Иасауи мәдениеті
Қазақ руларының шежіресінің қалыптасуы мен қазақ мемлекеттілік жүйесінің нақтылануында Иасауи мәдениетінің орны бар. Бұл тақырып өте өзекті. Қазақтың тарихи санасын ашатын құбылыс. Иасауи мұрасы қолда бар асыл мұра, терең қазына, ең басты болмыстық құндылық. Қазақстандағы исламның дұрыс жолда дамуы ол иасауи ілімін дұрыс танудан басталады.
Тарихи санамызда, мәдениетімізде Иасауи мұрасының іздері қат-қабат. Ол-таным. Ол-музыка. Ол-өнер. Ол-әдебиет. Ол-қысса. Ол-терме. Ол-хикмет, даналык, руханият. Ол-өмір. Ол-ар. Ол-құндылық. Ол-дін. Ол-мәдениет. Ол-түркі ислам өркениеті. Сондықтан Иасауи тақырыбы өте маңызды әрі өзекті. Иасауи мәселесіне Батыс пен Шығыс екі бөлек қарап, сараптайды.
Кезінде кеңестік кезеңде Иасауи туралы зерттеулер Батыста белсенді болды. Оның басты себебі, Иасауи мұрасы арқылы кеңестік зындандағы мұсылмандардың, шекара сыртында да өздері секілді мұсылмандар тұратындығын, ортақ құндылықтық тарихи өткенді бар екендігін көрсету болды. Беннигсон, Зарконье деген зерттеушілер осы салада қызмет етті.
Осыны тексеріп таразылаған Совет үкіметі Иасауидің мұрасын маркстік диалектикалық тұрғыдан танып, танытуды, ғылыми атеизмге қызмет ететіндей негізде насихаттауды, яғни Иасауи мұрасын өз кәдесіне жаратуды мақсат етті. Ол үшін арнайы сала қалыптастырды. Ал енді тәуелсіздік алған кезде, Батыстың мақсаты да өзгеріп сала берді. Енді олар мұсылмандардың Иасауи орталықты ортақ құндылықтық, тарихи өткенін танып білуі қажет болмай қалды. Керісінше Иасауиді түркі мұсылмандарының ортақ ұстазы деген таным сананы ғылыми тұрғыдан ыдыратуға бет бұрды. Сол үшін саяси сипаттағы «уахабизм» ылаңын жаюға тырысып бағуда. Бүгін егемен ел болып отырғанда, Иасауи мұрасына деген қажеттілік күн өткен сайын өзектілігі арта түсуде.
Зер салып қарасақ, бүгінгі қазақтың тіліндегі, діни танымын анықтайтын ұғымдар сандық және сапалық мәні жағынан толығымен Иасауи мұрасымен тікелей байланысты екен. Мысалы «Алты Алаш» пен «Астана» ұғымдарын алайық. Бұлар Иасауи мұрасынан алынған терминдер. Парсының «аситане» яғни астана сөзі қазақтарға сопылық таным арқылы енген болатын. Астана ұғымы қазақ мұсылмандығында, суфизм фалсафасының басты категориясы. Астана деп әулиелер мен баптар тұратын, жерленген жерді айтады. Кейіннен бұл термин бас қала, орталық мағынасына ауысты. Астана» терминдік атауының өзі түркі ислам тасаууфында «Ақиқатқа ашылған қақпа» мағынасына келеді. Бұл термин негізі Иасауи хәл ілімінде ерекше қолданысқа ие. Бар қазақтың тарихи тұлғаларының бәрі ханы, биі, сұлтаны мен батыр бағландарының барлығы Иасауи руханияты айналасында жерленуінде осы термин, танымның орны ерекше. Ол Түркістан қаласының атауы, осы Иасауидің атында. Екіншісі бүгінгі Астана.
Жалпы қазақ даласына Имам ағзам фикхы мен Матуриди ақидасының тамыр жаюына себеп болған ілім осы «Иасауи салған жол». Оның аты сопылық таным. Ол тарих. Ол қазақтың діни тәжірибесі. Ол қазақ мұсылмандық түсінігінің негізі. Ол қазақ болмысының мәні. Иасауи қазақ мемлекеттілігі мен тарихынан ойып орын алған тарихи саяси, болмыстық, моральдық құндылықтардың мәні болған ислам деген өркениеттің есігін айқара ашып берген, артына мектеп қалдырған, тұғырлы мұра тастап кеткен тұлға, әулие. Ол «пир и Туркістан», «құтб ал ақтаб», «султан ал арифин», «аситана и сағадат».
