістік. Және елім деген ер еңбегінің еш кетпегені, ірінің артынан қалған із. Ұлт тағдыры-ұлт кадрларының қолында екендігін ұмытпағанымыз абзал. Жалпы, жолжазба мәтіні қатып қалған дүние емес, жанды көркем жүйеге ұласып, ол автор , оқырман және мәдени контекс арасындағы сұхбатқа ұласары сөзсіз. Мәтінді психологиялық талдау арқылы мәңгілік маңызды құндылыққа айналдыру да автордың, яғни суреткердің кәсіби шеберлігі мен талантының құдіретіне тән көркемдік  құбылыс.

Біз  М.Әуезовтің бұрындары оқырман қауымға беймәлім болып келген, тек 50 томдық толық шығармалар жинағы жарияланғаннан кейін ғана қолжетімді болған ұлт кадрына қатысты құнды деректерінің әрбір сөйлемнен  сыр суыртпақтап, тереңінен ой тартып, оның астарындағы ақиқаттарды ашуға тырыстық.

Бүгінгі жариялылықтың нәтижесінде толық нұсқасында жарияланып, ғылыми айналымға алғаш түсіп отырған бұл жолжазбалардың жұмбақ сырлары  әлі де зерттеуді қажет етеді.  Жазушы қолжазбалары мен «Оңтүстік күнделіктерінде» күні бүгінге дейін не ғылыми, не әдеби айналымға түспеген тұстары ,  беймәлім  беттері,  эпистолярлық мәтіндер мұрасы мол. Мұхтар Әуезовтің 50 томдық толық академиялық шығармалар жинағына енбеген мұражайдағы  араб, латын таңбаларымен  қағазға түскен көптеген қолжазбалары мен жолжазбаларын да бүгінгі әріпке түсіріп, жүйелеп, жариялау келешектің ісі.

Ендігі тоқталар күрделі мәселенің бірі- М.Әуезовтің үнемі ұлт тағдыры, ұрпақ қамы мәселелерімен үйлестіріп, үзбей назарда ұстап отыратын нәзік  тақырыбы- қазақ әйелінің тағдыры.

Тұңғыш рет баспа  көрген «Адамзаттың негізі-әйел» атты мақаласында-ақ ұлт пен ұрпақтың мәселесін тұтас алып, өсер ел ең бірінші бесігін, ал ол үшін әйелдің халін түзейтінін төрткүл дүниеге небәрі 23 жасында жар сала жария еткен М.Әуезов публицистикалық, көркем, драмалық мәтіндерінің бәрінде Әйел-Ананы асқақтата марапаттады. Адамзат жаратылғалы бергі әйел адамның отбасынан басталатын бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеді.

Ең бастысы, қай қоғамның да мәдениеті мен рухани өскенін, адамзат атаулының жан мен тән тәуелсіздігін танытатын ер мен әйел затының теңдік мәселесін алғашқылардың бірі болып дәріптеп, далалықтарға даналықтың дәнін себуге тырысты. Бүткіл дүние біткеннің бақыты мен бейбітшілігін бүтіндеуге, ел тұтастығын еншілер тіршілік тұтқасын ұстар әйел-ана қадірін түсініп, оның  өз құқығына ие табиғи  тұлғасын туған топырағымызда тұңғыш рет тілге тиек етіп, тура сөйлеген де Абай еді. Ұлы Абайдың алып келген жаңалықтарын санамалай келіп, Мұхтар Әуезов өзінің атақты «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» деген зерттеуінде  зейін қояр зерделі сөздер мен теориялық тұжырымдар жасайды: «…Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтатын да, әйелдің қасіретті тағдырының сырт жағына баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен, бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі», – деген сөзінде  феодалдық ескілікті ақынның қатты сынға алғанын айта отырып, осыны өзі де жарасымды жалғастырады (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 31- т .2008.-402 б.106 б. ). Өзінің рухани ұстазы әрі өмірлік зерттеу нысанасына айналған Абай шығармашылығындағы шоқтығы биік әйел тақырыбын Мұхтар Әуезов атақты «Абай жолы» роман-эпопеясында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ еліндегі жағдаймен байланыстырып бейнелесе, одан ой мен нәр алған , өзінің де шығармашылығын да сол сөлді де құнарлы тамырдан таратып,  соңғы жазған романы «Өскен өркенде» әйел-ана тақырыбын қазақ әдебиетіне алғаш рет Абай алып келген  арнадан кеңейтіп, советтік кезеңдегі, яғни жаңа заманның оқыған, интеллектуал қазақ әйелінің бейнесін сомдады. Ал ой-өрісі өскен, жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, өз ортасында болып жатқан барлық өзгерістерге немғұрайды қарай алмайтын іс-әрекеті де, түсінік-танымы да жаңаша жаңа заман кейіпкерін-жаңа коммунистік қоғамның құрушысы-әйел азаматтарды бейнелеу  Мұхтар сынды ғұлама ғалым, әлемдік даналықты меңгерген мұхит тектес дарын иесіне де оңай соқпағаны белгілі. Ол турасында қаламгер  «Қазіргі роман және оның геройы» (М.Әуезов.Шығармалар. 12 томдық. 12-т.-Алматы. «Жазушы» баспасы.-1969.-532 б.)  деген мақаласында: «…Тарихи тақырыптан бүгінгі шындыққа бір-ақ секіру, шұғыл ауысу қаншалық қиын екенін, көп нәрсені қайта қарау қажет болатынын айтып жату артық. Алғашқы бетте анық қызыл әскерлер, қым-қиғаш ойлар, бұрын кездеспеген қиындықтар қоршауында қалғаным бар. Бір мәселені шешсем, екінші мәселе, бір қиындықтан өтсем, екінші қиындық көлденең тартыла береді…»,-деп ағынан жарылды (514 б). Әрине, заманмен бірге өнерге деген талап та, жалпы қоғам мен адамзат санасында да өзгерістер болуы табиғи заңдылық. Олай болса, адамның өзі емес, санасындағы өзгерістер қалай жүріп жатыр деген сауал қызықтыруы тиіс, қаламгерді. Өз заманы алдындағы жауапкершілігін терең сезінген жазушы «Заман шарты»деген мақаласының «Біз жаңалық табу жолындамыз»деген тараушасында: «…Бүгінде оқушының ең алдымен тосып отырған адамы-ой еңсесі биік адам, интеллект иесі адам….», «…Міне әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті- дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде»,-   деп,  « өз заманы үшін ұлы жауаптылық сезіміне берілген» бүгінгі күннің кейіпкерін өмірге әкелуге тырысады (496- 497 б.б).

Жазушы 50-жылдардан бастап, қазақ әйелдерінің тағдыры жөнінде шығармалар жаза бастады. 1953 жылы «Жұлдыз» журналында «Алуа» атты сценарийдің алғашқы нұсқасы жарық көрді. Бұл киносценарийдегі кейбір сюжеттік желілері кейінірек жазушының «Өскен өркен» романына енгізілді. «Алуа» сценарийінің тағы бір нұсқасы «Әйел жолы» деген атпен жазушы мұражайында қолжазба түрінде сақталған. Ал, оның алдында ғана М.Әуезовтің «Өскен өркен» романының желісімен Қалтай Мұхаметжанов «Айсұлу» сценарийін жазған еді. Ол экранға 1965 жылы «Шыңдағы шынар» деген атпен шықты. «Райхан», «Абай әні» фильмдері экранға шыққаннан кейін Әуезов көптеген киносценарийлер жазды. Солардың қатарында «Дала батыры» (1942), «Алуа» (1953), «Біздің совхозда» (1954) болды. «Райхан» пьесасы 1939 жылы жарияланған бәйгеде 30 шығарманың ішінен озып, жүлделі орын алған. Кинодраматургияның заңдылықтарын сақтай отырып, қазақ киносына тарихи – ғұмырнамалық жанр- «Абай әні» фильміне сценарий жазуда жазушы сюжетті өрбітудің тағы бір жаңа қырын танытып, Айдар мен Ажар арасындағы махаббат сезімі арқылы бүтін бір дәуірдің мәселесін көтереді.

Жалпы, қай жанрда да, ұлттық руханияттың қай саласында да көштің басында жүріп, соның негізін қалап кеткен М.Әуезов қазақ киносының да қалыптасуына зор үлес қосқан қайраткер. 1944 жылы Қазақ студиясы жеке бөлінгенде ұлттық кино өнерінің өсуіне бағыт-бағдар берген бірден-бір тұлға. Осы орайда өткен алғашқы конференцияда «Әдебиет және кино» деген тақырыпта баяндама жасап: «..Кино өнерімізді өрге алып кетудің бірден-бір жолы- ұлттық әдебиетіміздің төл туындыларынан нәр ала отырып, өз халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жеткен тарихын пайдалана отырып, өз республикамыздың бүгінгі өмірін сипаттау, тек сипаттап қана қоймай, өз киномыздың ұлттық сипатын сақтай білу, сол дәрежеде оны әлемдік кино шығармалар үлгілерінің дейгейіне жеткізуге тиіспіз», – деген сөздері әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ» (322/.

Әлемдегі ең аяулы да мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат мәселесі айналасындағы машақаттарға, қайғы-қасіретке толы тағдырлар толғанысы Мұхтар Әуезовтің Абайдан алған азаматтық ұстанымы бойынша әйелге жаңа көзқарас тұрғысынан жалғасып, жаңа заманның жас қызы – Айсұлудың жан тебірентерлік тағдыры мен қоғамдағы тең праволы қазақ әйелінің- Әсия Әлімованың қайраткерлік, күрескерлік, даналық қасиеттері дәріптеледі. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш қайраткер қыздың бейнесі болып бейнеленген Әсияның тынымсыз ой толғаныста жүретін зиялылық болмыс-бітімі психологиялық талдау өнері арқылы өрнектеліп, өзіндік ерекшелікке ие болған.

Роман аз уақытта жазылды дегенімен суреткердің санасында ұзақ жылдар бойы сәулеленіп, образдарын да ойша, жанында жүрген замандастарының жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерге үңілу арқылы зерттей жүріп жазғанын ұғынсақ керек. Отбасы мен Отанымыздың тіршілігі мен берекесін енгізіп, ұлт пен ұрпағымыздың тағдыры мен келешегіне екі бастан жауапты жандар – әйелдер мәселесі Әуезовті әуелден ойландыратын-ды.Қазақ қоғамы әйел баласының ұлтымыз бен ұрпағымыздың саны мен сапасына жауаптылығын сезінген сәттен бастап өркениет өлкесіне қадам басатынын үнемі  ескертіп отырды, ол. Жаңа заманның ой еңсесі биік , үлкен интеллект иесін бейнелеуді ойлағанда да ол ең бірінші, өзгерген өмірмен бірге білімі де, санасы да, талабы мен тұрмысы да өзгерген , ақыл-парасаты өскен Әсия Әлімова секілді қоғам қайраткерін, Айсұлудай сұлу да білімге құштар жасты жазуға құлшынды. Жазушы «Біз жаңалық табу жолындамыз» деген мақаласында келешек кейіпкерлерінің образын былайша мүсіндеп береді: «…Ол коммунизмнің құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік, олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол-тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан» (М.Әуезов. «Шығармаларының елу томдық толық жинағы.40-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2009.-280 бет.96 б).

Ел билеген басшылар мен де,  кез-келген кәсіптің білгір иесі-мамандармен де терезесі тең кісіше барлық тақырып төңірегінде ой бөлісе білетін Әсия шынында да биік интеллект иесі. Оның араласпайтын шаруасы жоқ және солардың жолында кездесетін барлық кедергілерге, сол саладан хабары бар мамандай  өзі «жөн» деп білген мәселесін жанқиярлықпен шешіп, әділеттілікті алға тартады. Әсияның шын мәніндегі қайраткерлікке жетуіне Айсұлу тағдырына қатысты «тар жол, тайғақ кешуі», жесір әйел Нұрбибі мен жетім қыз қасіреттері мен  арманда кеткен балғын  жас Арман ажалының себебін іздеу сәтіндегі қақтығыстар себеп болады. Шығарманың сюжеттік желісін түзген Айсұлу тағдыры көркем әдебиетке Н.П.Карпов сынды партия талабына сай, өз ісіне адал,  коммунизмнің нағыз құрушысы мен заман артқан жауапкершілікті жете сезінетін, өз ұлтының тағдырына қатысты кез-келген әділетсіздікке төзбейтін Әсия сияқты қайраткер қыздың бейнесін сыйлайды.

Алматының Алатау бөктеріндегі демалыс орындарының біріне келген «Өскен өркен» романының негізгі үш кейіпкері – болашақ Баскент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.П.Карпов, тәжірибелі дәрігер, ғалым  Жандос Асанов, оқыған, жауапты қызметкер  Әсия Әлімованың өзара таныстығы  оқиғаның одан әрі өрбуіне өріс ашады. Әуезов Әсиядай бүгінгі заманның зиялы кейіпкерін бейнелемей тұра олардың жаңа қадамына қарсы тұратын ескі көзқарастағы әйелдерге тән мінездерді міней кетеді. Әлі де ауыл аралық әңгімелерден арыға бармай, сырт тұрпаттары өзгергенімен, санасы мен сауаты ашылмаған  ауыл  басшыларының сылқым  әйелдерінің сиқын  жазушы өзіне тән өткір тілімен түйрейді. Әсия мен дәрігер Жандос арасындағы диалог болашақта болатын келеңсіздіктерден, Айсұлу тағдырына қатысты қанды оқиғаның орын алуына себепкер болар осындай өсек-аяңдардан хабар беретіндей. Осындай қазақы орта психологиясына қанық Әсияның осы мінді түзейтін сын сөздері де шығармада шынайы күрескерліктің алғашқы белестерін танытатындай. Әйелдер арасындағы әңгімелерден жоғары тұратын Әсия тұлғасы қасындағы замандастары –бүгінгі өскен елдің кең өрісті ақыл-ой иелері- Карпов пен Жандостар арасындағы кілең жоғары интеллекттілікті танытатын тарихи, мәдени мәліметтерге құрылған мәні мен маңызы зор сұхбаттарда ашылып, даралық қасиеттерге ие болады.

150 мыңдай халқы бар Баскент қаласына обком секретары болып сайланған  Карповтың Әсиямен қоштасарында: «-Сіздермен осында танысып, сөйлесіп жүру, маған таныс емес әр жайларды білу аса қадірлі болды. Қазақ совет жұртшылығының сіздей боп өскен салмақты, білгір, мәдениетті жас әйелімен танысу маған өте бағалы…»,-деуі де  тегін емес (32 б). Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысында Әсиядай білімді, жоғары қызметтегі қазақ қыздары сирек болатын. Және Әсия тек білімді ғана емес, бүкіл дүниежүзілік руханияттан хабары бар, жан-жақты мәдениетті, әділетсіздік пен қиянатқа жаны қас, мемлекеттің барлық мүддесіне өзін жауапты санайтын нағыз ұлтжанды жас. Қаламгер жаңа заманның білімді қызын осылай көреді және солай бейнелейді.  Әсия   бейнесі осылай, өмірдің әрбір қиын өткелдері сайын ысылып, тәжірибесі де тұлғалық қасиеті де биіктей түседі.  Романның  өн бойында жазушы жинаған өмірлік фактілер мен тарихи мәліметтер көркем мәтінге айналады. Романның негізгі мотиві де көбінде осы Айсұлудың тағдырындағы түрлі түйткілдерді таратып талдауға арналған.

Баяғыда Алматыға оқуға түсуге барғанда жолы болмай әкесінің жолдасы Жандостың өтінішімен Айсұлуды  шығарып салған жас маман дәрігер  Ілияс «Қызыл Жұлдыз» колхозында дәрігерлік институттың ұжымымен мақташыларға қызмет көрсетіп жүргенде кездейсоқ   қолы шығып келген Айсұлумен ұшырасады. Алматыда алғаш көргендегі көңіл сезімдері мұнда одан әрі жалғасқандай болғанмен, оқиға барысында өрбімей белгісіз күйде қалып қояды. Ілиястың Айсұлуға деген сезімі қыздың періштедей таза сұлулығына қызығып, тамсанудан аспайды. Ал, дәрігер жігітті естен тандырып, тәнті еткен Айсұлудың келісті келбеті мен көркемдігі  әлемдегі ең сұлу әйелдерді бейнелеген атақты суретшілердің таңғажайып туындыларындағы әдемілікпен салыстырылуы  Ілиястың білімдарлығын танытатын деталь ретінде қарастырылған. Суреткер кейіпкердің  көркем бейнесін тек сыртқы сұлулықпен емес, ішкі бір табиғи тазалығымен, адами қасиетімен ажарлап, оның өз қатарларынан ақыл-ойдан да озық екендігін кәсіби шеберлікпен нанымды бейнелейді. Қыздың сондағы сұлулығына сүйсінген екінші жанның бірі- Сағит болатын. Дәрігерлік көмек қажет болып келген  жігіт періштедей перизатты бір көргеннен ғашық болып,  Айсұлудың тағдырын түбірінен өзгертіп, өмірін өкінішке  ұшыратады.  Шығарма сюжетін шытырман желіске бұрып жіберетін  Сағит образымен ойда-жоқта шиеленісіп кеткен қайғылы оқиғалар тізбегі оқырманын бей-жәй қалдыра алмайды. Мәтіннің әрбір жекелеген эпизодтарында  мифологиялық сипаттағы  көріністер елес беріп отырады. Бұл оқиғалар өзара күрделі қарым-қатынасқа  түсіп, мәтіннің барлық элементтерінің байланысын күшейтеді. Жолжазбадағы өмірлік фактілер мен ресми деректер жеке адамның жан-дүние – сезімдерін тереңдей талдап, психологиялық тұрғыдан бейнелеу идеясына ұласып жатады. Жазушы үшін өмір шындығы ұғымы – аллюзиялар, реминисценциялар, интермәтіндер деп түсінсек,  кейін олар көркемдік тұтастыққа ұласып, бүтін бір мәтінді құрары хақ. Суреткердің міндеті осынау мол ақпараттарды шығармашылықпен меңгеру арқылы кейіпкердің тағдырына қатысты тарихи шындықты шеберлікпен бейнелеп, өзінің жеке көркемдік әлемін таныту. Сөйтіп, автор жаңа заманмен келген қоғамдағы  сыртқы құбылыстарды кейіпкердің  санасындағы өзгерістер арқылы өрнектей отырып, өмірдің өнерге айналған өміршеңдігін  дәріптейді. Романдағы қала мен ауылдағы жаңа тұрмыс, өндіріс орындарындағы жұмысшылар өмірі, колхоз – совхоздардағы мақта шаруашылығы, ондағы  жастар өмірі мен өзектесіп жатқан көнеден келе жатқан Бабаата мешіті жайлы аңыздар, оны Алматыдан келген археолог әйел Агееваның қаздыруы секілді фактілер –совет кезіндегі бейбіт өмірдің, әйелдер теңдігінің жарқын мысалы ретінде баяндалады. Осы жерде Карповқа облыстық кәсіпшілер одағының бастығы  Алмасбектің « Алуаның ажалы» атты әңгімені айтып беруі, бұл интертекст ретінде романда сәтті пайдаланылуы  шығарманың көркемдік маңызын арттырады.

Қазақ даласында әлі де орын алып отырған әйелдер теңсіздігін 70-тегі шал Қанай мен 19-дағы жас Алуа сұлудың тағдыры туралы тарихи оқиғамен тарата отырып, ой тарқатуы да жазушының жақсы  пайдаланған интерпретациясы. Алайда, осы оқиғаны алу-алмау туралы автордың алуан күй кешуі жөнінде көрнекті ғалым Айқын Нұрқатов : «…Жақын достарының айтуынша жазушы осы қайғылы аңызды роман желісіне енгізу немесе енгізбеу жайында қатты ойланып-толғанған. «Мұндай қатал оқиғаны келтірсем, еліміздің атына нұқсан келіп жүрмей ме, халқымызға тас бауыр деп қарамай ма? Бірақ, жер жүзі әдебиетінің үлгісін алсақ, оларда да трагедиялы жайлар аз ба? Соларға қарап халықтың қасиетіне мін тағуға бола ма?»-деген.»,-М.Әуезовтің сөзін келтіреді (А.Нұрқатов. «Жалғасқан дәстүр».Алматы.2010.-396 бет-«Суреткер шыншылдығы»-256 б). Дегенмен романдағы оқиға діңгегі болған Алуаның бүгінгі таңдағы тағдыры есепті Айсұлу басындағы келеңсіз оқиғаның баяндалуы  шығарманың ерекше эстетикалық табиғатын танытады  Адамзат өміріндегі махаббат сияқты мәңгілік құндылықтарға қарсы амбиваленттілік (махаббат-жеккөру, қуаныш-қайғы, ) сезімдер қайшылығын тудыратын оқиғалар желісі  адамдар қарым-қатынасының күрделілігінен хабар береді. Сөйтіп, ескі сананың бейнелері жаңа мазмұн динамикасының салдарынан адамның тылсым дүниесіне, яғни архетипке айналып, аңыз ретінде жаңа өмірден алыстатылады . Кеңестік мәдениеттің кеңістігінде орын берілмейтін мұндай келеңсіз көріністерді кінәлау мен сынау бұл шығарманың да негізгі нысаны.

Сондай-ақ  сырт оқиғаны қызықтап, кейіпкердің ішкі әлеміне ену мен олардың жан-дүниесі мен ой санасындағы сезімдік, психикалық құбылыстарды қалтарыста қалдыруды қолдамайтын қаламгер әрдайым өзіне қояр көркемдік талап бойынша осынау ауыр қасірет айналасындағы адамдардың тағдырын баяндауда  көркемдік-эстетикалық талдаудың үздік үлгісін көрсетеді. Кейіпкердің жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуді – жазушының басты міндеті деп санайтын Мұхтар Әуезов  үлкен іс-әрекеттерге бастайтын  санадағы сан алуан сезімдік құбылыстарды нанымды беруге о бастан шебер.

Өзінің алғашқы шығармаларынан бастап-ақ шытырман оқиға қумай, адамның ішкі әлеміндегі  қайшылықты, сезімдер қақтығысын, көңілдегі кірбіңдер мен іс-әрекеттердің себеп-салдар сырын ұғуға, соны ашуға ұмтылуы «Өскен өркенде де» өріс алып, өзіндік стилдік қалып танытатыны табиғи заңдылық. Асығыс жазылса да адам жанының дүлей дауылдарын, әр түрлі психологиялық сәттердегі  сезім құбылыстарын қазбалай, бүкіл болмысымен  бейнелеуі , әрине, екінің біріне бұйыра бермес шеберлік .

Автор советтік замандағы  әйелге берілген теңдіктің тікелей жемісі деп көрсеткен Әсия бейнесі арқылы қазақ қыздарының да жоғары білімге, үлкен дәрежелі қызметке жетіп, өз замандастарына көмегін көрсете алатын күрескерлігін  ажарлап ашып береді. Және оның мінезін де мейлінше мейірбанды, қайсар жан етіп көрсетеді: «Ал тегінде көзі жетіп тұрған әділетсіздік алдында көлденең оралып, қиянат көрген әлсіз жақ мұның әділ, адал көмегін тілеп күреске шақыратын болса Әсия ондайдан бас тартамын, тайқимын деп ойламайды. Затында бұл қорқақ емес, қорғаншақ, сақтық, ойлағыш та, кейбір мансапқор әйелдерше жалтаң ұсақ есепқор болмайтұғын»,-деп мінездеме береді жазушы. Айсұлудың Сағит тарапынан аяусыз жәбір көруі мен Арман өліміне байланысты әділетсіздікті сезіп, өз бетінше зерттеу жүргізген Әсия талай ақиқаттың бетін ашып, әділ сот боп есептелетін мекемелердің өзінен соншама қиянат, әділетсіздік, жалған ақпараттар берген жалаларды естіп- білген, танысып түсінген Әсия бұл істің әділ шешілуі үшін бар күш-жігерін жұмсап, барлық мекеме есіктерін ашуға, қайта істі қарауға себепші болады. Осы жолдағы табандылық, қайсарлық, күрескерлік, адалдық пен кәсіби шеберлік, адамгершілік қасиет –міне бұлардың бәрі жазушы көксеген жаңа кейіпкерлеріне тән мінездер болатын. Қаламгер армандаған өз заманының жаңа адамдары – Карпов, Әсия , Айсұлу  бейнелері арқылы советтік кезеңнің жаңа көркем шежіресін жазды.

Тағы бірде Әсияның интеллектісін оның ішкі жан дүниесіндегі  сұлулықты сипаттау арқылы ашады: «Тегінде әйелдің сұлулығын ,көркем әсемдігін, нәзік әсерлі жарастығын әйел бағалап тамашалағанда көп кітаптарда жазылмайтын өте шетін де нәзік бір аңдаулар болады». Әсиядай көп оқыған және әлемдік көркемөнер туындыларынан жан-жақты хабардар жанның  нәзік жас Айсұлудың сұлулығы мен күрделі тағдырын жазылмаған романның, бұрын суреттеліп көрмеген ғажайып бейнеге теңеуі оның тұлғасын одан әрмен биіктете түскендей. «…Бұл сезімдердің үстіне Әсия азамат, ол партияның, саналы үлкен ортаның жауапты өкілі».

Абай поэзиясында алғаш рет жеке тақырып деңгейіне жеткен әйелге деген жаңа көзқарастың енді Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркенінде» тың мағынаға ие болуы, сөз жоқ, қазақ әдебиеті үшін үлкен көркемдік құбылыс.

М.Әуезовтің әуелден көтерген әйел мәселесі осылай соңғы шығармасына дейін жалғасып, « ұлт пен ұрпақты ұлықтайтын болсақ, ең бірінші әйел ананы ардақтап, соның жағдайын жасауымыз керектігін» мәңгі көкейімізге құйып кетті.

М.Әуезов өзінің өмірінің соңында жазған «Өскен өркен» романында өз дәуіріндегі замандастар бейнесін бар қайшылықтарымен  бейнелей отырып, өз кезеңінің көркем шежіресін жасады.

«Мәдениеттің шырқау шыңы ең алдымен, әйелге деген қарым-қатынастан көрінеді» (М.Горький) дегендей, Мұхтар Әуезов те өзі сомдаған көптеген әйел-кейіпкерлерінің қатарына жаңа заманның адамы-Әсия мен Айсұлу бейнелерін қосып, әдебиетімізді бар қазақ қауымы үлгі тұтар әйел тағдырымен толықтырды. Мұхтар Әуезов осы романы арқылы  қазақтың ақыл-ойы мен мәдениеті жете қоймаған тың асуларды, әсіресе ұлттық көркемдік ойлау жүйесіндегі жаңа жанрлар , ойлы образдар, соны стильдік тәсілдер,  бұрын-соңды көтерілмеген тың тақырыптар мен идеялар, сол талапқа сай тегеурінді теңеулер сынды сөз өнерінің кеңістігін кеңейтіп, тынысын ашты.

М.О.Әуезов бүкіл өмірбойы  өз ұлттының рухани мұрасын, мәңгілік құндылықтарын, мәдениеті мен әдебиетін байытудың жолдарын қарастырумен болды. Солардың бірі- тіл тазалығы, яғни әдеби тіліміздің байлығы. Өз ұлтының рухани қазына-байлығы сөз өнерінде екендігін білген Мұхтар Әуезов өз уақытысында  қазақтың әдеби тілі туралы көп жазды. Айталық, «Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері жайында» (1951), «Некоторые вопросы развития казахского  литературного языка» (1951), «Көркем әдебиетінің тілі туралы»(1954), «О значении русского языка для нашего народа» (1956) деген мақалалары мен зерттеулерін атауға болады . М.Әуезов : «Жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндеткер…Романдар оқушыға тіл де үйретеді, өз тілінде кенеулі ой таратып, көрікті, шешен, шебер сөйлеуге баулиды»,-деуден жалықпаған жан  («СҚ»,1954,24 февраль). Өз замандастарынан, әріптес қаламгерлерден кейіпкерлерінің  әр түрлі сезімдік жағдайларындағы көңіл-күйлерін, ой толқыныстарын, дауыс ырғағын, психологиялық тартыс пен тайталастарын  тек өзінің тілдік өрнегімен және стилдік, көркемдік құбылыстарымен ерекшеліктендіріп бергенде ғана нағыз кәсіби шеберлікке жете алатын айтып, соны күтетін-ді. Әлбетте, мұнда әдеби тілдің атқарар көркемдік қызметі зор екендігі мәлім. Әрбір саналы адам, ең алдымен ана тілін ардақтай білуге міндетті деп түсінген Мұхтар Әуезов « Ана тілі әдебиетін сүйіңдер» деген мақаласында :  «… өз тілін , әдебиетін білмеген адамды толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады» деген мәселені қояды.

Тіл заңын еркін меңгерген, көбінде жаңа сөз жасауға ұмтылатын Мұхтар Әуезов орыс тілін ана тілінен артық білмесе кем білмейтін, кез-келген тақырыпта төгіліп сөйлейтін тұлға болған. Бірақ,  ол орыс тілінде шығарма, роман-эпопея жазған жоқ. «…Шешен, тапқыр, ойлы сөйлейтін . Орысшасы да сондай болатын. Бірақ бүкіл ойлау жүйесімен қазақ еді. «Орысша жақсы білесіз, неге орысша жазбайсыз»деген сұраққа:

-Пәлі, орысша жазу үшін орысша тіл білу жеткіліксіз. Орысша түс  көру керек. Мен ылғи түсті қазақша көремін,-деп жауап берген екен» (С.Қирабаев. «Мұхтар Әуезов» атты мақаласы  «Өмір өткелдері» деген естеліктер кітабында.-А:»Білім»,2006.-480 б). Бүгінде мәтелге айналған бұл сөз жазушының тілге деген аса жауапкершілігін танытпай ма?

Және өзінің әрбір сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы әдеби тілдің маңызына ерекше мән беріп, ондай сауалдарға : «-Не хватает словаря. Проза требует такого количества и качества слов, каким владеет не каждый смертный, даже весьма образованный и самый интеллигентный. Язык-это особая эрудиция, особый опыт. Опыт всей жизни. Если искать сравнения, то язык оратора это по сути язык одной личности и одного времени…Язык писателя- это язык множество лиц и индивидуальностей, язык масс, язык народа и- не одного, а многих времен, если пишешь историю, пишешь революцию»,- деп жауап берген екен.  («..»..107 стр).

Әлемді мойындатқан Әуезовтің әдеби тіл әлемі сөйтіп, қазақтың сөз өнерінің қазыналық қорын байытты емес пе?

Сондықтан да бізге  бір ғана Мұхтар Әуезовтің бүткіл көркем шығармалар тілін толық қамтыған сөздік жасау жалғыз әдебиеттану ғылымының ғана емес, жалпы қазақ  ұлттық руханият саласындағы (оның ішінде әсіресе әдебиет пен тіл білімі ) кезек күттірмес көкейкесті  мәселеге айналғалы тұр.  Мәселен, профессор Қ.Б.Бектаев пен А.Б.Белботаев жасап, 1988 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты шыққан «Өскен өркен» романының алфавитті-жиілік сөздігінде»  романда барлығы 7713 реестрлік сөз 20588 сөз формасында 90929 рет қайталанып қолданған , жалқы есімдер тізімі мен географиялық атаулар тізімінде барлығы 213 атау бар. Көбісі 1-2 рет қана аталады. Ал,1979 жылы «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының жиілік сөздігі» (сөздікті филология ғылымдарының докторы, математика кафедрасының профессоры Қ.Бектаевтың басшылығымен ҚР ҰҒА-ның А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері жасаған) деген еңбекте 4 томдықтағы жеке атау сөздерінің саны 16983-ке жеткенін анықтап бергенде, бұл ғылыми фактіні барлық жерде алға салып, мақтаныш ететініміз де өтірік емес. Өйткені, әлемдік деңгейдегі әйгілі  классик В.Шекспирдің барлық шығармаларында 18000, ал, атақты ақын А.С.Пушкиннің бүкіл академиялық жинағында 22000 жеке сөз қамтылғанын ескерсек,  біздің ана тіліміздің байлығын айдай әлемге бір ғана «Абай жолы» эпопеясының жиілік сөздігі»  тағы бір нақты ғылыми – әдеби дерек ретінде дәлелдеді емес пе?  Және осы сөздіктегі «…16 мың 983 сөздің 8698-і тек бір не екі рет қана келетіндері, яғни 50 пайызын құрайтындығы, ең жиі қолданылған сөз де етістігі (9828 рет), төртінші орында Абай жалқы есімі (6747 рет)» т.т екендігін қоссақ, қазақ тілінің байлығы ұшан-теңіз деген сөз (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»А.Атамұра,2005.-272 бет,15 б).  Ал, егер  кеше ғана толық жинақталып жарық көрген жазушының «Шығармалар жинағының елу томдық толық жинағындағы»  жеке сөздер , өзі жасаған фраземалар, Тіл білімі институты жоспарындағы «Әуезов тілінің түсіндірме сөздігі», «Әуезов тіліндегі фразеологизмдердің сөздігі»  жарық көрсе  ше? Әлем жұртшылығы тағы бір қазақ әдеби тілінің қазына байлығына тамсандырар едік. Ол олжаға 50 томдыққа  енбей қалған,  әлі де Әуезовтің жеке мұрағатында шаңы қағылмай, не бүгінгі   әріпке көшірілмей, не ғылыми, не әдеби айналымға түспеген қаншама қолжазбалары мен жолжазбалары, жеке қойын дәптерлерін қоссақ ше ? Осындай мол мұраны қайта тірілтуге қауқары да  дайындығы да бар ескі араб, латын тілдері мен, әсіресе ұлы жазушының кез-келген кісі тани қоймайтын қолтаңбасына жақсы қанық маман қазір тапшы. Олардың бәрін игеріп, жарыққа шығарсақ,  қазақтың әдеби тілі бұдан да әрі әрліленіп, байи түсер еді. Өйткені, М.Әуезов айтқандай, «Әдебиет-тілмен әдебиет».          Замандастарының естелігінде ескертілгендей Мұхтар Әуезовтің әр жиында, қолынан қаламы түспей ,тіпті  елдің аузынан елең етерлік тың тіркес, жаңа сөз,  өзіне бейтаныс бір бейнелі ұғым, тосын теңеу, соны суретті сөздер естісе де жалма-жан  жазып алатын әдетін ескерсек, қойын дәптерлерінде қаншама тың, біз білмейтін, тіпті естімеген де сөздер  болуы да мүмкін ғой.  Өйткені, Мұхтар Әуезов өзімен бірге бүкіл қазақ әдебиетін, ұлттың сөз өнерін өрге сүйреген,  әдеби тілімізді әрлеп, қазыналы сөз байлығын жаңартқан, түрленткен,  ересен байытқан бірден-бір жазушы.

М.Әуезов қазақтың көркемдік ойлау жүйесін әлемдік   биікке көтеріп, қазақ тілінің барша сұлулығы мен құдірет күшін, мазмұн байлығын, әдеби тіліміздің мол мұрасын өзінің ересен өрнекті тілімен, бітімі бөлек бейнелі сөздерімен байытып, жаңа нәр берді. Әуезовтің «Тіл және әдебиет мәселесі» деген мақаласында: «Бүгінгі біздің жазушылардан байқалатын бір олақтық- көп жазушылардың сөздігі шағын, тілі кедей. Бірталай ақындарымыздың көптен жазып жүрген еңбегі сөздік қорға келсек, жиыны 5-6 мың сөзден аса қоймайтын мүлкі ғана бар ма дерсің. Бұл кемшіліктен жас жазушылар ғана емес, егде жазушылардың да сау емесін айту керек»,-дей келіп, бірқатар қаламгерлерді сынға алады. «Көп ізденіп, ғылым, техника сөздіктерін және бүгінгі Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтардың тіл байлықтарын мол пайдалану мәселесін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек»,-деген пікірі де әлі маңызын жойған жоқ.

Ұлтының тағдыры тығырыққа тірелген қай тұс та да тайсалмай тіл қатып, қаламын қару ете білген Мұхтар Әуезов 1951 жылы «Дружба народов» журналының №6 санында «Жолдас Сталиннің тіл білімі туралы еңбегіне сәйкес қазақ әдеби тілінің мәселелері» («Вопросы казахского литературного языка в свете трудов И.В.Сталина по языкознанию») деген мақаласында («ҚазКСР ҒА хабаршысының» 1951 ж.№3 санында қазақ тілінде жарық көрді) Сталиннің тіл туралы айтқан пікірлеріне сүйеніп, социалистік қоғам кезіндегі  тілдің дамуы мен әрбір ұлттың әдеби тіл қорын тек бір тұлға төңірегіне топтастыруға болмайтынын, орыс әдеби тілін тек Пушкинмен, қазақ әдеби тілінің тарихы мен түрленіп, дамуын жалғыз Абаймен ғана байланыстырып қоймай, өзге де сөз өнерінің ірі өкілдері бар екендігін сол кездегі саяси жағдайға байланыстырып сөз етеді. Бір бұл емес, соңғы он жылдар көлемінде  жазушы қазақтың ұлт болып сақталып қалуында айрықша рөл атқаратын ана тілдің тағдыры, әдеби тілдің барлық мәселесіне атсалысып, белсенді ой-пікірін білдіріп отырды. «Тіл жоқ жерде, ұлт та болмайтынын»(М.Жұмабай) жастайынан қаперінде ұстаған қаламгердің шығармашылық өмірбаянындағы басты ұстанымы да –осы, ұлттық рухани құндылықтың іргесін құрайтын тіл тағдыры жолында жанкештілікпен күресе білді. Айталық,1955 жылы «Мәлік Ғабдуллинге хат» деп жазған   мақаласында: «…Мысалы, прозаиктердің поэзияға мүлде қатысы жоқ па екен? Сол прозаның өзінде, тегі, поэзия аз ба? Сіздер іздейтін сан сезімдер поэзиясы, бейнелі-образды сөздер, ырғақты шешен де шебер сөз құрамдары, теңеулер, өрнектер аз ба прозада? Еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде, табиғат, махаббат, тағы талай армандар прозада болмай ма екен? Онда поэзиядағы кейбір өлең қатарындай келісімдер, құйылыстар, сиқырлы сөз құбылыстары аз кездесе ме? Ендеше, прозаиктердің ізденуі өздеріңіздің ізденулеріңіздей емес пе? Қатарында, қасында келе жатқан жоқ па? Иық сүйесіп, бірге іздесіп, қатар табысып келе жатқамыз жоқ па?»,-деп  қапалануы қазақ тілінің тағдыры әрбір қазақтың мақсаты екендігін ескертетіндей ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы . «Жібек жолы», 333-том. 2008.-432 бет. «Мәлік Ғабдуллинге хат» 74 бет).

Және осы хатында жазушы сол кезеңдегі сынның жәйін, әсіресе  «сын алдында орынсыз сыңғақ болғыштар мен жеңіл жарақаттанғыштардың» көбейіп, « поэзия жөнін еркін, кең сөйлесу үшін, дос талапты қатаң айту ..» ,-қиындағанын айтады. Сондықтан сынның шын, шынның сын болғанын қалайды. Әуезов шағын мақала көлеміндегі жауабында Мәлік Ғабдуллин  сұрап отырған  поэзия жайындағы  түбірлі проблемаларды түгелдей қозғай алмайтынын, ұлттық характер мен ақындық образ мәселелері төңірегіндегі ойларын ғана ортаға салуды жөн санайтынын, ұлттық дәстүрдің үнемі қозғалыста, өсу мен өзгерісте болатынын, әдебиетті дамытудағы аударманың ықпалын,  Абай мен Пушкин шығармашылығындағы дәстүрдің дамуын, тіл мен түрдің байытылу тәжірибесін айта келіп: «…Сол дәстүр мен түрдің сөз мәдениетіндегі, тағы бір ең үлкен құдіретті элементі-тіл. Ол тілдің де жайын, жөнін жаңағы ұлттық дәстүр турасында сөйлегендей, өткеннің мол қазынасын мейлінше баурап, ілгері қарай дамыта байыту міндетімен қатар алсақ, біздің көп ақындардың тілі де маған бай көрінбейді»,-деп сөздік қоры тым тапшыларды өткір сынмен түйреп өтеді. Тілсіз әдебиеттің жасалмайтынын әрдайым ескертіп отыратын жазушы ол ақындардың өлең түрлері де, тіл сөздігі де, шама шарқы да шамалас ,тақырыптарының таптаурын ,бір сарынды болатынын, поэзияға жетпей жатқан парасаттылық, терең философиялық ойлардың ойсырауынан сапасы жоғары, сап таза келісімдердің кемдігі көптігін  алға тартады. Сондай-ақ, сөз басындағы автордың Тоқаш Бердияровтың «темір ми» деген теңеуінен үркудің жөн еместігін айта кеп: «..Достоевский прозаның өзінде «Карамазовтардың арының маңдайы жез еді» дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда, тегі, біздің сыншылар, әсіресе әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдануы керек»,-дейді (81 бет). Әйгілі әдебиеттанушы ғалым М.Әуезов бұл мақаласында әр поэзияда әр елде жақсы да, олқы да бар екендігін, олардың барлық мәселесін бір кезде қамту мүмкін еместігін, алайда тіл мен теңеу, түр мен дәстүр дамымай  сөз өнері, өлең өріс алып, өспейді деп түйін түйеді.

1951 жылы жазылған «Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романы туралы» атты рецензиясында талантты, ізденгіш прозаиктің өндіріс тақырыбындағы табыстарына тоқтала келіп, тіл қолданысындағы кейбір кемшіліктерге тоқталады: «Жалпы, қайталап айтатынымыз-орыс адамдарын орысша ойлатып, орысша сезіндіріп, анық орысша сөйлету керек. Ол образдарды осылай шығармау біздің бауырлас елдер әдебиеттеріміздегі жетіспеген кемшілік есепті боп келген. «Қарағанды» сияқты үлкен реалистік романнан осы жағын ойдағыдай аңғаруды социалистік реализмнің орынды талабының бірі дер едік.

Бұдан соңғы кемшіліктердің көбі кейбір сөздердің, мінездерінің жасандылық, қонымсыздығында. Кей жерлерде асығыстық себебінен солай жеткендері де бар….» (84-85 бб). Бұл сілтеме нақты мысалдармен мінеудің, сауатты сынның үздік үлгісін көрсетеді. Әдетте , әдебиеттегі әрбір кейіпкер өз заманының, өмір сүрген ортасының тілімен сөйлеуі заңды. Әуезов Мұстафин кейіпкерлерінің өзінің табиғатына, тегі мен тәрбиесіне, өскен ортасы мен жасына, қоғам мен әлеуметтік орнына сәйкес ойланып, соған сай сөйлеуі тиіс екендігін  туындыға қойылар көркем- эстетикалық талап пен теориялық шарт тұрғысынан талдап, түсіндіреді. Шындыққа жанаспаса шығарманың көркемдік құны да болмас еді.

