Жарық нұрдың сәулесі

Шахзада шерлер

Жалпы, Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздан бастап бұл әулетте жастары 63-ке толысымен “дүние ісін тәрк ету” дәстүр болған.
Шежіреде Шаһ Абд ар-Рахим бап Испиджаптан (Пиром немесе Сайрам) шығып (ұрғу Қатлаш) Жеті кент елдеріне Ислам аша барады. Таразды алған соң “Құл Қадар Сыддық Бохра Қарахан” деген лақабқа ие болады. Бұл деректі ғұлама тарихшы Ә.Марғұлан да қолдайды. Мұндағы “Құл” деген атау Құран аяттарындағы “Ол*”, одан да анығы – “Ақиқаты осы” деген мағынаны білдіреді. Исі мұсылманға аян, Алланың 99 есімі “исми ағзам” деп аталады. Солардың ең көркемі Рахман және Рахим деген есімдер. Біз тіпті, барлық игі істерді де және сөз басын да Аллаһтың осы есімдерін ауызға алып бастаймыз. Алаһтың одан кейінгі бір есімі – Қадар, яғни Жазмыштың жіберген сыйы деген сөз. Сыддық – шыншыл, турашыл, әділетті дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) ең ұлық қасиетін ерекшелеп көрсету үшін оны “Ас-Сыддық” деп атаған. Бохра – біз жоғарыда көрсеткендей (“Ислам: қысқаша анықтама”) Фатимашыл Әли ұрпағы, Қарахан – ұлық патша деген сөз. Хазіреті Әлиді Қарамолдах, яғни Ұлы ұстаз деп те атаған. Бұл сөздердің бірде бірінің олар талқандаған қашғарлық екі патшаның бірі Мыңкөзлі Боғраханға қатысы жоқ.
Бұл кісілер хижраның 150 жылы (767 ж.) Шамнан шығып, Жеті кент елдеріне жеткенше кемі бір жыл қажет. Сонда Атлах соғысы (Талас ғазауаты) 768 жылдар шамасында болған. Шежірелерде: “Осы соғыста 60 мың мұғ өліп, 12 мың мұсылман шахид болды” делінеді. Абд ар-Рахим баптың бұл жеңісі егер олар Шежіреде баяндалатынындай бірігіп, Өзгенд, Ферғанадағы қытай әскерлерін (Шежіреде 40 мың мұғ өліп, 8 мың мұсылман шахид болады) күл-талқан етпесе, Талас ғазауаты кезінде Ысқақ бап Сайрамнан шығып Қарғалық-Чулжан бағытында 260 мың әскері бар, қытайлардың одақтасы Бәйтулдар патшаға соққы жасамаса, Абд әл-Жалил бап Өзгент бағытында Батыр Шамуд пен оның ұлы Сары тонды Утимишті ұстап тұрмаса баянды болмас еді.
Бұл соғыста Ысқақ бап жеңіске жетіп, Қарғалықта тарсалардың 20 мың әскерін жояды. Ұзын саны 5 мың мұсылман шахид болады. Бәйтулдарды қуып Чулджанға дейін барады. Мұнда да 3 күн бойы дамылсыз соғысып, 30 мың тарса мен хандары Бәйтулдардың өзі өліп, 7 мың мұсылман шахид болады. Өзгент бағытында мұсылмандар қатты қарсылыққа, кескілескен шайқасқа тап келеді. Бұл жерде 100 мың мұсылман, соның ішінде Сары тонды Утимиштің қолынан Абд әл-Жалил баптың өзі шахид болады. Тарсалардан 50 мың адам өледі. Тірі қалған 105 мың мұсылман Ысқақ бапқа хабар беріп, ол келгенше кейін шегінеді. Көп ұзамай 30 мың әскермен Ысқақ бап Баршынға келіп, мұсылман әскеріне қосылады. Олар Сары тонды Утимишке қайта соғыс ашып, оны тұткынға алады. Қарғалыққа апарып, бір жыл зынданда ұстайды. Исламға шақырады. Ол иман келтірмеген соң өлтіреді. Баптар арасындағы осындай бірлікпен тізе қосқан іс-қимылдары ғана түркілер мен арабтардың Талас ғазауатындағы қытайлармен соғыстағы жеңісін баянды етті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Хазіреті Әли (р.а.) бабамызға Хайбар соғысында берген Мұхаммед ибн әл-Ханафия (р.а.) Қараханның Туы Тараздың төрінде желбіреді. Тараз түркі мұсылмандарының жаңа астанасына айналды.
