«Сүйек иесі кім?» немесе Шортанбайдың ата-тегіне қатысты зерттеулер

Шортанбайдың нағашысы: Нақып қожаның Әзгелдіден тараған ұрпағы Есмағанбет қожа
Тікелей ұрпағы қалмаған Шортанбай Қанайұлының шежіресін алғаш рет «Фолиант» баспасынан 2011 жылы жарық көрген «Шортанбай Қанайұлы. Қай заман?» кітабында жария етті. Кітапты құрастырып, алғысөзін, түсініктерін жазғандар Қанипаш Мәдібаева, Кәмел Жүністегі.
Шортанбай мұраларын түгендеуде жазушы Кәмел Жүністегінің еңбегі орасан екенін айтып жүрміз. Ақынның отбасына қатысты деректерді, Шет ауданындағы көне көз қарияларданың жадында сақталған жырларын жазып алып, ақынның мұраларын толықтырған және Ақынның ескі жұртына, бұлағына, әкесі Қанайдың бұлағына, Нұра өзенінің бойындағы диірмені тұрған жерге азаматтарды жұмылдырып белгі қойған да осы кісі. Неше жылдар бойында Алматыдан Шортанбай ақынның зиратына зияраттап келіп-кетіп жатқан еліміздің зиялыларын, ақын-жазушыларды қарсы алып, шығарып салып жүрген шырақшылық міндеті де бөлек әңгіме.
Осы уақытқа дейін оның шыққан тегін, ата-бабасының шежіресін білгенмен, тікелей іздеушісі ұрпақсыз қалғаннан болар тереңдеп түгендеген ешкім болмаған. Дегенмен, алғашқы дерек «Шортанбай Қанайұлы. Қай заман?» кітабында жарияланды. Ақынның нағашысы Есмағанбеттің айтуынша тізілген шежіреде арғы бабаларын тарқата келе, Мәді Дуана-Қылыш Қожа, одан тарайтын Смаил, Жақып, Дәуіт, Көшек, Баба, Әуезбек деп жазды. Кәмел ағаның айтуынша, бұл деректі Қылыш Қожаның Көшегінен тартайтын жазушы Қалтай Мұхамеджанов та мақұлдаған екен. Бұл маңызды мәлімет. Осы ізбен зерттей келгенімізде 2005 жылы жарық көрген шежіре кітапта белгілі жазушы Қалтай Мұхмеджановтың ағасы Әбибұлла Мұхаметжанның Қылыш қожадан туған балаларын былайша тізімдегенін таптық: Көшек, Дәуіт, Смайыл әздер, Жақып, Әуезек Баба.
Смайыл әздердің тарихына кіріспес бұрын, Шортанбайдың шежіресін жеткізген нағашысына тоқтала кетелік. Ол туралы Жезқазғанда дүниеге келген, сол өңірде жасап жақында ғана дүниеден өткен Ауданбай қажы Ахметжанұлының құрастырған шежіресінен таптық.
«Мақтум Ағзамның ұрпағы Шахбүзірік бабамыздың Арқа бойындағы Тағылы тауын (қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы) мекендеген үшінші ұрпағы Нұрсәлім бабамыздан екі ұл – Хажы қожа, Нақып қожа тарайды. Нақып қожа бабамыздың қызы Шүкіманнан туған Шортанбай Қанайұлы – қазақтың көрнекті ақындарының бірі. Барша халықтың мұң-мұқтажын толғаған жырау өмірінің басым көпшілігін Арқаға танымал, аузы дуалы туған нағашысы Нақып қожаның елінде өткізген. Халқымызда «Адамды өскен ортасы тәрбиелейді» деген қағида бар.
Дін – Алла тағалаға құлшылық пен бірді-екілі шарттылықпен ғана түгесілетін дүние емес екенін, бүкіл тіршілікпен, жаратылыс құпияларымен астасып жатқан құлашы кең, күрделі ұғым екенін түсіне білген Шортанбай жырау өз толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсете білді. Өз заманының нақты сипатын таныта алған ақын баба өзіне Алла дарытқан көріпкелдік қасиеті арқасында болашақты да болжаған («Келер заман сипаты»).
1881 жылы дүниеден қайтқан ақынның денесі Нақып қожаның ұрпағы Ыбырайым қожаның мазарының іргесіне, Ақсу-Аюлының оңтүстігіне жерленген. Мұны Нақып қожаның Әзгелдіден тараған ұрпағы Есмағанбет қожаның балалары дәлелдейді.
