Ясауи мұрасы

Мүсірәлі Сопы әзіз және ұрпақтары

Ақтөбе – киелі жер

Мүсірәлі Сопы әзіздің Ақтөбе облысына тікелей қатысы бар. Бір кездері Жаманқала, Орқала маңында Алтын орданың патшасы болған Өзбек ханның Ордасы болған. Ескі жәдігерлік қолжазбаларда Өзбек ханның билігі Жайық өзенінен Ташкентке дейін еді деген дерек бар. Ташкент түбіндегі Қауыншы деген жердегі Зеңгі баба өзінің төрт шәкіртінің бірі Саийд атаға  «Е, Саяқ ұғлым, Сізге Алтын ордаға жол түсті, дайындық жасап жолға шығыңыз. Алтын Орда маңына барып супрадарлық қылыңыз» дейді. Сайид ата жолға шығып, Түркістан маңындағы қожалар ауылында дем алып кешкі намазға жыйылған қауымға «Сіздер намазхан қауым екенсіздер. Мен осы ауылда үш күн дем аламын, Сіздерге қояр екі ауыз сауалым бар. «Бірінші Алла тағала нені білмейді, екінші Алла тағала нені жаратпайды? Үш күннен соң аттанамын, сауалыма аттанарда жауап берсеңіздер» дейді. Үш күнен соң жолаушыны шығарып салуға келген қауым: «тақсыр, біз сұрағыңызды шеше алмадық» дегенде көп арасынан бір жас жігіт шығып,  «мен жауап берсем бола ма?» – дейді. Жас жігіт: «Алла тағала өзінен басқа Құдіретті білмейді және Алла тағала өзінен басқа Құдірет жаратпайды»-дейді Сайид ата бұл кімнің баласы дегенде әкесі менің ұлым еді, дейді. «Мен ұзақ жолға Алланың разылығы үшін кетіп барамын, осы баланы маған қосып бере аласыңдар ма?» Әкесі: «Алланың разылығы үшін ұлымды осы жолға бағыштадым, Бахшидам, Бахшидам, Бахшидам» деп үш рет қайталайды. Сайид ата осы Камалиддин атты жас жігітті ертіп шыққан.

Бұл жігіттің лақап аты Бақшайыш болған. Бақшайыш Бабамыз 40-жылдай Дешті-Қыпшаққа имам болып тұрған. Бақшайыш қожаның жаз жайлауы, қазіргі Қарабұтақ маңында Ырғызға құятын өзеннің бойында болған. Сол өзен Бақсайыс өзені болып аталып кеткен. Бір кездері бұл маңда Бақсайыс болыстығы деген ел болған. Ал біз іздеп жүрген Мүсірәлі бабамыз Бақшайыш бабаның тікелей ұрпағы.

Мақсатымыз Ақтөбе қаласында Рысжан Ілиясова атты апамыз 2007-жылы «Далам тұнған шежіре» атты кітап жазып 69-76-беттерінде Мүсірәлі сопы әзіздің ұрпағы Сары ишан жайлы кеңінен тоқталған; «Саттарберген қарт ұлы бабасынан өзіне дейінгі аттарын жатқа біледі екен. Әрі ертеден келе жатқан ата тегінің шежересін сақтаған. Саттарбергеннің 7-атасы-Мүсірәлі Сүпы-Әзізқожа. Мүсірәлі қожадан Қосымқожа-Ысқыш-Әумин-Жұматай-Үмбет-Қожахмет-Сары ишан. Әйтеке Мүсірәлі Сопы Әзізді Кіші жүзге ертіп келіп, Ақмешітте имам сайлапты деген дерек бар. Мүсірәлі Қожаның қабірі Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы, Шаян аулында. Қосымқожаның бейіті Қазалы ауданы, Қуаңдария бойында. (бұл деректі Әбдіғани балалары сақтап келген, аталған кітап-71-бет). Ақтөбеде бізді Сары ишанның немересі Қабылбай мен ағайыны Алтынбай күтіп алды. Суыт жүріп Қарабұтақ маңында Ырғыз өзені бойындағы көп қорымға келдік. Аумағы 3-4-гектардай жерді алып жатқан қорымда Сары ишанның моласы көз тартады. Моланы ишанның немересі Сағынбек Орақов атты азамат 2007-жылы қайтадан тұрғызыпты. Анығы бұрынғы кесектен соғылған үйдің сыртынан орап салған. Молада 1933 жылғы қойылған ескерткіш әлі тұр. Ескерткіш тас тақтаға «Руы Қожа, Қосымқожа рухынан. Қожа Ахмед Үмбет баласы Сары ишан 1933-жылы қайтыс болды»  деп жазылған. Айналадағы қабырлардың біраз жерін аралап көрдік. Сары ишан қабырынан бұрын салынды деген белгіні көрмедік  Бұл жайды Қабылбай інім былай түсіндірді. Сары ишан қайтыс боларынан бұрын баласы Әбдіғаниді ертіп келіп, мені осы жерге қойыңдар. Түбінде осы жерде үлкен қатынас жолы болады, ел қоныстанады деген екен. Айтса айтқандай, осы күні Ырғыз-Шалқар күрежолы бар. Төңірекке ел қоныстанған. Осы күні де Сары ишанның маңына көп жерлерден қаза болғандарды әкеліп қойып жатады екен. Бұл жайында Ислам ілімінде «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады, нұр бар жерде береке болады» деген қағида бар. Яғни «Әулиенің маңына келіп жай тапқан адам, Әулиенің құрметі үшін жазаланбайды» деген үміт, әулиеге деген құрмет.

