Жарық нұрдың сәулесі

Сарманқожа Жүнісқожаұлы (1850-1924)

Сарманқожаның күрескені

1893 жылдың күзі. Жәрмеңкеге тігілген үйлердің саны аса көп. Қаланың қырат жерінде орналасқан жәрмеңкенің оңтүстік бетінде Қошқар ата, теріскейіндегі Қаратау жағында қыр бұлақты мөлдір суын жағалап тігілген үйлерде палау басылып, ет асылып, шайлар қайнап жатыр. Жәрмеңкеге алып келген уақ мал бір бөлек, қара мал бір бөлек, жылқы бір бөлек саудаланып жатты. Жәрмеңкенің Қошқар ата жақ беткейінде жиналған тобыр палуандар күресін тамашалауда. Сарманқожа достарыменен сол күресті көруге барды. Өзбек-қазақ болып күресіп жатыр екен. Өзбектің палуаны аса ірі, тұлғалы. Күреске шыққан қазақтың екі жігітінің екеуі де жығылып қалды. Ергешбай палуанменен енді қайсың шығасын деп күреске шақырғанмен, сескеніп, күреске шығуға қазақ жігіттері іркіліп қалды. Сарманқожа Оңтүстік өлкесіне танымал ірі жігіт. Жұрттың көзі күресті тамашалауға келіп тұрған Сарманқожаға көзі түсті. Әр жер әр жерден Сарманқожа шықсын деп дауыстап жатты. Сарманқожаның өзінің де делебесі қозып тұр ма, үстіндегі түйе жүн шекпенін шешіп, қасындағы жолдасына берді. Соны байқап қалған Бадамдық Қырықсадақ қожаның баласы тез-тез қадамдап келіп, Сарманқожаға: «Көке, бұл айтулы жиын, алқалы той емес, үш жүздің басы қосылмаған жерге күреске неге шығасыз?! Батаңызды беріңіз, күреске мен-ақ шығайын»- дейді. Ол кезде Сарманқожаның жасы қырық үште, бес баланың әкесі, Сіргелі тайпасының белгілі биі, ел тірлігімен айналысып жүрген кезі. Жігіттің айтып тұрғаны жөн сияқты, шешкен шекпенін қолына алып, қайта киейін деп тұр еді, қасында тұрған Қасқасулық ақсақалды қарт: «Шырағым Сарман, елдің намысы таразыға түсіп тұрған жоқ па?! Күреске өзің шық.»- деді. Әдетте, өзбек палуандары ашаңдау, тарамыс келді, жылқының етін жеп, түйенің сүтімен өскен қазақтарға қарағанда аса салмақты болмайтын. Бұл палуан керісінше тым ірі еді. Бадамдық жігіт одан көп жіңішке. Соны көріп, жығылып қалады ма деп қауіптеніп, жігітке рақмет айтып, Сарманқожа өзі күрес алаңына қарай беттеді. Әдетте, өзбектер әзілді әдемі айтады. Бір өзбек жігіті: «Уа Ергешбай, көп қазақтың бірі екен деп бұны да жығып қойма, пірің болады», – дейді. Батыр аңғал деген Ергешбай: «Халайық, пір көбейгенмен күш көбеймейді. Менің пірім – Шілтерхан, сол да жетеді!» – дейді, тәкаппарланып. Сарманқожа өзбек палуанымен ұстасқан күйі оны үйіріп әкетіп, көтеріп ұрады. Бір жері мертікті ма, палуан орнынан тұра алмай қалады. Сарманқожа басынан аттап бара жатып: «Жігітім, бар, Шілтерхан піріңе сәлем айт!» – деген екен. Ертеңіне Шымкенттегі жәрмеңкеден келсе Зұлпайым апа Мамадәлі, Ілияс, Шайым, Бегімші, Мәриямдардан кейін сүт кенжесі тағы бір ұлды туыпты. Жәрмеңкеге Сарманқожамен бірге барған достары қояр да қоймай: «Өзбектің палуаны бекерге сыйынған жоқ қой, неше мыңдаған адамдар пір тұтып отырған Шілтерхан тегін адам емес шығар, осы балаңның атын Шілтерхан деп қой», – деп өтініш жасайды. Сөйтіп Сарманқожа Зұлпайымнан туған перзенттерінің кенжесінің атын Шілтерхан қояды. Сол елде көп жыл біреуге сес көрсету керек болған жағдайда «бар, Шілтерхан піріңе сәлем айт» деген сөз мәтел болып айтылып жүр.

Сарманқожа мен Бекмұрат

Ілгері Абылай заманында Сіргелінің ішіндегі батырлар руының қоныс-мекені Бөген-Шаян арасындағы Қаратаудың күнгей беті болыпты. Бөген өзені мен Шаян өзенінің арасында “Сасық” дейтін шағындау өзен бар. Көктеректің бұлағы бар. Шөбі шүйкін, шаруаға қолайлы құт-қоныс. Сол Батырлар руының ішіндегі Ізбасар атасының баласынан өрбитін Жалаңтөс батыр дейтін жігіт Өзгенттегі Дайырқожамен достасып, жорықта ұзақ жылдар бірге жүреді. Жаугершілікте, соғыста, жорықтарда жүріп достасқан достық қандай мықты. Соғыс біткеннен кейін де бірін-бірі бір-бірінен ажыраса алмай, Жалаңтөс батыр Өзгентте Дайырқожаның ауылында үйленеді. Дайырқожа алдына мал салып, басына үй тігіп береді, балалы-шағалы болады. Сөйтсе де, өзінің руластарын, елін, ауылын аңсап, бір күні Дайырқожаға: «Біздің де ауылды барып көрейік, сағындым» – деген соң, Өзгенттен шығып, осы Көктіректің бұлағында тұратын Жалаңтөстің ауылына келеді.

Көктем екен. Белден көкшалғын сылдырап ағып жатқан бұлақ. Сыр сияқты емес, масасы жоқ мамыражай. Ол жерге Дайырқожа қызығады, ол елдің жігіттері де:

Дайырқожа, сен қалсайшы. Біздің елге бір қожа керек. Балаларды оқытасың, адамдарды имандылыққа баулайсың, тірілерімізге азан шақырып ат қойып бересің, өлгендерімізге Құран оқисың. Бір тау бір киікті өлтірмейтіні сияқты, сенің барлық бала-шағаңның тауқіметін ел көтереді. Көшіп кел бізге, – деп өтініш жасайды. Дайырқожа көнеді. Сөйтіп азамат болған төрт баласымен көшіп келеді. Дайырқожаның өзі сияқты балалары да тұлғалы, ірі, парасатты, салиxалы екен. Оған қызыққан ауыл бұл төрт баланы “Өзіміздің піріміз болсын”, – деп, батырлардың Шақаман, Шәмен аталарын -Шайырқожаға; Өтен, Бекбау ұрпақтарын – Мейірқожаға; Ізбасар балаларын -Асауқожаға; Ботбай, Қонақбай, Мамырын – Зайырқожаға еншілеп береді. Батырлардың ол аталықтары еншілеп берген жігіттерінің басына үй тігіп беріп, пірадарлық жолмен қызмет етеді. Ол Дайырқожа әулеті тек қана Құран оқытып қана қоймайды, олар сол өзі тұрған елдің, ауылдың, xалықтың тыныс-тіршілігіне белсене араласып кетеді.