Мұсылмандар қатарының, әскерінің жергілікті түркі тайпалары есебінен толығуына, жаңа одақтастарға ие болуына Хазіреті Ысқақ (р.а.) бапқа ілесіп келген таба-табғиндардың үгіт-насихаты, ел алдындағы бедел-абыройы айрықша сүйеніш болды. Ерекше айта кететін жайт, таба-табғиндар дегеніміз табғиндардың көзін көріп, олардан ілім алғандар. Ал, табғиндар – сахабалардың көзін көріп, олардан ілім алғандар. Сахабалар – Пайғамбардың (с.ғ.с.) үзенгілес серіктері.
Қарахандық қожалар Шежіресінде солардың ішіндегі Шейх Бахраддин Каффалдың, Абдул Әзиздің, Инарлық шейхтың, Чин Уасил Баннахтың, Жүніс Луғат Жуастың есімдері ерекше құрметпен аталады.
Осы жерде: “Басқа-басқа араб тарихшылары Ислам ашу жолындағы, әсіресе Атлах ғазауаты сияқты аса ауқымды іс-қимылды неге көрмеді? Неге одан аттап өтіп кетіп отырды?” деген заңды сұрақ туады. Оған себеп біреу ғана, олар тарихты халифалар үшін халифат аясында ғана жазды. Тарихта Ислам әлемін шармықшылардан қорғап қалуда түбі түркілік мұсылмандардың ерен ерліктер жасағаны, тіпті Бейбарыстың халифаға қорған болғаны шындық. Бірақ түркілерді қорғау мен оларға көмек көрсетуде халифаттың ең болмаса бір рет шырпы ұшын сындырғанын тарих білмейді. Арабтардың ең көрнекі тарихшыларының өзі түркі мұсылмандарының шынайы тарихын жазуға халифалардың қаһарынан аса алмаған, қасақана бұрмалап жазған. Халифалардың басқаға қабілеті жетпесе де адамдарды жазалауда, жандарына азар беруде олардан өткен шебер болмаған (“Мың бір түнді” қараңыз).
Ата-бабаларымыз біздің ауызша Шежіреде Абд ар-Рахим баптың Тараздан әрі аспағанын, Қашғарға үлкен ұлы Абд әл-Кәрімді* аттандырғаны айтылған. Ол кісі Таразда қалып, Қашғарды иманға келтіруге аттанған әскердің тылын қамтамасыз етіп отырған. Бұл жорықтарда ішкі Ислам аймағында – Самарқанд, түркілер арасында Тараз аса маңызды стратегиялық орталыққа айналады.
Пайғамбар (с.ғ.с.) жасына жеткенде Абд ар-Рахим бап Тараздан Самарқандқа кері қайтады. Мүмкін одан ары Меккеге оралғысы келген, қажылыққа баруға ниеттенген шығар? Бірақ Самарқандтан аса алмай, осы жерде бақилық болады. Жалпы, Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздан бастап бұл әулетте жастары 63-ке толысымен “дүние ісін тәрк ету” дәстүр болған. Бәлкім, бұл соның бір көрінісі шығар? Ол кісінің қанша жыл өмір сүргені еш жерде айтылмайды. Тек өлген соң Самарқандтағы Құсам ибн Аббаспен қатар жерлеуді өсиет етеді. Кейбір деректерде: “Бұл кісі Самарқандқа сүйегі Құсам ибн Аббаспен қатар жатуы үшін арнайы барды” деп те айтылады. Шын мәнінде Құсам ибн Аббастың басына кесене көтеріп, өзіне орын әзірлеген де осы кісі болған.
Мен “Шаһ-и-зиндо” деген атпен белгілі қабірстанның неге бұлай аталғанын білу үшін көп іздендім. Құлаққа қонымды жауап таппадым. Құсам ибн Аббастың Шежіресінде: “Шаһ Мардан Шеризаван уа-Хазіреті имам Әли Қарамоллахтың заманында осы өлкеге Ислам аша келіп, жараланып, шахид
*Қылышты–Абә әл–Карим Сыздық Бохра Қарахан болды” делінеді. Ол Шаһ емес, қатардағы жауынгер еді. Ендеше мұндағы жатқан алғашқы “шаһ” дегені кім? Біздің Шежіреде ол “Шаһ Абд ар-Рахим Қарахани” делінген. Тарихшылар мұнда екі нәрсені, біріншісі, Самарқанд Қарахандықтарға тиесілі екі астананың бірі болғанын, екіншісі, осы дәуірде “Шаһ-и-зиндо” Қарахан әулетінің ортақ қабірханасы болғанын ғана мойындайды. Одан арғысы жоқ. Ақсақ Темірден бір-ақ шығады. Оған дейін бүкіл Самарқанд қаңырап бос тұрған сияқты әсер қалдырады.