Сары ишан — Қожахмет Үмбетұлы (1856-1934) бұрынғы Қарабұтақ ауданының жерінде өмір сүрген. Қайтыс болар шағында «Шаңғытбай қажы жатқан жерге жеткізіп жерлеңдер»деген екен. Ол кезде бұл маңда поштаның төрт үйінен басқа ел жоқ, онысы несі дегендерге, түбінде осы жерге халық қоныс тебеді, үлкен қатынас жолының үсті болатынын айтқан ұқсайды. Кожахмет – діни оқыған, ислам орталығының нұсқауымен 1893 жылы осы жаққа келген адам. Ыскөл, Сарыоба деген жерлерге мешіт-медресе салдырып, бала оқытқан. Ел оны әулиедей сыйлаған. Атын тікелей атамау да құрметтің бір түрі, сондықтан елге Сарыишан болып аты жайылған. Ишанның қам кірпіштен тұрғызылған кесене тамының көлемі үлкен, өзімен бірге отбасының мүшелері жерленген.

30-жылдардың ішінде елдегі қожа мен молданы қудалау басталғанда Әбдіғани атаның кемпірі Балажан әже (суреті бар) үйдегі барлық кітапты бір жерге жасыру керек екенін айтып баласы Алдабергеннен өтініш етеді. Ойласа келе Сары ишанның тамының ішкі босағасына көмуді ұйғарады. Кітапты 1993-жылы қайта қазып алған екен. Мына құтыда сол кітаптардың қалдығы деп бетін ашты. Кітаптар сыз өтіп, әбден бұзылған, біз Жетес екеуміз беттерін ажыратып шамаға келгендерін фотоға түсіріп алдық. Кітаптардың суретін оқыған Құлатай деген азамат; «1-кітаптың бас жағында араб тілінде «Құл намаз оқуға тұрса, жаһаннам мен оның ортасында перде пайда болады деген сөз бар» дейді. Кітаптың аты, қай жерде басылғаны белгісіз. 2-кітап Араб тілінде шариғат, ибадат кітабы. Біз ашқан бетте «Қажылық жолы-Ибрахим мақамына келгенде екі бас намаз оқиды» деген жазу бар. Қай жерде басылғаны белгісіз.3-кітап-Маснауи (қара өлең) мақамымен жазылған Османлы Түрік тіліндеБ ұл дүниеде өзіңді жолаушы секілді сезін, өзіңді қабыр қаумында деп есепте-деген хадис жазылған және бір бетінде Меккенің Мұхаммад пайғамбар (С.а.у.)ға берілуі жайлы және бір жерінде уахидің келуі жайлы жазылған. 4-кітап (емшілік) кітабы; У ішіп қойғанда, жылан шаққанда жуаны (чеснок) пайдалану, жыланды оқып арбау жолдары. 5-кітап (кафия) араб тілінің оқу құралы. Наху-сарф жүйелері. 6-кітап заң кітабы-бірақ жүйелі түрде бір сөйлем толық оқуға келмеді. Және бір кітаптың бүлінген беттерін мұхият қарағанда «Үмметімнің ең үздігі Құран жаттағаны»- деген пайғамбардың (С.а.у.) хадисі келтірілген. Мына кітаптардың әр қыйлы болуы Сары ишан бабамыз бен Әбдіғани бабаның қаншалықты сауатты болғандығын дәлелдесе керек. Кешегі зобалаң жылдары Сары ишанның тінтуші келіп қалғанда қылышын есіктен сыртқа лақтырып жібереді. Үйдің алдында үлкен тас бар екен, қылыш сол тастың түбіне түседі, үй егелерін ол жерден сол түні көшіріп жіберген. Арада 30-40-жылдай өткенде сол ауылдың бір кемпірі Балжан әжеге келіп баяғы Сіздер көшіп кеткен тастың түбінен мен бір қылыш тауып алып жасырып қойған едім дейді. Екеуі барып жасырған жерден қылышты алып тотын тазартып алады. Уақыт табынан қылыштың сабы түсіп қалған. Бірақ қылыш (сапы) кәзір осы үйде тұр. Қабылбайдың үйіндегі кітаптардың көпшілігі әбден су өтіп ұстауға келмей қалған. Үй егесі «мен енді не істейін?» деп қиналып отыр.