Тілші ғалым М.Балақаевтың  «Көркем әдебиеттің тілі жайында» деген мақаласына жауап ретіндегі «Тағы да көркем әдебиет тілі туралы» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы ,»Жібек жолы»,31-том.2008 ж.-402 бет, 57 -74 бб) еңбегінде зерттеушінің көп мәселенің басын бір шалғанын, халық тілінің заңын, оның қалай жазылу жайын , стиль жөнін, тарихи шығарманың тілін, ұзақ сөйлем мәнін , жазушы мәдениеті  секілді келелі мәселелерді қамтығысы келгенін айта келіп: «…Дау жоқ, атаған әр жайы да жеңіл емес. Соның бәрі ақталса, жауапты жайды сөз қылған деуге сыяды. Бірақ жылтырдың бәрі асыл емес, жазғанның бәрі ақыл емес, жауапты жайларды қопсытқанмен, М.Балақаев сол өз міндетіне алғанын жауапты шеше алмаған. Бірнеше мысалын ғана атап өтейін: ол әуелі мәдениетті айтады, бірақ өзі сол мәдениеттілікке ерсі, шалғай мінездер көрсетеді. Ең әуелі сол мақаласында «Абай» романы мен «Жұмбақ жалау» романынан келтірілген цитата сөздерінің бірде-бір кез кітаптағы беттерін атамайды…Өзің талдап отырған еңбектің ішінен сынға алып отырған жерлерің болса, оны нақтылап тап, көзеп беру әрбір айтыстың әділ шарты  еді.. »,-деп   өзі көрсеткен  сынның этикасына  лайық әдісті, яғни  кемшілікті мәтіндегі мысалды ала отырып, ойын дәлелдеудің дұрыстығын айтады .Өз жұртының ой, сана мәдениетіне атсалысып, үлес қосып жүрген Әуезов «мен момын ізденуші, өз саламда тырбанушы еңбекші қайраткермін» дей келе тілді өсіруге себепші әрі үлес қосушы екенін ескертеді  : «Өзге болмаса да, сол Балақаев И.В.Сталиннің атақты еңбегінде Пушкинді еске алғанын ойласа қайтеді. Өзге емес, екі ғасырдың тілін Пушкиннің тілі деп атады ғой. Талай тілші мен әр түрлі «заңшының», Пушкиннің өз заманында, оның тіліне байланысып, балағаттап, ылапыттап та сөйлегендердің ешбірін әділ тарихтың елемегенін көрсеткен жоқ па? Кейінгі ұрпақ нәсілге, тарихқа, ғасырларға Пушкиннің шығармалары мен оның сол шығармаларында қалыптап берген көркем шебер тілі қалды». Тарих пен уақыт сынының әділдігін әспеттейді. Абай мен Мұхтардың қазақ әдебиетіндегі орны мен олардың шығармаларындағы шебер жасалған  қазақ әдеби тілінің қазыналы байлығына бағаны да тарих таразылап, кейінгі ұрпақ беретінін ұқтырады.

Осы ретте ұлттық сөз өнеріндегі өрісі кең әдеби тіл әлемі де Әуезов те екендігін зерделі зерттеуші, жазушы  Зейін Шашкин «Мұхтармен кездесулерім» деген естелігінде ғылыми-теориялық тұрғыдан талдап береді: «…Әуезовтің тілі-мейлінше әрлі, әсерлі, терең, мазмұнды. Роман майталман шебердің, толысқан шешендік, жалаң жалтырақтық жоқ. Адамның ішкі жан күйін, тебіреніс толқынын беру үшін жазушы айқын образдарды, нақтылы дәлме – дәл сөздерді тапқыр қолданады. Бұл ретте Әуезов өзінің психологиялық суреттеудің нағыз шебері екенін танытты, қазақ прозасындағы психологиялық мектептің шын мәніндегі көш басшысы бола білді. Сонымен бірге, Әуезов-прозадағы суретші. Оның бояулары мен сырлары Рубенстің бояуларындай қанық, дәл,таза, нәрлі. Мейлі портреттерді өрнектесін, мейлі табиғат көріністерін берсін-оларды бір-бірімен контраста алады.

Стилистік ерекшеліктері жағынан Әуезовті прозадағы жаңашылдармен қатар қоюға әбден болады. Әуезов өзінше дара, оның тілін ешкіммен шатастырмайсың.

Әрбір халықтың тілі-қисапсыз қазына. Оның бәрін меңгеру, түгесу мүмкін емес. Сөзді, бейне шахмат фигуралары сияқты, мыңдаған қалыпта, сан түрде қолдануға болады. Әуезов бұл салада өзінің асқан білгірлігін, тілші, ғалымдығын таныта білді. Сөйлемдердің бірыңғай көмекші етістіктермен аяқталуы оны жұтаң тартқызып,қарабайырлап жібереді.Әуезов сөйлемдері ондайдан мейлінше таза.Ол етістіктерді өткен шақ формасына бере біледі,сөйтіп көмекші етістіктер өз-өзінен түсіп қалып отырды.     Әуезов қазақ тілінде сиреп бара жатқан заттанған етістіктерге қайта жан бітірді. Әуезов қазақ тіліне етістік сөйлемдер әкелді.Рас,мұндай жаңалық нашандары тілімізде бұрын да болған. Бірақ, ғалым,жазушы соны түбегейлеп,ғылыми, әдеби системаға айналдырды.

Түркі тілдеріндегі сөйлемнің зат есімнен басталып,етістікке аяқталу нормасын Әуезов бұзып-жарып жаңаша қолданды. Ол зат есімдерді, көбіне, сөйлем ортасына апарды.

Мұхтар Әуезовтің шығармасы жайлы көп жазылып, көп айтылар.Менің өз басым «Абай» романының сансыз оқырманының бірі ретінде, Мұхтар Әуезовтің қазақ тіліне енгізген жаңалықтары жайлы айтуды мақсат тұттым».,-дейді /76 б/. Шынында да әлі күнге дейін жазушының стилдік ерекшелігін дәл мұндай нақты, дәл, теориялық тұрғыдан талдап, даралығын анықтап берген емес. Әуезовтің қазақтың  сөздері мен сөйлемдерін жаңаша құрудың, күрделі құрмалас сөйлемдер құру арқылы ойды тереңдетіп жеткізудің жаңа да жарқын жолдарын тапқанын Зейін Шашкиндей кәсіби білгірлікпен талдап, түсіндірген де зерттеуші сирек. Тілші маман М.Балақаевтың  бүйректен сирақ шығарған шикі сыны әлдеқашан ұмытылып, тарих өз таңдауын өзі жасады.

Мұхтар Әуезовтің өз халқына, ана тіліне деген шексіз сүйіспеншілігі – оның энциклопедиялық терең білімі, өзі айтқандай «момын ізденушілігі», табанды да «тырбанушы еңбекші қайраткерлігі» арқылы жүзеге асқаны ақиқат.

М.Әуезов шығармаларында ауызекі сөйлеу элементтерін, жергілікті тіл ерекшеліктерін, әр алуан көркемдік стильдік мақсатта пайдаланған. Көркем шығарманың кәсіби шарттары болып табылатын белгілі бір дәуір, белгілі бір орта, өлке тұрғындарының өздеріне тән сөйлеу мәнерін кәсіби шеберлікпен пайдалану кейіпкер характерін нанымды бейнелеп, образын ашудың  тамаша тәсілі. Бұл тәсілді жазушы «Өскен өркенді» жазғанда оңтүстік өңірі халықтарына тән тілдік өзгерістерді, сөйлеу мәнерін әдеби тілді байытып, құнарландыру мақсатында қолдана білген. Мәселен, осы Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапарынан жазған «Білекке білек» әңгімесінде 30-ға жуық диалективизмдер қолданылған. Мұның өзі М.Әуезовтің қазақ әдеби тіліне енгізген зор байлығы деуге болады.

Л.Н.Толстойдың «О литературе» (статьи, письма, дневники. Госиздхудлитр. Москва,1955.760 стр) атты еңбегіндегі: «Художник только потому и художник, что он видит предметы не так, как он хочет их видеть, а так, как они есть»,-деген пікіріне сүйенсек, М.Әуезов те өз кейіпкерлерін тек өзіне тән тілімен сөйлеткен. Шығарманың шырайын ендіретін де  баба тілі мен бала тілінің шатысып кетпей таза өз жасына, ортасына, өмір сүрген кезеңіне, сол сәттегі көңіл-күйіне, психологиялық жағдайына байланысты шынайы өрнектелуі десек өтірік емес.

Ел аралап жүріп, тілдің  жауһарлары мен асыл түйірлері-халықта екендігін жақсы түсінген жазушы сол халық жасаған  сөз өнерінің небір нәрлі нақыштарын тауып әдеби тілдің әрін енгізуге көп еңбек сіңірген М.Әуезов  Мұқағалиша айтқанда «қазақтың қара өлеңіне қара шекпен кигізіп өзіне қайтарып», жергілікті жұрттың тіл ерекшеліктері мен сөйлеу элементтерін халық тілінің қазыналы бай тайқазанында қайнатып,  қайта жаңғыртып, жасартып қолданудың хас шебері болған. Әдеби шыншылдық-фактілер мен характерлерді іріктеп алуда және оларды әркім-ақ көре сала шынайы екен деп есептерліктей бейнелеуде екендігін  Әуезов те әуелден-ақ жақсы меңгерген. Сондықтан да оның  шығармаларындағы шұрайлы тіл мен арнасынан асып, ағытылған эпитет, метафоралардың символикалық сырлары  мен  қырлары  көп. Оның терең ойға құрылған сөйлемдерінің сөз саптасы соны, түзілімі тың. Жазушы тіпті ауруханада жатқанда да қолынан қаламын тастамай : «-Жанға бататын сырқат жоқ, оңаша бөлмеде «Өскен өркенді» өңдеу үстіндемін. Бірінші кітабын қайта редакциялап болуға жақынмын. Жазушы сарыла отырып, әр сөзді аударып, төңкеріп қарап, ауыр жүк артып, ұзақ жолға аттандырардай жабдықтамаса болмайды ғой,–деп жұмысын жалғастыра берген ғой (194-195 бб).

Жазушының Оңтүстікке сапарында қатты қызықтырған мәселенің бірі де  – осы тіл мәселесі болды. Тілді жасайтын халық, оны бейнелі, түсінікті, өміршең ететін де халық. «Ел іші-өнер кеніші» дегендей, небір асыл ойлар да дана сөздер де, тың тіркестер де, әдемі теңеулер де осы халықтың ішінде жасалып, шеберленіп, өрнектелері сөзсіз. Оның ажарын да ашатын сол халық, онда даланың даналығы дәнін сепкен, сондықтан да әдеби тіліміз әрлі де сәнді, мәнді де мағыналы, тағлымды да тәлімді, терең. Халықтың ішінен, ел адамдарынан маржан тергендей ерінбей жазып, жинаған сөз байлығы жазушының ойын да байытып, сөзіне ажар бері отырған. Мұхтар Әуезовтің құнарлы  тілі, күрделі ойға құрылған құрмалас сөйлемдері, өзіндік жазу стилі, қайталанбас қолтаңбасы әрқашан  зерттеушілерін қызықтырып келеді. Жазушының көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерінің сырын ашып, жазу мәдениетінің ерекшеліктерін еншілеген әдеби тілі өзінің өрнектілігімен, көркемдік-эстетикалық құндылығымен бағалы.

Тегінде, талантты жазушының табиғаты мен тілі де өз кейіпкерінен қашық кете алмасы анық. Сондықтан да ұлы суреткердің тілі мен танымы, мақсаты мен мүддесі бүкілхалықтық, мемлекеттік тұрғыдан, дүниежүзілік мәдениет биігі мұнарасынан мен мұндалайтындығы мәлім. Адам баласының көркемдік дамуы жеткен биіктік- Мұхтар Әуезовтің әрқашан нысана еткен өлшемі -тін.

О.Сүлейменов «Выступительное слова на торжественном вечере в Каменном зале г.Москвы» деген баяндамасындағы : «…Ауэзову довелось первым показать миру художественное богатство казахского языка, его способность выражать самые древные и новые обшечеловеческие понятия. Он доказал современность отчей речи, которая, благодаря известным причинам, утрачивала государственное значение переходила в разряд общественно пассивного, бытового наречья.

Замечу, кстати, что сегодня в республике многое делается для повышения престижа казахского языка. Благодария Ауэзова, творческая и гражданская о многом говорит нам, его современникам и читателям»,- деген жоғары бағасы тегін берілмесе керек-ті /297/.

Мұхтар Әуезов туралы  естеліктерде жиі айтылатын  блокнотын тастамай, үнемі бір нәрселерді түртіп алумен болатын әдеті бойынша ел ішіндегі жаңа сөзді, теңеулердің небір шұрайлыларын терген. Жазушының азығы сөз екендігін, егер де оны да іздеп, таппасаң, тілің жұтаң, сөзің саяз, әдеби тілдің әрі кететінін үнемі ескертіп отырған.

Бұл қасиеттердің бәрі жазушының нағыз еңбекқор, суреткерлік саналы өмірінің соңына дейін сөз құдіретіне тәнті болып, тынымсыз ізденісте болғандығын дәлелдесе керек. Оның қай шығармасын оқысаңыз да қазақтың небір құнарлы сөздерінің қазынасына кез болып, тосын теңеулерді, тың тіркестерді, бейтаныс сөйлемдерді, соны сөздерді табар едіңіз. Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа ұғымдар туып жатады, бұл табиғи процесс. Халықтың елегінен өткендері өміршеңдік танытып, өлмес мұраға айналса, кейбірі келмеске кетеді. Тегінде  «сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің  бір себебі осында жатқан сияқты» (М.Әуезов).

Тіл мен сөз құдіретін осындай ойлы мақалаларымен елге танытқан шығармашыл тұлға М.Әуезовтің 1950-1960 жылдары жазған әдеби тіл төңірегіндегі өткір пікірлері де күн өткен өзектілігімен өміршеңдік алып келеді. Әсіресе, тілді халық жасайды, халық оны бейнелі, түсінікті, шымыр, өткір, өміршең қалыпқа келтіретінін ескерер болсақ, сол халықтың тілін қолынан бір сәт қаламын тастамай жинаған жазушының әдеби қорын әлі де тереңдей зерттеу міндеті тұр.

М.Әуезовке дейінгі және сол замандағы, кейінгі қазақ әдебиетіндегі  әдеби тіл, ондағы ұлттық  дәстүр мен жаңашылдық мәселесі, екі ғасырдағы әдеби үрдіс сабақтары, қазіргі прозадағы көркемдік-эстетикалық ізденістер,  прозадағы психологизм, модернизм, постмодернизм, нарратив, психологиялық талдау,  кеңістік пен уақыт, әдеби тілдің көркемдік табиғаты, семиотика, структурализм, постструкруализм, қазақ прозасының көркемдік әлемі ,ұлттық құндылықтар  бәрі де осы тіл төңірегіне топтасып, осыдан тамыр алып, тармақталып талданып, зерделенетін көркемдік құбылыстар.

Міне, сондықтан да М.Әуезов бүгінгі өмір жайлы роман жазбақ болғанда да , алдымен, сол дәуір жүгін көтере алатын кейіпкерді және оған тән ойлау жүйесі мен тілдік қатынасты, сөйлеу мәдениетін таңдап табу қажеттілігі туғанда да «…бұрынғыша, бүтін бір дәуірлік оқиғаларды терең, мол қамтитын кеңқұлашты роман қызықтыра беретінін,…бүгінгі күн тақырыбын игеруге де осындай кең құлашты роман ыңғайлы»,- екендігін ескере келіп, … «..заман шындығын, замандас сырын толғайтын тың творчестволық туынды туралы толғаныс үстінде біз жаңа дәстүр жасаудан, кеңқұлашты күрделі роман түрін қалыптастырудан және оны жете меңгеруден бас тартпау керектігін»,-өсиет етеді.

М.Әуезовтің 1950-60 жылдардағы өмір ақиқатын осылай бағалап, «Өскен өркен» сынды күрделі тарихи роман тудырып, ондағы замандас бейнелерін өзі мақсат тұтқан деңгейде қазақтың қазыналы сөз құдіреті арқылы бейнелеп, ұлттық құндылыққа мол мұра қосқаны әмбеге аян.

 

 

ІІІ-ТАРАУ. Үндістан, Жапония, Америка- қазақ  жазушысының көзімен

 

М.Әуезовтің шетелдерге сапарлары жөніндегі сапарнама, жолжазбаларының бүгінгі қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлемге танылуы тұсында қайта қаралып, жаңаша сарапталуы , сөз жоқ, рухани қажеттілікті талап етеді . Өткен ғасырда жазылса да құнын жоғалтпай , шартараптық шекарасы енді ашылып, өркениетті елдермен  тікелей қоғамдық, саяси, мәдени кеңістікте араласа бастаған еліміздің  ұлттық құндылықтары қатарын көбейтіп, кемеңгер  суреткердің  жанын тебіренткен, қаламына арқау болған халықтар достығы  мәселесі тап қазір де маңызды.

Жазушының жолжазбаларында орын алған көркемдік, этнографиялық, тарихи-танымдық сипаттаулар мен қоғам және қалам қайраткерлерінің еларалық қызметтері, бұл миссияны жоғары деңгейде атқарудағы асқаралы міндеттері, оның әдеби, ғылыми публицистикалық мәтіндегі  мазмұн-мәнімен оқырман қауымды мұқият  таныстырудың жөні бөлек.

«Сапарнама, жолжазбалар- өмір тарихтың ,шығармашылық өмірбаянның бір үзік сыры ғана емес, сонымен бірге шығармашыл тұлғаның бітім-болмысын, сөз саптасын, өресін көрсететін, өнері мен өмірі арасындағы күрделі қарым-қатынастан хабар беретін, ойға ой қосатын дәйек пен айғақ…олар жазушы өмірінің бел-белестерін қызықты деректермен құндылай түседі, әрі оның әдеби-қоғамдық көзқарастарынан да құнды сыр шертеді. Күнделікті жазбалар өмірде болған оқиғаларға ілесе жазылғандықтан, оларда уақыт ауыстыру, оқиға тізбегін бұзу көп кездеспейді», – деп белгілі әдебиеттанушы ғалым Т.Есембеков айтқандай, бұл жанрдың өзгелерге ұқсамайтын өрнегі мен өлшемі бар («Көркем мәтінді талдау негіздері». Алматы. Қазақ университеті, 2009. 96 бет-25 б). Зерттеуші осы еңбегінде сапарнама, жолжазбаның 3 жанрлық ерекшеліктерін атап көрсетеді: 1-автордың творчестволық ізденістерінің тарихын нақтылайды. 2-құнды деректер береді. 3-суреткердің ішкі шығармашылық лабораториясының кейбір сәттерін ашып көрсетеді (25 б). Осынау жанрлық қасиеттерімен ерекшеленген Мұхтар Әуезовтің 1950-1960 жылдары аралығында өз көзімен көріп, көкейіне түйген сол кезеңнің қоғамдық, саяси, рухани ахуалдары, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар бірнеше алып мемлекеттер арасындағы мәдени, ғылыми, әдеби диалогтардың болуына тікелей түрткі болып, халықтар достығына дәнекерлік еткен  сапарлары жайлы  тереңнен толғап, өзінше ой өрбіткен  жолжазбаларындағы құнды ойлар туралы сөз қозғау қай уақытта да зәрулігін жоғалтпайды.

Біз алғашқы екі тарауда 1950-60 жылдардағы өмірі мен шығармашылық өмірбаяны мен жолжазбаларындағы ұлттық құндылықтар мәселелері жөніндегі озғын ойларына ғылыми-әдеби шолу жасасақ, енді осы кезең аралығында суреткердің өзге елге барғандағы көргендері мен көкейіне түйген жақсы әсерлері, оның ойына қозғау салып, жүрегін тебіренткен жағдайлар, соның нәтижесінде қойын дәптерлеріне, күнделіктеріне түскен  ұмытылмас әдемі әсерлер, есте қаларлық естеліктер, тарихи жағдайлар, қиялға қанат бітірген ғажайып көріністер, жолжазбалардағы кездесіп, сұхбаттасқан жандармен болған жүрекжарды әңгімелер, бөтен жұрттың бізге беймәлім жұмбақ өмірлері мен тарихы, мәдениеті мен әдебиеті  турасында сөз қозғамақпыз. Өйткені, бүкіл адамзаттық ақыл-ой мен рухани құндылықтарды ұлт тағдырымен тамырластырып, әлемдік деңгейдегі бедел-абыройға айналған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл, дарынды дара тұлғаның өркениетті елдерді тануы мен танытуы, сөз жоқ, тағлымды. М.Әуезовтің жер жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара байланысы нығая қоймаған кеңестік кезеңде қазақ жұртынан алғашқылардың бірі болып, алып елдерді аралап, олардың өмірін бейнелейтін шығармаларға деген зәрулікті өтеп, қоғам және қалам қайраткерінің көзімен бағалап, ақпараттық сипаты бар мол мәтіндерді жазуы да біздің әдебиетіміз үшін үлкен оқиға, елеулі құбылыс-тын . Ол дәуір халықтар достығына ерекше көңіл бөлініп, көркем аударма қолға алынып, әдебиеттегі идеялар арқылы адамзаттық ақыл-ой қозғалысы алабөтен алға жылжып, өз жемістерін көрсеткен кезең болды. 

Мұхтар Әуезов сол жылдары ғана  «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік және Сталиндік, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері атанып, жиі-жиі «суық самалы» соғатын саясаттың соққысы сиреп, шын мәніндегі шығармашылық, адами бақытқа бөленген-ді . Және осы жылдары Кеңестер Одағының бүкіл шет елдермен достық қарым-қатынасы жақсарып, шет елдерге қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялыларынан қоғамдасқан топтарды түрлі саяси-қоғамдық, әдеби-ғылыми, шығармашылық мақсаттармен сапарға жіберу қолға алына бастаған. Сәті түсіп, көрнекті суреткер М.Әуезов  1955 жылы алғаш рет, 1961 жылы екінші рет Үндістанға, 1956 жылы Чехословакияға, 1957 жылы Жапонияға, 1958 жылы Германияға, 1960 жылы Америкаға сапар шекті. Жазушының Чехословакия мен Германия сапары туралы жолжазбалары не күнделіктері болмағандықтан біз ғылыми шолу еңбегімізді Үндістанға сапарынан бастаймыз. Жазушы: «Біз, он шақты адам, совет мәдениет майданының өкілдері, Индия үкіметі тарапынан шақырылған қонақ делегациямыз. Индияның республикаға айналған тойының мерекелі күніне шақырылған едік. Делиге біз  келген күннің ертеңінде, 26 январьда халық мерекесі, салтанат күні басталды»,- деп сапардың мақсатын айқындап береді ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы, 34-т. Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2008.- 416 бет. 53 б).

Сан ғасырлық тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері бар әлемдегі ірі  мемлекеттің еш елге ұқсай бермейтін тарихи ескерткіштерімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, әдебиет және мәдениет  қайраткерлерімен сұхбаттасып, өзіне  етене таныс  әлем фольклоры мен шығыс әдебиетіндегі рухани әлемді өз көзімен көріп, сол әдемі әсерден туған Үндістан туралы очерктері қазақ оқырмандары үшін жаңалық еді. Көзімен көріп, көкейге түйгендері туралы жазылған «Дос пейілі» (Қазақ әдебиеті.1956.26 тамыз), «Діндар қала Бенаресте» (Қазақ әдебиеті.1956.7 қыркүйек), «Соңғы жаңалықтар» (Қазақ әдебиеті.1956.2 қазан), «Қайтыс сапар» (Қазақ әдебиеті. 1956. 10 қазан) очерктерінің жарияланған мерзімдеріне көз салсақ жазушының ұзақ сапардан кейінде қажымай қайраттылықпен өнімді еңбек еткенін байқауға болады. Европа мен Азияның Норвегия, Дания, Германия, Швейцария, Италия, Египет сынды ірі елдердің бірқатар қалаларын, ал қайтар сапарында Стокгольм, Хельсинки сынды шаһарларды шарлап, өмірдің бір шуақты кезеңдерін бастан кешеді.Тіпті осынау мол елді еншілеген ұзақ та жауапты жол азабы жазушының жігерін жасытпай керісінше қаншама шығармашылық шабыт сыйлап, қаламгерлік қоржынын толтырғанын 1958 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Индия очерктері» деген атпен жарияланған жеке кітабындағы көрікті ойлар дәлелдесе керек-ті. Жоғарыда аталған очерктер ірге тасын қалаған «Индия очерктерінде» кеңінен көсіліп, әрбір деталға дейін ден қойып, мүмкіндігінше мол мәліметтерді қамтып, кеңінен талдайды.

Жолжазбаны автор өзі үшін жазғандықтан онда жазушының шығармашылық ізденіс іздері қалатыны табиғи. Алайда ,бұл очеркі ауызекі айтумен қағазға түскендіктен оның түпкі толық нұсқасы емес, машинкаға басылған данасында жөнделген, өңделген, қосқан қосымшалары, белгі-сызулары сақталған. кезіндегі еңбегінің көрінісі ондағы ойлардың өзгеруі өшірулер мен сызулар көп кездеседі. Бұлардың бәрі жазушының сол сәтіндегі көңіл-күйлерін, шабытты шақтарын, психологиялық жағдайын , көркемдік көзқарасын, негізгі ой жүйесін, олардың қалай дамып, өзгергенін көрсетеді.

Шығармашылық өмірбаянды қарастырғанда шығармашылық психологияның орны ерекше екенін есте алсақ, жазушының көз көргендері мен бақылаулары, ішкі сезімдері, тебіреніс-толғаныстары маңызды қызмет атқарады. Дегенмен, «Индия очерктерін» бір мезгілдік көңіл-күйден туып, сол заманның ғана рухани зәрулігін өтеген өткінші өнер туындысы деп қабылдауға болмайды. Әр кезең оқырмандарының қабылдауы мен бағалауы әр деңгейде болғанымен көп уақыт өтсе де  оның құны төмендетілмей автордың қазақ оқырмандары үшін бүгін де бағалы  ойлары, бөгде жұрттың әр түрлі құбылыстарына деген көзқарастары қажет екенін есте ұстаған жөн.

«Индия очерктерінің» кітап ретінде жазылуының мақсатын қаламгердің өзі былай түсіндіреді: «Әуелгі мақсат-Индияда көрген мен білгенді, сезген мен ойлағанды өз оқушымызға жеткізу. Ең басты мақсат осы болғандықтан, әңгімені тезінен, төтесіне сол Индияның өзіндегі жайларға арнайық та, тез баурайық»,-дейді (52 б) Бұл ғылыми-публицистикалық мәтінді қабылдау,талдау барысында жазушының айтпақ ойының мән-мағынасының негізгі қырларына, оны оқушысына жеткізу  жолындағы  ізденістеріне ерекше ынта қою  керек. Өйткені, кеңестік кезеңде тек қана жеке ұлттар емес, 15 одақты қарамағына алып отырған алып Ресей мемлекетінің өзі шет елдермен байланысты жаңа бастап, өзге өлкені тану мәселесіне енді ғана ден қойып жатқанда сәтін салып соның бірінде біздің ұлт өкілі ірі суреткер М.Әуезовтің болуы орасан зор бақыт әрі мақтаныш еді. Ұлы тұлға да тек жеке мүддесімен ел-жер көріп, масайрап қайтуды мақсаттамай , ірі державаның үлкен миссиясын атқаруға абыройлы үлес қосумен қатар бізге бүтіндей бейтаныс көне тарихы бар, жақында ғана ағылшын отаршылдарынан азат болып, бостандыққа ие болған тағдырлас үнді елінің ерекше мәдениеті мен өнерін, сан қайшылыққа толы өмірін тезінен әңгімелеп, таныстыруды көздейді. 45 күнге созылған бұл сапар суреткер үшін шынында да «жөні-жолы бөлек оқшау сапар болды»(«1.Индия очерктері (Көріністері) .1.Азғана алғысөзде» 49 б). Және осында : «Индия жөніндегі осы кітапты мен, әрине, роман, повесть тәрізді, дағдылы көркем қара сөз жанрларының оқушыға мәлім түрлеріне баламаймын. Индия- ғажайып мол тарихты, терең, зор сипатты ұлы дүние. Оның тарихы да жүз жылдар емес, әлденеше мың жылдармен өлшеніп, мөлшерленеді. Сондықтан сол Индияға арналған еңбекті мен тек қана көргенімді айтумен тұжыра отырмақпын. Болмаса Индияның тарихын білген, білгір маман есебінде сөйлемекші емеспін. Халқы мен қауымдарының бүгінгі нәсіл, көп буындарының өмірлік, психологиялық шындықтарын да терең таныған автор емеспін. Осындай бір-екілі іргелі себептерді еске ала отырып, көрген мен сезгеннің нақтылы шындығын, дағдылы «жол баянын» өз тіліммен баяндап көрмекпін.  Бұл дәмесі зор кітап емес. Білген, көрген болмысынан туған шындық кітабы болып шыға алса, автордың содан арғы-зорғы мұраты жоқ» ,-деп өз міндеті мен мақсатын айқындап алады (52 б). Автор сөзінен шет елге алғаш шыққан адамның, оның үстіне шығармашылық тұлғаның  шабытына, творчестволық құлшынысына ойтүрткі болған көріністердің көркем мәтін ретінде рәсімделуіне риза болушылық байқалады. Сондықтан  бұл мәтіндерге сол кезеңге сай ғылыми тұрғыдан, сол сәттегі жазушы көңіл-күйінің психологиялық жағдайы, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер тұрғысынан қарап, талдау ескеріледі. Автор қаншалықты қарапайым болғысы келсе де өзінің табиғаты мен шығармашылық тұлғасына тән табиғи таланты, терең білімдарлығы, кемел ойшылдығы,ол мөлшерден биіктетіп, очеркті оқыған оқырманға ол бірде кәсіби тарихшы, енді бірде дінтанушы, ал кейде кескіндеме мен бейнелеу өнерінің білгірі, кейде сол үнді елінде өсіп-өнген өлкетанушыдай болып көрінсе, енді бірде бұл елдің көне әдебиеті мен мифологиясын ғұмыр бойы зерттеген ғұлама ғалым, зерттеушідей сезіледі.

Өлшеуі жоқ уақыт пен кеңістік аясында өтіп жататын адамзат тіршілігі табиғатқа тәуелді. Жылдың төрт мезгілі өз уақытында өтіп, соған сай кеңістік пен тұрмысы қалыптасқан қазақ жерінің табиғаты мен адамдарының ұстанымына мүлдем ұқсамайтын жер шарының екінші жартысындағы жат жұрттың  қысы болмайтын тосын табиғатын, басқа таным , басқа өмір, өзгеше менталитет, өнер мен өркениет өлкесі М.Әуезовтің «Индия очеркінде» ерекше өріліп, өрнектеледі. Бізге беймәлім уақыт пен кеңістік, тарих пен таным, әдебиет пен мәдениет мәйектері суреткерлік түйсікпен суреттеліп, қаламгерлік қиялмен қанаттанып, зерттеушілік зердемен зер салынып, дананың білім-білігімен баяндалып, жүйеленген көркемдік мәтіндер бүгінде маңызды.

Ойлы очерктен үндінің көне әдебиетінен 1960 жылдардағы кезеңіне дейінгі  аралықтағы небір жауһар жырлары , прозалық шығармалары, бірнеше гауһар тастардан құйылған тарихи, мәдени ескерткіштер, т.б туралы маңызды мәліметтер,танымды ақпарат алуға болады. Қаламгер онда 45 күн емес, 45 жыл өмір сүріп, ол елдің әдебиеті мен өнерін, өмірі мен тарихын зерттеген жандай әсер қалдырады. Оған очеркті оқып, талдау барысында әлі талай сілтемелер мен автордың ойы , мәтіндегі мәліметтер арқылы көз жеткізе түсеміз.  Очерктің өзін талдамас бұрын оны жазуға негіз болған «Индия күнделіктері» мен осы еңбектің ғылыми түсініктемелеріндегі деректерге тоқтала кетуді мақұл көрдік. Бұл ғылыми түсініктер жазушының сол сәттегі шығармашылық өмірбаянынан толық мәліметтер береді. Осы ретте мұрағаттанышы, мұхтартанушы ғалым Т.Әкімнің 34-ші томдағы ғылыми түсініктемесіне тоқталайық: «М.Әуезовтің Индия сапарының қолжазбалары өз мұрағатындағы 392-бумада сақтаулы тұр, бұл үш дәптерден (блокнот) тұрады: біріншісі-1-50, екіншісі-51-122, үшіншісі-123-172-беттер. Бұлар қазақ, орыс тілдерінде қатар жазылған, қазақ тіліндегісі негізінен араб әрпінде. Бұлардың біркелкі болмауын көлік, жол үстінде асығыс түрде қағазға түскендігінен деп қараған жөн. Томға дайындау барысында бұлар айтарлықтай қиындықтар туғызды, храмдар, музейлер, галереялар мен өндіріс орындары, завод-фабрикаларда болған кездегі жазбалары осылардың қатарына жатады. Қаламгер қаңтардың аяғы мен наурыздың басы аралығында көрген, көз алдынан өткергендерінің барлығын қойын дәптеріне түсірген, сонда есімдер, атаулар, тағы басқа көптеген сөздер қысқартылып жазылған, орыс тіліндегісін де осылай еткен. Сонда осы түпнұсқа мен кейін кітап болып шыққандағы нұсқасының арасында көп нәрселердің қамтылмай қалғандығы аңғарылады»,-делінген (408 бет). «Индия күнделіктерінде»  осы сапарлардағы жазылған деректі, көргендері мен естігендерін, еске қалғандары мен көңілге түйгендерін тегіс қағазға түсіру мақсаты көзделген. Ал, оны кейінірек асықпай ойланып, суреткерлік сүзгіден өткізіп, өңдеп, еске сақтау үшін бейсаналы түрде түртіп отырған фактілерді қайта санада сұрыптап, шығармашылықпен пайдалану процестері әлбетте жазу барысында ерекше екшеленген.

Ғылыми-публицистикадық мәтінде жазушы тақырыптың зәрулігін , еңбектің мақсат-мүддесін белгілеп, өз тұжырымдарын ұсынған. Мұндағы нақты өмір көріністері үнді елінің тарихи-әлеуметтік болмысын анықтау арқылы тақырып өзектілігін айқындап, ауқымын кеңейтеді. Нақты тарихилық көзқарас мәтіннің өмірге келу кезеңіндегі тарихи жағдайды терең білуді талап етеді. Сондықтан да М.Әуезовтің шет елге барған сапарлары жайындағы барлық публицистикалық жанрдағы мәтіндері кеңестік кезеңдегі басылымдарға қойылған талап-тілектер ескеріліп, сол  уақыттың идеологиясын насихаттауға да назар аударылғанын ұмытпаған абзал. Мұндағы тарихи деректер мен дәйектерді қаламгердің шығармашылық  өмірбаянымен қарастырғанда сақтықты қажет етеді.

Бұлардың бәрі  әдеби, ғылыми публицистикалық жанрға қосымша специфика беріп, көркем мәтінді толықтырар фрагменттік қызметтер атқарады. Әдетте күнделік іспетті жазбаларда 6 түрлі жазба түрлері қолданылып, бұл жанрдың ерекшелігін танытады. Ол турасындағы ғылыми түсінік «Литературная энциклопедия терминов и понятий» (главный редақтор и составитель А.Н.Николюкин. Москва . НПК «Интелвак», 2003.-1600 стр.) атты сөздікте беріледі. Күнделік жанрының табиғаты мен ерекшелігін айқындап беретін бұл анықтамадағы барлық теориялық сипат М.Әуезовтің күнделіктеріндегі көркемдік жүйелерге ортақ болғандықтан толығырақ беруге тырыстық: «..1) периодичность, регулярность ведение записей; 2) связь записей с текущими, а не с давно прошедшими событиями и настроениями; 3) спонтанный характер записей (времени между событиями и записью прошло слишком мало, последствия  еще не проявили себя, и автор не в состоянии оценить степень значительности происшедшего); 4) литературная необработанность записей; 5) безадресность или неопределенность адресата многих Д; 6) интимный и поэтому искренний, чостный и честный харақтер записей» (231 стр). Бұрын бейтаныс елдің әрбір ұсақ өзгешелігінің өзі қызығушылық тудырып, өзіне тәнті етіп отыратын қасиетін ескерсек, Үнді секілді миллиондаған халқы бар, көп дінді, көп тілді, көп ұлтты, көнеден келе жатқан бай тарихы, мол әдеби, мәдени, рухани мұрасы бар, дүние жүзіне тағлымды  тәрбие берерлік киносы бар бір елде екі қоғамдық саяси формацияны бастан кешіп жатқан өмірі бар, бай мен кедей тағдыры бір кезеңде қайшылықты қақтығыста тіршілік кешкен мемлекеттің біз білмейтін өмірі ұлы суреткерді де өзіне қызықтырып, көргенін көңілден таса етпей жазып отыруға жүгіндіргендей. Және бұлардың бәрі жазушының сол сәттегі сезім күйлері мен ой түрткілерінен елес береді. «Индия күнделіктері» сол 45 күннің күнтізбесі секілді сол сапардың көңіл күнделігін, күн сайынғы өткізіліп жатқан неше түрлі күн тәртібіндегі жоспарланған жұмыс кестесі ағымындағы толассыз, тынымсыз кездесулерден, тоқтаусыз жүрістерден, бір сәтке де саябыр таппаған  ел кезу, жол жүру, т.б мыңдаған адамдармен кездесіп, жүздесу секілді жұмыстардан хабар береді. Әрі десе дүние жүзіне мәлім ірі держава –кеңестер одағы секілді  мемлекеттің ары мен ұяты болып, олардың жаңа саясаты мен беделін түсіндіріп, ұлы достықтың дәнекерлеушісі, саясатын жүргізуші мәдениет майданының жауапты идеологтары есебіндегі ауыр  сынды абыроймен алып жүру жұмыстары тағы да салмағы ауыр міндет жүктейді. Әрбір кездесу биік дәрежедегі лауазымды ел басшыларымен болып, үлкен сындардан сүрінбей өту де  оңай шаруа емес-ті. Бір азаматтың білімі мен жүрісінен сол елдің ,ұлттың табиғаты танылып, дәрежесі көрінетінін ескерсек, елдің қаймағы, сол ұлттың абыройы болған М.Әуезовтің елді танытудағы мерейлі міндеті де осы күнделіктерінде көрінеді.

Кейде сол себепті де жазушының күнделіктері ресми құжатқа да құсайды. Енді бірде олар бейтаныс өлкені таныту, таныстыру, насихаттау секілді де қызмет атқаратын сыңайлы. «Индия күнделіктері» мен «Индия очерктері» тек әдебиетші, жалпы оқырман қауымға ғана  емес, тарихшы мамандарға, дінтанушыларға да, өлкетанушыларға, өнертанушыларға, әдебиетші мамандарға да аса қажетті әрі қызғылықты құнды құжаттар, танымды еңбектер деп есептеуге болады. Автор мұнда бақылаушы ретінде көрінсе, «Индия очерктерінде» бағалаушы ретінде танылады. Ақырғы сөздері мен қорытынды ойлары қонақтаған бұл еңбегінде өз көзімен көргендеріне жаны да тәні де саябыр тауып, санадағы суреттерге жан бітіріп, көз алдынан өткен 45 күннің маңызы мен мәніне, сапарының мақсаты мен мазмұнына ой жібереді.Сондықтан да күнделік  тек қана тарихи емес, эстетикалық та құндылық болып саналады. «Индия күнделіктеріндегі» әрбір күн сайын жазылған өмірлік фактілер, этнографиялық мәтіндер ондағы оқиғалардың ішкі және сыртқы сезімдерін де баяндайды. Және күнделікте өзі мен өзін қоршаған ортасы, сапарластары, жүздескен жандарының қабылдауынан бастап, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, сол сәттегі көңіл күйлері, көзқарастары, салты, әдебі, мақсаты мен міндеті, бәрі-бәрі бақылаусыз қалмайды. Тегінде күнделік жанрында өзін-өзі талдау мен өзгені психологиялық  бақылаудан өткізу бірінші кезекке қойылады. «Сырт көз сыншы» дегендей, қонақ аз отырып, көп сынайдыға сай, суреткерде өзінің кәсіби машығымен маңайындағы әрбір көріністі мүлт жібермей қадағалай, өз қорытындысын жасап отырады. Оған күнделік те де очеркте де мысалдар мол-ақ. Жазушының шығармашылық зертханасына зер салғанда байқайтынымыз, керекті деректерді ғана алып, олардың өзіне көптеген әдеби өңдеу жұмыстарын жүргізіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізгенін, өзі оқыған , білген үнді елінің тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәліметтерді қосымша қосып отырғаны айқын. Оған очерктің алғашқы бетінің жоғарғы жағына «Индия жөніндегі кітаптан үзінді» дегенді қолмен жазып, кейіннен  «үзінді» сөзін сызып тастауы мысал бола алады. Жазушы мұрағатындағы машинкаға басылған бір данасындағы өңдеу, түзету жұмыстарында енгізілген өзгерістер, алынып тасталған абзацтар, сөздер мен сөйлемдер, «керек емес» деген түрлі белгі-сызулар шығармашылық психология мен іркіліссіз жүргізіліп отырған ізденісті, үрдісті  танытады.

Соның нәтижесінде «Индия күнделігінде» жоқ «Аз ғана алғы сөз ретінде» деген кіріспе мен «Ұшқыр қанат астында» деген тарау қосылады. Сондай-ақ, ғылыми түсініктемеде 16-бетке бірінші, екінші, 18-бетке үшінші, төртінші қосымшалар  мен бірсыпыра түзетулер енгізілгенін, 61-бума,14-18-беттерде 5 беттік мәтін қосылғанын, 61-бума, 10-беттердегі кейбір жолдарға кітаптағы 32,36,50,67,78 беттердегі кейбір абзац, сөйлемдерде қысқартылған үзінділер келтірілгені айтылады (406 б). Және күнделіктің жазылу стилі мен жазушының факті жинау ерекшелігіне, бөгде елді тану мен таныстырудағы жазушылық көзқарасы да көңіл аударарлық.

