Сыр-сұхбат

Асылзада

Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед
Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед

Маған ғұмыр сыйлап, атадан төртеу болса да, әкеден жалғыз өскен, он перзент тәрбиелеп, тұтас әулет қалыптастырған асқар таудай ардағымыз – Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед биыл тоқсанның төріне шығады.

Бұл еңбегімді қолыма алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құранның» аяттарын үйреткен, ата-бабаларымның есімдерін жаттатқызып, халық әдебиетінің мол мұрасымен сусындатқан асылзада әкемнің торқалы тойына арнадым.

Киелі әулет

Қазақ дәстүрі бойынша жөн сұрасу азаматтың туған ел, өскен жерін, ата-тегі мен сүйегін білісуден басталады. Бабалар жоралғысын ұстай отырып, бүгінгі әңгімені ата шежіресінен өрбіткенді дұрыс көрдім.

Есімдерін бала күнімнен жаттап өскен менің бергі бесінші атаға дейінгі  бабаларым Шығыс Қазақстан өңірінде өсіп-өнсе, арғы аталарым қасиетті Түркістан жерінен шыққан екен.

Мұхаммед пайғамбарымыздың көзі тірі кезінде-ақ дүниенің төрт бұрышына шеру тарта бастаған мүбәрак дінімізге кірушілер қатары тура жолды халифтер (хулафа ар-рашидин): Әбубәкір, Омар, Осман және Әлилердің тұсында барынша көбейіп, бүгінгі  Мысыр, Сирия, Ирак, Иранға, уақыт ағысымен Әму мен Сырдың жағасына да жетіпті.

Омейядтар халифаты (661-750) дәуірінде исламның жасыл туы Сайрам, Түркістан, Тараз қалаларында желбіреді. Хорасан билеушісі болып тағайындалған дарынды қолбасшы Құтайба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны, 712 жылы Хорезм мен Самарқандты, 713 жылы Шашты (Ташкент) алып, ежелгі Түркістан төңірегін түгелдей сәждеге жығады. Түбі араб болса да, кейін жергілікті халық арасына балдай батып, судай сіңіп кеткен қожалар әулетінің алғашқы легі қазақ жеріне мұсылман дінін әкелген Құтайбаның жорықтары кезінде келді.

«Қожалар» деп бүгінде екі миллиардтан астам ислам уммасына құрамындағы түрлі ұлттар мен ұлыстар арасына қасиетті дініміздің    шуағын  шашуға  келген Мұхаммед  пайғамбарымыз бен оның төрт халифы – Әбубәкір, Омар, Осман және Әлиден тарайтын ұрпақтарды айтады. Шығу тегі  және таралған халықтардың  тілі мен салт-дәстүрлеріне сай «қожа», «сейіт», «махтым», «шәріп», «ишан», «ашраф», «садат», «әулет» т. б. түрде аталғанымен, барлығының ата-тектері  пайғамбарымыз бен оның киелі жолын жалғаған төрт халифтен (парысша «шар йар») өрбіді.

Пайғамбар әулеті жайлы әлемнің алуан тілдерінде жазылған сан түрлі  зерттеулер жетіп артылады. Бүгінгі таңда Мұхаммед пайғамбардың өміріне ғана қатысты мыңдаған жинақтар жарық көрсе, Иран Ислам Республикасында Әзірет Әлидің ғұмыры, қызметі мен ұрпақтарына арналған 12  томдық арнайы  есімнамалық энциклопедияға дейін басылып шықты. Араб,  парсы, түркі тілдерін айтпағанда,   ағылшын, неміс,  француз және  испан шығыстанушылары  жазған пайғамбар  әулеті туралы еңбектерден  тұтас  кітапхана құрастыруға  болады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін исламның тарихы,  оның Қазақстанға таралуы, дін аша келген әулие-әнбиелер мен олардың ұрпақтары, қожалардың түрлі шежірелері мен насабнамалары жөнінде үлкенді-кішілі танымдық, шежірелік, ғылыми зерттеу еңбектер жарық көрді.

Ғылым болған жерде түрлі ғылыми ұстанымдар мен болжамдар, пікір таласы кездесетіні заңды құбылыс. Оның үстіне соңғы  үш ғасыр ішінде әуелі патшалық Ресейге бұратана ұлт ретінде бодан болған, кейін Кеңес Одағы құрамында коммунистік идеологияға амалсыз мойынсұнған кезеңдерде қазақтардың тұтас бөлігі ата тегінен, бабалар шежіресінен, дін тарихынан көз жазып қалды. «Ұлтшыл», «діншіл» деген айыптаулардан қорыққан жұрт қанды репрессиялардың оты өршіген жылдары қолындағы шежірелері мен діни кітаптарын өртеп, көзін жоюға тырысты. Соған қарамастан кейде шекара асып, енді бірде «жеті құлыптың» ар жағында сақталып, атадан  балаға құпия жолмен  мирас етілген  көне қолжазбалар мен сирек  кездесетін кітаптардың бір  парасы бүгінгі күнге аман жетті. Олардың басым  бөлігі орталық  кітапханалардың  қарапайым оқырманның қолы жете бермейтін арнайы қорларында сақталып келді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін,  туған жерінен тамыры үзіліп қалған  қандастарымыздың   ата-жұртымен  қауышуының  арқасында, кейін «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде шет елдердің   кітапханалары мен мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты ескілікті  қолжазбалар, талай  құнды еңбектер мен көне жәдігерлер оралды. Құпия  қорлар  ашылып, ондағы деректер де баспа  бетін көре бастады. Игілікті іске отандық тарихшылар мен шығыстанушылар бел шеше  кірісіп, жаңа  зерттеулерін жариялады.  Жазылған еңбектердің авторларына шын көңілден алғысымды айта отырып,  ешкіммен сөз жарыстырмай-ақ   бір атаның шежіресі мен тарихы  негізінде осы тақырыпқа байланысты ой-пікірімді ортаға салайын.

Сүйікті пайғамбарымыз арабтың аса беделді «Құрайыш» тайпасының «Хашим»  тобынан шықты. Пайғамбар өмірін  зерттеушілер  оның әулет шежіресін  ұлы  бабасы Хашим ибн Абд Манаф әл-Қурайштен  (464-497) бастайды.  Мұхаммедтің Қасым және Абдалла есімді ұлдары шетінеп,  ұрпағы қыздарынан жалғасқандықтан қасиетті әулет өкілдерінің шежіресін пайғамбардың бабасынан тарататын дәстүр қалыптасқан. Ғылыми әдебиетте оларды ерекше қастерлеп, хашимиттер деп атайды.

Хашимиттер әулеті ХХ ғасырдың басына дейін Меккені билеп, Ирак пен Сирияны басқарған халифтер қатарында да болды. Иорданияның бүгінгі патшасы Екінші Абдалла мен оның Хусейн бен Талал бастаған ата-бабалары да күллі мұсылман дүниесі айрықша құрметтейтін хашимиттер әулетінен шыққан.

Хашим атамыздың ұрпағы Меккенің билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген Абд әл-Муталлиб ибн Хашим (497-578) арқылы тамырын жайды.  Оның 10 ұлы, 6 қызы болыпты. Хашимнің екі ұлының  есімі ислам тарихында өшпестей етіп жазылып қалды. Оның бірі – пайғамбарымыздың әкесі Абдулла ибн Абд әл-Муталлиб. Ол Әмина анамызға үйленіп, екеуінің жұбынан қасиетті пайғамбарымыз Мұхаммед дүниеге келді. Жалғыз Мұхаммедтен басқа перзент сүймеген Абдулланың өмірі қамшының сабындай қысқа болып  25 жасында  көз жұмады.

Хашимнің екінші ұлы – Абу Талиб Абд Манаф ибн Абд әл-Муталлиб інісі Абдулла дүние салғанда оның ұлы Мұхаммедті бауырына басып, өзі тәрбиелеп өсіріпті. Абу Талибтен аты аңызға айналған Әли ибн Әбу Талиб, қазақша айтқанда Әзірет Әли туады.

Әзірет Әли мұсылман уммасын екіге бөліп тұратын сунниттер мен шииттердің екеуіне бірдей қасиетті тұлға саналады. Әли 9 жасында ислам дінін қабылдаған ең жас мұсылман және «Алланың арыстаны» деген айбарлы атақ алған пайғамбар әскерінің бас қолбасшысы ретінде тарихқа енді.

Пайғамбарымыздан кейін билік құрған Осман халиф бүлікшілер тарапынан қастандықпен өлтіріліп, бұлғақ заман басталғанда таққа отырған Әли елдің басым бөлігінде темірдей тәртіп орнатады. Бірақ Халифаттың Сириялық жағында билік жүргізіп отырған Муауия ашық қарсылыққа шығып, бүлік бастайды. Әли 657 жылы Муауияның қалың қолын ойсырата жеңіп, 45 мың әскерін қазаға ұшыратқан кезде муауиялықтар найзаларының ұшына «Құранның» аяттарын көтеріп шығады. Құдай сөзін көтеріп шыққандарға қарсы қылыш суырмау үшін Әли қырғын соғысты тоқтатады.

Әлиге қастандық ұйымдастырушылар астыртын әрекетке көшеді. Олар көздеген мақсатына 661 жылы жетіп,  намаз оқу үшін мешітке кірген Әлиді уланған қанжармен жаралайды. Өмірден өтетін сәті жақындағанын сезген Әли балаларын шақырып алып, соңғы өсиетін айтады. Әли өмірін зерттеушілер оның ақырғы аманаты ретінде бірінші әйелінен туған Хасан мен Хусейнге тату болуды және екінші әйелінен туған ұлы Мұхаммедке қамқорлық көрсетуді тапсырғанын жазады. Оның ұлдары әке аманатына адал болды.

Әли мұсылман әлемінде қасиетті пайғамбарымыздан кейін айрықша даңқ пен құрметке бөленген тұлғаға айналды.  Өмірі мен таңғажайып ерліктері ән мен жырға қосылып, түрлі дастандар, аңыз әңгімелер күйінде бүгінгі күнге жетті.

Пайғамбарымыздан кейінгі төрт халифтің ішінде есімі түркі халықтарына ерекше танымал болғаны да  Ғали Арыстан еді. Орта Азия жерінің топырағына табаны тимесе де бұл аумақта Әли болған, шайқасқан, ерлік жасаған, қонған, тіпті жерленген дейтін қасиетті орындар көп.

Әли мен Фатимадан Хасан, Хусейн, Мухсин атты үш ұл және Зейнеп, Умм Гүлсім атты екі қыз дүниеге келеді.

Әлидің қазасынан соң бесінші халиф болып билік басына келген Хасан тақ үшін тұтанған талас-тартыста жазықсыз жандардың қаны төгілмеуі үшін өз еркімен орнын қарсыласы бірінші Муауияға беріп, бейбітшіл, бітімгер, мейірбан тұлға ретінде тарихта атын қалдырды.

Ғылыми әдебиетте «хасанидтер» деп аталатын Хасанның ұрпақтары бүкіл ислам әлеміне қанат жайып,  әр заманда Мекке, Марокко, Йемен, Судан, Мысыр, Тунис, Ливия, Испания (Кордова халифаты)  т.б. мұсылман мемлекеттерінде билік құрды. Мароккодағы билік 1664 жылдан бері Хасанның тікелей ұрпағы саналатын сұлтандар мен патшалардың қолында.  Елдің қазіргі басшысы Мұхаммед VІ – төрт жарым ғасыр бойы билігі үзілмей келе жатқан осы әулеттің өкілі. Мұсылман әлемінде Хасанның ұрпақтарын «шәріп» (асыл текті) деп құрметтейді.

Әли мен Фатиманың екінші ұлы Хусейн бірінші Муауия өлгенге дейін билікке араласпай, әліптің артын бағады. Муауия дүние салысымен халықтың көбісі оның зорлықшыл билігіне қарсы шығып, пайғамбар заманындағы сайланбалы халифтер тәртібін қалпына келтіруге әрекет жасайды.

Алмағайып заманда Куфа қаласының тұрғындары Хусейнді билік басына келуге шақырады. Бірақ Муауияның жауыз ұлы Язид Хусейн жіберген  елшіні  өлтіріп, шағын топпен алаңсыз  келе  жатқан оның  барлық жақтастарын, соңына ерген ұлдары мен жақын туыстарын Кербаланың шөлінде аяусыздықпен өлтіреді. Қанды қырғында  ғайыптан аман қалған Хусейннің ұлы Зейін әл-Абидин ғана кейін әкесінің ұрпағын жалғастырып, саясатқа, билікке араласпай, бүкіл өмірін дін жолына бағыштайды. Ислам дінін таратуға аса зор үлес қосқан Зейін әл-Абидиннің ұрпақтарына мұсылман елдерінің басым көпшілігінде зор құрметпен «сейіттер» (көсем, басшы) деп ілтипат танытады. Иран, Түркия мен Орталық Азиядағы бірқатар билеушілер Әли тұқымына қатысы болмаса да өздерінің ата тегін «сейіттерден» таратқан. Қазақтар арасындағы «Сейіт қожалар» мен «Қылышты қожалар» Зейін әл-Абидиннің ұрпақтары болып саналады.

Әли Фатимадан кейін Бану Ханифа тайпасының билеушісі Джаффар ибн Қайсаның қызы Хаулаға үйленеді (тағы бір деректерде оны Рум патшасының қызы деп айтады). Бұл әйелден Мұхаммед есімді ұл туады. Кейін ол күллі мұсылман дүниесіне имам Мұхаммед ибн Әли әл-Ханафия немесе Мұхаммед-Ханафия деген атпен мәшһүр болады. Одан өрбіген мол ұрпақтың ғылым тіліндегі атауы –  «мұхаммадиялар». Қазақстанда кең тараған Қорасан қожа, Бақсайыс қожа, Аққорғандық қожа, Қарахан қожа, Дуана қожалар – түгелдей имам Мұхаммед-Ханафияның ұрпақтары. Мұхаммед-Ханафияның есімі араб, парсы жұртынан гөрі түркі халықтары арасына кеңінен жайылды.

Туған ағалары Хасан мен Хусейн жауыздықпен өлтірілгеннен кейін Мұхаммед-Ханафия ендігі жерде омейядтар билеген халифатта өзіне тыныштық болмайтынын сезіп, қалған өмірін саясат пен билікке емес, ислам ашу ісіне арнайды. Осындай ізгі мақсатпен ол мұсылман діні енді бүршік жара бастаған шығысқа қарай бет түзейді. Сондықтан оның ұрпағы Орталық Азия мен Қазақстан жерінде қаулап өсіп, түркі халықтары арасында айрықша құрметке бөленеді.

Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін Мұхаммедтің ең сенімді серігі болған Әбубәкір ас-Сыддық  халиф билігіне ие болады. Әбубәкір өзінің сүйікті қызы Айшаны Мұхаммедке ұзатып, пайғамбарымыздың көзі тірісінде-ақ оның жақын туысына айналады. Қара қылды қақ жарған әділдігі әрі шыншылдығымен аты шыққан ол билік құрған кезде халифат территориясы ұлғая түскен. Қазақстанда Әбубәкірден тарайтын ұрпақ өздерін «Сунақ қожалар», «Қылауыз қожалар» және «Шәмші қожаларға» жатқызады.

Әбубәкірден кейін халиф билігі Омар ибн әл-Хаттабтың қолына тиді.  Ол да пайғамбарға шексіз берілген әрі оның басшылығымен дін жолындағы барлық соғыстарға қатысып, қаһармандығымен танылған ержүрек адам еді. Омардың екі қызы болған. Үлкен қызы Хафсаны Мұхаммед пайғамбарға ұзатады.

Мен 2003 жылы Дамаскіде болып, әл-Фарабидің жатқан жерін іздегенімде білетін адамдар ғұлама бабаның зираты пайғамбарымыздың зайыбы Хафса анамыздың күмбезінің маңында екендігін айтты.  Шындығында әл-Фараби мен Хафса анамыздың зираттары Дамаскідегі «Баб ас-Сағир» атты көне қорымдар кешенінде бір-біріне жақын орналасқан болып шықты.

Қолбасшылық талантын пайғамбарымыздың өзі ерекше бағалаған Омар билік құрған кезде халифат Палестина, Сирия, Ирак және Иранның басым көпшілігін жаулап алды. Иерусалимді византиялықтардан азат етіп, ондағы шіркеулер мен ғибадат орындарына түгелдей еркіндік берді. Пайғамбарымыз миғраж түні көкке көтерілген орынға бірінші болып өзі зиярат етіп, ондағы осы заманға дейін жеткен әйгілі «Құббат ас-Сахра» (Жартастағы күмбез) мешітінің іргетасын қалайды. Ғайса пайғамбар жатқан «Гроб Господня» храмына келіп, оның рухына да дұға жасап, ізгіліктің тамаша үлгілерін көрсетеді. Араб билеушілері ішінде алғашқылардың бірі болып, Византия отарындағы Египетті азат етіп, Александрияға дейінгі аумақты түгелдей халифат билігіне қаратты.  Хижра жыл санауын да халиф Омар енгізді.

Қазақта Омардан тараған ұрпақтар «Қырық садақ қожалар», «Шайхантауырлық қожалар», «Бабайлық қожалар» деп аталады.

Омардан кейін халифат билігі Осман ибн Аффанға көшеді. Ол Мұхаммедтің үш атадан қосылатын жақын туысы еді. Осман әуелі пайғамбардың үлкен қызы Рукайяға, ол қайтыс болған соң сіңлісі Умм Гүлсімге үйленіп, «зун-нурайн» (екі нұрдың иесі) деген құрметті атаққа ие болады.

Осман билік құрған мезгілде халифат осы күнгі Грузия, Армения, Әзербайжанға дейінгі жерді жаулап, Хорасан мен Мервті, қазіргі Түрікменстанға дейінгі аумақты ислам билігіне қаратады. Тұңғыш рет Жерорта теңізінде Араб флоты жасақталып, теңіздегі үстемдікке жол ашылады.

Османның кезінде «Құран» мәтінін жинау, жүйелеу ісі толықтай аяқталады. Ол қасиетті кітапты алты данаға куфа қарыбымен көшіртіп, халифаттың  бес орталығына жіберіп, алтыншы данасын өзіне қалдырады.

Осман билігінің соңында болған бүлік кезінде көтерілісшілердің бірі оны иманға ұйып, «Құран» оқып отырған жерінде өлтіреді. Кейін қасиетті кітаптың Османның қаны тамған дәл осы данасын Ақсақ Темір түрік сұлтаны Баязитті жеңіп, еліне қайтар тұста Дамаск қаласынан тауып, Самарқандқа әкеледі. Орыс отаршылары Самарқандты жаулағаннан кейін Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфман қолжазбаны Санкт-Петербургтегі Императорлық кітапханаға сыйға тартады. Қасиетті кітапты орыс шығыстанушысы А.Ф.Шебукин 1891 жылы жан-жақты зерттеп, толық сипаттамасын жасайды.

Революциядан кейін 1917 жылы Халық комиссарлары кеңесінің арнайы шешімімен әуелі Петроград мұсылмандарына, кейін Уфаға, ал 1921 жылы Түркістан мұсылмандарының өтініші бойынша Лениннің тікелей пәрменімен Осман «Құраны» Ташкентке қайтарылады.

Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін Ташкент қаласында 2007 жылы «Хазірет Имам» күмбезді мешіті салынып, оның төріне халиф Осман заманынан жеткен қасиетті «Құранның» түпнұсқасы қойылды. ЮНЕСКО халықаралық ұйымы тарихилығын растап арнайы сертификат берген бұл  «Құранды» мен Елбасының 2006 жылы Өзбекстанға жасаған ресми сапары кезінде өз көзіммен көріп, оның халиф Омардың қолының табы қалған киелі парақтарына маңдайымды тигізіп, тәу еттім.

Қазақстандық қожалар арасында халиф Османнан өрбіген ұрпақ жоққа тән. Түрікмен қожалары ішіндегі «Омар ата», «Нұр ата» әулеті халиф Османның ұрпақтары болып саналады.

Сонымен киелі әулеттің көш басында тұрған пайғамбарымыздың үшінші атасы Хашимнен тамырын тартқан ұрпақтарды  ғылыми әдебиетте қалыптасқан дәстүр бойынша «хашимиттер», Әзірет Әлиден тарайтындарды «әлидтер» дейміз. Оның бірінші әйелі Фатимадан туған ұлдары: Хусейннен өсіп-өнген ұрпақтар – «хусейнидтер», Хасаннан өрбігендері  – «хасанидтер»,  ал Әлидің екінші әйелі Хауладан туған ұлы Мұхаммедтен тараған әулет «мұхаммадиялар»  болып саналады.

Пайғамбардан кейінгі тура жолды төрт халифтен («әл-хулафа ар-рашидун») жалғасқан ұрпақтар шығыстану ғылымында қалыптасқан дәстүр бойынша: «сыддықидтер» (Әбубәкір ас-Сыддық), «омаридтер» (Омар ибн Хаттаб) және «зун-нұридтер» (Осман ибн Аффан) деп аталады.

Бабалар шежіресі

 Қасиетті пайғамбарымыздың киелі ұрпағына жасалған қысқаша шолуымызды осымен тәмәмдап, өз ата-бабам тарайтын Бақсайыс қожалар тарихын баяндауға көшейін.