Сары Ишанның бұл жаққа, Ақтөбе маңына Қазалыдан қай кезде көшіп келгені, Мүсірәлі бабаның бір баласын Қаракесектер пірлікке сұрап алып келуі жұмбақ. Қайтыс болардан бұрын қазіргі зиярат орны болған жерден 60-шақырымдай Қарашоқы деген жерде тұрған. Соңынан Сары-оба деген жерде мешіт ұстаған. Соңғы уақытта Ыстыкөл деген жерде мешіті болған дейді немересі Қабылбай. Біз пойыздан түсе салып, Рысжан апамен хабарласып, «телефон шалған мен едім, енді Сізге жолығуға келдік» дедім. Өкінішке орай апай сырқаттанып қалыпты. Бізді қабылдай алмады. Енді салып ұрып осы өлкенің бір білгірі тарихқа жаны ашиды деген азамат, филология ғылымдарының докторы, професор Алпысбай Мұсаевты іздеп таптық. Бұл азаматтан біраз жайға қанығып көңіліміз орнына түсіп Қазалыға қарай қайттық.

 Қазыналы Қазалыда

Бұл азаматтан біраз жайға қанығып көңіліміз орнына түсіп Қазалыға қарай қайттық. Біз Ақтөбеден кері қайтқан соң Әбдіғани бабаның немересі Қабылбай Алданберген ұлы Аралтоғайдан бір кәриямен сұхбаттасып мына хабарды жіберді. «Аралтоғайдан Қанибайдың анасы Қымбат әжейдің айтуы бойынша «Әкесі Балапан, руы – Сексен Шабдары (Сексеннің Төртқарасы). Анасы – Сұлубике, руы – Қаракесек. Келген жері Сейітқұл Байғабыл. Аталары: Әлжан, Бекжан, Әлжан-102 жасында қайтыс болған. Әлжан әйелі – Қанзила 85 жасында қайтыс болған. Осы кісілерден естіп балалық шағымда мешіттің орнын көріп сол жерде өстім. Біздің жайлауымыз қыр болды. «Манай», «Мантай» деген Ырғыз ауданына қарасты жер. Мантайдың бас жағында «Асанжарған» деген жер бар. Асанжарғанда Сейділда деген бала болды. Сейділданың әкесі Елеусін деген молда. Жарылғасын деген молда болды. Манайдың төменгі жағы «Ыскөл» деген жер. Осы Ыскөлге Манайдан Сарыишанға оқуға Орынбасар жаяу қатынап оқыды. Орынбасардың әкесі – Есназар деген кісі. Орынбасардың Кенжебек, Нұрбай деген балалары бар. Кейін біз осы Ыскөлге қыстауға келдік. Сонда үлкендердің және немере апамның айтуы бойынша:-«Осы Ыскөлде Сарыишан мешіті бар және оған жақындама, – деді. Бұл мешітке мал қамаған, содан 50 бас баспақ өлген. Түнімен есігі ашылып, жабылып маза бермейтін болған. Қай жылдары екені белгісіз, шамамен 1928 жылдары орыстар келіп, Сарыишанға үйден шық деп айқайлап, балағат сөз айтып, босағаға дәрет сындырған. Содан дәрет сындырған орыс сол жерде өлген. Сондай әруақты адам болған. Бірде Сарыишан таң намазына дәрет алып келе жатқанда Құламан руынан бір бала жігіт келіп, малыңа, жылқыңа ие бол деп балағат сөз айтып, тіл тигізген. Бұл бала жігіт Сарыоба колхозынан. Содан Сарыишан: – Әй тәңір
алғыр, ол мал емес пе, – деп кейіген. Ол жігіт кетіп қалады. Содан кейін түскі намаз уақытында бір атты шауып келіп, манағы сізге тіл тигізген адам ауырып жатыр, кешірім бер, деп кешірім сұрапты. «Атқан оқ қайтып келмейді» депті Сарыишан. Содан қайтіп келіп, екінші рет кешірім сұрап, ішірткі сұрапты. Сосын беріп жіберіпті. Күн бата бір хабары болады, депті. Бірақ күн бата әлгі жігіт қайтыс болған. Үлкендер мешіттен әрі жүріңдер, сиынып жүріңдер дейтін. Сарыишан кім, деп сұрағанымда ол Қосым Қожа әулетінен, шын аты – Қожахмет. Өзі сары кісі болған соң, халық Сарыишан деп атап кеткен. Сарыишанды көргенім жоқ, бірақ сол жерде Сапар Қожа, Әбдіраман Қожалар болды. Сапар Қожа сарғыштау кісі болды. Әбдіраман Қожа 1935-1937 жылдарға дейін тірі