188-313-ші беттерді құрайтын және 45 күннің бір күнін де құрғатпай соншалықты ұқыптылықпен толтырылған «Индия күнделіктері» шын мәніндегі күрделі еңбек. 1955 жылдың 28 қаңтарынан басталып, сол жылдың 5 наурызымен аяқталып тұрған күнделікте жазушының әрбір күніндегі еске қалар  сәтіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзі баяндап отырған оқиға мен көріністердің, кездескен адамдар мен қарсы алған, қабылдаған қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың ерекше қасиеттері, қимыл -әрекеттері мен киім киісі, сөйлеу мәнері, болмыс-бітіміндегі тосын мінездері  қаламгердің қырағы бақылауынан тыс қалмайды.Таңқаларлық жайт- сапарда жүріп, асығыс қағазға түсірілген ақпараттардың өзі соншалықты сөлді, мағыналы. Бүкіл кездесулердегі көріністердің ұсақ-түйегіне дейін жазылып отырылуы, маңайындағы адамдардың әрбір мимикасын мүлт жібермей суреткерлік сүзгіден өткізіп, келешектегі көркем дүниесіне керекті деталдарды дәл тауып дәйектеп отыруы нағыз қаламгердің қырағылығын танытады.  жазушының қабылдауы мен ойын тез жинақтап, қағазға түсірілуі дер еді. Бірінші және бір күнгі бейтаныс жұрттың өміріне М.Әуезовтің өз көзімен қарап көрелік: «Күндізгі сапардан соң кешкі сағат 6-да Индия – Совет достық қоғамы мәжілісінде болдық. Клуб ішінде Индия адамдарынан басқа біздің адамдар да болды. Ғылым делегациясынан Островитин, елші Менщиков, елшілік қызметкерлері. Қоғам бастығы-Нерудің апасы. Мәжілісті жүргізген қарт басына шалма киген, үстіне сұр бешмет, сақалы қалың, мол, аппақ, бұйраланған, көзінде көзілдірік (мүйізді). (Жазушыда қалыптасқан қырағылық осыншама портреттік детальға дейін мән берген) сол ғана, сәл ғана болмаса, нағыз баяғы имам, қари, немесе үлкен ишан дерсің (Салыстырып та, теңеуін тауып та, бейнесін сомдап та үлгерген) ағылшын тілінде жұртты қызықтыра жақсы сөйлейді.Залда Индия азаматтары. Әйел жоққа тән, аз еді» (188 бет). Міне, бір күнгі мәжілістің өзінде қаншама құнды ойлар, бейнелі суреттер, образдар сомдалып, тірі жандай көзге елестейді. Бұл ешқандай өңдеуге түспеген, көрген бетте ұмытып қалмау мақсатында қағазға тездетіп түскен тіркестер ғана. Ал, енді «Индия очерктерінде» осы күнделігіне түспеген, кейіннен қосылған «ІІ.Ұшқыр қанат астында» атты тарауындағы жол сапар сыры қалай баяндалатынына мән берсек, жазушының бейне бір әуе ұшқышы қызметкері секілді самолет пен оның ұшу жолдары, олардың қызметінен де хабардар екендігіне көз жеткізуге болады. Жұрттың бәрі қызыға қоймайтын рейс маршруты, ұшу шапшаңдығы, т.б ұсақ-түйек түйткілдер де қаламгердің назарынан тыс қалмайды: «Индияға аттанған сапарды біз Москвадан бастасақ та, әуелі оңтүстікке қарай беттемей, керісінше, тура терістікке қарай жөнелдік. Халықаралық әуе қатынас жолы біздің Ленинградты, Хельсинкиді басып, Стокгольмге баруымызды қажет етті. Стокгольмнен бүкіл Европаны аралап, Африка жағасын жағалап, Токиодан барып шығатын төрт моторлы үлкен самолетке мінетін болдық. Бұл «САС» деп аталатын Скандинавия компаниясының самолеті. Ол төрт моторлы, 62 кісілік ірі самолет, шапшаң да ұшады» (51 бет). Мұншалықты мол мәлімет әрине ізденістен туады. Ол деректерді арнайы сұратып, оқыған әдебиеттерден де алуы мүмкін. Қалай болған да бұл білгірлік қаламгердің  қандай мәліметке  мән беріп, қызығушылқпен қадағалай құнттап біліп, қағазға түсіріп отырғанын аңғартады. Үш тәулік бойы бір самолетпен Норвегия астанасы- Осло, Дания астанасы- Копенгаген, Батыс Германияның үлкен қаласы- Дюссельдорф, Швейцарияның- Женевасы, Италияда- Рим-қалаларында біздің уақыт бойынша әрбір екі-үш сағат өткен шақта тоқтап, түсіп, қайта ұшып отырған .Ұзақ жолдың қиыншылығын ұлы жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезоваға 1955 жылдың 23 қаңтарында жолдаған хатынан да байқауға болады.Оқып көрелік:  «Ляленька моя!

Вот 23-го в 5 ч. московского времени мы в Копенгагене. До этого одна остановка была в Осле. Нас кормят завтраком, обедом в самолете, условия полета очень удобные, чувствую себя прекрасно. Здесь мы стоим 40 минут. Впереди остановки в Дюссельдорфе, Женеве, Риме, Каире, Карачи. Самолет внушает полное доверие, мощный моторный. Звони маме, пусть не тревожится. Целую вас всех.

Папа.» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50 том .Алматы. «Жібек жолы», 2011-472 бет. 43 б.).

М.Әуезовтің Үндістанға барар жолында Копенгагеннен Мәскеудегі қызына жіберген шағын хатының мазмұны мәлімдеп отырғандай ұзақ жол азабы сезілмей, керісінше көтеріңкі көңіл-күй, жағдайдың да ұшақтың жайлылығы,т.б жөнінде  толық деректер келтірілген.Мұнда жазушының отбасына деген құрметі, жұбайы мен қызына деген ыстық ықыласы да сезілмей қалмайды.

Осыншалық ұзақ жол шаршатқанымен, көңілді орта, бейтаныс әлем, бөтен қалалар мен әлемнің ең атақты елдерінің астаналары, жолаушыларды ынтықтырып, қызығушылығын тудырады.Бұл да жазушының өзі назарға алған нысанасын бүге-шегесіне дейін зерттеп білу дағдысына тән өзіндік жұмыс істеу стилін танытса керек. Әдепкі суреткерлік, зерттеушілік, материал жинаудағы қалыптасқан машығы мұнда да қатты байқалады. Мәселен, «Абай жолы», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Өскен өркен» ,т.б сынды көркем тарихи туындыларына керекті өмірлік, тарихи деректерді жинаудағы дағдысы- көзі көргенін көңіліне мықтап орнатпай көңілі орнына түспейтін, яғни әрбір деректі тап бір сол саланың кәнігі кәсіби маманындай ,бүкіл мәліметін молынан жинау – мұнда да орын алған. Оған көз жеткізу үшін «Индия күнделігіндегі» 2-ші күн, « 29 январь» күнгі жазбаларға көз жүгіртсек: «Таңертең өзіміздің елшіміз Меншиковте болдық. Маршрутты анықтадық.

Бір күн Азия мәдениет музейінде. Аурел Стайн-венгр, музейді жасаушы.

  • Роспись по шелку. Будда и свита из дунганских пещер. ҮІІІ-Х вв.
  • 2)ІІІ-ІҮ вв.н.э. Из Мирая фрески из будд. Храма, т.б…»,-деп осылай 18 санға дейін белгіленген музей экспонаттарының неден, қашан жасалынғаны, қай ғасырдың ескерткіші, ол нендей металлдан жасалды, суретте не, кім бейнеленген, тіпті мұрағаттағы қағаздарды мәңгі сақтайтын электр аспабының да бар екендігін, шаңды кептіруші механика, микробтарды өлтіретін, қолжазбаларды өңдейтін құралдар, химиялық элементтер, жәдігерлерді сақтаудың қандай тәсіл-амалдары бар,т.б барлық мәліметтер егжей-тегжейлі жазылып алынған. Мұндай кеңейтілген сипаттама музейдің барлық бөлімдеріне, олардағы әрбір жәдігерге жасалған. Бұл тәсіл еріксіз еске жазушының осы кезге дейінгі барлық жұмыс жоспарларындағы, жолжазбалар мен күнделіктеріндегі, сапарнамаларындағы ортақ кәсіби дағдысын еске түсіреді. Бұл жазушының бір күнгі, яғни музейде болған сағат 9 бен12-нің  аралығында алған ақпараттары. «12-ден 30 минутта президентте болдық. 40 минут. Жақсы әңгіме болды. Ол тіл туралы айтты. Көп тіл. 560 княжество бар екен. Соның бар бастықтарын өсиетпен біраз әкімдігінен түсуге үгіттеді. Соған көнді. Зорлық емес, соғыс емес, ақылмен көндірудің артықтығы осы. Қазір 26 штат бар. Һинди тілінде жарым халық  сөйлейді, өзге тілдерде жарым халық дейді, артық болу керек». Нақты тарихи деректер , оның бірін түртіп жіберсең, астынан мың мәселе шыға келеді. Міне, бұлардың бәрі «Индия очеркінде» үлкен ойлы дүниелерге айналып, бүкіл адамзатқа ортақ құндылық ретінде талданары түсінікті. Одан әрі Дели  университетінде болғаны, 32 университеттегі жалпы жағдай, елдің оқу жүйесіндегі ерекшеліктер, студенттер мен оқытушы профессорлардың саны, жағдайы, факультеттегі мамандықтар, үш сатылы оқу жүйесіндегі бакалаврь, магистратура, доктор ,т.б түгелдей тізіліп жазылған ( ал бұл жүйе бізде тек тәуелсіздік алған соң ғана енгізіле бастады Г.П), ал келесі күні Жайпурдан Удайпурға бара жатқан жол бойы, поездағы дін туралы әңгіме жайы сөз болады. Міне мұнда діннің түрлері, Брахманың-әлемді жаратушы, Вишняның-қорғаушы, Шиваның-талқандаушы екендігін, олардың әрқайсының туу тарихы мен бір-бірінен ерекшелігі жайлы түйінді сөздер бір-бір жолмен берілсе, ал очеркте бүкіл үндідегі діндер туралы философиялық терең толғамдарға ұласқан. Міне , осылай 5 наурызға дейінгі әрбір күнгі көрген, білген, естиіген, көкейге түйген, жәйттердің бәрі қысқартылған күйде жазылып отырады. Күн сайынғы кездесулердегі, мың-сан әдеби-мәдени диалогтардағы пікірлерге сын көзбен қарап , кейбір орынсыз айтылған олқы ойларға орынды ескертпе де беріп отырады. Мәселен, күнделіктің «14 февральде …Кішкене Гупснахтың үйіне индо-совет достығы қоғамының жиналысында болғанын, олардың нақтылы сөйлегенін, орыс тілін үйренуге мұқтаж екендігін, айта келіп: «..Яковлев те аса тәттілеймін деп, әсірелеп алды. «Сіздің бақытсыздығыңыз – біздің бақытсыздығымыз, сіздердің көз жасыңыз-біздердің көз жасымыз» дегендер артық, әзірге бұл елге айтуы орынсыз, уақыт жеткен жоқ. Және бұл орта өзін бақытсызбын деп әсте түсінбейді. Бұл араға оны да әкелу өз ішіндегі көкейді тескен ауыртпашылығын арқалап келгендей сезілетінді байқамайды. Саясат адамы, бірақ ақтарыла, шашырай кететін біздің кейбір мінездер білініп қалды»,-деп сыртта жүргенде әрбір сөзге сақ болып, сыр алдырмаудың амалын жасаудың орнына кейде осындай дарақылықа жол беріп алатын адамдарды сынға алады. Одан әрі тіпті сорақы сайқымазаққа қалған серігін тіпті жаман сөзбен сөгіп те алады: « Бұл кеште бәрінен де ақымақ болған Ашрафи. Ол баяғыда біздің аталарымыз білім келіп, сіздерді жеңіп, өздеріне қаратып алған. Біз, өзбек, соның тұқымы деп сандырақтады. Баяғы үйінде жүргендегі нескромность, дарақылық….алдында «Индия музыкасы- өзбектің музыкасы» дегенде, бір қатты қағып тоқтатып ем. Өздерің осыдан алғансың, төркініңді танымай, ол бізден алған демексің. Орынсыз деп бір   қойғызып ем. Мынау жиында атам Бабыр солай істеген деген сөздері бестактность, қанша кейін сыпайыладым дегенмен (оншалық сыпайылыққа өзінің орамы да, негіз де жоқ), түк шықпады»,- деп қасындағы серіктерінің тарихты білмей, үстүрт пікір айтуын айып санап, кіжінеді (242 б). Одан әрі әрбір тарихи тұлғаның (Әбілхайыр, Ақсақ Темір, Шыңғысхан) тарихи орнын айта келіп, білмей сөйлеудің бассыздық екенін тағы да ескертеді. Ал, 16 февралдағы  күнделігінде самолетте жоғалған қаламының бір күннен соң иесін тапқанына қатты қайран қала жазады: «Бұл елдің қиянатсыз өз иесінен, адал момындығынан өз басыма қолма-қол қатысы бар сондай бір өзгеше мінез көрдім.»,-деп ризалығын білдіреді. «Кедей жомарт» дегендей, сіңірі шыққан кедей бола тұра тазалағы мен адалдығы қаламгерді ойлантады: «атымен кедей, қараңғы надан, қайыршы жас -кәрісі, үйсіз-күйсізі сондай көп. Ешбір дүниеде мұндай көп контрастық болмасын. Өзі кедей, өзі аш, өзі соншалық көп бола тұра, өзі жөнсіз қылмыс жоққа тән. Кісі өлтіру, төбелес, мастық, қантөгіс бірі жоқ. Бұларды билеу оңай. Еңбекке сонша көнген, өкпесі тесілгенше жоқшылықты, қорлықты өмірлік қамыт етіп, сақал-шашы ағарғанша, жаяу жортып жүрген момын кедей, шын құл да анау. Ол жағынан қарасаң, бұл таза момын, еңбекші ел-пайғамбар, апостол, аскет подвижниктер де туғызатын ел. Екіншіден, осындай адамгершілік, моральдық тазалық традициясы бар елдің ортасына социализм орнаса, қандай пайдалы дәстүрлері жақсы керекке жаралар еді» ,-деген ой айтады (246 б). «Индия очеркіндегі» ІІІ ғасырда өмір сүрген Ашока патшасы өсиет еткен эдиктінде (эдикт-патшаның арнайы шығарған төтенше мәнді указы): «қан төкпеу керек, ешбір жанмен соғыспау жөн» деп осы жайдағы үгіттерін кейінгі нәсілге әрі діндік, әрі адамгершілік үгіт-өсиет етіп жаңағы тас діңгекке өзінен кейінгі заман адамдары қашап жаздырған. Индияның тарихи ескерткішіндегі бұл сөз үнділердің берік ұстанған ұранындай, өсиетіндей екен. Міне, бүгінгі халық соны берік екендігін тағы бір дәлелдеді. Осы жолдарда қатты байып кеткен жеке меншік иесі де тым тақырлыққа келген кедейлері де бар, қайшылыққа толы елдің тәртібі, жалпы үнді елінің мінез-құлқы мен табиғи болмысы қаламгердің көзқарасы бойынша суреттеледі. Күнделіктің кейбір тұстарында осылай кеңінен толғап, көргендері мен естігендерін егжей-тегжейлі баяндаса, енді бірде қысқа қайырып, тек ақпараттық мәлімдемені ғана мазмұндайды да қояды. Толығырақ баяндалған тұстар мен очерктердегі осы тұстардағы алшақтық та онша байқалмайтындай, ұқсас ұғымдар, бір келкі көріністер,  өңделмей, өзгеріссіз жүрген сөйлемдер де баршылық сияқты.

«Индия күнделігіндегі» ойлардың  бәрі «Индия очеркінде» кеңейтіліп, өңделіп, қорытылып, жүйеленгендіктен жазушының соңғы нұсқасына жүгінеміз.

М.Әуезовтің Индия күнделігі негізінен  ірі мемлекеттің, тіпті үлкен бір құрлықтың өкілі ретінде ресми сапармен барған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің  үлкен миссиялы міндеті бар жауапкершілігі жоғары жоспарлы шаруаның жолжазбасы. Сондықтан бұл сапарнамада жеке адамның  сезімдерінен гөрі тарихи тұлғаның  мемлекеттік мүдде мен міндеті жоғары қойылған. Екі ел арасындағы елшілік, шығармашылық дәнекерлік, достық қарым-қатынастағы кездесулер мен мәдениетаралық диалогтардағы мәселелерді  көрнекті суреткер, фолькорист ғалым, әмбебап әдебиетші, кемеңгер ойшыл М.Әуезовтің көңіл күнделігіне қондырмауы мүмкін емес. Және олардың бәрі жолжазбада жазушы көзімен, суреткерлік сезіммен суреттеліп те отырылады. Бір сәттік кездесуде көріп, пікірлессе де оқырманға ой салып, көңілінде қалып қоятын небір образдар бейнесін жасап та үлгереді. Индия очеркіндегі алғы сөзде жазушының өзі айтқандай ертегідей елде: «менің көріп-білгенім «сиқырсудың» таңғажайып халдері болмаса да, сондай бір бүйрек, оқшау жайлар еді» (311б 20-т).Үндінің президенті Раджендр Прасад қабылдауындағы салтанатты суреттеуі жазушының таңданысын толықтыра түсетіндей, парадты бастаған төрт қатар пілдер тобы, сонсын түйелі кавалерияның- ақ түйе нарлардың тобы, сонсын бүгінгі әскери жасақтарының шеруі, өзіндік дәстүр салты, көркі-көрнегі, кәсібімен, оқшау қызық үлгілері ерекше әсер қалдырады. Күні бойына Делидегі тарихи орындарды аралаған қонақтар ХІІ ғасыр ішінде араб затты Құтбиддин патша салдырған биіктігі 75 метрлік, басынан етегіне дейін бір жері бір жеріне еш ұқсамайтын бәрі араб жазуы аяттармен оюланған «Құтбминар» мұнарасының ғажаптығына қайран қалады. Бірнеше мың жыл бұрын үнді жеріне құлаған метеориттің ешқашан тат баспайтын таза темірінен жасалған темір діңгектің таңғажайып ерекшелігі жайлы да жазушы  тебірене жазады. Делидегі Бабанұр патшаның немерелері Шахжиһан салдырған «Жұмамешіт» және патша сарайы –Қызыл сарай (Редфорт) ескерткіштерінің тарихы мен хандар шежіресі туралы шерткен сырлары таңғаларлық . Бөтен елдің тарихы, ондағы әрбір көне ескерткіштері туралы мұншалықты мол мәліметтерді қай мерзімде оқып, біліп алған деген сауал еріксіз санаға оралады . Бұған жазушының: «Мәлім етулері бойынша бұл белгілі «төрт шадиярдың» бірі Ғұсманның қаны төгілген құранның өзі болып шықты. Тегінде мұсылман әлемінде Ғұсман да көп, Ғұсманның қаны төгілген құран да көп екенін білуші едім. Өз тіршілігімде менің өзім ғана үш шаһарда осындай үш құран көргенім бар-ды»,- деген жауабы бар-ды (319 б). Бұл дерек-  жазушының қасиетті құранның мәтіндерімен де, тарихымен де, тарихта бар 99 пайғамдардың өмір дерегімен де жақсы таныстығын танытады. Екінші ең зор деген ескерткіш те моғол нәсілді патшалардың құдіретімен салынған, кезінде атақты Фердауси жер жүзінде жәннәт болса, ол дәл осында деп мадақтаған  -«Қызыл сарайдың » құрылысы, оның сән-салтанаты, архитектуралық ансамблі, композициялық  ажары, т.б кәдімгі кәнігі құрылысшылардай әңгіме құрады. Бірінші күнгі салтанатты мәжілісті өткізген Индия-Совет достығының комитеті, оны жүргізген Джавахарлал Нерудің туған апасы екі ұлы Отанның достығы турасында ,бұрынғы англия әкімшілігі заманында бүгінгі Советтік Отан былай тұрсын, бұрынғы Россияның тарихы мен мәдениетінен мақұрым ұстағаны, т.б жөнінде әңгіме қозғай келе: «Біз көп князьдікке бөлінген Индиядан біртұтас республика жасадық. Сонда қан төкпей, қарулы күрес жасамай, тыныштық жолмен осыған жеттік» деген сөзі   дұрыс саясат ұстанғанынан ұғым береді. Делидегі ұлы мәдениет орындары- көне Азия мәдениетінің музейінде болуы, күнделікті көрсеңіз оның әрбір бөліміндегі жәдігерлер, олардың тарихы мен мазмұны, тіпті қоймаларының температурасына дейінгі мәліметтердің бәрін баяндауын жоғарыда нақты мәтіндер келтіру арқылы айтқанбыз. Ал очеркте ол туралы толығырақ баяндаумен шектелген. Дүние жүзіндегі ең ескі оқу орындарының бірі Дели университетінің тарихы мен әрбір факультеті, мамандығы, оқу жүйесі ,т.б бәрі де күнделікте кеңінен айтылғандықтан мұнда оның тарихы мен оны басқарған тарихы тұлғалардың ертегідей жеке өмір деректеріне мән берілген. Және олардың бәрі нағыз жазушылық көзқараспен бейнелі түрде баяндалады. Осы ретте суреткер орыстың ХІХ ғасырдағы демократ ойшылы, жазушысы Герценнің :«Шығыс елдерінің тарихтары драмалық, трагедиялық оқиғалары болғанмен де, жалпы алғанда іш пыстыраралық» деген екен. Менің ойымша  тарих іш пыстырарлық емес, тарихты жазушылар сондай іш пыстырарлық етіп жазған» деп, ескі Грецияның көне тарихшылары Геродот пен Ксенофонттардың тарихшы әрі талантты беллетрист-әңгімеші, жазушы болғандықтан көне грек тарихын іш пыстырарлық емес, шын мәніндегі қызғылықты, мазмұнды, тағлымды тарих ете білді және оны әлемге үздік үлгі етіп ұсына білді, сондықтан да үндінің жаңа тарихын жазушыларға да соны тілеймін» деген екен, сонда сөйлеген сөзінде (322 б). Сол тілекші іштей «қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызғылықтылығымен де талантты боп шықса-ау» деген орынды арман ойға оралып еді»,-депті. Алайда, тәуелсіздік алған 20 жылдан бері де еркіндік алған қазақ елінің тарихы тартымды, тағлымды, жүйелі жазылмай келе жатуы қандай өкінішті. Делиде болған 4 күндегі көргендері мен естігендері Әуезовтің өз елімізде оқып, танысқан біраз еңбектеріндегі білімін толықтырғаны мәлім. Алайда, «мың естігеннен бір көрген артық» дегендей жадыда сақталған теориялық білімнен тірідей көріп, көңілге тоқыған білім әлдеқайда әсерлі екендігі аян. «Индия очеркіндегі»  «ІҮ. Уәлаяттар ғаламаттары,Удайпур, Жайпур, Аграда» деген тарауда бөгде елдің бейтаныс қонақжайлық қасиеті, өздеріне тән дәстүр –салты кеңінен әңгіме болады. Қолына қалам ұстаған жазушы үшін мұның бәрі аса құнды деректер. Сондықтан да жазушы әрбір күннің әрбір сәтіне терең мән беріп, аса сергіктікпен, ойшылдықпен көз жіберіп, көкейіне түйіп отырғаны байқалады. Және оны көп көрушінің бірі емес, нағыз ел мен жұрттың, адам мен әлемнің рухани құндылықтарына зәру зерттеушілік зердесіне құйып, суреткерлік санасына сіңіре білгені байқалады. Әңгімені  іш пыстырарлықпен емес тарихи тағлымы тереңге тартқан тартымды тілімен баяндайды. Фатей, Пичула деген көлдері қоршап тұрған Удайпурды ұзақ уақыт билеген әмірші кәрі князь-махараджаның ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардан бері ақ мрамордан салынып келе жатқан көп сарайлардың архитектуралық ерекшеліктері мен оған қарайтын 15 миллион 300 мың халқы бар елдің салты, дәстүрі, шаруашылығы, мәдениеті ,білім беру жүйесі, өнері ,т.б толып жатқан салаларына да мұнда толық сипаттама берілген. Бұлардың бәрі күнделікте нақты тарихи фактілермен нақышталса, очеркте көркем тілмен, бейнелі образдармен кестеленген. Бөгде жұрттың діни салт дәстүрлерінің  сырын суреткер  өз қабылдауы бойынша түсіндіреді: «Удайпур шаһарында өткізген екінші күннің кешкі шағында біз ХҮІ ғасырдың Кришнаға арналған храмы-мінажат үйіне келдік. Бұндай жерлердегі дағды бойынша аяқ киімдерімізді төменге, тас басқыштың түбіне тастап жалаң аяқ шықтық. Дәл храмға кірерде намаз кезі екен, жрец (бірқатар шығыс елдерінде ертеректе болған дін басылары) қарсы шықты да бізді сәл бөгей беріп бәріміздің маңдайымызға қызыл бояулы мең орнатты және сол бояудың тап ортасына бір-бір күріш дәнін қондырып берді. Оны бізге «сәлемдесу, жақсылық тілек тілесу, адал бейілмен көрісу белгісі» десті»,- деп түсіндіреді (329 б).

Бұл жөнінде жазушының әйелі Валентина Әуезоваға айтқан, оны М.Әлімбаевтың жазып алған қызықты әңгімесі бар екен. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ««Құрметті жеңгеміз Валентина Николаевна емханада дәрігерге кезек күтіп отырып, қысыр әңгіме үстінде қызғылықты бір жәйтті есіне алып еді.

Туасы шешен, тұлпар тіл Мұхтар Әуезов екі жағдайда ғана еркін сөйлеп, көсіліп кете алмапты, сөзін бастай алмай, едәуір кідіріп қалыпты. Біреуі Индияға барған сапарында. Ол елде мәжіліске қатысушы қонақтар сахна төріне жалаңаяқ шығатын әдеті бар екен. Мұхаң: «Мінбеге көтерілгенде жалаңаяқ тұрғаныма қоңылтақсып, аяғым басына қарай бердім, алғашқы сөйлемім аузыма түспей, сәл-пәл мүдіріп, үн қата алмай тұрып қалыппын»,-деп еді. Екіншісі-Прагаға барғанда. Онда профекторлар жан-жақтан ғана жанбайды екен, екі қапталдағы, сахна кемеріндегі іргелерден де көзді ұялтып, жарқ-жұрқ етеді екен. Бұл жағдайда да қысылыңқырап қалдым»,- деген болатын.

«Жүйрікке де бап керек деген осы емес пе?» (М.Әлімбаев. Көңіл күнделігі .Алматы   .Жалын. 1980.- 240 бет. 183 б).

Бұл естелікке қарағанда тек мешітке емес, мінбеге де жалаң аяқ шығып, сөйлеуге мәжбүр болған. Міне, өз салытн сақтап, сыйлата білудің үздік үлгісі. «Әр елдің салты басқа» және оны неше ғасыр өтсе де өзгертпей, ұқыптылықпен ұстануы өз дәстүрі мен дініне беріктігін байқатпай ма?

Қала көне болғандықтан да мұнда ескі ескерткіштер де көп екен. Ол турасында : «Әзірге ойымызға келгені Удайпурда жиылған ескілікті Индияның өзіндік ескерткіштері молдығына қарап, егер Удайпурға келмесек, Индияны түгел көрдік дей алмасақ керек. Бұнда соншалық көп, тамаша дүние жиылған тәрізді» ,-дейді (330 б). Бұл М.Әуезовтің Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясында айтқан : « Никконы көрмесең-ғажап деп айтушы болма» деген жапондықтардың мәтелін еске түседі. Және бір ғаламаты қала көшелерінің бірінде үйлену тойының көрінісін қызықтауы болыпты. Мұндағы салт бойынша тойды көрген жұрт көшеден ілесіп, біраз жерге дейін шығарып салады екен де көше кептеліп, көліктерді жүргізбей қояды екен. Осы көріністің өзінен жазушы сол елдің салтына сай бар дәстүрді қамтып айтуға , үйлену тойының маңызы мен салтанатын суреттеп беруге тырысқан. Ал, Удайпурға бағынатын ескі қаланың бірі Читоргар

басқыншыларға қарсы соғысқан бірнеше ерлікті бастан кешкен тарихи қала екен. Тіпті мұндағы кей қырғындағы халық қанының көптігі сонша буйвол өгізін ағызып кетіпті деген аңыз да бар құсайды. ХҮІ ғасырдан бері бірнеше қан майданды бастан кешкен қала тарихында 1567 жылы Бабұр патшаның немересі Акбардың есімі аталып, қамалды шапқан шағы баяндалады. Мұндағы көп ерлік ескерткіштерінің ең ірісі 1448 жылы Кумба атты Раджа Махмуд сұлтанды жеңген майдан ескерткіші «Жеңіс мұнарасы» екен. Осы қала тарихына қатысты мұнарада Индия мифологиясының мол оқиғаларын қамтитын оюлы тас суреттер бар. Бұл Индияның иконографиясын сурет, графика, мүсіндеу өнері шығармаларында белгілі бір адамның, оқиғаның немесе орынның әртүрлі бейнелерін зерттеу, жазу зерттеушілерге мол дерек беретін бұл мұнара  ішкі-тысқы сәнді, тұтас жартастан қашалып жасалған ғажайып мұнара екен. Бұл тарауда осы қала тарихы мен үнді патшаларының өмір тарихына қатысты бірнеше   тарих әңгімеленеді. Және: «Бұл храмның архитектурасы және де индияның өз шеберлерінің өзге ешбір елден көшіріп үйреніп алмай, өздері тудырған классикалық көне архитектура үлгілерін танытады» -, деп баға береді жазушы .Ерлік қала тарихындағы тағы бір тағлымды аңыз 16 мың үнді әйелінің өздерін отқа өртеп, жау қолына түспегені, және күтуші әйелдің жас шахзаданың орнына өз баласын қойып , оны аман алып қалу секілді аңыздар ержүрек әйелдердің өз елі мен отанын қорғаудағы қайсарлықтарын танытады. Сол күтуші әйел атымен аталатын «Памиадай» деген ескерткіш әйелдер ерлігінің символы іспеттес. Осы тарауда арнайы әңгіме өзегі болған Жайпур қаласы Индияның көнеден келе жатқан қолөнер шеберлерінің де тарихи орталығы . Мұнда Майсур штатының инкрустация өнері, Кашмирдің лак (сыр) шеберлігі, Сурат пен Жайпурдың шеберлері тудырған ойыншықтар, Тоты, қуыршақ, әралуан маскалар суретін қондырған Раджестан қобдишалары, Бомбейдің құмыралары, Россия, Қытай, Япония, Венгрия, Англия керамикасы да, үндінің күміс заттары, тоқыма бұйымдары, т.б асқан шебер ұсталықты танытатыны айтылады. Және: «индияның көп жерлеріне сарай, мешіт, мазарларды көп салдырған арыдағы араб, берідегі түрік, моғол әкімдерінің кейбір архитектуралық із-ескерткіштері осындай творчестволық қиял-фантазияны аңғартады»,-дейді (337 б).

Бірде ресми өкіл , бірде қалам қайраткері ретінде сөз алатын М.Әуезов күнделігі мен очеркінде де көзбен көргендерінің бәрін деталіне дейін қалдырмай әсіресе қазақ халқы үшін мүлдем бейтаныс елдің тарихы мен салт-дәстүр, әдебиет, мәдениетімен мейлінше молынан таныстыруға, кеңірек ақпарат беруге тырысқан. Өздері өнер, әдебиет, мәдениет өкілдері болғандықтан да ол елдің осы саладағы мамандарымен жиі кездесіп, мәслихат құруы да табиғи заңдылық. Сол кездесулердегі байқағаны – Индия дағдысы бойынша ақындардың өз өлеңдерін әндетіп оқитындығы, жан иесі мен хайуандарға индуизм діні бойынша қастық етпеудің шарт екендігі, сиырды киелі, әулие деп санауының сырын ашады. Сиырдың сүтін пайдалану, жас кезінде күшін пайдалану, төлін алу, барлық елдегідей екен де жарамсыз болып, қартайған да өле-өлгенше храмдарға өткізіп, жапасын сатып, өзін асырайды екен. Пілді де солай сою, өлтіру әдетте жоқ, әбден қартайғанда жайын пілдер жүретін джунгли тәрізді елсіз меңіреулерге жіберіп азат етеді екен. Маймылға да солай қамқорлықпен қараған. «Ү.Ақын Аймен араздасты» деген тарауда Агра қаласындағы әлемнің 7 кереметінің бірі-Тажмахал» мазарының тарихы баяндалады. 330 жыл бойында Индияның көп жерін билеген «ұлы моғолдар нәсілі», яғни үнді жерін алғаш басып алушы Ақсақ темірдің немересі Захириддин Бабұр 1526 жылы Дели қаласына шейінгі жерді қаратып алады. Оның «Бабұрнама» дейтін тарихтық мемуары мен газелдер жинағы, бірнеше кітаптары бар. Оның баласы Хумаюн, оның баласы Акбар, оның баласы Жихангер, оның баласы Шахжихан, оның баласы Ауранзен-барлығы да жауынгер, күшті патшалар болыпты. Осы нәсілдің ең соңғысы ағылшындардың соттауы бойынша тәж тағынан айрылып, Рангунге айдалған Бахадұршах 1858 жылмен «ұлы моғолдар нәсілінің» әмірі сарқылған жыл деп есептелінеді екен. «Индия күнделігіндегі» өзбек ұлтынан келген өкілдің бұларды біздің бабаларымыз деп ретсіз мақтануын, жазушы қатты жазғырып тастағаны жоғарыда айтылды. Осы «Тәжмахал» жөнінде жұрт аузында: «алып қиял ойға алғанды- анық зергер орындаған» дейтін нақыл бар құсайды (345 б). Әлемдегі 7 кереметтің бірінен саналатын Тәжмахалды түнгі жарық ай астында  алдындағы мөлдір суға сәулесі түсіп өзгеше ғажайып өңге енетінін көреміз депбарғандарында  аспанды басқан бұлттың мұрша бермегені, сол сәттегі көңілсіздік, күту азабы,т.б жайлы жазғаны тіпті қызық. Очерк кейіпкерлерінің бастан кешкен түрлі  психологиялық, эмоционалдық, сезімдік көңіл-күй сәттері турасында: «Таңертең ерте ұшумыз керек. Күндіз көп жүріп, тыным алмай шаршағанымыз да бар.Ұйқының түні жарым ортасынан ауып, таңға тақап барады. Ал айымыз болса біресе шекесін, біресе төменгі шетін көрсете береді де, тағы бір бұлтқа кіріп кетеді. Бар тобымыз «шіркін-ай, бір үш минутке толық ай көріне тұрса етті. Мынау үлкенді-кішілі, бір ұя ғажайып көп күмбез қандай тегіс, жан біткендей жарқырай жөнелер еді»,- деп қызығып-ақ, шыдасып-ақ көрдік…..

Ай құбылмалы, алдамшы бір мінезге табан екіжарым сағат бойына түсіп алды да, күмбездерді бар сұлулығымен анықтап көрсетпей-ақ қойды. Менің сонда да кеткім келмей, ең соңғы шаққа дейін шыдауға бекінген табандылығым да тоза бастап еді…Сонда айды сүйгіш шабытты ақын Сурков маған келіп: «Бұл айдан не күтесің? »,-деп бар ызасымен және барынша орынды бір теңеу жасап «сатымсақ әйелдей осы айдан бүгін көресіні көріп болғамыз жоқ па»,-дегені. Мен ақын емес, прозаик болғандығымнан тез көндім. Өмірімде бірде-бір рет ақынның аймен араз болғанын көрген жерім сол Аграда, сол «Тәжмахалдың» жанында болған еді. Тегі ақын атаулы «айды көрсе болды, ағынан жарылып, ақтарыла береді» дейтініміз бекер екен. Кезегі жетсе, ақынның да кешпес кінәсі болатын көрінеді»,-деп үлкен философиялық ой түйе аяқтайды тарауды, автор (346 б). Осы шағын оқиғалы штрихта қаншама характер ашылып, психологиялық сезімдік құбылыстар суреттеледі. Шығармашылық адамдардың романтикалық жаратылысы, жарқыраған ай туып, күмбездің бір қас-қағым сәттік қана сұлулығын тамашалау үшін түн ұйқысын қиып тұру-төзімділіктің, шыдамдылықты сынар шақ. Осындай тосын сәттерде сынға түсер адами қасиеттерді де қаламгер көзден таса қылмайды. Бұрқ етпе сезім ағымына әуес ақын мен кең тынысты, салмақты сөз иесі-жазушының стиліне, шығармашылық табиғатына тән мінез-құлық ерекшелігі де елеусіз емес. Бәрі де жазушы көзқарасы, бәрі де қаламгердің бақылауы мен баяндауы арқылы бүкіл астарлы сезім сырларын ашады. Әдемі бір лирикалық  әңгімеге бергісіз күту хикаясы жазушының көп кітапты көлемді дүниелер жазуға жетер шыдамдылығының шын мәніндегі шырқау шегін көрсетеді. М.Әуезовтің шығармашылық табиғатына тән қасиеті сонау шет елде де құндылығын жоймай, өз дәрежесінде танылып, дәріптеліпті. «ҮІ.Жаңа Индия жаңалықтарынан» деген тарауда бүгінгі Индияның ірі құрылысы Нангал құрылысы жайлы, әр қала салар алдындағы жоспардың жасалып, оның сауатты орындалу, т.б секілді мәселерді жазғанда жазушының «Өскен өркен» романындағы қала архитектурасының ажары,оның көшелері мен тұрғын үйлерінің жобасын бірнеше ғасырларға жетерлік кешенді жоспар салу жәйі,   Алматы мен Кентау қаласына қатысты ойлары ойға оралады. «ҮІІ. Діндар қала Бенаресте» деген тарауда әсіресе көңіл бөліп, ризашылықпен сүйсіне жазған жайы- аш-жалаңаш , халқы көп бола тұра адам түгілі хайуанаттарға қиянат жасамайтын, қиындыққа, ауыр жұмысқа көндіккен үнді жұртының жақсы қасиеті жайлы : «Индия халқы рет, тәртіпке өзгеше бір момын тәрбиелілікпен бой ұсынған халық. Жол бойындағы қай станцияда, қай қалада, қай базарлы жиын немесе қыстақ жай-жайда болсын адамның қалыңдығы бірде-бір сиремейді деуге болады. Ерсілі-қарсылы жол бойында жүрген топтар үздіксіз ағын судай. Бірақ бірде-бір жерде алды-жұлды дескен қатты даурық, қақтығыс, әсте ұрыс-төбелес дегенді көрмейсің. Мас атаулы мүлде жоқ. Бейпіл ауыз, ұят сөз сөйлеушілер де сезілмейтін тәрізді. Біреуге біреудің түз шайғаны, доқ қылғаны да білінбейді. Көп адамның жүзінде сәл түйілген жүдеулеу ажар, үнсіз, қоңырқай қабақ қана байқалады. Ыстықтан, жоқшылықтан, бәлки аштық, панасыздықтан да қажыған жандар көп шығар. Жалп-жалп қағылған ұзын кірпіктер, жаудыраған үлкен қарар көздерді ұдайы бір ажарлы мұңмен, ұяң сырмен танытқандай болады»,-дейді. (354-355 бб).» Міне, осындағы ойлы суреттер қандай жанды, бейнелі. Бір абзацқа бүкіл бір ұлттың табиғатына тән мінез, болмыс сыйып кеткен. Трагедия, тағдыр тауқіметі, алайда адамгершліктен айырмаған ауыр азап ахуалдары… «Сырт көз сыншы» дегендей азғана уақыт жүріп, дініне берік, өзіндік танымына тән төзімділікті «саны көп қалың топ халықтың сол көптігінен туатын тәртіптілігі  өзгеше болса керек» деген түйін түйеді (355 б). Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінге тараған төл табиғаты. Бұл мінез мемлекеттікке айналып, ұзақ жылғы тарихында да олар ешбір көрші, қоңсы халыққа басқыншылық жасамапты. Керісінше оның дін кеңшілігін, момын мінезін біліп алған-араб, ирандар, ауған, моғолдар, ағылшындар басып алып отырған. «Қазір де индия халқы негізгі дін тәрбиесі, моральдық қағидасы бойынша жан иесін өлтірмейді. Тіпті уыты зор айдаһар жыланды да маймылша, пілше, сиырша «өлтірмейтін жан иесі» деп санайды» (356 б). Мұнда индуизм дініне сипатама беріп, жаннизм ұғымы бойынша өлген адамды Ганг суына шомылдырып өртейді. Әдетте өлген адамның үлкен не кенже ұлы отты өзі жағып, суға да өзі шомылдырады…Будда (әулие бала-Сидхарта) дәл осы Бенаресте 2 мың 500 жыл бұрын дүниеге келіп, 80 жасында өлген. Храмда Будданың тағдыры (бүкіл адамзаттың басынан кешетін-науқас, кәрілік, өлім, хал-ахуалы, дін-парызы аса ірі шеберлікпен  жасалған суреттер арқылы баяндалған. Будданың алғаш өсиет айтқан жері кезінде Ашока патшаның қызы әкеп еккен пәлен мың жасаған әулие ағаш мұнда келушілердің құтты мекені құсайды .Жазушы қаладағы көне ескерткіштерді атап қана қоймай оны суреткерлік көзқараспен ірі көркем туынды ретіндегі тарихи орны, көркемдік-эстетикалық тағлымы, рухани құндылығы тұрғысынан да таратып тартымды әңгіме қозғайды. Ескі ескерткіштердің бағалы белгілері, мазмұндық мәні, тәрбиелік қасиеті оның бүгінгі хал-ахуалы жайлы жан-жақты сөз қозғайды. Бұл әрине, өзі білген        құндылықтарды, әсіресе сол кезге дейін бүтіндей беймәлім елдің тарихы мен мәдени мұраларымен, отандастарына кеңінен мәлімет беруді мақсат тұтқан. Қай қалада болса да ондағы білім ошақтарында болып, олардың білім беру жүйесімен танысуды әсте ұмытпайды. Бізден бір ерекшелігі саналған Діндар университетінде де болып, олардың 200 мыңнан аса кітап қоры бар кітапханасымен, бір аймақта орналасқан 35-40 тан аса оқу корпустарының бар екендігін, олардың әр үйінің өзгеге ұқсамайтынын «әр үйдің архитектурасы стандарт емес, өзінше оригинал сұлу келетінін» ерекше сүйсіне сөз етеді (362). Мұнда ағарту ісін өзгеше жоғары бағалап, дін қарызындай санайтынын, әйелдердің теңдік, азаттығын да айрықша ескеріп, ерлермен бірдей білім алуына, кәсіп етуіне, діни сауаты болуына да ерекше кһңіл бөлетініне мән береді. Қайда барса да, кіммен кездеспесе де «аппақ боп ақсия күлген тістер, қап-қара шаштар жас қауымның жақсы бейілін біз арқылы, біздің халқымыз бен Отанымызға арнағандай,-дей келіп « Жолдың жарымы өтті, бірақ әзірше тамаша Индия республикасының бірде-бір көріністері қайталанған жоқ»,-деп ертегідей көркем елдегі ғажайып құбылыстарға суреткерлік көзбен баға береді.