Ата-бабасының шежіресін білмейтін қазақ сирек. Баласының тілі шығысымен-ақ әкесі оған жеті атасын жаттатқызады. Бұл – халқымыздың қадым замандардан бүгінгі күнге дейін өрмегі үзілмей жеткен өнегелі дәстүрі.

Әкем маған бала кезімнен-ақ жеті атамды жаттатқызып қана қоймай, ғасырлар қойнауына сүңгітіп, әулие-әнбиелердің таңғажайып істері, қасиетті пайғамбарымыз бен оның сахабаларының тарихы жайлы қиял-ғажайып ертегілеріне бергісіз қызықты хикаяттарды әңгімелеп беретін.

Қолыма алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын «Құранның» аяттарын жаттатқызған да ардақты әкем болды. Айт-арафа, ораза күндері үйге келген қонақтардың көзінше маған «Фатиха» мен «әл-Ихласты» жатқа айтқызып, өзі мейірлене қарап отыратын. Үміт әжем әкемнің үйреткендерін жатар алдында қайталатып, «балам, кейін мен өлгенде басыма келіп осы үйренгеніңді оқитын бол» дегенде, әжем дәл бүгін өліп қалатындай: «Апа, (мен әжемді осылай деуші едім) өлмеңізші. Мен оны Сізге кез келген уақытта оқып беремін», – деуші едім жалынып.

Әкемнің арқасында мектепке дейін-ақ қара танып, батырлар жыры, ғашықтық дастандарды әжеме дауыстап оқып беретін дәрежеге жеттім.

Ол мені осылай жетелей отырып, 13-14 жасқа келгенімде өзі көбінесе «насабнама» дейтін бабалар шежіресімен таныстыра бастады.

Бұл ұзындығы 5-6 метрге дейін жететін шиыршықталған пергамент тектес қатырма қағазға басылған, әрбір ата-бабамыздың есімі әдемі каллиграфиялық қарыптармен қызыл шеңбердің ішіне қара сиямен жазылған, терімен қапталған дөңгелек қорапқа салынған шежіре болатын. Ол кілт салғанда қоңыраулата ашылатын ескі сандықтың ішінде сақталатын. Әкем оны ата-баба аруағына құран бағышталатын күндері ғана шығарып, бабалар есімін дауыстап оқып отыратын.

Қоңыраулы  сандықтың ішінде бабаларымыз қажыға барғанда әкелген қасиетті «Құран» мен борлы қағазға Мекке, Мединаның әдемі көріністері салынған шағын плакат, Құл-Мұхаммед атамыздың тақиясы мен шапаны да болатын. Олардың бәрі біздің әулеттің ең қасиетті жәдігерлері ретінде бүгінгі күнге дейін жетті.

Мен мектепті бітіріп, 1977 жылы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетіне түстім. Мектепте ағылшын тілін оқысам да шет тілін таңдау кезінде ойланбастан арабшаға  тоқтадым. Тезірек тіл сындырып, әкеммен хат-хабарды арабша жазысуға және бабалар шежіресін түпнұсқадан оқуға асықтым.

Араб қаріптерін бірнеше айда-ақ еркін меңгеріп, хатты арабша жазуды жылдам үйреніп алдым. Ал шежірені зерттеу үнемі кейінге қалдырыла берді.

Университетті тәмәмдап, отбасын құрдым. Әкем өзінің ең баға жетпес асыл қазынасы – бабалар шежіресін маған сыйлады. Мен белгілі арабтанушы Мақсұт Шафиғи ағамыздың көмегімен араб және парсы тілдерінде аралас жазылған шежірені шама-шарқым жеткенше қазақшалаған болдым.

Өмірімде айрықша із қалдырған Қазақ энциклопедиясындағы берекелі жылдарды артқа тастап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бар ғұмырын қалам мен кітапқа арнаған әз бабалардың ата кәсібін жалғастырып, кітап басумен айналысатын кәсіпкерлікке бет бұрдым. Оқырман қауымның қызығушылығын тудырады-ау деген кітаптар шығара бастадық. Сөйтіп жүргенде 1994 жылы Иран Ислам Республикасы елшілігінен осы елге шақыру алдым.

Шақыру қағазын қолыма ұстап тұрып, есіме бабалар шежіресі түсті. Біріншіден, Иран – ислам мемлекеттері ішінде Әзірет Әлиді ерекше қадірлейтін ел. Екіншіден, Әлидің өмірі мен ұрпақтары туралы ең көп зерттеулер жүргізіп, бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеген мемлекет. Ендеше шежірені нақты тарихи деректер мен онда есімдері аталатын тұлғалардың ресми өмірбаяндарымен салыстырып, ирандық ғалымдардың сүзгісінен өткізіп алудың  реті бір келсе осы елде келер деген оймен әулетіміздің басты құндылығын өзіммен ала баруға шешім қабылдадым.

Тарихи құжаттарға ерекше ыждағаттылықпен қарайтын елге шежірені кіргізу үшін сол кездегі Иранның Қазақстандағы елшісі Расул Ислами мырзамен кездесіп, қолжазбаны көрсеттім. Елші  аса зор ықыласпен танысып шығып, көшірмесін алуға рұқсат сұрады. Мен рұқсатымды бере тұрып, реті келсе бұл тақырып жөнінде ирандық теолог ғалымдармен кездесуге  мүмкіндік  жасауды  өтіндім.  Ол   көмек  көрсетуге бейіл танытты.

Әрине,  мен шежірені  ешкімнен рұқсат  сұрамай-ақ  Иранға апара алатын  едім.  Бірақ елге  кіргізуін  кіргізгенмен тәртібі басқа жұрт  қайтарда: «Мұны қайдан алдыңыз. Біздің мұрағаттардан рұқсатсыз алынған ескі қолжазба емес пе?» деп әуреге сала қалған жағдайда елшімен жүргізілген ресми келіссөздердің маған көмегі тиетіні анық еді.

Қош, сонымен, 1994 жылдың көктемінде Иранға да келіп түстік. Құрамында атақты депутаттар мен генералдар, әйгілі академиктер мен жазушылар бар аса үлкен делегацияны сол уақыттағы  Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков қарсы алып, бұрынғы «Шератон», ол кезде «Истиқлал» деп аталатын қонақ үйге келдік.

Қалың делегация мейманханаға орналасудың әлегімен жүргенде ағылшынша судай сөйлейтін Жекен Қалиев ағамыз маған «Теһран таймс» газетінің тілшісін нұсқап, «мына журналист сені іздеп жүр» деді. Жөн сұраса келсем, ол Иранның Қазақстандағы елшісі арқылы мен әкелген шежіреден хабардар болып шықты. Салған беттен «Қолжазбаны көруге болмас па екен?», – деп өтініш жасады. Мен шиыршықталған шежірені жазып, ерекше мақтанышпен көрсете бастадым. Ол сартылдатып суретке түсіре жөнелді.

«Теһран таймстың» журналисі газет редакциясында өтетін кездесуге шақырып, оған үлкен ғалымдар қатысатынын жеткізді. Мен ертеңінде газет редакциясында қонақта болып, онда жиылған қауымның Қазақстанда ислам дінінің таралуы, мешіт-медреселер жайы, діни ғылым-білімнің дамуы және өзімнің ата-бабаларым, қазіргі кәсібім жайлы сұрақтарына жауап бердім. Кездесуіміз өте жылы шырайда өтті.

Екі күннен кейін менімен бір бөлмеге орналасқан Жекен ағамыз қонақ үйдің бірінші қабатындағы киоскіден негізінен шетелдік оқырмандарға арналып, ағылшын тілінде жарық көретін «Теһран таймстің» 1994 жылдың 9 маусымында шыққан жаңа санын әкеліп тұр. Оның тұтас бетінің тең жартысына менің кешегі сұхбатым жарияланыпты. Материалдың қақ ортасында қонақ үйге алғаш келген күні түсірілген Мырзатай аға, Жекен ағамыз бен менің шиыршықталған шежірені ұстап тұрған фотосуретіміз де басылыпты. Төбем көкке жеткендей болды.

Қасиетті рухтары ұрпағын қырық жыл емес, мың жылдан астам уақыт бойы желеп-жебеп келе жатқан аталарымның ардақты есімдері үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Бабалардан қалған аманатты басын бәйгеге тігіп жүріп, бүгінгі күнге дейін аман-сау жеткізген әкеме мың алғыс жаудырумен болдым.

Шежіренің Әзірет Әлидің отанында, үлкен ғұламалар алдында танылуы, құрметтелуі қанат бітіріп қана қоймай, оның ғылыми құндылығына, тарихилығына зор сенімділік орнықтырды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мүбәрак дініміз халқымызға қайтып оралды. Барлық өңірлерден мешіт, медреселер ашылды. Тіпті бұрын партия, кеңес орындарында түрлі жауапты қызмет атқарған азаматтар бұрынғысынша қысылып-қымтырылмай, діни жол-жоралғыларды орындап, мұсылмандыққа бет бұрды. Халық өз қаражатымен қажылыққа бара бастады. Мен сол жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметін атқарып жүрдім.

Министрліктің атауына қарап оның мәдениет пен бұқаралық ақпарат құралдарын басқаратынын аңғару қиын емес. Оның қызметіндегі «қоғамдық келісім» деген үшінші бағыт ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәселесін қамтитын. Елбасымыз қызметке тағайындар алдында: «Мәдениет пен ақпарат саласын меңгергеніңді жақсы білемін. Біз сияқты көп ұлтты, алуан дінді мемлекет үшін ұлттар арасындағы татулық, түрлі дін өкілдерінің өзара келісімі де ерекше мәнге ие. Сондықтан ұстараның жүзіндей қылпып тұрған осы екі мәселені басты назарда ұстағайсың», –  деп ерекше тапсырған болатын.

Сол жылдары қажылық мәселесімен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (мүфтиат) мен жекеменшік туристік компаниялар айналысатындықтан қазақстандықтардың барып-келуі, қажылық міндеттерді  атқаруы барысында көптеген проблемалар туындай бастады. Бір жағынан бұл жағдай аталған мәселенің  Сауд Арабиясы мен Қазақстан тарапынан мемлекеттік деңгейде реттелмеуінен орын алды. Осыны ескере келіп Елбасымыз:  «Бізде арнайы дін  министрлігі болмағанымен, дін мәселесі сен басқаратын министрліктің қолында. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі және мүфтиатпен бірге осы мәселені реттеу үшін Саудиядағы әріптестеріңмен екі жақты келіссөз жүргізіп, Қазақстаннан жыл сайын қажылыққа баратын  адамдардың квотасын белгілеп,  оны  арнайы  құжатпен  бекіту қажет», –  деп нақты тапсырма берді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес мен 2002 жылдың қаңтарында бас мүфти, шығыстанушы ғалым әрі Сауд Арабиясында  қызмет  істеген дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлімен бірге Эр-Риядқа аттандым. Сапарда өзіммен бірге екінші рет бабалар шежіресін ала шықтым. Аласапыран заманның кедергі-кеселінен Әкетай атам қажылық парызын өтей алмаған еді. Сондықтан мен атамның өзі болмаса да, алақанының табы қалып, есімі жазылған қасиетті  шежірені күллі мұсылман әлемінің қос киесі саналатын Мекке, Мединеге жеткізу арқылы бабамның  алдындағы  перзенттік  парызымды өтеу үшін апардым.

Әрине, ресми түрде салафиттік бағыт ұстанатын Сауд Арабиясында әулие-әнбиелерге сыйынуды былай қойып, Мұхаммед пайғамбардың өзіне және одан кейінгі тура жолды төрт халифке қатысты тарихи орындарға зиярат етуге тиым салынғанын, тіпті 1998 жылы пайғамбарымыздың анасы Әминаның зиратын да жермен жексен етіп, тегістеп жібергендігінен жақсы хабардар едім.

Саудиялық бауырлар бізді зор ықыласпен қарсы алды. Елде тек қажылық істерімен айналысатын арнайы министрлік бар екен. Оның басшысы доктор Ияд бен Амин Мадани мырзамен (ол қазір әлемдегі барлық мұсылман мемлекеттерінің басын қосатын «Ислам ынтымақтастығы ұйымының» бас хатшысы қызметін атқарады)  ыстық ықыласты кездесу өткізіп, бас мүфти Ә.Дербісәлінің қатысуымен екі жақты келісімге қол қойдық. Кездесу соңында саудиялық ғалым-министрге шежірені көрсетіп, тарихын баяндадым. Қаншалықты салафит десек те қасиетті дініміздің қайнар бастауында тұрған айтулы тұлғалардың есімдері жазылған шежірені ол үлкен ыждағаттылықпен қарап, қазақтардың ата-баба тарихына айрықша мән беретін дәстүріне дән риза болды.

Ертеңінде Сауд Арабиясындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдат Құлтайұлы Әміреев: «Сізді тақ мұрагері ханзада Абдалла қабылдайтын болды», – деген қуанышты хабар жеткізді. Шынымды айтсам, бұл біздің тарапымыздан алдын-ала жоспарланбаған, бірақ делегация үшін өте жағымды жаңалық еді.

Сауд Арабиясы – мұсылман дүниесіндегі ең бай, ең беделді ел болуымен қатар көп ешкімге иіле бермейтін, дәстүр-салтын, сарай протоколын қатаң ұстайтын мемлекет. Тақ мұрагері Абдалла сол кездің өзінде-ақ әлемдік саясатқа еркін ықпал ете алатын аса беделді қайраткер және әлемдегі ең дәулетті адамдардың бірі еді. Фахд патша 1995 жылы ауыр инсультқа ұшырап, мемлекет басшысы қызметін толық атқара алмағандықтан елдің нақты билігі 1996 жылдан бастап-ақ тақ мұрагеріне көшкен болатын.

Сонымен, 2002 жылдың 5 қаңтары күні мені, елшіні және бас мүфтиді тақ мұрагері өзінің алтынмен апталып, күміспен күптелген зәулім сарайында қабылдады. Мен әуелі Елбасының сәлемін жеткізіп, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін баяндадым. Мүбәрак дінімізге бет бұрған халқымыз үшін мешіт, медреселердің әлі де жетіспейтінін және бұл тараптан саудиялық бауырлардан зор көмек күтетінімізді де ұмытпадым. Қажылықтың квотасына байланысты мәселені оңтайлы шешкендігі үшін алғыс айттым. Сөзімді ерекше ықыласпен тыңдаған ол Қазақстан туралы бірнеше сұрақтар қойып, Елбасымыздың атына жылы лебіздерін білдірді.

Қабылдауға уақыт тапқаны үшін ризашылығымды айтып, түп-тамыры осы елден шыққан ата-бабаларымның түгелдей дін жолына қызмет істегендігін тілге тиек етіп, тіпті олардың есімдері жазылған шежірені өзіммен ала келгенімді жеткіздім. Жүзі сұстылау көрінетін тақ мұрагері дәл осы тұста күлімсірей басын изеп, орнынан тұрды. Сол кезде ғана аңғардым, бойы екі метрге жуық, нағыз патшаға лайық келбеті бар жан екен.

Қоштасар сәтте тақ мұрагері елеусіздеу ым қаққандай болып еді, әлекедей  жаланған  көмекшілері  қара  қыжымға алтынмен апталып Құран сүресі жазылған қисуаның бір бөлігін әкелді. Ханзада бұл қисуа бір жыл бойы күллі мұсылман дүниесінің бас киесі саналатын Меккенің әл-Харам мешітіндегі  қасиетті  Қағбаның  жамылғысы  болғанын айтып,  оны  маған сыйға  тартатынын жеткізді.  Қуаныштан  басым  айналған мен екі қолыммен бірдей тақ мұрагерінің қолын алып, протоколдық шектеулікті жиып қойып, қисуаға маңдайымды тигіздім.

Арада екі жарым жыл өткенде ханзада Абдалла Сауд Арабиясы патшасының тағына отырып, жасы 90-ға жеткенше он жыл қатарынан ел биледі. Бұл кезең Саудия тарихындағы ең берекелі жылдар ретінде тарихқа енді.

Ертеңінде елші Б.Әміреевпен бірге Фахд патшаның ұлы, елдегі Жастар ісі және спорт министрі ханзада Сұлтан бен Фахдпен, Ақпарат министрі Фуад бен Мухаммад Фарисимен, Өнеркәсіп және энергетика министрі әрі қазақ-сауд үкіметаралық комиссиясының төрағасы, доктор Яманимен, Әділет министрі Аш-Шейхпен кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Кейін бұл жөнінде елші Б.Әміреев өзінің «Қазақстан және Сауд Арабиясы» атты кітабында: «Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі бастаған қазақстандық делегацияның сапары мен оның Сауд Үкіметінің бес бірдей мүшесімен болған кездесулері талқыланған салалардағы байланыстардың қарқынды дамуына ықпал етіп, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарына жол ашты. Қазақстандық министр Сауд Арабиясының тақ мұрагері Абдалла бен Абдел Азиздің қабылдауында болып, онымен жылышырайлы сұхбат өткізді», – деп жазды.

Жүрекке нұр құйған ыстық ықыласты кездесулерден кейін Умра қажылығының рәсімдерін түгел атқаруға кірістім. Меккедегі Әл-Харам, Мединедегі «Нұр-Медина» мешіттерінде болған намаздарда да шежіреден ажыраған жоқпын. Әл-Харамдағы құлшылық кезінде Қазақстанның қиян түпкірінде орналасқан Мақаншы ауылындағы әкеммен ұялы телефон арқылы байланысқа шығып, ол бізбен бірге қасиетті мешітте оқылған намазға ұйыды. Ертеңінде Мединедегі «Нұр-Медина» мешітінің ішінде орналасқан сүйікті пайғамбарымыздың зиратына сәлем бергенде (Саудияда пайғамбар зиратының өзіне зиярат етуге болмайды, оған қол тигізбестен жанынан сәлем намазын оқып шығуға ғана рұқсат) де бабаларымның шежіресі менің жүрек тұсымда болды. Асылзада әкемнің арқасында аман сақталып, бабаларымның көзіндей болған қастерлі қолжазба араға ғасырлар салып күллі мұсылман дүниесінің қос киесіне осылай жетті.

Әз бабаларым түзіп, бірнеше буын өкілдері толықтырып отырған, мұсылман әлемінің ең қасиетті төрінде болып, ұрпағын үнемі желеп-жебеп келе жатқан шежіреде не жазылған, «оған кімдердің есімі түскен» деген заңды сұрақ туындауы әбден мүмкін. Енді осыған келейік.

Шежіренің ең төбесіне «бисмиллаһир-рахманир-рахим» деген сөздер жазылып, одан төмен «һазиһи шаджаратун мубаракатун», яғни «бұл – құтты шежіре» деген тақырып берілген. Жалпы, қазақтың шежіресі арабтың «шаджара» – ата-тек деген сөзінен шыққан.

Шежіренің кіріспе бөлігі парсы тілінде жазылып, Адам атадан басталатын адамзат тарихына және ұлы жаратушыдан түскен Құран-Кәрімнің қасиетіне тоқталған. Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен өнегелі істері, хадистері мен шариғат заңдары қозғалып, ислам ашқан қайраткерлер, халифтер, ғұлама, әулие, машайықтардың есімдері келтіріліп, төрт мазһабтың жай-жапсарына назар аударылған. Имам Ағзамның есімі аталып, оның ханафи мазһабы туралы әңгіме етіледі. Дін тарату ісіне зор үлес қосқан түрлі баптар, қожалар, ишандардың еңбегіне баға беріліп, жоғарғы жағына жеті мөр басылған.

Қолжазбаның дәл ортасынан үлкендеу шеңбер сызылып, әр шеңберге араб цифрімен рет саны қойылған. Адам есімдері шеңбер ішіне каллиграфиялық қолтаңбамен түсірілген.

Бірінші шеңбердегі сөз Мұхаммед пайғамбардың атымен басталып, оған  «Хазірет Мұхаммед  Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уәссәләм» деген сөздер жазылған.

Екінші шеңбердің ішінде «Хазірет Әли әл-Мұртаза риза Аллаһу ғанһу», – деп жазылып, кейінгі шеңберлерде оның ұрпақтары санамалана бастайды.  Шежіреде Мұхаммед-Ханафияның ұрқы: Абд әл-Фаттах, Абд әл-Джалил баб, Абд әл-Джаффар баб,  Абд әл-Қаххар баб, Абд ар-Рахман бабпен тізбектеліп, әйгілі Ысқақ бабқа келіп тіреледі. Осындай ретпен Әзірет Әли мен Ысқақ бабтың арасы 8 атаны құрайды.

Осы    тұста  даңқы   қадым   замандардан    күні    бүгінге  дейін  жетіп, кесенесі Оңтүстік Қазақстан жерінде орналасқан, есімі қазақ қауымына ежелден таныс Ысқақ баб немесе Бабатаға арнайы тоқтала кеткен жөн деп білемін.

Ел аузында сақталған Ысқақ баб туралы көптеген әфсана-хикаяттарда  аңыздың сипаттары басым болса да, ол өмірде нақты болған және аталары  Орталық  Азияға  Құтайба ибн Муслимнің  әскерімен  VІІІ ғасырдың басында келген деп шамалауға болатын тарихи тұлға. Кейін бұл әулеттен шыққан үш баб – Абд әл-Жалил баб (Қорасан және Дуана қожалардың атасы), Абд ар-Рахым баб (Қарахандық қожалардың бабасы) және Ысқақ баб (Бақсайыс және Аққорғандық қожалардың атасы) бүгінгі таңдағы Орталық Азия мен Қазақстан және Қашғар өлкесіне ислам дінін таратқан ұлы дін қайраткерлері ретінде тарихқа енді. Ысқақ баб – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің де бабасы. Оңтүстік өңіріне келген сапарында Мұхаң оның басына зиярат етіп, күтімі кеткен кесенені қалпына келтіруге тапсырма беріпті.