еді. Шөп шауып жүргенімізде сиынатынбыз, көлеңкесіне отыратынбыз. Үлкендер баспандар, дейтін. Мешіттің алдында жайнамаз орны бар, құбыла жаққа қарап тұр. Сол жерде 3-4 жылдай мал бағып, шөп шаптық. Мешіттің жоғарғы жағында үлкен там қора болды. Біз соны Сарыишан тамы деп жүрсек, Сарыишанның жақын туыстарыныкі екен. Қасынан өткенде әруағына сиынып, айналып жүрдік. Ол кезде 20-24 жастамын. Сарыишан, Қосым Қожадан басқасын естімедім, үлкендердің айтуы осылай. Атақты, әруақты кісі болған. Дарынды әулие екенін біліп, естіп сиынып өстік. Кейбір жағдайларды ұмытып, есіме түспей тұр. Үлкендік бар ғой. Қазір жасым 92-де» деді.

Экспедиция басшысы профессор Алпысбай Мұсаев: «Кеш те болса Саттарберген қартқа сәлемдесіп, ертең сөйлесетінімізді ескертейік. Үлкен кісі ғой, ойлансын, ұмытканын есіне түсірсін», – дегесін карияның үйіне карай тарттық. Үйіне келсек, қарияның қасында екі-үш адам бар екен. Біз сәлемдесіп, келген максатымызды айтып, ертенгі кездесуіміз жайлы құлағдар еткенімізде Саттарбергеннің қасындағы кісілердің бірі, құрдасы болса керек: «Мына арабтан сұрасаныз бәрін біледі, – деп әзілдеді. Профессор: – Неге араб дейсіз? Бұл кісі үш жүздің пірі болган Керейт Мүсірәлі Сопы-Әзиздің ұрпағы ғой, – дегенде, – кайдан білейік. Қожа деген соң, араб деп әзілдесеміз» деп күлісіп алды. (Саттарберген ағаның маңы ол кісіні Керейт демей Араб деп атаған). Көзінің шырағы сөніңкірегенімен, көкірегі ояу қарт өз бабамның, атамның тарихын өзім айтам. Мені кім десе де орталарында отырамын, сыйлайды. Түрткі көргенім жоқ. Ел елшілігін жасайды, өзің дұрыс болсаң. Ал мыналар құрдастығынан, нағашы-жиендігі нен әзілдей береді ғой, – деді сабырлы қалыппен. – Бастауыш кластық кана білімім бар және бой тасалап үнемі қоныс өзгертуге тура келді: біресе Сырға, біресе Қырға көшіп-қонып жүріп, соңыра осы Аралтоғайға коныстаңдык, – деді. Саттарберген ақсақал әңгімесін жүйелі айта білетін, өте сақ сөйлейтін кісі екен. Ата тегі ишан-молданың тұқымы деп үнемі қуғында жүргендегі үрейі әлі бойынан кетпегендігін жасырған жоқ. «Кырғын, кәнпеске 1929 жылы басталғанда, Сарыишан бой тасалап Нұраға, одан кейін Нөкіс каласына көшеді. Содан төрт жыл жүріп, 1933 жылы Қарабұтақ жеріне кайта оралады да, бір жылдан кейін, 1934 жылы кайтыс болады». Сарыишанның 1912 жылдары Ырғыз уезінің мүхтасиб имамы болғанын осы кісіден естідік. Сарыишан-Қожахметтің балалары – Әбдіғани, Мәриямгүл, Абдолла. Бәрі де діни окыған азаматтар. Абдолла дінге жасала бастаған кысымды ерте сезіп, ішкі жаққа біржола қоныс аударады. Үлкен қалалардан оқуын бітіріп келген Әбдіғани осы жерде бала оқытып, мешіт ұстайды. 1937 жылы Шаңғытбай қожаның екі баласы ұсталып айдалып бара жатқанын көрген Әбдіғани молда бүкіл кітаптар мен құжаттарды асығыс түрде Сарыишанның тамына көмеді. Шаңғытбай қажы-Казақстанның халық ақыны Қуандық Шанғытбаев ағамыздың атасы. Шанғытбай – тақуа, би-кажы, дәулетті кісі болған. Сол жылы Әбдғанидың өзі де жазықсыз тұтқындаладьі. Ол туралы мынадай дерек бар: Қожахметов Әбдіғани (Әбдіғали) 1902 жылы Қарабұтақтың 18-ауылында туылған. Белгілі кәсібі жоқ (БКЖ). 25 қыркүйекте 1937 жылы НКВД үштігінің шешімімен астыртын үгіті үшін (АЖК) ату жазасына кесілген. 1965 жылы 19 маусымдағы облыстық соттың шешімімен ақталған (Қуғын-сүргін құрбандары. Актөбе, 1997 ж. 133 б.).

