
Йасауи, Ахмад Yasavī, Ahmad*
Ахмад Йасауи, аймақтың танымал сопылық қайраткері, кейіннен Йасауийа сопылық тариқатының негізін қалаушы ретінде танылған. Орта Азиядағы оның есімімен байланысты танымал қасиетті орын, Амир Тимурдің бұйрығымен XIV ғасырдың соңында салынған кесенеде орналасқан. Ең алғашқы дереккөздерде ол тек «Шайх Ахмад Йасауи» деп аталған, бірақ ол көбінесе оның есіміне «Ходжа» титулын қосу арқылы белгілі болған. Оның қасиетті бейнесі түркілермен тығыз байланыста болды. Ерте дереккөздерге сәйкес, олар оны «Ата Йасауи» деп құрметтеген, бұл жерде «ата» дегеніміз «әке» мағынасында. Осылайша ол «түркі шайхтарының жетекшісі» ретінде танылған. Ахмад Йасауидің Орта Азиядағы сопылық шайх ретінде тарихи тұлға болғаны туралы еш күмән жоқ болғанымен, оның өмірі туралы ақпарат өте аз. Оның қай жылы қайтыс болғаны белгісіз, бірақ қайтыс болған жылы ретінде көбінесе 562 һ.ж./1166-1167 м.ж. болжалады, бірақ бұл дата оның сопылық силсилаларындағы орны туралы даулы мәлімдемелер негізінде ұсынылған және негізсіз болып табылады. Оның өмір сүрген кезеңі туралы әңгімелерде айтылған жанама дәлелдер оны XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында өмір сүрген деп көрсетеді. Йасауи аймақтық сопылық шайх ретінде тұрақты түрде суреттеледі, әсіресе «Түркістан» деп аталатын аймақпен, яғни ішкі Азия даласының көшпенді түркілеріне дейінгі қалалық Мауараннахр өркениеті арасындағы шекаралық аймақпен байланыстырылған. Ол қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Түркістан қаласымен (қазіргі аты Түркістан) байланысты. Бұл жерде оның танымал кесенесі орналасқан. Осылайша, ол көшпенді түркі тайпаларының ортасынан шықпай, исламның оның уақытынан екі ғасыр бұрын орныққан қала ортасындағы көшпенділердің ортасынан шыққан. Йасауидің Орта Азияның, немесе түркі көшпенділерінің исламдануына белгілі бір тарихи рөл атқарғаны күмәнді. Йасауидің отбасы туралы дәстүрлер айтарлықтай өзгеше, бұл оның ата-бабаларының әңгімелері кем дегенде әлеуметтік топтардың артықшылықтар мен қасиетті адаммен генеалогиялық байланыстарды мүдде етуге негізделген бәсекелестік шеңберінде дамығанын көрсетеді. Қалай болғанда да, генеалогиялық деректер Йасауидің қасиетті беделінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. XIV ғасырдың ортасында жазылған дәстүрлер оның ‘Алидің ұлы Мухаммад б. ал-Ханафийадан тарағанын көрсетеді, оның ішінде Исхақ Баб сияқты қаһарманымен қоса Сырдария аңғарында исламды орнатқан жауынгерлер мен билеушілер ретінде суреттелген. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның басқа да өңірлеріндегі қауымдар арасында сақталған генеалогиялар бұл топтардың Ахмад Йасауимен туыстық байланысын дәріптейді. Ахмад Йасауидің сопылық оқуы туралы деректерді бір-бірімен сәйкестендіру өте қиын. Отбасылық деректер сияқты, олар да әуел баста бәсекелестік мақсатта таралған дәстүрлерді бейнелейді. Ең танымал дәстүр бойынша Йасауиді Йусуф
Хамадани (1140 ж. қ. б.)-дің төрт ізбасарының үшіншісі ретінде көрсетеді және оның туған Түркістанына оралу үшін Хамадани шеңберіндегі көшбасшылығынан бас тартқанын, шәкірттерін Хамаданидің төртінші ізбасары ‘Абд ал-Халиқ Ғидждуваниға (кейінгі Нақшбандийа дәстүрі өз силсиласын осы тұлғаға байланыстырады) тапсырғанын растайды. Бұл оқиға хронологиялық тұрғыдан қарастырылғанда күмән тудырады және оның Ғидждувани ізбасарларымен бәсекелестікке түскен кезде Йасауиден тарайтын сопылық дәстүрді заңсыз деп көрсетуге тырысқанының айқын белгілері де байқалады. Дегенмен, бұл оқиға Нақшбандийа дереккөздерінде көп кездескендіктен Йасауидің мистикалық силсиласы туралы кейінгі еңбектерде жиі айтылатын нұсқасы болды. Керісінше, Нақшбандийа шеңберінде жасалмаған немесе олардың ықпалымен жасалған Йасауидің рухани оқуы туралы хикаялардың көпшілігі Йасауидің бірнеше сопылық ұстаздардан оқығанын растайды. Олардың арасында ең танымалы Шихаб ад-дин ‘Умар Сухраварди (1234 