Бір жылдары қыс қаһарлы болып, Шыбықбелден аса соққан жел пана бола алмай, ел көп жылқыдан айырылып қалады. Соны көріп-біліп, ішінде жүрген Дайырқожаның немересі Жүнісқожа, осы Шаян өзенінің етегіндегі көп жылдар бос жатқан “Өлікті” даласына қыста жылқыларын айдайды. Жантағы басқа да, бұталы шөптері белден келетін, шүйгін бораны жоқ Өлікті даласына барған малдың бәрі де өлмей, қырылмай, аман қалады. Қызыл суға тары егіп, қауын егіп, жоңышқа егіп, егіншілікпен айналысады. Не керек ол “Өлікті” даласына бауыр басып, кеткісі келмей қалады. Қайта ағайындар үсті-үстіне көшіп келіп сол батырлардың Сақаман, Шәмен, Ізбасар, Бекбау, Өтен, Малыбай деген аталықтардың бәрін де Жүнісқожа түгелдей көшіріп әкеледі. Сөйтіп Сасықтың бойында, Шыбық белдің  күнгейінде Мамыр, Ботбай, Қонақбай деген аталары ғана қалып, батырлар екіге бөлініп қалады.

Жер дауыл жерге деген қызғаныш, жерге деген пайымсыздық, бұл ғасырдан-ғасырға арылмай келе жатқан дерт. Шаян өзенін жайлап, Шаян өзенінің Қаратаудың күнгей бетіндегі барлық жеріне егелік жасаған сіргелі қарабатырлар оған қызғанышпен қарап, ол жерді өздері егеленбек болады. Жүнісқожаның Сарманқожа, Қожаxан деген екі ұлы болатын. Екеуі де палуан, екеуі де қайратты. Әсіресе Қожаxаны айтулы батыр еді. Оны күштеп, Өлікті даласынан малдарын бәрін тауға қарай айдап шығарып жібермек болған әрекетіне Қожаxаннан тойтарыс көріп, ақырында батылы бармай қояды. Енді батыр руының жартысы тауда, жартысы ойда, екіге бөлініп қалғаннан кейін, оларға қарайтын болыстықтар да екіге бөлініп қалды. Таудағы батыр рулары бір бөлек, Өліктідегі батыр рулары бір бөлек басқа болыстарға қарайды. Ел екіге бөлініп қалады. Ол болыстың адамдары аз ғана кірме руларды кәдімгідей шеттетеді, салықты көп салады. “Ру болмай-бұру болмас” деген бекер айтылмаған сөз. Жәбір көре бастайды, содан кейін ел жақсылары: “Сарманқожа, бұл батырларды өз алдына болыс етіп бер, әрекет жасап отыр” – деп өтініш жасағаннан кейін Сарманқожаның кісілікке араласып, жөн-жобаны біліп, ел тірлігіне батыл араласып қалған кез еді.  Батырлардың барлық үйінің, бала-шағасының жерінің, бәрінің деректерін қағазға түсіріп, қолдарын қойдырып, бармақтарын бастырып, тиісті құжаттардың барлығын әзірлеп, Ташкендегі генерал-губернаторға жол тартады. Ол кезде болысқа болыстық қосу, жаңадан болыстық ашу, тек қана генерал-губернатордың құзырындағы тірлік. Кейін генерал Фон Кауфманның қабылдауында болып, қағаздарының бәрін көрсетіп, генералдан: “батыр рулары өз алдына болыс болсын. Олар болысты өздері сайлап алсын” деген жарлық алып, сөйтіп ОЯЗ-ға тапсырады. ОЯЗ сайлау болатын күнді белгілеп, батырларды өз алдына болыс ететін шешім қабылдайды. Енді сайлауменен арада бірталай уақыт бар. Сарманқожа өзінің еліндегі, ағайын ішіндегі, басқа да тірліктерімен басқа жақа кетіп қалады. Қалғандары болыстыққа таласады ғой енді. Айналайын қазақ кісілікке қандай құмар. Болыс болуға екі бай “Бізден бай кім бар?! Бізден бай болғаннан кейін, бізден сөзі өтімді кім бар?! Осы екеуіміздің біреуіміз болайық” – деп, туыстас ағайын болып келетін екі бір бай өздерін сол болыстыққа ұсынады. Арада күндер өтеді. Болыстыққа ұсынылған адамдар қалаға мал айдатып, тілмашқа, ОЯЗ чиновниктеріне, ағайынға пара беріп, біраз шашылады. Сайлауға аз күн қалғанда Сарманқожа келеді, елдегі тірліктерді көріп: “Ол жігіттер малды біледі, елді білмейді, малға қарай алады, елге қарай алмайды. Ел басқаруға үлкен пайым-парасат керек, әділдік керек, xалықты шексіз сүйе алатындай құдайдың берген қасиеті болғаны жөн. Бұл жігіттің екеуінде де бұндай ештеңке жоқ” -, деп, – “бұлардың сүйеніп отырғаны – малы, сондықтан екеуін де болыстыққа өткізбей, жас болса да, Бекмұратты болыс сайлаңдар” дейді. Бекмұрат жиырма бесте екен сол кезде. Сайлауға келген ОЯЗ-дің өкілдері, xалық бір ауыздан Бекмұратқа дауыс береді де, анау бұрын пара берген, шашылған жігіттер қалып қояды.

Бекмұрат жаман болыс болмайды. Әділ болады. Ең бірінші xалыққа қарайды, сөзге де шешен. Елдің кеуілінен шыққан болыстардың біреуі. Бекмұраттың шешендігін айтатын бір әңгіме бар. Айта кетейін: “Бекмұрат болыс болғаннан кейін таудағы елдің xабарын алайын дейді. Ботбай, Қонақбай, Мамыр дейтін атаның балдары тауда қалған жоқ па?  Соларға бір-екі жігітіменен барады, барса Қызойнақ деген жерде көкпар болып жатыр екен. Қызойнақ – мұз белдің күнгей беті, үлкен жазық болып келетін адырдың үсті. Барлық жұрт көкпарда. Сол Бекмұраттың да жігіт кезі, қолында қайраты бар, астында жараулы аты бар, бұл да көкпарға кіріп кетеді ойдағырда. Додаға кіріп көкпарға жету оңай емес.Тіліп-жарып “осы көкпарға енді қолым жетті-ау” деп жақындағанда, біреу тізгінін қағып жібереді. Тізгінін қағып жіберген ат бұрылып өтіп, қайтадан көкпардан алыстап кетеді. Соған ашуланған Бекмұрат тізгінін қағып жіберген адамды күжірейген жон арқасынан қамшысымен екі рет осып-осып жібереді. Қасындағы жігіттердің біреуі атын, біреуі қамшысын ұстап, Бекмұратты сүйреп, додадан сыртқа шығарып жібереді. Сыртқа шығып қасындағы жолдастары:

– Бекмұрат, не істеп жүрсің өзің?! Бүлдірдің ғой сен өзі!