Сарыишанның ұрпағында сақталған мұралардың ішіндегі ең құндысы – оқымыстының мөрі. Оның көлемі 1,8 х1,3 см. Арабша жазылган. Әбдіғанидың үйін тінтіп, тәркілегенде Жәнипа әжей мөрді етегіне түйіп, аман алып қалыпты. Саттарберген қарт ұлы бабасынан өзіне дейінгі аталарын жатқа біледі екен. Әрі ертеден үзілмей келе жаткан ататегінін шежіресін сақтаған. Саттарбергеннің жетінші атасы – Мүсірәлі қожа Сұпы-Әзиз. Ол шежіреде былай тіркелген: Мүсірәлі қожа. Мүсірәлі қожадан – Қосым қожа – Ысқыш – Әумин – Жұматай –Үмбет – Қожахмет – Сарыишан – Әбдіғани – Алдамберген – Қабылбай. Ақтөбе-Қарабұлақ маңындағы Мүсірәлі әулеті. Хз. Әли-Мұхаммед Ханафия-Ысқақ Баб-Бақшайыш- Мүсірәлі-Қосымқожа. Қосымқожа Ысқыш-Иншалла, Оспан Оспан – Омар – Құлмағамбет – Баймағанбет, Ермағанбет, Аймағанбет, Пірмағамбет, Құлмыбет. Ермағанбет – Кәкімжан – Серік, Сәкен. Серік – Рауан, Дәурен. Аймағанбет – Балмағамбет – Нұрғали, Ерғали, Төреғали, Қадірғали, Меирамғали. Нұрғали – Сағындық. . Ерғали – Абзал, Асқар, Аидос, Асқат. Абзал – Айбат.

Төреғали – Алмат. Қадірғали – Азамат, Махаббат, Саламат, Ерлан. Мейрамғали – Жандос. Пірмағамбет – Нұрмағамбет, Сермағамбет. Нұрмағамбет – Ділмағабет, Жамбылбай /Кеңес/. Жамбылбай – Абылай – Нұрболат, Азамат. Құлымбет – Иса. Ермағанбет – Кәкімжан – Сәкен, Серік – Рауан, Дәурен. Бұл әулетті ағайын арасында бес қасқыр деп те атайды екен. Туған жері, тұрған жері Қарабұтақ,  Әйтеке би ауданы.    Әйтеке би Мүсірәлі Сүпы-Әзизді Кіші жүзге ертіп келіп, Ақмешітте имам сайлапты деген дерек бар. Мүсірәлі қожаның қабірі Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында, Қосым кожаның бейіті Қазалы ауданы, Қуаңдария бойында (Бұл деректі Әбдіғани балалары сақтап келген). Сарыишаннын немерелерінің қолындағы деректер үлкен шежіреден үзінді, олар өздеріне катысты жерін ғана жазып алған. Ақсақал кожадан 12 бала туған. Мүсірәлі кожа оның алтыншы баласы. Ақсақал кожаны халқы Керейт қожа деп лақап атпен атаған…