Иасауи ілімінің мақсаты «құдайтану мен құдайсүгірге (құдайды сүю)» арналған
Яғни көзге көрінбейтін Алланы осы дүниеде рақым, мейірім, махаббат, хикмет, ақыл парасат арқылы көрсетуді исламның мәні деп білген. Нағыз жанкешті, жанпидалығымен өзі үлгі салып, ілім негіздеп, тетіктерін де көрсетіп кетті. Ол рухани тамыр, діни тәжірибе, дүниетанымдық, моральдық саяси фалсафаны тұтастандырып берді. Бірақ оның ілімі бүгінгі рухани әлемге неліктен қолданылмай отыр. Не себепті тарихи тәжірибемізбен үндесуге қорқамыз? Неге «Мәдени мұра» бағдарламасына назар аудардық та оны мына жастармызға білім беру арқылы танытуға келгенде тоқтап қалдық? Тарихи тәжірибесіне сенбейтін, одан қуат ала алмайтын ел мәңгілік ел болуға тілі келгенмен, ділі дауаламайды деген сөз. Негізі кез келген ел бағыты мақсаты алыс болса да, соған барар жолда ғана ілгерілеуі керек. Бұл дәстүрлі тарихи болмыстық тәжірибесі бар елдердің ортақ сипаты. Біз идея қойдық та, оған барар прициптерге деген ізденістерді ғылыми, саяси танымдармен өрудің орнына, одан жеруге бет бұрдық. Бұл қалай?
Негізінен Иасауи дүниетанымының негіздері Құран мен Суннадан тұрады. Иасауи дана, әулие. Оны тану үшін бүгінгі ахуалды тану дұрыс болар еді деп ойлаймын. Бүгін қоғамда діндарлық сыртқы форма, сақал мен балаққа қарап бағаланып жүр. Ал формаға қарап бағалау ол діннің азғындағаны, дін рухының қасаңдануы деген сөз. Адам сыртқы шектеулі формаға тығылып, өзін өзі тұншықтыруда. Осы форма қапастан дінді үмітсіз іздеп әлек. Шындығында дін деген болмыстың трансцедентті қырымен құрылған байланыс. Дін мен шариғат қосақталып танытылса, дін форма болып қала береді, иман мен амал қосақталып қысыммен танытылса, қоғамда жамағатшыл жіктер қолдан жасалады. Бұл принципті сарап. Ал хуруфилік деген, сөзге, мәтінге, қағидашылыққа көмілу, дінді формаға айналдырып, тұншықтыратын зындан.
Міне, осы тұрғыдан, Иасауидің шариғаттан ақиқатқа созылған сатылар тұжырымының діни танымдық, психологиялық мәні бар. Әсіресе бүгінгі Қазақстандағы діни ахуалда осы шындық айқын сезіле бастады. Бүгінгі қоғамдағы уахабистік, фундаменалистік немесе метатрадиционалистік психология негізінен өткенді ақиқат ретінде аңсаудан туындайды. Бұл мәні мазмұны жағынан теология саласында мағынасыз бос ұстаным. Дұрысы Ақиқат ол Алла. Ал Алланы өткеннен іздеу немесе Көктен іздеу дін ішіндегі жамағатшылық пен фундаменталистік қалыпқа шақырады. Осы ұстанымға Иасауи данамыз, ең басты ұстаным ретінде Алланы өткеннен емес, әр дем, әр хәлде, тек өзіңнен іздеуді ұсынады. Бүгін негізінен тек біздің қоғамда ғана емес, қалыпты жағдайға айналып бара жатқан бір құбылыс бар. Ол дін түсінігінің орталығынан не адамды не Алланы табу қиындығы. Ол неден көрінеді? Дін тек қана формалармен, саясатпен, ақшамен ғана тілге тиек етілетін болады. Адам да Алла да сол мұратқа құрал болуды. Иасауи айтқан Алланы көкірек көзімен яғни қалбпен көру, Алланы жүрекпен, ділмен сезу, Алла сөзі арқылы, Алла мұраты арқылы жүрек туламайтын, шабыттанбайтын болды.