– Не бүлдіргенім бар? Өзі ғой! Менің атымның тізгінінде несі бар әйтпесе,- дейді Бекмұрат.

– Мейлі, солай-ақ болсын. Сен кімді ұрғаныңды білесің бе?

– Білмеймін.

– Білмесең, сенің ұрғаның – Қожатай. Қожатай деген сол жердегі батырлардың ең байы, ең шешені, ең беделдісі, дәулет десе – дәулеті бар, сөз десе – сөзі бар, білікті адамы.

– Ал енді, Қожатай сенің таяғыңды жеп кетеді дейсің бе?! Мынау елдің көкпары, қызығы бұзылмасын деп тұр. Қазір енді сәлден кейін күн батады, көкпар тарайды. Тентек жігіттер бұл елде де аз емес. Оншақты жігітін шақырып алады да: “Мынаны таяққа жық” десе, басыңнан қаныңды ағызып, таяққа жығады. Сенің таяғыңды жеп кетпейді ол, ол сондай адам, – дейді.

Қожатайды да, оның бедел-билігін де жақсы білетін Бекмұрат “Ой әттеген-ай, бекер болды екен ғой” деп өкінеді.

– Енді не істейміз?

– Енді былай істейік, бұл жерден тез кетейік. Әзір Қожатай былай есін жиып, жігіттерін шақырып, сені сабату үшін сондай нұсқау бергенше біз кетіп қалайық. Мынау Шаянға барып қонайық, қона жатып ертең не істейтініңді, кешірімді қалай сұрайтыныңды өзің ойлан, – дейді. Қызойнақ пен Шаянның арасы жақын, төрт-бес шақырым жер. Шаянға барып, қонып, таңертең ертелеп тұрып, қасындағы екі жігітіменен Бекмұрат болыс Көктеректің бұлағының төменгі ағысындағы сазда отырған Қожатайдың үйіне келеді. Қожатайдың ақ үйі басқа үйден бөлектеу тұрады екен. Қожатай да далаға шығып, шекпен жамылып, сыртқа қарап тұр екен. Бізді көреді де, көргеннен кейін Қожатай әйеліне: “Мен шақырғанша келме. Анау отау үйге барып отыр” – деп, үйдегілердің бәрін шығарып жіберіп, жалғыз өзі қалып, сегіз өрім бұзау тіс қамшысын екі бүктеп, қолына ұстап, үйдің төрінде жалғыз сазарып тұрады. Келсе, болысты сабам-ақ қой. Бекмұраттарды ешкім қарсы алмайды, атын байламайды, адам шықпайды. Бірақ өздері аттан түсіп, діңгекке аттарын байлап, Бекмұрат өзі кіреді. Босағадан аттаса төрде дырындай қамшысы бар, сазайып, екі көзінен от шашып, ызғарланып Қожатай тұр екен. Бекмұрат:

– Көке, ашуланып тұрсыз, ә? Айтпай-ақ түріңізден танып тұрмын. Бірақ сіз біліп кетіңіз, сізді ұрған мен  емес, сізді ұрған үш тентек. Соны біліп кетіңіз, – дейді. Қожатай:

– Ол кім еді?- деп гүр ете қалады.

– Ол ма? Ол үшеудің біреуі – ия бөгетіңді білмейтін, ия сөкетіңді білмейтін арындап тұрған жиырма бес. Біреуі – менің әкемнен қалған байлық. Үшіншісі – болыстық деген лауазым. Осы үшеуі ғой, көке, менің көзімді тұндырып, есімнен тандырып, басымды айналдырып жіберген. Сол үшеуі болмағанда сенің аяғыңа кіретін тікенге мен өзімнің алақанымды тоспаушы ме едім, – дейді Бекмұрат. Сонда Қожатай:

– Келші өзің, – дейді. Қорқа-қорқа барады, қамшысымен тартып жібере ме деп. Барып, қасына тақала тұрады. Сол кезде Қожатай:

– Ой уәжігіңнен айналайын, – деп құшақтайды. Құшақтағаннан кейін болды ғой, енді қымыз сапырылады, қой сойылады, әңгіме-дүкен арылады, ашу ызаның бәрі шайылып кетеді сол сөзбенен.

Сол Бекмұраттың кезінде, жер дауы тоқтамай, кейін де арыз жазылады ОЯЗ-ға қайта-қайта. Содан кейін шекараны белгілеп, беретін землемер жіберіп, ОЯЗ өкілдерін жіберіп, сол өңірдің руларының бәрін шақырып, өздерінше “съез” деп атаған жиын өткізген. Бұзықтөбе мен Ақтөбедегі қыпшақтар, мынау Бөгеннің төменгі жағындағы жалайырлар мен Ақболаттың үйлері, өзінің іргесіндегі қарабатырлар, батысындағы ыстылар, қарақойлылар, осылардың өкілдерінің бәрін шақырып, жердің шекарасын белгілейді. Шоңбас төбенің әзір “Қарақұм” дейтін жері бар. Төрткүлде “Шоңбас төбе” деген төбе бар, сол Шоңбас төбенің үстінде өткен жиында соның жер жөніндегі төрелігін Сарманқожаға айтқызады. Әсіресе көп дау алған Ақсары мен Қаражантақтың жеріне қыпшақтар қызығып, сөйтіп көп дауа айтқанымен Сарманқожа оларға бермей, шекараны өзеннің бойымен жібереді. Сол жиынға қатынасып отырған Кенесары xанның баласы – Сыздықтөре қартайған кезі екен:

– Ойпырмай, Сырағым, шырағым Сарман, сені әділ деуші еді, мынау шешімің әділдіктен көрі залымдыққа көп ойысып кетті-ау, – дейді. Сонда Сарманқожа Сыздықтөреге оның мәнін түсіндіріп:

– Біріншіден, қыпшақ ағайындар сіргелілермен әзір, бәрі үйме-үй құдамдалы, қыз алып, қыз берісіп, жекжат болып туысып қалды. Жерге бола ұрысып жатқаны жарасымсыз іс емес пе? Оның үстіне мынау батырлардың Ақсары, Қаражантақтан басқа мал қыстататын жері жоқ, ал енді сендердің қыпшақтардың Шошқакөлі бар, ар жағы Сыр, Сырдың ар жағы құм. Дала десең далаң бар, бес торанғыдай, өзен десе өзендерің бар, көл десе көлдерің бар, қамыс десе қамыстарың бар. Сендер мұқтаж емессіңдер. Мен көрдім, соңғы бес жылда қыпшақтардың бірде-бір малы келіп Қаражантаққа қыстамапты. Ал енді шекараны өзен бойынан белгілемесек, ондай шекара тұрақты болмайды, біздің ұрпақ кетеді, басқа ұрпақ келеді ,қайтадан дауыл, қайтадан ұрысады, қайтадан жанжал болады. Мен айтсам, қарабала мен қарақазанның қамын айттым ғой. Зұлымдық қылатындай ештеңке жоқ еді ғой, Ысқа, – деп өж айтады. Соны ақыл таразысына салып, Сыздықтөре:

– Шырағым Сарман, бұның да жөн екен, – деген екен.