Қосым туралы қысқаша түсінік

Галден Церен қазақтың киелі әулиесіне ең кенже қызы Мәриямды Мүсірәлі Сопы Әзизге ұзатып берген. 1685 жылы Шұғылай қалмақтың қызынан Қосым қожа туады»…». Ілиясова Рысжан «Далам тұнған шежіре». Алматы Зерде 2007 69-72-беттер Қазалыға келу себебіміз сөз басында айтқан Мүсірәлі Әзіздің әулеті Қазалы маңында тұрады.

Әйтеке би кентінде Мүсірәлі бабаға арнап салынған бейіт ескерткіш бар. Қосым бабаның зираты да осы маңда деп есіткенбіз. Қазалыда бізді Мұратбек деген бауырымыз күтіп алды. Осы пойыздан Аралдық Мағжан деген азамат та түсіп бізге қосылды. Мұратбектің үйінен шайланып алып Қуаңдарияны бетке алып жолға шықтық. Жолдан осы маңды жетік білетін Ақмырза деген қарияны алдық. Ақмырза қария шын мәнінде әңгімешіл, көпті көрген, көргенінен көкірекке түйе білген кария екен, жол жөнекей осы маңның шежересі мен тарихынан біраз мағлұмат беріп, Басықара су қоймасынан шыққан суды Қуаңдария, Қосым баба маңына қай жерден қалай ағызып жеткізетінін айтып, өзі қапқа құм салып істеген тоғандарын көрсетіп алып барды. Қосымқожаның бейітінің маңында бір кездері отырықты ел болғаны көрінеді. Неге екені белгісіз бұл маңды бір кездері Адамата деп атаған екен. Ескі жұрт, күлтөкпе орны, үй тамдар мен қосалқы құрылыстардың орлары бар. Ақмырза ағаның айтуы бойынша Бұхарадан Ақмешітке, Арқаға қарай кететін ескі Жібек жолының бір тармағы болған. Әйтеке би осы арадан онша алыс емес маңда ел қоныстандырамын деп жер көріп жүргенде аяғына шөңге кіріп ушығып кетіп қаза болған деген қауесет бар екен. Қосым баба маңына (Бұл жақта Атам басы деп атайды) жетіп шырақшының үйіне ат басын тіредік. Айналада тірі жан көрінбейді, Қызылқұмның ызғырық самалы бет қаратпайды. Үйде ешкім жоқ, көптен от жағылмаған. Ішке кіріп Зияратшылардың жүрекжарды лебіздері жазылған кітаптарды ақтарып мұнда келгендердің басым көпшілігі Бабаға разы көңілін қалдырғанын көрдік. Керек деген жерді суретке түсіріп алдық. Қосымқожаның мешітінің орны айқын көрінді. Мехражы, ұзын залдың төрінде, қосалқы бөлмелер, дәрісхана, демалысхана, имамның бөлмесінің жалпы сұлбалары жақсы сақталғанына қарағанда құрылысқа пайдаланған саз балшық илеуі қанып, таза дайындалған болуы керек. Қосымқожа бейітінің сырт көрнісі Бейіттің есігін Мұратқожа ашып кірді. Кесененің сыртында «Қосым қожа бейіті 17-18 ғасырлар-Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген тас тақта бар. Оның қасында Қосымқожаны бағып, қағып тәриелеп жеткізген «Сары қыз» апамызға ескерткіш тақтасы. Қосымқожадан сәл жоғары Әйтеке бидің баласы Өтебас тамына қойылған ескерткіш. Қосымқожа қабырынан солға қарай өз алдына бір бөлек тұрған құрылыстың бөтендеу кескіні көзге түсті. Сұрай келе бізге кездеспеген бір сыр ашылды; мына қабыр жастай шетінеген нәрестелер қойылатын арнаулы қабырстан екен. Алыстан мойын созып қарағанда бірнеше майда мазарлар көзге түседі. Біз үшін бұл жаңалық болды. Қосымқожа мазараты құмның ішінде болғандықтан тым тереңге қойылмайтын жас нәрестелерді қорқау қасқыр ашып кету қаупі бар. Арнайы істелінген үй тамның ішіне қорқау асып түсе алмайды.