Біздің қолымызға түскен Махмудовтар Шежіресінде және шыназдық Қарахандықтар құрастырған жинақта “Абд ар-Рахим бап Қашғарда 30 жыл патша болды. Оны бұл жерде Бұхра хан деп атады. Алмалық (Алматы) және Қиялық (Фаналық) жерлерін иманға дауғат етті. Одан соң Құзбалыхты алып, Қылышты Қарахан атанды. Осында опат болды” деп жазылған. Бұдан әрі түсініксіз, бұлыңғыр мәтіндермен жалғасады.
Мен Махмудовтар Шежіресін Құранға жетік, өзбек, шағатай, қазақ тілдерінде іс қағаздарын жүргізе алатын Зиятхан Бөрібеков деген бауырымызға аударттым. Менің де әріптерді ажыратып оқитындай көне түркіше сауатым бар, бірақ оным жетімсіз болды. Шежіренің басы арабша басталып, салауаттар айтылған соң түркі әріптермен жартылай оғыздық стилде, жартылай шағатайша аралас тілде жазылған. Әріп таңбаларын ол маған да көрсетіп отырды. “Осында опат болды” дегеннен кейін: “Абд ар-Рахимнің бір ұлы болды. Биярлық, Балық және Қарахан атанды. Оның (осы тұсын оқи алмадық) Отырарға келіп, ишан болып Қарахан атанды. Оның ұлы Пиромға келіп, ишан Мансур атанды. 43 жыл патшалық құрды. Оның ұлы (“Дуа-и-тон шығар” деп топшылағанымызбен нақтылай алмадық) 35 жыл патша болды. Оның ұлы Қылышлық Арсланхан атанды. Отырарға келіп 40 жыл патшалық қылды. Оның ұлы Ілияс хан, оның ұлы (жазу көмескі), оның ұлы Истиджан хан”, т.б. болып тізбектеледі. “Қасақана алып тасталған тұстарда не нәрсе болды екен?” деген сұрақ көкейден кетпей қойды. Ол сұрақтарға біздің әкемізден ағаларымыз іліп алып бізге жеткізген Шежіреде ғана жауап бар сияқты.
Шежіре бойынша Қашғарда Қылышты Абд әл-Кәрім Бохра Қарахан бабамыз опат болған. Одан тарайтын ұрпақтар сол заманнан бері Қылышты қожалар деп атанады. Оның қабірі бүгінге дейін сақталған – Атуш қаласында. Ол кісінің діни лауазымы туралы ешбір деректерде айтылмайды. Тек қана дін Ислам үшін қылыш ұрған Ғазы деп білеміз. Қабірханасының сән-салтанаты да соны көрсетіп, батырлық пен патшалық рухты паш етіп тұрғандай. Осы тұрғыда, Ақсақ Темір Сахибқыран өз кесенесінің (“Гөр Әмір” мазараты) қабырғасына* жазғызып кеткен Шежіресі қызық жағдайға сілтеме жасайды. Мұнда: “Повелел построить этот шерифский сад великий повелитель над всеми народов, избранный помощью царя милостивого, амир Тимур Гурган, сын амира Тарагая, сына амира Беркеля, сына амира Айлангира, сына амира Иджиля, сына амира Караджара. Да увоковечит Аллах всевышний царство его и власть”. Интересно, что в эпитафии намогильного камня Тимура из мовзолея Гур-и Эмир в Самарканде Караджар назван не амиром, а нойоном. Там же, помимо перечисленных пяти колен, после Караджара указаны… амир Сугуджиджин сын амира Ирдамчи барласа, сына амира Качулая, сына Туманай хана …Так, указано, что Туманай хан “сын амира Байсунгура, сына Кайду хана, сына амира Тутумтина, сына амира Буки, сына амира Бузанджира. И не был известен отец у него благородного, исключая того, что его мать (была) Аланкува” (автор мұны Темірланның сейіттерге құрметінен деп түсініктеме беріп, бұдан әрі жалғастырады). “Сообщается что она (Аланкува) была по своей природе правдивою и целомудренною и не была прелюбодейкою; она зачала от света, (который) проник к ней через горнюю дверь и предстал перед нею в образе совершенного человека. Он сказал, что он – из сыновей повелителя правоверных Алия, сына Абу Талиба” (35-бет).