Есмағанбет қожа өз кіндігінен тараған үш ұлы, екі қызына тәрбиені жастайынан ислам дінімен сабақтастырып, ұрпақ санасына адамгершіліктің биік шыңы – мейірімділік пен қайырымдылықты сіңіре білген. 1918 жылы дүниеге келген үлкен баласы Хасен Есмағанбетұлы ел басына күн туғанда қолына қару алып, қан майданға алдыңғылардың бірі болып аттанған.Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған соң халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етті. Ұзақ жылдар Қарағанды облысының көлемінде комсомол және партия жұмыстарында белді қызметтер атқарды. Шет аудандық әскери бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ауыл шаруашылық басқармасының басшысы, К.Маркс атындағы колхоз төрағасы, аудандық шикізат дайындау конторының директоры, С.Орджоникидзе атындағы совхоз директоры секілді көптеген лауазымдық қызметтер атқарған ол жергілікті және жоғарғы кеңестің депутаты болып бірнеше рет сайланған.
Есмағанбет қожаның екінші баласы Әбдісадық 1924 жылы туылған, Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан соң ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе жинақтаған Әбдісадық аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы, Ақадыр ауданына қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы совхоз директоры, аудандық Жинақ кассасының директоры, С.Орджоникидзе атындағы совхоз директоры қызметтерін атқарды. Шет және Ақадыр аудандарының партия комитетінің мүшесі, Халық депутаттары жергілікті кеңесінің депутаты болып сайланған абзал азамат.
Есмағанбет қожаның үшінші ұлы Самат 1937 жылы дүниеге келген. Шет және Ақадыр аудандарында, Қарағанды қаласының әкімшілігінде ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған.
Есмағанбет қожадан тараған ұрпақтар бұл күндері Қазақстанның түкпір-түкпірінде еліміздің тәуелсіз ел болып қалыптасуына өз үлестерін қосып жүрген айтулы азаматтар. Хасеннің баласы Марат көп жылдар Ішкі істер саласында мінсіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Әбсадықұлы Абай Қарағанды облыстық әкімшілігінде лауазымды қызмет атқарады. Саматтың балалары Жанар Астана қаласында Қаржы министрлігінде басқарма бастығы болса, Олжас – прокурор, Ләззат облыстық ауруханада жоғары санатты дәрігер. Қазақта «Әркімнің тауы өзіне биік» деген даналық сөз бар. «Алдыңнан артың биік болсын» деген аталарымыздың ақ батасы осы ұрпаққа да арнап айтылғандай. Білім мен имандылықты, адамгершілік пен парасаттылықты ту етіп ұстаған қожа ұрпағының бұл бір ғана парасы…» деп тәмәмдайды. Расында, Есмағанбет нағашысынан қалған шежіре болмаса Шортанбайдың ата-тегін анықтау қиынға соғар еді.
Смаил (Смайыл әздер) кім?
Алдымен көбімізге онша таныс емес Әздүр (Әздер) сөзінің мағынасына мән берсек, ол арабтың «азиз» – құдіретті, күшті, сирек, қымбатты, аяулы деген кең мағыналы сөзінен туындаған екен. Енді бір мағынасы «аздар» сөзі парсыша айдаһар деген ұғымды білдіреді.
Ақынның ата-тегін зерттеу барысында Қылыш қожалардың ата-мекені, ұлы бабаларының жатқан жері Сыр бойына жол түсті. Оның алдында Қызылордағы ағайындардың басында жүрген Жұмабай Омаров хабарласып, Смаилдың төртқұланың суретін жіберген еді.
Смаил Әздүрдің төртқұлақ кесенесі Қызылорда облысы аумағындағы Дуана қожа қорымында Қожан қожа, Қылыш қожа, Пірзада қатар жатқан кесененің жанында ғана екен. 1970 жылы 23 мамырда Смаилдың аталас ұрпақтары қабірдің үстіне төрт құлақты қорған соққан. Орнында ескі тас шыққан. Онда «Исмагил уфат» деген сөз анық сақталған екен.