Абай айтпақшы «Алла деген сөз жеңіл» болды. Негізінен рухқа қуат беретін Алла ғана. Ал сол Алланы бүгінгі діни түсінік пен танымнан табу қиын болып барады. Бұл қоғамды рухани шөл басып барады деген сөз. Иасауидей данасы бар ел де рухани жұтаңдыққа ұшырауы тиісті емес еді. Адам да өз ішкі әлемінен хабарсыз. Адам да құнсыз болды. Құндылық та құнсызданды. Ең басты құндылық ақша. Кез келген қылмыс ақшамен өңі айналып ақталып шыға келеді. Орта ғасырдағы папаның индульгенциясы сияқты күй кешудеміз. Дін құлшылық ретінде емес рия сатысына түсті. Сондықтан дін дегенде алдымен бірінші кезекте ар, адамгершілік емес, Саяси дін, Сирия, жижап, жамағат, форма, қағида еске түсетін болды. Иасауи айтады: «Дін Адамның өз ішіне, рухына бағытталған ізденіс саяхаты».
Алла дінді адам үшін берген
Өзі үшін емес. Өзінің рахметінің көрінісі ретінде танытқан, жол көрсеткен. Матуриди мен Ханафи, Иасауи тәжірибелері соыпылықтың ақиқатын танытатын, тарих бойынша өзін дәлелдеген, сыналған жол. Ол жолды бүгінгі «сопыларға» қарап бағалау не тану «битке өкпелеп, тоныңды отқа жағумен тең».
Сопылық ауыр да терең қилы қабаттармен көмкерілген ғарыш. Ол жолға кірерде қолыңда ғылым мен білім керек, шариғат куәлігі. Сол куәлік сені сопылық ғарыштан адастырмайды. Иасауидің айтқанындай «Тариқатқа шариғатсыз кірме, зинхар».
Исламда барлық мәселенің таразысы Ар мен Аллаға қарап бағаланады. Осыны бізге тарих бойынша дәлелдеп келе жатқан жолдың аты сопылық. Бірақ барлық адамға арналмаған. Алланың Дидарын, яғни жамалын аңсаушылар ғана сол жолда төзе алады. Мумин, Муслим, Мухсин категорияларына қарасаң, нағыз мумин солар, нағыз муслим солар, нағыз мухсин солар. Сопылық исламның ақиқаты, өрісі. Себебі онда адам бар.
Қазір рух, әруақ дегенде тыжырынып қарайтын болдық. Құранда «А ласту бираббикум? Қалуу бала. Мен сендердің Жаратушың емес пе едім? Рухтар бір ауыздан Сен біздің Жаратушымызсың» деген аят бар. Мұны қазақтар “әлімсақ” ал мисақ дейді. Алла құзырында рухтардың анты деп те қабылдайды. Негізінен бұл түсінік ислам теологиясына да сай түсінік. Ал енді рухты, әруақты «жын, онгон» деп таныту ол қазақша айтқанда “танту”. Құранда “Халақту жинна уа инса уа ма лийағбудуни” бұл жерде адамдар мен жындарды маған құлшылық етсін деп жараттым. Яғни адамдар мен жындар екі бөлек болмыс, олардың жаратылыс мақсаты бір. Енді сол жында рухтың орнына қоя салу ол кешегі Онгон деп танытатын, Фреид психологиясынан қалған түсінік. Бұл батыстық позитивистік шаблонға қарап комментарии жасаудан басқа ештеңе емес. Ислам дін антропологиясында адамның рухы тәнге дейін одан кейін де оның ақиқаты туралы, эсхотологиялық сипаттары туралы да Құран аяттары негізінде жақсы түсіндіріліп келеді. Сондықтан қазақтардың рух, аруах деген түсінігі ешқандай исламға қайшы түсінік емес, ғылымға да. Бұл туралы дін психологиясы саласы бойынша заманауи зерттеулер де дамып келеді. Бүгінгі дінтану мамандығына да осы пән оқытылады. Жалпы дін деген ол өз алдына арналы ғылым. Теологиялық, теософиялық, дінтанушылық аспектілері қатар дамып келе жатыр.