«ҮІІІ. Ұлы қалалар мен ұлы қайшылықтар» деген тарауда өзі көріп, көңіліне ұнаған жәйттің бәрі отандастарының да қызығушылығын тудыратынын жақсы білетін жазушы дүние жүзіндегі ең халқы жиі орналасқан, мәселен бір ғана қала Бенгалиде әрбір шаршы километрге үш жүз адамнан келетінін, жылына 2-3 рет өнім алса да, қара құрым халықтың еңбекқорлығына қарамай сіңірі шыққан қайыршылықтың бар екендігін, соның салдарынан тазалықтың тапшылығы, ағашы мықты әрі ұзақ жасайтын пальма жапырағынан жасалған салам тәрізді сұр шатырлы баспаналарда тұратынын ,т.б пальманың-сагалық, какостық, құрмалық, олифтік түрлері бар екендігін, ал ең қымбат, ең берік ағаш- бамбукты  тұңғыш рет осы Бенаресте көргені жайлы да қызықты фактілер келтіреді. Атын естіп, түсін түстеп көрмеген неше алуан ағаштар мен өсімдіктердің өлкесі Индиядағы мангу ағашы жөнінде жазушы қызықты бір пәлсафалық ой айтады: «Мен біздің тілімізде «ұзақ заман» жайын «мәңгі» деп атайтын сөзді «осы ағаштың атынан тумады ма екен»деп ойладым» (365 б). Әбден мүмкін, Ақсақ Темір бабамыздан бастап мұнда келіп, бірнеше ғасыр бойы ел басқарған Бабұр бабамыз өсиет сөздігі бар екендігін ескерсек, неге болмасқа деген сауал да туады. Оны мүмкін тілші мамандары зерттеген де болар, бұл жағы бізге беймәлім. Ал біз үшін ұлы жазушының бөгде елдің тұрмысын танытарлық әрбір бөлшегіне дейін бағамдап ,  халық санасына көркем көрініс, көрікті ой, жаңа образдардың галереясын  суреттеп беріп отыруы дер едік . 6 миллион адам тұратын ірі өндіріс, порт пен сауда қаласы саналатын Калькуттаның тіршілігін жазушы былай береді: «Калькуттаның атақты ұзын көпірін де көріп өттік. Қала ішіне кіре бере, Индияда бірінші рет жаяу извозчик-рикшаны көрдік. Қара жылтыр, әдемі екі аяқ күймеге екі дертені көтеріп жегіліп алған рикшалар. Қап-қара борбайлары дедектеп, жалаң аяқ, жалаң бас күйде елбек қағып ұшып жортып жүр. Оның күймесіне отырған жүргіншілер арасында сақалды, ерлі-зайып, салмақты, паң жүзді адамдар да ұшырайды» (365 б). Міне, осы суреттен-ақ байғұс рикшалардың жағдайын сезе бересіз. Бүкіл ел тұрмысына тән бір көрініс сіздің санаңызда да сыздап қалып қояды.Үнді тұрмысына тән  тағы бір көрініс: «Жүргіншісі аз, қағаберіс алаңы мүлде жоқ. Сол көшелерде қайнаған адам селінің арасында тағы да буйвол, есек, сиыр, рикшалар қақтығысып жүр. Бұл қала байлықпен, барлықпен қатар барынша сорлаған жоқшылық, қайыршылықтың бетпе-бет кезігіп тоғысқан жері. Көше сайын қайыршы еркек, әйел, қара борбай балалар жалаңаш, аш күйде қаптап жүр. Шаштары кірлеген, дудыраған, ауру екені, кәрі екені белгісіз, беті қатпар-қатпар болып қатып қалған қайыршы әйел қолына емшек баласын ұстап, машинаға үміткер қолын созып жүргізбейді…Кей ағаштың түбінде, әлдебір алақандай көгал алаңда немесе тас үйлердің тас іргесінде ап-ашық көшеде жыртық, жұқа лыпасына шала оранып, бұралып жатқан адамдар талай жерде жиі кездеседі» (366 б). Жазушы кең дала, мол байлық, тамаша сән-салтанаты келіскен, бар жағдайы бар баспанада тұратын елден келгендіктен мұндай жан шошырлық жоқшылықты жаны түршіге жазады. Сондықтан да болар, оның әрбір сөз астарында аяушылық сезімнің алапат алауы аңғарылады. Бұл жөніндегі өз ойларын да жасырмай жазады: «Индияға келмес бұрын Индия турасында оқыған бір кітапта: «Калькуттаның үйсіз, панасыз жандары бірнеше жүз мыңға да жетеді» деп жазған еді. Сан мөлшерін білмеймін, бірақ бұл шаққа шейін өз тірлігімде көзбе-көз кездесіп көрмеген қалың жоқшылық, жүдеулік басқан мол жұртты, ер-әйелді, кәрі-жасты, әсіресе, тілі жаңа шыққан жас сәби қайыршыларды көргенім осы. Өне-бойың тітірейді.»(366 б). Әуезов бір ел, бір қаладағы баршылық пен жоқшылықтың кереғар, қайшылықты өмірін –жұмақ пен тозақ арасындай бітімсіз қайшылыққа теңейді . Индияның астанасы Делиде болмаған театрдың Калькуттада болғанына, оның өзі өнерді сүйетін бір ғана адамның өз пұлына ашқан театры екендігіне таңданыс білдіріп, оның өзі біздің орташа клуб спектаклінің дәрежесіндей деп сын көзбен қарайды. Бүкіл әлемге кино өнерімен танылған елде бірде-бір мемлекеттік театрлардың болмауы шынында да таңғаларлық жәйт. Көрген мен сезгендерін көңілден таса етпей, сол сезімдері суымай тездетіп қағазға қондыруды қалыпқа ендірген қаламгер оңашада сырлас дос «күнделікке» күнделікті жазып отырған. Әуе кемесінің трассасы (жол аңғары) бойынша ұшып жүрген сәтін ертегідегі Самырық құсқа тели отырып, ел мен жер көру бақытын кеңестік дәуірдің арқасы деп ұғады. «…мен осы бір сапарымның өзін самұрық құс қанатына мініп ұшқан ертегі ерінің күйіндей көремін. Рас, менің самұрығым нақтылы маркасы бар, мынау самолет емес. Ол, өз жайымды теңеумен мегзеп айтқан сөзім. Ондағы шешуім-өзге. Менің шын самұрығым: қазіргі социалистік Отанымдағы алтын заманым, щат-шадыман шағым. Мені де, менімен қоса елімізді де алып, қанатына мінгізіп  ұшқан самұрық бар. Ол бұрынғы дүниеге де, ертегі қиялға да сыйып, келіп көрмеген ұлы самұрық. Ол- Октябрьден басталған сәулелі сойиализм дәуірі» ,-деп сол кезеңнің жақсылығын дәріптейді. Бүкіл өмірін құндақтаулы баладай құрсауда ұстаған кеңестік кезеңнің сайқал саясаты ұлы суреткерді де солай сөйлеуге мәжбүрлегені мәлім. Жазушы өз кезеңі мен жеке өмірінің де  жұмақ пен тозақ арасындағыдай қайшылықта өткенін біле тұра саналы түрде саясаттың астарын ақтаруды ар санап, тек жақсылығын көруді соны дәріптеуге ден қойды. Бұл сапардың негізгі міндетінің өзі осы, кеңестер Одағының жасампаздығын насихаттау, соған өздерін де өзгелерді де сендіру болатын. Оны жазушының өзі де мойындамасқа шарасы жоқ-тын: «Сол Отанда еңбек ету, өмір өріне жету, табыспен, адал еңбекпен қанағаттану және Отан сенген, құрметтеген қадір көру-барлығы сол самұрық қанатына мініп ұшқанмен тең деген ой келеді. Мына сәтте ассоциация жөнінен көңілге оралған осы еді»(369 б). Бұл – жазушының жақсы бір көңіл-күйін, шабытты шағын, бақытты сәтін бейнелейтін тарихи факт.

Енді бір ерекше көңіл бөлетін жәйт-жазушы қайда да жазушы, ол зер салмайтын саңылау, зерттемейтін нысана жоқ. Сол сапарда да суреткердің бұрынғы сапарнамаларына тән- шөп көрсе де, тал көрсе де, тас  көрсе де, бәрінің табиғаты мен тарихын, түрлері мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерттеп, тану мен таныстыруды мұнда да ұмыт қалдырмаған. Оның әрбір күнделігі мен жолжазбалары бейне бір өлкетанушылар мен табиғаттанушылардың зерттеу еңбектері секілді, таудың да тастың да, шөптің де бұрындары бейтаныс, тіпті ел естіп көрмеген неше бір атасының атауын аңдайсыз.  Мәселен Калькуттадан қайтар жолдағы бір жота тауындағы мына жота түрлерін мамандар білмесе, жалпы оқырмандар біле алмасы анық: «..Жалғыз бір ғажабы, бір араға жиылғалы, тоғысқалы тұрғандай әр бөлек: қырқа, шоқы, серек, доңғал, заңғар, тектұр, шақпақ, керегежал-бәрі де оқшау-оқшау, бітім жаратылыс танытады….сирек қызық бір ерекшелігі, самолет жақын таулардың көрініс пейзаждарын тез құбылғыш динамикалы күйге айналдырады екен»(369 б). Суреткердің сезімталдығы, қай саланы да түп тамырымен талдай білетін сирек кездесетін білімдарлығы  ұшқыр қиялы мен табиғи таланты осылай нені жазса да ғылыми, тарихи , танымдық тұрғыдан негіздеп жазатын қасиеті қай шығармасында да шұғылалы шуағын шашып тұрады. Жазушы әрбір кездескен адамының портреті мен мінез-болмысын мұқият мүмкіндігінше бар табиғатын танып-білуге тырысады. Және бір таңқаларлығы, бір сәттік сірескен, ресми сұхбаттасудың өзінде алдындағы адамның ішкі-сыртқы жан дүниесіндегі  сезімдік, психологиялық құбылыстарды бақылап, айнытпай тануы мен беруі.М.Әуезовтің адамтанудағы сирек кездесетін суреткерлік қабілеті оқыс оқиға сәтіндегі адамдардың тосын іс-әрекетін, еріксіз елге байқатып алатын епетейсіз жағдайын қырағы көзінен қалыс жібермейтіндігін көрсетеді. Екі ел өкілдерінің бір сәттегі сұхбатын үлкен драмалық әрі комедиялық көрініске айналдырып жіберуі шынында да Мұхтар Әуезовтей ұлы психолог суреткерге ғана тән кәсіби шеберлік болса керек. Индияның көпке мәлім, қарт дипломаты Раджагопалачариямен кездесуде кеңестер Одағының делегациясын басқарып барған Сурков арасындағы қалжың-қақтығысты бақылаған жазушы не дейді. Оқып көрелік: «..Бұл жолы және де аз әңгіме үстінде біз ол адамның үнемі сергек ойлы, аса тапқыр және өте айтқыш, қазақша суреттегенде анық «от ауызды, орақ тісті» кісі екенін байқадық. Өзінің сырт бітімі де еріксіз көз тартады, Тақыр бурыл басының бетжағы қойбастау келген (теңеуін көрмейсіз бе, қазақы ғой). Үлкен, ұзындау имек тұмсығы, сирек сары тісі, үлкен аузы-бәрі де ілгерілей, ұмтыла біткен. Арық денесінің сіңірлі, тарамысты бітімі, ұзын саусақтары, мойны, кеңірдегі де әлдебір тұмсықты, тұяқты кәрі қырандарға ұқсатады. Ажымды жүз, ашаң бойы әлсіздік, қажығандықты білдірмейді. Қайта пісіп, қатып қалған қағылез, алғыр қырғын қабілет танытады». Бұл тек сыртқы сипат қана емес, адамның тұлғалық табиғатын танытатын психологиялық портрет. Енді екі ел өкілдерінің сөсз қақтығысына жазушы көзімен қарасақ: «ол бір теңеу сөз сөйледі. Біздің елдің соғысты, жаулықты сүймей тыныштық, бейбітшілікті сүйетін Сурков айтқанда жауап етіп, жаңағы теңеуді айтқан еді. «Әр мемлекет әрбір үй салушы тәрізді. Үйді құймамен қоршайды ғой. Өзін сақтау, сақтану үшін солай етеді. Бірақ сол өзін сақтау инстинкті кейде шектен асып, агрессияға айналады. Әсіресе, байларда солай болады. Мысалы, америка бай, сол байлығы үшін қорқады да сендерден «сақтанамын» деп пәлеге өзі бас болады. Мысалы, Индия кедей, сондықтан ол қорықпайды да, сақтанбайды»деп күлді. Сол әзілге орай кедейлер жақсы болатынын, әділ болатынын айта бастаған Сурковтың сөзін бөлді де, қарт дипломат өзінің таптық құбылысына қарай шұғыл бұрылды да: «кедейлік мақтанарлық, сүйсінерлік күй емес, ал кедей ызақор, сотқар болады»,-деген  (371 б). Осы сапар барысында қарт дипломаттың азулы Америкаға қарсы айтылған осы алуандас тапқыр сөзін естіп, ол жөнінде дүние жүзіндегі сан тілдегі баспасөздер жарыса жазып жатқанының куәсі болғанын сөз етеді, жазушы. Осы «Индия очеркінің» басты мұраты мен мақсатын айқындап берген бір үзік сәтті эпизод оқырман ойында да қалып қояды. Оймақтай болса да ой салып, орынды әзілдің астарында бүткіл елдің трагедиясы мен ащы ақиқаты тұрғандығын, тапқыр сөздің қай формаға да бейімделгіш жанның шын бет пердесін ашып, тығырыққа тірейтінін осы оқиға дәлелдейтіндей. Атағы жер жарған сол кезеңдегі ірі держава Кеңестер одағының беделін бетке ұстап, белді өкілі болған Сурковты аш болса да азаттығы мен арын жоғары ұстайтын еркін ойлы елдің қарт елшісінің оңдырмай сүріндіргеніне сүйсінген суреткер сырты сыр бермесе де іштей ірілікке бас иеді. Отаршылдықтың небір опасыздығын бастан кешіп, салқынын сезінген суреткерді бұл елдегі тіл тағдыры да толғандырады. Үндідегі тамил тілінде жазатын жазушылар мен ғалымдардың оқшау бір жиналысына қатысқан қонақтар Индияда қолданыста жүрген  60-қа жуық тілдердің 15-і ірі тілдер: һинди, урду, бенгали, тамил, марати, гуджарати, ассам, канери, малаялум, пенжап, т.б екенін, ал тмил тілінің 40 миллионға жуық халық қана сөйлейтін көне тіл екендігін, 100 жыл билік құрған ағылшын әкімшілігінің заманында тек бір ғана отаршыл  тіл- ағылшын тілі болғанмен жергілікті тілді тұтынған халықтың «өз тілдерінен не қып оп-оңай айрыла қояр екен» деген ойды батыл айтады. Жазушының айтарының астарында өз елінің мұңы мен мұқтажы жатқаны да мәлім. Сондықтан осы орайдағы жазушы пікіріне кеңірек тоқталсақ: «Ағылшындар саясаты өздері билеген 100 жыл ішінде сондай қаскөй, қатал айламен ұлы халық индияға ағылшын тілінен басқа бүкілхалықтық, мемлекеттік бір тілді жасаттырмаған….Бүгінгі кейбір индиялық тілдердің өкілдері- индустар өзара ұғысқанда тек ағылшын тілінде ғана тіл қатысып, ұғыса алады» (373 б). Бұл біздің де трагедиямыз болатын. Әлі де солай. Сондықтан да біреудің мәселесін, яғни тілдер таласының  үлкен қайшылыққа айналғанын қозғай отырып, өзінің де өзегін өртеген өкініштерді очеркіне өзек ете білген.   Және қазақ елі соңғы жылдары ғана әлемдік білім беру жүйесіне ену барысында белгілі болып жатқан 4 жылдық бакалавр, одан кейінгі магистрлік дәрежелердің сол кезде –ақ жүзеге асырылып жатқанын, доктор дәрежесін алу үшін кемі 5-6 жыл іздену керектігі  және оқудың ақылы екендігі айтылған. Бұл Европа мәдениеті мен өркениетін мейлінше мол жинап, пайдаланғандығының бір көрінісі еді. Алайда, өздерінің ұлттық өнері мен салт-дәстүріне берік үнді елі  өздерін билеген европалық халық-ағылшындардың өнеріндегі үлгілерін  ,әдейі егескендей, алмай қойған, қабылдамаған тәрізді. Бұл халықтың әлемге әйгілі әдемі өнері бір ғасыр бойы отарда болып, тұсалып келсе де өзінің ұлттық өрнегін жоғалтпай  азат алғалы  өсер өрісін кеңейтіп келеді. «Индия очерктеріндегі» , «Х. Ескі Индияның ескі мұра мерзімдері», «ХІ. Тағы да үлкен қала болмысынан», «ХІІ. Соңғы жаңалықтар», «ХІІІ. Қайтыс сапар» деген тарауларда Индиядағы соңғы күндеріндегі көргендері мен одан алған әсерлері әңгімеленген. Қай елде де қонақжайлық дәстүр сол елдің ерекшелігін танытатын ескі ескерткіштері мен көне мұраларымен, неше алуан мұражайлары мен сирек кездесетін сәулет өнерлерімен, мәдени, әдеби, қоғамдық орын-жайларымен, ажарлы архитектуралық ансамбльдерімен, тарихи жерлерімен,т.б таныстыратыны табиғи заңдылық. Индияда болған 40 күндік сапарында ерте күннен ымыртқа дейін тек жүру мен көруге арнап, жақсы қонағуар достар тауып, әдемі де әсерлі әңгімелер жүргізген жазушы үнді еліне отаршыл ағылшындар арқылы Европа мәдениетінің келгендігін, оның оң өзгерістері де болғандығын жасырмайтынын, алайда ұлттық құндылықтарын сақтау мен дамытуда кедергілері де болмай қалмағанын, қалай болғанда да рухани азаттыққа ештеңе жетпейтіні жөнінде көптеген жақсы пікірлер айтқан. Әсіресе, әдебиет пен мәдениет мәселесі, мемлекеттік тіл мәртебесі ,т.б жөніндегі талдаулары күні бүгінге дейінге өзінің құндылықтарын жоймаған толғамдар. Әдеби-көркем  сынның жоқтығынан керексіз аударма кітаптардың көбеюі, олардың сапасын анықтар сынның жоқтығы, ағылшындардың орыс мәдениетін, тілін таратуға тыйым салуы, халықаралық байланыстарды нығайтуға назар аудармауы ,т.б секілді де толғақты ойларды ортаға салады.Оның нақты бір куәсі-осы сапардың негізгі себебі-үндінің ұлы ақыны Р.Тагордың туғанына 100 толу мерей тойының әлемдік деңгейде тойлану дер едік. 1961 жылдың 24 наурызында Дели қаласындағы Вишаи Бхаван сарайындағы салтанатты мәжілісте сөйлеген М.Әуезов кезінде екі (бенгали мен ағылшын) тілде жазған Р.Тагордың туындылары бүгінде 200-ден астам тілде сөйлеп, бір үндінің емес, әлем жұртшылығының ортақ қазынасына айналғанын, бір ғана Кеңестер Одағында 1913 жылдан бері 180 рет 3 миллион тиражбен 18 ұлт тілінде жаряиланып келе жатқанын, ал осы мерей той  қарсаңында 40 тілде аударылып жатқанын зор мақтанышпен айта келіп: «…Одно помню при этом, что Тагор, пришедший к народам моей страны, перейдя границы языков, рас, верований, вошел в любую семью, облагораживая материнство, окрыляя юность, умудряя отцовство, укрепляя великое чувство братства в народах в прогрессивном человечестве»,-деп өз ойын терең тебіреніспен жеткізеді (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.49-т.-Алматы: «Жібек жолы». 2011-456 бет. 38 б). Қаламгер мұрағатындағы 219 бумада,13-14-беттер ретімен сақталған машинакаға терілген мәтін осы жинақта тұңғыш рет жарияланып, оқырманға ұсынылған.Аударма, тіл мәселелері мен ұлттық құндылықтардың адамзаттық руханиятқа көтерілуіне себепкер Р.Тагор секілді ұлы тұлғалардың туындыларының тағлымы бұл баяндаманың  мәнін танытады.

«Қайтыс сапарындағы» қайтар жолда болған бірнеше елдің  тарихи орындары жайлы әңгімелері тағлымды. Қайтар жолға 5 күн бөлініп, оның 2 –і тәулігі атақты 7 төбеге салынған Римде , одан Швецария астанасы Женевада, одан Батыс Германияның Дюссельдорф, Копенгаген, Осло, Стокгольм ,соңғы аялдамасы Москва болып, бүкіл шет елді шарлап шығу бақытына ие  болады. Әсіресе, 2 тәулік қана уақыт бар Римде әлемді таңғалдырған небір кереметтері саналған Санта Мария храмы, атақты Виктор Эммонуэл , Гарибальди ескерткіштері, атақты Колизей мен Форумның қалдықтары, әулие Петрдің атақты соборы-«Санжниовании» храмы, Сан Пьетро Инквинколыли (шынжырлаулы Петр) храмы , даңқты Ватиканды , Варгеза паркін ,т.б аралап көру арманы осы сапарда орындалады. Мұндай бақытты жазбай кетуді кешірілмес күнә санаған жазушы: «Осы күні түнде сәтімен театр өнерін сүюші үш жолдас боп, шаршағанымызға қарамай, Римнің операсында да болдық. Онда екі актылы «Бөтен адам» атты Бизеттидің операсын тыңдадық. Опера соңынан көрсеткені пантомим балет еді. Рим операсында болу өзі де біраз күтпеген жаңалық, ойда жоқ сыйдай болды»,-деп шын жүректен қуана жазады. Ал, «Петр шынжыры» храмындағы Микельанджелоның ғажайып, көркем скульптураларын, әсіресе Мұсаның мүсінін тамашалау да тағдырдың тосын тартуындай еді. ХІІ ғасырда салынған «әулиенің әулиесі» дейтін шіркеудегі «әулие баспалдақтарға» тауап қылушылар еңбектеп шығып, тізерлеп түсіп жатқанын көрген. Адамзат ақыл-ойының тамаша туындысы, мәңгілік шеберліктің шыңы атанған Ватикан музейіндегі Микельанджелоның Рафаэльдің, Ботичеллидің, т.б   шығармаларына шырмалып, шын шеберлікке тәнті болып, ұйқыны ұмытып қайта-қата келіп көрулері олардың өнер құдіретіне тағзым еткен шексіз тәнтілігін танытады: «Римде не көп, мүсін (статуя) көп. Және бәрі де шеберліктің асқан төріндей. Сондықтан да көп ғасырлар бойы Рим мәдениетті Европаның мектебі, академиясы болған. Әсіресе Милан, Венеция, Флоренция- бәрін қосып алғанда тұтас Италия, Европаның анық ұстазы болып келген. Көп елдер «үдеу (бірде өрлеу деп те жүр Г.П) дәуірінен» («эпоха возрождения») қалған мұраны осы елден оқиды. Болашақта да сол тарихтық қасиеті тез жойылу оңай болмас. Музыка, сурет, мүсін, сәулет өнерлері көп өнерпаздың көзін тартпай тұра алмайды» (438 б). Жазушы Рим ескерткіштері мен Индияның көне мәдениетінің тарихы мен төркіндес тамырлары жайлы көптеген деректі әңгімелер қозғайды .Жер жәннаты атанған Швецарияны аралауға уақыты болмай, қаланы ғана қыдырыстаған қонақтар 1933 жылы Оңтүстік облысының Жуалы ауданынан қарасты Түлкібас ауданына барған сапарында еліміздегі тұңғыш қорық –Ақсу-Жабағылының тамаша табиғатына тамсанған М.Әуезов «Екінші Швецария екен ғой» деген сөзінің тамыры Швецария табиғатының сұлулығына бұрыннан тәнті екендігін ескертеді.  Осынау ұзақ мерзімді сапарда бірге болған 10 адам Мәскеуге аман-есен оралғандарына шүкірлік етіп, сапарларының сәтті өткендеріне риза болған-ды. «Қонақта болу жақсы бірақ өз үйіңе жетпейді» дегендей «өз үйің-өлең төсегің», өз отаныңа оралу қандай бақыт десеңші!. «Индия күнделіктері» мен «Индия очеркіндегі» осынау ойлар көрнекті суреткерге мол бейнелі ойлар, қаншама құнды мәліметтер, Индия елінің тамаша тарихи, әдеби, мәдени мұралары  жайлы көптеген мол қазынаға кенелткені кәміл.

М.Әуезов Индиядан келген соң  Алматының ғылыми, әдеби, шығармашылық орындарында және республиканың облыс-аудандарында болғанда шет елге барған сапарлары жөнінде тұрақты түрде әңгіме өткізіп, өз ұлтын, ұрпағын өркениетті елдердің өмірімен, әдебиет, мәдениетімен, т.б таныстырып отыруды үлгі-өнеге еткен. Айталық, Зоя Кедринаның, Олесь Гончардың (АҚШ-та бірге болған), Сырбай Мәуленнің, т.б естеліктерінде үлкен тебіреніспен айтылады (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер.Алматы: «Білім» баспасы,2007.-288бет). Соның бірі- Мүзафар Әлімбаевтың М.Әуезовпен бірге  жайлауда- «Төлектің төрінде», Социалистік Еңбек Ері атағын 2 рет алған Нұрмолда Алдабергенов басқаратын колхазда  болған сапары жайлы естелік: «…Оған қоса, Индия сапарын шопан шалдарға екі сағат әңгімелегенде, Шығыстың ертегідей ежелгі елінің салт-дәстүрін, тұрмыс күйін, бүгінгі хал-ахуалын балын тамызып, барынша қарапайым тілмен сөйлеп еді. Жүздеген адамның қиын-қиын атын атағанда бәрін байырғы есімдердей іркілмей, шатастырмай тізіп шықты. Жазушыға талантпен бірге ең алдымен зерде қажет деген сөздің растығына сонда көзім жеткендей болды» ( М.Әлімбаев. Қалам қайраты.13 бет).

М.Әуезовтен үйренер үздік үлгінің бірі де осы.

Ендігі тоқталар еңбектер-«Америка әсерлері» мен «Америка сапары (Жолжазбалар)» (М.Әуезовтің Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 38-том. Алматы: «Жібек жолы» 406 б. 155-253 беттер). 1960 жылы ақпан, наурыз айларында совет жазушылары: С.Щипачев, Л.Леонов, О.Гончар және М.Әуезов Америка Құрама Штаттарына барып қайтты. Онда совет жазушылары бүкіл елді аралап, бізге таңсық американ халқының өмірімен, мәдениетімен кеңінен танысып, түрлі топтағы өкілдермен әр түрлі тақырыптағы, әр түрлі дәрежедегі кездесулерде болып, пікірлесіп, ақпарат алмасады. 1960 жылы келісімен жаз уақытысында әсері суымай көңілге түйгендерін Шолпан –Атада жатқан кезінде ауыз екі түрде машинкаға диктовать етуге үлгерген. Сондықтан өзі барда ешжерде жарияланбаған.Тек өзі қайтпас сапарға аттанған соң оның мұрағатынан алынып, алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылғы 3,10,17 және 24 июль күнгі  сандарында жарияланған. Сол ауызша айтылғаннан кейін қалам тимегені байқалса да жазушының қай тақырыпты жазса да өзінің мол ішкі дайындығы болатыны, дүние танымының кеңдігі, жан-жақты білімдарлығы ағыл-тегіл ой ағынын, ұзаққа шабар аттай кең көсілетіндігі мұнда да байқалады.Ол жөнінде жазушы «Я имел удовольствие в текущем году побывать в Соединенных Штатах Америки…(1960г.) деген баяндамасында: «Хотя за срок месячный, что называется, не объездишь, не объемлешь такую великую, не объятную, многообразную и богатейшую всеми своими данными страну, тем менее я вывез большие поробные записи в своем писательском дневнике…»,-деп өзінің мол олжамен оралғандығын баян етеді (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы: «Жібек жолы».2011-456 бет-35 б). Қолжазбалар қорындағы 219-буманың 17-18-беттеріндегі машинакаға терілген мәтінде «Америка әсерлеріне» өзге де ойлары, кіші ұлт әдебиеттерінің шет елдерге аударылу мәселелері жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде сөз болады.Суреткердің сапардан соңғы ел алдындағы есебі сынды еңбегінде өзінің әсерін, бақылауын,ойларын,түрлі аудиторияларда айтатынына сендіреді, тындарманын. Соның айқын айғағы болған «Америка әсерлерінде» қаламгер сол елді оқып- білген адамдардың көргенін менің тоқып танығаным толықтыра түссе деген тілегін білдіреді: «…Американы ғылымдық жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске алар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы»,-деп бұл очеркті жазудағы міндетін межелесе, «Екінші жай: менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана…»,- дейді (275 б.20-.8 том). Тарихы терең, мәдениеті бай, қоғамдық құрылымы қат-қабат, қайшылығы да жетерлік, ғылымы да, техникасы да, өскен, өркениетті  әрі десе Кеңестер Одағы үшін жұмбақ, мүлдем бейтаныс аса зор ұлы мемлекетті 1 ай шамасында асығыс ресми сапармен аралаған адам болғандықтан 3-ші тілегінде: «…Бұл жөнінде қысқа айтатын зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы боп та жазбаймын. Қолдан келгенше соның бәрінің орнына көзбен көргенді, құлақпен естігенді, тікелей сезіп, төтелей ойлаған ойларды (көргеннен, естігеннен туған, төтелей туған ойларды) жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін» ,-деп соншалықты кішіпейілділік көрсетеді. «Ұлық болсаң кішік бол» деген даналықта осы ұлылардың өзінен қалған ұлағат сыңайлы. Өзі аралаған АҚШ-тың атақты екі қаласы туралы «Вашингтон» ,  «Нью-Йорк» деген екі тарау етіп, осындағы ойларын ортаға салады. «Вашингтонда» жалпы бұл мемлекет туралы алғашқы мәліметтерге мән беріп, Нью-Йорктың халықаралық қатынастар аэропорты Айдл-Уайлтың өзге мемлекеттердегіден ерекше ірі 20-ға жуық аэропорты бар , ондағы жалпы саны ортақ архитектуралық ұқсастықтың өзі өзгешелікті, өзіндік болмыс-бітімді аңғартатындай. Қадірлі, ресми өкілдердің аяғын жерге тигізбей кілең кілем үстімен апарып, аспан үстіне бір-ақ шығаратын қонақ күту рәсімінің қатал тәртіппен жүргізілетінін, алып аэропорттағы бірі қонып, бірі ұшып жатқан самолеттерде есеп жоқтығы, оның өзі әсем бір әуендей әуе жолын жалт-жұлт еткен жұлдыздарға толтырып, ерекше өң алған өмір екенін жазушы : «Бейнебір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбінің өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып-қонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады»,-деп суреткерлік шеберлікпен әдемі әсерлі теңеулермен бейнелейді (277 б). Айдл-Уайлдың-айдың ауыл деп естілетінін айтып, қазақ құлағына жылы тиетінін де қаламгерлік қағылездікпен қаперіне алады.

М.Әуезовтерден бұрын келген Полянский бастаған советтік  үкімет өкілдерінің Америкаға келулері екі алып елдің халықаралық қатынасты жақсы жолға қоюының алғашқы қарлығашы болатын. Вашингтондағы елшілік сарайында Полянский тобы мен ақын Степан Петрович Щипачев бастаған М.Әуезовтердің тобының елшілікте бекітілетін әдеттегі сапардың мақсаты мен міндеті, күн тәртібі, бір айғы жоспары жасалғанын, қонақтардың талап-тілектері де ескеріліп, ірі өндіріс орындары бар Чикаго, Детройт шаһарларынан гөрі әдеби, мәдени , ғылыми, т.б орталықтар орналасқан Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон сияқты қалалары мен Тынық мұхит жағасы, Калифорния өлкесін аралауды ұсынылғанын ұқыптылықпен баяндайды, автор. Сөйтіп, бұл топ бір айғы сапарда Вашингтонда 2 рет, Нью-Йоркта 9 күнде 2 рет, қалған күндері Калифорния, Лос-Анжелос және сол штатта Фресно графствосы, штат Аризона, оның орталығы Феникс қаласы ,секілді біраз орталықтарда болып, өркениетті елдің әлемді таңғалдырған ғылым мен техника жетістіктерімен, тарихи-мәдени мұраларымен,  ескерткіштерімен т.б танысып, қоғам , әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесіп, бүкіл адамзатқа қажетті рухани құндылықтар төңірегінде түрлі деңгейдегі кездесулерде, баспасөз конференцияларында, т.б  ой бөліседі. Осы ретте бірге сапарлас болған  Олесь Гончар «Ақыл-білімнің кені еді» деген естелігінде: « – Ол ойшыл адам еді. Құбылыстардың құпия сырын, мән-мағынасын ашуға тырысып, бар мәселеге асықпай-саспай, тыңғылықты ой көзімен болжап қарау оның әдеті болатын. Жазушының осындай сыңайын әлекей жаланып тұрған американ репортерлері бірден байқады. Олар Әуезовті бірден-ақ: философ, Шығыстың данышпан ойшылы- деп атады. Содан соң ол осы атақты иелене жүріп бүкіл Американы аралады.

Нью-Йоркте кеңес  жазушылары делегациясының құрметіне ұйымдастырылған кеште м.Әуезов бейнебір өз халқының суырып салма жырауындай көсіле сөйлей жөнелгені де көз алдымда.Бұл біздің сапарымыздың соңына таман болған еді.Көргеніміз де, көкейге түйгеніміз де,айтарымыз да мол болатын. Әуезов өз сөзін Нью-Йоркке арнады.Сөз саптауына қарағанда,ол, расында да, қаланың зәулім биік үйлерінің тастан соққан кітабын оқып тұрған ақылды дана іспетті еді. Оның сондағы қалпы сонау бір асық ойнап, асыр салған балалық шақтағы көз жеткісіз көгілдір даладан бүгінгі адамзат мәдениетінің шыңына шығып,ойындағысын ортаға салып  тұрған жанның әлпеті болатын.Біздің американдық жаңа достардыңӘуезов сөзін қаншалықты зор ілтипатпен, ықыластана тыңдағанын көрсеңіздер етті!Бүгінгі өмірдің ұлы кітабының беттерін ауыстыра отырып оның тереңдігі мен ақындық сезімнің қуаттылығына тыңдаушылардың бәрі де қайран қалды. «,-деп Әуезов талантының данышпандық құдіреті мен қуатын бұрынғыдан да бетер танып, тәнті болғандығын сүйсіне баяндайды  («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер».2-бас.Алматы.»Білім»баспасы.2007-288 бет- 214 б).

Шығыстың данасы атанған жазушы М.Әуезов өзінде қалыптасқан дағды бойынша әр күнгі кездесу,мәжілістердің бүтіндей басы-қасында болып, өзге жұрттың жетістігі мен кемшіліктерін де тоқи білді.

Әйтсе де жазушы көп кездесулерде әдебиеттің кең де терең әрі күрделі мәселелері қозғалмай, көбіне қырғи қабақты саяси, жеке мәселелер аясынан шыға алмағандарына көңіл толмаушылық білдіреді. Небәрі 4 адамдан құралған, атап айтсақ, екі орыс совет әдебиетінің өкілдері Леонид Леонов, Степан Щипачев, бір мүшесі Украина жазушылар ұйымының бастығы, белгілі роман жазушы Олесь Гончар және Мұхтар Әуезовке кездесулерде қойылған көп сауалдың бірі-американ жазушыларының совет одағында көп оқылуы мен аударылу мәселесі болатын. Олар Марк Твен, Хемингуэй, Митчел Уилсон, ақындар Роберт Форст, Карл Сендберг, (негр) Ленгстон Хьюз, бүгінгі драматургтер Лилиан Хильмен, Артур Миллер ,т.б шығармаларын тек орыс тілінде емес, өз ана тілдерінде де оқитыны жөнінде жауап алады. Баспа өкілдері, журналистер, жазушылар , Америка оқырмандары 15 республикадан құралған, көп ұлтты, көп тілді туыстас кеңес әдебиетінің көркемдік әлемінен ақпараты жоқтығы, тіпті оған ынта да таныта қоймағандығы, жиі-жиі саяси сауалдарға ойысып кете беретін олқылықтары туралы ойлы толғамдар жасайды, жазушы. Вашингтон мен Нью-Йорктың барлық жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын, Вашингтонда мұсылман елдерінің елшіліктері мол болғандықтан мешіттердің көптігі, оған әр жұма намазда 17-18-дей мемлекет елшілері мен қызметкерлері келетінін, қаланың өзінде 500-ден аса тұрақты мұсылмандардың тұратынын жүрек жылуымен жазады. Вашингтондағы Конгресс (11 миллион кітап, 21 оқу залы) және әлемге әйгілі Шекспир кітапханасында болғандығын, онда өтінішті небәрі ең ұзағанда 20 минут ішінде орындайтынын айтады. Кітапхананың славян бөлімінде орысша кітаптың 200 мыңнан асатынын, сол кездің өзінде жыл сайын 8 мың кітапты Совет Одағынан алдырып тұратынын да ескерусіз қалдырмайды. Сондай-ақ екі ұлт өкілі бар екенін біліп, Украинадан жылына 500 , Қазақстаннан қазақ кітабынан 50 кітап алатынын айта келіп: «…Осы кітапхана ішінде төрт жазушы біздің төртеуімізге де өз кітаптарымызды конгресс кітапханасындағы бар тізімнен каталог жинап берісті. Менің кітабым орыс, ағылшын тілінде болумен қатар сол менің еңбегім туралы жазылған Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар»-деп балаша қуанады. Бұл,әрине, жалғыз жазушының ғана емес қазақ елінің үлкен абыройы еді. Екінші бір құрлықтан қазақ кітаптарының  , Мұхтардай ұлы жазушының кітаптары мен ол туралы зерттеулердің  табылуы оны  қалай қуантқанын қазір елестету қиын. Алайда, бұл жақсы жаңалықтың әлі күнге дейін бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатары сөзсіз.   Ал, Шекспир кітапханасы – даңқты драматург дәуіріндегі ең таңдаулы туындылар мен атақты жазушы, ғалымдардың еңбектері жиналған  дүние жүзіндегі ең бай кітапхана саналады екен. Әлемнің әр түкпірінен осы кітапхана қаражатымен келіп, ізденіс жұмыстарын жүргізетін шекспиртанушыларға мұнда барлық жағдай жасалған. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардан бергі Британия тарихына қатысты мол деректер жиналған кітапханада Шекспир оқыған кітаптар тобы бір бөлек болса, оның оқуы мүмкін деген кітаптар бөлек жиналған екен. Шекспир трагедияларына, комедияларына  қатысты бүкіл тарихтық, мұрағаттық, әдеби деректер, тіпті Англияның королевасы Елизаветаның, король Яковтың, Мария Стюарттың құнды құжаттары мен философ Бэконның еңбектері, Макиавелли аудармасы, 1616 жылғы карталар, тіпті Шекспир театрында болған суфлер пайдаланған пьесалар нұсқалары және бір ерекше дәстүр- дүние жүзі театрларында қойылған  Шекспирдің бүкіл қойылымдарының нұсқалары, аудармалары, сценарий мәтіндері, оған салынған декоративті  суреттер, ойнаған актерлердің суреттері мен ойнаған рөлдері, т.б бүкіл тарихи, сахналық, ғылыми, әдеби, т.б деректердің бәрі дерлік өз дәуірінен бастап күні бүгінге дейін жиналып, жүйеленіп, мұқият сақталады екен. Өнерге, ұлы адамға, шығармашылық тұлғаға деген қандай құрмет, оның еңбектерін зерттеу мен насихаттауға деген қамқорлық, талантқа деген тағзым мен тәнтілік тәлім-тағлым аларлықтай .Және бір таңғаларлығы : «Кітапхана ішінде тап ортада атақты Шекспир театрының өзін де қаз-қалпында орнатып, музей етіп қойған. Бұл театрда сахна екі этажды. Шымылдығы да екеу. Әрине, мұндағы айырмасы- Шекспирдің өз театрында төбесі ашық, шатыр болмаған болса, мұнда төбесі жабық, шатырлы. Осы кітапхана мен театр да түгел бір ғана адамның- Фоулджер деген кісінің жеке бас өз қаржысына салынған»,- деп таңданыс білдіреді, жазушы (284 б). Әдебиет пен өнерге өлердей ғашық, өз елінің рухани құндылықтарын ұрпағына ұмытылмастай етіп жеткізуді мансұқтаған Фоулджер сынды ма…..-ң бізде де болғанын аңсаған, армандаған болар . Шекспирдің классикалық шығармаларын қазақшаға тәржімалап, талай сахналық қойылым қойған қазақ драматургиясының қалыптасып, дамуына тікелей дәнекер болған көрнекті драматург, аудармашы, қаламгер Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Укрощение строптивой» («Асауға тұсау») деген комедиясының қазақ сахнасында қойылып жүргендігі, ондағы басты рөлдерді үздік ойнаған Совет Одағына танымал атақты өнер жұлдыздары Шәкен Аймановтың СССР халық артисінің, Хадиша Бөкееваның Қазақ ССР халық артискасының үлкен даңққа ие болғанын айтқанда  кітапхана директорының бұл мәліметтердің бәрін міндетті түрде жіберуімді талап етіп қалды»,- дейді (284 б). Алайда, елге оралғасын ой жүзеге асырылды ма, жоқ па ол жағы бізге белгісіз.

М.Әуезовті қызықтырған қаладағы өнер орнының бірі – ұлттық галерея екен. Әлемдегі небір өнер жауһарларының көнесінен бастап бүгінгі жаңашыл дүниелерін де тізіп жинауға мүмкіндігі жететін Америкадағы ұлттық галереяны бір күнде аралауға уақыт жерпейтіндіктен олар тек бір ғана,сурет-живопись бөліміндегі Пикассо, француз шебері Жан Люрса, Матис Маркей, Андре Дерен, Сезан, Ренуар, Моне, Яманэ, Поль Гоген ,т.б және жаңа бір өзгеше үлгіні танытатын мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Далидың , т.б тамаша туындыларын тамашалайды. Жазушы С.Далидың «Тайная вечеря» атты діншілдік нанымды бейнелейтін, Ғайсаның екінші тірілуінің символы суреттелетінін, Американың буржуазиялық эстетикасы ұнататын мистика бұл суретте молынан көрінетінін жан-жақты талдап, түсіндіреді . Жазушының жоғарыда баяндаған көргендерінің бәрі көне, тарихи мұралар мен руханият ордасы кітапхана, галереядағы ұлттық құндылықтар мен бүгінгі кино өнеріндегі (өзі көрген Жак Крошительдің «Қырғын Жак» атты  киносынан кейінгі қорытындысы) кереғарлық туралы  ойлары арқылы Американың сол кезеңдегі өмір шындығын ашады.

«Нью-Йорк» атты екінші тараушада көлемі тарлау тас арал Манхеттенге орналасқан 8 миллион халқы бар қалада дүние жүзі бойынша ең биік (20-70 қабатты) үйлер салынғанын, Америка мәдениеті бойынша ірі қалаларды жан-жағында топ-топ кіші қалалар қоршап тұратындығын, солардағы халық санымен есептегенде Нью-Йоркте 14 млн халық тұратындығын, мұндай үлкен қаланың құрылысы мен көшелердің орналасуы да бөлекше болатындығын, барлығы номермен аталатын көшелер есте жақсы сақталуымен қатар өте қарапайым қиылысып, көріктілігімен,           тазалығымен көз тартатындығын тартымды тілмен сүйсіне суреттейді. Совет Одағының саяси-қоғамдық жүйесін мұндағы ең озғын цивилизация мен капиталистік мәдениетпен салыстырып сөз еткен суреткер өз елінің өркениетіне бүйрегі бұратынын әрдайым білдіріп отырады. Және осы сапарының мәнін де осы тұрғыдан талдап, тұжырымдайды. Екі  мемлекет арасындағы бәсекеде іліп алар не бар екен деген сауал төңірегінде толғанған тұлға: « Біз осылардың көбімен ұшырасу, кездесу қалпында істес болдық. Бірақ осы топтың өзі де тіпті бізге деген көңіл, бейілдің өзінде де бір қалыпты емес, капиталистерге қызмет етіп жүрген, өз еңбегімен күн көретін орта буын адамдардың ішінде доспен қатар біздің Отанымызға қастық ойлары жойылмаған жандар да көп. Бізге көп ұшыраған орта буыны американец дегендер кім десек, олар- журналистер, жазушылар, оқымыстылар және әр алуан мамандықтағы дәрігер, оқытушы, университет профессорлары және сол университеттердегі қалың қауым, жас қауым-американ студенттері»,-деп саясаттың салқынын да сыпайылап әдемі жеткізеді, оқырманға (289 б). Алайда, қайда да өнер өкілдеріне тән зиялылықты танытқан әріптестері , әсіресе Совет Одағында болған Альфред Кейзн, «Сатердэй-Ивнинг» журналының редақторы Норман Казинс, жазушы, халықаралық жазушылар ұйымы мен клуб мүшесі миссис Женуэй, қарт ақын Карл Сэндбергтермен т.б болған ең бір бағалы, мәнді мезеттерді өткізгені жайлы жылы әңгімелер айтады. Сонымен бірге  Бродвэйдегі белгілі екі театрда болғанын, Колумбийский университеттің славян филологиясында Совет одағының бірнеше тілдерімен қоса өзбек, азербайжан, армян тілдері де оқылатынын, тіпті «Қазақтың батырлар жырлары және оның өзге эпостармен жалғасы» деген тақырыпта магистрлік, «Өзбек эпосы» туралы докторлық диссертация қорғалғаны қаламгерді қатты қызықтырады. Суреткерді тағы бір толғандырған жәйт –көрген кинолары мен театр қойылымдарындағы мазмұны сұмдық қатыгездік, қан төгу, бұзықтық мәселелердің жас буынды аздыратынын, және олардың театр, кино, сурет, теледидарларда бақылаусыз есепте берілуі ойланарлық жәйт екенін, ал бізде мұндай шектен тыс жауыздыққа жол берілмейтіні, ондай шығармалардың жарыққа шықпайтыны, кино өнімдерінің өндіріске жіберілмейтіні, теледидардан тек жаңа дәуірдің жасампаз ерлігі мен жақсы адамдардың тағдыры, классикалық дүниелердің насихатталатынын мақтанышпен айтады. Шынында да адамды аздырар ондай өнер туындыларына тыйым салу кеңестер одағында жақсы жолға қойылған-ды. Осы бейберекетшіліктің  бала санасына әсерін  жазушы былай әңгімелейді: «..Сахнада бір сұмдық болып жатса, залда отырған балалар мінездері мен қылықтары одан да өткен сұмдық тәрізденді. Бұл балалар толған зал әрбір өлім тұсында шулап, мәз бола күлісіп, қол соғып, аяқтарымен тақтай тепкілеп, өлтірушілінің ісіне қызығып, кәдімгі қоянға тазы итін қосып айтақтатқан аңшылардай болысты.