Ескі зираттың жоғалып кетпеуіне күш салған азамат – Қалиев Бегәлі 1927 жылы 5 тамызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы қазіргі Ақжарма аулында дүниеге келген. 1948 жылы Қызылорда қаласына келіп, оқып еңбек жолын темір жолы саласында жұмыс істеген. Жәй жұмысшыдан бастап әртүрлі қызметтерден Қызылорда станциясының басшысына дейін көтеріліп сол салада 43 жыл еңбек еткен. КСРО-ның «Құрметті теміржолшысы». 2008 жылы дүниеден озды. Бегәлімен бірге Төлеш, Оспан есімді ағайындары ат салысқанын Жамаладтин Ханұлы растап отыр.
Жұмабай ағай бастаған біздерді қорымның басында Жамаладтин Ханұлы қарсы алып, әулет туралы біраз әңгімеге қаныққан едік. Әздердің қара шаңырағы есептелетін үйге барып, Тоты апамызға сәлем бердік. Бұл әулетте ескі шежіре, Смаил әздердің тәспісі, көне Құран мен аяттар мен сүрлердің жинағы тұр. Кезінде әулиелерден қалған асатаяғы, шапаны мен тақиясы болған екен. Соңғы жәдігерлерден көзжазып қалған. «Құнды дүниелер алдында Торғын деген әпкеміздің Тұрымбет деген қалпе әкеміз болған сол кісі ұстаған. Тұрымбетте бала болмаған, Әбентай деген інісі болған соған берген, қазір соның Жанболат деген ұрпағының қолында» деп дерек берді біздерді бастап апарған Жамаладтин.
Тәспінің әулеиге тиесілі болғанын мына бір жайт та айғақтайды деп Жамаладтин тағы да әңгімесін жалғастырған. «Әкем айтқан еді. Бірде аттан құлап қатты ауырып, қолы тұтып қалады. Сол елде Шаһар молдаға барса: «Әздердің тәспісі бар ма, ағаңда тұр ғой, Тұрымбет қалпе де, соны суға салып іш дейді. Сол суды ішкен кезде денені буып тұрған зәр шыққан екен. Содан сауығып кетеді. Соны шешеміз әлі күнге дейін пайдаланып отыр. Құран оқып тәспіні суға салып ауырған балаға ішкізсе тәуір болып кетеді» деді.
Тәспі туралы тағы бір аңыз бар. Өткен ғасырда әулеттің Айша деген келіні есі ауып ауырған ғой. Содан Шіркейлінің бір молдасына дем салып, оқытуға апарған. Молда: «Мен қазір оқимын, бірақ Смаил әздердің тәспісін әкеліңдер» деген. Содан Тұрымбет әкеміздің ойында ештеңе жоқ, тәспіні беріп жіберген. Молда оқыған. Айша тәуір болған. Келгенен кейін Тұрымбет әкеміз ауырған екен. Ауырғанда беті ауған жаққа шығып кете береді екен. Төңіректе Шата Жұмаділда деген молда бар, соған барып, Құран аштырып қараса, ол да тәспіні әкел дейді. Санап қарап, мынау түгел емес, түгендеп әкеліңдер дейді. Сөйтсе, алты тәспіні Ажарды емдеген Шаһар молда алып қалған ғой. Шата Жұмаділда тәспіні түгендеңдер десе де Тұрымбет әкеміз қалпына келмей сол күйі қайтыс болып кеткен екен. Айыбы болар, негізі сұрағанға ұстатып жібермей өзі апарып, алып қайтуы керек болды ма?! Аңызға бергісіз оқиға, мұның бәрі күні кеше, өткен ғасырдың соңында болған. Тәспі түгенделді ма деген ойман, санамалап көріп едік, алты тәспісі шынымен де жоқ екен. Ұсақ қызғылт тастарды үш жерден кептердің жұмыртқасындай үш жасыл тас бөліп тұр.
Әздердің рухани мұрасы қалды ма дегенде, алдымыздан мына екі шумақ шықты. Смайыл әздер заманында белгілі болған адам екенін замандастарының жырларынан білуге болады. Қыпшақ Қабылұлы Бұдабай ақынның:
Қожа Ахмет, Арыстан баб
Түркістанда тұрағы.
Әлемге жеткен атағы,
Дін исламның шырағы.
Солардан шыққан әулие,
Пайғамбардың тұяғы.
Ысмаил әздер, Құлболды –
Уәлилердің пырағы.
Сайыпназар ахун атақты
Білімнің аққан бұлағы.