Ал бірақ өкінішке орай, ислам дін ғылымдары сол баяғы орта ғасырлық эпистемиологиялық деңгейде қалған. Себебі гносеологиядан жұрдай. Осындай шаблондармен қаруланған жастарымыз, бүгін дін феноменін құбыжық қылып көрсеткілері келеді.
Рух ақиқат. Он сегіз мың әлемнің тылсымының бастысы. Ол туралы Құранда “аз мәлімет” берілді деп, түсу себебінде тыйым салынғанымен, ислам философиясында рух тақырыбы, “ал фалсафат ал уула” яғни ұлы фалсафа ретінде жалғасты. Ибн Сина, Фараби, Ғазали, Даууани, Иасауи, Хазини Абай, Шәкәрім мұралары сол ұлы фалсафаның сұлбасы, яғни, сабақтастық жалғасып келеді. Осы желіні үзгісі келетіндер кешегі позитивист атеистер мен бүгінгі «неосалафилер» ғана.
Иасауи атамыз «Фақрнама» деген трактатында ең басты құндылықтың адам екендігін Құран рухында түсіндіреді. Нағыз Аллаға мойынсұнушы яғни таслим болған мұсылман адамның сипатын қазақы таныммен қарапайым ғана белгілеп береді. Нағыз мұсылман адам ол «бір дастарқан басында отырған кім болса да ол христиан ба, пұтперес па, отқа табынушы ма, жөйт па соған көңіл бөлмейтін адам» дейді. Бұл Иасауидің «имани гүл» сатысындағы адамға деген құрметі мен махаббатын көрсететін таным. Адамды түсі, түрі, нәсілі, тегі мен дініне қарап емес, оның Жаратушысына, Оның хикметінің құрметіне, махаббатпен қарауға шақырады. Адам былай тұрсын, бүкіл жаратылғандар, яғни мына он сегіз мың әлем Алланың Бар, Бір, Хаким, Рахман, Рахим, Халим, Ғафур екендігін көрсететін айналар. Сол айналардың ішіндегі ең басты хикметпен кеудесі суарылған болмыс, Алланың мына дүниедегі халифасы ол адам. Аллаға ғашық жан алдымен мына жаратылғандарды алаламай тұтас сүйе алмаса, Алласын қалай Бір деп сүйе алады? Сондықтан алдымен адамды сүй, Алланың хикметін сонда сезесің дейді. Ол үшін де хикметті өзіңнен іздеп табу керек: «Уажид, уажд болып, бір вужуд» болсаң ғана мына әлемде халифа боласың дейді. Ал хикметті өз кеудеңнен табу ол қулуб яғни көңіл, жүрек, қалб деген Алланың адамдағы «ұясын» тазалап баптау шарт.
Имани гүл Абай атамыз айтпақшы, ол «үш сүю», яғни Алланы, адамды, әлемді тұтастандыратын Бір жүрекпен, Бір болмысты тану жолы. Иасауи бұл хәл құбылысты «Уахдат ал вужуд» дейді. Яғни болмыстың бірлігі. Ғашық болып көрмегеннен ғашықтық туралы не сұрайсың. Бірақ болмаса да болдым дегендер, ғашықтық деген ол мұндай деп ақыл айтатындар да бар. Ғашықтық жолды ғашықтардан сұра, себебі «татпаған білмейді». «Хәлін білмеген халақ» яғни «әлін белмеген әлек». Негізі адам өз хәлі өз жағдайын ішкі жан дүниесін зерттемесе, танымаса бәрі бос. Өзін танымаған, жанның аманат екендігін білмейтіндер Алласын қайдан тапсын. Сондықтан да Иасауи атамыздың «ғабид болма, заһид болма, ғашық бол» деп кеткен. Оның дәуірінде де сақалы қауғадай, пішіні зор, иіліп бүгілген, ана жерін мына жерін тазалап жуып жүрсе де, жан тыныштығын таба алмай, өзін тани алмағандар болған ау сірә. Осыларды ғабид деген. Әрине құлшылық қылу парыз. Бірақ ол ықласпенен, шынайы махаббатпенен болмаса, кімге құлшылық етіп жатқанын, не үшін намаз