Ал енді Бекмұрат болыс Сарманқожаның айтуыменен елдегі ұрлықты тиып, елдегі барымтаны тиып, елдегі татулықты нығайтып, елдегі жігіттердің күшін біріктіріп, бірнеше омандар қаздырып, егін салдырып xалықтың тоюына қызмет етіпті.

Сарманқожа мен Қасымбек датқаның әзілдері

Көмеш бұлақтың бойы көктемде ерекше құлпырып кетеді. Бұлақтар, әдетте, тастан шығып төмен қарай құлдыра қашады. Көмеш бұлақ олай емес. Екі белдің арасы тұтас қазандай қайнап бұрқырап жатқан жазық. Әсіресе көктемі сұлу. Сол Көмеш бұлаққа көктемде бірнеше үй тігіп, мейман болып кетуге Сарманқожаны шақырады. Сарманқожа мен Қасымбектің арасында көп жылдан бері үзілмей келе жатқан достық бар екен. Басқа датқалардай емес, ел басқару ісінде үлкен білгірлік, парасаттылық танытқан Қасымбек датқаға ел құрметі де елеулі болатын. Өзі басқарған еліне ұрлығын қойғызып, көптеген оман мен арықтар қаздырып, жерді суландырып, елді еңбекке, егіншілікке баулаған Қасымбектің өнегелі істері аңыз болып айтылатын. Басын Ақсудан алып Оңтүстік-батыстағы Бөржарға алып барған Қасымбек арықтың өзі не тұрады. Ұзындығы 20-30 шақырым. Мұндай алып омандарды, әдетте, он жылдап қазады. Қасымбек оны бір жылда бітірді. Кетпенге бір қыз, бір жігітті аралатып қойып жарыстырады екен. Сонда қыздар кетпен сілтегенде жігіттерден қалыспапты. Арық қазған жерге үйлер тігіліп, бірнеше жерге алтыбақан қойылып, күндіз кетпен шапқан жастар түнімен алтыбақан тебеді екен. Оман біткен соң күзге қарай жастардың тойы да көп болып өтетін деп айтатын қариялар.

Қасымбек датқа сегіз қанат арнайы тігілген ақ үйде Сарманқожаны жібермей, біраз күн мейман қылады. Ел жақсыларына «Сарманқожа жалғызсырамасын, өздерің де оның ғибратынан тәлім аласындар, күнде келіп тұрындар» деп дайындап қояды. Ел жақсылары таңертен тұрғаннан кейін Сарманқожанын әңгімесін естиміз деп Қасымбектің үйіне беттейді екен. Бірер аптадан кейін Сарманқожаның ерніне ұшық шығып қалады. Ел жақсыларымен сұхбаттасып отырғанда, Қасымбек: «Уа, Сареке, ерніңізге ұшық шығып қалыпты ғой, адалдан болды ма екен, арамнан болды ма екен?!» – деп әзіл тастайды. Сарманқожа қожалық қылмағанымен, жалпы қожаларды елден алып жейді деп айта береді. Ілгеріде Майлықожа ақынға: «Майлы, Майлы дегенде май болмадың, елден алып жегеннен бай болмадың» – деген Құлыншақ ақыннын сөзі бар емес пе?! Әйтеуір қожа аты болған соң несібесі елден деп есептей береді. Сарманқожа: «Уа, Қасеке, сенің айтқаныңа мен өзімнің де ақылым жетпей отыр. Үйден келгенде сау едім, бұл ұшық не де болса сенің дастарқаныңнан болды ғой. Арам – адалын өзің ажыратарсың», – дейді. Шешендігі елге әйгілі, аздаған ақындығы да бар, қара сөзге дес бермейтін Қасымбек сонда уәжден ұтылып, не дерін білмей, желкесін сипалай беріпті.