Ысқақ бабтың кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Бабата ауылының іргесінде орналасқан. Ауылдың жанында араб саяхатшылары еңбегінде жиі кездесетін ортағасырлық Баладж қаласының орны бар. Кесене қаланың дәл ортасында тұр. Археолог ғалым,  академик К.М.Байпақовтың деректері бойынша кесененің іргетасы VІІІ ғасырлар шамасында қаланған. Кейін оның орнына ХVІІ ғасырда кесененің осы күнге жеткен нұсқасы бой көтеріпті. М.Әуезовтің тікелей араласуымен 1957-58 жылы кесенеге алғаш рет археологиялық зерттеу жүргізіліп, оның толық ғылыми сипаттамасы жасалған.

Ысқақ баб кесенесі мен оның жанындағы медресе ғимараты 2000 жылы Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловтың басшылығымен жаңғыртылды. Ұлы баба  құрметіне  ұлан-асыр ас берілді.  Әулие тойының лайықты өтуіне біздің әулет те өз үлесін қосты. Бабата кесенесіне кейін «Мәдени мұра» шеңберінде кешенді түрде жан-жақты жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Шежіреде Ысқақ бабтан бастап, Қожа Ахмет Иасауи мен оның ағасы Садыр атаға дейін 11 атаның есімдері жазылған (Йардил шайх, Мумин шайх,  Мұса шайх, Исмаил шайх, Омар шайх,  Хұсейін шайх, Осман шайх, Махмуд шайх, Ифтихар шайх, Ибрагим ата және оның ұлдары Иасауи мен Садыр ата).

Ортағасырлық ғылыми дәстүр бойынша көне қолжазбалар мен шежірелерде  әулие, әнбиелер мен атақты адамдардың аты-жөнімен бірге олардың рухына бағышталған тұрақты тіркестер де жазылады. Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың есімі аталғанда міндетті түрде «саллалаһу ғалейһи уәссәләм» деген сөздер қосылады. Мағынасы: «Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын». Шежіреде сонымен қатар кісі есімдерінен кейін «риза Аллаһу ғанһу» (Алла риза болсын), «рахматуллаһу ғалейһи» (Алланың рахметі жаусын), «қаддаса Аллаһу сирраһу» (Алла рухын жарылқасын) деген сөздер бар екенін еске сала кеткеннің артықтығы жоқ деп білемін.

Шежіреде есімдері аталатын Иасауидің әкесі Ыбырайым ата мен оның жары Қарашаш анамыз туралы біздің заманымызға дейін үлгі-өнегеге толы талай хикаяттар жеткендігін және олардың қазақ дәстүріне сай түрлі нұсқаларда айтылатынын атап өткен ләзім.

Иасауиден тараған ұл жоқ. Сондықтан Мұхаммед-Ханафия ұрпағы ары қарай оның ағасы Садыр атаның ұлы Данышпан Мұхаммед қожа (Зарнуқи) арқылы жалғасады. Данышпаннан өрбіген ұрпақ Мухиддин шайх – Аладдин шайх – Жамаладдин шайх арқылы Камаладдин шайхқа келіп тіреледі.

Хазірет Камаладдин шайхтың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қазақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шыққан. Ұлы жазушы үш рет (1953 жылы 3 маусым, 1958 жылы 5 сәуір, 1959 жылы 2 қыркүйек) орыс тілінде өзінің ресми өмірбаянын жазған, бірақ ұлтшыл, панисламшыл деген сан алуан айыптаулардан көп қуғын-сүргінге ұшыраған ол үнемі тобықты ішінде өскендігін баса көрсетсе де қожа екендігін атамаған. Ертеректегі жазбаларында ата-тегі, олардың шыққан жері, өскен ортасы жайлы толығырақ мағлұмат берген. Ол 1928 жылдың 29 қаңтарында Смағұл Сәдуақасовқа берген «Өз жайымнан мағлұмат» атты жауабында: «Менің аталарым  қожа,  алғашқы шыққан жері  Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған шежіресін бала кезде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасы Бақсайыс дейді. Бұл Арқадағы қожа атауларының барлығының ұран қылатын ең қадірлі, ең атақты қожасы болса керек», – делінген.

Мұхтар Әуезовтің Бақсайыс ұрпағы екендігі жөнінде белгілі әуезовтанушылар: филология ғылымының докторы Тұрсын Жұртбай, жазушылар  Кәмен Оразалин,  Төкен Ибрагимов, шежіреші Бекен Исабаев,  зерттеушілер Б.Сапаралы, С.Саттаров және  «Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» атты  арнайы  ғылыми  еңбектің  авторы,  шығыстанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ә.Муминов жан-жақты дәлелдеп жазды.

Бақсайыс қожалардың тағы бір көрнекті өкілі – Сарғалдақ қожаның ұлы Қожахметтен туған Айғаным анамыз еді.  Ол әйгілі Абылай ханның бел баласы Уәли ханның жары, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесі болды. Тіпті Шоқанға ырымдап өзінің ұлы бабасы «Мұхаммед-Ханафия» деген есім берген де Айғаным әжеміз деседі. Бақсайыс әулетінен шыққандардың қатарында қазақтың алғашқы журналистерінің бірі, ақын, «Айқап» журналының шығарушысы әрі редакторы Мұхамеджан Сералин де бар.

Белгілі мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің нұсқауымен Бақсайыс әулиенің зиратын тауып, кесенесін көтерген және әлі күнге дейін оның шырақшысы болып келе жатқан әрі бабамыздың өмірі жайлы екі бірдей зерттеу еңбек жазған жаңақорғандық Ермахан Төреқожаевқа әулиенің барлық ұрпақтары атынан зор ризашылығым мен алғысымды жеткізуді өзімнің азаматтық парызым санаймын.

Сонымен шежіреге қайта оралар болсақ Бақсайыс атамыздың ұрпағы ары қарай: Насыраддин шайх – Хабиболла шайх – Уахидолла шайх – Қожа Мұхаммеддин шайх – Исмайыл шайх – Қожа Қасым шайх – Мұса қожа – Хәкім қожа – Ахмад қожа – Әбдікәрім қожа – Арыслан қожа – Әбдірақым қожа – Әбдіжәлел қожа болып 13 атаға жалғасады.

С.Саттаров, Ә.Муминов деректері бойынша М.Әуезовтің аталары дәл осы тұста Әбдіжәлел атамыздың үлкен ұлы Ибрахим қожадан тараса, біз Мұзаффар шайхтың тұқымы арқылы өрбиміз.

Бабалар шежіресі ары қарай Сейіт Мұзаффар шайхтың ұрпағы: Сейіт Зейнелғабиден шайх – Жамаладдин шайх – Сеид Хашим шах –– Мырза шах – Ғұдда шах – Сейіт Мірхалид шах – Шейхұл Сейіт (шежіредегі толық ныспысы: Хадим ғұлама-и шейх уль-машайх Сеид әулие қожа) – Құл-Мұхаммед қожа – Сейіт Әкірам қожа («Әкетай») – Абрар қожа болып менің әкем Абрар Әкетайұлына жетеді. Егер Әзірет Әлиден бастап, менің әкеме дейінгі аралықты санайтын болсақ, тұп-тура 48 ата болып шығады.

Міне, менің ата-бабаларым мен жалпы біздің ұрпақ үшін киелі саналатын шежіренің сыры осындай. Қазір ескі қолжазба қорларынан, мұрағаттардан, алыс-жақын елдердің кітапханаларындағы сирек кездесетін басылымдардан, Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан т.б.  елдерден тарихи Отанына оралған ағайындардан алуан түрлі әулет шежірелері табылып, зерттеліп, баспасөз бетінде жарияланып, кейде тіпті жеке кітап түрінде жарық көруде. Біздің шежіреміздің солармен үйлесетін де, кей жағдайда сәйкес келе бермейтін де тұстары болуы әбден мүмкін. Мен өз ата-бабаларымның шежіресіне бірден-бір дұрыс осы нұсқа деп үзілді-кесілді баға беруден аулақпын. Бірнеше буын өкілдері жазып, үнемі толықтырылып отырған көне жазбалардың жаңсақ кеткен, кейбір оқиғалар мен тарихи тұлғалар өмірін өзгеше түсіндірген тұстары болмай қалмайды. Егер де менің бабаларым түзген шежірені өздерінің қолында бар деректермен, ескілікті қолжазба кітаптармен, араб, парсы жазба ескерткіштерімен салыстыру арқылы ғылыми негізде толықтырамын деген авторлар табылса алдын-ала риза көңілмен алғысымды айтамын.

Шежіре туралы әңгімені аяқтай келе оқуы өте қиын каллиграфиялық қарыптармен араб, парсы тілдерінде жазылған көне қолжазбаны қазақ тіліне тұңғыш аударған белгілі арабтанушы, көне мәтіндерді оқу мен зерттеудің хас шебері Мақсұт Шафиғи мырзаға, аударма нұсқасына алғаш пікір білдіріп, ондағы есімі аталған тұлғалар өміріне түсіндірме жасаған Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхамеджанов ағамызға, белгілі арабтанушы ғалым, ұзақ жылдар бас мүфти қызметін абыройымен атқарған дін қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі мырзаға, өзінің монографиялық еңбегінде шежіреге жан-жақты ғылыми талдау жүргізген шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор Әшірбек Муминовқа, баба кесенесінің шырақшысы Ермахан Төреқожаевқа және «Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» атты іргелі зерттеудің авторы Сейіт-Омар Саттарұлы мен «Ислам және қожалар» атты кітаптың авторы, қарағандылық Айтбай Кәріпбековке, «Әзиз әулет» атты ғұмырнамалық баян авторы, түркістандық Ақылбек Манайбайға, «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары» атты шежіре кітап жазған белгілі жазушы Кәмел Жүністегіне өз еңбектерінде менің бабаларымның шежіресіне талдау жасап, пікір білдіргендері үшін риза көңілден шыққан шынайы алғысымды білдіремін.

Қожалар көші

 Менің алтыншы атамнан арғы бабаларымның өсіп-өнген жері Қаратаудың етегі, Түркістан төңірегі болған екен. Бергі бабаларым Шығыс Қазақстанның Аягөз, Үржар аудандары мен соған шекаралас Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірлерінде өркен жайыпты. Бұл – баяғы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында: «Арғы шеті Аягөз, Лепсі, Үржар. Тоқсан мыңға лайықты сонда жер бар», – деп жырланатын, түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлке, құтты мекен. Енді осы өлкеге олар Түркістаннан қашан, қандай жағдайда келген деген мәселеге тоқталайық.

Қазақ пен жоңғардың 1635 жылы Салқам Жәңгір тұсында бастаған соғысы бір ғасырдан астам уақытқа созылып, Шыңғыс хан заманында бір тудың астынан табылған жауынгер екі халықтың екеуін де әбден титықтатады. Осы кезде қолы да, құрығы да ұзын Ресей империясы қазақ жерінің солтүстігі мен солтүстік-шығысына сұғына түседі. Әуелі 1716 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен бекіністері салынып, патшалық Ресей қазақ даласының бүкіл тыныс-тіршілігін дәл төбесінен қарап бақылап тұратындай жағдайға жетеді.

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің алғашқы кезеңі 1723 жылы басталып, үздіксіз созылған қанды қақтығыстар 1730 жылы Аңырақай түбіндегі тарихи шайқаста қазақтардың жеңісімен аяқталғанымен жоңғарлар жағы оңайлықпен тыныштала қоймады. Ес жиып, күш біріктірген соң 1739-43 жылдары Қалдан Сереннің басшылығымен қайта шабуылға шығып, Абылай ханның өзін тұтқынға алады. Қаһарына мінген қазақтар жұдырықтай жұмылып, Абылайды да босатады, жоңғарларды да Тарбағатай мен Алтайдан асыра түре қуып, ойсырата соққы береді. Қалдан Серен дүние салған соң олардың өз ішінде билікке талас басталып кетті.

Жоңғарлармен ғасырдан астам уақыт бойына үздік-создық жүргізілген соғыс Қазақ хандығын әлсіретіп жіберсе де, ел бағына қарай тарих сахнасына Абылайдай айбынды хан шықты. Ол әуелі әбден берекесі кеткен халқының есін жиып, еңсесін тіктейді. Үш жүзге бөлініп, ыдырай бастаған хандықты бір тудың астына біріктіріп, бүкіл қазақтың бірегей билеушісі ретінде алтын таққа отырады. Саясат үшін қос өкпеден қысқан екі алып көршісіне алуан түрлі дипломатиялық айла-тәсіл де қолданып, қазақтың есесін де, несібесін де ешкімге бермейді.

Абылай дүние салған соң қазақ қоғамы тағы да қожырай түседі. Бұл кезде Жоңғар хандығы біржолата келмеске кетсе де, оның орнын алпыс екі айлалы Цинь империясы басқан болатын. Абылайдың даңқты бабалары заманында қазаққа тәуелді болған Қоқан хандығы да бас көтеріп, оңтүстіктегі қазақтың шұрайлы жерлеріне ауыз сала бастайды. 1819 жылы Орта жүздің соңғы ханы Уәли опат болады. Хандық билікті біржолата жоюды көздеген Ресей империясы ежелгі ата дәстүрімен сайлаған Ғұбайдолланы бекітпей, дала өлкесінде граф М.М.Сперанскийдің реформасын бастап кетеді.

Ресей империясының қазақтардың хандық билігін түп-тамырымен құртуды алыстан болжап, қапысыз дайындықпен келгенінің бір белгісі ретінде император бір күннің ішінде, яғни 1822 жылдың 22 маусымында 10 бірдей заңға қол қояды. Олардың ішінде қазақтарды отарлаудың қатаң тәртібі бекітілген «Бұратаналарды» басқару жөніндегі жарғы», «Қырғыз-қайсақтарды» басқару жөніндегі жарғы», «Сібір губернияларындағы мекемелер» т.б. құжаттар болды.

«Қырғыз-қайсақтарды басқару жөніндегі жарғыға» сәйкес Орта жүздегі хандық билік таратылып, қазақ жеріне әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілді. Оған сәйкес 50-60 үйден – ауыл, 10-12 ауылдан – болыс, 15-20 болыстан – округ жасалды.

Жаңа реформаға сәйкес алғашқы округ 1824 жылы 8-сәуірде Уәли хан ордасының төрі саналатын Қарқаралыдан ашылса, 1825 жылы – Құсмұрын, ал 1826 жылы – Баянауыл, Аягөз округтері құрылып, оларға бір-бір аға сұлтан сайланды.

Әрине, отаршыл аппарат бар қазақтың басын қосқан айбынды ханның орнына бас-басына би болған су жаңа аға сұлтандар мен төрелерге шен, шекпен таратып мәз қылған соң бекіністер мен қамалдар сала бастайды, ел ішіне әскер тоғытылады.

Егер Сперанский реформасына дейін қазақ даласын 1803 жылы құрылған Жайық казак әскерлері (олардың саны 1856 жылы 75 мың мұздай қаруланған адамға жетті), 1808 жылы жасақталған Сібір казак әскерлері (ондағы казактар саны 1825 жылы 36 мыңнан асты) қоршап тұрса, 1840 жылы «Орынбор казак әскерлері жөнінде ереже» қабылданып, жалпы құрамы 65 мың казактардан құралған әскери атаманының дәрежесі дивизия командирімен шендес жаңа жазалаушы отарлау аппараты жасақталды.

Осылайша сайын даланың еркін ұланы – ержүрек қазақтардың ерлік пен қаһармандыққа толы ежелгі дәурені келмеске кетіп, олардың ұрпағы біржолата отаршылдық қамытын киеді.

Қазақ даласына түскен бекіністерге әуелі – қорған, бұдан кейін – солдат казармасының іргесі қаланып, іле-шала шіркеу салынатын. Бекіністерге ішкі Ресейден қашқан-пысқан татар, башқұрт сияқты мұсылман халықтарының өкілдерімен қатар, қазақ арасында ішінара асыраусыз, қараусыз қалған міскіндер жұмысқа тартылып, біртіндеп шоқындырыла бастайды. Тіпті әскери киім, шен-шекпен үшін қазақтардың өз еркімен шоқынуы сияқты бұрын-соңды болмаған жат қылықтар да орын ала бастады.

Ел ағалары мұндай сорақылыққа тосқауыл қою үшін жер-жерден мешіт, медреселер ашып, халықты мұсылманшылыққа тәрбиелеуді күшейту ісін қолға алады. Дәл осы кезде найманның әйгілі рубасы Ақтайлақ бидің шақыруымен Қаратаудан Шығыс Қазақстан жеріне қожалар көші келеді.

Тап осы жерде мына бір жайдың басын ашып алған жөн. Кеңес заманында шыққан 12 томдық энциклопедиядағы мақалада Ақтайлақ бидің туған, өлген жылдары белгісіз деп көрсетілсе, тәуелсіздік кезінде жарық көрген 10 томдық ұлттық энциклопедияда Ақтайлақты ХVІІІ ғасырдың орта тұсында дүниеге келіп, 19 ғасырдың орта шетінде дүние салған деп берілген. Менің ойымша, соңғы мақаланың авторы, филология ғылымының кандидаты С.Қорабайдың деректері шындыққа жақын.

Ақтайлақ би Жанақ ақынның замандасы болған. Ел аузында би мен ақынның қағысуы туралы өлең-жыр да сақталған.   Жанақ  ақын 1770 жылы туып, 1856 жылы дүние салған.  Ақтайлақ би де осы шамада өмір сүрген.

Мұны тәпіштеп жазып отыруымның себебі қазақша Уикипедияда Ақтайлақ биді 1720-1816 жылдар арасында өмір сүрген деген жаңсақ дерек берілген. Бұл, әрине, шындықтың аулынан мүлде алыс жатыр.

Ақтайлақ би «Екі қырық, бір он бестен асып тұрмын. Аяқты апыл-тапыл басып тұрмын», – деп өзі айтқандай, ұзақ жасап, 95 жастан асқанда өмірден өткен.

Қаратаудан асқан қожалар көші ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында осы күнгі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз өңіріне келіп қоныстанған. Бұл Ақтайлақтың сексеннен асып, нағыз абыз ақсақал жасына келген шағы. Кейбір зерттеушілер қожалар көші Шығыс Қазақстан жеріне ХVІІІ ғасырдың соңында келуі мүмкін деген болжамдарды алға тартады. Бұл деректің шындыққа көп жанаса бермейтін себебі – ол кезде жоңғарлардан босаған атамекенге қазақ руларының өзі енді ғана қоныстана бастаған болатын.

Жоңғар хандығы біржолата күйрегеннен кейін ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақтардың арғын, найман, керей рулары Шығыстағы ежелгі атақоныстарына орала бастайды. Семейлік абайтанушы ақсақал Бекен Исабаевтың деректері бойынша әйгілі Мамай батыр мен Кеңгірбай би бастаған тобықтылар көші Шыңғыстауға 1780 жылдары ат басын тіреп, найман, керей, уақ тайпасының жерінен кейде күшпен, кейде ағайыншылықпен қоныс алған. Ендеше, өздері енді ғана туған жерге табан тіреп жатқан жұрттың дәл осы кезеңде сырттан қонақ шақыра қоятындай жағдайы бола қоймаса керек.

Көшті Мұхтар Әуезовтің ұлы бабасы Саяқып ақсақал бастап келген (кейбір шежіре деректерінде оның есімі Әбдіқожа деп көрсетілгенімен Абай топырағында өсіп-өнген К.Оразалин, Т.Ибрагимов, Т.Жұртбай, Б.Сапаралы т.б. әуезовтанушылар оның есімін үнемі Саяқып деп көрсетеді. Біз де осы нұсқаны ұстануды жөн көрдік). Бұл көштің ішінде менің Мірхалид және Шейхұл Сейіт атты бабаларым болған.

Атам Әкетайдың деректері бойынша Қаратаудың басынан көш келгенде Құл-Мұхаммед атамыз әлі емшектегі бала көрінеді.  Отбасылық шежіре бойынша, ол бабамыз 1837 жылы туып, 1920 жылы 83 жасында дүние салған. Көшке бас-көз болған жас азаматтардың бірі Шейхұл Сейіт атамыз сол кезде отыздың жуан ортасында екен. Ал ол кісі 1791 жылы дүниеге келіп, 1872 жылы 81 жасында бақи болыпты.

Егер Ақтайлақ бидің орыс отаршылдығы бел алған кезде ұлы Кеңесбайды бас қылып Қаратаудағы дін қарындастарға өтініш жасап, қожаларды көшіріп  алдыруын  біздің шежіреміздегі деректер және ата-бабаларымның өмір сүрген кезеңімен салыстырар болсам, көш Шығыс Қазақстан жеріне 1836-37 жылдары табан тіреген деген қорытындыға келуге болады деп санаймын.