Жауласқан елді дос еткен,
Сөзіне халқы тұрады – деген өлеңіндегі Ысмаил әздер Шортанбайдың атасы болуы мүмкін.
Осы есімдер мына шумақта да айтылады.
Тірегі мұсылманның Ажам, Араб,
Мұхаммед пайғамбардан шыққан тарап –
Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда
Кіші Мекке атанған алтын дарақ.
Алланың арыстаны Ер Әлінің
Мұхаммед-Ханафиясынан өскен тарап.
Ысмаил, Айқожа ишан, Сайыпназар
Солардан шыққан ұрпақ «Иа, Аллалап». (Палман шайыр)
Сыр бойына танымал екі шайырдың жырына қарап, оның бүгінде біршама зерттелген Айқожа ишан (1773-1858 ) Құлболды ишан Сұлтанұлы (1780 – 1860) Сайыпназар ахундардың (1810 – 1873) заманының алдында өткенін, елдің қәдірлісі болғанын білеміз. Бұл қасиетті ишандардың ғұмыры да оларды жырға қосқан шайырлар да Сыр бойында өткен, кесенелері де сол жақта.
(Осы жерден шығатын бір мәселе бар, яғни Смаил ма, Смайл әлде Ысмаил ма, қазақ емлесіне сәйкес бір ізге келтірген жөн болар. Әзірге дереккөздерде жазылған есімдерді өзгертусіз қалдырдық).
Айтқожа мен Мұсақожа бірге туған
Есмағанбеттен қалған шежіреде Смаил әздерден – Айтқожа одан Қанай одан Шортанбай тарайды. Қызылордалық қожалардың 2005 жылғы жарық көрген кітабындағы Қылыш қожалар ұрпақтары туралы Әбиббұлла Мұхаметжан (Қалтай Мұхамеджановтың ағасы) берген деректе Смайыл әздерден ұрпақтарды туралы деректер осы кітаптың 194-бетінен басталады.
Онда «3.Қылыштың тоқалдан туған Смайыл Әздер ата ұрпақтары» деп келіп, Смайыл Әздерден 5 бала – Әбдіраман, Әбдірейім (Әбдірахим), Әбдікерім, Абдулла, Ибраим (Базар қожа) – Әздер баласы» делінген.
Көріп отырсыздар бұл жерде Есмағанбет нағашысы айтқан – Айтқожа бұл тізімде жоқ. Осы арада Әбдіхалық туралы аңыздардың бір парасы құлағымызға жеткенін айту керек. Ол туралы үш түрлі аңыз бар екен. Барлығында да оның Қоқан хандығы тұсында үлкен ерлік көрсеткені, ел алдында болғаны айтылады. Аңыздың бір ұштығы Шортанбайдың әкесі Қанай Әбдіқалықтың лақап аты деген де бар. Содан Әбдіқалықтың ұрпақтарын іздедік. Ол Смайылдың үлкен ұлы Әбдіраманның баласы екен. Оның тікелей ұрпағы – Қызылорда тұрғыны сексеннен асқан Шәріп көкемен сөйлесіп, аталас бірге туғаны болмаса Шортанбайға тікелей қатысы жоғын білдік.
Шежіре қуалай келе, аталған кітаптың 197-бетінде Смаилдың Әбдірайымынан 2 бала – Мұсақожа, Айтқожа – ұрпақ жоқ деген дерекке шықтық. Тағы да көңілге түйткіл болып тұрғаны «4. Қылыш Бабаның Әздерінен (Әззер) тарайтын ұрпақтар деп – Базар қожа баба (Ыбырайым) дейді. Егер Смаил әздер мен Әззер екі адам десек бұның қисыны бар, алайда Ибраим (Базар қожа) Смаил әздердің бесінші баласы делінген. Бұл Смаил әздердің ұрпақтарының ішіндегі артында мұрасы қалған, атақты қорымы бар белгілі адам болған. Смаил ұрпақтары алғашқы нұсқаны құптайды.
Әр ата 25 жылдан есептелетін болса, Мұсақожаның бүгінгі ұрпақтарымен салыстырғанымызда былай шықты. Әбдірейімнен – Мұсақожа одан Сейдахмет, одан – Жанахмет, одан – Хан, одан – Жамаладтин. Жамаладтин – бізге мәлімет беруші, және Шортанбайға өте жақын туысы деп айта аламыз.