Көлбай болыстың Сарманқожадан кешірім сұрауы

Ілгері, орыс патшасы билеген заманда би болыстарын шақырады. Қаратаудың күнгей бетіндегі Арыстанды-Қарабас өзендерінің бойындағы ысты елінің болысы – Көлбай бүкіл Шаян бойындағы сіргелілердің болысы – Келдібек Тұрғанбай, жалайырлардың болысы – Батырша, ішінде Сарманқожа да бар. Әңгіме жол қысқартады деп олар бірге жүргенді мақұл көреді. Батыршаның ауылына түстеніп, Темірланда қонады. Қонақасы үстінде Келдібек пен Көлбай болыстар бір мәселеге таласып, ерегісіп қалады. Көлбай сол отырғандардың ең кішісі, ал Келдібек ең үлкені болатын. Келдібектің өзі қартайып әлсіреген кез, ал Көлбай ОЯЗ-дардың бәрімен жақсы, тірлігі тап-тинақтай, елін уысында ұстап отырған жас жолбарыстай еді. Көлбай Келдібектің жасына қарамай өктем-өктем сөз айтып, кәдімгідей ірілік көрсетеді. Ертеңіне жолға шыққанда да Көлбайдың арыны басылмай, Келдібекті кемсітіп, кекетіп мұқатқанын қоймайды. Өзге болыстар Көлбайдың бұл қылығына ренжіп, солардың біреуі: “Жігіттер тізгінді де тарта-тарта жүрсек, сөзді де тарта-тарта айтсақ қайтеді” дейді. Енді біреуі: “Тұлпардың тұяғы қызғанда, тізгін тартқанына көне ме? Көлбай жас тұлпар емес пе?” дейді. Енді біреуі: “Тұлпар деп жаңылысып жүрген жоқпыз ба, тұлпардың белгісі қандай болады өзі?” деп өзгелерге сұрақ тастайды. Сонда енді біреуі сөзге араласып, оны айтса Сарманқожа айтады, басқаларамыз айта алмаймыз дейді. Бәрі Сарманқожаға қарайды. Сонда Сарманқожа: “Жігіттер, тұлпардың сипаты көп. Оның қайсы бірін айтып жатайын, шын тұлпардың бір белгісі – туа жатып анасына асылады екен” дейді. Көлбай ұртына тас салып алғандай бұртыйып, ренжіп, сөз айтқанды тоқтатады. Шымкентке келгенше бір ауыз сөз айтпайды. Қалаға келген соң әрқайсысы біреуі – туыстарына, біреуі – жекжаттарына, енді біреулері – дос-жарандарына бөлініп-бөлініп кетеді. Сарманқожа құдасы Омардың үйіне барып түседі. Омарқожа үлкен үй-жайы бар, бау-бақшасы, ауласы бар, тұрмысты тұратын адам. Күтпеген жерде қонуға сол үйге Көлбай болыс та келеді. Жайғасып отырып болған соң, Көлбай болыс: “Сареке, мен сіздің жолыңызды кескен жерім бар ма, сөзіңізді қайтарған жерім бар ма, сыйламаған жерім бар ма?! Мені анама асылдыратындай ауыр сөзді қалай айттыңыз?” деп өкпе назын білдіреді. Сарманқожа : “Қарағым Көлбай, сенің сол күні айтқан артық сөздерің өте көп. Үлкенді сыйлау деген салт-дәстүріміздің өзіне пысқыра қарадың. Отырғандардың біреуі: “Көлбай қарағым, Келдібектің жасы үлкен ғой, сақалын сыйламадың ба?!” дегенде, Сен не дедің?! “Сақал текеде де бар” деген жоқсың ба? Өзгені қойғанда, сен өз басың қарттарды сыйлауды қалай ұмыттың? Өміріңнің өң бойына шола бір қарашы”  дейді. Көлбай ойланып қалады. Өткен күндерді, жылдарды ойына алады. Ілгеріде Көлбайдың әкесі Жұмабай да болыс болған. Арыстанды бойындағы өзіне қарасты елдерді аралағанда, ілгеріге қоқан билеушілер сияқты қонаға қойнына қыз салуды талап еткен. Ол ең алдымен Арыстанды өзенінің төменгі етегіндегі Қарақойлылар ауылына түседі. Болыстың бұл бейбас әрекетіне ренжісе де, болыстың сөзін жыға алмайды. Ертеңіне болыс Жүзімдікке, Байқараған ауылына аттанып кетеді. Қарақойлылардың Бердібек деген ер жігіті әкесіне келіп: “Көке, қыз намысы-ел намысы. Жаңағы болыс намысымызды таптап кетті, соны өлтіруге бата беріңіз” дейді. Әкесі: “Балам, осындай бейбастық үшін ілгеріде Өзгентте де, Отырар менен Бадамда да, Меркеде де оларды xалық өлтірген болатын. Жұмабай болыстың жазасы да сол болуы керек. Бірақ қарағым, сен еліңді ойлашы, осы ауыл соңғы екі жылда малын жұтатып едәуір кедейленіп қалған жоқ па? Жұмабайдың құнын аз малмен өтей алмайсың. Өзімізде мал кем, салмағы елге түседі, соны ойла. Болыс бізге жасаған бейбастығын басқаларға да жасайды, сол елдің жігіттерімен ақылдас. Сол ауылдың ақсақалдарынан бата ал. Әсте Шақпақ бойындағы Асаңқараған елі дәулетті, малды, сол жерде ойларыңды іске асыру ыңғайлы болар” деп кеңес беріпті. Екі күннен соң Жүзімдікке түнеп, Шақпақтағы Асаңқарағандар ауылына да келеді. Кешке болысқа арнап өзен бойына ақ үй тігіледі. Бердібек Байқараған елінің тағы бір-екі жігітімен қосылып Асаңқарағандар елінің жоғарғы сексен руының беделді қариясы Үмбетәліге келіп, болысты өлтіруге бата сұрайды. Үмбетәлі қарт: “Жұмабай болыстың тірлігін мағанда айтып келді, ренжіп отырмын.  Бірақ бұл істің артын ойластыру керек. Болысты өлтірген жігіттердің басы қатерде қалады, болыстың ағайындары ашу-ызамен сендергеде қол жұмсауы мүмкін. Жұмабайды өлтіріпті десе Мұңбұлақтағы қоңыр тасшалар тайлы таяғымен сойылын сүйретіп келетіні анық, сонда сендер бұл жерден кетіп қалуларың керек. Мынау теріскейде қоңыр тасшалардың көбі тұрады, ішінде парасатты небір жақсылары бар, соның ішінде менің сыйлас достарым бар, менен сәлем айтып барсаңдар солар паналатады” дейді. Не керек, кешке бір жігітті қыз қылып киіндіріп, Жұмабайдың төсегіне кіріп қыл шылбырды басына іліп жіберіп, бір ұшын керегенің сыртында тұрған жігітке ұстатып жібереді. Сырттағы жігіт шірене тартып, керегеге тақалған болыстың басын өкшесімен теуіп ойып жібереді. Үмбетәлі айтқандай Жұмабайдың ауылындағы ағайындар сойылын сүйретіп келіп, ел басшыларына өлтірген адамды ұстап беруді талап етеді. Сонымен бірге теріскейдегі ағайындарға да xабар жіберіп, кек қайтару мәселесін талқылайды. Үмбетәлі айтқандай теріскейдегі ағайындар “бейбастық біздің өзімізден, қыздан зекет алу шариятта жоқ, сондықтан Жұмабайдың өтеуі малмен бітсін” деп бәтуә жасайды. Не керек Асанқараған елі Ақбас атан бастаған 70 түйе беріп, болысты өлтірген жігіттерді арашалап алып қалады. Жетпіс түйені айдап апарып, бір жасар баласымен бірге жесір қалған Жұмабайдың әйеліне алып барады.

– Бәйбіше, Жұмабайдың өтеуіне жеті жігіттің құнын алып келдік, риза шығарсың? – дегенде, әйелі:

– Қараңғағыр жасық немелер, Жұмабайдай арысты өлтірген адамды сендерде о дүниеге аттандырып, 70 түйені менен алып бермедіңдер ма?! – деген екен. Көлбай – сол жесір қатынның Жұмабайдан қалған жалғыз перзенті. Оның болыстыққа сайлануы да ойламаған жерден болған іс.

Бірде болыстардың кезекті сайлауы болады, жасы тоқсаннан асқан Үмбетәлі қарт баласы Жүнісәліге сайлау болатын жерге мені де алып бар дейді. Ел жақсыларының бәрі сонда. Әркімнің болыстыққа үміткер жақтаушылары бар. Сонда Үмбетәлі ел жақсыларына қарап: “Қарақтарым, мен тоқсаннан астым, енді қанша жүретінімді бір Құдайдың өзі біледі. Осыдан көп жыл бұрын мен Жұмабай болысты өлтіруге бата беріп едім, енді сол күнәмді Алланың алдында жеңілдетсем бе деген арманым бар. Сол Жұмабайдың 1 жасында әкеден айырылған баласы Көлбай бұл күнде он сегізге келген. Аттың жалын тартып мінетін азамат болды. Үнемі сыртынан сұрап жүрем, есті, алғыр, болымды бала көрінеді. Сол баланы болыс қылып сайлаңдар, қателеспейсіңдер, менің де Алла алдындағы күнәм аз да болсын кемісін” дейді. Ел жақсылары қадірменді қариясының сөзін жықпай, барлық басқа кандидаттарды жиып қойып,бәрі бірдей Көлбайға дауыс беріп, ойламаған жерден болыс болды. Енді Сарманқожаның Көлбайға қарттардың қадірін басқа білмесе де сенің білетін жөнің бар еді ғой дегенде соны ұқтырғандай болды. Көлбай түсінді. Сөйтсе де Келдібекке деген өкпе назын тағы да бір айтып, ішін босатып алды.