Ресейде айдауда болған жылдары Омбы шекаралық басқармасы ұйымдастырған экспедиция құрамында Қазақ даласының шығыс бөлігін еркін аралаған поляк бекзадасы Адольф Янушкевич 1846 жылдың 2 тамызында өзінің Аягөз маңында орналасқан Барақ сұлтанның ауылында жүргендігін баяндай келіп: «После полудня между некоторыми другими гостями был у нас ходжа, который, как ведущий свой род от Магомета», – деп жазады (Янушкевич А., Дневники и письма из путешествия по казахским степям, А., 1966, с.164). Жылы, айы, күніне дейін нақты көрсетілген бұл дерек қожалардың Шығыс өлкесіне қырқыншы жылдарға дейін-ақ табан тіреген деген тұжырымды дәлелдей түседі.

Құнанбай шау тартқан шағында Бердіқожаның қызы Нұрғанымды өзінің 4-ші әйелі етіп алады, бірақ Нұрғаным әжеміз Құнекеңнен бала көтермеген. Мұхтар Әуезов өмірін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Т.Жұртбай: «Құнанбай Бердіқожаны Шыңғыстың тұмсығындағы Шалғынбай төренің ауылынан 1850 жылы қасына көшіріп әкеліп, Қызылшоқы деген жерге қоныстандырған. Шежірелерде Бердіқожаның атасы Саяқып (Саяқ) делінеді», – деген нақты тұжырым жасайды.

Тап осы деректі Мұхтар Әуезов те растайды. Мұқаң өзінің «Өз жайымнан мағлұматында»: «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды», – деп жазады. Ұлы жазушының мағлұматында оқиғаның орын алған уақыты дәл көрсетілмесе де, Құнанбай құрметтеген Бердіқожаның Өскенбаймен, ал оның ұлы Әуез Құнанбаймен замандас болғанын ескерсек, Бердіқожаның найман ішінен тобықтыға келуі ХІХ ғасырдың орта шенінде орын алғанын аңғару қиын емес.

Ақтайлақ би өз шақырумен келген қожалар қауымына ерекше құрмет көрсетеді. Әр шаңыраққа киіз үй беріп, алдына мал да салған, найманның мол қонысынан жер де бөлген. Ақтайлақ бидің әулеті қожаларды қоныспен қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, қалыңсыз қыз да беріп, құда-жекжат атанды. Ақтайлақтың Малдыбай деген немересінен туған қыз Дінасыл Бердіқожаның ұлы Әуезге ұзатылады. Дінасыл әжемізден Омархан, ал Омарханнан Мұхтар дүниеге келген. Қазақтың ұлы қаламгерін «Қоңыр қозым» деп еркелеткен де, алты жасында Абай атасына апарып, батасын алғызған да дәл осы мейірбан әжеміз Дінасыл болатын.

Біз Қаратаудан басталған қожалар көшінің Шығыс Қазақстанға келу тарихын ата-баба шежіресіндегі деректермен қатар, сол заманда орын алған нақты тарихи оқиғалар, айтулы тұлғалардың өмірбаяндарымен салыстыра отырып баяндадық. Осыған орай Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарихи тақырыптарға арналған тұтас романдар циклын жазған, Тарбағатайдың арғы-бергі беті шежіресінің асқан білгірі Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы» романында замана шындығы тарихи оқиғалар шеңберінде баяндалғанын ерекше ілтипатпен атап өтуді өзіме парыз санаймын. Романның бас кейіпкері Ақтайлақ би болса да, шығарма оның өмірінің соңғы кезеңіндегі оқиғаларға арналып, Қаратаудан келген қожалар көшінің тарихына мол орын берілген. Жазушы шығармасында  көштің басы-қасында жүріп, оны ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген  азаматтар  ретінде  Ақтайлақ  бидің   үлкен ұлы  Кеңесбай мен немересі  Жарқынбайдың,  абыз ақсақалдар Саяқып пен Мірхалидтің, Бердіқожа және Шейхұл Сейіттің есімдері аталады. Өмірде болған нақты тарихи оқиғаларға құрылған романның «тарихи баян» аталуының бір сыры осында жатса керек.

Жаңа қоныста

 Қожалар қазіргі Шығыс Қазақстан жеріне келген соң жергілікті халықпен қыз алысып, қыз берісіп, туыстасып кетеді. Тағы да М.Әуезовке жүгінер болсақ, ол: «Бердіқожа тобықты ішіне келген соң бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы жақын болып, тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп тұрып қалған», – деп жазады.

Бердіқожа Аягөзден батысқа – Шыңғыстауға бет алған кезде, біздің бабамыз Шейхұл Сейіт шығысқа – Қытай шекарасына қарай қозғалған. Бұл шамасы 1850 жылдардың соңына қарай орын алса керек.

Менің әкем Абрар мен жазушы Қабдеш Жұмаділовтің ата-тек шежірелеріне қатысты әңгімелерін жүйелейтін болсақ Шейхұл Сейіт пен жазушының үшінші атасы найманның төртуыл руының зәңгісі (болыс) болған Смайыл екеуі Аягөзде Ақтайлақ бидің немересі Жарқынбайдың үйінде танысыпты. Кейін Шейхұл Сейіт зәңгі досының шақыруымен Қытай шекарасының ең шетінде орналасқан Шәуешек қаласында бірнеше рет қонақта болады.

Бұл жерде тағы бір назар аударатын жайт: ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіне дейін қазақ-қытай шекарасы шартты түрде ғана белгіленген. Екі жақ адамдарының арасында алыс-беріс, сауда-саттық жайы еркін болыпты. Шекараның арғы-бергі бетіндегі өзінің ежелгі атақоныстарында отырған қазақ рулары ішкі Қытаймен көп жұмыстары болмай, көбінесе Ресей иелігіндегі қазақтармен араласқан. Ал Шәуешек ішкі Қытайдың Ресей,  Еуропа  нарығы үшін экзотикалық дүниелер –  көздің жауын алатын түрлі жібек маталары, шай және алуан түрлі бұйымдары ағылып келіп жатқан саудасы жүріп тұрған қала болған. Оның үстіне бұл қалада 1852 жылы Ресей империясының консулдығы ашылып, екі жақты сауда-саттық, алыс-беріс заң жүзінде реттеле басталған.

Шейхұл Сейіт бабамыз өз заманының озық туған тұлғаларының бірі болыпты. Түркістанда жүрген кезінің өзінде-ақ Бұқара Шәріпте оқып, дін ісін, шариғат жайын өте жетік меңгергендіктен «шейх ул-ислам» деген үлкен ғұламаларға берілетін атақ алыпты. Аягөзде салынған алғашқы мешітке имам, медреседегі шәкірттерге ұстаз болып, шекараның арғы-бергі бетінде ислам дінінің өркен жаюына лайықты үлес қосыпты.

Ол Шәуешекке келген соң да немере інісі Ешен Сейітпен бірге Смайыл зәңгі  бастаған  жергілікті  қазақтардың басын қосып, осы қаладағы негізінен түркі халықтарының өкілдері намазға жығылатын (дүнген мешіті бұрын да болған) үлкен мешіт салдырады.  Мешіттің тұңғыш имамы болған  Ешен Сейіттің есімімен   халық  арасында  «Ешен Сейіт мешіті» деп аталып кеткен, қызыл кірпіштен қаланған бұл ғимарат ХХІ ғасырға дін аман жетті. Егер осыдан оншақты жыл бұрын Қытай басшылығы озбырлықпен құлатпағанда бабалар қолының табы қалып, әр кірпіші қасиетті «Құран» аяттарымен нұрланған мешіт әлі талай ғасырлар бойына киелі дінімізге қызмет ете берер еді.

Шейхұл Сейіт аталас туысы Бердіқожаға келген сапарында талай мәрте  Құнанбаймен де сұхбат құрып, сырласыпты. Жас Абайды да көріпті.

Шейхұл Сейіт үлкен ұлы Құл-Мұхаммедті жастайынан дін оқуына баулып, кейін өзі сияқты Бұқарадағы әйгілі «Мир Араб» медресесінде оқытыпты. Баласына әуелі қожадан қыз әперсе (1-әйелінің аты Айым), кейін Құл-Мұхаммед жасы 40-тан асқанда екінші рет үйленіп Абақ Керейдің Шеруші руынан шыққан Бұршақбай деген байдың Зылиман есімді қызын алыпты.

Құл-Мұхаммедтің бәйбішесі Айым анамыздан Қожахмет, Сейдахмет атты екі ұл, ал Зылиман әжемізден Ескендір және Әкетай (азан шақырып қойған  аты  Сейітәкірам болса да ата-анасы ұлдың кенжесі ретінде  жас  күнінен «Әкетай»  деп  еркелетіп, кейін халық осылай атап кетіпті)  атты  екі  ұл туыпты. Қожаның үлкен үш ұлы Қытайдағы заманның тыныш кезінде қажыға барған екен.  Құл-Мұхаммед  бабамыз 83 жасында өсіп-өнген ұрпақтарының алдында 1920 жылы дүние салыпты.

Құл-Мұхаммедтің Әл-Мұхаммед, Ес-Мұхаммед атты екі інісі 1865 жылы ел ішін үлкен дүрбелеңге салған дүнген көтерілісі кезінде шейіт болыпты. Енді қазақстандық оқырмандарға түсініксіздеу болып келетін осы бір шетін оқиғаның да жай-жапсарына тоқтала кетейін.

Жоңғар хандығы келмеске кеткен соң ежелден Алтай мен Тарбағатайды мекен еткен қазақтың керей, найман рулары атақоныстарына оралып, Қытай шекарасына сұғына орныға бастады. Бұл еркіндік қытайларға аса ұнай қоймаса да, қазақтардың қонысы арқылы Ресей шекарасын кеңейте түсуді көздеген орыс отаршылдары тарапынан қолдау болды. Көп ұзамай екі жақтан да шекараға байланысты дау-дамай туындай бастайды. Келіспеушіліктерді шешу  үшін 1861 жылы Шәуешек қаласындағы Ресей империясының өкілі, полковник И.Ф.Бабков, Құлжадағы консул И.И.Захаров, Шәуешектегі консул К.А.Скачков т.б. қатысуымен келіссөздер жүргізіледі. Ол 1864 жылға дейін созылып, аяғы ұзақ талас-тартыстан соң екі елдің арасындағы шекараны белгілеуге арналған Шәуешек протоколына қол қоюмен аяқталды. Бұл құжат кезінде орыс дипломатиясының кезекті жеңісі деп бағаланғанымен керей мен найман руларының ежелгі қоныстарын шекараның Қытай жағында қалдырды.

Ұзақ уақыт бойы қытайлардың батысқа қарай жылжуына тосқауыл болып келген Жоңғар хандығы 1757 жылы біржолата талқанданғаннан кейін, Қытай армиясы шығысқа қарай лап қойып, бас аяғы екі жылдың ішінде Қашқария деген атпен белгілі Түркістан өлкесінің шығыс бөлігін басып алады. Ежелгі Қытай дәстүрі бойынша жаулап алған жердің де елдің де атын халық жадынан өшіру үшін  ұланғайыр  өлкеге  Шыңжаң, яғни «Жаңа шеп» деген ат қойылады. Негізінен қазақтар, тараншылар (ұйғыр деген ат кейін шыққан) мен дүнгендер мекендеген өлкеге ішкі Қытайдан шенеуніктер мен әскер қаптатып, қытай тектес мәнжу, сібе, солон т.б. аз ұлт өкілдерін көшіреді. Жергілікті халық қытай басқыншыларына қарсы шығып, жиі-жиі көтерілістер ұйымдастыра бастайды.

Міне, сондай көтерілістің бірі 1864 жылы тұтанып, өзара күш біріктірген жергілікті қазақ, дүнген, ұйғыр, қырғыз халықтарының өкілдері өлкеден Қытай әкімшілігін қуып шығып, елге сес көрсету үшін ұстаған әскерінің тас-талқанын шығарады. Көп ұзамай түрлі ұлт өкілдерінен құралған көтерілісшілер арасында алауыздық басталып, олар ортақ мемлекет құрудың орнына бас-басына би болып, Құшар хандығы, Дүнген хандығы (кейін Үрімжі хандығы), Хотан хандығы, Қашқар хандығы, Жетішар  мемлекеті және қазақтың албан, суан руларының ежелгі қонысы – Іле өлкесінде Тараншы сұлтандығы сияқты шағын хандықтар мен сұлтандықтарға бөлініп кетеді.

Көтеріліс Тарбағатай өлкесінде шаруасы шалқып, тыныш жатқан Шәуешекті де шарпыды. 1865 жылдың қытай күнтізбесіндегі жаңа жыл басталған күні дүнгендер Қытай шенеуніктерін қаладағы дүнген мешітіне жинап, қанды қырғын ұйымдастырады. Бұл туралы сол оқиғаны көзімен көрген Гейнс пен Гутовский: «Заманив их в мечеть дунгени бросились в цитадель. Овладели оружием и порохом и стали убивать маньчжуров. Два дня продолжалась резня на улицах Чугучака», – деп жазады (Туркестанский край: 1865, т.19, Ташкент, 1914, с.10).

Көтерілісті  бастаған  дүнгендер қазақтарды өз жағына тартып, басқыншыларға қарсы айдап салса, қытайлар өздеріне жақын қалмақтарды қазақтарға қарсы бағыттайды. Ғасырдан астам уақыт соғысып, атадан балаға кеткен кегі, алмаған өші бар киіз туырлықты жауынгер екі халық арасында кескілескен қарулы қақтығыстар басталды. Бейбіт жатқан қазақ ауылдары шабылып, еркек кіндік атаулы қылышқа, найзаға ілінеді. Құтырынған қалмақтар Шәуешекке басып кіріп, қала халқын қанды қырғынға ұшыратады. Сол соғыста шейіт кеткендер қатарында  Шейхұл Сейіт бабамыздың ержеткен екі бірдей ұлы да болады.

Көтерілісшілер  жеңіске  жетіп, Шыңжаң өлкесінде құрылған мұсылман хандықтары мен сұлтандықтар дін қарындастық жолымен Ресей аумағында орналасқан қазақ руларын шақыра бастайды. Осы кезде  орыс отаршылдарынан зәбір көрген найманның Қызай руының старшыны Тазабек Мұсырманов жалпы саны мыңнан асатын бүкіл аталастарын ертіп, Алахан сұлтан билеген Тараншы сұлтандығына өтеді. Оны қайтару жөніндегі орыс әкімшілігінің өтінішіне Алахан сұлтан құлақ аспайды.

Сыныққа сылтау іздеп, ұрынарға қара таппай отырған генерал-майор Колпаковский 1871 жылы мұздай қаруланған 3000 казак әскерімен сұлтанат жеріне басып кіріп, оны 1881 жылға дейін он жыл бойына тырп еткізбей ұстап тұрады. Қуыршақ сұлтан Алаханды Верныйға алдырып, үй қамақта ұстап, Тазабек батырды ит жеккенге айдайды.

Кеңес тарихшылары бұл оқиғаны кезінде қазақ, ұйғыр, қырғыз, дүнген халықтарына Ресей империясының жасаған қамқорлығы  және оларды Қытай езгісінен азат етуге бағытталған жорық, «орыс қаруының жеңісі» ретінде бағалап келді. «Бақсақ бақа екен» дегендей, кейінгі ашылған архив деректері оның мүлде басқаша мақсатта жүргізілгендігін дәлелдеп берді.

Қытай империясы Шыңжаңнан айырылу қаупі төнгенде Ресейге көтерілісті басып, оны ұйымдастырушыларды жазалау жөнінде өтініш жасайды. Іле аймағының басшысы Мин Сюйдің генерал-майор Колпаковскийге 1864 жылдың қарашасында жолдаған хатында: «Многие лет наши де высокие державы находятся в неразрывном согласии. Посылая этот лист к генералу, прошу по получению этого письма, как можно быстро прислать русские войска в Или, потом, соединившись с нашими войсками, разбить воров и успокоив страну, покрыть себя славой», – делінген. Император ІІ Александр өтінішті қабыл алып, Ресей әскері жорықты бастамастан көп бұрын 1871 жылдың сәуірінде өзінің Қытайдағы елшісіне: «Вмешательство наше в дела Западного Китая имеет единственной целью оказать содействие китайцам к восстановлению их власти в отторгнутых западных провинциях империи», – деген тапсырма береді. Орыс әскері Ілеге басып кірер алдында жергілікті қазақтар мен ұйғырларға үндеу жариялап, онда бейбіт халыққа дос екенін, олардың мал-мүлкіне ешкім қол сұқпайтынын, өздерінің түпкі мақсаты өлкені басқыншы жаудан азат ету екендігін айтып, ел арасында үгіт-насихат жүргізеді. Оған сенген жергілікті халық өкілдері орыс әскерлеріне еш қарсылық көрсетпейді. Бұл туралы кейін генерал-губернатор А.Н.Куропаткин: «Население Кульджи оказало русским войскам при захвате Илийского края слабое сопротивление и покорилось, получив обещание, что занимаемый край никогда не будет передан китайцам», – деп жазады (Куропаткин А.Н., «Русско-китайский вопрос», СПб, 1913, с.47).

Осылайша қазақтар мен қырғыздардан еш қарсылық көрмеген орыс әскері 1871 жылы 22 маусымда Құлжаға басып кіреді. Көп ұзамай Тараншы сұлтандығының иелігіндегі Іле өлкесі түгелдей Ресейдің қарауына көшіп, орыс үлгісімен жаңа әкімшілік-аумақтық бөліністер жүргізіледі.

Қаншалықты алдын-ала келісілгенімен «азат етуге келген» орыстардың біржолата орнығып қалуынан секемденген Қытай 1876 жылы Цзо Цзутан бастаған 70 мың әскермен Шыңжаңға қарай аттанып, көп ұзамай өлкенің Іле аймағынан басқа бөлігін қанға бөктіріп, Қытайға қайта қосады. Дүнген ханы Дәуіт халифтің мүрдесін көрден суырып алып, кескілеп итке тастайды.

Дүнгендер мен ұйғырларды асқан қатыгездікпен жазалаған қытай әскерлері оңайлықпен келген жеңіске масаттанып, орыстарға Іле өлкесін түгелдей босату жөнінде талап қояды. Екі жақты келіссөздер әуелі 1879 жылы Қырымда Ливадияда, арада екі жыл өткенде 1881 жылы Санкт-Петербургте жалғасады. Қытай тарапы әуелгіде албан руының ежелгі қонысы саналатын Күнес пен Текес өзендерінің Ілеге құяр тұсы мен суан руының ежелгі қонысы – Қорғастың шығыс бетіндегі құнарлы, құйқалы мекендерді беруге келіскенімен, кейін бұл райынан қайтып, тіпті келіссөзді жүргізген Чун Хоу деген өкілдерін «келіссөзде табандылық көрсете алмағаны» үшін өлім жазасына кеседі. Іле өлкесі Қытайға қайтарылмаған жағдайда 200 мың әскермен орысқа қарсы соғысқа шығуға дайын екендігін мәлімдеп, қоқан-лоққы көрсетеді. Соғысқа кіруден сескенген Ресей жағы Боғдыханның ұсыныстарының басым көпшілігін қабылдап, 1881 жылы Петербург келісіміне қол қойып, Құлжадағы орыс әскерін түгелдей қайтарады. Нәтижесінде албан мен суанның ежелгі атақоныстары Қытай жағында қалып, Ресейге Қорғас өзенінің бергі бетіндегі азғана аумақ қана қалдырылады.

Ілеге Қытай әкімшілігі қайтып оралғанда көтеріліске қатысқан 100 мыңнан астам дүнгендер мен ұйғырлар шекараның Ресей бөлігіне өтіп, Қазақстанның осы күнгі Жаркент, Ұйғыр, Райымбек аудандарының аумағына келіп қоныстанады.

Ақырында  екі империя бәз-баяғы «бөліп ал да, билей бер» принципі бойынша қазақ жерін ең құнарлы, құйқалы тұсынан қақ бөліп, өзара талапайға салады. Шекараны   айқындау кезінде Шәуешекпен жапсарлас Барлық тауының етегіндегі найманның төрт болыс елі (Алакөл, Барлық, Еміл және Майлы) отырған жерге қатысты үлкен дау-дамай туындайды. Қытай жағы оны мекендеген қазақтарды тез арада Ресейге көшіруді талап етеді. Дау-дамайдың соңы Шәуешектегі Ресей консулы Н.Балкашиннің Қытайдың хэбэйамбыны Си Лунмен 1884 жылдың 28 желтоқсанында «Барлық хаттамасына» қол қоюмен аяқталады. Хаттамаға сәйкес Барлық тауының баурайын мекендеген 4 болыс қазақ рулары өзінің ежелгі ата қонысын қытайлардан 10 жыл мерзімге жалға алып, оған ақы төлеуге мәжбүр болады. Қадалған жерінен қан алатын Қытай жағы 1893 жылы 30 қыркүйекте Барлықты да өзіне қаратып тынады.

Шекара туралы әңгімені түйіндер болсақ 1864 жылғы Шәуешек протоколы, 1879 жылғы Ливадия шарты мен 1881 жылы Петербург келісімі бойынша сол кездегі Ресей империясы позициясының әскери-саяси тұрғыдан басым болғанына қарамастан шетін мәселе Қытай мемлекетінің пайдасына шешіліп, керей, найман, албан, суан руларының ежелгі атақоныстары ала бағанның арғы бетінде қалды.

Өскен ұрпақ

 Шығыс Түркістан өлкесін ширек ғасыр бойы дүрбелеңге салған бұлғақ кезең аяқталған соң менің бабаларымның өмірі қалыпты ырғаққа түседі.