Осыны растағандай Сулайман шаһ Шараф ад-Даула Қарахандықтартар мемлекетін 92 өз, яғни дербес бектіктерге бөлгенде бір өз бектік – Қияттарға Аланқо анадан тарайтын Бұзынжардың ұрпағы Туманай ханды бек қылып қояды. Осыдан бастап олар көршілес жатқан түркі тайпалары ішінде ақсүйек** болып табылады. Өздері тектес тайпадан шыққан Қият нояндарының бұл дәрежесі меркіттердің де, татарлардың да ызасына тиеді. Егер бұл шындық болса Аланкуваның шаңырағынан түскен Әли ұрпағы кім?
Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарихи Рашиди” кітабының*** 44-бетінде: “Тоғлық Темір хан Есенбұғаның ұлы, ал Есенбұғаның ататегі былайша жүйеленеді. Есенбұға хан ибн Даваж хан ибн Барақ хан ибн Қара Исун (Қарасу) ибн Мамкан ибн Шағатай ибн Шыңғысхан ибн Йусуқай ибн Биртан ибн Қабал ибн Кумше ибн Тумана хан ибн Байсұңқар ибн Қайду ибн Думанин ибн Бұқа ибн Бузанжир хан (Нұрбаһрхан) – Аланкуа Көріктің (Курлук) ұлы. Аланкуа Көрік пәк әйел еді. “Зафар-намада” ол жайында былай жазылған: “Оның ішіне нұр сәулесі еніп, жүкті болады. Дәл осылай Жебірейілдің дәнекерлігімен Имранқызы Мәриям да күйеусіз жүкті болған еді. Екі оқиға да Алланың құдіретімен болған жәй”. Өлең:
О, Мәриям, өзіңнің тағдырыңды беріпті:
Тағдырына сенесің Аланкуа Көріктің”, –
деп Аланкуа Көріктің ататегі туралы тарихта бүге-шігесіне дейін жазылғаны айтылып, “Арғы тегі Яфет бин Нұх пайғамбарға барып қосылады” деп тоқталады. “Бүге-шіге” деп салмақтап отырғаны бізге Әбілғазы сұлтан қалдырып кеткен шежіре болса шекеміздің шылқи қоймасы анық. Ол: “450 жылғы кісілерді тарихтан таппадық” деген соң біз осы жылдарды биологиялық тәртіпке салып 30 жасқа бөлдік, яғни бұл 15 ұрпақ. Оған сенсек, Шыңғысхан Адам ата Сафиуллаһтың 63-інші ұрпағы. Барлық тізімді жиып алып 30 жасқа көбейтсек, Адам ата біздің жыл санауымызға дейінгі 700-інші жылдары жаратылған болып шыға келеді. Сонда бірінен соң бірі жалғасып келетін 124 мың пайғамбарларымыз қайда?
Мұндай оқиғаларға баға беру тәртібі туралы Хазіреті Әбу Язид Бистами (р.а.) піріміз: – “Ауада малдас құрып отырған біреуді көрсеңдер, оның Иллаһи әмір мен тиымдарды орындағанына, сүннетке мойынсұнғанына және Хақ тағаланың құқығын қорғағанына көз жеткізбейінше мұнысының керемет екеніне сенбеңдер” дейді.
Бұл орайда, Ақсақ Темірдің жазғаны Иллаһи талаптарға анағұрлым жақын секілді. Өйткені, ол ешкімге (соның ішінде Сайд Қожалар әулетіне де) де, ешнәрсеге де (толық дәрежедегі әмір ретінде) тәуелді болмаған. Бұл оның жазғызған мәтінін одан сайын растай түседі. Қалай болғанда да бұл жайт бірнеше түрлі сұрақтарды алдымызға көлденең тартады.