Анау Ақсу мен Көмеште отырған Қасымбек болыс ұрлығын қойғызыпты, ол басқарған елде мал ұрланбайды екен, жерін суландырып, диқаншылықпен айналасуға ден қойыпты. Ақсу мен Бөржардың арасындағы  ұзындығы 20-30 шақырым Қасымбек арықтың өзі не тұрады. Он жылдап қазатын сол арықты Қасымбек болыс бір жылда бітіріпті. Кетпенге бір жігіт бір қызды араластырып қойып арықтың ұлтанынан топырақ лақтырғанда қыздар жігіттерден қалыспаған екен. Күнімен кетпен шауып, түнімен алтыбақан тепкен жастар ертегі қатарлы ерлік жасаған. Келдебектің де Қасымбектей мүмкіндігі бар еді ғой, бірақ ол елдің жұмысымен жақсылап айналыспады. Ауылында өз ағайындарының ішінен үш-төрт ұрысы бар, сол үш-төрт адамға бола бүткіл өңірді “ұрылар ауылы” атандырды. Майлықожа ақынның:

Алтын бесік қазірет,

Қаратаудың белі бар.

Арыстанды қарабас,

Арындап соғар желі бар.

Ұрлығына ұялмас,

Бес таңбалы елі бар. – дегені бүткіл елге тарап кетті. Сол азғантай ұрыларға Келдекеңнің шамасы жетпейді дейсіз ба?! Соған ренжимін, содан кейін реніштен туған сөздер ғой, Сареке. – деп, Көлбай біраз ақталғандай болды. Бірақ сөз төркініне түсініп, өзінің артық кеткеніне Сарманқожадан кешірім сұрады. Сарманқожа: “Көлбай қарағым. сен кешірімді менен емес, Келдібектен сұра” – деді. Көлбай оған келісті. Ертеңіне Көлбай Келдекеңнің түскен үйіне барып, артық айтылған сөздер үшін кешірім сұрапты.

Генерал Константин Петрович Фон Кауфманның Сарманқожаны қабылдауы

Бала кезде Чимкентте өстік. Жазғы демалыста Төрткүлдегі ауылға барып, ауылдың ауасын жұтып, қауынын жеп, көгалына аунап, балалармен ойнап бір ай-жарым ай демалып қайта тұғын бар. Қаланың баласын ересек адамдар бірден ажырататын, сонда сәлем берсек «Қай баласың?» деп сұрайды. Әкеміз ерте өлген, ауылда отырған оны біреуі біліп, біреуі білмеуі мүмкін ғой деп ойлап «Қай баласың?» деп сұрағандарға, бәріне де – Сарманқожаның немересімін деп жауап беретінмін. Сарманқожаны білмейтіндер жоқ, бәрі де Сарманқожаның немересімін десем, кәдімгідей отырған жерінен тіктеп отырып «Ой айналайын, жарықтық, асылдың тұяғы екенсің ғой!» – деп, сөйтіп арқамнан қағып, алғыстарын жаудырып жататын. Сол қариялар «Сенің Сарманқожа атаң жарым патшаны құлағынан тартып тоқтатқан адам ғой» дейтін. Осы бір сөзді бір емес талай рет естідім. «Атаң жарым патшаның құлағынан тартып тоқтатыпты ғой » дегенді. Енді жарым патша құлағынан тартқыза қояды ма? Бұл не сөз? Бұл қай сөз? Атам неге барды оған деп ойлайтынмын.

Бір күні оңашада қалғанда, Шайымқожа атамнан:

– Осы Сарманқожа атам жарым патшаны құлағынан тартып тоқтатты  деп неге айтады? Соны түсінбедім, соның мәнін түсіндіріп беріңізші, – деп өтініш жасадым. Атам күлді.

– Ой айналайын, қазақ қашанда қосып айтуға құмар, әйтпесе жарым патша құлағынан тартқыза ма?! Ол бекер сөз ғой, – деді.

– Әйтпесе оны бекер сөз болса неге айтады? – деп сұрадым. Айтайын деді: «Сарманқожа Қаратау сыр өңірінде белгілі тұлға, белгілі адам, Сіргелілердің атақты биі. Сөйтсе де соның беделдігінен сескене ма, жоқ кейбір Сарманқожаның дұшпандары ма арыз ұйымдастырып, осы ақ патшаға қарсы адам деп дәлелдегісі келіп, бұндай адамдардың бостандықта жүргенінен абақтыда жатқаны әлдеқайда қауіпсіз деп есептеп, қамауға әрекет жасаған. Әсіресе ОЯЗ-дың үлкен бір қызметкері соңына қатты түсіп, оның үстінен өсек-аяндарды жинап, қол қойғызып, абақтыға қамауға әрекет етті. Сарманқожаның ОЯЗ-дың ішінде де сөзін сөйлейтін, білетін адамдары бар. Солар Сарманқожаға жеткізіп:

– Сәреке, бір амалын істеп құтылмасаңыз сізді қамауға барлық қағаздарды, құжаттарды дайындап қойды. Қамаласыз, әрекет етіңіз, – деп ескертеді. Өзі де біліп, көріп, сезіп жүрген Сарманқожа сол бойы атын айдайды да Ташкентке тартып кетеді. Генерал-губернатордың кеңсесі Ташкентте. Бұрын өзі болған қабылдауында. Генералға кіріп, жолығып, мән-жайды айтайын десе кіргізбейді. «Не жұмыспен келдің?» дейді. «Ол жұмысты ОЯЗ-дағылармен шешуге болады ғой» дейді. «Уақытысы жоқ» дейді. Әйтеуір себептері көп, кіргізбейді. Бір апта кіре алмайды. Не істерін білмей, ой тығырыққа тіреледі. Содан кейін біреулер: «Осы генерал күнде түс қайта желдірме күймесіне мініп, қаланың ірі көшелерін бір айналып шығады. Көшенің тәртібін көреді, елді көреді, сол кезде жолығып қалуына болмайма» деп ақыл салады.

Бір күні соның жүретін жолын көріп, соның қалай өтетінің, қандай жылдамдықпен өтетінің, қандай қарауылдар барын, көшенің қандай жағымен жүретінің, барлығын біліп, түйіп алып ертеңіне бір дәу түптің тасасында тұрып генерал қос арғымақпенен зырылдатып келе жатқанда, атына қамшы басып жіберіп, сарт ете қалып, зырылдап бара жатқан күйменің тізгінің мықтап ұстап «тырп» еткізбей тоқтатып қояды. Не деген қарулы күш десеңші?! Кімді де болса сүйретіп кететін арғымақтар тырп ете алмай қалады. Арт жағында келе жатқан стражниктері қылыштарын суырып, оларда жетеді қасына. Генерал келіп тіктеп қараса, бітімі бөлек, өзгелерден ерекше тұлғалы. Бұл қазақты бұрында көрген, таниды, таныса да елпектей қоймай, тіктеп қарап

– Неге тоқтаттың? – дейді.