Барлық өлім оларға киносуреттің тапқызбас қызығындай қызу әсер етті. Ірку, іркілу, қорқу-жирену жоқ, қызығу да қызықтау –жас балаларға бүгінгі Американың көп кино суреттерінің беріп жатқан жан жемі осындай болды да, оны қабылдау жаңағыдай. Және балаларға сол кинодағы жаңағы суретке билет арзандаған бағамен сатылады.

Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі, техникасы, барлығы, байлығы   қатарында, мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ….Оларды жасаушылар арасында үлкен конкуренция-бәсеке де бар. Сондай суреттерді туғызумен үлкен капиталдар құрап жатқан компаниялар да бар. Олар Америкада не жазса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да бөгет жоқ, цензура жоқ деген сымақтарды сылтау, арқа тіреу етеді. Сөйтіп, жас буынды жаман, сұмдық, бұзықтық, жыртқыштыққа көзін үйретіп, көңілін көндіріп, әдейілеп бастай баулиды.  Міне, америка көркемөнері аталатын әлемнің ішінен осындай да өнер болмыстың пішінін көрдік» (297 б).

Енді бірде керісінше білім беру жүйесіндегі жаңалықтар жөнінде, ондағы ғылым дәрежелері-бакалавр, магистр, доктор екендігін, профессорлықтың өзі 3 сатыдан тұратынын, толық профессор атану үшін                               кітап, еңбектер шығару керектігі, және ол үш сатылық дәреженің әрбір 4 жылда ауысып отыратын жақсы нышандары бар екендігі айтылады.Және университеттегі (Колумбийский, Лос –Анжелос, Бостон (Гадвард) т.б) славян бөлімдерінің студенттерінің өзіне совет одағы әдебиетінің тарихы дұрыс берілгенімен соңғы кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы, оның зерттелуі, т.б туралы дұрыс ақпараттар берілмейтіндігі, жүйелі түрде дұрыс дәріс оқылмайтындығы туралы айтады. Оның себептерін: «Оларға совет жазушыларының шығармалары ұдайы біріне-бірі ұқсас және тек соғыс пен колхозды ғана айтатын сұрқай, бірыңғай іш пістырар әдебиет деп танылатын көрінеді. Әрине, бұл жаулық тілмен баяндалатын өте қияс, теріс мінездемелер біздің әдебиет өрнектерін танытуға көмекші емес, кедергі. кепіл емес, кесір, совет әдебиетінің Америка оқушысына жету жолындағы кедергі, кесірдің үлкені»,-деп түсіндіреді  (299 б).

Сондай-ақ мұндай қаскөй көзқарас идеология жағын билейтін баспа, ғылым, зерттеу орындарына да тән әдіс екендігін, совет мәдениетін, әдебиетін оқыту, насихаттау, оларға дұрыс баға берудің жоқтығы, т.б аңғарылғандығын айтады. Ондағы оқу жүйесіндегі олқылық ретінде «Нью-Йорк таймс» газетінің 26 февральда шыққан Солсбери Харисон жазған мақаладағы сорақылықтар, атап айтсақ, студенттер үшін (50-500 долларға дейін) емтихан тапсыратын жалдамалы адамдар болатыны, жас ғалымдар үшін (3мың долларға) диссертация жазатын, қорғайтын топтардың барлығы анықталғанын, бірнеше нақты мысалдар келтіре отырып дәлелденгені сөз болады. Осылардың бәрін тізіп келіп: «Әрине, бар университет тәрбиесі бұл емес те,..бірақ сонымен қатар Америка жоғары дәрежелі оқу орындары мен ғылым ордаларында кейде осындай да сорақы мінездер сойдия, жарыққа шыға жүретіні бар көрінеді»,-деп өткір сынмен түйреп өтеді (301 б).

Сондай-ақ баспагерлердің біздің әдебиетті аударып, басуға ынтазар еместігін «американ оқушысы совет әдебиетінің ірі шығармаларын оқудан қажиды. Себебі ол   әдебиетте колхоз өмірі мен соғыс жайы ұдайы бірыңғай ғана жазылады-мыс» ,-деген сылтау айтылады дейді (305 б). Жазушы Америкада Шолоховтың екі романы-«Тынық Дон», «Көтерілген тың» аударылғалы жатқанын, оны ел ынтыға оқитынына сенеді. Өйткені, адамзат көркем өнер қазынасына қымбат қасиет қоса алатын осындай көркем туындыны танып бағаламауға шарасы жоқ деген пікір айтады. Оған мысал ретінде өзінің 1957 жылы Жапонияға барғанда бір энергетик-инженердің Шолоховтың «Тынық Дон» романын оқу арқылы ірі көлемді роман оқуға деген ынтасын тудырғаны жөніндегі сөзін келтіріп, көлемді шығармадағы тереңдікті, кең ауқымды эпикалық стилдің қадірін түсіндіреді. Өзінің «Жиырма бірінші клуб» деп аталатын  орындағы кездесудегі сөзінде бүгінгі американ поэзиясындағы өлең жолы бір алуандығын, бір жолы ұзын, бір жолы қысқа болып келетін, ұйқас қуаламай, ырғақ ыңғайымен жазылатынын айта келіп, оған ақынша айрықша теңеу тапқанын әңгімелейді: «Сондағы айтқаным: менің көзіме тастан салынған небоскребтардан құралған қала сипаты бейнебір Манхеттен аралының аспанына таспен жазылған поэма боп көрінеді. Ол поэманың әрбір жолы-әрбір небоскреб (зәулім тас үй). Сонда американ өлеңі бір жолы ұзын, бір жолы қысқа болғанындай, небоскребтардың да біреуі ұзын, біреуі қысқа. Және сол жолдардың ішіндегі ең ұзын, ең мазмұнды жол-жүз екі этажды Импаэйр Стэйт Билдинг. Ол поэманың бұл жолын дүние жүзі біледі халқының бәрі біледі, бәрінің де жадында деген едім» ,-дейді (306 б). Кейін осы жөнінде С.Щипачев «Нью-Йорк» деген өлең арнап «Правда» газетіне жариялағаны жөнінде ақпарат береді. Бұл өлең ұлы жазушының 100 жылдық мерей тойына шашу ретінде сол жылғы «Жұлдыз» журналының (1977) №9 санында Ж.Үмбетовтің аудармасымен беріледі:

«Нью-Йорк»

Тұр көк тіреп зәулім үйлер жүз жанар,

Құдіретті-ау қайран адам қолдары.

Тасқа айналған өлеңнің бір-бізге олар

Сияқтанды іркес-тіркес жолдары….»-деп келетін үш шумақ жыр сол мезетте суырып салып айтылған , жөнделмеген күйі баспасөзде жарияланып, ұлы жазушыға тарту етіледі. Мұнда ұлы достықтың, шынайы шығармашылық қатынастың жақсы белгісіндей жүректен шыққан шуақ сезіледі.  1960 жылы жазылған «Америка сапары» (Жолжазбалар). Мұхтар Әуезов.1960» деген жазбалар соның куәсі. Америка Құрама Штатына  1960 жылдың ақпанында Степан Петрович  Щипачев жетекшілік еткен делегация құрамында Леонид Леонов, Олесь Гончарлармен бірге АҚШ-қа ұшады. 38-інші томдағы «Америка әсерлері» атты очеркке жазылған мұрағаттанушы, мұхтартанушы ғалым Талат Әкімнің ғылыми түсініктемесінде  жазушының қандай сапарға барса да алдын-ала қызу дайындық жасайтыны жөнінде айта келіп: «…Осы ниет, мақсатпен ең алғаш оқығандарының бірі – Үлкен Совет Энциклопедиясының» 39-томындағы көлемді мақала. Мақаланы қиып алып, оны сызып, әртүрлі белгілерін қоя отырып мұқият оқыған. Сондағы білмекке ұмтылдырғаны осы бір алып елдің шаруашылығы, өндірісі, жағрафиялық ерекшеліктері, табиғаты, адам қолымен жасалған құндылықтары, түрлі-түрлі саяси, әлеуметтік ағымдары, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы, өнері, философиясы еді. Осылардың ішінде әдебиетіне деген ықыласының айрықша екендігі көрінді. Бұндағы шығармашылығы ХҮІІ ғасырдан бастау алатын Дж.Смит, Дж.Уинтроп, У.Бредфорт, В.Франклин, Т.Пэн, Т.Джеффрсон, Ф.Френо, Дж.Барлод, Т.Дуайт, Ф.Купер, У.Уитмен, Ф.Брет-Гарт, М.Твен, Т.Драйзер, Э.Колдуэлл, Э.Синклер, Т.Уаилдер, Э.Хемингуэй сияқтылар әдебиеттің ірі өкілдері саналады»,-делінген (402 б). Америка жазушыларының шығармаларымен жақсы таныс М.Әуезов сол елдегі сұхбаттарда да осы есімдерді атап, олардың шығармаларының тек орыс тілде ғана одақтас республика тілдерінде де аудармалары бар екенін, совет одағының оқырмандарын оқитынын мақтанышпен айтатыны бар.

«16// 11. Бүгін таңертең, сағат тоғызда «Москва» гостиницасынан мені жолға шығарып салуға достар келді. Зоя, Абель, Ахмет, Жұмағали және түннен қасымда қонып шыққан Мұратым» дейді (М.Ә.Шығармаларының елу томдық  толық жинағы. 38-том. Алматы: «Жібек жолы» 2009.-408 б. 191 б). Жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы осы кезде Мәскеуде оқитын. Әкесінің ұлын қаншалықты сүйетіндігі, әкелік махаббаты «Мұратым» деген бір сөзден-ақ сезіліп жібектей есіп тұр емес пе? Москвадан сағат 11-де «ТУ»-мен ұшып, 2 сағаттан соң Копенгагенге ұштық.

Ұшқан жолаушылардың жолбойы және бастары қосылып шерткен сырлары, әдемі әңгімелері, көптен көрмей осындай ұзақ жолда емін-еркін сұхбаттасып, жол қысқарту үшін айтылатын жеңіл-желпі қалжыңдарға (анекдот) ерік берулері сөз болады. Әсіресе әңгімешіл Леоновтың Хаитов пен Тудерманның қызық жайларға душар болған оқиғалары туралы айтқан қалжыңдарын жазушы қысқартып баяндап қана өтеді. Ал, бұл күнделіктегі әңгімелерге очеркте кеңінен орын берілмеген, тек ресми сапар жөніндегі ірі мемлекеттің ресми өкілі, оның идеологы, қазақ ұлтының ары мен абыройы тұрғысынан ғана тіл қатады. Осындай жауапты іс-сапарға үлкен дайындықпен шығып, алда талай сын сағаттар, ресми қабылдаулар, әдеби, мәдени, саяси сипаттағы диалогтар күтіп тұрса да жазушы өз машығы бойынша  қолы қалт еткенде оқитын іктабын бұл жолы да ұмытпапты. Ол: «Түнге оқуға бір қырғыз әңгімесін алдым. Ең алғаш шыққан проза жазушы қырғыз әйелі Айым болғандықтан, соның әңгімесін оқуды мақсат тұттым»,- дейді (192 б). Жазушы 20 жасынан бері Манасты оқып, зерттеп, көрші әрі туысқан қырғыз елінің жанын терең түсініп, әдебиетін де үнемі бақылауға алғаннан кейін бе, ондағы жылт еткен әрбір жақсы жаңалыққа қуанып, хабардар болып отыруды әдет еткен. Соның бір айғағы да осы, қыздардан шыққан алғашқы қаламгердің қадамын байқауды мақсат еткенін білдіреді. Рухани құндылықтардың бүкіл адамзатқа ортақ екендігін, оны ұлт пен ұлысқа бөлуге болмайтынын түсініп, түсіндіру , ол үшін осындай халықаралық достық қарым-қатынасты нығайтып, әдеби, мәдени, рухани байланыстарды барынша жақсарту- М.Әуезов мүше болып енген ресми топ өкілдерінің бұл сапарының басты міндеті болып табылады. Әлемдегі екі ұлы мемлекеттің саяси-идеология майданының қызметкерлерінің мойнына «елдестірмек –елшіден» дегендей үлкен абыройлы міндеттер, асқан жауапкершілік жүктелген-ді. Сондықтан да бұл сапардың салмағы ауыр-тын. Ал, жазушы жолжазбасында эпистолярлық жанрға тән  жол бойғы көргендері мен есте сақтау үшін кездесулердегі естігендерін мүмкіндігінше сол қалпында қағазға түсіруге тырысқаны байқалады. Өйткені, бір-біріне саяси бет алысы бөтен, іштей бәсекедегі мемлекеттердің басты идеологтары- журналистер мен баспагерлер, зиялы қауымдарының майданы алғашқы күнгі кездесуде-ақ өз кейпін көрсетіп, сесін байқатып алады. Ол күнгі сұхбатты жазушы сол қалпында диалог түрінде қағазға түсіріпті. Оқып көрелік: «19/ІІ.   Таңертең. Пресс-конференция. 15 журналист, үшеуі әйел, біреуі ғалым. Орта Азия мәдениетін зерттейді. Бізді өз кісісі таныс етті. Ең алдымен Щипачев бізді таныстырды.

…Бастық: 6-сұрақ: Ең жақсы жазушы кім?

Леонов: Ең жақсы біз десек, сіздер сенбейсіздер ғой (күлдірді).

-Тарих елемейді, біз өлген соң елейді-көңіліңіз қалады.

-Кітап біраз жерде жата тұру да керек.»,-(194 б). Әзілде шындықтың үлесі бар екені белгілі. Шынында мұндай жауапты сапарға сайдың тасындай іріктелген, әр ел мен ұлттың ұяты мен арына айналған айтулы тұлғаларын, одақ көлемінде мойындалған танымал таланттарды ғана жіберуі табиғи заңдылық емес пе? Қарапайым сауалына қитұрқы астар қиыстырған журналистке Леоновтың тапқыр сөзі тосқауыл болды әрі өте әділ де өткір ойлы жауап болды. Шығармашылық ортада қай кезеңде де қай ұлтта да бар бәсеке бақталастан бағы жанбай бақиға кететін бір туар тұлғалардың әлемдік тарихи тәжірибеде дәлелденгеніндей, өлген соң еленетіні ешкімге жаңалық емес. Леоновтың сөзіндегі «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген ащы шындығын кезінде Ж.Аймауытов та М.Жұмабаев туралы мақаласында жан айғайымен жалындап жазып еді.Леоновтың жазушылық та кісілік те қасиеті оқырман алдында осы бір ауыз сөзімен-ақ ойда қалып, қайраткерлік образы сомдалды. М.Әуезовтің әрбір сөзді қалт жібермей жіті бақылайтын машығы мұнда да өз міндетін мінсіз атқарған. Сөз бен сөз иесінің әрбір демін, денесінің қимыл-әрекетін, даусының интонациялық сезім толқынын дәл танитын қырағы қаламгерлігі жолжазбаның әрбір жолынан да танылып отырады. Көргені мен естігенін ескерусіз қалдырмай тіпті ұсақ-түйегіне дейін қырағылықпен бақылап, қағазға түсіріп отыруы оның кәсіби дағды-әдеті де. Дегенмен, қазір түртіп алсам кейін асықпай ойланып-толғанып, өз ойымды қосып түсірермін деген ойдан да алыс алғыр жазушы қанша жол жүріп, өз жасына да қарамай шаршаса да шалағай жазып, шимайламайды екен, қағазды. Тап бір машинкаға басылғандай анық сұлу қолтаңбасымен  шығармасының шырайын келтіріп түпкілікті жазып отырғандай сөйлемдерін де толық түсіруге тырысады. Сондықтан да болар ұлы жазушының жолжазбалары мен сапарнамалары көп өзгеріске түспей, кейбір беттері мен абзацтары сол қалпында очерктерде ойып тұрып орын алған. Мәселен «Америка сапары» жолжазбасындағы Шекспир кітапханасы мен Капитолийдегі сенат мәжілісіне қатысты құнды деректер түскен дәптер беттері «Америка әсерлері» атты очеркте де тап солай берілген. Көп өңдеу мен өзгеріс  те байқала қоймайды. Жолжазбадағы санмен цифрланған тезис түріндегі  деректерге очеркте ойлы сөйлемдер қосылып, кеңінен баяндалады.   Жазушы өзінің жеке күн тәртібін беруді ұмыт қалдырмайды, күні бойғы жауапкершілігі жоғары кездесулер мен тоқтаусыз жол жүруден шаршаса да : «Түнде тек алма мен банан жеп, жуст немесе кока-кола мұзды су ішем. Саулық күйге аса жайлы» ,-деуі қанағатты қолдап, өзіне деген адами сыйды танытады  (197 б).

Кейде очеркте орын алмаған жақсы ойлардың жолжазбада қалып қойғандары да бар. Мәселен, 20 ақпандағы кеште 82 жастағы қарт ақын шал Карл Сэндбергпен бірге болғанын, ол өз өмірін баяндап бергендегі көрген қиыншылықтарын М.Әуезов Джек Лондонның өмірімен сабақтастырып айтатын жері бар. Бұл эпизод очеркте де тап осылай баяндалады. Бірақ онда жазушы асығыстау болды ма, әлде бәрін түгелдей баяндау міндетті емес деп шешті ме екен, әйтеуір, қарт ақынмен «..жеке арнай ұшырасып, аса бір бағалы сәттер өткіздік» деген сөйлеммен қысқа ғана қайырыпты (171 б). Жалпы «Америка әсерлерінің» диктовкамен асығыс жазылғанын, және аяқталмай көп көркем ойлары жолжазбада қалып қойғанын ескерсек, ондағы оқырманға ой салар деген ойлары мен дерек көздерін толығырақ келтіре кетуді жөн санаймыз. Жолжазбадағы қара шрифпен көрсетіп, «Карл Сэндберг қартқа ұшырасу» дег тақырып қойып бір беттен асыра жазуы бұл кездесудің жазуға жақсы әсер қалдырғанын көрсетеді. Сондықтан  бұл факт жазушының рухани іздеушілерінің де көңілінен таса болмауы тиіс деп ойлаймыз. Өзі жақсы білетін әрі шығармасын қазақ тіліне аударып жүрген жазушысы Джек Лондонның тағдыры туралы қарт ақынның әңгімесін толық жазып алуға тырысқан: «Өзі Джек Лондон сияқты- өмірі соған келеді. Менің көзіме Дж.Лондонның қартайып келген тұс-қалпы көрінгендей. Дж.Лондон 42 жаста өлген. Ішкілік жеңді, көп жасағысы келмеді, әдейі уланып өтті дейді. Бұл шын дос.» (201 б). Міне, бұл жолдар очеркте жоқ. Сондай-ақ, мына жолдарды да кеңейтіп жазуға жазушының алтын уақыты жете қоймады, әйтпесе оқырманына көп ой салар бейнелі ойлар баршылық: «Бұндай зор әлем -жалпы адамзат тарихының техникалы, ғылымды, өнерлі іздену- жеңістерінің балғын ескерткіші, мәңгіге қалатын тозбас тастан соғылған, аспанға жазылған, іргесі тасқа қазылған жартас поэма дер едім.

Әрине біреулерге Нью-Йорк қатты ұнаса, көп жандарға тіпті америка өз халқының талайына қатты ұнамайтын ең даулы қала. Мен өзіме еткен әсерін айттым.

Есіме дүниелік үлкеннен, ұлыдан, адамзат қуанарлық ұлыдан ұлалар түседі. Адамда Ленин, ғылымда ракеталарымыз, сөз өнерінде «Манас» (Манасты қалай құрметтеген десеңізші, қазақ жырларын емес оны атаған, неге, себеп, ойланарлық жәйт екен), алып қол өнерінде Нью-Йорк деуге болады.

Ой қуатын айтқанда, Э.Хемингуэйдің «Старик и моредагі» шалы. Бізде Коненковтың өз портреті- екеуі де шал, кеудедегі жалынды жап-жалпы адамзат жаны, рухы неге құдіреті жетерлік, түп жоқ қажыр-қуат, қанатты, шабытты қуат иесі екенін танытады. Бұндай жайлар: биік асқарлардың бастарындай-жолдағы қатпар-жоталардан қарлы мұз мәңгілерден көп-көп жолдағы әр саты орта таулар, сеңгірлерден аса-аса бір-біріне атой берісіп тұрған асқарлардай жайлар дер едім»,- деп шабыттана жазады (202 б). Жолжазбада әр күн белгіленіп, ол күнгі күн тәртібіндегі кездесулер, ондағы болған жайлардың бәрі егжей-тегжейлі ерінбей қағазға түссе, очеркте олар бөлшектенбей тек екі тарауға, яғни «Вашингтон» мен «Нью-Йорк»деп алынып, сол қалалардағы болған жәйттер жалпылама ортақ бір мақсатқа, сапардың міндеті не деген сауал төңірегіне топтастырылып, ой өрбітеді. Кейде жазушының болған оқиға мен кездесулердегі сұхбаттарға байланысты жеке пікірлері жолжазбада ғана қалып қояды. Алыс сапарларда байқалатын кейбір кірбіңжілдер мен сыртта жүргенде байқалатын адамның жұмбақ әлемі жайындағы ойларын да очеркке енгізбеген сыңайлы. Мәселен, Колумбия университетіндегі студенттермен кездесулеріндегі Леоновтың өзін нашар ұстауы, Белинскийдің Гогольге хатын сынауы, Щипачевтің ренжіп, залды тастап кетуін айта келіп: «..Өте бестактный мінез, осындай ұшырасу көптің ұшырасуы емес. Өзінің бір кітабы жөнінде бір ғана аумақ сұрақ бергенге елігіп қайда отырғандығын, неге бас қосқандығын ұмытып, эмпирик мылжың сөз, мінездемеге кетті. Мен пропагандист емеспін, қайта мені Одақта еретик деп біледі деп, өзін нашар түрде бар Одақтан бөлшектей сөйледі»,-деп өзінің сыни пікірін білдіріп, өзіне бәсекелес әрі сын көзқараспен қарайтын елге сыр алдырып қойған әріптестеріне деген ренішін осылай бірде орысша ,бірде қазақша сөзбен айтып біраз сыбап та алады (205 б). Одан әрі өзі туралы да тура сөзді айтады: «2) Бұл күн бір ерекше оқиғасы пен-клубтағы ұшырасу болды. Мені көп жазушылар қамап алып, көп сұрақтар берді. Көп-көп әңгімелестік  (Шіркін соның бәрі қағазға түскенде әдебиет туралы қаншама құнды мәліметтерге кезігер едік). Бір үлкен қартаң жазушы менімен әңгімеден кейін: «90 пайыз қанағаттандым, әңгімеңізге»- деді. Осында негр жазушысы Ленгстон Хьюз да болды. Ол Союзда болған, жақсы әңгімелестік. Жазушылар көп, ірі сыншылар көп. Үлкен газеттердің сын бөлімдерінің ірі бастықтары болды. Бәріміз де көп, жақсы әңгімелестік»,- деп аса ризашылықпен, шығармашылық қуат ала қуана баяндайды (205 б). Сондай-ақ 50-60 мемлекетте бар пен-клубтың мұнда да бар екендігін, оларда тек әдебиеттің өзінің ғана мәселелері көтерілетінін, ондағы бір кездесуде  біздің әдебиетте психология бар ма деген сұрақ болғандығын, әдебиет, адам жаны, сезімдері қозғалар жерде психологиясыз болудың мүмкін еместігін сөз етсе, енді бір сауалда саяси репрессияға ұшыраған жазушылардың тағдыры мен шығармашылығы, жазалануы (осы ретте Борис Пастернакқа байланысты әр жерде көп сауалдар қойылған. Тіпті бір капиталист оның шығармасын 1 миллион тиражбен шығарған екен) ,т.б жайлы сауалдардың көп болғандығын айтады. Бұл факт-бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылықтардың қайда да қадірлі, қызықты екендігін, оның шекарасы мен ұлты болмайтынын дәлелдесе керек. Осы реттегі ойын бір баяндамасында : «..Все, что составляет наилучшие достижения современного человечества  в середине двадцатого столетия как воплощение передовой цивилизации, как мирное творческое создания ума, познания, умения людей, народов нашего века, бескорыстно одобряется народами всего мира, простым человеком земли..»,-деп түйіндейді  (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы: «Жібек жолы».2011-456 бет-35 б).

Жолжазбада жазушының әрбір күнгі күн тәртібі тізбектеліп түгел түскен және олардың әрқайсысына деген өзінің көзқарасы бар. Кітапхана, ЖОО, шақырылған мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, жеке адамдардың үйлері, тұрмыстары, олардың үйлерінің қандай құрылыс материалдарынан бастап, бөлмелерінің тазалығы мен ұқыптылығына дейін, жалақылары, кіріс-шығыс мәселелері, қарсы алған адамдардың қас қабағынан бастап, қонақ күту, сөйлеу,т.б секілді әрбір деталына дейін сол сәтте қағазға түсірілуі тек суреткерлік кәсіби машығы ғана емес, өзге өңірден келген басқа құрлық адамының аса қызығушылығынан туған ынта-талап та болса керек. Оған асқан ыждаһаттылық пен табандылық , тынымсыз еңбек те керек. Жазуға жағдай таңдамайтын жазушы көлікте де, ұшақта да, поезда да жаза берген. Өзі де : «машинада отырып жазып келемін, сілкінбейді»,-деп олардың  жолдары мен көліктерінің жоғары сапасына сүйсінгенін жасырмайды да (213 б).

«Мұхтар Әуезов.1) г.Фресно (Калифорния). отель (9) аты «Насиенда». 2) Лос-Анджелес.»Чайман парк» (532).3)Феникс, отель «Весвард Хо» (на западе) (812). Осы қалаларда болғанда байқаған жақсы бір дәстүр жер сілкінісі жиі болатындықтан бір-екі қабаттан аспайтын үйлер, халық көбіне қала шетінде тұратынын, және қалада кедей болмайтынын, ең нашар дегенінің өзінде жеке машина болатынын, үйлері жалдамалы болатынын, бірақ үнемі мемлекеттен көмек алып тұратыны, мектептен бастап барлық ЖОО-да оқу тегін екендігі, қалада қанша мектеп, қанша өніріс орындары бар , оларда кімдер, қалай жұмыс істейтіндігі, тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, олардың демалыс орындары, қандай жеміс-жидектер, ағаштар, т.б өсетіні, дүкендерінің сатушысыз жұмыс істейтіндігі, азық-түлік алатын адам керегін алып арнаулы арбамен алып, шығарда ғана кассирге төлейтінін, киноны машина ішінде ғана көретінін, айтып, бізде жоқ қызықты жайларды жазады. Калифорнияның ұлттық паркіндегі хайуанаттар мен ағаштардың түр түрі туралы толық мәліметтер берілген. Жазушы, студент, ғалымдармен кездесулерде : «жазушы міндетіне қалай қарайсыздар, америка жазушыларынан айырмаларыңыз неде, не туралы жазу қалай бағаланады, индувидуумның орны сіздің жазушыларыныз үшін қандайлық» деген сауалдар болғандығын, «Абай жолы» романын оқыған бір әйелдің «Чудесная книга» деп баға бергеніне көңілі марқайғанын, сол күні Уилкстан хат алып, оның «Көксеректі» баспадан шығаратынын, 300 долларға чек жібергенін , өзінен Абай жайын сұрағанын айта келіп: « …-мен Жамбыл жөнін де айттым»,- дейді (228 б). Жазушының жолжазбасын оқып отырып, тап бір сол жерде өзің де бірге жүргендей, әлгі әңгімені өз көзіңмен көргендей әсерде боласың. Өйткені, ол жердің ауасынан бастап, жеп отырған дәмнің исіне дейін сезіп, дәмін татып отырғандай боласың. Атақты Том Сойер атындағы аралда болып, М.Твен атындағы кемеде жүзгендей де боласың, бірде. Диснейлендте болғанда американың атақты драматургы Артур Мюллер мен оның әйелі атақты киножұлдызы Мерилин Монроның үйінде қонақта болғанын, оның қазақ театры туралы түсінігі бар екендігін, Алматыда болғанын, ұлттық театрдың жағдайына байланысты көптеген сұрақтар қойғанын, өзінің жауап беріп, жақсы сұхбаттасқанын, Хемингуэйдің неге қадірлі екендігін сұрағанда Леоновтың индивидуальный, субьективный, формалистический жауап бергенін, керісінше оның соғысқа қарсылығын, жалпы адам үшін оптимизмі зор жазушы екендігін айта алмады деп айып тағады (230 б). Колорадо өзенінің жағалауында тұратын индеецтердің өмірімен танысқанын айта келіп, өзінің қарапайым пенде ретіндегі сезімін береді: «Индеецтер зергерлері істейтін күміс, ағаш, былғары заттардың магазинінде болдық. Аса жақсы білезіктер бар. 15 долларға бирюза орнатқан әдемі жүзік алдым. Үйге аман-есен жетіп, Валя көріп күлгенше киемін. Ол мақұлдаса, қолымда жүре берсін, мақұлдамаса, өзі алып қолына салсын дедім жолдастарға» (231 б). Осы шағын штрихта ұлы адамның жұбайын соншалықты сыйлап, пікірімен санасатынын, өзінің бирюзаға көңілі бұратынын байқаймыз. Қай елде жүрсе де сол елдің символын танытатын естелік сыйлықтар алу кез-келген адамның әдеті емес пе?. 1918 жылы ашылған Каньонға жылына 1 млн 200 мың адам келетінін, мұндағы құрғақ, қарағайлы ауаның адам денсаулығына жақсы әсері де естен шықпаған. Ал, 250 мыңнан аса халқы бар Феникс штаты негізінен ауыл шаруашылығымен, әсіресе мақта мен жүгері егумен айналысады екен. Қаланың сұлулығымен тазалығына тәнті болған суреткер: «Бұнда да америкада бар жерде сондай адам жағдайы. Қызметкер, байлар да лыпып тұрады. Бір үлгімен пішкендей біркелкі жанға жайлы өмір. Бұнысына, цивилизациялық, жалпы адамдық жайлы жағдайына еріксіз сүйсінесің. Ол жағынан қарағанда, бұнда, Америкада қала мен деревня айырмасы жағы былай тұрсын, тіпті столица мен провинция деген, орталық пен аудан деген арасындағы айырмыс мүлде жойылған»,-деген таңданысын жасырмайды.Жазушы осында 1939 жылы келіп, 59 жасында қайтыс болған американың ең атақты архитекторы Франк Ллойд Райтпен танысады, оның мұнда тек жаңа стильмен жұмыс істеп, оқытатын архитектор мектебі бар екен. Ол жер сілкінісіне бой бермейтін Жапонияда биік үй салған екен. Әлемнің әр түкпірінен оның атағын естіп келіп   осында оқитын студенттер үйді өздері салады екен, ішіндегі мебелді де ,тоқу (кілем), ағаш ісмерлігі, тас өнері ,т.б студенттер өз чертежі бойынша құрастырады. Тіпті тамақты да студенттер өздері жасайды. Райттың жобасы бойынша Гавайский аралдың зәулім бір сарайы, Сан-Францискодағы өкімет үйінің ештеңеге ұқсамайтындығы айтылып, аңызға айналған жастар мекені жайлы Лаотценің сөзінен сілтеме келтіреді: «Эффективность здания зависит не от стен или потолка, но от пространства, которое внутри, где надо жить» (236 б). Ұлгі аларлық-ақ тәжірибе екен. Қолдау білдіретін қоғам болса.

«Мұхтар Әуезов.1960, март (9.ІІІ). 1) Феникс, «Вествард Хо» (на западе) (812).

2).Вашингтон. «Стэтлер» (847). 3) Бостон, «Шератон плаза! (аса жақсы) отель (478). 4) Нью-Йорк парк, «Шератон плаза» отель (767).

Феникстен Вашингтонға наурыз айының 9-на ұшып келген жолаушылар –Леонов, Гончар, М.Әуезов сапардан алған әсерлерін айтып, ойларын түйіндейді. «Екі халық арасын жақындату үшін көп жан көп жақсы, дұрыс, өнімді әрекет ету керек. Біріне бірін дұрыс, кең әділ танытуға талаптану керек»,-деген қорытындыға келеді (242 б).   «Есте болсын», «есте боларлық жайлар» деген сөздерді жиі қолданып, кейін соған кеңірек тоқталуды ойлайтын болу керек. Вашингтонға қонар сәтінде самолетте бір жайсыз жағдай болып, Филадельфияға қонамыз деп, кейін стюардессалар тыныштандырып, қайтадан Вашингтонға қонамыз, деп қаланы бірнеше рет айналып қонғанда жазушы «Есте болсын» деп жазыпты. Не ойлағанын кім білсін, әйтеуір аман қонғандарына қуанып, ұшаққа ұшарда ендігәрі есте болып жүрсін бұл оқиға дегісі келді ме екен?

Осы жолжазбада тағы бір кеңінен тоқталатын жай-М.Әуезовтің көңілі толған телевидениедегі пікірталас, сұхбат. Совет Одағынан келген өкілдерді  Американың 45 станциясы көретін сан миллиондаған көрермені бар Питтсбург компаниясы телевидениесі шақырып, сыншы, атақты журналист, Бостондағы үлкен журналдың редакторы Уикс жүргізген. Елге келген соң да журнал редакторы, сыншы, Бостон қаласының тұрғыны Уикспен шығармашылық байланысын үзбеген.Оған Уикс жетекшілік ететін журналға оның өтініші бойынша «Слушая Гомеров нашего времени» – қырғыз халқының «Манас» эпосын айтушылары туралы мақала» деген еңбегін  жолдаған хаты куә: «М.Ауэзов-м-р Уиксу   №155    3 апреля 1960 г.

Глубокоуважаемый м-р Уикс!

Из всех многочисленных встреч наших с людми США одной из самых памятных, содержательных и интересных была встреча с Вами.

Все члены нашей делегации уехали из Бостона с искренним чувством признательности Вам за Ваше добродушие, гостоприимство и самое главное, за Ваше желание и стремление к созданию добрых отношений между писателями и всеми людьми доброй воли, наших двух стран.

Я надеюсь об этом поведать полнее в своих очерках в дальнейшем.

Сейчас, исполняя Вашу просьбу написать немного об эпосе народов нашей страны, я посылаю статейку под условным заголовком «Слушая Гомеров нашего времени». Я бы был бы очень рад, если бы эта статья ответила требованиям вашей редакции.

Одновременно я продолжаю верить и надеяться на то, что «Серый лютый» выйдет в «Атлантик» в должной художественной форме.  С приветом-Мухтар Ауэзов.» (50 том.370 б).

Хат мазмұнынан белгілі болғандай М.Әуезов пен өзге де топ мүшелерінің ондағы ыстық ықыласты қабылдауларға риза болғандығы, сол сәттің өзінде-ақ екі ел әдебиеті арасындағы біраз шығармашылық байланыстың бекіп, орныққаны айқындалады.

Жазушы сапарнамасында осы кездесулердегі көптеген жәйттерге сын көзбен қарап, орынды баға бергені белгілі. Щипачев пен Леоновтың теледидардан тайсақтап, кең көсіліп сөйлей алмағанына кейіген кемеңгер жазушы өзіне берілген 8 минутта фольклор мен «Абай жолы» романы жөніндегі сауалға сауатты жауп бергенін, қай халықтың қазіргі әдебиетінің алдында бай фольклоры болатынын, ол дәстүрді білмей жаңа әдебиеттің болмайтынын, соны меңгерудің нәтижесінде өмірге келген 4 томдық «Абайды» 15 жыл жазғанын, оның 26 тілде шыққанын, Парижде Луи Арагон аударғанын, кейін «Манасты», 25 конгрестің жайы ,т.б туралы 6 минуттан аса уақытта толық әрі жан-жақты мәлімет бергенін қуанышпен айтады: «Жалпы екі рет мен сөйледім, азырақ Щипачев сөйледі, тағы да ортаға шықты. Менің екінші сөзім де ұзақ, салмақты шықты десті. Жұрт жақсы бағалады. Бұл жазу ең үлкен мәнді жазу еді. Тек осы үшін ғана келуге болушы еді. Оның аса жақсы өткеніне қуанамыз. Көлденең қарап тұрған американ кісілері бізге қалжыңдап, сіздердің әрі жақсы киноартистер екеніңізді жаңа таныдық деп әзілдеді» (244 б). Шығармашылық тұлға үшін өзінің еңбегінің бағаланып, насихатталып жатқанынан артық қандай бақыт бар дейсіз. «Ертөстіктегі» Ерназардың»тоғыз балам бір төбе, ертөстігім бір төбе» дегеніндей М.Әуезов үшін Америкадағы отыз күннен осы  бір күннің орны  бөлек болғаны осы жолдардан белгілі.12 мартта қолдары бос болып, кино көргендерін оның теріс тәрбие беретінін қатты сынға алады. 13 мартта Уикстың Американың ең атақты романисі Джон Маркингпен таныстыруы, оның «Вашингтон» деген кітабын 1 млн.300 мың тиражбен таратылғанын, өзі арнайы пьеса жазбаса да романын пьесаға аударуға араласқанын, Әуезовтің соңғы 5 жыл ішіндегі ең жақсы пьесаны атасаңыз деген сауалына Оноллдің «Путешествие в ночь» дегенін атауы, бұл есімді осымен 2-ші рет естігенін айтады.Уикстің осы жолы айтатын ой, ұсыныс, пікірлерің болса жазып , айтып кетіңдер деген өтінішіне орай көп ұлтты елдер әдебиетін көбейту үшін аударма мәселесін жолға қою,сонда олардың классикасы, эпосы жаңа Гайаваталар берер еді.Азияны Америка жағасынан  ашу,жаңа Американы ашқанмен бірдей американдықтар үшін деген жақсы ой, тың пікір айтады (246 б).

Қай жерде жүрсе де табиғатын терең танып, жергілікті жердегі табиғат байлықтарын,жеміс-жидек, тал-ағаш түрлерін,т.б түгел білуге тырысатын М.Әуезов Щипачевтің Россияда өсетін қайың туралы тым өзінше айтсақ «орташалау»,тіпті жұпыны жауап бергеніне қынжылыс білдіреді. Ақын емес, прозаик болса да табиғат туралы төгілтіп сөйлеп, төгіліп жазатын, білімдар М.Әуезовке қандай сауал берілсе де нақты әрі асқан поэтикалық пафоста шабыттана жауап беретіні қасындағы Одақ көлеміне танымал таланттардың өзін таңғалдырып, тәнті еткеніне куә етеді, бұл жолжазбалар.

Әрине,мұндай абырой мен құрмет тегін келмесі анық. Ол табанды еңбектің, іркіліссіз ізденістің, терең білімнің нәтижесінде қол жеткізілетін биіктік. Қай ортада да, қай тақырыпта да тайсалмай тарихынан толғап әлемдік руханиятқа еркін еніп, емін-еркін көсіліп , көркем тілмен ойын  көріктендіріп кестелейтін кемеңгер ойшыл М.Әуезовтің  баяндамаларын  дүние жүзінің небір ғұлама ғалымдары бар ынтасымен тыңдап, ырза болған. Оған Мұхтардың Америкаға,Үндістанға,Жапонияға барған сапарларында бүкіл кеңестер Одағы атынан сөйлеген сөздері айғақсыз  дәлел бола алады.  Оны жазушының өзі де мойындап:

«- В США меня нарекли мудрецом,…В Японии тоже. Я приписываю это тому, что я учусь больше и охотней, чем учу»,-деген екен әріптестерімен бір әңгімесінде А.Пантилеев («М.Ауэзов и современников воспоминаниях»  116 б).

Көп оқып, көп білген жазушы сырт адамдарына ғана емес, өз серіктерінің сөз саптаулары мен сын сағаттардағы жауаптарына да сергек көңілмен қарап, сыни пікірлерін білдіріп отырған. Жалпы жолжазбадағы көптеген ойлар мен жазушы көзімен берілген көріністер, тарихи, әдеби фактілер, очертктен орын алмаған. Бәлкім, оны жазушы орынды деп ойламаған болар, мүмкін асығыстықпен кеңірек жазуға мүмкіндігі де болмаған болар, әйтеуір «Америка әсерлері» «Америка күнделігіндегі» барлық деректерді қамтымаған және оларды тереңдетіп талдап, сұрыптап, жан-жақты баяндауды мақұл да санамаған сияқты. Қалай десек те «Америка күнделігі» өз жанрына тән тарихи дерегін сақтаған, жолжазбалық міндетін өте жоғары деңгейде орындаған жұмыс деп толық бағалауға болады. Оның жас ұрпаққа жалпы қазақ оқырмандарына берері әлі де көп ондағы қызықты фактілерді интерпретациялап, жаңаша көзқараспен тың пікірлер айтуға да болады. Әр кезең өзінің  кеңістігімен, мәдениетімен, өзіндік ерекшелігімен есте қалары сөзсіз. М.Әуезов өз көзімен көрген, көңіліне тоқыған жайларды ғана жолжазбасына қалдырды, енді оны оқушысы қалай қабылдап, қалай талдайды, қалай бағалайды , уақыттың еншісіндегі жәйттер.

ХХ ғасыр басында-ақ «Япония»(«Абай» журналы.1918 ж) деген мақала жазып, біз үшін мүлдем бейтаныс жұрт Жапонияның тарихын зерттеп, оның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, білім мен ғылым салаларындағы жетістіктерін, оларға жету жолдарын талдап, түсіндірген. Ондағы басты мұраты «ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығын, алайда ізденген жұрттың алдындағы өркениеті өскен, тәжірибесі озғын елдерден үйренудің жолын табуды ұсынған еді. ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы, Алматы, Ғылым, 1997, -472 б. 82б).

