Хадиқат aл-‘Арифиннен үзінді
Ысмайыл ата Қазығұртидың хатқа түскен кереметтерінің бірі.

Қасиетті топырағымызда Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың ілімін көркейткен Ысмайыл ата Қазығұртидың хатқа түскен кереметтерінің бірі.
Хадиқат aл-‘Арифиннен үзінді:
Енді Султан ал-ʻАрифин, Қутб ал-Асфийа Исмаʻил ата ибн Шуһадаʼ Ибраһим атаның (Алла топырақтарын торқа етсін) дүниеге келген күні туралы айтылады. Мухаммад Мустафа салла Аллаһу ʻалайһи уа салламнан анық мына хабар келген: «Бақытты жан анасының қарнында-ақ бақытты болады, бақытсыз анасының қарнында-ақ бақытсыз болады». Алланың елшісі рас айтады. Мынаны біліңдер, әй достар, сүйіктілер және әй ақыл иелері, хазірет Султан ал-Асфийа Исмаʻил ата (Алланың оған рақметі жаусын) дүниеге келуден бұрын қасиетті Рамазан айы болатын. Анасы емізу үшін күнәсіз омырауын Исмаʻил атаның аузына тұтты, сөйтсе, қараңғылық пердесі жамылмағанша, Мухаммадтың (с.а.у.) сарқыты ұртталмайынша емуден бас тартты. Ауыз ашу уақыты болғаннан сахар уақыты болғанға дейін анасын еметін еді. Одан кейін ораза ұстаушылармен бірдей ораза ұстайтын. Отыз күн тамам болғанда Алла тағаланың бұйрығымен аспанда бір қара бұлт пайда болып, нұрлы, жаңа туған айдың жүзіне перде болды. Жұрт кеш батқан кезде көкке қарап, таң қалып күмәнда қалды. Сол кезде пәк мүмін анасы сәбиін емізу үшін омырауын шайхзаданың аузына апарып еді, еме бастады. Сонда анасы қасиетті Рамазан айының бітіп, айт күнінің басталғанын білді. Менің бұл ұлы перзентім Рамазан айында дүниеге келді. Күндіз сүт ембейтін. Бүгін сүт емді. Сол себептен айтамын деді. Халық оның сөзіне иланды. Көп уақыт өтпей-ақ халайық жан-жақтан келіп, айды көргендіктерін білдірді. Алла тағала былай дейді: «Уа лā тактумӯ аш-шаһāдата уа ман йактумһā фәҺууа āс̠имун к̣албуһу» (Куәлікті (көргендеріңді) жасырмаңдар. Кім оны жасырса жүрегі күнәһар болады) (2:283). Осыдан кейін Исмаʻийл атаның кереметтері әуелден белгілі болды. Исмаʻил атаның кереметі туралы қисса ұзын, бірақ қысқартып берілді.
Әулиелігі, рухани дәрежесі сәби кезінен халыққа белгілі болған Ысмайыл ата: «Қазығұрт пен Сайрамның арасында басыма тимеген кесек, тас жоқ шығар» деген екен.
Ол кездерде Сайрам діннің үлкен орталықтарының бірі болып «Сайрам Шәріп» атанып тұрған кезі.
Ұлықбек Жүнісбаев