Әскери-қорғаныс стратегиясы тұрғысынан да, сауда-экономикалық жағынан да Қытайға аса тиімді болған Петербург келісімінен кейін Пекин дипломатиясының тоңы жібіп, екі ел арасындағы сауда-саттық жайы өрістей түседі. Бұл шекараның арғы және бергі бетіндегі қазақтардың алыс-берісін де күшейтті.

Көшпелі халық өмірінде күн сайын дерлік туындап отыратын жер дауы, жесір дауы, барымта мәселесін шешуге Қытайдың да, Ресейдің де заңдары қауқарсыз болып шықты. Петербург келісімінен кейін шекара анықталып, белгі қойылғанмен ғасырлар бойы еркін көшіп-қонып үйренген қазақ рулары арасында тек билер сотымен ғана шешілетін дау-дамайлар туындап отырды. Соларды ымыраластыру үшін екі жаққа да бұра тартпай, қара қылды қақ жаратын төбе билер институты керек болды. Міне сол уақытта Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірінде ғана емес, шекараның бергі бетіне де аса танымал әулеттің өкілі ретінде Құл-Мұхаммед бабамыздың даңқы шығады.

Жаңа ғасырды менің бабам әбден кемеліне келіп, абырой-беделі, ақыл-ойы асқан пайғамбар жасында қарсы алады. Дүрбелең кезінде екі бірдей бауырынан айрылса да, тағдыр сынына мойымай, үлкен әулеттің атасы ретінде отбасының ғана емес, өзін қарайлап келген барша ағайынның да ақылгөй ақсақалы атаныпты.

Бабамның көзін көрген адамдардың айтуынша, Құл-Мұхаммед еңселі, келісті, келбетті, өте сабырлы адам болыпты. Қандай билік айтса да, еш жаққа бұра тартпай, шариғатқа, ар-иманға негізделген ақиқат шындықты айтады екен.

Дәл осы тұста әуелі Аягөз, кейін Шәуешекке келгенде бабаларымыздың тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарында орын алған кейбір өзгешеліктерге тоқтала кеткен артық бола қоймас.

Қаратаудан келген көштің алғашқы легіндегі Саяқып, Мірхалид бастаған қожалар сахара жайына, дала дәстүріне бірден көндігіп кете алмаған. Олардың киім киісі, жүріс тұрысы, бір бірімен қарым-қатынасы, тіпті жеті атаның ішінде өзара қыз алысып, қыз берісе беретін салты Арқа қазақтары үшін ерсілеу көрініпті. Шейхұл Сейіт пен Бердіқожаның буыны өздерін құшақ жая қарсы алған жергілікті қазақ руларымен құда-жекжат болу арқылы етене араласып, жаңа ортаға тез арада сіңісіп кеткен екен. Құл-Мұхаммед бабамыздың кезінде олардың өмір-салты мен тыныс-тіршілігінде жергілікті халықтан еш айырмашылық болмапты.

Ресей-Қытай қарым-қатынасы қанша реттелсе де, шекараны жағалай қоныстанған қазақтар арасындағы дау-дамай жиілей берген соң екі жақ келісімге келіп, дауды жергілікті халықтың ата дәстүріне сай өздеріне шешкізу жөнінде шешім қабылдайды. Ол үшін арғы-бергі беттегі айтулы билердің қатысуымен «Жаңа Ереже» жасалады. Қазақтың әдет-ғұрып заңдарымен қатар шариғат қағидаларын сақтай отырып жасалған осы ережені түзу барысында төбе бидің ролін сол кезде жасы жетпіске шыққан Құл-Мұхаммед атқарғанын Алтай, Тарбағатай халқының бірнеше буыны әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

Жаңа ереже түзілген соң Тарбағатайдың етегіндегі Шұбарағаш деген тамаша жайлауда 1908 жылдың жазында Ресей мен Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктерінің бақылауымен екі ел қазақтарының алғашқы халықаралық съезі (ел аузында бұл жиын құрылтай емес, сияз деп аталған) өтеді. Бұған Ресей жағынан Еміл-Барлықтың егесі – әйгілі Қанағат болыс бастаған топ келсе, Қытай қазақтарын Мамырбек үкірдай (болыс деңгейіндегі лауазым) басқарып келіпті. Бұл туралы белгілі ресейлік қытайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы, Алтай университетінің профессоры В.А.Моисеев өзінің «Россия и Китай в Центральной Азии» деген монографиясында нақты мұрағат деректеріне сүйене отырып: «Съезд открыл чугучакский консул С.Соков, поздравивший всех собравшихся с подписанием особого протокола об открытии. В день открытия представители сторон составили так называемый «Эреже». Для разбора претензий торговцев была создана судебная комиссия во главе старшиной чугучакских торговцев Хальмухаметовым», – деп жазады (Барнаул, 2003, 252-253 беттер).

Ұзақ уақытқа созылған соғыс пен бүліншіліктен әбден қажып, қытай мен қалмақтың талауына түскен халқымыздың енді ғана есін жиып, еңсесін көтерген кезде өткен бұл жиын шекара бойындағы қазақтар үшін үлкен тарихи оқиға болды. Екі жақтың да төбе биі болып, барлық дау-дамайды қара қылды қақ жарып, әділдікпен шешкен Құл-Мұхаммедтің даңқы Алтай, Тарбағатай қазақтары арасына кеңінен жайылады. Оның тура билігіне риза болған қазақтар: «Біздің Құлмет қажы (бабамызды халық осылай атап кеткен) қытай мен орыс әкімдерін қалай құрдай жорғалатты. Құран, хадистен мысал келтіріп, заулатқанда мәнжулердің өзі мәңгіріп қалған жоқ па», – деп оның билігін қытайлар алдында қазақ мерейінің артып, мұсылман дінінің үстем болғандығы ретінде бағалапты.

Съезд Алтай, Тарбағатай қазақтарының есінде ұзақ уақыт жатталып қалады. Онда Мамырбек үкірдай шекараның қос тарапынан келген қандас бауырлары үшін бұрынғы соғыстардағы жазықсыз құрбан болғандар рухына бағыштап құран оқытып, көкқасқа шалып, ұлан-асыр ас береді. Шекараның арғы, бергі бетінен түгел жиналған қазақтар шұрқырай табысып, ат шаптырып, балуан күрестіріп, түрлі ойын-сауықтар өткізіп, есін жиып, еңсесін тіктейді.

Аста тағы бір тарихи оқиға орын алып, қазақтың арқалы ақыны, бұлбұл көмей әншісі Әсет пен Кәрібай ақын айтысқа түседі. Бұл деректі айтыстың 1981 жылы профессор Б.Абылқасымов пен 1986 жылы белгілі жазушы Б.Нұржекеев жазып алған Тортай Жағыпаров нұсқасындағы:

«Жігіттер Көктұмаға барған жерім,

Дәміне Шұбарағаш қанған жерім.

Ер өнері кем болмай, тауып ебін,

Әсетті сүріндіріп, шалған жерім.

Әсет тоқтап, Кәрібай жеңді деген,

Атақты хан сиазда алған жерім», – деген жолдар растайды (Әсет Найманбаев. Шығармалар. Алматы, «Жазушы», 1988, 143-бет).    

Құл-Мұхаммед бабамыздың төңірегінде үнемі өнерлі, білімді жастар жиналыпты. Солардың ішінде бабалары Қаратаудан бірге келген, өзінен 20 жастай кіші аталас інісі Жүсіпбек Шайхысламұлы да болған. Ол жас күнінен Құл-Мұхаммедтің тәлім-тәрбиесін көріпті. Кейін ағасының кеңесімен шығыс ақындарының дәстүріне сай «Шәкір-Шәкірат», «Жүсіп-Зылиқа», «Дариға қыз», «Сал-сал» атты діни дастандар жазып, оны Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында жариялайды. Жүсіпбек қожа қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Айман-Шолпан», «Кенесары-Наурызбай» т.б. жырларын да ел аузынан жазып алып, бастырып шығарады. Жалғыз өзі тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының қызметін атқарып, соңына мол мұра қалдырған Жүсіпбек атамыз 1937 жылы Қытай жерінде дүние салды.

Құл-Мұхаммед атамыздың батасы мен ақыл-кеңесін алғандардың бірі – қазақтың арқалы ақыны Әсет Найманбаев.

Әсет ақын Шәуешектің дәл іргесіндегі (арасы 20 шақырымдай жер) Бақты (бұрынғы аты Көктұма) ауылында туып-өскен. Ауылдағы медреседе Шәуешектегі мешіттің алғашқы имамы болған Шейхұл Сейіттің немере інісі Ешен Сейіт дәріс оқыған. Жас Әсеттің Ешен Сейітке арналған өлеңі де бар және ол ақынның бірнеше жинағына енді.

Әсеттің бүгінде әр қазақ жақсы білетін «Інжу-маржан», «Әсет», «Мақпал», «Қисмет» т.б. әндері әуелі Қытай қазақтары арасына кеңінен тарап, кейін бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Шығыс ақындары дәстүрімен жазылған «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз» т.б. дастандары да әлденеше рет басылды. Әсет  ақын да тағдыр жазуымен шекараның арғы бетінде дүние салды.

Атамызбен жақсы араласқан адамдардың бірі татар-ноғай арасынан шығып, қазақтарға біржолата сіңісіп кеткен, Бақты мен Шәуешекті кезек мекен еткен айтулы тарихшы, «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халиди болды.  Құрбанғали Халидидің кітабын Мұхтар Әуезов те оқыпты. Оның қазақтың ескілікті әдет-ғұрыптары туралы жазбаларын «Абай жолы» эпопеясының Бөжейдің асы беретін тұста шеберлікпен пайдаланған.

Пайғамбар жасынан еркін асқан шағында Алтай, Тарбағатай қазақтарына ақылгөй абыз, тура билігімен даңқы кеткен Құл-Мұхаммедті шекараның бергі бетіндегі қазақтар да ерекше сыйлапты. Қабырға жетпес қалың қаракерейге билік жүргізген атақты Сүлеймен биге арналып, 1906 жылы шекараның дәл түбіндегі Лепсі уезі Еміл болысының жерінде өткен ұлан-асыр аста Құл-Мұхаммед тағы да төбе би сайланады.

Шәуешекпен шекаралас бір ғана Лепсі уезін 1905 жылы 17 болыс ел жайлапты. Бүгінде ел жадынан өше бастаған сол ағалардың аруағы риза болу үшін есімдерін атап айтар болсақ, Алакөл болысында – Әлеке Бисарин, Ақшәуліде – Райыт Шынтеміров, Арғанатыда – Мұхамедғали Бисенбин, Аягөзде – Мұхамедша Сембаев, Балқаш-Лепсіде – Қасым Сикенбаев, Барлықта – Омар Құрбанов, Батыс Шынжылыда – Шымбек Арқанбаев, Қарақолда – Тәуірбек Шынғожин, Қысқаш-Садырда – Тасыбек Базаров, Мақаншы-Садырда – Құрбанғали Арапов, Мәмбетай-Қысқашта – Саурық Мырзағарин, Мырзатай-Қарасуда – Мұхамедкәрім Хасенов, Тауқұм-Балқашта – Шәкірт Саңқайбаев, Үржарда – Қасымжан Қалеков, Шарбақтыда – Дулат Байбылов, Шынжылыда – Әбсейіт Бекішев, ал Еміл болысында Қанағат Сүлейменов болыстық қызмет атқарды. Ас берген Сүлеймен бидің бел баласы, мол дәулетімен, мырзалығымен даңқы шыққан әйгілі Қанағат болыс осы еді.

Әкемнің айтуынша, Қаракерейден тарайтын атақты Байыс байдың «бес Байыс» атанған бес ұлы және бес ағасының ортасында ерке өскен Мақта сұлу атты қызы болған. Байыс атамыз Мақтаны пайғамбар тұқымы деп, Түркістаннан келген Тоқтарқожа атты қожаға қосады. Одан Байжігіт, Жанжігіт атты екі ұл дүниеге келген. Жанжігіт жас күнінде Түркістан жаққа кетіп, Байжігіт Байыс байдың тәрбиесінде өседі. Байжігіттен Жұмық, Тоғас, Мәмбет, Қарақұрсақ атты төрт ұл тарап, бір тайпа елге айналады. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен осы өңірден шыққан Алаш ардагері Мұхамеджан Тынышбаев еңбектерінде жиі аталатын қалың байжігіттер дәл осы төрт көкжалдан өсіп-өнген. Мәмбеттен Өмір, Күшік, Күдір, Қожақұл, ал, Қожақұлдан әйгілі хан батыр, дарабоз Қабанбай, Қабекеңнен болса Әділбек батыр тарайды. Әділбектің Сұлушаш деген бәйбішесінен Сүлеймен туған. Тоқтарқожаның тарихын жақсы білетін Сүлеймен Құл-Мұхаммедті өзіне жақын тартып,  етене араласыпты. Би әулетіндегі айтулы оқиғалардың көпшілігінде біздің бабамыз жүріпті. Уақыты жеткенін шамалаған Сүлеймен би өзінің жаназасын шығартуды жан қиыспас досы Құл-Мұхаммедке өсиеттеген екен.

Сүлейменнің асы Ресей және Қытайдың ұзаққа созылған қырғи-қабақ жағдайы өзгеріп, екі ел арасында еркін қарым-қатынас орныққан, мамыржай тірлік пен мал саудасынан асығы алшысынан түскен қазақтардың мейманасы таса бастаған кезінде өтіпті.

Асқа Лепсі ғана емес, түстікте – Қапал, теріскейде – Зайсан, батыста – Қарқаралы, шығыста – шекараның арғы бетіндегі қазақтардың төрт болысы – Мамырбек төре, Дәмежан, Еңсе, Жалбағай үкірдайлар бастаған  игі жақсылары түгел қатысыпты.

Ресейде әуелі бірінші орыс төңкерісі (1905-07), кейін он алтыншы жылғы көтеріліс пен Азамат соғысы сияқты бүліншіліктердің алдында, ел аман, жұрт тынышта болған бұл асты қазақ даласында дүркіреп өткен ең соңғы ас деп айтуымызға толық хақымыз бар.

Аста 300-дей ат қатысқан аламан бәйге, орыс, қытай, ұйғыр балуандары бақ сынаған күрес, ұлттық ойындардың сан алуан түрлері ұйымдастырылады. Ас соңында ата дәстүріне сай орыс, қытай, татар саудагерлерінің базарға шығарған бүкіл бұйымдары «хан талапайға» түсіп, оның құнын Құл-Мұхаммедтің билігімен ас иесі Қанағат болыс өндіріп береді.

Асқа Қапал уезінен атақты Маман, Тұрысбектер де қатысқан. Олармен бірге ере келген 12-13 жасар Ілияс Жансүгіров те бәйгеге түседі. Жас баланың дәл осы аста көрген-білген әсерлері кейін «Құлагер» поэмасының өзегіне өріледі.

Бұл туралы Семей өңірінен шыққан талантты ақын, жазушы, шежіреші Аманжан Жақыпов: «Құлагер» поэмасындағы Сағынайдың асы – Сүлейменнің асы. Ақан – Әсет. Құлагердің үстіндегі бала – Ілиястың өзі. Жыққан балуаны – Әбділдабек. Құсақ көлі – Алакөл. Бұлар – символ», – деп жазады (Жақыпов А., Хан батыр Қабанбай. А., 2001, 111-бет). І.Жансүгіров өмірін студент кезінен зерттеген зерделі ақынның бұл пікірімен келіспеу қиын.

Сүлеймен атамыз өзін қалың қаракерейдің ішіне емес, шекараның тура аузына, Жоңғар қақпасының тұсына қойдыруға өсиет етіпті. Бидің бұл шешімі ұрпағы ешуақытта атасының сүйегін жат елде қалдырмай, қызғыштай қорып жүрсін деген алысты болжаған көрегендіктен туындаса керек. Шындығында, қаншалықты аумалы-төкпелі заман болса да, Мәмбет ұрпақтары атасының сүйегі жатқан киелі орынды ешуақытта тастап кетпеген. Бабаның ені 20, ұзындығы 63 метрлік алып мазары Жарбұлақ ауылынан 10 шақырымдай Қарағаш деген жерде әлі күнге дейін тарих пен уақыттың сынына төтеп беріп, мұрты бұзылмастан тұр.

Халқына қорған болып, бабалар даңқын асырған Қанағат болыс үркіншілік заманда Қытайға өтеді. Ол жақта да қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы абақтыға жабылған есіл ер Қытай түрмесінде көп азап шегіп, 1942 жылы опат болыпты.

Құл-Мұхаммед бабамыз бақилық болған соң әулет билігін қожадан 20 жас кіші, сол кезде жасы 63-ке келген Зылиман әжеміз алып, бәйбіше-тоқалдың баласы деп алаламай Құл-Мұхаммедтен қалған мол дәулетті төрт ұлға теңдей етіп бөліп беріпті.

Заман алға жылжып, ендігі кезеңде тарих сахнасына Шейхұл Сейіттің Қожахмет, Ескендір, Сейдахмет, Әкетай атты төрт ұлы шығады.

Қожаның бәйбішесі – Айым әжемізден туған Қожахмет пен Ескендір аталарымыз баба дәстүрін ұстанып, ғұмырын дін ісіне арнапты. «Ешен Сейіт» мешітіне имам болып, Шәуешек медресесінде бала оқытыпты. Қожаның екінші әйелі Зылиман әжемізден туған Сейдахмет пен Әкетай өзгеше жол таңдайды.

Петербург келісімінен кейін Ресей тарапы Шыңжаң өлкесіндегі, Құлжа, Шәуешек, Урга, Қобда, Ұласутай, Хами, Тұрфан, Үрімжі қалаларында консулдықтар ашады. Ертіс пен Іледе жүк артқан пароходтар жүзе бастайды. Тек 1903-1904 жылдары Ресей-Қытай сауда айналымы 15-20 миллион Ресей рубліне жетеді. Бұл кеше ғана соғыс жағдайында болған екі елдің сауда-экономикалық байланысы айтарлықтай өскендігінің белгісі еді. Қазақтардың Арқа төсінен Батыс Қытайға қарай айдалған мыңғырған малы сауданың көрігін қыздыра түссе, Ресейге қарай Қытайдың алуан түрлі жібек, мата бұйымдары, хош иісті шайлары жеткізілді.

Ғасыр басында Ресейде зор табыспен жүргізілген Столыпин реформасының нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 2 есеге жуық, ал өнеркәсіп өнімдері 5 еседен астам өседі. Бұл Ресеймен шекаралас Қытай өлкесінде де капитализмнің дамуына игі әсерін тигізіп, орыс капиталының көмегімен жаңа зауыт, фабрика, өндіріс орындары және онда қызмет істейтін азаматтардың отбасына арналған орыс мектептері мен гимназиялары ашылады.

Дәл осы тұста Құл-Мұхаммедтің ортаншы ұлы Сейдахмет атамыздың да бағы жанып, саудасы жүре бастайды. Әкесімен бірге талай мәрте шекараның арғы бетінде Лепсі, Зайсан, Қарқаралы уездерінде болып, Ресейде қалыптасқан жағдай мен сауда-саттықтың жайын жақсы меңгерген іскер жас ағалары мен інісінің дәулетін біріктіріп, орыс, татар көпестерінің үлгісімен білек сыбана шекаралық саудаға кіріседі. Бағы жанып, мол байлыққа кенеледі. Оның ішкі Қытайдан тартқан саудасы Аягөз, Семей базарларынан асып, алды Омбы мен Қазанға жетеді. Сейдахмет атамыздың татар көпестерімен іскерлік байланыс орнатуға осы халықтан алған Хабибжамал әжеміздің саудагер ағаларының тигізген әсері аз болмаған сияқты. Осылайша, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында-ақ Сейдахмет атамыздың атағы Алтай, Тарбағатай өңіріне шыға бастайды.

Көп ұзамай Ресейде алашапқын кезең басталады. Елді әуелі Қазан төңкерісі, кейін азамат соғысының лаңы жайлап, Қытайға қашқан Орынбор казактарының атаманы Дутов, атаман Анненков, генерал Бакичтің әскерлері шекарадағы қазақ ауылдарын шауып, мал-мүлкін талан-таражға салады. Тонауға көп ұшыраған Қанағат болыс, Әлімғазы болыс, Жасболат болыстар  Қытай жеріне өтеді. Олардың Тарбағатайдың етегіндегі Мамырбек төре, Көксеген үкірдайлардың жерінен қоныс алуы мен Шәуешек қаласынан саудасын ашуына Қытайдың жай-жапсарын бес саусағындай білетін Сейдахмет атамыз бастаған Құл-Мұхаммедтің төрт ұлы қамқорлық қолын созыпты.