Алдымызда төрт бұрышты етіп көтерген сағанада Баба деген жазу бар. Бұл Жалаңтөс Баһадүрдің ұрпағы Дәулет бақсының қобызына арнап салынған сағана болып шықты. Жетес пен Ақмырза: «Қазір мұнда қобыз жоқ» деген соң ішін ашып қарамадық. Сағананың  сыртында Дәулет бақсының тамы жартылай құлаған, жақын арада адам қолы тимегені көрініп тұр. Реті келсе кесене құрылысы, ескерткіш тақтаны тас тақтаға ауыстыру кезек күттірмейтін іс болып сұранып тұр екен. Жалпы әулие қорымда қойылған марқұмдарға арналған ескерткіш тақтада барлығына бірдей қожа рухынан деп жазылған. Қабырстанның мөлшері 2, 5-3-гектар жерден кем еместей. Жалаңтөс Баһадүрдің баласы Дәулет бақсы, Әйтеке бидің баласы Өте бақсы, Сартай батыр секілді тарихи тұлғалардың осы маңға келіп жатқанынан бұл аймақта Қосымқожаның беделінің қаншалықты екенін білуге болады. Барлық мұсылман елі арасында халық ішіндегі беделді адамдардың қаншалықты алыс болса да өзі қол берген, пір тұтқан әулиенің басына келіп жатуы қабылданған заң. Себебі әулие тағадат-ибатат арқылы Алланың сүйген құлы болып саналады. «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады. Нұр бар жерде береке болады» деп түсінсе, енді бір қауым әулиенің маңына барып жатса, сол әзіз жанның құрметі үшін Алланың жарылқауына ілінер деген үмітте болған…

Зиярат барысында әрбір тұлғаның басына арнайы жеке-жеке құран бағыштап, Алладан бабалар рұхына жарылқау, ұрпағына береке тілеп кері қайттық.

Қосымқожаның ұлы Дәрменқұл баба ұрпағы Орынбет ишан

Ендігі баратын жеріміз Қосымқожаның ұлы Дәрменқұл баба ұрпағы Орынбет ишанның елі болды. Қазалы ауданы Түктібаев ауылындағы Орынбет ишан атындағы жаңа ашылған мешітті бетке алып шықтық.

Қосымқожаның алты баласының біреуі Әбжел бабаның баласы Дәрменқұл ишан Жанқожа батырдың батагөй пірі болған. Дәрменқұл ишаннан он бір бала бар. Ишанның барлық балалары сауатты болған, мешіт ұстап Әлімнің Шөмекейіне пірлік еткен. Сол балалардың біреуі Орынбет(Үрмұхаммед) ишан. Орынбет ишан білімді Бұхарадан алған. Орынбет ишанға Асан Тоғыс әулеті үш мешіт ашып берген. Біз келген мешіт осы жылы салыныпты. Бұрынғы мешіт әлі тұр. Біз келгенде мешіт имамы Абдулла Иззатуллаұлы мешіттің ішінде отыр екен. Ертеңіне Абдулланы жол басшы етіп Орынбет ишанның басын қарап шықтық. Қосымқожаның басында көрген жай мұнда да қайталанады. Орынбет ишанның мешітінің орны Мазараттың ішінде қалған. Бізді бір таңдандырға жайт Қосымқожа, Сары ишан, Орынбет ишан қорымдарында аты аталған әзіздер ортада қалып кейінгі келгендер айнала қоршай орналасқан. Алыстан көз салғанда барлығы бабаға қарап анталап тұрғандай болып көрінеді. Орынбет ишанда айнала қойылған Асан ағайын ішінде қожалармен аралас жатыр. Орынбет ишан сағанасы өз мешітінің шыға берісінде орналасқан.