Ал, 1957 жылы атом мен сутегі бомбасын қолдануға қарсы Жапонияда өткен халықаралық ІІІ конгрестің жұмысына қатысуға сәті түскен сапарында өзінің жас кезінен бастап зерттеп, салт-дәстүрінен, ұлттық табиғатынан әсте танбайтын ішкі рухани діңгегінің мықтылығына мейлінше тәнтілік танытқан жапон жұртының атом бомбасынан кейінгі қиын тағдырына бей-жай қарай алмаған (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 36-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2009.-408 бет). М.Әуезов сол жолы өмір мен өлім арасындағы мәңгілік сауалдарға жауап іздеуіне мүмкіндік бергеніне, адамзат ақыл-ойының тек бейбіт мақсатта ғана жұмсалуына өзіндік үлес-үнін қосқанына аса ризашылықпен көңілі толып қайтады. Дүние жүзілік деңгейдегі маңызды мәжілістерге Кеңестер Одағынан, оның ішінде Орта Азия халықтарының атынан жалғыз барып сөз сөйлеуі мол шығармашылық шабыт пен қайраткерлік қуат сыйлайды. Сол әсерді «Индия әсерлері» мен «Америка әсерлері» сияқты өзінше ой қорытып, суреткерлік көзқараспен кәсіби машығы мәнеріндегідей кең көсіліп, тереңнен толғап, өзінің түйінді ой-тұжырымдарын сол кезеңдегі көп шаруаның килігінен жаза алмаса да өз қолтаңбасымен түсірген «Жапония күнделіктерінің» қағазға түскен нұсқасы барына шүкіршілік етеміз. Өйткені, жоғарыдағы күнделіктердің жолжазбалары мен сол сапар әсерлерінен туған публицистикалық туындыларын салыстыра талдау барысында көз жеткізгеніміздей соншалықты көп айырмашылық бола қоймайтынын еске алсақ, бұл еңбектің құндылығы кеми қоймас. 3 баспа табаққа жуық күнделікте жапон елінің ядролық қарудан кейінгі тағдыры, оның жер мен елге әкелген алапат зардаптары жазушының көзқарасы бойынша өз қолтаңбасымен түсірілген. Ол ойлардың бәрі жазушы мұрағатындағы қолжазба қорында (533-бума, бірінші дәптер,1-40-бб, екінші дәптер, 40-93-бб) сақтаулы. Сол дәптердің негізінде өзінің үйреншікті орыс және қазақ әріптерін кезектесіп пайдалану арқылы асығыс ойларын қағазға түсіргенін кейін мұрағат қызметкерлері жүйелеп, қазіргі криллица әрпіне түсіріп, жариялауының нәтижесінде халыққа ортақ рухани құндылыққа айналғаны мәлім. Әсерлерін өзі ойлағандай деңгейде түсіріп үлгермесе де жазушы өзінің жүрген, сөйлеген кездесулерін тілінен бал тамызып жұртқа жеткізіп отырғанын 1958 жылы Ташкентте өткен Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясында («Сен Никконы көрмеген болсаң, онда «ғажап» деген сөзді қолданба»деген жапон нақылын еске алуы) , Оңтүстік сапарларындағы кездесулерде, елдегі әр түрлі деңгейде жүріп жатқан мәжіліс-отырыстарда , т.б сөйлеген сөздері растайды.

«Жапония күнделіктерінде» 10 -ынан басталып, 26 тамыз айына дейінгі аралықтағы Жапония елінде өткен оқиғалар мен кездесулер қамтылған. Австралия елінен келген әйел-өкіл Гер труда Мервилл төрағалық еткен делегация құрамында көрнекті ғалым Капров («Өскен өркен» романындағы облыс хатшысы Карповтың жақсы қасиеттері осы кісіден алынуы да мүмкін)  басқарған кеңестер Одағының қонақтары да бар.  Осы жиынға жиналған әлем халықтарының әйгілі ғалымдары мен әр ұлттың басты идеология қызметкерлері – жазушылар, журналистер  ,т.б зиялы қауым өкілдері қосылып, әлемді дүр сілкіндірген Хиросимадағы жағдайды талдай келе, атом мен сутегі бомбасын қолдануға қарсы екендіктерін, ол тек бір ғана елге емес, жел, су, ауамен бүкіл жер жаһанды жайлап, ертедегі әбжыландай бар құрылықты жұтып жіберетінін, оның салдарынан ел естімееген неше түрлі жұқпалы сырқаттар мен қатерлі ісіктердің ілгерілеп, дамуына дәнекер болатынын, сөйтіп бүкіл адамзатты ешқандай соғыссыз-ақ мына тіршіліктен сызып тастай алатынын ғылыми- теориялық негіздемелерге сүйеніп, талай деректерді келтіре отырып, құнды ойларын ортаға салады. Ал, 11-ші  тамыздағы таңертеңгі аста М.Әуезовтің аса құрметті қонаққа ұсынылар төрде отыруы, алғашқылардың бірі болып сөз алуы, әдемі қытай қызының үш тілде (ағылшын, қытай, орыс) қызмет көрсетуі, жас күнінде миллиардтан аса халықтармен сөйлесе алатын аруға «сіз байсыз» деп қалжыңдауы, ризашылығы т.б өте жоғары көңілде баяндалады. Азиялықтардың  қонақжайлылығына толық сипаттама берген автор бұл жұрттың  дәстүрі бойынша қонақтар да кимоно киіп, жалаңаяқ жүретіндігін, қонақ күтісі тіпті таңғаларлық екендігін: «Қызмет етулері ғажап. Есік алдына жүгініп отыра қалып, басын жерге шейін иеді . Бірақ күліп, Сатумен еркін сөйлеседі»,- деп имандылық танытып, иіліп тұрса да өздерін лайықты ұстап, сыйлай білетіндігіне деген сүйсінісін де жасырмайды (301 б). Және кешкілікте осы көркем қыздардың қазақтың келіншектеріндей төсекті өздері салатынына қаламгер қайран қалады  (301 б). Сол күні 20 мың кісі сиятын үлкен залда митинг болып 10 пунктен тұратын шараның көрсетілгенін және «Атом базасына қарсылық» деген ұранмен залдағы 2 мыңға жуық жастардың ән салғанын терең тебіреніспен баяндайды. 12 тамызда жазушы жолда суық тиіп, сырқаттанғанын сезеді, түнімен көз шырымсын ала алмаса да таңертеңгі атқару комитетінің жиналысына 8-де келеді, бірақ жиналыстың 9-да басталуы , кешегі митингінің де орынсыз кеш басталуы көңіліне кикілжің орнатып, оған бүгінгі бейберекетсіздік қосылып, қатты қапаланады. Өз басы мемлекеттік шаралар-мәжіліс, кездесу, жиналыстардан тіпті  кішігірім қонаққа кешікпей баруды, өзін де өзгені де сыйлаудың, әсіресе олардың да өзінің алтын уақытысын  дұрыс пайладануды берік ұстанған жазушы үшін мұның бәрі дөрекесіздік, жауапсыздық болып көрінеді . «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (Алматы. «Білім». 2007-288 бет) деген еңбекте ұлы тұлғаның шақырылған жерге дәл уақытында баратынын, ал өзіне кешігіп келген кісілерді қабылдамай жіберетіні жөнінде тағлымды-тәрбиелі әңгімелер баршылық. Бұл-данышпанның өзін де өзгені де, уақытты да бағалай білетіндігін көрсетеді. Күнделігінде де ол туралы сын пікірлер жетерлік. Бұл ойды Константин Алтайскийдің «Всречом с Ауэзовым» деген естелігіндегі мына сөзі айғақтайды: «…Люди, работавшие вместе с ним, свидетельствуют: он был исключительно точным, пунктуальным человеком. Пообещал-сделал. Взялся-выполнил. Записал в свой календарь день заседания- прибыл минута в минуту. В этой подчеркнутой  скрупулезной аккуратности таилось большое уважение к чужому времени и труду…..Ауэзов глубоко ценил, уважал и любил труд, и потому тема труда, тема деятельности человека, украшающего мир, является одной из ведущих тем его творчества.» («М.Ауэзова и современиков воспоминаниях …..С.75). Күнделіктегі  барлық кездесулер мен мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәжілістердің бәрі Жапониядағы Хиросима, Нагасакидағы атом сынағының әлем халқына әкелген зердабы, соның құрбаны болған жандардың жақындары мен перзенттерінің жан айғайы, соның салдарынан сырқаттың түрлері көбейіп, адам шошырлық сәбилердің, мүгедек ұрпақтардың көбеюі, т.б секілді бейбіт жолды аңсаған адамдардың ,ірі мемлекет өкілдерінің, әрбір ұлт зиялыларының, әлем ғалымдарының сөздері әр жерде жалындап жатса, бәрінің арманы бір жерге тоғысып, бейбітшілік үшін күресейік, бәрімізде бауыр да, бала да бар, сондықтан жер жаһанның жұрты жұдырықтай жұмылып, жұмақ өмірге ұмтылайық. Шеттен келген қонақтар, қоғамдық ұйымдардың бәрі қолдан келген сөз жәрдемін, материалдық көмек қолдарын созып, түрлі сый-сыяпаттар жасап жатты. Сондықтан  күнделіктегі ойларды түйіндеп айтар болсақ, әлем халықтары соғыс атаулыға қарсылық білдіріп, ешқандай ел өзге ұлттың ауасын ластауға моралдық құқығы жоқтығын айтып, ұсыныстар айтылғанын жазушы толық мазмұнда баяндайды. 600 мың адамның аты жазылған қара тақта, тас қабірге: «Тыныш ұйықтаңдар. Бұл қаталық енді қайталанбайды» деп жазылған. Бұл ұстаным осы конференцияға келген әлем халықтарының да ұсыныс-ұраны болды. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей  атом зардабын өз көзімен көріп, сезінгендегі қарсылық  ала бөтен болатынын қаламгерлік қырағылықпен танып-білген

М.Әуезов оның келешек ұрпақ денсаулығына тигізер залалын мыңдаған мәліметтер негізіндегі теориялық та тәжірибелік те мысалдарға сүйене отырып ой қозғайды. Әрине, атом бомбасының құрбаны болған әр адамның өмірі жеке тағдыр, жеке трагедия. Олардың сөйлеген сөздерін қысқаша түрде түртіп отырған жазушы ол адамның бүкіл өміріне, сырқат түріне, оның ұрпақтарының тағдыры мен денсаулығына дейін қалт жібермей, ұқыптылықпен баяндайды. Жазушының бір ай шамасында болып, көзбен көріп, көңіліне ұялаған барлық фактілерін тізіп отырған «Жапония күнделіктерінде» бірнеше көркем шығармаға арқау боларлық тағдырлар, образдар, портреттік штрихтар, есте қаларлық детальдар, мәліметі мол мағыналы мәтіндер мол-ақ. Жазушының көкейінде не болғанын кім білсін, әйтеуір өзі куә болған өмір көріністері мен тарихи фактілердің бәрі күнделікке  сол қалпы емес, жазушының көзімен, қабылдауымен, өзіндік ой-пікірлерімен, бағалауымен түсіп, нақыт да нанымды баяндалған.Ондағы кездесулердің көбі орыс тілінде жүргізілгендіктен болу керек, жазушының орысшасы жылдам жүріпті. Және жүрген, аралаған жерлеріндегі бүкіл ескерткіштер мен мәдени, тарихи мұраларға да мән беріп, олар туралы мәліметтерді де жолжазбасына мұқият түсіріп отырған. Мәселен,Нара қаласында көне ескерткіштердің көп екендігін, әсіресе 1200 жыл бұрын салынған аспалы фонарлар, Синтоист храмы, көне қоңырау, барабандар, ағаш қорғандар, атақты 16 метрлік ұлы Будда храмы, т.б келген қонақтардың бәрін қайран қалдырған. «Көне мұра көп болғандықтан тарихымызды өшірер соғыс атаулыны қалаймаймыз» деген қала мэрінің сөзіне бейбіт өмірді насихаттап келген әрбір ұлт өкілдері жан-жақтан қостап, қолдау көрсетеді. Сол кездесу, сұхбаттасуларда шеттен келген өкілдердің ішінде атақты ақын-жазушылар бар екенінен хабардар жапондықтар  сан алуан сұрақтар қойып, кеңестер Одағындағы әдебиет, мәдениет, өнер мәселелеріне де қызығушылық танытқан. Айталық, Шолоховтың «Тынық Донын» оқып, әдебиетке, күрделі жанр романға деген қызығушылығы туған бір жапондықтың «Абай жолы» аударылса міндетті түрде бас алмай оқитынын , ал оның қаламақысын Цуругаға, яғни бейбітшілік жолына аударылса деген  өтінішін құптағаны жөнінде жазады (330 б). Халықаралық достықта тек материалдық қана емес, рухани байлықтан да көмек беру керектігін, әлем жұрты арасында әдеби, мәдени диалогтардың жүйелі жүргізілуі орасан сан байлыққа кенелтетінін қаперде ұстау керектігін ескертеді, жазушы. Өз кезегінде жапон әдебиеті туралы мәліметін де толықтыра жүреді. Өзінің: «соңғы жылдардағы жапонның ең жақсы романы?» деген сауалға: «Синхей»(тарихи роман), авторы Кемуногатори, алайда «Тынық Донмен» сапасы жағынан еш салыстыруға келмейді» деген жауап алады. Одан арғы асығыс жазылған  қолтаңбадан сөздердің соңы сұйылып, түсініксіз болғанын бұл жолжазбаларды қазіргі қаріпке түсірген мұрағаттанушы Талат Әкім («түсініксіз») деп түсіндіріп кетеді. Отыз күннің бәрінде де қаламы қолынан түспей, не көрді, не есітті, жанын толқытқан, есінде қалған әрбір құбылыс сәттерді суреткерлік зердемен көріп, зерделей білген М.Әуезов күн тәртібіндегі ресми жұмыстары тәмәмдалған соңғы түнде соңғы кездері жазылмай қалған аз жайларды асықпай мазмұн-мәнімен қағазға түсіреді. Оны « Қосымшылар» деп қара шрифпен ерекшелеп таңбалайды: «Соңғы күндерде біз Токионың синерамасын көрдік. Самолетпен өзіміз көріп келген аралды, шөлді, таулы, тоғайлы, әсіресе мол мұхитты, көк теңізді, дүниелерді ілгері қарай соза түскендей әсерлер алдық»,- дей келе сонда көрсеткен бір фильмдегі «Жеті ғажап» әлемін, осынау бүкіл адамзаттық рухани құндылықтарды жоюдан тайсалмайтын тажал-атоммен сутегі бомбасын қолданудағы қатыгездік  жөніндегі көңіл-күйін береді ( 36 том.342 б.). Және «Кабуки» театрында болып, көрген екі спектаклінің мазмұнын баяндап, олардың театр өнеріндегі жетістіктері мен ерекшеліктеріне тоқталады: «..Музыкасы жай, салмақты қозғалыстар…Көп үнсіз паузалар – баяу ритм. Бірақ әсерлі, есте қалғыш қозғалыстар-бұл театрдың ерекшелігі…Адам жүзі бояу арқылы ішкі мінез, жаратылыс өзгерістері ерекше жат құбылыстарын танытып отырады. Маска тәрізді»,- дегенсөздері даңқты драматургтың кәсіби білімпаздығын, байқағыштық танытады (343 б). Және бір күнді, яғни 26 наурызды Жапонияның коммунистік газеті «Акакатидың» екі қызметкерімен ұзақ сұхбаттасып, баспасөз конференциясын жүргізгенін, онда басты мәселелер сөз болып, бірнеше сауал болып жауап бергенін айтады: «1)Советтегі жазушылар одақтарының достық қарым-қатынасы арқылы көрінетін әдебиеттегі достық жайы.

2) Жапон-совет әдебиетінің қатынасы туралы

3) Совет әдебиетіндегі соңғы жаңалық жайлар жөні…» (344 б). Осы сұхбатта жапон тіліне аударылған 176 кітаптың ішінде бірде-бір ұлт әдебиет үлгісі аударылмағанына мән бере сөйлейді. Өйткені, әрбір ұлттың жан дүниесін, тарихын, ішкі әлемін, салт-дәстүрін білгің келсе әдебиетке жүгіну керектігін, осы сөз өнерінің құдіреті ғана әлем халықтарын жақындастыра алатынын ескертеді. Ал, 25-і күні бұрыннан таныс, дос, көрнекті ғалым Ояманың жұбайын Харис екеуі барып, дәстүр бойынша дос пейілдерін көрсетіп қайтады. Сонда жатсынбай жарқын жүзбен қарсы алған профессордың жұбайын жазушы өзінің сүйікті кейіпкері Ұлжанға ұқсатуы да қызықты дерек.(344 б) Ояманың отбасымен жақын танысқан жазушы олардың ата сыйлаған тәрбиесіне ризашылықтарын білдіріп: «Аса жақсы, мәнді, көңілге сондай әсерлі сәт болды. Әркімнің артында осындай тәрбиелі, сезімді, үлгілі достары, жақындары қалғаны қандай бір қымбат ескерткіштей жұбанышты, мерейлі және өзі келісті бір кезеңдей-тағдыр дейтіннің ұнамды бір сағасындай сезілді»,- деп сүйсініс білдіруі әрбір әке , әрбір шығармашылық тұлғаның арманы екенін айтады (345 б) . Осы «…Сапар барысында Аоно,Токунага, Танабэ Койтиро, Исинно Кэйтиро, симото Масатциогу, Хино Асихей, Эгуси Кан,Исидзаки Тахудзо, Ясунари Кавата (кейін Нобель сыйлығын алған) сияқты көптеген ақын-жазушылармен, ғылым,өнер, мәдениет қайраткерлерімен кездесіп, әңгіме-сұхбат құрды» ,-деп толық ақпарат беріледі ,Т.Әкімнің осы күнделікке жазған ғылыми түсініктемесінде (406 б).

27-28 күндердегі ұзақ ұшу сарапындағы әсерлер, жолбойы көрген көркем көріністер жазушының шабытын оятып, шұрайлы сөз кестесін құрайды. Оған жолжазбаның  347-350 беттеріндегі шын көңілден төгілген қара сөздің поэзиясы куә бола алады. М.Әуезовтің Жапон елінен алған әсері осылай күнделік күйінде қалғанымен, жүрек жарды сөздері әр кезеңдегі оқушысына жаңа әсер, жаңа сыр болып жанын байыта береді Өзі де бұл сапарының сәтті болғанына ризашылық білдіріп: «…Бар жүріс, жолға дән ырзамын, көрген мен білген, сезген мен түйген баршасы қосылып, өзінше бір алуан байытып қайтарған тәрізді»-деп аяқтайды күнделігін (350 б).

Сонымен соңғы тарауда қарастырылған М.Әуезовтің үш ірі мемлекетте-Америка, Жапония, Индия болған сапарлары суреткердің өмірінің соңғы жылдары жазған және көңіл-күйі орныққан , атақ-даңқы әлемге танылған тұсындағы әдемі әсермен  жазылған әдеби, ғылыми публицистикалық дүниелері тынымсыз творчестволық ізденісте болғанын танытады .

М.Әуезовтің шығармаларының елу томдық толық жинақтарында (34 том- «Индия очерктері», «Индия күнделіктері», 36 том -«Жапония күнделіктері», 38 том- «Америка әсерлері», «Америка сапары (Жолжазбалар)») жарияланып, әдеби, ғылыми айналымға түскен шетелдерге сапарлары жөніндегі жолжазбаларын, күнделіктерін, сапарнамаларын зерттеудің, оның мазмұн-мәнімен оқырман қауымды оқтын-оқтын  таныстырып, ой қозғап отырудың маңызы зор. Біз көбінде жазушы күнделіктеріндегі әдебиетке қатысты деген құнды ой-пікірлерге көбірек жүгінуге тырыстық. Егерде бұл жазбалардағы қоғамдық, саяси, мәдени, ұлттар достығы, өлкентану мен көркем аударма мәселесі, т.б сынды келелі мәселелердің бәріне көңіл бөлсек, үлкен ғылыми зерттеулер туғалы тұр. Ол, мүмкін келешектегі ізденушілердің жеке тақырыптарына айналуы да мүмкін.

Қорыта айтқанда,    М.Әуезовтің өмір тарихының, шығармашылық өмірбаяның соңғы жылдарындағы биік белестерін танытып, сол кезеңдегі көркемдік-эстетикалық көзқарастарынан құнды деректер беретін  шетел сапарлары, сөз жоқ, ойлы дүниелер.

 

 

ІҮ-ТАРАУ. Тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану мәселелері

(1991-2015 жж)

 

М.Әуезовтің қазақтың рухани көшіне алғаш қадам басып, қалам сілтеген сәтінен бастап негізі қаланған мұхтартану саласының тарихы тым тереңде десек те болады. Өз заманындағы әріптестері, кезінде абайтану мен мұхтартануға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Л.Әуезова, З.Кедрина, Е.Лизунова, Н.Смирнова, Ғ.Сағди, А.Әуезов  еңбектері бұл тарауда талданбағанымен олардың осы саладағы сүбелі еңбектерін атап өтуге міндеттіміз. Ал, тәуелсіздік тұсындағы мұхтартану саласына негізінен М.Әуезовтің әдебиет, мәдениет, ғылым, публицистика, театр, кино салаларындағы шығармаларын тұрақты түрде зерттеп жүрген көрнекті ғалымдар мен зерттеушілер белсене атсалысты. Атап айтсақ, З.Ахметовтің «Роман-эпопея Мухтар Ауэзова «Путь Абая» (1997), Р.Бердібаевтың «Мұхтар шыңы» (1997), Д.Досжановтың «Алыптың азабы» (1997), З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» (1997), Б.Құндақбаевтың «М.Әуезов және театр» (1997), Р.Нұрғалидың «М.Әуезов және Алаш» (1997), М.Мырзахметұлының «Әуезов және Абай» (1996), Т.Жұртбайдың «Дулыға» (1994), «Талқы» (1997),  т.б. зерттеулері жарық көрді.

Қазақ әдебиеттану ғылымының ірі саласын құрайтын мұхтартану мәселесінің  жыл өткен сайын ғылыми деңгейінің сапасы артып келеді. Ондағы әрбір ғылыми мәселелер жеке-дара қарастырылып, бұрындары беймағлұм болған әдеби,  тарихи деректер көзі табылып, оларға жаңаша көзқарастағы,  жүйелі талдаулар жасалуда.  Осынау ұлан-ғайыр  мол еңбектің бәрін бір тарау төңірегінде талдап, ғылыми шолу жасау мүмкін болмағандықтан, тәуелсіздік тұсында жарияланған  еңбектерді атап өтуді жөн көріп отырмыз. Олар: «Әуезовтің Бальзак еліне сапар шегуі» (М.Маданова. А.«Ниса» баспасы. 1997. 7,5 б.т), «Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» архивтік деректер («Әуезов үйі» ҒМО.А. «Ғылым», 1997. 63, 7 б.т),  «Әуезовке қайта оралу» (Ж.Жұмат. А.Әл-Фараби «баспасы. 1997.10 б.т) , «Әуезовке іңкәрлік немесе ұлылықтан үзік сыр» (Ә.Ыдырысов. А. «Атамұра». 1997. – 8 б.т) , «Әуезов-Семейде» («М.Ауэзов в Семипалатинске») атты анықтамалық кітапша (1997. Семей облыстық мұрағат мекемесі. 1997.–37 бет),  «Мұхтар аға» естеліктер жинағы. (Г.Омарханова, Ә.Әзиев. А. «Өнер» б. 1997. 10. б.т).  «Мұхтар әлемі» телеэнциклопедия.( А.Тойбаева. 1997.), «Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі» (М.Серғалиев. А. «Қазақ университеті», 1998. 6,8 б.т). «Мұхтар Әуезов-суреткер» көмекші оқу құралы. (Б.Майтанов. А. «Әл-Фараби» баспасы. 1996. 6,7 б.т.), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» (Б.Майтанов. А. «Жібек жолы», 2009. 544 б). «Мұхтар Әуезовтің Абайды тануы» (М.Мырзахметұлы. А. Санат. 1994. 17,5 б.т.), «Мұхтар Әуезовтің абайтану туралы лекциясынан» көмекші оқу құралы. (С.Жүнісов. А. Санат, 1996. 3,6б.т). «Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы өнер мен өнерпаз тұлғасы» оқу-әдістемелік құралы (Қ.Алпысбаев. А. «Қазақ университеті». 1998. 2,5 б.т). «Мұхтар мұрасы» (Ш.Ыбыраев пен С.Қорабай. А. «Қазақстан» баспасы, 1997. – 18,5 б.т.), «Мұхтар-мұхит». (Ә.Мұсаев. Шымкент. 1997. 7,2 б.т). «Шыңғыстың шың ұлдары» (Е.Тұрысов. А. «Нұрлыәлем». 2004. – 328 бет), «Даналық мәйегі» ( Т.Әкім. А. «Ана тілі», 1997. – 189 бет), «Әуезовтанудың кейбір мәселелері» (Р.Әбдіғұлов.А. «Олжа», 2009. – 172 бет).  «Мен білетін Әуезов» ( Д.Байқадамова. А. «Өлке», 2006-192 бет), «Әуезовтану дәрістері» оқу құралы (Н.Рахманова.А. «Кітап» баспасы, 2010-354 б), «Мұхтар Әуезовтің ата тегі» ғылыми кітап. (С.Саттаров. А. «Жібек жолы», 2010. 340 бет), «Абай, тяжесть полета» (Н.А.Анастасьев. М. «Молодая гвардия». 2008. 20 б.т), «Трагедия триумфатора»  (Н.А.Анастасьев. М. «Молодая гвардия». 2006), т.б. Бұл зерттеулердің бәрі М.Әуезов шығармашылығы туралы жазу мен зерттеу тұтас қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері мен ондағы көркемдік құбылыстар жайлы сөз ету екендігін дәлелдесе керек.

Қай кезеңде де талантты тану мен таныту, оны мойындау мен мойындату оңай болмаған. Атам қазақ айтпақшы, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Сол 20 жылдардан бастап «ұлтшыл, байшыл» атанып, бірнеше рет  басы бәйгеге тігіліп, бостандығынан айрылып, сын садағынан түспеген М.Әуезовтің әлемге әйгілі әмбебеп мұрасын қайта қарау, жаңаша зерделеу ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселесі. Уақыт талабынан туындап отырған «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңде зерттелуі» деген тақырып негізінде жазылған монографиялық еңбектің мақсаты да  мұхтартану саласы бойынша  жарық көрген ғылыми еңбектерге шолу жасай отырып, кезінде белгілі себептермен жарық көрмеген  көркем шығармалар мен әдеби, ғылыми зерттеулердің бүгінде ғылыми айналымға түсіп, көпшіліктің рухани игілігіне айналған көркемдік құндылықтарына  барлау жасау. Және мұхтартану мәселелері жөнінде арнайы монографиялық зерттеулер жазған ғалымдардың еңбектеріне келесі тарауда жеке тоқталып , ғылыми жаңалықтары мен зерттеушілік ерекшеліктерін кеңінен талдайтындықтан бұл тараудағы мақсатымыз – тәуелсіздік тұсындағы М.Әуезов шығармашылығын арнайы зерттеген ғылыми еңбектерді бір ізге түсіріп, жүйелеп, мүмкіндігінше зерттеушінің нысанаға алған негізгі ғылыми мақсаты жөнінде толық  ақпарат беру.

Жазушы шығармаларында орын алған  тоталитарлық замандағы идеологиялық күрес, таптық тартыс табиғаты бүгінгі тәуелсіз әуезовтану тұрғысынан талданып, таразылануы кімді болса да қызықтырары хақ. Бір ғана мысал М.Әуезов таныған тарихи тұлғалар Абай мен Құнанбай бейнелерінің тәуелсіздік кезеңінде әдеби сын мен ғылымда жаңаша қабылданып, пайымдалуы,  ал көркем шығармада басқаша шырай алуы да (Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы») қоғаммен бірге көркемдік қабылдау мен  сананың да өзгеруінен сыр береді. Сондықтан да бүгінгі мұхтартанудың теориялық және методологиялық мәселелеріне мән беріп, олардың зерттелу, бағалану барысын бақылау қазақ әдебиеттанушыларының алдындағы абыройлы да келелі міндет болмақ.

Осы орайда, Ләйла Мұхтарқызы Әуезова негізін қалап, келешектегі келелі ізденістердің ізін салып, оны іргелі зерттеулерге ұластыруды мұрат тұтқан  «Әуезов үйі» ғылыми – мәдени орталығының ғылыми ұжымы белсенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы үлкен рухани құбылыс болған  Мұхтар Әуезовтің 50 томдық толық шығармалары жинағының жариялануы осы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымының бірнеше жылдарға созылған жүйелі жұмыстарының жемісі екендігін ерекше атап өту керек.

Және тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы болып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан М.Әуезовтің ұзақ жылдар бойы зиянды зерттеу ретінде шеттетіліп, тіпті жоғалдыға саналып, кейін Ғабит Мүсіреповтің жеке кітапханасынан табылып, жарияланған «Әдебиет тарихы» да қазақ әдебиеттану ғылымындағы ерекше жаңалық болғаны мәлім (Әуезов. М Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 бет). 1927 жылы жарияланысымен саяси репрессияға ұшырап, жетпіс жыл бойы қапаста болған бұл еңбекті көрнекті ғалым, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері болған  абайтанушы, мұхтартанушы Мекемтас Мырзахметұлы ғылыми түсініктеме жазып,  баспаға ұсынған. Қазақ әдебиетінің ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезовтің бұл құнды зерттеуі тәуелсіздік таңы атқанда алғаш рет ашылып отырған «Ана тілі» баспасының тұсаукесері, беташар кітабы ретінде жарық көруінде де бір ішкі заңдылық, үзілмеген үндестіктің үдерісі жалғасып жатқандай. ХХ ғасырдың басында ешқандай қазақша арнайы пән оқулықтары жоқ жоғары оқу орындарына бағыттап жазылған «Әдебиет тарихының» тұңғыш кітабы еліміз егемендік алғалы бері ғана ЖОО-да қазақ бөлімдерінің ашылып, оларға керекті мемлекеттік  тілде  оқулықтар шығаратын баспадан жарық көріп, қайтадан оқырманына жол тартуының өзі тарихи оқиға. Алғашқы нұсқасымен  толық күйінде жарияланған кітапқа  Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаев «Мұхаң бүгінде ұстаздық мінбесінде» деген тақырыпта  алғы сөз жазған. Жазушының өзі жазып, жүйелеген ғылыми ұстанымы толық қалпына келтіріліп, ұсынылған  «Әдебиет тарихы» тәуелсіздік жылдары да өз құндылығын  жоймай, іргелі ғылыми зерттеу ретінде бағаланып келеді.

Тарауда талданатын еңбектерді жүйелелеуде алдымен М.Әуезов шығармаларының әлемдік және өзге ұлт әдебиеттануындағы зерттелуі мен бағалануына, сонсын жазушының көзін көрген, шәкірті болған, кейіндері арнайы мұхтартану мәселелерімен шұғылданған көрнекті ғалымдарымыздың жеке еңбектеріне, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» атты іргелі зерттеу мен ұжымдық еңбектерге көңіл бөлінгенін ескерткіміз келеді.

Енді  М.Әуезов мұрасының әлемдік әдебиеттануында бағалануына өз ғалымдарымыз ғана емес, өзге ұлт әдебиетінің өкілдері де ынталық танытқанын атап өту артық болмас. Ұлы ойшыл,  ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, көркем мұралары бүгінде бүкіл әлем жұртшылығының рухани қазынасына айналғаны ақиқат. Оның куәсі-  қазақ халқының өмірі мен тұрмысының,  этнографиясының, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен әдебиетінің, ана тілі байлығының рухани көрінісі жасалған бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясының 50-ден астам, ал жалпы шығармаларының 160 әлем тілдеріне аударылуы. Және оның адамзаттық ақыл – ой мен көркемдік ой жүйесіне қосқан үлесі де өлшеусіз. Қай кезеңнің де уақыт сынынан сүрінбей өтіп,  әр заманның рухани қажеттілігіне сай зәрулік танытқан ұлы тұлғаның туындылары  бүгінде әлемдік сұранысқа ие. Мұхтар Әуезов шығармаларын оқу мен мұрасын зерттеуге деген ынта мен ықылас, құлшыныс күннен-күнге артпаса, кемімек емес. Бұл классикалық көркем туындылардың бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екендігіне дәлел болса керек.

Жалпы адамзаттық ақыл-ой қазынасына қосылған М.Әуезов мұралары әлемдік әдебиеттану ғылымында әлі де өзіне лайықты тарихи, ғылыми орнын жоғары деңгейде алып келеді. Осы орайда, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде  ЮНЕСКО аясында  өткен «М.Әуезов және ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиет» атты халықаралық  ғылыми-теориялық   конференция материалдарына тоқталар болсақ, олардың бәрі де жаңаша көзқараста, өте жоғары сапада  арнайы жазылғандығына куә боламыз. Бүгінгі әлем және қазақ әдебиетіндегі мұхтартану мәселесінің қаншалықты деңгейде зерттеліп, қай тарапта ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр десек, Әуезов әлемін зерттеу бүгінгі  дүние жүзілік әдеби үрдістегі жаңа бағыттардан, тың талпыныстардан түсінік берері хақ. Әлем және ұлттық  қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы (философтар, әдебиетшілер, тарихшылар, шығыстанушылар) атақты ғалым-академиктердің, шет елден келген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, әдебиетші, аудармашылардың М.Әуезовтің шығармашылығын  әр қырынан талдап, жүйелі ғылыми ой айтуы біз үшін үлкен мерей және абырой. Және олардың бәрі де жаңадан жазылған, соны ой сараптамалары бар, бүгінгі ғылыми байыптаулар. Сондықтан да  ғасырда бір айтылатын құнды пікірлер болғандықтан толық қарастыруға, талдауға тырыстық.

«М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі» деген жинаққа (Алматы:  Ғылым, 1997. – 160 бет.) Мұхтар Әуезов  шығармаларының көркемдік құндылығын бағалайтын және оны мойындайтын  қазақ және шетелдік әдебиетші ғалымдар, суреткерлер мен қоғамдық қайраткерлердің ғылыми баяндамалары енген.  Әлемдік рухани кеңістіктегі әдеби байланыстар мен Әуезов әлемі теориялық тұрғыдан талданған баяндамалардағы  соны бағыттар, әдеби талаптар, ғылыми ұстанымдар, жалпы әдебиеттану ғылымындағы жаңа көзқарастар бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Әуезов әлеміне қатысты қандай да бір құнды пікірлердің қазақ әдебиеттануы үшін де әрқашан маңызды екендігін ескерген жөн.

Айталық, Франциядан келген профессор К.Пужоль өзінің «Мухтар Ауэзов зеркало своего времени, алхимик будущего..» деген сөзінде жазушының өткеннен сабақ алып, келешекті көктетуге қосқан үлесін, осы реттегі тарихи рөлін атап көрсетсе, ал, Түркиядан келген профессор Садық Туралдың «Әуезовті еске алғанда…», Санкт-Петербургтен келген профессор Е.А.Костюхиннің «Мухтар Ауэзов и мировой фольклор», Пакистаннан келген әдебиетші ғалым Фахар Заманның «Мухтар Ауэзов и Пакистанская литература», Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ғалым-әдебиеттанушы Торма Йожефтің «Көксерек және түркі аңыздарындағы қасқыр тақырыбы», Өзбекстаннан келген профессор Лазиз Каюмовтың «М.Ауэзов и узбекская литература» деген баяндамаларында М.Әуезов шығармашылығының көркемдік-эстетикалық құндылықтары  шет елдік ғалымдардың көзқарастары бойынша қарастырылады.

Сондай-ақ , ҚР ҒА-ның  академиктері С.Қирабаевтың «Әуезов тағлымы», З.Қабдоловтың «Абай және Әуезов», тарихшылар М.Қозыбаевтың «М.О.Ауэзов – великий писатель и историк-мыслитель»,  Ж.Қасымбаевтың «Аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев тарихи тұлға (М.О.Әуезовтың «Абай жолы» романы бойынша)» деген баяндамалары мен  ҚР ҒА сол кездегі мүше-корреспонденттері (кейінгі академиктері) Р.Сыздықованың «М.Әуезов және қазақ прозасы тілінің қалыптасуы», Р.Бердібайдың «Мұхтар Әуезов және фольклор»,  Р.Нұрғалидың «Әуезов және Алаш», тарихшы К.Нұрпейісовтың «М.Әуезов шығармаларындағы Жетісу мәселелері», т.б атты еңбектерінде М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы нақты көркем мәтіндер негізінде   талданған. Және филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраевтың «М.Әуезов және қазіргі әдебиеттану ғылымының мәселелері», өнертану ғылымының докторы, профессор Б.Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов-драматург» деген мақалаларында жазушының ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген туындылары қарастырылады.

Осы халықаралық ғылыми конференция материалдарында кеңінен талданған әлем әдебиеті мен М.Әуезов шығармаларының көркемдік әлемі, ғылыми мұраларының теориялық тұжырымдары, танымдық, философиялық, эстетикалық құндылықтары жан-жақты сөз болғаны белгілі.

ҚР ҒА академигі З.Ахметовтің «Мұхтар Әуезов-қазақ әдебиетінің классигі» деген баяндамасында әр елдің классигін өзге елдердің алыптарымен қатар қойып, салыстыруға келмейтінін, олардың әрқайсысы дара тұлға екенін, М.Әуезов ең бірінші қазақтың, содан кейін барып адамзаттың Әуезові  екендігін ескертсе, философ ғалым Ә.Нысанбаев «Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасы және ұлттық қоғамдық ойдың дамуы» деген баяндамасында «Мұхтар Әуезов» деген есімге «Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «тұңғыш академик-жазушы», «ұлы ойшыл» деген анықтамаларды тіркеудің қажеті шамалы екендігін, бір ғасырда бір-ақ рет туылатын дарын екендігін дәріптейді.

Осы конференцияда сөз алған зиялылардың бірі жазушының ұлы, көрнекті ғалым, шығыстанушы, қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов болды. Ол өзінің «Мир кочевья и Мухтар Ауэзов» атты баяндамасында кешегі көшпелі дәуірдің соңғы тұяғы Мұхтар Әуезовтің Шығыс пен Батыс өркениетінің байланысы мен қайшылықтарын зерттеудегі интеллектуалды ізденістерін Абайдың дүниетанымымен деңгейлес қарастырады. Мұхтар Әуезовтің әдеби ортасы, Алаш зиялыларының әмбебаптық білімдарлығы, саяси белсенділіктері, халқы үшін жанын қиятын ұлтжандылықтары жөнінде жан-жақты айта келіп, оның көпқырлы шығармашылығын түсінудің кілті де осында жатқандығын баяндайды. ХХ ғасыр басындағы сорақы саяси репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының аманатын арқалап, аман қалған Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылми,қоғамдық, қайраткерлік қызметтерінің мазмұндық мәні де тап осы тапсырмаларды орындауымен бірлікте болғаны белгілі.

ҚР ҒА академигі М.Қозыбаевтың «М.О.Ауэзов – великий писатель и источник-мыслитель» деген баяндамасында суреткердің «Абай жолы», «Қилы заман» романдары мен «Хан-Кене» пьесасындағы тарихи мәселелерді сол кезеңдегі өмір шындықтарымен салыстыра отырып талдаса, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраевтың «М.Әуезов және қазіргі әдебиеттану ғылымының мәселелері» деген баяндамасында «Абай жолы» эпопеясының талай тарихи романдардың жазылуына тікелей ықпал еткендігі, әйтседе ондағы көркемдік құбылыстардың қайталанбайтын құдіретін айта келіп,оны герменевтика тұрғысынан зерттеуді Абай дәуірінің өзін семиотикалық белгі-таңбалар жүйесі арқылы қарастыру қажеттігін айтады.

ҚР ҒА-ның сол кездегі мүше-корреспонденті (қазіргі академигі) Р.Сыздықованың «М.Әуезов және қазақ прозасы тілінің қалыптасуы» деген баяндамасында Әуезов ұлылығының бір ұшы тілінде жатқандығын, ол- тілдің көркем проза, драматургия, публицистика, ғылыми әдебиет деп танылатын тарамдарының іргетасын қалаушылардың ірілерінің бірі деген баға беріледі.

Өнертану ғылымының докторы, профессор Б.Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов-драматург» деген мақаласында жазушының ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Абай», «Қарақыпшақ Қобланды» пьесаларының жарыққа шыққан кезінен әлі күнге дейін сахнадан түспей, үнемі қайталанып қойылуы олардың көркемдік-идеялық мазмұнының тереңдігінде екендігі жан-жақты талданып, таразыланады.

Осы ретте М.Әуезовтің көркем шығармалары әлемдік әдебиеттануда қалай бағаланып жүр деген сауалға жауап іздеген «Мир Ауэзова» (Құрастырғандар: М.Маданова, А.Машакова, Д.Конаев, М.Салқынбаев. Алматы: – МКА, 2004. – 212 с) деген жинаққа М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі 1950-2000 жылдар аралығында әлемдік баспасөз беттерінде жазылып, жарияланған 60-тан астам шетелдік  жазушылары мен сыншыларының еңбектері еніпті. Бұл еңбек, біріншіден,  М.Әуезовтің әлем әдебиетіндегі алар тарихи орнын айқындаса, екіншіден, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде мойындалуы мен халықаралық әдеби байланысты нығайту үдерісіндегі үлесін көрсетеді. Австрия, Бельгия, Венгрия, Германия, Голландия, Греция, Иран, Испания, Кытай, Пакистан, Румыния, Словакия, АҚШ, Түркия, Франция, Чехия, Швейцария секілді көптеген елдің көрнекті өнер, қоғам мен қалам қайраткерлері,  әдебиетші-сыншылары  кемеңгер суреткер, ғұлама ғалым, ұлттық драматургия, театр, опера салаларының көшбасшысы болған Мұхтар Әуезов шығармашылығының көркемдік әлемі  шетел өкілдерінің қабылдауы мен бағалауы тұрғысынан талданып, танылады. Айталық, белгиялық жазушы Жорж Буйонның «Абай и Ауэзов, что есть в мире сильнее слов?», венгриялық Е.Фехер Палдың «Восток без мифов (Заметки по поводу пятой встречи афро-азиатских писателей), Йожеф Торманың «Серый лютый и образ волка в тюркский легенда», неміс жазушысы Альфред Курелланың «Судьба в сердце Азии», испандық  Федерико Майордың «Гений современности» деген еңбектердегі ғылыми теориялық деңгейі жоғары талдаулары мен әділ бағалаулары сөз жоқ, бізді үлкен мақтаныш сезіміне орайды. Бұл еңбек шынында «Әуезов әлемінің» әлемдік деңгейде мойындалғандығының айқын айғағы.

Әлемнің 60-қа жуық елінің көрнекті өкілдері білдірген жылы лебіздер мен ұлы суреткердің барлық көркем шығармашылығын, олардың көркемдік әлемін, адамзатқа тән табиғи-психологиялық, философиялық, эстетикалық, рухани болмыстарын қандай биік кәсіби шеберлікпен бейнелегеніне берілген бағалар бүгінде де  өз құндылықтарын жойған жоқ.

