Ясауи мұрасы

Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфиякалық жазбаларына арналған зерттеулерге шолу

🔷Эпиграфиялық жазба ислам сәулет өнерінде жиі қолданылатын сәндік элемент болып табылады. Осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық жазбалары оның көркемдік келбетін ерекшелендіріп тұр. Жазбалар ғимаратқа эстетикалық сән берумен қатар, оның терең мән-мағынасын айшықтайды.

Өз заманының үздік шеберлерінің қолынан туындаған ортағасырлық сәулет өнерінің озық үлгісі болып табылатын Ахмет Ясауи кесенесі Түркістанға келген саяхатшы, зерттеуші мен ғалымдардың қызығушылығын тудырып, бірнеше зерттеу еңбектеріне негіз болды. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық жазбаларына арналған зерттеулерді таңдамалы және толық деп топтастыруға болады.

🔷Таңдамалы зерттеулерде кесененің жалпы сипаттамасы, оған байланысты аңыздар, эпиграфикалық жазбалардың үзінділері мен онда келтірілген жеке есімдер, құлпытастардағы жазбалардың аудармасы айқындалады. Енді сол зерттеулерге шолу жасап өтейік.

1865-1866 жж. Түркістан қаласында ғалым-лингвист Мір-Салық Бекчурин болып қайтты. Ол Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік келбетін сипаттап жазып, осы кесененің маңайындағы басқада құрылыстар жайында хабарлайды. Мәселен, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Орта және Кіші жүз сұлтандарының басына қойылған құлпытастар бар екендігін айтады. Сондай-ақ, М.Бекчурин кесененің карнизінен Қожа Хасан Шираз есімін оқып, оны осы құрылыстың сәулетшісі деп тұжырымдайды [1, 210-217 бб.].

🔷Императорлық Археологиялық Комиссияның тапсырмасы бойынша Түркістан өңіріне 1867 жылы археолог-шығыстанушы П.Лерх келіп, Сауран, Міртөбе және Түркістан қалаларында болды. П.Лерх Сауран қаласында шағын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Ахмет Ясауи кесенесін қарап шықты. Оның жанындағы кесенелер мен құлпытастардағы жазулардың көшірмесін суретке түсіріп алды. Осы кесенедегі тайқазанның сыртындағы жазуларды аударды [2; 9 б.].

🔷Ғалым Ә.Диваев 1895 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жазуларын қағазға түсіріп, кесене ішіндегі дүние-мүліктер жайында деректерді Қазан Императорлық университетіндегі лингвист П.Ахмеровқа жіберді [3, 6 б.]. П.Ахмеровтың «Надписи мечети Ахмеда Ясеви» атты мақаласында 30 жазбаның аудармасы жарияланды. Оның ішінде 17 жазба құлпытастағы жазулар, қалғандары кесенедегі заттар, есіктер, қақпа мен қабырға фризіндегі мәтіндердің үзінділері [4, 6 б.].

🔷1884-1885 жж. археолог-шығыстанушы Н. Веселовский Түркістан өңірінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалым Ахмет Ясауи кесенесінің сол уақыттағы жағдайын айқындап, ғимарат пен оның бөлмелерін және есіктерін сипаттап, сақталған сәулеттік безендірулер мен эпиграфикалық жазбалар жөнінде болжамдар жасайды. Кейбір эпиграфиякалық жазбаларды орыс тіліне аударып, олардың Құранның сүрелері екенін атап өтеді. Келтірген деректеріне қарағанда Н.Веселовскийдің Түркістан өңірін зерттеу барысында белгілі бір тарихи ескерткіштердің салыну мақсаты мен маңызы туралы жергілікті халық арасында сұрастыру жүргізген [5, 7-11 бб.].

🔷Кеңестік кезеңде М.Массон 1928 жылы кесенеде жүргізген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында жиналған материалдар негізінде XIV ғасырдың соңында тұрғызылған кесене, XII ғасырда салынған кесененің үстіне орнатылған деген пікірді ұсынады. М.Массон кесененің шығыс фасадындағы ниша астындағы Қожа Хасан Шираздың  қолтаңбасы мен жұмыстың орындалған жылын (х.ж. бойынша 800 ж.) анықтап, оның М.Бекчуриннің кесене сәулетшісі деген пікіріне күмән келтіріп, «Қожа Хасан Шираз Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы келбетін әсемдеу жұмыстарын атқарған» деген тұжырымға келеді. Сондай-ақ, ғалым кесененің басқа да бөліктері мен заттарында шеберлердің есімдері жазылғанын айтады. М.Массон қабірхана үстіндегі қатпарлы күмбездің астындағы барабанда шираздық шебер Шемс Абдал Вахабтың есімін анықтап, оны осы қатпарлы күмбездің әрлеушісі деген ойға келеді. Ғалым кесенедегі екі есіктің ілмектері мен бірнеше шырағдандарды Исфахандық шебер Из ет-Дин бин Тадж ед-Дин жасаған, қазандық бөлмесіндегі тайқазанды тебриздік шебер Әбділәзиз ибн Шараф-ад-дин құйғанын хабарлайды. Сонымен қатар, тайқазанның жоғарғы бөлігіндегі жазбаны аударады [6, 12-19 бб.].