оқып жатқанын білмесе, өзін де Алласын да тани алмаса, сыртқы пішіні ғана «ғабид» болып қала бермек. Ал енді заһид болу ол қоғамнан жырақ, өз кайфі өзінде, аскеттік өмірдің дәмін татып, Алланың мына дүниеге не үшін жіберілгендігіне ақылымен жауап беруден қашатын адам. Ол қоғамның дертімен емес, өз дертімен ғана, файиз футуһ алып, іштей нұрланып, өзінен басқа ешкімге пайдасы жоқ адам. Қарасаңыз ғабид пен заһид екі жағалаудағы танымдық психологиялық күйдегі, өзін таппай, тани алмай кеткендердің сүрлеуі. Ал енді ғашық болу ол Адам деген атқа лайық, барлық әлемге, жаратылғандарға рахмет көзімен қарайтын, барлық ауырлықтың астына иығын тосатын, ақиқатты жариялаудан қорықпайтын, Алладан басқа, масиуаға мән бермейтін, адамдық қалыпты сақтауға, арды ардақтауға, «усват ал хасана» жолымен жүруді ұстанымым деп білетін өзімен өзі біртұтас, бақыттың дәмін, Хақ дидарының яғни сұлулықтың кескінін, сырдың ішін сипаттай алатын, ақиқатқа ынтық, сол жолда өмірін арнайтын, болмыстың бірлігін жариялай алатын адам.
Рухтың азығы хикмет, туралық пен дұрыстық
Иасауи атамыз былай дейді: «..рухтың азығы хикмет, туралық пен дұрыстық. Осылармен азықтанған рух парасатты сосын тек қана Аллаға ғашық болады. Парасатқа жету үшін де Алланы сую, Оған тәуекел ету, шынайы ғашық болу керек» дейді. Ал біз олай емес, рухымызды бізге аманат ретінде берілген жанымызды қинаймыз кеп. Хикметке емес, өсекке, туралыққа емес жаңсақтыққа барамыз, дұрыстық емес жағымпаздықты таңдаймыз. Ал кеудедегі шыбын жан шырылдаса да, көнеді. Себебі ол сорлы уақыты келмей тәнді тастап кете алмайды. Білеміз, сезінбейміз. Білу оңай сезіну қиын. Біз Алланы өзімізде табудың дұрыс екенін білеміз, бірақ сол білгенімізді жүзеге асырмаймыз. Сырт қарағанда шыншыл болып көрінеміз, бірақ сол шындықтың мәніне үңіле алмаймыз. Менің айтып отырғаным бәріне белгілі шындық туралы айтып отырмын. Ол адамнан адамға өзгере береді. Ал Иасауи ше? Жоқ, ол адамнан адамға өзгермейтін, шындықтардың шындығы, Алла туралы айтып кетті. Біздің айтып жүргеніміз мынау: Аллаға иман ету, сөзбен нақтылау, Алланы тану, оны киелі санау жән т.б. Осылар шынымен Алланы суюге жата ма? Әрине, жатпайды. Алланың Бар және Бір екеніне «дәлелмен» иман келтіру әрине адамды мумин қылар. Бірақ ғашық қыла ма? Жалпы ешқашан болмаған нәрсе адамды ғашық қыла ма? Жоқ нәрсе ол жоқ онсызда. Ал рух ше? Ол ешқашан жоқ нәрсені іздемейді, армандамайды, аңсамайды, ынтықпайды, Ол тек Барды ғана іздейді, аңсайды. Иасауи айтады «Рух үшін Алланың Бар екендігінің дәлелі керек емес. Алла Бар болғандығы үшін рух оның ақиқатын танығысы келеді, аңсайды армандайды, ғашық болады. Сондықтан Алла Мурад, ол Важид. Адам рухы Алланы іздеуі, Ол туралы ойлауы, Алланың Бар екендігінің дәлелдерінің бірі» дейді, Яғни Иасауи адамның рухының болуы Алланың Бар Бір екендігінің дәлелдерінің бірі дейді. Ал бүгінгілер ше. Рухты жоққа шығарып жатыр. Шындығында адамның Алланы іздеуінде, Аллаға келіп кетер ештеңе жоқ. Керісінше, рухтың азығы үшін Алланы іздеуіміз керек.