Шынында да 1991 жылдан бергі жазылған әдеби-көркем сындарда, ғылыми зерттеу еңбектерде кешегі кеңестік кезеңнің саясатына сай біржақты сыналған  шығармаларды таза тарихи шындық пен көркемдік шарт талабына сай талдау үрдісі қолға алына бастады. Соның нәтижесінде бұрынғы сындарда өріс алған жағымды-жағымсыз типтердің орнына таза адами қасиеті жоғары бағаланған кейіпкерлер мен көркем-эстетикалық құндылығы жоғары шығармалар рухани игілікке айнала бастады. Бұл сөз жоқ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің жемісі.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тәуелсіздік кезеңінде еркін рухта жазылған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихын» жазып, жариялаған болатын. Осы ұжымдық күрделі еңбектің  кеңес дәуірі (1941-1956) қамтылған 8-ші томында (Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. – 520 бет.) ҚР ҰҒА-ның академигі, көрнекті мұхтартанушы ғалым Зәки Ахметов жазған «Мұқтар Әуезов» атты тарауда  М.Әуезовтің алғашқы көркем сөзінен басталып, бүкіл көркем шығармаларында жалғасын тапқан тәуелсіздік идеясы суреткерлік шеберлік шеңберінде «темірге тіл, жаңқаға жан бітіргенін», сөйтіп ұлттық психология мен менталитеттің бүкіл адамзаттық мұратқа ұласқанын зерттеуші жақсы ұштастыра қарастырады. Әрбір кейіпкердің тағдырын ұлт тарихымен байланыстыра отырып, сол кезеңнің  күрделі, қайшылықты көрінісін әлемдік деңгейдегі рухани құндылыққа ұластырып, көркемдік шешім шығаратын қаламгердің концептуалдық тағлымын теориялық талдаулар арқылы айқындайды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, жариялау жолындағы ұзақ жылғы жанкешті еңбегі үнемі идеологиялық күреспен өткенін, Абай сынды сирек кездесетін тарихи тұлғаға тағылған  себепсіз, жалған сындарға толассыз тойтарыс беру жолында адами қасиеті мен шығармашылық қабілетіне қаншалықты қиянат жасалғанын, алайда оның ұлттық ой-сананың дамуына ықпал етуден еш ықпағанын З.Ахметов осы еңбегіне өзек еткен. Мұқтар Әуезовтің театр және кино өнері, әдебиет тарихы мен фольклор, әсіресе Абайтану және көркем аударма саласындағы аса зор еңбектеріне толықтай тоқталған бұл тарауда бұрынғы соцреализмнің стереотипті көзқарастары мен таптаурын талдауларына ғылыми теориялық тұрғыдан соққы беріліп, бүгінгі жаңаша пайымдаулар тұрғысынан әділ де құнды ой-түйіндер берілген. Бұл, әрине, академик, әдебиет теориясының көрнекті маманы, белгілі мұхтартанушы ғалым Зәки Ахметовтің білімдарлығын, теориялық деңгейінің биіктігін дәлелдесе керек-ті.

Осы 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 10-шы томындағы  (Алматы: ҚАЗақпарат, 2006. – 528 б. Жалпы редакциясын басқарған-ф.ғ.д., профессор Шериаздан Елеукенов) «Проза. Роман» деген  көлемді тарауында  (авторы Ш.Елеукенов)  1991 жылдан бері жарық көрген әр жанрдағы  көркем туындыларға шолу жасалып, М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, адами қасиеттері мен әдебиет әлеміндегі орны  сөз болған Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі, Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романы, Дүкенбай Досжановтың «Мұхтар асуы» (1986), «Мұхтар жолы» (1988), «Алыптың азабы (құжаттардан құралған Әуезов тағдыры. Роман)» (1997)  сынды туындылар талданған.

ХХІ ғасыр қазақ әдебиеттану ғылымының алдына жаңа міндеттер жүктеп отырғаны, үздіксіз өсу мен өзгеру үрдісінде болатын ұлттық идеяның көркем әдебиетте көрініс табуы мен оның тарихи, философиялық, мәдени, саяси, әлеуметтік, психологиялық аспектілері әр ғылым салалары тарапынан талданып, бір-бірімен байланыстырыла қарастырылуы қазіргі ғылымға тән құбылыс. Басынан талай кезеңдерді өткізген қазақ әдебиеттануы қазіргі тәуелсіздік тұсында ақталған Алаш идеясы,  ұлт-азаттық идеясын қозғаған ақын-жыраулар, көркем сөз шеберлері, өзге де сөз өнері өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын терең әрі әділ, саясатқа араластырмай тек көркемдік құндылық тұрғысынан талдау өріс алғаны ақиқат.

Тәуелсіздік тұсында жазылған 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» мен 2 томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» және 100 томдық «Бабалар сөзінің» дүниеге келуі соның айғағы.

Академик Рәбиға Сыздықова өзінің әрбір еңбегі арқылы қазіргі қазақ сөз өнерінің көркемдік қуатының артуына әдеби тіл нормаларын тұрақтандырып, ұлттық сөз мәдениетін көтеруге табанды үлес қосып жүрген ғалым. Оның «Сөз құдіреті» атты 2005 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген 272 беттік көлемді еңбегі-соның дәлелі.

Тілші ғалым Рәбиға Сыздықова М.Әуезовтің шығармаларындағы әдеби тіл нормаларын қолданудағы үздік үлгілері мен стилдік өрнектері қазіргі қазақ прозасының қанатын кеңге жайып, биік деңгейде дамуына дәнекер болғанын, бүкіл қазақ қаламгерлеріне «шеберлік мектебі» болғанын кәсіби маман ретінде дәлелдеп, теориялық тұрғыдан осылай тұжырымдайды. Және бүгінде  350 мыңнан асқан қазақ сөз қорына кемеңгер суреткер М.Әуезовтің  де қосқан үлесі қомақтылығы бұл мақалада ерекше аталып өтеді.

Тәуелсіздік тұсындағы әуезовтану саласына сапалы үлес қосқан ғалымның бірі – Зейнолла Қабдолов.

Академик Зейнолла Қабдолов ұлы ұстазы, көрнекті суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерейлі мерекесіне өзінің өмір бойы аңсаған «Менің Әуезовім» деген роман-эссесін арнап, тарту еткені белгілі.Қабдоловтың жүрекжарды сезімінен туған бұл туындысы өзге де беллетристикалық  және публицистикалық  шығармаларымен бірге 1997 жылы «Әуезов» деген атпен Алматыдағы «Санат» баспасынан 352 беттік көлемде жарық көрді.

Жалпы академик ғалым Зейнолла Қабдолов М.Әуезовтің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеулерін үнемі назарда ұстап, ой жарыстырып отыруды әдетке айналдырғандай. Ұлы ұстаз алдындағы  парызын да адал атқарған сыңайлы. Оған автордың жоғарыда аталып, талданған ғылыми зерттеулері мен «Менің Әуезовім» атты әдеби шығармасы, яғни роман-эссесі куә.

ҚР ҰҒА-ның академигі Серік Қирабаевтың  тәуелсіздік тұсындағы басты тақырыбы Ж.Аймауытов шығармашылығы болды. Алайда оның қазақ әдебиетінің классигі  М.Әуезовтің шығармашылығы туралы «М.Әуезов қазақ әдебиетінің тарихы туралы», «Әуезов тағлымы», «Біздің рухани әкеміз», «Мұхтар Әуезов» (Өмір өткелдері Естеліктер. – А: Білім, 2006. – 480 б.) деген еңбектері бар.

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы ұлт әдебиеті тарихының білгір маманы Серік Қирабаев  жас ұрпаққа Әуезов тағлымын терең танытып, насихаттап жүрген тұлғалардың бірі. Ұлы суреткердің кешегі өліп бара жатқан көшпелі мәдениеттің соңғы куәсі ретінде оның халықтық үлгілерін, көркемдік өнерін сақтап қалуға күш салғанын, шындықты тану мен көркем бейнелеу, характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизмді, профессионализмді дамытудағы шығармашылық ізденістері бұл еңбектердің негізгі зерттеу нысаны. Әлемдік деңгейде мойындалған классикалық туындыларға тән мәңгілік құндылықтың М.Әуезовтің әрбір шығармасына тән қасиет екендігін, олар бүгінге ғана емес, ертеңге де, келешекке де рухани қызмет атқаратынын кәсіби білгірлікпен, дәлелді ойлармен түйіндеп беріп отырады.

«М.Әуезов. Таңдамалы». Қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми еңбектер: монография, зерттеулер, мақалалар, сөздер, баяндамалар, хаттар. (Нысанбаев Ә. Қазақ энциклопедиясы. – Алматы: Бас редакциясы, 1997. – 512 бет) – қазақ, орыс тілінде» деген жинақ 1997 жылы жазушының 100 жылдық мерей тойына орай жазылып, жарияланған. Мұнда М.Әуезовтің  өмірлік тақырыбына айналған Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы, қазақ халқының ауыз әдебиеті, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы, қырғыз халқының ерлік эпосы «Манас» жөніндегі іргелі зерттеулері, сондай-ақ ғалымның көпшілікке таныс емес Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері туралы көлемді мақаласы топтастырылған. Ұлы жазушының 20-30 жылдары жазылған мәдениет, ұлт, ғылым туралы мақалалары  кезінде тек мерзімдік баспасөз беттерінде  жарық көріп, жазушының шығармалар жинағына түрлі себептермен енбей келгені мәлім. Міне, осынау ойлы дүниелер, атап айтсақ,  ғылыми тіл, А.Байтұрсынұлы мен М.Жұмабаев шығармашылығы туралы мақалалары мен хаттары, сөйлеген сөздері осы жинаққа алғаш рет енгізіліпті. Кітаптың соңында жазушының өмірі мен қызметінің негізгі жылнамалары, оның еңбектерінің хронологиялық көрсеткіштері, сондай-ақ М.Әуезовтің шығармашылығы туралы қорғалған диссертациялардың тізімі берілген. Жазушы өмірінің кейбір сәттерін бейнелейтін фотосуреттер де архивтен алынып, тұңғыш рет жарияланған. «Қазақ энциклопедиясының» сол кездегі Бас редакторы философия ғылымдарының докторы, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың «М.Әуезовтің рухани мұрасы туралы» деген алғы сөзінде бұл  жинақтың өзге еңбектерден ерекшелігі-бұрын бейтаныс болып келген зерттеулердің жарыққа шығуы екендігін, тәуелсіздік тұсындағы жаңару бағытында жаңаша көзқараспен қайта қарала бастаған қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақтардың ашылып, Алаш арыстарының есімдері мен еңбектері елге оралуы нәтижесінде ұлы ұстаз, ғұлама ғалым Мұхтардың да ұлттық құндылықтарға қатысты құнды зерттеулеріне жол ашылғандығын мәлімдейді.

Алғы сөз авторы жазушының 20-30 жылдар аралығындағы ұлт мәселелеріне, оның ішіндегі «Ғылым», «Ғылым тілі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениет һәм ұлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Япония» деген мақалаларындағы мағынасы терең философиялық, дүниетанымдық ойларды кәсіби маман ретінде талдап, өз тұжырымдарын жасайды. Әсіресе, «Адамдық негізі-әйел» атты мақаласы бұрындары әйел теңсіздігі тұрғысынан талданып келсе, енді  мәтін астарындағы мағынаның мәнін әйелге деген көзқарастың өзгеруінен іздеген жап-жас жігіт Мұхтардың психологиялық, педагогикалық, философиялық терең ойларын философия пәнінің өз ұғымдарымен түсіндіреді. М.О.Әуезовтің философиялық және ғылыми мұрасын зерттеудің тәуелсіздік кезеңде ерекше маңызға ие бола бастағанын, онда бір табиғи заңдылық барлығы, бүкіл адамзат өркениеті өтпелі кезеңдегі әр елдің ұлы ойшылдары мен зиялыларының санасымен ұғынылып, олардың еңбектерінде зерделенетінінен  ғылыми мәліметтер береді. Осы орайда біздің де өз өркениетіміздің  алтын бір діңгегі болған М.Әуезовтің рухани мұрасының бай тарихын тануға, шығармашылықтарына қайта оралып, жаңаша ұғынуға ұмтылыс жасауымыз заңды да. М.Әуезовтің ойдау тәсілі, әлеуметтік философиясы мен дүниетанымы қалыптасуының мәдени-тарихи алғы шарттарын, әдебиеттану мен философияның өзара байланысын, әдеби процестің динамикасын философия ғылымы тұрғысынан талдау мен  зерттеудің қажеттігін қазіргі ұлттық ғылымның көкейкесті мәселесі етіп  өз саласындағы міндеттерді айқындап береді. Бұл тұжырым бір ғана әдебиет пен философия ғылымдарында ғана емес, өзге де қоғамдық гуманитарлық ғылым салаларында да М.Әуезовтің ұлттық рухани құндылығы жоғары мол мұрасы әр қырынан қайта қаралып, жаңаша зерттеле бастағанынан сыр береді.

М.Әуезовтің бұрындары баспа көрмеген   ғылыми еңбектері енген жинақтың соңында мұхтартанушы ғалым Рымғали Нұрғалидың «Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу еңбектері» деген мақаласы берілген. Әлемдік мәдениетке қазақ өнерінің  көркемдік игіліктерін көрсете білген кемеңгер қаламгерді зерттеуші әдебиеттану, фольклор, тарих, философия, эстетика саласында да аса бай мұра қалдырған энциклопедиялық қуаты бар тамаша ғалым деп бағалайды. Оның ғылыми-зерттеу еңбектерінің, жалпы шығармашылығының зерттелмей келе жатқан тұстарын, онда қандай мәселелерге терең мән берілмей келе жатқанына көңіл аударады. Жазушының жас та болса тіршілік философиясының түйінін тастай етіп тереңдікпен тұжырымдап беретініне, қандай мәселе көтерсе де  оның астарын ашып, түп тамырын қазып, тарихынан тарамдап ой қозғайтынына тәнтілік танытқан зерттеуші «Қайсысын қолданамыз?», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Оқу ісі»,  мақалаларындағы ағартушылық, ұлт зиялыларын қалыптастыру, ұлттық ғылым тілін, пән сөздерін, яғни терминдерді жасау, оқулықтар жазу, шығару, мәселелерін қозғағанын, ал «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет һәм ұлт», «Философия жайында», «Земство һәм кооператив қауымдары»  мақалаларындағы   зерделігіне зейін қояды. Мақалада ерекше мән берілген М.Әуезовтің ХХ ғасыр басындағы баспасөздердегі алғашқы мақалаларында, атап айтсақ, 1925 жылы «Таң» журналында жарияланған «Қобыланды» жайлы зерттеуі, Ақылбайдың өлеңдерін, Сыбан Ақтайлақ бидің шешендік сөздерін, «Қозы Көрпештің» ең көркем Жанақ вариантын бастырған ғылыми еңбектері,  «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі»  сынды мақалаларын ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихындағы алғашқы кәсіби пікір айтқан, ғылыми талдаулардың  үздік үлгісін танытқан туындылар деп жоғары баға береді.

Профессионалды, сапалы еңбектерінің ерекшелігін ғалым  ойдың тереңдеуінен, пікірдің өткірлеуінен, білімнің молаюынан, стильдің айқындалуынан іздейді.

Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тұңғыш зерттеушілерінің бірі болған М.Әуезовтің шығармашылығын Абай; театр, драматургия, аударма; проза; дүниежүзі халықтары әдебиеті; фольклор жайлы деп бес салаға бөліп қарастырған Р.Нұрғали  олардың тарихи маңызын да талдау барысында орынды бағалайды.

Сондай мақсаттағы күрделі еңбектің  бірі ғана емес, бірегейі деп «Мұхтар Әуезов Энциклопедиясын» (Бас ред. С.Қасқабасов: ред: алқасы: Б.Қ. Майтанов, Н.Е.Ақбай, Р.Әбдіғұлов т.б. – Алматы: Атамұра, 2011. – 688 бет) атауға болады. Жазушының 100 жылдық мерей тойы қарсаңында жоспарланғанымен кейін түрлі себептердің салдарынан шегеріліп, бұл іс 1996 жылы «Атамұра» баспасының жанынан «Мұхтар Әуезов редакциясы» (редакция меңгерушісі Н.Ақбай)  құрылғаннан кейін ғана алға жылжып, республикадағы әуезовтанумен шұғылданып жүрген әдебиет, тіл мамандарының, тарихшы-этнографтар, жазушы, журналистер, өнер қайраткерлерінің осынау күрделі еңбектің сөзтізбесін құрастыруға тартылуының нәтижесінде жүзеге асырылған. Түрлі жанрдағы бұл рухани бай қазынада энциклопедиялық еңбектің стилі мен талабына сай ұлы суреткердің өскен, қалыптасқан, оқыған, еңбек еткен ортасы, отбасылық өмірі, шығармашылық мол мұрасы, шежірелік, қоғамдық, қаламгерлік, педагогикалық   қызметтері жайлы ғылыми, әдеби  деректер молынан қамтылып, кеңінен ақпараттар  берілген. Ол жөнінде энциклопедияның «Алғы сөзінде» қысқаша және өте нақты айтылған. Сондықтан оқырман бұл еңбектің құрылымы мен мазмұнымен терең таныс болуы үшін осындағы мәліметтерді толық келтіруді мақұл көріп отырмыз: «…Ұлы суреткердің өсіп-өнген ортасы, шығармашылық бай мұрасы, дүниетанымы, эстетикасы, поэтикасы, қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірлері, дәстүр-тағлымы туралы мәселелерді жан-жақты баяндауды көздеген сөзтізбеге енгізілетін терминдер (мақала аттары) мынадай тақырыптар бойынша жинақталды: 1) М.Әуезовтің шығармалары; 2) М.Әуезов шығармаларындағы тарихи кейіпкерлер немесе олардың прототиптері; 3) М.Әуезов және әдебиеттану ғылымы; 4) М.Әуезов және абайтану ғылымы; 5) М.Әуезов және тіл ғылымы; 6) М.Әуезов және Шығыс әдебиеті; 7) М.Әуезов және Батыс әдебиеті; 8) М.Әуезов және орыс әдебиеті; 9) М.Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті; 10)  жазушының дүниетанымы мен көзқарастары; 11) М.Әуезов және өнер; 12) М.Әуезовтің өскен ортасы; 13) жазушы шығармашылығын зерттеушілер; 14) М.Әуезов шығармаларының аударылуы (аудармашылар); 15) М.Әуезов оқыған, біліп-зерттеген, шығармаларында атаған, еңбектерін пайдаланған белгілі тарихи адамдар, хандар, билер, шешендер, ғалымдар; 16) жазушының туған-туыстары, дос-жарандары, жолдас-жоралары; 17) М.Әуезовке қатысты географиялық атаулар. ….Сөйтіп  болашақ (бүгінде жарияланған Г.П) энциклопедияның сөзтізбесіне 3 мыңдай атау енгізілген. Оны әзірлеуде М.Әуезовтің 12 томдық (1967-69) және 20 томдық (1979-85) шығармалар жинақтары, сондай-ақ 50 томдық академиялық толық жинағы (1997-2011) негізге алынды…» ( 7 бет). Сондай-ақ энциклопедияға бүгінгі мұхтартанушы ғалымдардың еңбектерімен қоса оның өз заманындағы әріптестері, кезінде абайтану мен мұхтартануға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Л.Әуезова, З.Кедрина, Е.Лизунова, Н.Смирнова, Ғ.Сағди, А.Әуезов  еңбектері де ескеріліп, енген. Және энциклопедияға жазушының жарияланған, баспа бетін көрмеген қолжазба күйіндегі еңбектерінің бәрі дерлік енгізіліп, оларға ғылыми сипаттама беріліпті.

Енді энциклопедияның  мазмұны-мәнін ашар  абайтанушы әрі мұхтартанушы ғалым, академик Зәки Ахметовтің «Әуезов әлемі» атты кіріспе мақаласына  тоқтала кетейік. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына  ғылыми шолу жасаған зерттеуші оның әр жанрдағы туындыларының  көркемдік әлеміне зер салады. Сөз өнерінің көрнекті шебері М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігі мен кәсібилігінің көкжиегі,  көркемдік әлемінің  кеңістігі көне дәуірден бертінге дейінгі әлем әдебиеті мен ұлт  сөз өнерінің  тереңге тартқан тамырынан таратылып, талданады.

Әуезовтің қаламгерлік қарымын шағын жанрда әбден шыңдап,  игергендігін,  алғашқы шығармаларында – ақ адам тағдыры мен психологиясын терең меңгерген жан тамыршысы бола білгендігін оның танымы мен талғамы, өмір шындығын, адамның мінез-құлқын, психологиясын  тап басып, тани білетін көрегендігі мен сезімталдығы оны ешқашан жасандылыққа жібермейтіндігімен  байланыстырыла зерттеледі. Әдебиеттегі Әуезов әлемінің шырқау биігін ұлы Абай шығармашылығы мен абайтану мәселелерімен тығыз бірлестікте қарастырған ғалым осы мақаласында тарихи тұлғаның өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық қайшылықтар мен екі ұрпақ арасындағы пікір қақтығыстарын, кейіпкерлерінің мінез болмысын, ішкі сезімдік құбылыстарын қадағалай, кеңінен толғап ой айтатын эпикалық баяндау тәсілінің ерекшелігімен үйлестіріп, қазақ көркем прозасында бұрын-соңды көрінбеген кең тынысты, тың тәсілдік шешімдер тапқанын тілге тиек етеді. Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүрі  үлкен тірек болғанын, екі ұлы тұлға бір-бірін көтергенін ерекше сүйіспеншілікпен талдап, танытады.

Әдеби шығарманың көркем әлемін анықтайтын образ, уақыт пен кеңістік, оқиғалар, мағыналар, тіл сияқты бес негіз мұнда да кеңінен зерттеліп, әрбір әдеби категория зерттеушінің талғамына сай зерделенеді.  «Абай жолы» – жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, сомдап бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайындағы терең толғаныс екендігін, ондағы  уақыт пен кеңістік категорияларын эпопеяда бейнеленген Абай заманы-тарихи уақыт деп, ал оның жазылған уақыты мен бүгінгі оқырмандардың, сын айтушылардың заманы деп үшке бөліп қарастырады.

Сөз өнеріне тән осынау қасиеттер арқылы  шығарманың көркемдік, ал жазушының шеберлік әлемінің сырлары ашылады. Өйткені, шығарма да, оның кейіпкерлері де белгілі бір тарихи кезең-уақытта өмір сүріп, сол өзі өмір сүрген кеңістікті кескіндері хақ.

З.Ахметов осы шағын мақаласында Әуезов әлеміне қатысты көптеген күрделі  және теориялық мәселелерді көтеріп, ашып берген. Жазушы шығармашылығы жайлы жаңа ойлар айтып, тың теориялық тұжырымдар жасаған.

Осы алғы сөзде айтылған теориялық тұжырымдары З.Ахметовтің ұлы жазушының 100 жылдық мерей тойы қарсаңында қайта қаралып, толықтырылған, тәуелсіздіктің еркіндігін пайдаланып, көптеген  мәселелерді жаңаша зерделеген «Роман эпопея Мухтара Ауэзова» деген монографиясында  жалғасын тапқаны мәлім.

Тәуелсіздік жылдары абайтану мен мұхтартану салаларында табанды еңбек еткен ғалымның бірі –  Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ әдебиеттануы ғылымында абайтанудың қалыптасып, дамуындағы М.Әуезов дәстүрі мен мектебі  өте күрделі де көлемді болғандықтан оларды тұтас қамту мүмкін емес. М.Мырзахметұлы екі бірдей тарихи және шығармашылық тұлғаның туындыларын көркемдік, ғылыми  тұтастық тұрғысынан зерттеп жүрген бірден-бір ғалым. Қазақ және қазақ әдебиеті бар да абайтану мен әуезовтану салалары әр кезеңнің заманауи талабына, рухани зәрулігіне сай  жаңаша сапалық деңгейде қарастырылуы заңды құбылыс. Көрнекті ғалым,  абайтанушы және мұхтартанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» (Астана: Деловой мир Астана, 2010. – 554 б) атты екі кітаптан тұратын іргелі еңбекте ұлт ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың әдеби  мұрасының шығысқа қатысы алғаш рет ғылыми жүйеге түсіріліп,  толық адам ілімі жаңаша таным тұрғысынан талданған. Кеңестік кезеңнің өзінде бұл тақырыпты сан тараптан тосқауыл қойылса да табиғатынан турашыл, өзінің ұстанған принципінен айнымайтын, барлық кезде ағысқа қарсы табанды түрде күрес жүргізетін ұлтжанды ғалым М.Әуезов бара алмай  , біле тұра айта алмай кеткен ұлы ақынның шығыстық сарынына батыл еніп, Мұхтар Әуезовтің әлі де қолжазба күйінде қалған, жарық көрмеген сын, мақала, зерттеулері мен арнаулы түрде жазылған тезистеріне, шашпа пікірлері мен һашия түріндегі архив деректерінің  негізіне сүйеніп жазылғандығын, сондықтан еңбекте, негізінен, архивтік деректер көзі басым екендігіне ерекше көңіл бөлген.

Тәуелсіздік жылдары жазылған «Абай, Мұхтар мұрасы айналасында» (1992), «Әуезов және Абай» деген монографиялық еңбегі   (Алматы: Қазақстан, 1996. – 272 б) , 2004 жылы жазылған «Мұхтар Әуезов (1897-1961)» деген мақаласы мен «Ұлылар үндестігінде» (2006),  «Түркістан Тараз арасы..» (Астана: Білге, 2002. – 432 бет) , «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті»  деген еңбектерінде бүгінгі мқхтартану саласындағы күрделі мәселелерді арнайы зерттеу нысанасына алады.

Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы сын  жанрының қалыптасу, даму сатыларын М.Әуезов шығармаларының негізінде жүйелеп, қазақ әдебиетіндегі көркемдік тұтастықты кешенді түрде зерттеген ғалым. Оған ғалымның «Сын мен сыншы. Жанр жайлауы» деген оқу құралының 1-кітабына (Алматы. Қазақ университеті, 2007. – 462 б) енген «М.Әуезовтің асыл ойлары» атты 3 ғылыми мақаладан тұратын топтамасында жан-жақты зерттелген  мұхтартану мәселелері дәлел бола алады.

Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігі мен ерекшелік өрнегін сақтау үшін зерттеушінің ұлттық танымды дәріптеу мәселесін қоюы да маңызды.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы мұхтартану саласына сүбелі үлес қосқан ғалымның бірі – Рахманқұл Бердібай.

ҚР ҰҒА-ның академигі Рахманқұл Бердібайдың «Тарихи роман» (Алматы: Санат, 1997. – 336 б)  атты еңбегінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»  романының қазақ әдебиетіне әкелген тың қасиеттері: характер сомдау шеберлігі,шығарманың тартыстық, құрылыстық жүйесіндегі жаңалықтары, суреткерлік лаборатория жайлары мен  жазушының адам мінезін, табиғат суретін терең реалистікпен берудегі жаңашылдығы, әдеби тілімізді қалыптастырудағы қызметі жете зерттеледі.

Тәуелсіздік кезеңіндегі мұхтартану саласында табанды еңбек еткен белгілі ғалым Бақытжан Майтанов көп жылдар бойы М.Әуезов мұражайында және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында бас ғылыми қызметкер әрі ғылыми жобалар жетекшісі ретінде еңбек етті. М.Әуезовтің шығармашылығын әр қырынан зерттеуді мұрат тұтқан ғылыми жобалалар негізінде  орындалған ғылыми зерттеу жұмыстары жөнінде ұжымдық монографиялар талданар тұста кеңінен тоқталамыз.

Театртанушы ғалым Бағыбек Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов және театр» (Алматы. Ғылым, 1997. – 248 бет) атты монографиясында М.Әуезовтің ұлттық театр мен драматургияның тууы, дамуы мен қалыптасуына қосқан еңбегі сөз болады. Бүгінгі қазақ театрының кәсіби деңгейінің биіктеп,  көркемдік шыңға жетуіне көшбастап, көшелі бағыт берген ұлы тұлғаның қазақ драматургиясы мен театрын дамытудағы мол мұрасын театртанушы ғалым сахналық қойылым, әр спектакльдегі режиссердің, актердің, шеберліктерімен бірге көркемдік тұтастықпен қарастырған.

М.Әуезовтің  ұлттық драматургияның өз топырағында қалай туатынын, фольклордың мол қорынан қалай сусындау керектігін, озық елдердің жетістіктерінен үйренудің,тәжірибе алудың жөн-жосығын көрсетіп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген ғалым-драматург екендігін Б.Құндақбаев осы еңбегінде кәсіби маман ретінде жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдап, әділ бағасын береді.

Әдебиеттанушы, ҚР ҰҒА-ның академигі Рымғали Нұрғалидың «М.Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух. Көмекші оқу құралы». (Алматы: Санат, 1997. – 432 бет) атты еңбегін қазақтың тұңғыш драматургы, көрнекті суреткер М.Әуезовтің  ұлттық театр, кино, опера сынды өресі биік өркениетті өнер өлкесіндегі өлшеусіз   қызметі жөніндегі  тәуелсіз еліміздің ғылымына қосылған құнды еңбек деуге әбден болады.

М.Әуезов шығармаларындағы көркем мәтіндердің мағыналарын ашып, соны стилдік, жанрлық, түрлік ізденістерін  айқындайтын Р.Нұрғалидың зерттеушілік ойлау қабілеті де, ғылыми теориялық тұжырымдары да ерекше білімдарлықты байқатады. М.Әуезовтің шығармаларын, әсіресе драматургиялық туындыларын зерттеу барысындағы көркем мәтінді қабылдау, оның мағыналық, философиялық, психологиялық мәнін тану мен танытудағы ғылыми талқылаулары   зерттеушінің мұхтартану саласындағы табанды еңбегінің жемісі.

Тәуелсіздік жылдары М.Әуезовтің шығармашылығы мен ғылыми мұралары ұлттық ғылымның барлық саласында (философия, психология, педагогика, тарих, этнография, лингвистика) жан-жақты тақырып төңірегінде әр қырынан зерттелді. Соның бір айғағы – философия ғылымдарының докторы  Алтай Тайжанұлының  «Мұхтар Әуезов-ойшыл, ғалым, ұстаз» деген монографиялық зерттеуі. Мұны жазушының шығармашылығының дүниетанымдық бағыттарын тұтас қарастырған пәлсафалық  алғашқы еңбек деуге болады. Тәуелсіздік алып, халқымыздың рухани құндылықтарын жаңаша таразылауды қолған ұлттық философия ғылымы  көне дәуірден бері қалыптасып, дамыған, алайда кеңестік кезеңде арнайы зерттелмеген қоғамдық-философиялық ойымыздың, дүниетанымыздың даму жолдарын зерттеу бүгінгі замануи қажеттілік. Олай болса, Мұхтар Әуезовтей шығармашылық тұлғаның, дара дарынның, кемеңгер ойшылдың, ғұлама ғалымның өмірі мен еңбектерімен тұтасқан философиялық ойлары мен дүниетанымдық көзқарастарының осы пән категориялары арқылы арнайы зерттелуі заңды да.

Мұрағаттарда құндақталған қаламгердің құпия әлемі әдебиетші ғалым  Тұрсын Жұртбаевтың  «Талқы» және «Бесігіңді түзе!..» (Роман-эссе. – Алматы: Жазушы, 1997. – 560 бет.), Алматы: «Бейуақ», Қазақстан, 1990. – 304 бет) деген еңбектерінде қарастырылған.

М.Әуезов мұражайы мен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының негізін қалаған Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың тікелей  жетекшілігімен жүзеге асырылған бұл жұмыстар қазақ руханияты үшін, оның ішінде М.Әуезов өмірі мен шығармашылығының тарихын түгендеп, толықтырудағы, жүйелеп, жариялаудағы қызметі  мен демеушілігі қазақ әдебиеті, ұлттық рухани құндылықтарға қосылған зор үлес деп түсінуге болады.

М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, оның әрбір белесі жайлы да көптеген ғылыми-танымдық зерттеулер жазылып жүр және жазыла беретіні де ақиқат. Соның бірі – «Мұхтар Әуезов және Алматы» (Алматы: Самара-принт, 2008. – 336 бет) деген ғылыми мақалалар жинағы.

Жинақтың «Ұлы жазушы өмірінің асыл арқауы» атты 1-ші бөлімінде филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Майтановтың «Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы және Алматы» атты мақаласында көрнекті суреткердің  шығармашылық өмірбаянын Алматы қаласымен байланыстырып баяндаса, филология ғылымдарының кандидаты Диар Қонаев пен Андабек Қуанышбаевтың «Дом Мухтара Ауэзова» деген еңбектерінде 1930 жылдардан басталған Алматыдағы жазушы өмірі, оның отбасымен тұрмыс кешіп, шығармашылықпен айналысқан шаңырақтарының тарихы туралы тағлымды әңгіме өрбітеді. Өнертану ғылымының докторы Бағыбек Құндақбаевтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық өнер» атты зерттеуінде ұлттық өнердің көп саласында ұлы суреткердің салып кеткен сара жолының барлығы, қазақ драма театрының қалыптасу, даму дәуірлерімен бірге жүйеленіп, баяндалады. Мұнда «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Абай», «Қарақыпшақ Қобыланды», т.б. туындылары талданып, олардың шығармашылық тарихы Алматы қаласымен байланыстырыла қарастырылған. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Рафат Әбдіғұловтың «М.Әуезов шығармашылығындағы Алматы қаласы мен қала атырабының суреттелуі» деген көлемді ғылыми еңбегінде жазушының классикалық шығармалары «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі, «Бүркітші» әңгімесі, «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» атты мақаласының осы Алматы қаласында өмірге келгендігін,оны жазу барысындағы шығармашылық психология мәселелері ғылыми әңгімеге өзек болады. Және «Абай жолы» роман-эпопеясында ХІХ  ғасырдың 90 жылдарындағы Алматы қаласы, 1950 жылдардағы Алматыны «Өскен өркен» романында, «Ол күнгі Алматы» деген әңгімесінде қала маңындағы ауылдарда болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бйенеленсе, «Октябрь үшін» пьесасында, «Іздер» повесінде, «Асыл нәсілдер» пьесасында қала маңындағы ауыл,мал шаруашылығына қатысты ғылыми орталықтар жайында жазылғандығын, ал «Үшқоңыр жайлауында», «Ворошилов атындағы колхозда» атты очеркінде кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарындағы қала маңындағы шаруашылық тұрмысы  мен тіршілігі, қала табиғатының тартымды суреттелгені кеңінен талданады.

Жинақтың «М.О.Әуезов және фольклор» деген 2-ші бөліміне  жазушының «Ценные памятники киргизского и казахского фольклора», «Эпос и фольклор казахского народа», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ертегілер», «Манас»-киргизская народная героическая поэма» деген зерттеулері енген.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми ұжымы құрастырып шығарған «Мұхтар Әуезов әлемі» (Алматы: Жазушы, 1997. – 352 бет) атты жинаққа әке мұрасының жиналып, жүйеленіп,жариялануына жанкешті еңбек етіп, шынайы жанашырлықтың үздік үлгісін танытқан Ләйла Мұхтарқызы Әуезованың өзі көзі тірісінде құрастырып, жариялауға үлгере алмай кеткен мақалалар енгізілген. Екі бөлімнен тұратын еңбекке шетел жазушылары мен мәдениет қайраткерлерінің ой-толғамдары мен қазақ қаламгерлерінің, ғалымдарының ұлы жазушының шығармашылығындағы философиялық көзқарастар, көркемдік шеберліктер, өмір сүрген кезеңдеріндегі қоғамдық, саяси, рухани кеңістіктердегі психологиялық астарлар, жеке тағдырындағы тағлымды танымдары жөніндегі ғылыми-теориялық талдаулары мен зерделі зерттеулері жинақталып берілген.

Л.Брагиннің  «Мұхтардың Ыстықкөлдегі күндері» (ауд. Қ.Қойтаев) атты әңгімесінде М.Әуезовтің Ыстықкөлдегі шығармашылық шабытқа толы сәттерін, отбасымен бақытты кезеңді бастан кешкен аяулы бір кезеңдерін еске ала отырып, қазақ, қырғыз, орыс қаламгерлерінің арасындағы адал достық жайлы сыр шертеді. Мұнда тек демалыс жәйі ғана емес  шығармашылық өмірбаян мен психология, суреткердің адами қасиеті, кісілік келбеті, досқа деген адалдығы, білімдарлығы мен ділмарлығы, отбасы мүшелеріне деген қалтқысыз сүйіспеншілігі асқан ілтипатпен суреттеледі. Бұл дүниенің жанры көркем әңгімеден гөрі естелік-эссеге көп келіңкірейді.

И.Брагинскийдің «Ғалым – ақын» (Ауд.Т.Тілеуханов) деген мақаласында ұлы ойшыл Ибн Сина мен діндар Абусаид Мейхенскийдің кездесуі туралы аңызды алға тарта отырып, жазушының  даналығы мен ақынның сезім-сырының қабат ұштасқандығымен ұтымды байланыстырып, шығармашылығындағы мазмұн тұтастығын, ғылыми талдауларының өрелі де жүйелігін, құбылыс пен тақырыптың сырына терең бойлағыш ақындық алғырлығын танытады.

Музыкатанушы ғалым Борис Ерзаковичтің «Мұхтардың Абай әндерін нотаға түсіртуі» деген мақаласында 1935 жылы Абайдың музыкалық мұрасын толық жазып алуға деген қамқорлығының арқасында ақынның інісі Ысқақтың баласы Архам Ысқақовтан (1886-1963)  18 әннің  жазып алынғаны,оны  композитор Латиф Әбдулхайұлы Хамидидің жүзеге асырғаны, алайда бұл жазбалар кезінде жарияланбағандықтан және Л.Хамидидің Мәскеу консерваториясының жанындағы Татар опера студиясына оқуға кетуіне байланысты  оның жеке архивінде қалып қойғандығы туралы деректер келтіреді.

Кейін 1939 жылы тағы да М.Әуезовтің ұйытқы болуымен Абай әндері нотаға түсіріліп, Л.Хамиди Жүсіпбек Елебековтің орындауында «Қарашада өмір тұр», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы» әндерінің жаңа нұсқаларын, М.Әуезовтің өз орындауындағы «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты әннің қағазға түскені жәйлі қызықты фактілер келтіріледі. Және 18 әннің атауы беріледі.

Зерттеуші Архам Ысқақовтан кейінгі ақынның музыкалық мұрасын жинауға Тұрағұлдың (1874-1934) қызы Мәкен Мұхамеджанованың   орындауында Абайдың 17 әнін,оның 11-і жаңа нұсқа екендігін, «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Жарқ етпес  қара көңілім не қылса да», «Әбдірахманның әйелі Мағыштың жоқтауы», «Теректің сыйы» және «Есіңде бар ма жас күнің?», атты әндердің тұңғыш рет таспаға түскені, Мәкен Мұхамеджанова түсірткен магтитофон жазбаларының бәрін Қайролла Жүзбасовтың нотаға салғанын, Абайдың өз өлкесінде сақталған домбыралық мұрасының әлі зерттелмегенін, тек 1983 жылы Ғайса Сармурзиннің орындауынан Уәли Бекенов Абайдың екі күйі – «Торжорға» мен «Мамыр түнін», ал 1975 жылы Қ.Жүзбасов Қотанқарағай ауылындағы Хамса Демесіновтың орындауынан Абайдың «Желдірмесін» қағазға түсіргенін, жалпы сол жылдары Абайдың 27 әні, ақын әуендерінің жаңадан 36 нұсқасының қағазға түскені жөніндегі ғылыми ақпараты да айтарлықтай маңызды.

Азербайжан жазушысы Мехти Гусейн «Абай» – ұлттық ескерткіш» атты мақаласында М.Әуезовтің  М.Ибрагимов, С.Рагимов, С.Вургун романдарын жақсы бағалайтынына, түркі тілдерінің майталман жетігі екеніне зор баға береді.

Кітаптағы Корнелий Зелинскийдің «Шырқау шыңда»,Всеволод Ивановтың «Ән туралы роман», Берды Кербабаевтың «Асыл досым, туысым», Евгения Книповичтің «Асыл азамат», Александр Корнейчуктың «Ересен талант», Павел Лукницкийдің «Аяулы жан», Михаил Лукониннің «Өткенге көз тіккен сәуегей», Бенжамен Матиптің, Николай Погодиннің «Біз үшін Әуезов-екінші Абай», т.б. атты естеліктері, ұлы қаламгердің қазасына орай айтылған азалы сөздері де өзіндік өрелі ойларымен оқушы есінде қалады.

Всеволод Рождественскийдің «Дос дидарында» автордың жазушымен алғашқы кездесуінен бастап, өмірінің соңына дейінгі жалғасқан жарасымды достығы  Абай Құнанбаевтың шығармаларын 1936 жылы тұңғыш рет орыс тіліне аударған шығармашылық әріптестікке ұласқанын әсерлі әңгімелейді. Ал, Илья Селвинскийдің «Көңілімде өшпес бейне» деген еңбегінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын «Батыр мен қыз» деген атпен орыс тіліне аударғандағы шығармашылық байланысы баяндалса, Леонид Соболевтің «Абайдың рухани інісінде» 1935 жылы Ленинград жазушыларының бригадасымен Қазақстанға 2 айлық сапармен келгенде танысқан М.Әуезовпен достығы соңғы сәтіне дейін сәтті ұласып, ұлының қасында болып, алған ұлағатынан тағлымды ой тарқатады.  Андре Стиль «Абай жолы» мен «Қараш-Қараштағы» өмір көріністері, стиль айқындығы, сөз құрамы жағынан Гомерді еске түсіретінін ескертсе, Түгелбай Сыдықбековтің «Ініден ізетінде» 1938 жылдың жазынан басталған достығының шығармашылық тығыз байланысқа ұласқанын, «Манасты» зерттеудегі еңбегі, бірнеше рет сәті түскен кездесулері жайлы сыр шертіледі. Николай Тихоновтың «Заманымыздың зор адамы» деген мақаласында Мұхтар Омарханұлының әдебиет, өнер және журналистика саласындағы Лениндік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі болғандағы адалдығы мен жауапкершілігі жөнінде жылы лебіздер білдірсе, Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Константин Федин еңбектерінде де жазушының суреткерлік шеберліктері туралы кәсіби пікірлер айттылған.

«Қазақ қаламгерлері М.Әуезов туралы» деген 2-ші бөлім Тахауи Ахтановтың «Сөз сиқыршысы» деген мақаласымен басталған. Оны жалғастырған Хасен Әдібаевтың «Алыптың тұлғасы», Т.Әкімовтің «Өскен өркен»: өмір материалы және оны көркемдікке айналдыру жолдары», Н.Әлиннің «Ол қоғамшыл еді», М.Адибаевтың «К вопросу о поэтике М.О.Ауэзове», Ә.Әлімжановтың «Дарын даралығы», М.Базарбаевтың «Әдебиет ардагері»,Қ.Баяндиннің «Кісіқырған» қиясында», Х.Есенжановтың «Көркем ой алыбы», Т.Жұртбайдың «Жалғыздың жанталасы», З.Қабдоловтың «Ғұлама», М.Қаратаевтың «Ұстаз салған ізбенен», Қ.Қуанышбаевтың «Аяулы дос», Ғ.Мүсіреповтің «Мұхтар Әуезов туралы сөз», О.Сүлейменовтің «Слово об М.Ауэзове», Э.С.Тажибайдың «Творчество М.О.Ауэзова в оценках немецкой критики», М.Толғанбаевтың «Жадымда жүрер сол жылдар», Ә.Шәріповтің «Конакридегі кездесу», Д.Ысқақұлының «Сара ойлар саңлағы» деген мақалаларында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы әр қырынан қарастырылған.