Шортанбай мысалында былайша келеді: Әбдірейімнен – Айтқожа одан –Қанай, одан – Шортанбай, одан – Аязбай, Алдаберген. Өкінішке қарай, Шортанбайдың екі баласының бірі жасында Арқада өлсе, екінші баласының өмірі белгісіз.
Кәмел ағаның айтуынша, «Шортанбайдың Алдабергені 1927 жылдары шамасында белсенділер зорлығына шыдай алмай түстік жақа кетіп қалғанда, 1931 жылы нағашылары Есмағанбеттің үйіне келіп, бір ай жатып қош айтысқан. Қиын-қыстау кезеңде елден кетуге мәжбүр болған Алдабергеннен тараған ұрпағы бар-жоғынан еш хабар жоқ» дейді. Егер есепке сүйенсек, жақсы заман болғанда Алдабергеннің бүгінгі күнде үшінші ұрпағы жасап жатар еді. Алайда Сырдың бойында олардың дерегі болмауы, тіпті одан өздерінің аталас ұрпақтарының хабарсыз болуын арадағы екі буынның қиын заманда өтіп кетіп, Шортанбай шежіресін жеткізе алмауында жатыр деп ұғамыз. Шортанбайдың мұрасы да өткен ғасырдың екінші жартысының соңында ғана ауызға алып, айтыла бастады. Демек, бірге туғандарының да ақын атын айтуға батылы бармағанын түсіну керек. Тағы бір қисынға салсақ, Қанай нағашыларын паналап кетіп, Шортанбайдың да сонда туып, Арқада жасап, Арқада өлуі болса керек.
Шортанбай Сыр елінде болды ма деген сұраққа келсек оның жырларының бұл өңірде де айтылғаны белгілі. Ә.Диваев қалдырған Шортанбай жырларының қолжазбасы бүгінде ең ескі қолжазбасы саналады. Бұл 1921 жылы Сырдария экспедициясынан жинаған 2 беттік 70 жолдай қолжазба.
Оның ескілігінің дәлелі ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарға дейін қолданылған ескі қазақ шағатай жазуында кездесетін әріптер (ض ,ص ,ظ ,ط ,نك) қолданылған.
Толығырақ: https://kozhalar.kz/202210462-shortanbaj-sozderining-eng-kone-qolzhazbasy
Екінші дәлел Ұлбике ақымен өлеңмен жауаптасуы. Ұлбике Жанкелдіқызы (1825 жылы, сырдария ауданы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1849 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Үшаралда қаза тапқан. Әйгілі ақын Ұлбике өзінің келте ғұмырында Күдері қожа, Майлықожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкелмен айтысқан. Шортанбаймен айтысы не сөз қағысы туралы ешқандай дерек болмаған. Ұлбикемен жиі айтысқан Күдері мен Таспаның Шортанбаймен немерелес ағайындар екенін ескерсек, ақынның атақты Ұлбикемен Сыр бойында кездесуі және сұрақ-жауап ретінде тілдесуі де әбден мүмкін. Толығырақ: https://kozhalar.kz/202210577-shortanbaj-men-ulbike
Бұл деректі жазып қалдырған Хакім-хазірет Омарұлы 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында дүниеге келген. Хакім-хазрет – кеңес заманында Семейдегі мешіттің имамы болған. Сәдуақас Ғылманидың қызметтес серіктесі, замандасы, мүдделес інісі болған. Айта кететін нәрсе, Шортанбайдың соңғы табылған, ешқандай цензураға түспеген қолжазба С.Ғылманидың мұрасының арасынан табылды.
«Сүйек иесі» Мұсақожа ұрпақтары
Смаил әздердің бүгінгі ұрпақтарынан сұрап білгенімізде Шортанбай ақынның келбетіне ұқсайтын әулеттегі кісілер Мұсақожаұлы Мәді – Әбдірейім ұрпағынан, Әбутәліпұлы Сүлеймен – Әбдікерім атадан, Сейітахметұлы Мырзахмет – Әбдірейім атадан, Сәркеұлы Қуаныш – Әбдіраман ұрпағынан бар екен. «Біз көрген, сақал қойған аталарымыз осы. Қазір сақал қоймайды әйтпесе шегір көз, жирен сары бауырларымыз көп» деп жауап берді Жамаладтин.