Иасауи «Мират ал Қулуб» мұрасында Алланы іздеудің, Аллаға иман келтірудің дәрежелері бар екендігін айтады. Рухтың азықтануы әр адамда әр түрлі. Сол сияқты Иасауи сияқты дана әулилердің рухы, рухтарын тек Алламен толтырғанда ғана қанағат табады. Себебі олар ғашық. Бұл құбылыс бар. Егер мұндай дәреже болмаса, Мұхаммед пайғамбарымыз сонша азап шегер ме еді? Аллаға деген махаббат, ғашықтық, осы Алланың Бар екендігінің дәлелі дегеніміз сондықтан. Алты Алаштың атасы Халлаж ал Мансұр да «ана ал Хаққ» деп, ақиқи ғашықтыққа тұншығып, сол арқылы өзіннің жоқ екендігін тек қана «Ол Бар» деп кетпеп пе еді. Жүніс те «Бір мен бар Менде, Меннің ішінде» деген. Осы сырды білген позитивизмнің атасы А. Конт Алланы жоққа шығару үшін де алдымен рухты жоққа шығарғысы келді. Оған қазақ топырағының тағы бір тірі әулиесі Шәкәрім атамыз да кезінде жауап берген болатын.
Иасауи атамыз Заман «тыныштық», макан «отан», ихуан «бауырластық», рабт султан «тәртіпке беріктік» шартымен ғана ынтымағы ұйыған ел бола алатындығымызды негіздеп кеткен.
Қараңыз «»иман аманат мумин» осы үш сөздің түбірі бір. Мумин яғни момын адам осы сынақ әлемінде Алланың аманатын тасушы яғни иман келтіруші. Бұл сөздің сыртқы қабықтарының мағынасы. Енді ішіне кіріп көрейік. Бәрі де адамды анықтап тұр. Сізді адамның мәніне қарай бағыттайды. Мән ол жан, яғни Алланың адамдағы аманаты. Иасауи атамыз да «азиз жаның аманат жүрме бейғам» демей ме? Сол жан мына сынақ алаңында қарайып қала береді, кірленгіш. Ол үшін аманатқа қарауыл керек. Ол жанды қадағалап, бақылап, сараптап, таразылап отырады.
Мурақабаны жүзеге асыратын тек қана ақыл. Ақыл дегеніміз адамның Алламен байланыс орнататын құралы. Ол құрал да адамға әуелден берілген қалбте, жүрегінде, жанында. сонда адам аманатын сақтау үшін оған қиянат жасамау үшін де ақылды үнемі қолдануы керек екен. Яғни адам Алламен байланысын үзбеуі керек. Ал адам өз ақылын қолдана алмаса, басқа біреудің жетегінде кетсе, ол аманатына да қиянат жасағаны, адамның ақылы қолдана білуі де қайраты, жігеріне байланысты. Адамның көбі ойланудан қашады. Ол үшін дайын тұрған шаблондар мен қағидалар, ережелер керек. Бұл адамның балалық сипаты. Адамның ақылдан мақрұм болуы өзінің жаратылыс мақсатына да қайшы әрекет еткені. Ал адамның жаратылыс мақсаты, өзінің еркін, жігерін, таңдауын, қалауын сынаған Алланың алдындағы жауапкершілігі болатын. Адамның мына дүниедегі жауапкершілігі көп, соның ішіндегі ең басты жауапкершілік ол Алланың алдындағы жауапкершілігі. Сонымен иман, жауапкершілік, ақыл қосылып өзара тығыз байланыста қызметін атқарған адамның аты адам да, ал керісінше болса, надан болады екен.
Иасауи мәдениетінің қазақтың тарихи тәжірибесіндегі орны осы айтылған мәселелермен шектелмек емес. Біз бұл жерде бүгінгі қоғамдағы діни таным төңірегінде пайда болған келеңсіз, жат танымдарды Иасауи мұрасымен салыстыра отырып, саралаумен шектелдік.
Досай Кенжетай,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің
дінтану кафедрасының меңгерушісі,
профессор, ф.ғ.д. теология докторы
Dosay.kz@mail.ru
″Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері″ Ү халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағынан алынды
Жақсы мақала!