ж. қ. б.). Сондай-ақ, Йасауидің Хизр пайғамбардан оқығаны және оған Арслан Баб деген жұмбақ тұлға арқылы Пайғамбардан мирас берілгені айтылады. Соңғысын «шамандық» тұлға ретінде көрсетуге немесе Йасауидің исламға дейінгі түркі діни дәстүрлеріне қанық болғанын, оны белгілі бір доктриналық немесе сектанттық бағдармен байланыстыруға еш негіз жоқ. Көптеген Ахмад Йасауи туралы мәліметтер негізінен XVI ғасырдан ерте жазылған жоқ, әрі олар оны әулиелік кереметтер көрсеткен тұлға ретінде сипаттайды. Өте аз бөлігі ғана оны ханақа орталығында шәкірттерге сабақ беріп, бағыт-бағдар берген сопы ұстаз ретінде көрсетеді. Йасауийа дәстүрімен байланысты ерте сопылық дәстүрлер оның өмірі сияқты белгісіз. Нақшбандийа деректерінде оған қатысты төрт шәкірттің екеуінің есімдері ғана белгілі. Йасауийа сопылық шеңберлерінің ішкі дәстүрлері оның үш басты шәкірті болғанын айтады: Хаким Ата, Сопы Мухаммад Данишманд және Баба Мачин. Бұлардың ішінде біріншісі XV ғасырдан XVIII ғасырға дейін Орталық Азияда әрекет еткен Йасауийа тариқатының басты шәкірті болып табылады. Екіншісі Исма‘ил Ата есімді тұлғамен байланысқан, маңызды бірақ танымал емес сопылық линияның рухани атасы болған. Үшіншісі биологиялық тектілікті насихаттаған деп есептеледі. Йасауи есімімен аталған сопылық дәстүр «ара зикр» деп аталатын зикрді (дыбысымен аталған) және мистикалық оңашалануды (халват) қолдануымен ерекшеленген, бірақ ол XIII ғасырдағы Шығыс ислам әлеміндегі басқа негізгі сопылық қауымдастықтардан айрықша доктриналық, ритуалдық немесе әлеуметтік бағыттарымен ерекшеленбеген. Йасауи шариғатқа күмәнданатын немесе оны елемейтін біртүрлі «гетеродокс» исламды ұстанған деген жиі кездесетін пікір Орталық Азия деректерінде қолдау таппаған. Ахмад Йасауидің атымен нақты байланысты жазбаша жұмыс бізге жеткен жоқ. Шағатай түркі тіліндегі өлеңдердің жинағы ретінде белгілі «Диуан-и хикмат» қазіргі уақытта оған жатады деп есептеледі, бірақ ішкі және сыртқы дәлелдер бұл мәлімдемені қолдамайды. Сондықтан, оның басты мұрасы оның атымен байланыстырылған сопылық дәстүрде жатыр, бұл дәстүр әсіресе Орталық Азия түркі халықтары арасында сопылық рәсімдер мен діни практикаларды кеңірек әлеуметтік ортаға таратуда маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, Йасауидің естелігі оның кесенесімен және онымен генеалогиялық байланыстағы топтармен байланысты халықтық дәстүрде өмір сүруде және әлі де сақталуда. [Қар. және: Қазақстан; Ханқаһ; Нақшбандийа; және Суфизм].
Библиография
DeWeese, Devin. The Mashāʾikh-i Turk and the Khojagān: Rethinking the Links between the Yasavī and Naqshbandī Sūfī Traditions, in: Journal of Islamic Studies 7 (1996), бб. 180–207. Köprülü, Mehmet Fuad. Early Mystics in Turkish Literature. Ағылшын тіліне аударған және өңдеген: Gary Leiser and Robert Dankoff. Forword by Devin DeWeese. London and New York, 2006. Бұл еңбек Ахмад Йасауи туралы ең маңызды (бірақ ескі) зерттеулердің бірі болып саналады (алғаш 1918 жылы жарияланған), соң кең түсіндірмелермен толықтырылған. Privratsky, Bruce G. Muslim Turkistan: Kazak Religion and Collective Memory. Richmond, Surrey, U.K., 2001. Қазақстанның оңтүстігіндегі исламның этнографиялық зерттеуі; Йасауи кесенесі мен әулетіне байланысты дәстүрлердің ықпалына қатысты мол деректерді қамтиды.
* Алғашқы жарияланған жері: DeWeese, Devin. “Yasavī, Aḥmad,” in: The Oxford Encyclopedia of the Islamic World, ed. John L. Esposito (Oxford: Oxford University Press, 2009), vol. 6, бб. 15–16.
Девин ДиУис. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы. Ағылшын тілінен қазақ тіліне аудармасы / Аударған: Камила Муминова. Баспаға дайындағандар: Ұрқия Утепбергенова, Әшірбек Муминов, Нұрлан Дүкенбаев және Селахаддин Уйгур. – Ыстамбұл, Алматы: «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, IRCICA, 2025. – 688 б. – (Ислам өркениетінің тарихы бойынша дереккөздер мен зерттеулер сериясы; № 61) ISBN: 978-92-9063-453-9