Сейдахмет қажының ел есінде қалған тағы бір игілікті ісі – 1932-1933 жылдарда ашаршылыққа ұшырап, арып-ашып шекара асқан қазақтарға Шәуешек байларының басын қосып, көмек ұйымдастыруы. Зайсан, Аягөз, Үржар, Мақаншыдан шұбырған жұртты қабылдап қана қоймай, кәсіпке баулу ісіне де көп еңбек сіңіріпті. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», – дегендей, атамыздың осындай қамқорлығын 50-60-шы жылдары қайтадан елге оралған қазақтардың талай игі жақсыларының үлкен ризалықпен еске алғандарын мен бала кезімнен естіп өстім. Сейдахмет атамыз Қытай революциясының қарсаңында 1947 жылы дүние салыпты. Атамыздың қалың найманның тума руынан шыққан Жеңісхан атты әжемізден туған Сейіт-Мұхаммед атты ұлы Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовпен Шәуешек гимназиясында бір сыныпта оқыды. Қабдеш ағамыз елге оралғанда Сейіт-Мұхаммед Пекиндегі ұлттар университетіне оқуға түседі. Оны тәмәмдаған соң Үрімжідегі жоғары оқу орындарында қытай тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Қазақстан тәуелсіздік алғанда ағамыз елге оралып, жасы ұлғайғанына қарамастан Алматыдағы бірқатар университеттерде қытай тілінен дәріс оқыды.

Менің өз атам Әкетай Құл-Мұхаммедтің төрт ұлының сүт кенжесі екен. Әкесінің даңқы шарықтап тұрған кезде дүниеге келген ол бала кезінен-ақ бүкіл әулеттің алақанға салған еркесі атаныпты. Шәуешек медресесін тәмәмдаған соң ары қарай оқуды да, ағасының соңына еріп, сауда-саттықпен айналысуды да қаламапты. Ерке жиенді Шеруші Керейдің небір құсбегі, аңшы, мергендері шыққан Ұзынмылтық атасының рубасы саналатын Бұршақбай нағашысы да ерекше жақсы көрген екен. Сондықтан Әкетай атамыз уақытының көпшілігін қаланың қым-қуыт тірлігінен гөрі сейіл-серуен құруға қолайлы қырда, жайлауда Бұршақбай нағашысына қоныс болған сай-саласында мөлдір сулы өзендері сарқырап, сыңсыған қарағай-самырсындары көкке өрлеген жаннат өлке – Майлы Жайырда өткізіп, ит жүгіртіп, құс салып, серілеу ғұмыр кешіпті.

Әкетай атамыздың Керейден алған Рысбүбі атты бәйбішесі бір қыз туып, екінші перзентін дүниеге әкелерде қайтыс болыпты. Анасы Зылиман үлкен ұлдарымен ақылдаса келіп Әкетайға Бақты мешітінің имамы болған, үлкен дамолла Әулиехан ишанның жалғыз қызы Үмітті айттырады. Сейіт қожалар әулетінен тарайтын Әулиехан ишан нағашымыз да бар ғұмырын дін ісіне арнаған жан болыпты. Үркіншілік кезінде біраз жылдар Шәуешекті паналаса да, өмірінің соңына дейін Бақтыда тұрақтап қалған екен. Ол кісінің өз қолымен өсіріп, баптаған саялы бағы Бақты ауылында «Ишан бағы» деген атпен бертінге дейін сақталды.

Әулиехан нағашымыздың үлкен ұлы Құбриахан 1937 жылдың репрессиясына ұшырайды. Одан кейінгі ұлы Батыр екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза табады. Мұхитдин деген ұлы майданнан ауыр жарақат алып, елге оралған соң Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылында өмір сүріп, бертінде қайтыс болады. Құбриаханның қызы Мүбәрак апамыз ұзақ жасап, өткен ғасырдың соңында Алматы қаласында дүние салды.

Әкетай атамыз әулиенің қызына үйленген соң сауық-сайранды азайтып, біртоғалау тіршілікке көшіпті. Оған әкесінен білім алған, ескіше сауаты мол, мінезі сабырлы, салмақты Үміт әжеміздің де тигізген әсері аз болмағанға ұқсайды. Үміт әжеміздің аяғы Құл-Мұхаммед әулетіне құтты болып, ол кісі Абрар, Сұлтан атты екі ұл, Тұрсын есімді бір қыз дүниеге әкеледі. Ерекше көрікті, ақылды азамат болып өсіп келе жатқан Сұлтан жасөспірім кезінде дүние салып, еркек кіндіктен әкем Абрар Әкетай ұрпағын жалғастырады.

Әкетай атамыз еңсегей бойлы, қапсағай денелі, қуатты, қарулы адам болыпты. Әкемнің айтуынша біздің үйдің кенжесі Мұратқали атасына қатты ұқсайды екен. Ешкім бетінен қақпай еркін өскендіктен атамыз бірбеткей, турашыл, қайтпас қайсарлығымен ел есінде қалыпты. Ағасы Сейдахметтің арқасында тірлікте еш қиыншылық көрмей, бақуатты өмір сүріпті. Әкетай атамыз 1961 жылы 73 жасында көз жұмды. Уақытының жақындағанын сезген ол баласына өзін Шәуешектегі бабаларының жанына жерлеуді өсиет етіпті. Өзі көрген соңғы немересі болғандықтан шығар Әкетай атамыздың маған ерекше мейірі түскен екен. Сол кезде даңқы әлемді шарлап кеткен Мұхтар Әуезовтің құрметіне атымды Мұхтар қойып: «Алла сәтін салса, түбі Мұхтар ағасын табар», – депті. Бабаларымыздың айтқаны келіп, ұлы Мұхаңның өзін көрмесек те, мәңгі өлмес шығармаларын оқып өстік. Ұлы Мұратпен ағалы-інілі адамдай ерекше сыйластықта болып, Бердіқожа мен Шейхул Сейіттен басталатын бабалар достығын жалғастырдық.

Әкетай атам бақилық болған соң Үміт әжем мені өз бауырына салып өсірді. Бірінші сыныпқа барғанша әжемнің қойнында жаттым. Әжемнің көзі тірісінде әке-шешем мені ешуақытта еркелетіп, ата-аналық сезімдерін көрсеткен емес. Сондықтан мен өз әкемді әлі күнге дейін өзге аға-інілерім сияқты «көке» демей «аға» деумен келемін.

Асылзада

Әкетай атамыз дүние салғаннан кейін бабалар көшін Абрар Әкетайұлы жалғастырды. Әкемнің есімін арабшадан аударсақ, «асыл текті» деген мағына береді, ал қазақ оны бір сөздің-ақ қауызына сыйғызып «асылзада» дейді.

Абрар Әкетайұлы 1926 жылдың 1-ші желтоқсанында бабаларым үшін құтты қоныс болған Шәуешек қаласында дүниеге келді. Әуелі Шәуешек орта мектебінде оқып, жоғары сыныптарда  гимназияға ауысады. Қытай, орыс тілдерін әжептәуір меңгеріп, болашағынан зор үміт күттірген зерек жастың гимназияны үздік бітіріп, жоғары оқуға түсуге талпыныс жасауы бүкіл шығыс Түркістанды қамтыған «үш аймақ» көтерілісі атты ұлт-азаттық қозғалысымен тұспа-тұс келді. Сөйтіп оның өмірінде күтпеген жағдайлар басталып кетті.

Отызыншы жылдардан бастап Шыңжаң өлкесін еркін билеп-төстеген Шэн Шицай Кеңес одағының ықпалында болды және ол мұны орыстарды, коммунистерді ерекше жақсы көргендіктен емес, мәжбүрліктен істеді. Жапондар 1932 жылы солтүстік-батыс Қытайды басып алып, өзіне бағынышты «Манжу-го» атты қуыршақ мемлекет орнатады. Оның басына император Пу И-ді отырғызғанымен, жапондар билікті түгелдей өз қолында ұстады. Олар Манжу-го арқылы қазба-байлықтарға бай Шыңжаң өлкесін басып алуды стратегиялық мақсат ретінде алдына қойды. Ішкі Қытайда революциялық толқулар орын алып, елдің солтүстік шығысы жапондар қолына өткенде Шығыс Қытаймен байланысы үзілген Шэн Шицайдың Кеңес Одағымен достық қатынас орнатудан басқа амалы қалмады. Шэн Шицай кеңестік бағыт ұстанса да, өлкедегі қазақ, ұйғыр, татар, дүнген ұлттарына қарсы саясат жүргізді. Бұл 1931 жылы басталған түркі халықтарының ұлт-азаттық көтерілісіне әкеп соқтырып, олар Алтай өлкесінен қытайларды түре қуып шығады. Осы кезде Кеңес Одағы өз сателлитіне көмек ретінде Қызыл Армия бөлімдерінен «Алтай азаттық армиясы» атты үлкен әскери құрама жасақтап, олар Қытай шекарасынан өтіп, Алтайды қайтадан Шэн Шицай билігіне қаратады.

АҚШ, Ұлыбритания, Жапония КСРО-ның бұл әрекетін агрессия деп айыптап, халықаралық деңгейде үлкен айғай-шу көтереді. Нәтижесінде ВКП(б) Орталық Комитеті 1934 жылдың 15 сәуірінде «Синьцзян туралы» арнайы қаулы қабылдап, өлкеде жалпы саны 350 адамнан ғана аспайтын шектеулі әскери контингент қалдыру жөнінде тоқтамға келеді. Шэн Шицайға әскери ақыл-кеңес беріп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған тәжірибелі кеңес офицерлерінен тұратын шектеулі осы топ өлке басшысының басқан ізін аңдып, оны үнемі Мәскеуге баяндап отырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңіндегі жеңілістерден кейін Кеңес Одағының күні бітуге таяу деп ойлаған арамза басшы Шэн Шицай күрт айнып, Одаққа қарсы бағытталған саясат жүргізе бастайды. Дәл осы кезде Оспан батыр бастаған Алтай қазақтары 1943 жылы қытай әскеріне қарсы шығып, Кеңес Одағы оған Моңғолияның басшысы Чойбалсан арқылы әскери көмек көрсетеді. Көп ұзамай Оспанға Тарбағатай және Іле аймағының көтерілісшілері қосылып, бүкіл Шығыс Түркістанды «үш аймақ төңкерісі» деген атпен танылған революция өрті шарпыды. Бұл кезде өлкеде бір кездегі патша армиясының ақ гвардия сапында шайқасқан солдаттар мен офицерлерден құралған 20 мыңға жуық орыс эмигранттары тұратын. Кеңес Одағы өлкеде астыртын қызмет істейтін барлаушылар арқылы оларға қару-жарақ үлестіріп, түрлі партизан отрядтарының құрамына тартады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылдың 26 қаңтарындағы жарлығымен Қытай жеріндегі көтеріліске қолдау көрсеткен барлық орыс эмигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне ақтау (реабилитация) жарияланды.

Осы тұста Шыңжаңдағы АҚШ пен Ұлыбритания елшіліктері де өз қызметін жандандырып, астыртын жұмысын өрістете түседі. АҚШ 1943 жылы Үрімжіден жаңа консулдық ашып, капиталистік бағыт ұстанған гоминдан билігінің қолтығына су бүркеді. Германия Тибетті зерттеу деген желеумен ғылыми экспедиция жасақтап, жан-жақты барлау жұмыстарын жүргізеді. Осылайша Орталық Азия республикаларының байырғы халықтары – қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және ұйғыр ұлтының өкілдері мекендеген Шыңжаң КСРО мен Қытайдан басқа АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Жапония сияқты азулы, алып мемлекеттердің саяси ойындар жүргізу аренасына айналады.

Американдық ғалым О.Латтимордың «Азияның өзегі. Қытай мен Ресейдің шыңжаңдық және ішкіазиялық шекаралары» (Pivot of Asia. Sinkiang and the Inner Asian Frontiers of China and Russia. – Boston.1950), швед зерттеушісі Л.Бенсонның «Іле көтерілісі. Шыңжаңдағы Қытай билігіне наразы мұсылмандар қарсылығы (The Ili Rebellion. The Moslem Challenge to Chinese Authority in Xinjiang 1944-1949. – Armonk, New-York, London. 1990) және қытайлық тарихшы Д.Вангтың «Советтер көлеңкесінде» (Under the Soviet Shadow. Hong Kong. 1999) атты еңбектерінде өлкеде орын алған барлық әскери, саяси «ойындарды» Кеңес одағы ұйымдастырғанына баса назар аударыла отырып, бұл іске батыс елдерінің де лайықты «үлес» қосқаны жөнінде мол деректер келтірілген.

Сталиннің тікелей тапсырмасы бойынша 1943 жылы «Шығыс Түркістанды азат ету» ұйымы құрылып, оның нақты құрамы белгіленеді. Алматыда көп тиражбен ұйғыр тілінде «Шарқ хақиқати», қазақ тілінде «Қазақ елі» журналдары басылып, Шыңжаңға жеткізіледі. Көп ұзамай Алтай, Тарбағатай, Іле аймағында халықты жаппай көтеріліске шығуға үгіттейтін қазақ, ұйғыр, қырғыз тілдерінде үгіт парақшалары таратылады.

Бұл кезде Алматы, Фрунзе мен Ташкентте өте құпия жағдайда тәжірибелі кеңес солдаттары мен офицерлерінен тұратын үш арнайы отряд жасақталады. Берияға тікелей бағынатын арнайы топтың басшылығына НКВД генералы Егнаров, орынбасарлығына генерал Лангфанг, ал Шыңжаңдағы астыртын топтың жетекшілігіне полковник Ральников тағайындалады. Болашақ Шығыс Түркістан Республикасы армиясының әскери киім үлгілері тігіліп, айырым белгілері жасалды. Тіпті республиканың әскери наградалары: орден мен медальдары да құйылды. Болашақ мемлекеттің туы, елтаңбасы жасалып, ақшасы да басылды. Тек 1946 жылы Өзбекстан үкіметі КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Л.Берияға «Синьцзяндағы шаралар үшін» 5 миллион сом ақша сұрап, өтініш жасайды және ол бірден қанағаттандырылады.

Ресми түрде 1944 жылдың 22 қарашасында тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасы жарияланып, оның алғашқы президенті болып «Әлихан төре» деген атпен танылған ташкенттік өзбек Алихан Шакирходжаев сайланды. 1945 жылдың 5 қаңтарында Шығыс Түркістан халықтарының съезінде республиканың саяси декларациясы қабылданды. Онда жаңа құрылған мемлекет өзін әлемнің барлық елдерімен, әсіресе Кеңес Одағымен дос ретінде жариялады.

Сол жылдың 12 қаңтарында Шығыс Түркістанның Қорғаныс министрлігі құрылып, оны бір ғана жыл ішінде кезектесіп П.Александров, Р.Сабырходжаев, З.Таиповтер басқарды. Түркістан армиясының қолбасшылығына кезінде Шэн Шицайдың әскери кеңесшісі болған полковник Иван Поленов тағайындалып, оған бірден генерал-лейтенант шені берілді. Оның қарамағына генералдар – қырғыз Ы.Муминов, қазақ Д.Сүгірбаев және орыс П.Александров басқаратын 3 дивизия және жергілікті құрамалар беріліп, жаңа құрылған республиканың ай-жұлдызы бар жасыл туы ұстатылды. Шығысқазақстандық зерттеуші В.Г.Обуховтың құпия қызмет мұрағаттарынан алынған деректері бойынша, бірыңғай неміс қару-жарақтарымен жасақталған Шығыс Түркістан армиясында 1946 жылдың қаңтарында 30 мыңнан астам сарбаздар мен офицерлер, 25 мың винтовка, 400 пулемет, 20 зеңбірек, 70 миномет, 3 танк, 4 әскери ұшақ болған. Бірқатар шетелдік зерттеушілер әскер саны 40-60 мыңға дейін жетті деп көрсетеді. Осылайша мұздай қаруланған, екінші дүниежүзілік соғысының майдандарындағы оқ пен оттың ішінде шыныққан тәжірибелі армия 1945 жылдың наурыз айында үш аймақты түгелдей гоминдан әскерлерінен тазартып, Шыңжаң астанасы – Үрімжінің дәл іргесіне келіп тоқтайды.

Екінші дүниежүзілік  соғысының аяқталуы қарсаңында, 1945 жылдың ақпанында өткен Ялта конференциясында Сталин Жапонияға қарсы соғыс ашуға келісім береді. Оны орындау үшін Кеңес Одағы Чан Кайши үкіметімен 1945 жылдың 30 маусымында келіссөз бастап, онда Қытай Моңғолияның тәуелсіздігін таниды, ал КСРО Қытайдың ішкі ісіне қол сұқпайтын болып келіседі. Үш айға созылған талқылаудан соң 14 тамызда екі жақ «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Қытай Республикасының достығы мен одақтастығы туралы» шартқа қол қояды. Міне, дәл осы кезде Сталин Шығыс Түркістандағы «ойынның» аяқталғанын аңғартып, аймақтағы әскери қимылды біржолата тоқтатуға бұйрық береді.

Ресейлік қытайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор В.Барминнің деректері бойынша, Берия генерал-майор В.Егнаровтың 1945 жылдың 10 маусымындағы әскери жағдай жөніндегі баянатына соғыс қимылдарын тоқтату жөнінде резолюция соққан. Арада бір ай өткенде Чан Кайши көтеріліске шыққан үш аймақты Қытай құрамындағы жергілікті автономия ретінде танитынын мойындап, коалициялық үкімет жасақтауға тапсырма береді. Үш айға созылған келіссөздерден кейін 1946 жылдың 2 қаңтарында екі жақ 11 баптан тұратын келісімге қол қойып, 25 адамдық (15-і – жергілікті халық, 10-ны – гоминдан өкілі) үкімет жасақтауға шешім қабылдайды.

Соғыс қимылдары тоқтатылып, Чан Кайши мен Шығыс Түркістан басшылары арасында келіссөздер басталған кезде өлкедегі түрлі әскери құрамалар сапындағы Қызыл Армияның солдаттары мен офицерлері демобилизацияланып, Одаққа қайтарылады. Шығыс Түркістан армиясы қатарында негізінен екінші дүниежүзілік соғысы майдандарынан шақырылып, Алматының іргесіндегі жабық лагерде әскери дайындықтан өткен қазақ офицерлері мен солдаттары қатысты. Олар кезінде бұл туралы ешуақытта тіс жармау керектігі жөнінде қолхат бергендіктен бар құпияны өздерімен бірге ала кетті. Дегенмен Шығыс Түркістан армиясы қатарында шайқасқан қазақ офицері көкшетаулық Мақсұт Қасымұлы дейтін азамат (қазіргі танымал қазақ суретшісі Досбол Қасымовтың әкесі) құпия түрде әскери күнделік жүргізіпті. Соғыс ардагері дүние салғаннан кейін Мақсұт ағамыздың жеке мұрағатынан табылып, еліміз тәуелсіздік алған соң ғана жарияланған күнделікте оның 1944 жылдың 20 шілдесі күні Алматы маңындағы лагерьге келгені, 1945 жылдың 23 шілдесінде Алматы облысының Сарыөзек тұсынан Қытай шекарасына өткені, 23 қазанда Шәуешек қаласын азат еткені, 1946 жылдың 8 қаңтарында генерал Поленовтың қолынан «Фидай» медалін алғандығы жазылған.

Мақсұт Қасымұлының күнделіктері мен хаттарына қарап, оның 1946 жылдың ортасына дейін Шығыс Түркістан жерінде болғанын аңғарамыз.  Жауынгер өз жазбаларында Қытайда туып, кейін қазақ диаспорасының Еуропадағы көрнекті өкілі болған, қаламгер тұлға Хасан Оралтайдың әкесі Қалибекпен Іле өлкесінде қалай танысқанын баяндап, тіпті оның отбасы шежіресіне дейін келтіреді. Мақсұттың бұл дерегін Хасен Оралтай өзінің «Елім-айлап өткен өмір» атты еңбегінде растай түседі.

Кеңес әскерлері қайтарылып, билік қайтадан ресми түрде Қытай жағына өте бастаса да көтерілісшілердің кейбір бөлігі азаттық үшін күресті жалғастыра түсті.

Кешегі одақтастарының сатқындығына төзбеген Оспан батыр Алтайда жеке дара шайқасады. Қазақтың Робин Гуды атанған есіл ер 1950 жылы қолға түсіп, Үрімжі түрмесінде азапталып өлтіріледі.

Қытайда Мао бастаған революция 1949 жылы жеңіске жетіп, ҚХР құрылады. Жаңа басшы «үш аймақ төңкерісін» Қытай революциясының құрамдас бөлігі деп бағалап, Ахмеджан Қасыми, Дәлелхан Сүгірбаев бастаған Шығыс Түркістан басшыларын Пекинге шақырады. Делегация мүшелері алдымен Алматыға келіп, ондағы Кеңес Одағы «өкілдерімен» ақылдасқаннан кейін әуелі Барнаул, ары қарай Читаға ұшады. Түгелдей кеңес ұшқыштарынан құралған экипаж басқарған әскери ұшақ ары қарай Пекинге бағыт алады. Көп ұзамай әуелі Қытай, кейін Кеңес Одағы ақпарат құралдары жабыла жазғандай ұшақ «апатқа» ұшырап, оның бортындағы адамдар түгелдей қаза табады.  Бір ұшақтың экипажын былай қойғанда тұтас халықтың өзін оп-оңай құрбандыққа шала салатын Сталиннің бұл әрекетіне таңданбай-ақ қоюға болады. Көп ұзамай Пекинге Сайфутдин Азизи бастаған жаңа құрамдағы делегация аттанып, олар ың-шыңсыз Шығыс Түркістанды біржолата ҚХР-ға қосып қайтады.

Ер түріктің ежелгі несібі Түркістан өлкесі ХХ ғасырда осылайша КСРО мен Қытай ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің қолжаулығына айналды.