Осы күнге дейін Смаил әздер ұрпақтары Шортанбайды неге іздемеді деген сұрақ көкейімізден кетпей тұрғаны анық. Қазіргідей байланыс дамыған емес, өткен ғасырларда Сыр мен Арқаның арасының шалғайлығынан бөлек, дерегін білетіндердің ақын атын айта алмай кеткендігінен, кейінгілері хабарынан ажырап «дерек жоқ» деп қалуының тағы бір себебі бар. Әздердің Әбдірайымының Мұсақожа ұрпағы Мұхамеджан Ханұлымен жолығып, әулеттің өткен ғасырдағы тарихын сұрастырғанымда өткен ғасырдың басында дүниеге келіп, көп жасаған атасының төңкеріс басталған тұста, «қызыл билеті барларға тиіспейді екен» деп өзі бас болып партбилеттерді туыстарына үлестірген. Одан кейінгі ұрпақтары Мәскеуде оқып, орысша білім алып, үлкен қызметтер атқарып әулеттің құнды да қасиетті тарихынан қол үзіп қалған. Бұл бір әулеттің трагедиясы емес, сол кезеңге ортақ нәубет екенін қайталап айтудың қажеті жоқ шығар.
Шежірені парақтаған сайын кешегі өткен жақсылардың арасында небір сүйегі асыл, қасиеттілердің өткенін білдік. Ал дәл осы Айтқожамен бірге туған Мұсақожа ұрпақтарының бірінің түрмеде 20 жыл жатып, өлеңмен хат жолдап, хабар білгені, оған елде қалғаны бауырының өлеңмен жауаптасуынан жыр құдіретін осы әулетке молынан бергенін білдік. Өлең-хаттардың бір шамасы қолда бар. Сөз саптауына, өлеңмен төгілген зар-наласының Шортанбаймен үндес келетін тұстары да бары таң қалдырды.
Әрине, Шортанбай мұрасы қазақ халқының үлкен рухани байлығы. Оның құндылығы сол, отарлаудың қыл арқанымен қазақты ноқталағанда халықтың шерін жеткізді. Әлі де сол қамыт мойыннан түсіп, жүрегіміздегі тыртығы кеткен жоқ. Күндердің күнінде «реколонизация» дәуірі келгенде алдымен Шортанбайдың жырларынан бастарымыз анық. Шортанбай сөзі өте қуатты қару болмақ. Осындай ұлттық көлемде ақынның атын ұлықтап отырып, ата-тегін әспеттегеніміз әбестеу көрінеуі мүмкін.
Дегенмен, Шын аты Әлі-Мұхаммед, және өзі жазып қалдырған дұғасында, сонымен бірге өлер алдындағы ел-жұртына айтып кеткен сөзінде артында қалған ұрпақтың дұғасынан, Құран қатымынан дәметеді.
«Дұғамызды Алла қабыл қылсын! Бұл дүниеде аман қылсын, Ахиретте иман үшін. Бұны жазушы: Ғали қожа. Оқығандардан иман дұға үшін шын атым Мола Ғали Мұхаммед. Қолымнан келгені осы» деп жазылған дұғасы ғайыптың күшімен бүгінгі күнімізге жетіп отыр.
Үлкен ілімді молда, ислам білгіріне дәстүрлі дініміздің шегінде құран бағыштап, қандас туысының қол жайып дұға жасағаны тіріге ауа қандай қажет болса өліге де сондай-ақ болар. Көптен бергі ізденісіміздің қайыры болып, атасымен бірге туған ұрпақтың – «сүйек иелерін» тапқанымыз, алдымен аруақтың қалауы да болар. Бұл да ақын рухына деген құрметіміз шексіз сүйіспеншілігімізден екенін түсініңіздер.
Ақын мұрасын қастерлеп, насихаттап, әр сөзін тәпсірлеу жолында барша ғалым әдебиетшілер, тарихшылар, дінтанушылар ұлт жанашыларды әрекет ете берері анық.
Ал Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының шетіндегі қасиетті сүйек жатқан зиратты күтіп-баптап, дұғасын бағыштап, зиярат етушілерге жағдай жасап әулеиенің берекесімен де бөлісу – әруақ сыйлаған жолымыз.
Жақында Мұсақожа ұрпақтарының өкілдері Сыр елінен келіп Кәмел Жүністегімен жолығып, бабаларының басына барып құран бағыштады.
Айгүл Уайсова