Әр кездері М.Әуезовтің көркемдік әлемі туралы сөз болғанда міндетті түрде алдыңғы қатарда аталып, асқан сүйіспеншілікпен сілтеме жасалатын жазушының замандасы,  академик ғалым Қаныш Сәтбаевтың тақырыпсыз берілген шағын болса да   тағлымды, мазмұнды сөздері бүгінде құндылығын жойған жоқ.

Бұл екі жинақтағы қазақ қаламгерлері мен әдебиетші мамандардың жазған еңбектері кеңестік кезеңде жазылғандықтан да, біздің жобалық тақырыбымыз «М.Әуезов шығармашылығының тәуелсіздік кезеңде зерттелуі» болғандықтан да оларға жеке тоқталып, талдап жатпадық.

Мұхтар Әуезовтің фольклортану саласындағы зерттеулерін бір ізге түсіріп, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, арнайы қарастырып, бүгінгі жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап,баға берген ғалым Әдебиет Молдахановтың  «Мұхтар Әуезов-фольклортанушы» (Алматы: Ғылым, 1997. – 152 бет) атты зерттеуінде кезінде саяси идеология салдарынан рухани игілікке айнала алмай ақтаңдаққа айналған «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Әдебиет тарихы» еңбектері қарастырылған. М.Әуезовтің  ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялауы, оларды жанрлық тұрғыда жүйелеп,бір ізділікке түсіруі, секілді еңбектерін талдаған зерттеуші Ә.Молдаханов қазіргі прозадағы көркемдік жаңашылдықтың түп-тамыры  фольклорлық дәстүрде жатқанын, оны ұлы жазушы асқан білгірлікпен зерделеп, олардың арақатынасын, эпикалық баяндаудың түрлік тәсілдерін, уақыт пен кеңістік категорияларының теориялық мәселелерін М.Әуезовтің қалай жүйелегенін айқындайды.

Автор М.Әуезовтің халық фольклорын жүйелеп, классификациялау принципін  алғашқылардың бірі болып зерттегендігін, оның халықтың рухани өзіндік творчествосы ретінде сипатталатынын ғылыми тұрғыдан тұжырымдай білген.

М.Әуезовтің фолклортанушылық еңбектерін арнайы докторлық диссертация деңгейде қарастырып, жүйелі түрде ғылыми жұмыстар жүргізген фольклортанушы ғалым, профессор  Ә.Молдахановтың «Мұхтар Әуезовтің көркем шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлері» (1999) деген еңбегі де бар.

Әдебиетші, шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаевтың «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі». (Зерттеулер. – Алматы: Қазақ университеті, 1997.– 186 бет)  атты зерттеуінде автор көрнекті суреткер Мұхтар Әуезовтің ұлттық әдебиеттану ғылымындағы қомақты үлесі, Абай мұрасының әлем әдебиетіне қатынасы, қазақ және шығыс әдебиетінің байланысы, екі ұлы тұлғаның шығармашылығының көркемдік тұтастығы, олардың қай кезеңде де кешенді түрде қарастырылуындағы рухани үндестік  орайындағы  ғылыми мәселелер қарастырылған. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерей тойына тарту ретінде жазылып, жарияланған еңбектегі «Мұхтар Әуезов және Шығыс» деген мақалада Абайдан арнасын тауып, Шәкәрім Құдайбердиев жалғастырған Шығыс шарапаты, оның қазақ поэзиясына еткен әсері жайлы сөз қозғай отырып, Мұхтар Әуезовтің Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын Ташкентке апарып, «Шолпан» журналының бірнеше санына ұсынуы, 1961 жылы да Душанбеде шығатын тәжіктің «Садон шарқ», «Шығыс үні» деген журналдардың оныншы кітабына Шәкәрімнің Шығыс бұлбұлы Хафиздан алған аудармаларын жариялатуы жөніндегі әдеби деректер кездеседі. Шәкәрімнің Шығысы, философиясы, поэзиясы осы парсының поэзиясын шырқау биікке көтерген Хафиз шығармаларынан көп әсер алғанын, одан кейінгі ақындардың бұл биікке жете алмағанын, Мұхтар Әуезовке белгілі көп көркемдік құндылықтардың әлі де ашылмай жатқандығын, екі елдің рухани байланысын шығыстанушы ғалым ретінде кәсіби білік тұрғысынан талдайды. Өзінің ұлы ұстазы М.Әуезовтің дәріс кезінде Шығыс әдебиеті мен мәдениеті, оның озық өкілдерінің шығармалары жөнінде аса бір сүйіспеншілікпен айтатынын, абайтануға барар жолда Низами дастандарын, Омар Хайям рубаяттарын, Хафиздың ғазалдарын, Сағди саздарын, араб, түрік дүниелерін түгелдей тауысып барып, ұлы ақынды әлемдік деңгейге алып шыққанын нанымды дәлелдейді.

«Мұхтар Әуезов және Индия» деген мақаласында қазақ қаламгерлерінің ішінен алғашқылардың бірі болып әрі ең ұзақ мерзімді (45 күн Г.П.) іс-сапарға барғандығын,осы орайда құнды ойлар мен әдемі әсерге толы «Индия очерктерін» жазғандығын және сәті түсіп 1981 жылы  Үнді еліндегі Қазақстан мәдениеті күндерін  өткізуде ұлы жазушы жүрген ізбен жүруіне жол түскенін аса бір мақтаныш сезіммен суреттейді. М.Әуезовке Бомбейде болғанда үш ақынның Жамбылдың «Жаңа заң» туралы шығарған жырын жатқа айтқанда мәртебесінің көтерілген сәтін де мысалға ала отырып, ұлт әдебиетін әлемге танытатын тарихи тұлғалар, олардың дана ойлары мен құнарлы шығармалары екендігін ескертеді.

«Мұхтар Әуезов және ақындар, ғалымдар, замандастар» деген тараушада заңғар жазушы замандастарының шығармашылықтары талданады.

Әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Жақыптың «Мұхтар Әуезов-публицист» (Алматы: Ана тілі, 1997. – 176 бет) деген зерттеуінде М.Әуезовтің 1917-1961 жылдар аралығын қамтитын журналистік қызметінің кезеңдері айқындалып, қаламгердің публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастар сол кездегі тарихи оқиғалар мен  жеке тұлғалар тағдырларымен тығыз байланыста қарастырылған. Жазушының  публицистикалық шығармашылығының қазақ баспасөзінің туып, қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен қызметі монографиялық зерттеудің «Мұхтар Әуезов публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасуы» және «Публицист шеберлігі» деген тарауларда ғылыми тұрғыдан талданады. Зерттеу нысанасына алынған 1917-1961 жылдар аралығындағы публицистикалық шығармалары сол кезеңнің көкейкесті мәселелерін көтерген, халықтың мұңын мұңдап, жоғын іздеген жазушының еңбектері қазақ баспасөзінің, оның ішіндегі ең жедел әрі жүгі ауыр күрделі жанр-публицистиканың биік белеске шығуына көп еңбек сіңіргенін, өз заманының өзекті мәселелерін өткір көтеріп, ұлт мүддесі жолында жанкешті еңбек еткенін айғақтайды. Және бұл еңбекте тәуелсіздікке дейін көпшілікке беймәлім болып келген көптеген газеттік, журналдық мақалалар ғылыми айналымға еніп, ұлттық руханияттың қатарын көбейткені кәміл.

Жазушының мерзімді баспасөздерде жарияланып, жұрт жүрегіне жол тартқан мақалалары мен публицистикалық шығармалары зерттеушінің ғылыми ұстанымына сәйкес 4 кезеңге бөлініп, осы тұрғыдан талданған. Атап айтар болсақ, 1917-1932 жылдар аралығын қамтитын алғашқы кезең, 1932-1941 жылдарды құрайтын екінші кезең, 1941-1945 жылдардағы үшінші кезең және соғыстан кейінгі  жылдар  және 4-ші кезең, монографиялық зерттеу бойында арнайы мәселе болып, тереңнен талданады. Осы тақырыпты тұңғыш рет арнайы ғылыми мәселе деңгейінде алып, кешенді түрде зерттеген Б.Жақыптың еңбегі сөз жоқ, көңіл аударалық бағалы еңбек.

Әдебиеттанушы Аслан Жақсылықов тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттану ғылымына табанды еңбек етіп жүрген зерттеушінің бірі. Ол 1984 жылы «М.О.Әуезовтің 20 және 30-жылдардағы прозасы (психологизм, конфликт, баяндау формалары)» деген кандидаттық және 1999 жылы «Қазақ әдебиеті шығармаларындағы діни мазмұндағы бейнелер, сарындар  және идеялар (типология, эстетика, генезис)» тақырыбында жазылған докторлық диссертацияларында М.Әуезовтің шығармашылығына арнайы тоқталып, аталған ғылыми мәселелер төңірегінде теориялық ойлар қозғайды. Оның «Религиозные мотивы в художественной литературе» (1998), «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. (типология, эстетика, генезис)» (1999) монографиялық еңбектерінде де қазіргі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелері, өзекті тақырыптары әлемдік әдеби құбылыстармен салыстырыла талданған. Қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік шеберлік мәселелері, ондағы психологизм құбылыстары, кейіпкерлер әлеміндегі тартыстар мен қақтығыстар, түрлік және тәсілдік әдіснамалық жәйттер  М.Әуезов прозасындағы кәсіби ерекшеліктер арақатынасы, көркемдік дәстүр мен жаңашылдық категориялары арқылы айқындалып, талданады.

Осы жерде ескертер бір жәйт-орыс тіліндегі зерттеулер Д.Қонаевтың тарауына тиесілі болғандықтан біз тек толық ақпарат болу үшін атап қана өтіп жатырмыз. Марат Әдібаевтың, басқа да зерттеушілердің М.Әуезов шығармашылығы жөнінде қорғалған, жарияланған еңбектері барлығын ескертеміз. Көзге түспей қалғандары болуы да мүмкін.

Осы ретте орыс тілінде бұрындары беймәлім болған М.Әуезовтің әдеби, ғылыми мұралары жинақталған (Д.Қонаевтың алғы сөзімен, Р.Әбдіғұловтың құрастыруымен жарияланған) «Неизвестный» Ауэзов» (Алматы: Жібек жолы, 2005. – 352 стр.) және  «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» (Алматы. Издательской дом «Библиотека Олжаса», 2013. – 400 стр) деген жинақтардың (жауапты шығарушысы Сафар Абдулла, құрастырушысы Р.К.Қайшыбаева) жариялануы ұлттық әдебиеттануымыздағы рухани жаңалық болғаны белгілі.

«Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты екі томдық (Жалпы редакциясын басқарған – ф.ғ.д., А.С.Ісімақова 1-том. – Алматы. ҚазАқпарат, 2008. – 646 б) жинақтың «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби-теориялық байланыстар» атты тарауда 1950-2000 жылдар аралығындағы шетел қаламгерлерінің қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің шығармашылығына қатысты ой-толғамдары, естеліктері мен ғылыми пікірлері топтастырылған. Бұл тарауда арнайы талданған «Әуезов әлемі» атты жинақта өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына, оның әдебиетіне, оның ірі өкілі М.Әуезов шығармашылығына қатысты көптеген жылы лебіздері келтіріледі.  Суреткердің кісілік келбеті, қаламгерлік қарымы, әлем әдебиеті деңгейінде мойындалуы  жөніндегі жаңа көзқарастармен  танысқысы келетін оқырманға осы еңбектің қаншама құнды тарихи, әдеби шежірелер мен ғылми деректер түзілген 529-537-беттердегі  шолуды жақсылап қарап шықса нұр үстіне нұр дегіміз келеді.  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің ғылыми қызметкерлері дайындаған тарауда әлем әдебиеті және М.Әуезов шығармашылығы деген тақырыпқа қатысты құнды ғылыми мәліметтер  көптеп кездеседі.

Бұл еңбектерде тоталитарлық жүйеден босаған тәуелсіз елдің 70 жылдық тарихы, оның көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы  көркемдік талап тұрғысынан талданып, сөз өнеріне қойылар рухани құндылық ретіндегі өздерінің тарихи бағаларын алды.

Және осындағы «Әдеби өмір шежіресінде» 1991 жылдың 27 қарашасында әлемнің және көп ұлтты совет әдебиетін дамытуға, «Манас» эпосын зерттеуге қосқан аса көрнекті үлесі үшін, қырғыздың жазушыларына ұстаздық жасағаны үшін Мұхтар Әуезовке  Шыңғыс Айтматов атындағы клубтың 1991 жылғы халықаралық сыйлығы берілгені жөнінде мәлімет орын алған (423-б).

Көңілі ауған оқырманға осы шежіренің 461-беттен 464 беткен дейін берілген М.Әуезовтің мерей тойына орай өткен түрлі ғылыми, мәдени, әдеби шаралар туралы толық мәліметтер берілгендігін де айта кеткенді жөн санаймыз.

Осы ретте   М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің ғылыми ұжымы шығарған  жинақтың 1-ші томындағы «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеттануының дамуы (1932-1956)» деген ІҮ тарауында «Мұхтар Әуезов» (ф.ғ.д, проф. К.Сыздықов) деген арнайы тарау жазылған. Шағын тарауда автор М.Әуезовтің алғашқы публицистикалық мақалаларынан бастап, барлық жанрдағы шығармаларына-әдеби-көркем сын, аударма, көркем проза, драматургия, театр, кино, ғылыми монографияларына, т.б толық және жан-жақты шолу жасайды. Зерттеуші осы еңбегінде жазушы мұрағатында диссертациялық еңбектерге, қолжазба кітаптарға, оқулықтарға, диплом жұмыстарына жазған елуге тарта бағамдары, пікірлері он шақты папкіде сақталғанын, оның көбі әлі жарық көрмегенін және М.Әуезовтің осы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру комитетінің мұрағатында, Жазушылар одағының әдебиет пен өнер Орталық мемлекеттік мұрағатында (ЦГАЛИ), «Қазақфильм» студиясының мұрағатында сақталған сөздерінің стенограммалары барлығы, олардың бүгінгі мұхтартану саласы үшін мол қазына екендігі ескертіледі.

Осы жинақтың 2-томындағы (Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 658бет) «Қазіргі кезеңдегі әдебиет тарихы мен әдебиеттанудың теориялық мәселелері» деген тарау авторы  ф.ғ.д, профессор А.С.Ісімақова ұлттық әдебиеттану ғылымына қатысты құнды еңбектерге теориялық тұрғыдан талдау жасап, бұрындары тоталитарлық саяси қыспақтың салдарынан  біздің сана-сезімімізден  әдейі ығыстырылған ұлттық таным-түсініктегі  туындыларды  бүгінгі көзқарас бойынша зерделеп, ғылыми айналымға енгізеді. Оның ішіндегі абайтануға қатысты зерттеулердегі М.Әуезовтің орасан зор еңбегін  Алаш әдебиеттанушылары Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұлдан бастап, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ғ.Тоғжанов, М.Дулатұлы, Ы.Мұстанбайұлы, І.Жансүгірұлы, Б.Кенжебаев, Қ.Жұбанов кеңес кезіндегі Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, Б.Ерзакович, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметұлы, А.Ысқақов, Р.Сыздықова  зерттеулерімен біріктіре қарастырады. Және бірқатар мұхтартанушы ғалымдардың – З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, К.Сыздықов, Ә.Молдахановтардың  еңбектеріне арнайы тоқталады.

Әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» (Алматы: Мектеп, 2009. – 560 бет) атты зерттеуіндегі «Мұхтар Әуезов» деген тарауында суреткердің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан талданады. А.Ісімақова «Әдебиет тарихында» (1927) зар заман ақындары шығармашылықтарының стилдік ерекшеліктерін талдаған М.Әуезовтің кәсіби әдебиетші ретіндегі  ұстаным үлгісін үлкен бір дәуірді  тұтас қамтып, әдебиет тарихын зерделеген, ұлттың рухани мұрасын, оның көрнекті өкілдерінің өнерін мейлінше молынан талдап, әдеби, ғылми айналымға түсіргенін жоғары бағалайды. М.Әуезов зерттеген әдеби түсініктер мен әдебиеттану ғылымының іргелі категорияларының, атап айтқанда ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттердің ерекшеліктері, батырлар жырларындағы «батырлық» ұғымы, батырлардың үлгілі мінездері-типтік образдары, өлең-жырдың адам өміріндегі орны жөніндегі әдебиет мәселелерін зерттеудегі М.Әуезовтің ғылми құнды пікірлерімен үндесе пайымдайды.

Зерттеуші Абайдан кейінгі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің кәсіби тұрғыдан қалыптасып, дамуын, ұлттық сөз өнерінің жанрлық, стилдік, көркемдік жалпы руханилық тұрғыдан  тынысы кеңіп, жан-жақты дамығанын, түрлі баспасөздердің («Қазақ» газеті, «Абай» журналы) жаңа сапада дамуын, түрлі әдеби ағымдар мен көркемдік бағыттардың өріс алуын және оларда кәсіби тілмен сөйлеудің жаңа сипаттары байқалғаны туралы М.Әуезовтің теориялық тұжырымдары бүгінде қажетті, өз құндылығын жоймағандығын айқындайды.

Әдебиеттанушы  «Ахаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында М.Әуезовтің осы аттас мақаласының ұлттық әдебиеттану ғылымындағы ахметтанудың негізгі ұстанымдары болып табылатынын айтса, «Алаш әдебиеттануы» (Алматы: Мектеп, 2009. – 560 бет) атты еңбегінде М.Әуезовтің   қазақ әдебиеті тарихын, оның тарихи негізі мен даму кезеңдерін, сол дәуірдегі шығармашылық тұлғалардың өмірі мен өнерін айналымға ендіріп, жалпы ұлт әдебиеті мәселелеріндегі ғылыми, әдеби-теориялық ой-тұжырымдарын теориялық категориялар арқылы бүгінгі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан талданып, зерделенгені мәлім. А.Ісімақованың «Возвращение Плеяды. Экзсистенцияльная проблематика в творчестве Ш.Кудайбердиева, А.Байтурсынова, Ж.Аймауытова, М.Жумабаева, М.Дулатова и М.Ауэзова». [38] деген зерттеуінің 7-ші тарауы « Слово в языке и слово в стиле М.Ауэзова» деп аталады. Мұнда 70 жыл бойы халқымыздың санасынан сызылып, ақтаңдаққа айналған Алаш қайраткерлерінің шығармалары әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен салыстырыла зерттеліп, шығармалардағы өмір құндылықтары  экзистенционалды мәселелер тұрғысынан қарастырылып, көркем мәтін ерекшеліктері кәсіби талап деңгейінде дәріптеледі.

Әдебиетші ғалым Дандай Ысқақұлының «Әдебиет алыптары» (Астана: Фолиант, 2004. – 304 бет) деген еңбегіндегі М.Әуезовтің шығармашылығына байланысты жазылған «Тегеурінді талант (М.Әуезов)» деген мақаласы жалпы жазушының өмірі мен өнеріне кеңінен мағлұмат береді. Оқу құралы ретінде   жазылғандықтан болар, суреткердің әрбір шығармасының тууы тарихынан бастап, олардың тақырыптық, идеялық, көркемдік қасиеттеріне  және шығармашылық өмірбаянына кеңінен шолу жасалып, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Шаншар журналы», «Жалпы театр өнері мен қазақ театры», «Жақсы пьеса-сапалы әдебиет белгісі» мақалалары талданады. Бұл еңбекте өз заманындағы әдеби процеске үнемі үн қосып, пікір айтуды парыз санаған көрнекті суреткердің публицистикалық мақалалары мен  ғылыми зерттеулеріне дейін қамтылған. (Алматы: Таңбалы, 2012. – 580 бет) М.Әуезовтің шығармашылығы қазақ әдеби сын өнерінің қалыптасуы мен әр кезеңдердегі әдеби процестерге үн қосып отыратын әдебиетші ғалым тұрғысынан қарастырылады. Әсіресе осы еңбектің «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын» деген тарауының 181-184-беттерінде  М.Әуезовтің ХХ ғасыр басынан бері басына жиі-жиі бұлт иіріп отыратын «ұлтшыл», «алашордашыл» деген айыптан кеңестік кезеңде де біржола айырыла алмауы, 1950 жылдары да бұл жазалау жаңарып, жазушының жанын жабырқатқаны жөніндегі түрлі қаулылар мен мұрағаттық мәліметтерден мысалдар, ұзақ сілтемелер ала отырып, ұлт әдебиетінің тағдыры жолындағы жанкешті ерлік еңбектеріне тоқталады.

Әдебиетші ғалым Теңізбай Рахымжановтың «Романның көркемдік әлемі» (Алматы: Рауан, 1997. – 221 бет) атты монографиялық зерттеуінде жалпы қазақ романының қалыптасу, даму, жаңару үрдісіне үлкен үлес қосқан қаламгерлер М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», С.Жүнісовтің «Ақан сері» атты тарихи романдары талданады. Зерттеуде М.Әуезовтің күрделі жанр – романның, оның ішінде тарихи романның көркемдік сыр-сипатын танытудағы табыстары арнайы сөз болады.Монография – «І тарау. Қазіргі қазақ романындағы психологиялық талдау. ІІ тарау. Көркем деталь және шығармашылық өнердің табиғаты. ІІІ тарау. Қазіргі қазақ романының баяндау құрылымы. ІҮ тарау. Романның көркем жүйесіндегі характер мен сюжет» деген күрделі мәселелер төңірегінде ой қозғайды. 4-тарауда да М.Әуезовтің «Абай жолындағы» көркемдік әлем психологиялық талдауға негіз болады. Автор М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кейіпкерлердің мінез қырларына, ойлау жүйесіне,жалпы психологиялық жан құбылыстарына психологиялық талдау тұрғысынан зерттеу жүргізеді. Әдебиеттану ғылымындағы ең күрделі сала-психологизм құбылысына тән ғылыми категориялар – монолог, ішкі монолог, диалог, көркемдік деталь  мәселелері бұл еңбекте «Абай жолы» арқылы ашылып, көркем мәтін мысалдары негізінде нанымды түрде нақтыланып отырады. Әр тараудағы көтеріліп отырған проблемаға сәйкес талданған роман-эпопеяның көркемдік әлемі-ондағы кейіпкерлердің бейнеленуі, олардың қимыл-әрекетінің, сөзінің, сыртқы бейнесінің сипаттамасы көркемдік детальдар арқылы суреттеліп, әрбір өмірлік оқиғаны тудырған орта, жағдай, көркем тартыстың дәлелдемесімен диалектикалық бірлікте қарастырылуы арқылы айқындалатыны анық. Т.Рахымжановтың бұл зерттеуі М.Әуезов шығармашылығын осы тұстан танып, талдауымен тартымды.

Әдебиетші ғалым Тұрсын Сыдықовтың «Қазақтың тарихи романының поэтикасы: Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер» (Алматы: Арда, 2007. – 336 бет) деген монографиясында жалпы қазақ тарихи романдарының типологиялық мәселелерін,стильдік ізденістерін, ұлттық кейіпкерлерді сомдаудағы суреткерлік шеберлік мәселелері қарастырылған. Осы ретте М.Әуезовтің «Қилы заман» романы зерттеу нысанына алынып, оның өзіне тән поэтикасы нақты мысалдар арқылы талданады. М.Әуезовтің Қазан төңкерісінің құдірет-күшін, әділет пен ізгілікті ту еткен саясатын суреткерлікпен ашып көрсету үшін 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын терең ыждаһаттылықпен зерттеген  жазушының ұлттық кейіпкерлерді бейнелеудегі болмысы бөтен стилдік өрнегі жан-жақты қарастырылады. Тарихи роман поэтикасы  типологиялық стиль тұрғысынан талданады. Зейнол-Ғабиден Бисенғалидың «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасу жолдары» атты зерттеуінде М.Әуезовтің «Қилы заман» романының жазылу тарихы, көркемдігі, оларға әсер еткен саяси-қоғамдық, экономикалық сана мен себептер  мәселелері талданса, ал «М.Әуезов және Абайдың дін туралы толғамдары» деген ғылыми баяндамасында (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл)  М.Әуезовтің Абайдың дін туралы көзқарастарын зерттеуге ұзақ жылдарын арнағанын,кезінде ол ойларын ашық айта алмай, астарлап жеткізуге мәжбүр болғанын, оны әсіресе ақынның «Қара сөздері» туралы ғылми ойларында дін мәселелерінің көтерілуі, «Абай жолының» 4-ші томында Абайдың панисламдық, пантүркілік идеялар туралы ойлары берілетінін баяндайды. Осындай «панисламдік», «түрікшілдік» идеяны уағыздаған үгіт-насихат қағаздары Абайдың қолына да талай түскенін, оны Абайдан алуды талап еткен патша ресми органдарының қағаздары сақталғанын, /ҚР Орталық мемлекеттік архивы. Фонд № 15.00.2, д.399, 8-9-бб/» (55 б). Осынау тарихи деректерге және ақынның қара сөздеріндегі діни-философиялық ойларына сүйенген  М.Әуезовтің «Абай жолындағы» ұстанымдарын  ғылыми негізде жүйелеген.

Әдебиеттанушы ғалым Құныпия Алпысбаевтың «Мұхтар Әуезов және аударма» деген ғылыми баяндамасында (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл)  М.Әуезовтің «Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибесі туралы» (1936), «Ревизордың» аудармасы туралы» (1936), «Қазақ сахнасындағы аурама пьесалар» (1937), «Жәңгір жыры қазақ тілінде» (1940), «Пушкин и братские литературы советского народа» (1949), «Дворян ұясы» романының аудармасы туралы» (1952), «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері туралы» (1955), «Хужожественные переводы литератур народов СССР» (1955) еңбектерін атай отырып,  суреткердің өзі де аударма саласына сүбелі үлес қосқанын, әлем және орыс классикалық шығармаларының біразын қазақ тілінде сөйлеткенін нақты шығармаларды атай отырып, жемісті жұмыстарына тоқталады. Олардың аударылу шеберліктеріне ерекше мән береді. Сөз мағынасын дәлме-дәл жеткізудегі, автордың стилін бұзбай көркемдік тұтастықты теңдей ұстап, ұтқырлық пен шеберлікті ұщтастыра білген  М.Әуезовтің тәржімалық тәжірибесі мақалада кеңінен қамтылып, қарастырылған.

Әдебиетші ғалым,филология ғылымдарының докторы,профессор               Жұмат Тілеповтің «М.Әуезов және ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» деген мақаласында  (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы (Алматы: Қазақ университеті, 21 қыркүйек, 2004 жыл)  жазушының 1925 жылы жазып, 1927 жылы жарияланысымен репрессияға ұшыраған «Әдебиет тарихы» атты зерттеуіндегі ғылыми ойлар жүйесіне тоқталып, ондағы көркем мәтіндерді нақты мысалдармен талдайды. Асанқайғы, Сыпыра жырау, т.б. шығармаларында толғанған жайлардың кейіннен шындыққа айналғанын тарихи фактілерге сүйене отырып, дәйектейді.

Әдебиеттанушы ғалым, ф.ғ.к., сыншы Зейнолла Серікқалиев мұхтартануға қатысты арнайы зерттеу жазбағанымен ұзақ жылдар бойы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында еңбек етіп, өзі тікелей атсалысқан жазушының 20  томдығының жүйеленіп, жариялануына, ондағы ғылыми түсініктердің жазылуына зор үлес қосқан ғалым.  Жазушы мұрағат қорында сақталған «Хан Кене» сияқты құнды қолжазбаның, өзге де әдебиет тарихына қатысты зерттеулердің әдеби, ғылыми айналымға енуі жөніндегі ғылыми-теориялық ойлары қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған мол үлес деуге болады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Темірғали Есембековтің «Әдеби талдауға кіріспе» (1991), «Драматизм в казахской прозе» (1998), «Әдеби талдаудың негіздері» (1994), «Көркем мәтінді талдау негіздері» (оқу құралы) (2009), «Көркем мәтін поэтикасы» оқу құралы (2012) атты  еңбектерінде М.Әуезовтің шығармаларының көркем мәтіндері нақты мысалға алынып, ондағы көркемдік әлем мәселелері үнемі назарға алынып, жүйелі түрде талданып отырады.

Зерттеушінің «Художественно-эстетическое значение драматизма казахской прозы» (1997) атты зерттеуі 20-30-шы және 50-60-шы,  70-ші жылдардағы қазақ прозасындағы драматизмге құрылған күрделі табиғаты, көркемдік құнары мен эстетикалық қасиеті М.Әуезовтің  классикалық көркем мәтіндері негізінде талданып, ғылыми мәселе дәрежесінде сараланады.

Қазақ әдебиеттану ғылымы кезінде кеңестік кезеңнің саясаты салдарынан ұлт санасынан сызып, ғылыми айналымнан алынып тасталған, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы жарияланған «Әдебиет тарихы» еңбегімен бірге репрессияға ұшыраған «Зар заман» дәуірі мен бұл әдеби ұғым тек тәуелсіздіктің арқасында ғана қайтадан жаңа мәнге ие болып, бірнеше зерттеулердің арқауы болды. Бұл дәуір мен бұл терминнің қазақ әдебиеттану ғылымында қайта қалыптасып, жаңа мағыналық мәнге ие болуына әдебиетші ғалымдар Қанипаш Мәдібай мен Бауыржан Омарұлы айтарлықтай еңбек сіңірді. Б.Омарұлының «Зар заман әдебиеті. Монография (генезис, типология, поэтика)» (Астана: Елорда, 2005.) деген зерттеуі бұл тақырыпты арнайы зерттеп, докторлық диссертация жазуының жемісі болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қанипаш Мәдібай бірнеше жылдар бойы филология факультетінің студенттеріне осы зар заман дәуірінен арнайы дәріс оқып, жинаған тәжірибесінен, шығармашылық ізденісінен туған «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 290-б) зерттеудің авторы.

Бұл еңбектерде М.Әуезов зерттеген зар заман дәуірінің әдебиеті, оның ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, олардың поэзиясындағы идеялық-танымдық, көркем-эстетикалық ізденістері мен тілдік ерекшеліктері, өзге де әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері жаңаша қарастырылады.

Тәуелсіздік кезеңде қазақ әдебиеттану ғылымы әдеби байланыстар мәселесін теориялық тұрғыдан зерттеген орыс тіліндегі зерттеулермен толықты. Г.А.Шәріпованың «Интертекстуальное пространство литературы» (диалоги русской литературы ХІХ-начала ХХ вв. и казахской литературы ХХв. Научное издание. Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумелева, 2007. – 284 б) деген зерттеуінде қазіргі қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері орыс және әлемдік әдеби жүйесінде, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы   Л.Н.Толстой, И.С.Тургенев шығармалары контексінде салыстырала қарастырылған. Мұнда тарихи тұлғаның әдеби мәндегі бейнесі мегатекстуальность тұрғысынан уақыт пен кеңістік категориялары арқылы зерделенеді. Зерттеуші екі әдебиеттегі басты әдеби түсініктерді салыстыру арқылы нақты талдаулар жасаған.

Әдебиеттанушы К.Б.Оразаеваның «Ранняя проза М.О.Ауэзова: фольклорные традиции и национальное своеобразия» (Алматы: Жеті Жарғы, 2000.) және «Ю.Н.Тынянов и М.О.Ауэзова: рецепции русской литературы и национальное своеобразие» (Алматы: Принт-А, 2008.)  деген зерттеулерінде фольклорлық мұраның көркем прозаға әсері, ондағы қақтығыстар типологиясының, сюжет, композиция мәселелерінің өзара байланысы бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану ғылымының талабы тұрғысынан талданады.

Әдебиетші ғалым Айжан Картаеваның «Абай және Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық» (Алматы:  2010. – 380 б) деген зерттеуі «Абай дәстүрі Алаш әдебиетінде» (Абай мен Алаш ақындары поэзиясындағы көркемдік сабақтастық, Ақын өмір сүрген дәуір болмысының М.Әуезов туындыларында бейнеленуі, Карасөздердегі дүниетанымдық ой-түйіндер М.Әуезов көркем сөздерінде жалғасуы, Абайдың сөз өрнектері М.Әуезов әңгімелерінде, Азаматтық сарынның «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» повестеріндегі көрінісі, Абайдың көркемдік-идеялық ұстанымдары М.Әуезов драматургиясында), «Әдеби үндестік пен рухани сабақтастық» (Абайдың «толық адам» танымының «Абай жолы» эпопеясында берілуі, «Абайдың діні-сыншыл ақылдың шартты діні» ой-толғамының М.Әуезов туындыларында дамуы. Көркем мәтіндегі эстетикалық таным тамырластығы) және «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі көркемдік үйлесімділік» (Абай поэтикасының «Абай жолы» эпопеясында іске асуы, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «шығармашылық тұлға» концепциясы, Ақынның сөз образдарын жазушының жаңартып беру тәсілі) деген тараулардан тұрады. Аталған ғылыми мәселелер монографиялық зерттеуде жан-жақты талданған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының (21 қыркүйек, 2004 жыл) жинағында (Алматы: Қазақ университеті, – 415 б) Ж.Дәдебаевтың «Ұстаз», Қ.Алпысбаевтың «Мұхтар Әуезов және аударма», З.Бисенғалидың «М.Әуезов және Абайдың дін туралы толғамдары», Б.Майтановтың «М.Әуезов әңгімесіндегі мәтіндер сабақтастығы», Ж.Тілеповтің «М.Әуезов және ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері», Р.Тұрысбектің «Өмір шындығы және кейіпкер мұраты», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «М.Әуезов шығармалары: шындық пен шеберлік», Н.О.Жуанышбековтің «Творчество Мухтара Ауэзова в аспекте сравнительно-типологического изучения литературы», Б.А.Жетпісбаеваның «К поэтике рассказа М.О.Ауэзова «Коксерек», Ф.Исмаилованың «М.Ауэзов и Е.Исмаилов», С.Акашеваның «Библиография о Мухтаре Ауэзове», жапондық әдебиетші Сакай Хирокидың «М.Әуезов және халық әдебиеті»т.б мақалаларында М.Әуезовтің шығармашылықтары өз тақырып деңгейінде қарастырылған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың  «Ән әуені, әнші әлемі» атты мақаласында («Мұхтар Әуезов тағлымы» Әдеби – сын мақалалар мен зерттеулер.  Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жазушы, 1987. – 432 бет) М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы өлең мен өнер табиғаты, ән мен әншінің орны көркем мәтін негізінде талданады. Ұлы жазушының Абай шығармашылығы мен жан дүниесіне өнердің қалай әсер еткенін психологиялық нәзіктікпен бейнелегенін, өнерпаздың азапты шығармашылық тағдырын терең толғаныс, философиялық ойлармен бергенін, Абайдың бала шағында көріп көңілінде қалған Барлас ақын мен Байкөкше ақынның жыр мен әндері туралы көріністердің бейнеленуі жөнінде ғылыми талдаулар жасайды. Абайдың Сүйіндік аулына келгендегі әннен туған әсерлер, алғашқы махаббаттың  мәні, сол кештегі Тоғжан бейнесі,олардың бүршік жарған  алғашқы жүрек бұлқыныстарын биікке алып кеткен халық әндерінің ынтазарлық қуаты, өнерпаздық құдіреті,  «Топайкөк» әнінің Абайдың сезімін оятуы, романдағы өнер мен өнерпаз жаратылысына арналған беттер осы зерттеу нысаны.

Серік Негимовтың «Әсем ырғақтар» деген мақаласы да прозадағы ырғақтық  өрнек-үлгілер, эмоциональдық-логикалық-психологиялық паузалар мәселесіне арналған. Сөз үйлестіру, ұйқас құру, ырғақ мүсіндеу, ана тілінің тоқсан түрлі толғауы мен иірімдері, сөз құбылтудың сан алуан сырлары музыкалық, әуендік байлығы М.Әуезов прозасында ерекше бейнеленетіні талданады.

Шәмшиябану Сәтбаеваның «Мол мұраның кейбір қырлары» деген мақаласында М.О.Әуезов және орыс мәдениеті, әдебиеті мәселелерін зерттеу енді қолға алынғанымен екі халықтың тарихи достығы М.Әуезов творчествосында, орыс классиктері М.Әуезов аударуында, М.О.Әуезов орыс әдеби сынында деген өзекті зерттеулер жөніндегі өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады. М.Әуезов зерттеулеріндегі өзге ұлт өкілдері шығармашылықтарының зерттелуі,украйн, белорус және Прибалтика халықтарының, Литва, Латвия, Эстония әдебиеттері туралы еңбектері қазақ әдебиеттануындағы тың беттер екендігін, жазушының Кавказ халықтарының, Орта Азия халықтары әдебиеті, олардың ірі өкілдерінің туындылары батыс Европалық әдебиет, біздегі аударма тарихы, олардағы дәстүр мен жаңашылдықтары жөнінде ғылыми мәселелер қозғалған. 1992 жылы «Әуезов қоры» қоғамы (жетекшісі Мұрат Мұхтарұлы Әуезов) Сейітомар Саттаровтың авторлығымен «Мұхтар Әуезовтің ататегі» атты тарихи-құжаттық, діни-танымдық кітабын жариялайды.

1997-2000 жылдар аралығында орталық қызметкерлері «М.О.Әуезовтің әлем мәдениетіндегі рухани мұрасы» және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығын музейфикацияландыру» деген іргелі зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Мухтар Ауэзов. Письма родным и близким»  деген еңбекке жазушының 1940-1961 жылдар аралығында жазылған хаттар топтамасы (1997 жылы)  тұңғыш рет жарық көріп, оқырмандардың көз қуанышына айналады. Сол жылы  белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың құрастыруымен «М.О.Әуезов туралы естеліктер» («Жазушы» баспасынан) және «Мұхтар Әуезов әлемі» деген еңбектер жарық көріп, тәуелсіздік кезеңіндегі мұхтартану саласын толықтырды.Сол жылдары (1996-1998) М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамынан бөлініп, жеке шаңырақ көтерген «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының алғашында аға ғылыми қызметкері (1990-1995), кейін орталық директоры (1996-1998) болған  филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Талқы», «Бесігіңді түзе» (1997) деген монографиялары жарық көреді. Мұрағаттанушы, мұхтартанушы, ф.ғ.к., Талатбек Әкімнің  жазушы мұрағатындағы бұрындары белгісіз болып келген  көптеген тың деректер мен жаңа материалдарға толы «Даналық мәйегі» атты еңбегі де сол 1997 жылы  оқырмандарға жол тартады.

1998-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиетжәне өнер институтының бір бөлімі болып қайта құрылған, бірақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталық деген атауы сақталған бөлім жетекшісі сол жылдары ф.ғ.д., профессор Бақытжан Майтанов болса, ал 2001 жылдан бері ф.ғ.к., Диар Асқарұлы Қонаев.

2000-2002 жылдары «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлердің ұлттық рухани өрлеу үстіндегі көріністері» атты жоба бойынша зерттеу жүргізген бөлім қызметкерлері 2000 жылы «М.О.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері», 2001 жылы «М.Әуезов шығармашылығындағы этнографиялық құндылықтар», 2002 жылы «М.Әуезовтің діни танымдық және этнопедагогикалық көзқарасы» деген тақырыптарда ғылыми жұмыстар жүргізді. Осы 3 жылдық жұмыстың нәтижесінде «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер» (2004) атты монография жарық көрді (құрастырушылары: К.Рахымжанов, А.Болсынбаева).

2003-2005 жылдары «М.О.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы көркемдік-эстетикалық ізденістері» деген жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «М.О.Әуезовтің көркемдік-дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар)» (2006) деген атпен ұжымдық монография жарық көрді. (Құрастырушылар: А.Болсынбаева, Е.Қаныкейұлы).

2006-2008 жылдары «М.О.Әуезовтің шығармашылық дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері» деген жоба негізінде жұмыс жүргізіліп, 2008 жылы «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті» деген монография жарық көреді.(Жауапты шығарушы – Е.Қаныкейұлы)

2009-2011 жылдары бөлім қызметкерлері «М.О.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» атты жоба бойынша жұмыс істеп осы аттас монографиялық еңбек 2011 жылы жарық көреді.

Тәуелсіздік жылдары жазушы өмірі мен шығармашылығы бойынша бірнеше библиографиялық көрсеткіш жарияланды. 2005 жылы «М.О. Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш» ҚР Ұлттық кітапханасымен бірігіп шығарылды. Онда 1917-1997 жылдары жазылған зерттеу еңбектер мен мақалалар тізімі енді. (Жауапты шығарушылар: С.Майлыбаева, Р.Досымбекова).

2009 жылы жарияланған «М.О.Әуезов шығармашылығы бойынша  библиографиялық көрсеткіште» 1997-2007 жылдар аралығындағы библиографиялық деректер қамтылған. Л.М.Әуезованың жетекшілігімен 1972 жылы  және 2005 жылы жарияланған библиографиялық көрсеткіштердің тәжірибесіне сүйене отырып, соның тікелей  жалғасы ретінде толықтырылып, жазушы шығармаларын жанрлық тақырып бойынша бір ізге жүйелеп, әр тақырып пен тақырыпшаларға енген туындыларды өз ішінен хронологиялық тәртіппен орналастырған. Және М.Әуезовтің шығармашылығы жөніндегі  өзге авторлардың зерттелген, жазылған, қорғалған әдеби, ғылыми, сын жанрлардағы еңбектері әдістемелік талапқа сай алфавит тәртібімен берілген. 1997-2007 жылдар аралығын түгел қамтыған көрсеткішті құрастыруға «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызметкерлері мен ҚР Ұлттық кітапхана библиографтары атсалысты. «М.О.Әуезов шығармаларының жариялануы» («М.Әуезовтің әңгімелері, повестері, очерктері, романдары, пьесалары, либреттолары, сценарийлері, аудармалары, зерттеу еңбектері, мақалалары, М.Әуезов жариялаған  әдеби нұсқалар және оның қатысуымен шыққан еңбектер, оның сөйлеген сөздері, баяндамалары, хаттары, өмірбаяндық материалдар, толық, таңдамалы, жеке шығармалар жинақтары), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы» (М.О.Әуезовтің қоғамдық қызметі, педагогикалық қызметі, ол туралы естеліктер, М.Әуезовтің роман, повесть, әңгімелері, «Абай жолы» эпопеясы, пьесалары, публицистикасы, аудармалары, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тілі, құрылысы, т.б туралы), «М.О. Әуезов мұрасын зерттеу, насихаттау, оқыту» (М.Әуезовті зерттеу, музей үйі, мерейтойларын атап өту, есімін мәңгі қалдыру, Әуезов образы әдебиет пен өнерде, Әуезов шығармашылығынан қорғалған диссертациялар, т.б.) деген 3 бөлімде жазушы өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды көрсеткіштер тізімі көрсетілген ( Жауапты шығарушылар С.К.Майлыбай, А.Н.Нұрсейітова).  Бұл көрсеткіш М.Әуезов мұрасының мәңгілік қазына екендігін, оның көркемдік жетістігі мен ғылми ғибраты  әр кезеңнің ұрпақтарына үздік үлгі, үлкен ұлағат екендігін ұғындырады. Бір ғана жазушы шығармашылығының әр қыры жайлы  арнайы зерттеулер жүргізіп, диссертациялар қорғалып жатуы соның куәсі. Мәселен, 2011 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 688 беттік көлемді «Мұхтар Әуезов энциклопедиясындағы» «М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық қызме