Шығыстанушы А.Иванов Әмір Темірдің бұйрығы бойынша Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы жасалған жәдігерлердің ғылыми атрибуциясын жасап, олардың сыртындағы жазуларды толық оқып, олардың ғылыми аудармасы мен түсініктемесін зерделеді [7].

🔷 Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық жазуларына арналған толық зерттеулерді атап өтетін болсақ. 1972-1980 жж. Ахмет Ясауи кесенесінде кешенді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кесене қабырғалары мен күмбездеріндегі жойылып кеткен эпиграфикалық жазбалар мен түрлі-түсті өрнектерді қайта қалпына келтіру ең күрделі мәселелердің бірі болды. Осы негізде 🔷Түркістан ғылыми-реставрациялық шеберханасы құрылып, оған көптеген архитекторлар, археологтар мен химик-технологтар тартылды. Соның ішінде химик-ғалым С.Тәкібаева Ахмет Ясауи кесенесінің бояулы қаптама қыштарының құрамын зерттеді. Нәтижесінде шыңылтырмен қапталған бояулы және бояусыз құрылыс қыштарының, оларды біріктіріп тұрған ерітінді құрамы сараланып, оларды жасау технологиясы анықталды және дайындалды [8, 41-42 бб.].

🔷Кесенеде жүргізілген кешенді қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Б.Тұяқбаеваның «Эпиграфический декор архитектурного комплекса Ахмеда Ясави» атты еңбегі жарық көрді. Бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық жазбаларын зерттеуге арналған алғашқы монография болып табылады. Кесене сыртындағы эпиграфикалық жазбаларды Б.Тұяқбаева оқып шығып, шығыстанушылар А.Иванов және О.Большаковтармен кеңесе отырып, оларды қайта қалпына келтірудің жобасын әзірледі. Ғалым Б.Тұяқбаева Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік-жоспарлау мен көркемдік безендірілуін талдай отырып, оның сәулеттік формалары мен өрнектерінің арасында белгілі бір жүйе бар екенін атап өтеді. Яғни, кесененің сәулеттік құрылымы мен көркемдік безендірілуі өзара үйлестіріле отырып, идеологиялық тәртіп бойынша жасалған. Бұл иделогиялық тәртіп эпиграфикалық жазбалардың орналасуында айқын көрінеді. Б.Тұяқбаева кесенедегі эпиграфикалық жазбалардың «сулс» және «куфи» қолтаңбаларымен орындалғанын атап өтіп, оларды мазмұнына қарай үш топқа бөледі: Құран мәтіндері, хадистер және тарихи жазбалар (шеберлердің қолтаңбалары мен жылдар) [4, 6-10 бб.].

Жоғарыда аталған еңбектер сараланып, олардың көпшілігіндегі аудармалар араб әріпімен жазылған мәтіндермен қамтамасыз етілмегенін, сондай-ақ, эпиграфикалық жазулардың толық қамтылмағанын және жеткілікті дәрежеде кемшіліктер кеткенін ескере отырып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты альбом-кітабы әзірленді. Ә.Муминов пен С.Моллақанағатұлы кесененің іші-сыртындағы және жәдігерлеріндегі эпиграфиялық жазуларды толық оқып, осы басылымда, олардың ғылыми аудармасы мен түсініктемесі берілген [9].

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бекчурин М.С. Описание мечети Азрета, находящейся в городе Туркестане // Военный сборник, № 8. 1866. – С. 210-217.
  2. Лерх П. Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 г. СПб., 1870 г. – 39 с.
  3. Диваев Ә. Тарту. – А., 1992. – 204 б.
  4. Туякбаева Б.Т. Эпиграфический декор архитектурного комплекса Х.А.Ясеви. – А., 1989. –176 с.
  5. Кожа Б. Н.И. Веселовский о древностях Южного Казахстана // Вестник МИЦАИ. – 2008. – Выпуск № 8. – С. 3-13.
  6. Массон М.Е. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави. – Т., 1930. –28 с.
  1. Иванов А.А. О бронзовых изделиях конца XIV в. из мавзолея Ходжи Ахмеда Ясеви // Средняя Азия и ее соседи в древности и средневековье . – М., 1981. – 155 с.
  2. Тұяқбаев Қ. Реставрация – жаңғырту өнері. – А., 2007. – 68 б.
  3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Мавзолей Ходжа Ахмада Ясави. Mausoleum of Khoja Ahmad Yasawi / Құраст.: Ә.Қ.Муминов, М.Б.Қожа, С.Моллақанағатұлы, М.Ж.Садықбеков, Ж.М.Нұрбеков. – А., 2013. – 208 б., қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде.

 

Г.Атабаева, ғылыми қызметкер

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button