– Өктем, генерал мырза, мен қазақтың шалғайда жатқан ауылының қазағымын. Ташкентке апталап, айлап сенің қабылдауыңа кіре алмадым. Сонда бұл қазақ өзінің арызын, өтінішін, мұңын, зарын кімге айтады? Соны айтшы, – дейді. Генерал:

– Түсіндім, ертең таңертең келе ғой, қабылдаймын, – дейді. Атын жібереді. Генерал өзінің жайына кетеді, бұл жайына қалады. Ертеңіне генералдың қабылдауында болады. Генерал халықтың тыныс-тірлігін былай аңғару үшін  халықтың қалы қандай, елдің тыныштығы қандай, әзіргі жүргізіп жатқан саясатымызға көзқарастары қандай деген сияқты сұрауларды қойып сөзге тартады. Біраз әңгімелескеннен кейін, «Ал, келген жұмысыңды айт», – дейді. Ол келген жұмысын айтады. Осындай мені қамауға әрекет жасап жатқан, анау ел басқарып отқан орыс чиновниктердің парақорлығын, алаяқтығын, халықпен ісі жоқ, озбырлығын, әділетсіздігін  ешқандай бүкпесіз айтады. Айтып, «Генерал мырза, енді осыларын біз айтпасақ кім айтады?! Ешкім айтпаса коғам іріп-шіріп құрып кетпей ма?! Ал енді олардың жолсыздығын, жөнсіздігін айту, оны ақ патшаға қарсы балау деген қандай қисыңға келеді?! Үшы қыйыры жоқ мұхит пен мұхиттың арасында жатқан елді басқарып отырған ақ патшаға тарыдай шашырап жүрген абыл да кішкентай, момын қазақтарды төңкеріп тастауға, алып тастауға шамасы келе ма?! Біз айтсақ, олардың жолсыздығын, жөнсіздігін айтамыз. Ақ патшаға қатынасымыз  жоқ біздің» деген уәждерін айтады. Генерал өзінің қызметкерлерін шақырып алып: «Хат әзірле. Бұл қазаққа тимесін, ісін қысқартсын» деп нұсқау береді. Сөйтіп  келіп абақтыдан аман-есен қалады. Енді Орта Азияның үлкен бір бөлігін билеп тұрған генерал-губернатордың, оның желдірмесін қабаттап барып тізгінінен тоқтату, мүмкін ерлік те шығар, мүмкін қауіпті де шығар. Сөйтсе де, ол енді жарым патшаның құлағынан тартып тоқтатқан емес қой. Қазақ, айналайын, қосып айтуға құмар-ақ, ол сөздің мәнісі сол» деп айтып еді Шайым қожа атам.

Қыпшақ қариясының Сарманқожа жайлы айтқаны

Шымкент пен Түркістан екеуінің арасында Төрткүл дейтін жер бар. Сол Төрткүлде қазақшалап айтқанда батырлар, ысты, сексендер, қара қойлы рулары тұрады. Сол елдің тәуір жігітінің біреуі сол кездегі жалғыз орта мектептің директоры Айтжанов Әсілбай болатын. Айтжанов Әсілбайдың шешесі Ақша, менің Шайымқожа атамның өкіл қызы еді, жиі келіп тұратын. Сыйластығымыз бар, қатынасымыз тәуір еді. Сол Әсілбай бір күні маған: «Әдеке, менің нағашым келіп жатыр, нағашыммен таныстырайын»  – деп үйіне шақырды. Нағашысы осы Бұзық Ақтөбе Шілік бойындағы Қыпшақтардан екен. Келісті қария. Әсілбайдың шешесі – Ақша да теңдесі жоқ, реңді әйел болатын. «Япырмай, Әсекеңнің шешесі нағашысына тартқан екен-ау» деп ойладым. Бой десе бойы, рең десе реңі, өзі адамды нұрымен, жылулығымен тартып тұратын бір адамдар болатын, сондай нұрлы адам екен. Менің сәлемімді алып, қасына отырғызғаннан кейін енді қарттардың әдеті бойынша «Ал қай баласың?» – деп бастайды ғой олар. Қазақтың салты бар: « Жол болсын демесең – сөз бастай алмайтын. Жоғары шық демесең – орын таппайтын»-  қазақпыз ғой. Сөзге жол ашу үшін сол «қай баласың?» деген сұрақтан бастайды ғой енді. Мен де сол әдеттегі дағдым бойынша:

– Ата, мен Сарманқожаның немересімін -, деп таныстырдым өзімді.

– Ой, айналайын-ау! – деп, осы орнынан бір қозғалып қойып, кеудесін тіктеп отырып, өзі маған күлімсірей, жылы шыраймен мейірлене қарап:

– Жарықтық Сарманқожа қандай адам еді. Сарманқожаның қадір-қасиетін бұл ел әлі ұмыта қойған жоқ. Сарманқожаның салдырған мешіт-мектебінен тәлім алғандар Әсілбай сенде бар ма әзір? – деп сұрап еді. Әсілбай:

– Ойбай-ау, ата, осы Төрткүлдің он колхозында атқа мініп қызмет істеп жүргендердің ішінде Сарманқожа мектебінде оқу оқымағандар жоқ қой жүдә, бәрі сауатын содан ашқандар ғой. Осы өзіміздің мынау оқу саласында жүргендердің ішінде Байтөреев Иманқұл, Қынатов Әмзие, Құлымбетов Байсары, Қалдаулетов Әбдіхалық, Бесбаев Беққұлы, Жандар, Еркінбек Оспанов. Санай берсең Сарманқожаның мектебінде оқығандар көп қой, сол мектептің түлектері ғой. Колхоз басшысы бар, есепшісі бар, мұғалімі бар, ферма бастығы бар. Әйтеуір ат үстінде күн көретіндердің барлығы, сауатын сол Сарманқожа мектебінен ашқандар – деді Әсілбай.

– Ой, бәрекелді, дұрыс! Оның шарапатын сендер тек қана Төрткүлдеріңде емес, Сыр бойы, Қаратау өңірі, Шымкентіңнің көп жері. Сарманқожаны біліп, қадір тұтатын еді ғой. Сарманқожаның билік қылып тұрған кезінде осы бұрын екінің бірінде ұрысып, барын таласып, атысып, шабысып қалатын осы қыпшақтарменен сіргелілер, ыстыларменен қарабатырлар. Сарманқожаның кезінде тып-тыныш болған жоқ па?! Елдің бірлігін, ынтымағын, берекесін кіргізгенде, Сарманқожаның сол кездегі ақыл- парасатымен істелген істері болатын. Бір ғана мысал айтайын: «Бір жылы үлкен көкпар болды. Осы мынау жайылмаға Сыр бойының шабандоз қоңыраттары, Ақтөбе мен Шіліктен қыпшақтар да келген. Сол Қаратаудың күнгейіндегі Арыстанды-Қарабас, Бөген-Шаян өзендерінің шабандоз адамдары бар. Үлкен көкпар. Мыңдаған адам жиналды. Қоңырат-қыпшақтар бір жақ, мынау ысты-сіргелілер бір жақ болып шартаққа белгі қойып көкпар басталды. Көкпар қызған кезде атымның тізгінін қақтың деп бір тентек қамшымен тартып жібереді. «Ай оңбаған сіргелі!» деп, қоңыраттың жігіті ол да қамшы көтереді, не керек, ұрыс десе иығын беріп тұратын тентектер аз емес, оның үстіне аттың желігі бар. Әні-міні дегенше әркім өзінің жақтастарына сол бойы сабаласады да кетеді. Енді сәл тұрса, мыңдаған адам бір-біріне түгел қамшы көтеріп, дуылдап кетуге шамалы қалған кез. Сол уақытта қайдан келгенін қайдам, Сарманқожа келіп қалып:

– Ойхой, тарт тентектеріңді! Той біреудікі болғанымен қызық елдікі емес пе, елдің тамашасында нелерің бар?! – деп гүрілдеп Сарманқожа айтқан кезде жаңағылар жалт қарап:

– Ойбай, Сарекең келіп қалыпты ғой, – деп, жаңағы көтерген қамшыларын, басқа таяқтарын, бәрін жиып қойып, жым болып, осы қайнаған суға мұздай су құйып жібергендей басылып, әрқайсысы қайттан көкпарын шауып жайына кетті.» Содан етпісірім Сарманқожа сол жерде тұрды, бір жерден ұрыс, бір жерден сыбыс шықпай, тату-тәтті тарады. Шіркін, соның бір ауыз сөзі, келуінің өзі елдің тыныштығын, берекесін кіргізіп кетті. Ондай бедел, ондай құдіретті күш екінің біріне беріле бермейтін, сирек кездесетін адам еді ғой, жарықтық. Енді Құдай ұрпағына өмір берсін деп, шал бетін сипап еді.

Сыр бойындағы Тәніке байдың Сарманқожаға өкпесі

Ілгеріде Сыр бойында Тәніке деген бай болыпты. Сол бай жылқыға құмар, бәйгеге жылқыларды баптайды екен. Сөйтіп бәйге-Торы деген аты қазығынан ұрланады. Бұл Сырдың бойында Тәнікенің жылқысын да, бәйгеге қосып жүрген атын да Сыр бойы түгел таниды, біледі, оны алмайды. «Енді кім болды ол? Кім алды?» деп ақылдасканда, «бұны бір алса, мынау Өліктінің бойындағы Қарабатырдың ішінде атақты ұрылары бар, солар әкетуі мүмкін, басқалары ол атты алуға батылы бармайды» деп шешеді. Содан көп ойланып, көп дайындалып жүріп, «қой, не де болса Өліктінің бойындағы ұрыларға мен барғанда: «Атымды алып едің, қайтарып бере ғой» – дейін, – «Сарманқожа дейтін биі бар әділдік жүргізетін. Сол Сарманқожаға барып жүгінейін, бір тапса сол атымды Сарманқожа тауып берер» деп шешіп, қасында екі-үш жігітімен жолға шығып, Сарманқожаның үйіне келеді. Сырт естігені болмаса, бұрын көрмеген, кездеспеген байды қазағымның иманды салтыменен төрге шығарып, дастархан жайып, мал сойып күтеді. Шайланып-жайланып, тынығып алғаннан кейін бай Сарманқожаға өтінішін айтады:

Осындай, атақты бәйгеге қосып жүрген атым бар еді. Осы сенің ауылыңдағы Шаянның бойындағы Өліктіде атақты ұрылары бар. Не де болса, сол ұрылар алды атымды. Тапқызып бер, – дейді. Сарманқожа:

Тәке, бұл Қарабатыр деген үлкен рулы ел. Бас-аяғы жүздеген шақырымға созылып жатқан үлкен алқап, қалың ел. Мына куә елдің ішінде бар болса бір-екі ұрысы бар шығар. Енді атыңды алған болса күдігіңді айт, сол күдіктенген жеріңе адам жіберейік, өзіңді қосып берейік, – дегенде, бай:

Ойбай Сареке-ау, ұрының кім екенін Сырдың бойында жатқан мен қайдан білемін?! Іргелес отырған сендер білесіңдер. Білсеңдер, сол ұрылардың бастығын шақырып алып «мынау жігіттің атын тауып беріңдер» десеңіз болды ғой, ол тауып береді. Ал мен атымды жетектеймін де кетемін.

Күдігің болмаса, көрмесең, білмесең, «сен ұрысың, соның атын тауып бер» деп қайтіп айтамын мен? Қазір қыс емес. Малдың бәрі жайлауда, жылқылар да үйір-үйірімен қазір бір жерде тауда жатыр. Мен жақсы бір жігітті қосып берейін, өзің ілес, сөйтіп ешкімнен күдігің болмаса жылқыларды арала,  жылқыңды танысаң, алып беру міндетін мен алайын. Бай оған да келіспейді.

Ойбай-ау, тау-таудың ішінен жылқы аралаймын деп жүріп астымдағы атымнан айырылып қалармын мен. Ол қоұнкер болса онда менен алған атты үйірге қоя бере салады ме екен?! Жайып жүреді ме екен ол?! Не де болса, өзіңіз ұйымдастырып, өзіңіз алып беріңіз, – деп, қайтадан қолқалап қоймайды. Оған келіспеген Сарманқожаға бай ренжіп:

Қазақта «күмәніңді бермесең, құнаныңды бер» деген сөз бар емес пе?! Енді сонша жерден келдім. Сыр бойынан Тәнеке деген атым бар. Сарманқожаның үйіне барып бос қайтамын ба? Сол аттың бодауына ең болмаса бір жылқы жетектетіп жіберіңдер, – дейді ғой. Сарманқожа күледі.

Жігітім, сен жоқ іздеп шықтым деп едің, бірақ сен жоқ іздейтін құлқы пейіл танытпадың, бар ойың менің қорамнан дайын жылқыны жетектеп кету. Алмақ-бермектің де жөн-жобасы, жол-жоралқысы болады. Түнек бөлек – түн бөлек, салық бөлек – құн бөлек, әрқайсысын ажырата жүрген жөн. Сен өзі пысық жігіт екенсің. Бір жылқы жетектетіп жіберсем, «жылқының ұрыларын таптым, бірақ жылқы жоқ екен, Сарманқожадан жылқы өндіріп алдым» деп мақтанарсың еліңе барып. Ия көргенің жоқ, ия білгенің жоқ, ия естігенің жоқ, ия күдігің жоқ. Бұл келісің – бос келіс. Ия өзің іздегің жоқ. Осы ішкен шәйіңмен аман-есен қайт, – дейді. Соған ашуланған бай:»Япырау, Сарманқожа, Сарманқожа деген даңқыңа, атыңа бола келіп едім. Сөйтсем сен де бір, сенің де бір насыбай кесетін Қожалардан айырмашылығың жоқ екен ғой, – дейді. Сонда Сарманқожа: Япырау, сол Қожа кесіп тастамағанда бұдан да өткен кәпір болатын түрің бар екен ғой, – деп күліпті.

Әдһам ШІЛТЕРХАНОВ. 05.12.2016 ж. Шымкент қаласы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button