Қытай тәуелсіздігін жариялаудан бұрын, 1949 жылғы 30 қаңтар – 8 ақпан аралығында Маоға құпия миссиямен А.И.Микоян келеді. Мао оған Қытай құрамындағы аз ұлттарға тәуелсіздік беруге әзір екендігін жеткізеді. Микоян өзінің бұған үзілді-кесілді келіспегендігін білдіріп, бұл туралы 4 ақпанда Сталинге жолдаған құпия жеделхатында: «Я передал Мао Цзедуну, что наш ЦК не советует Китайской Компартии чересчур размахиваться в национальном вопросе путем предоставления независимости национальным меньшинствам. Следует дать национальным меньшинствам автономию, но не независимость», – деп зор мақтанышпен баяндаған.

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой», – деп жырға қосқан ер түріктің еркін ұландары енші алып, дүниенің төрт бұрышына тарағанда қарашаңырақтың шығыс бөлігін ұстап қалған қазақтардың азаттыққа, еркіндікке ұмтылған күресін ХІХ ғасыр соңында ақ патша билеген Ресей империясы аяқ асты етсе, ХХ ғасырдың жуан ортасында Сталин бастаған Кеңес империясы қытайларға жығып берді.

Шығыс Түркістаннан Қызыл Армия әскерлері кетсе де үш аймақта өрттей қаулаған ұлт-азаттық қозғалысы тоқтаған жоқ. Төңкеріс жалыны Тарбағатайға жеткенде менің әкем Абрар гимназияны енді ғана тәмәмдаған он тоғыздағы балаң жігіт екен.

Азат болар күннің жақын қалғанын сезген Шәуешек жастары Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықов, Балқаш Бафин, Ахметқали Бітімбаевтардың басшылығымен 1945 жылдың мамыр айында астыртын «Ұлт азаттық ұйымын» құрады. Кілең жас оғландардан тұратын бұл ұйым (оның жетекшісі Дубектің жасы 25-те ғана болған) Алтай, Тарбағатай аймағын басқыншылардан азат етуді алдына мақсат етіп қояды. Шәуешектің оқыған, білімді азаматтарымен бірге Абрар Әкетайұлы да осы ұйымға мүшелікке өтеді.

Шығыс Түркістан армиясы 1945 жылы 1 тамызда Шәуешекті түгелдей гоминдан әскерінен азат еткенде қазақ өрендері сықырлаған су жаңа әскери киім киіп, мұздай қаруланып, жасақ қатарына өте бастайды. Армия да әркімнің қабілет-қарымына қарай әскери шен беріп, жігіттерді әскер қатарына қуана-қуана қабылдайды.

Қазақ ұландары арасынан алғашқылардың бірі болып азаттық армиясы қатарына өткен Абрар Әкетайұлына бастапқыда поручик шені беріліпті. Жастау кезімде әкемнен «мүмкін лейтенант болған шығар», – деп сұрағанымда: «Түркістан армиясында ондай әскери атақ болған емес. Әскери атақ беру тәртібі көз алдау үшін кеңестік жүйе емес, патша армиясының жарғысына жақындау болды», – дейтін. Кейін мұрағат деректерін қарай отырып, оның дұрыстығына көз жеткіздім.

Тарбағатай, Алтай қазақтарымен толықтырылған Түркістан армиясы 1945 жылдың күзінде-ақ Тарбағатай аймағының 7 ауданы мен Алтайдың 7 ауданын түгелдей жаудан тазартады. Шәуешек жастары ұлт-азаттық ұйымының жетекшілерінің бірі болған атақты Әлімғазы болыстың ұлы Балқаш Әлімғазыұлы Бафин мен Шығыс Түркістан қазақтары жетекшілерінің бірі болған Жағда Бабалықовтар подполковник шенін алып, атты әскерден құралған полк командиріне дейін жоғарылатылады. Арада бір жыл өткенде сауаттылығымен, еті тірлігімен көзге түскен менің әкем капитанға дейін өсіп, әуелі рота командирі, кейін батальон командирінің орынбасары қызметіне көтерілген.

Шәуешек азат етілгенде жастар көсемі Дубек Шалғынбаев аймақтық сақшы мекеменің басшысы қызметіне тағайындалған екен. Бұл қызметті аз ғана уақыт атқарған ол өзіне жақын саналатын үгіт-насихат қызметіне ауысып, аймақтық үкіметтің идеологиялық жұмысына басшылық етеді. Әкем досының есімін әлі күнге дейін аузынан тастамай, «Шоқан Уәлиханов сияқты үлкен ғалым болуға жаратылған жас еді. Әттең тым ерте кетті», – деп отырады. Дубек шынымен-ақ қытай тілін қытайлардың өзінен кем білмеген, арғы-бергі тарихтан, әдебиет пен өнерден хабары мол, ақынжанды, энциклопедиялық білімі бар адам болыпты. Осындай талантты тұлға небәрі 27 жас қана өмір сүріп, 1947 жылы дүние салыпты.

Пекинде Қытай Халық Республикасы жарияланып, бүкіл Шыңжаң өлкесі ресми түрде оның құрамына қосылған 1949 жылы менің әкемнің жасы жиырма үште болса да, әскери қызметте әбден ысылған, саясаттан хабары мол, әжептәуір тәжірибе жинақтаған азамат екен.

Қытайдың коммунистік билігі Шығыс Түркістан армиясын таратып, «үш аймақ төңкерісін» жалпықытайлық революциясының құрамдас бөлігі деп жариялап, оған қатысушыларға «революционерлер» деп баға береді. Түркістан армиясы қатарында шайқасқан кейбір офицерлер Қытайдың Қызыл Армиясы қатарына өтеді. Әкем ұсынған әскери қызметтен бас тартып, аймақтық сақшы мекемесіне қызметке тұрады.

Бұл кезде Шәуешек «ұлт-азаттық ұйымы» жетекшілерінің бірі Жағда Бабалықов Шыңжаң армия сотының орынбасары болып қызмет атқарса, Балқаш Бафин әскери қызметті тастап, Пекинге Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі.

Өмір өзінің қалыпты ырғағына көшкеннен кейін әкеміз Шағантоғай, Толы, Дөрбілжін аудандарында басшылық қызметтер атқарып, 1950-ші жылдардың соңында аймақтық уәли мекемесі халық істері бөлімінің бастығы дәрежесіне дейін жоғарылатылады.

Елуінші жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінің ұстанған саясаты аумалы-төкпелілеу болды. Басында революционерлер деп бағаланып, жоғары қызметке тағайындалған азаматтардың алды қуғын-сүргінге ұшырай бастады. Шығыс Түркістан армиясының подполковнигі ретінде полк басқарып, 1956 жылы Қазақ автономиялық облысының басшысына дейін жоғарылатылған Жағда Бабалықов 1958 жылы тұтқындалып, ұлтшыл ретінде еңбекпен түзеу колониясына айдалады.

Отанға оралу

Кеңес Одағында 1956 жылы өткен СОКП ХХ съезінен кейін Сталиннің жеке басына табынушылығын айыптау науқаны өрістеген кезде Қытай басшылығының Кремльге деген көзқарасы салқын тарта бастады. Бұл кезде Үрімжі мен Шәуешектегі кеңес консулдығы бір кездегі Ресей  империясы мен Кеңес Одағынан келген азаматтарға кеңестік төлқұжат тарата бастайды. Сондай төлқұжатқа бүкіл отбасымен бірге әкем де ие болады. Бірақ Әкетай атам: «Балам, бұлар – кезінде қожа-молдалар мен қазақтың бас көтерер азаматын қырып салған дінсіздер елі. Қазіргі саясаты да күн сайын құбылып тұр. Әлі де болса әліптің артын бақ», – деп жалғыз ұлының болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіреді. Атамыздың алаңдайтын да жөні болған екен. Ж.Бабалықовтың деректері бойынша, 1950-ші жылдары шекараны алғаш рет жарып өткен 1500-дей жас қазақ азаматтары «Қытай шпионы» деген желеумен қиырдағы Камчаткаға жер аударылыпты. Көштің алғашқы легімен келген қазақтарды арғы бетпен байланысы болмасын деген сақтықпен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға қарай жіберіпті. Жаңа ортаны жерсінбеген олар қайтадан Шығыс Қазақстанға қарай жөңкіліп, көшіп-қону ісінде біраз қиындықтар туғызыпты. Осындай қателіктерден сабақ алғаннан кейін ғана кеңестік билік оларды Шығыс Қазақстан және Алматы облысының аумағына қоныстандыра бастаған екен.

Елге жеткендердің ағайын-туыспен шұрқыра табысып, жаңа өмірге кірісіп кеткендігіне әбден көзі жеткен Алтай мен Еренқабырға арасындағы қазақтар топ-тобымен, тұтас ауылымен атамекенге қарай жөңкіледі.

Бұл кезде жасы жетпістен асып, Алланың аманатын беретін мезгіл жақындағанын сезген Әкетай атамыз баласына зор ризашылықпен батасын беріп, өзін Шәуешектегі ата-баба қорымына жерлеуді өсиет етеді. 1961 жылдың қыркүйегінде әке аманатын орындаған, қолында «КСРО азаматы» деген төлқұжаты бар Абрар Әкетайұлы шешесі, жары және бес баласымен бірге осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Түркістаннан келген бабаларына құтты қоныс болған атамекенге оралады.

Кезінде аталары сан мәрте жүріп өткен Шәуешек – Бақты – Аягөз күре жолының бойымен тура тартып, Қытаймен шекаралас Мақаншы ауданының орталығы – Мақаншы ауылына тұрақтайды. Басқа мемлекет деген аты болмаса, сол баяғы аталары дос-жар болған, арыда Ақтайлақ, беріде Сүлеймен бидің ұрпақтары мекендеген шекарадан небәрі 70 шақырым жерде орналасқан жаңа қонысқа бірден көндігіп кетеді.

Тұтас елді мекендер қаңырап бос қалып, қазақтардың жаппай мал-мүлкімен атамекенге көшуі қанат жайған кезде Қытай жағы шекарадағы тәртіпті күшейтіп, әскери бөгеуіл-тосқауыл қоя бастайды. 1962 жылы кейін халық жазушысы атанған Қабдеш Жұмаділов бастаған қазақтың соңғы көші шекараны бұзып-жарып, туған жерге оралады. Алтай мен Нарынқол арасындағы шекарадан 50-60-жылдары 300 мыңға жуық қазақ атамекенге өтіпті. Олар орыстандырыла бастаған шекаралық облыстарға қаймағы бұзылмаған қазақи тірлікті, ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын, Шыңжаң қазақтары дүниеге әкелген әдебиет пен өнер туындыларын ала келді. Елге оралғаннан кейін де қазақтың көп бала тәрбиелеу дәстүрі негізінде өркендеп өсті және жарты ғасыр ішінде миллионнан еркін асты. Бұл өз кезегінде республикадағы қазақтардың үлес салмағын арттырды.

Әкей елге келісімен аудандық дайындау мекемесіне қызметке тұрды. Көп ұзамай үлкен ұлдары еңбекке араласып, отбасына қолғабыс жасай бастады. Үлкен ағам Мұхсин 1969 жылы Семейдің аң-терісі-елтірі техникумын бітіріп, аудандық дайындау мекемесіне қызметіне кіріскен күннен бастап, әкем ұлына орнын босатып, осы ұжымның қойма күзетшілігіне ауысады.

Арғы бетте аудандық, облыстық деңгейде әжептәуір басшы қызметтер атқарған әкемнен: «Қарапайым жұмысты қоңылтақсыған жоқсыз ба?», – деп сұрағанымда, ол: «Балам, ұяттың ең үлкені – бала-шағаңды, отбасыңды асырай алмау. Сендерді жеткізу үшін мен кез келген жұмысты атқаруға әзір едім», – дейтін. Осылайша әкем отбасы, ұрпағының алдындағы парызын артығымен орындады. Жаңа жұмысы өзіне жайлы, бүкіл балалары үшін құтты, қайырлы болды.

Біздің үй Мақаншының оңтүстік жағында, ауылдың шетіне қарай орналасты. Есіктің алдынан көк майсалы жазық дала басталатын. Түйе  жапырақтар аттың сауырынан келетін. Күзететін қойма үйіміздің қарама-қарсы жағында небәрі 500 метрдей жерде еді. Тіпті оған кірген-шыққан адамды есіктің алдында отырып-ақ бақылауға болатын.

Әкем кешке қарай қолына кітабын, транзисторын және үнемі жаздырып алатын қалың журналдарының бірін ұстап күзетке кететін. Күзетшіліктің штатында әжем, анам және өзі болғандықтан үшеудің қызметін жалғыз өзі атқаратын. Бір үйден үш адамның бірдей жалақы алуы отбасымыз үшін үлкен игілік болды.

Кейін Ихсан ағам да Семейдегі сол баяғы техникумді тәмәмдап, дайындау мекемесіне қызметке тұрды. Еңбектің арқасында біздің отбасымыз қанша көп балалы болса да, тұрмыстан еш қиындық көрген емес. Оның үстіне жаз шығып, каникул басталғанда біздің үйдің балалары түгелдей еңбекке жұмылдырылатын.

Әкемнің күзетшілігінен ең көп пайда көрген мен болдым. Ол ес болсын деп мені жиі-жиі өзімен бірге ала кететін. Ымырт үйіріліп, сам жамырай бастағанда сөмкемді арқама асып алып, қуана-қуана томпаңдап алдына түсуші едім.

Әуелі үй тапсырмасын орындататын. Шәуешек гимназиясындағы  оқуы күшті болса керек, қай пәннен болмасын кәнігі мұғалімдердей кеңес беретін. Әсіресе, есеп-қисапты оп-оңай шешіп, қазақи мысалдармен санаңа ұмытылмастай етіп сіңіретін. Менің қалам ұстап, жазу жазып отырғаныма мейірлене қарап, ойына бөгет болмайыншы дегендей үнемі далаға шығып кететін.

Үй тапсырмасы біткен соң әкем небір қызықты хикаялар мен дастандарды бастайтын. Олардың мазмұны ғана емес, аты да өзгеше, шым-шытырық оқиғаға құрылған көп сериялы фильм сияқты болушы еді. Хикаялардың аты «Орқа-Күлше», «Сыршыл молда», «Шахмаран» «Атымтай жомарт», «Шеризат», «Шәкір-Шәкірат», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Жәмшид» сияқты болып келетін. Әкем олардың әрқайсысын бөліп-бөліп, майын тамыза бірнеше күндер бойына айтатын. Қара сөзбен баяндай келіп, кей тұстарын, әсіресе кейіпкерлердің өз аузымен бәйіт айтатын жерін өлеңмен жырлайтын. Әкемнің күзеті дегенде менің есіме әлі күнге дейін оның жанға жайлы қоңыр даусымен айтылған небір ғажап оқиғалы хикаялар түседі.

Сол әдемі әңгімелер мені кітап әлеміне жетелеп, бала көңіліме қанат бітірді. Бір хикая таусылғанда: «Енді сенің кезегің», – деп менен оқыған кітаптарымның мазмұнын сұрайтын. Мен де білетінімді көрсетіп қалу үшін алдын-ала дайындалып, шамам жеткенше оқығанымды әсерлі баяндауға тырысушы едім. Әкем соларды ықыластана тыңдап, кей тұстарын қайыра сұрап, әжептәуір маңыз беретін. Кейін қарап отырсам, осының бәрі мен үшін үлкен сабақ болған екен. Әуелі кітап оқуға, сосын оқығанды ықыласпен тоқуға және оны бояуын солғындатпай әсерлі баяндауға баулудың тамаша мектебі болыпты.

Мен бастауыш сыныпты бітірерде «Абай жолының» 4 кітабын да түгел оқып тауыстым және бәрін дерлік Мақаншының мақпал кештерінде әкеме дауыстап оқып бердім. Әкем кітаптың қызығына түсіп, жылдамдата оқуға кіріскенде мені тоқтатып, «кез келген кітапты асықпай,  аптықпай бабына келтіре оқысаң өзің де ләззат аласың, тыңдаған адам да рахатқа батады, есіңе де жақсы сақтайсың», – деп әр шығарманың мазмұнына терең бойлауға баулитын. Ертеңінде «Анау жері қалай болды өзі?» деп қайыра  сұрап, қаншалықты түсінгенімді тексеріп отыратын.

Ақыл-ой, сана-сезімнің ақ қағаздай таза кезінде оқылған, тыңдалған сол хикаялар мен кітаптар әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр.

Орта сыныптарға қарай көшкенде әкем тақырыптың аясын кеңейтіп, ата-бабалардың шежірелерін және соған қатысты діни дастандарды айта бастады. Бұл да кеңес заманында еш жерде басылмаған, ешбір оқулықтарда жоқ дастандар еді. Мұхаммед пайғамбар, Әзірет Әли, Мұхаммед-Ханафия туралы дастандарды айтқанда «Бұлардың бәрі – сенің ата-бабаң. Сондықтан сен оны міндетті түрде білуге тиіссің» деп шегелеп тұрып айтқан сөздері әлі күнге дейін есімнен кетер емес.

Аға буын жазушыларының өмірбаяндық еңбектерінде өздерінің бала кезде оқыған шығармалары ретінде аталатын «Зарқұм», «Сал-Сал», «Наушаруан» дастандарын да мен алғаш әкемнен естідім.

Діни дастандар мені шығыс әлеміне, мұсылман тарихына, қатпары мен құпиясы мол араб дүниесіне қарай жетеледі. Кейін аңғардым, бұл дастандардың бәрі революцияға дейін сан рет Қазанда, Уфада, Ташкентте, Семейде, кейін Шәуешекте басылыпты және олардың бәрі өз заманының білімдар азаматтары саналған менің бабаларымның кітапханаларында болған екен. Өзі де дәл осы кітапты оқып ер жетіпті.

Әкем әуелі Шәуешектің орталау мектебінде, кейін гимназиясында оқығанда бүкіл оқу бағдарламасы Алаштың ардақты ұстазы А.Байтұрсынов емлесінен бастап, сол уақыттағы ұлт зиялылары түзген оқулықтардан құралған екен. Қаладағы үлкенді-кішілі мектептерде дін оқуы да еркін жүргізіліпті. Орыс факториясында патшалық Ресей гимназияларының оқу бағдарламасына сәйкес таза орыс мектебі, татар балалары үшін татар мектебі, тіпті мұсылман ұлтынан шыққан қыз балалар үшін «Гүләндам абыстай» мектебі жұмыс істеген.

Әкемнің айтуынша 1980-ші жылдарға дейін орталығы Сарысүмбе қаласы саналатын Алтай аймағындағы халықтың 90 пайыздан астамын, кіндігі Шәуешек қаласы болған Тарбағатай аймағы халқының 85 пайыздан астамын, Құлжадан басқарылған Іле аймағының 80 пайызын қазақтар құрапты. Қытай ұлтының өкілдері аймақ орталығында болмаса аудандық, ауылдық жерлерде некен-саяқ болған. Үш аймақтың таза қазақтар мекендеген ауылдарында туып-өскен қазақ жастары қалаға келіп, қытайды алғаш көргенде: «Е, қытай деген осындай болады екен», – деп таң-тамаша қалыпты.

Ол мені бес жыл қатарынан, 8 сынып бітіргенше өзімен бірге күзетке алып жүрді. Осы жылдар ішінде бір жағынан жадының мықтылығы, екінші жағынан өзі оқыған гимназияда алған білімінің сапалылығының арқасында кеңес мектебі оқу бағдарламасындағы барлық пәндерді жаңғақтай шақты.

Күзетте өткізген сол жылдар мен үшін мектептен тыс факультативтік сабаққа қатысқандай білімімді молықтыру, оқу, сөйлеу, түсіндіру мәдениетін қалыптастыру кезеңі болды және оның бәрі менің кейінгі өмірімде көп септігін тигізді.

Әкейдің тағы бір ерекшелігі – ән-күй, өлең-жырға құмарлығы еді. Біздің жақта көбінесе «Абай домбырасы» деп атайтын шанағы жалпақтау домбыра болды. Әкем оңашада, көңілінің күйі келгенде Алтай, Тарбағатай қазақтары арасында кең тараған «Сарыөзен», «Телқоңыр» күйлерін, кейін Мұхтар Мағауиннің «Көкбалағы» арқылы есімі бүкіл қазақ арасына кеңінен жайылған Байжігіт пен өзі «Бәжең» деп отыратын Бейсенбінің күйлерін орындайтын. Радиодан Уәли Бекеновтің орындауындағы күйлерді тыңдағанда «Біздің жақтың күйлерін осындай таза шертетін күйші жоқ», – деп ерекше риза болушы еді.

Әкем домбыраны ғана емес, ұзын тілді гармонды да тәп-тәуір тартты. Шәуешекте жүргенде оны татар досынан үйреніпті. Мүмкін, содан болар, гармонда көбінесе татар әндерін орындайтын. «Қазақтың халық әндері еркіндікті сүйеді. Сондықтан оны гармонға қор қылуға болмайды», – деп отыратын.

Мен ғана емес, ауылымыздың үлкен-кішісі түгел білетін әкемнің тағы бір қасиеті – керемет шежірешілігі. Әсіресе, найман мен абақ керейдің шежіресін сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірімен байланыстыра отырып тарататын. Өз аталары тарихының кейбір дүдәмал тұстарына таласқан талай замандастарының шежіре дауын әкем шешетін.