Атап айтқанда:
1. Шаңырақтан түскен тірі адам? Егер керемет болса, оған сол тұста-ақ Иллаһи дәлел керек. Қытай тарихшыларының айтуынша Аланқо Көрік те, оның Жошыға дейінгі ұрпақтары да пұтқа табынушы болған. Демек, Иллаһи дәлел жоқ болып шығады. Онда Алан Көріктен туған баланың аты қалайша НҰРБАҺАРХАН (Бужанжир – Бужинжар дегеннің өзі де көне түркіде Жардың (Жаратушының) қалыптасқан табиғатты бұзып берген сыйы болып шығады) болып жазылған?
2. Екі мәтінде де авторлар оқиғаға “Әһлі кітап”, яғни Кітап иелері тұрғысынан баға береді. Біріншісі, таза Ислами болса, екіншісі, Ислам мен христиандарға ортақ ұстаным. Демек, бұл оқиғада пұтпарасаттықтың исі де жоқ. Егер біз оған Ислам қағидатына сай баға берсек “Соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) келуімен, Құранның түсуімен кереметтің есігі жабылды (“Саффат” сүресі, 8-9 аяттар)” деп түсінеміз. Демек бұл оқиға адамның араласуымен болған. Ал егер оны тірі адам, шын мәнінде де Хазіреті Әлидің (р.а.) ұрпағы дегенге мойынсұнсақ бұл өңірге сол заманда аяқ басқан Қылышты Абд әл-Кәрім Сатуқ Бохра Қараханнан басқа ешкім жоқ! Бұған Иллаһи дәлел Қарахан мемлекеті әлсіреп, 92 бауылы өзбектіктерге бөлінгенде Қият тайпасының бір әулетіне бектік дәреже берілгені. Қаншама мықты тайпалардың соларға бағындырылуы.
3. Сол кезде Алан Көрік ананың басына түскен үлкен айыптан құтылуы үшін оның сөзіне дәлел, өзіне күшті қорған керек болды. Бүл жағдайда да, ата санын қатар таратсақ ол тұлға Қылышты Абд әл-Кәрім Сатуқ Бохра Қарахан болып шығады.
4. Біздің Шежіреде де: “Кәрілік түскенде Абд ар-Рахим (р.а.) Тараздан Самарқандқа кеткен соң оның орнына екінші ұлы Абд әл-Хасан Қарахани* отырды” деп жазылған. Демек шаңырақтан түскен Хазіреті Әли (р.а.) ұрпағы – тек қана Қашғар асып кеткен, сүйегі де сонда қалған Қылышты Абд әл-Кәрім Бохра Қарахан болуы ғана мүмкін.
5. Мен қытайлықтардың “Шыңғысхан” деген көп сериялы киносын кемі 10 рет көрдім. Қытайлар оған “ұзын сақал” деген монахты зорлап әкеліп танғанына дейін оның әрекеттерінен не буддизмнің, не христиандықтың, не пұтпарасаттықтың исін де сезе алмадым. Оның орнына Шыңғысхан соғыс даласынан тауып алған татар баласын үйіне әкеліп, анасына тапсырғанында: “Біздің ата салтымыз бойынша бұл баланы сіз бауырыңызға басуға тиіссіз” дейді. Бұл не мұңғұлда, не көне түркіде, не қытайда жоқ үрдіс. Бұл біздің әулетте Хазіреті Әли (р.а.) бабамыз Өзін (р.а.) өлтіруші Абдрахман ибн Мулджамды бауырына басуынан бері қалыптасқан дәстүр. Екінші, олардың дәстүрлеріндегі сопылық дәстүр. Соның бірі – Шыңғысханның ұлық істер алдындағы оңашалануы…
Бұл әлбетте мен дәлелдейтін немесе ақ-қарасын ажырататын іс емес. Мен сөз орайына қарай тілге тиек еттім. Бәлкім, бұл тарихшылар үшін болашақта зерттеу нысанына айналар, ақиқатқа жол ашылар! Біздің Шежіреде бұл мәселе нысанаға алынбайды. Бар айтылатыны, Қылышты Абд ал-Кәрім Бохра Қараханнан Қылышты қожалар әулетінің тарайтындығы.
Бұл кісінің бір ұлының, немесе мирасқорының аты Әбу Бәкір Сыддық болса керек. Одан Қожа Ауппақ әулеті деген тармақ таратылады. Анығы бір Аллаға аян.

Әбдікәрім ӘБДІМОМЫНОВ, «Қарахан әулеті» кітабынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button