Шығыс Түркістан қазақтары өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін қаймағы бұзылмаған қазақи тірлік кешті. Ұлттық салт-дәстүр олардың арасында қатаң сақталды. Ата-анамыз отбасының үлкенді-кішілі қуаныштарында, келін түсіру, қыз ұзату тойларында, құда күту, оларға сый-сияпат жасау жағына келгенде бабалардың дәстүр-салтын берік ұстады. Тіпті маған жарапазан  жаттатқызып, оны ораза кезінде қалай айту керектігін де үйретті. Біз оны бәлшебектеу мұғалімнің үйіне барып айтып, ол ертеңінде әкемізді мектепке шақырғанда: «Қарағым, бұл – мен ғана емес, сіздің әкеңіз, атаңыз айтқан өлең. Сондықтан ата салтын ұстанған балаға сөгіс емес, алғыс жариялау керек», – деп мені жетектеп алып кеткені де әлі есімде.

Әкемнің тағы бір ерекше қасиеті деп жылқыға құмарлығын бөле- жара айтар едім.

Аудан орталығында тұрған біздер қой, ешкі сияқты ұсақ мал ұстамадық. Қорамызда үнемі екі сиыр, екі бие тұратын. Соның бірі кебеже қарын, кең құрсақ қарабайыр тұқымдас қасқа бие еді. Сырт қарағанда қарны жер сызып тұратын қораштау биенің құйрық-жалын тарап: «Құлын енесінің құрсағында еркін жатса ғана нағыз арғымақ болады», – дейтін. Қасқа биенің күйлеуі жақындағанда «Арқалды» кеңшарының небір асыл тұқымды айғырларын алдырып, бір-екі күн алдына сұлыны төгіп, әбден әлдендіріп, үйірге салатын. Келесі жылы әкем айтқандай, аяқтары сереңдеген ұзын, кілең бір әдемі құлындар туып, кейін түр-тұлғасы келіскен арғымақтарға айналатын. Солардың көбі сәйгүлік шығып, аудандық, облыстық аламан бәйгелерде талай рет топ жарды.

Әкемнің осы қасиетінің арқасында біздің үйдің ұлдары түгелдей атқұмар болып өсті. Інім Рахымғали осындай арғымақ құлындардың бірін жаратып, бәйгеге түсті. Бірнеше рет топ жарған сол жүйрікті қонаққа келген ерке жиендерінің біріне жетектетіп жіберіпті. Құлын күнінен баптаған күлігінен айрылып, қатты ренжіген ұлының басынан сипап: «Балам, жиеннің қолын  қағуға болмайды. Бір тайға бола оның назарын қалдырсам, несіне нағашы болам. Қасқа бие аман болса әлі талай жүйріктер туады», – деп бауырына басқаны да есімде.

Әкем қымызды да бабын келтіріп ішкенді жақсы көретін. Қымыз пісетін сабаны тоң май сақталған бөшкеден жасататын. Көктемде оны әбден жуып, тазалатқаннан кейін Жайтөбенің етегіндегі тобылғымен ыстап, ішіне қазының майын жағатын. Тіпті қымыз ашытар алдында сабаға құятын қорды да ырымдап, өзі ерекше сыйлайтын дос-жар адамның үйінен алдыратын. Шешеме де «ырыс ауысады» деп біздің үйдің қымызын қор ретінде кім-көрінгенге бергізбейтін. Қымызды бабына келгенше пістіретін. Әр балаға 1000-нан пісуді міндеттеп қоятын. Ойынға қанша асығып тұрсақ та, өзімізге тиесілі «норманы» орындауға тырысатынбыз.

Әкемнің өз қолымен ер-тоқым жасағанын көрмедім, бірақ жарқылдаған шытыра тағып отырып жасаған жүгендерін тай-құнандарыма салып, достарымның алдында талай мақтанғаным бар. Қолының еп-септілігінің жақсы бір үлгісі ретінде бар ықыласын салып жасаған бесігін айтар едім. Ауылдағы үйдің шатырында әлі күнге дейін сақталған сол көк бесікте менің барлық іні-қарындастарым тербелді.

Тал-терек өсіруге де құмар болды. Әкемнің өмірінде қияр, қызанақ немесе алма, алмұрт жегенін көрмеппін. Қауын, қарбызды да баппен тіліп беретіні болмаса, аузына салған емес. Тіпті анам жасаған тамаққа дәмдеуіш ретінде салынған шөп-шаламдарды үнемі алып тастаушы еді. Сөйте тұра үйдің айналасына жайқалтып ағаш екті. «Тарбағатайдың етегіндегі жастық шағымды еске түсіреді» деп біздің жақта таңсықтау көрінетін шыршаға дейін өсірді. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосқан сол бақ Мақаншыда әлі күнге дейін жайқалып тұр.

Атадан төртеу болса да, әкеден жалғыз өскен әкем ерекше балажан адам. Перзенттерін ешқашан ұл-қыз деп бөлмеді. Ұлдарына: «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген бабалардың қанатты сөзін естен шығармаңдар», – деп айтудан жалыққан емес. Ұлағатты тәрбиесінің арқасында біздер ата-анамыздай он бала өсірмесек те, кейбір замандастарымыз сияқты бала санын 2-3-пен шектеген жоқпыз.

Екі бірдей коммунистік империяда өмір сүрсе де партия қатарына өткен емес. Әрқашан иманы кәміл, ар-ұяты таза болды.

Әкемнің абайшылдығына арнайы тоқталмасам болмас. Атамекенге оралған 1961  жылы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен, Ә.Жиреншиннің құрастыруымен Абайдың қалың бір томдығы шығыпты. Әкей осыны қолынан, жастығының астынан тастаған емес. Сан мәртебе қайыра, тамсана оқып: «Жарықтық Абайдан бар сұрағына жауап табасың. Осыншама данышпандық бір адамға қалай ғана бітті екен!», – деп тамсанып отыратын.  М.Әуезовтің «Абай жолы» жөнінде: «Абай туралы жазғанда Мұхаңның қаламын данышпанның аруағы жетелеп отырған ғой. Әйтпесе мұндай ғажайып кітап дүниеге келер ме еді», – деген сөзін де талай естідім.

Орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттанғанда, маған өзінің тері сіңіп, қолының табы қалған сол Абайдың бір томдығын ұстатып: «Қысылсаң да, қиналсаң да, өссең де, өркендесең де бар сұрақты осы кітаптан табасың», – дегені әлі күнге дейін есімде.  Солай болды да.

Әкем туралы әңгімені түйіндей келе, ардақты анам жайында айтпасам күнә болар.

Анам Гүлғасыл арғын-тарақтының сөз ұстаған биі Нүсіптің тоғыз ұлының ішінде еркелеп өскен жалғыз қызы екен. Тарбағатай баурайындағы Тасты өзенінің жағасында орналасқан әкесінің қара шаңырағында дүниеге келген ол таза қазақи тәрбие алған жан. Ауыл мектебінен хат танып, Құран оқитындай дәрежеге жеткен соң ары қарай оқуын жалғастырмаған. Құл-Мұхаммед әулетіне келін болып түскенше қаланы да көрмеген екен.

Әкемнің Шығыс Түркістан армиясының 19 жасар поручигі кезінде Әкетай атамыз жалғыз ұлының әскери қызмет жетегінде кетуінен секем алып, аяғына тұсау салу үшін Нүсіптің он бес жасар ерке қызына Сейдахмет қажы ағасымен құдалыққа келеді. Екі жақ келісімге келген соң құдалықтың барлық жөн-жоралғысын атқарып, Әкетай ұлына ас та төк той жасап үйлендірген екен.

Анамыз сәулелі әулетке құтты келін болып, бес ұл, бес қыз сыйлады. Енесі Үміт әжемізді 90-ға келгенше туған анасындай күтті. Ешқашан үй шаруасына араластырмай, ас-суын уақытында қамдап, аяғының ұшымен жүріп қызмет көрсетті.

Қазақ – анасын айрықша сыйлаған халық. Ең қасиетті құндылық Отанға анадай аяулы ұғымды қосып, «Отан Ана» дейміз, батыр бабаларымыз қасық қаны қалғанша қорғаған киелі жерімізге ана сөзін тіркеп «Жер Ана» дейміз, шыр етіп дүниеге келген соң алғаш айтқан сөзімізден басталатын ұлттың ең ұлық белгісі – тілімізді де ардақтап «Ана тілі» дейміз. Мен үшін де төрт бірдей атасының батасын алып, енесін анасындай сыйлап, күйеуінің тоқсан жасқа дейін бабын тауып, он баласының біреуін емізе, екіншісін арқалай, үшіншісін жетектей жүре жеткізген ер мінезді аяулы анам өзі ресми түрде иеленген «Батыр ана», «Ардақты ана» болуымен қатар барлық қазақ әйелдерінің киелі символындай көрінеді.

Қаратаудан басталған бабалар көшін Құл-Мұхаммедтің бүгінгі ұрпақтары жалғастырып, өмір атты мәңгі таусылмас ұлы сапардың бел-белестерімен алға тартып келеді. Қалам мен кітапқа қызмет еткен әулеттің алды әлемнің ең үздік білім ордалары Гарвард, Оксфорд, Колумбия, Джорджтаун, Джордж Вашингтон университеттері сияқты алып шыңдарды бағындырып үлгерді.

Қалам ұстап, кітап ашқан, сөз ұстап, билік құрған, әрқашан жүрегі таза, иманы кәміл болған, құт қонып, бақ дарыған, керегесін күн, шаңырағын нұр шалған қасиетті бабаларымның көзі де, өзі де  асылзада әкем Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед Алла бұйыртса енді бірнеше айдан кейін тоқсанның төріне шықпақ. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы асқар таудай әкемнің биік тұлғасы алдында бүгінде жүзден еркін асатын барша ұрпақ, ұрқының атынан басым жерге жеткенше иіліп тағзым етемін.

Торқалы тойға сый-құрмет, тарту-таралғы жасау халқымыздың ежелгі дәстүрі. Тастан да, темірден де жасаған ескерткіш атаулы уақыт атты ұлы сыншының алдында сыр беретіні бәрімізге белгілі ақиқат. Мәңгі өлмейтін, заманамен бірге ұрпақ санасында үнемі жаңғырып, атадан балаға үздіксіз жетіп отыратын ең құдіретті күш – сөз.

Ардақты әке! Менің Сізге деген шексіз құрметім мен жүрек төріндегі тұнық тұмада жылдар бойы тұндырылған осы естелік-ескерткішімді тоқсанның төріне шыққан торқалы тойыңызға жасаған тобықтай ғана сый ретінде қабыл алыңыз.

Мұхтар  ҚҰЛ-МҰХАММЕД

Ұқсас мақалалар

38 пікір

  1. Өте жақсы жазылыпты. Бас алмай оқып шықтым. Соның ішінде орыс пен қытайға жем болған қазақ тарихы жақсы ашылғанын атап өткім келеді. Көптеген тың деректерге қанықтым.

  2. Текес пен Күнес ежелден қазақ жері болған ғой. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мақалада соның Қытайға кеткені жақсы айтылыпты.

  3. Мақаланы оқып отырып, тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің тарихынан сыр шертетін мағлұмат алдым. Керемет дүние. Әр адам өз шежіресін осылай жіліктей білсе көптеген келеңсіздіктерге тосқауыл болар еді.

  4. Мақаланы екі рет оқып, енді ғана нақты өзімнің шыққан түбімді түсінете болдым. Түрлі шежірелерде аңыздары көп, анау айтты, мынау айтты дегендей, толып жатқан бір-біріне келмейтін версиялар жеткілікті. Өте жақсы эссе, шіркін, осы материалдың арқасында бір тамаша көпсериялық фильмді түсірсе! «Шыңғысхан», «Султан Великолепный» фильмдерден кем болмаса, асып кетер еді!
    Қазақ тарихының бір үлкен көпшілікке белгісіз бөлімін, салт-дәстүрін, табиғатын, тұрмысын т.б. тамашалауға болар еді.
    Авторға алғысым шексіз. Бұрынан да мақалаларың оқып, жинап жүрмін. Аға, үлкен қызметте жүрсеңізде, уақытты тауып осындай жазуларыңыз таусылмасын, Сіздің қаламыңыздан шыққан дүниелеріңізді асыға күтеміз. Рахмет!!!

  5. Менің атам да қожалардың шежіресіне қатысты біраз дүниелерді білуші еді. Кезінде мән бермегеніме әлі өкінемін. Мына мақаланы оқып отырып көп жайтқа қанықтым. Қазір ол кісілер жоқ. Әкем де о дүниелік болған. Мына мақаланы оқып шыққаннан кейін, әкемнің ағасын шақырып тағы бір оқып бердім. Басынан соңына дейін көкем көзін жұмып, басын изеп отырды. Тіпті «Киелі әулет» деген бөлімді қайтара оқытып, «дұрыс», «осылай», «қатесі жоқ» деп қостап отырды. Түп-тұқиянымызға үнілген Мұхтар мырзаға ризашылығын білдіріп, батасын беріп, рахмет айтып жібер деді. Сол кісінің өтініші бойынша пікір жазып, көкемнің алғысын жеткізіп отырмын.

  6. Оқып шықтым. Басында ұзақ екен деп ерініп едім. Кейін басын оқып отырып қалай соңына жетіп қалғанымды байқамай да қалдым. Қожалардың сонау Араб жерінен басталған көшін бүгінге дейін сабақтастырып жазылған екен. Өзім қожа болмасам да осы бір елдің тарихына қатты қызығамын. Мына мақала іздегенімді дөп басты.

  7. Өте керемет жақсы жазылған Мұхтар ағама рахмет! Бұрын бұндай мәліметтер кездеспеген Менде қожамын және Бақсайыс ұрпағына М.Əуезовпен аталаспыз. ШҚО Абай ауылының тумасымын.

  8. Тамаша жазылған. Ғұмырнаманы баяндай отырып, қожалар шежіресін түгел қамтуға ұмтылған құлашы кең шығарма. Тарихи танымға терең бойлаған, тағлымы мол дүние екен.

  9. Өзім Бақсайыс қожалардан боламын. Жаңақорғандықпын. Баба кесенесі біздің ауданда орналасқан және ата шежіресі өте нақты таратылыпты. Түгелдей құптаймын.

  10. Мұхтар аға рахмет сізге. Қожа ағаларымыздыі ішінде шежірелерін, тарихын жазғандар аз емес, бірак сіздің мақала нақты жазылған екен. Əлі де зерттелмеген нəрсе көп қой, еңбектеріңіз жалғаса беруін Алладан тілеймін. Аман болыныз. Рахмет.

  11. Мұқтардың есінде қалдым ба, қалмадым ба, ол жағын білмедім. Екеуміз журналистика факультетінде бірге оқыдық, бір жатақханада жаттық. Мен бір курс жоғары едім. Сол жылдары Алматыда оқып жатқан қожа жастары бүкіл Қазақстан бойынша бас қостық. Яғни бір-бірімізді іздеп таптық. Мұхтар Ташкент қаласына Қатира деген курстасы екеуі барып, өзінің тегін іздегені әле есімде. Ал мына еңбекті оқып отырып көңілге түйгенім, үлкендер жағы әлемдік деңгейдегі бауырларды іздеп тауып, басымызды қосатын, кімнің-кім екенін жасқанбастан атап айтатын мезгіл жеткен сияқты. Қожа-қай мемлекетте де болса да, қожа деп аталады. Жақында қажылық сапардан оралдым. Меккеде Косованың тұрғыны менімен орысша сөйлесті. Ол бірден қазақтың ішінде қай рудан боласың? -деп сүрады. -Мен қожамын,- деп едім, ол,-мен де қожамын,- деп туған бауырын көптен бері таба алмай жүргендей қуанды.Ал Мұхтардың жазбаларынан ұлтқа адал еңбек еткен, ұлттың болашағын ойлап өмір сүрген ел тұлғаларының есімдерімен таныстық. Осындай ұлды жаратқан ең әулі Аллаға, сосын естияр әрі ақылды етіп тәрбиелеген ата-анасына рахмет.

  12. Өте құнды дүние екен енді барлық қожекеңдер осыны негізге алайық,себебі көзі қарақ
    ты көкрегі ояау адам үшін керемет жазыпты, тіпті соқырға таяақ ұстатқандай десекте болад. Мұхтар аға Сізге мыңда бір алғыс!

  13. Құрметті! Мұxтар аға! Сіздің ағалар сериясы бойынша жазған еңбектеріңіздің оқырманы едім керемет туынды екен! Әкеңіз 100 жасқа келсін.Әулетіңізді жаратушы қолдасын!

    1. Құрметті Мұхтар аға! Асылзаданы оқып шығып керемет әсердемин, рахмет, қожалар әруағы қолдасын! Әкеңізге қуат берсін! Осындай құнды деректеріңіз кітап болып шығуын күтемиз. Әрбір қожаларға қатысы бар мұсылманның төрінде тұратын дүние деп есептеймин.

  14. Бұл кісінің жазғандарын бұрыннан оқып жүруші едім «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бұл жолы нағыз текті екен анық аңғартқан сияқты.

  15. Өте жақсы туынды екен. Қожалардың шешіресін терең мазмұнды жазыпты. Әкеңіз Жамбыл атамыздың жасына келсін!
    Жаратушы колдасын!

  16. Құрметті Мухтар Абрарұлы! Сіз ағайындардың армандап жүрген төл тарихы жайлы темірқазық іспетті ғылыми негіздегі тұжырым жасап бердіңіз. Ең қуаныштысы – атадан балаға мирас болып келе жатқан біздегі бар орама шежірелер мен бабалар тарихы жайлы ақындарымыздың жырларындағы шежіре тізбелерінің Сіздің тұжырымыңызбен ұштасуы мен сабақтастығы деп білеміз. Бұл мақалаңызды Ел Тəуелсіздігінің жеңісі мен жемісі деп бағалаймыз. Өзіңізге белгілі, Мəді (Маһди) – Диуана қожа ұрпақтарының басым бөлігі Сырдың төменгі ағысының бойында ғұмыр кешуде. Жақсы істің жалғасы болатындығына біздер сенімдіміз. Еңбегіңіз жансын. Ғұмырлы болыңыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қызылорда қаласы, Мəді (Маһди) – Диуана қожа қоғамдық қорының атқарушы директоры Жəнібеков Жұмабай Омарұлы

  17. Уважаемый Мухтар ага! Меня очень заинтересовала Ваша статья о роде Кожа. К сожалению я еще не силен в казахском языке, хотя суть прекрасного и познавательного эссе уловил. Если у Вас есть русская версия Вашей статьи, пожалуйста, разместите ее в Инете. Думаю, что многочисленные читатели из других стран и люди, не владеющие казахским, будут бесконечно Вам благодарны. Не сомневаюсь, что представители Кожа из других народов с удовольствием прочитают Ваше эссе. Спасибо и ждем с нетерпением.

  18. Асылзаданы оқып шыққан соң шіркін осыны әдемілеп кішкене кітапша етіп шығарса, ол әр қожаның омырау қалтасында жүрсе деп ойладым!

  19. Әкені сыйлаған соң дәл осылай сыйлау керек. Әкеңіз де, оны сонша ардақтаған Сіз де – Мұхтар аға нағыз асыл азаматтар екенсіздер. Қайып Айнабеков ақын айтқандай: «Асырап, сақтап, ардақтап. Әкеңді күт, балалар!» – дегім келеді барша бауырларға.

  20. Шығыс Түркістан қазақтарының тарихы өте жақсы, ғылыми негізде жазылыпты. Үш аймақ төңкерісінің жай-күйі анық көрсетілген. Болашақта дәл осы тақырыпқа арнайы ғылыми зерттеу жазу керек.

  21. Насаб-намадай құнды жəдігерлердің жоғары сапалы көшірмесін жасау арқылы жинақтап, оны ғылыми айналымға енгізсе жақсы болар еді. Естуімізше, Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағыларынан басқа қожалардың әулеттерінде де бірнеше Насаб-нама сақтаулы тұр екен.

  22. Құрметті автор және оқырмандар. Мен бүгін Қожалардың оның ішінде Бақсайыс қожа туралы мәліметтеді көріп қуанып қалдым. Мен де Бақсайыс ұрпағымын. Тараз қаласында тұрамын.

  23. Бұл еңбектен Мұхтар ағамыздың Асылзададан туған асыл екенін көреміз. Нағыз ғұлама ғой. Еңбектен бірізділік, жүйелілік көрінеді, барлығы тайға таңба басқандай анық, нақты, дәйектемелермен нақтыланған. Өте керемет еңбек, тұтас бір тарихи роман оқығандай әсер алдым. Мұхтар аға сізге мың алғыс, қаламыңыз мұқалмасын!

  24. Құрметті Мұхтар Абрарұлы!
    Толығымен оқып шықтым.Өте терең сабырмен жазылған еңбек екеніне көзі ашықтың көңілі тояды.
    Сізді .Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгергенімен құттықтаймын.
    Дәл Сіздің бабаларыңыздың асыл іздері сол жерлерде сайрап жатыр.

    Жантөреева Қалыйма Жантөреқызы.

  25. Керемет жазылған түсінікті нақты дәлелмен, көп мағлұмат алдық. Енді ағамызға бір өтініш менің нағашым Қосым қожа бейіті қазалы ауданында, Қызылордада тұрамын керейт руы нағашың біз дейді қожалар біз дейді осыны ажыратып жазсаңыз нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button