Салданай ағамыздың әкесі Иманқожа әйгілі Асандар көтерлісінің рухани қолбасшысы болған адам. Соғысқа кірер алдында барлық сарбаздың жаназасын шығарған. Сол сарбаздардың тірі қалғандарының біреуі соңғы жылдары дүниеден өткен. Сол ағамыз менің жаназамды Иманқожа шығарып қойған деп өзіне жаназа шығартпаған. Мына туысымыз жақын арада қаза болса да өзін қожа деп жазыпты. Қалың моланың ортасына қойылған мына ескерткіш тақтаға өз руын анық етіп жазыпты. Орынбет ишанның тұтынған кітаптарынан біразы Абдулланың қолында сақталған.

 

Орынбет ишанның пайдаланған кітаптарынан біздің көргеніміз кешегі зорлық пен зомбылықты басынан кешірген қауымның жұртында қалған жұрнағы ғана. Дәл осындай жүйенің жұрнағын Ақтөбе маңында көргенімізді сөз басында айтып өттік. Ал мына жалпақ әлемге тарыдай шашырап кеткен әулеттің басынан қанша қасырет өткенін бір құдайға ғана аян шығар. Дәрменқұл ишан Жанқожа батырдың пірі әрі жолдасы болғандықтан бір кездері Хиуа ханы Жанқожа батырға Ресейге қарсы тұрайық деп кісі жібереді. Хан болған соң сыйлығы болмай тұрмайды. Хиуа ханы Жанқожа батыр мен Дәрменқұл ишанға бір-бір қылыш сыйлайды. Кешегі Дәрменқұл әулеті қудаланған қатаң заманда Орынбет ишан Сіздерге аманат деп қылышты Асан ұрпағы Абдулла қажыға тапсырған. 2014 жылы Орынбет ишан атындағы мешіттің бітуіне орай Абдулла қажының ұлы Мағжан Орынбет ишанның ұрпағы Абдуллаға қылышты өз қолымен қайта тапсырған. Оң жақтан Мағжан Абдулла ұлы Дәрменқұл бабаның қылышын Орынбет ишанның ұрпағы Абдуллаға табыстап тұр. Былайша айтқанда, бұл маңдағы Мүсірәлі әулеті мен Кіші жүз Төртқара арасына су жүріп, шаң тимейтін дәрежеде сыйластық бар. Аралдық Асан руының адамы Мағжан ініміздің айтуы бойынша Аралмаңында Қосымқожаның әулетінен Балта қожа Жалаңаш көл, Болат қожа Шалқар маңында пірлік қылған екен.

Орынбет ишанның қабырстанынан шығып, Сарықұл ишанның қабырстанына келдік. Бұл жерде сол бір-ақ көрініс, яғни Мүсірәлі-Қосым ишан әулетіне қарасты әулеттен ел аузында қадыр қасиеті аталып жүрген әзіздердің барлығы өздерін Қожа деп білген. Әлемнен озғандағы мәңгілік тұрағына қойылған ескерткіш тақтаға қожа деп жазылған.

Қазалы маңындағы Қосым қожа әулеті шежіресі

Ал енді Мүсірәлінің тікелей ұрпағы, барлық саналы өмірін ағарту саласына жұмсаған Бекмамбетов Жұмамұрат ағаның шежіресін(«Кешегі мен бүгінім» деген кітабынан көшірме шығарып алайық:

  1. Әзіреті Әлі – 2. Мұхамедханафия – 3. Абдулфаттах – 4. Абдалжаббар – 5. Абдалқаһһар – 6. Абдрахман баб – 7. Ысқақ баб (Баб ата) –8. Ярдил шайх – 9. Момын шайх – 10. Мұса шайх –11. Смайыл шайх – 12. Омар шайх – 13. Хұсайын шайх – 14. Усман шайх – 15. Махмұд шайх – 16. Қаһар шайх – 17. Ибраһим ата – 18. Садыр ата-1 19. Қожамұхаммад данышпан 20. Мұхиддин шайх – 21. Алауиддин шайх – 22. Жамалиддин шайх – 23. Камалиддин шайх (л.а. Бақшайыш). 24. Насреддин – 25. Абибулла шайх – 26. Қожамұхамед шайх –27. Исмайылқожа – 28. Қасымқожа – 29. Мұсақожа – 30. Әкімқожа –31. Ахмедқожа – 32. Әбдірайымқожа – 33. Арыстанқожа – 34. Әбдірахымқожа, Әбдірахманқожа. Әбдірахым – 35. Әбдіжәлел – 36. Ибраһим – Разаққожа, Мұзаффарқожа. Разақ – 37. Әбдімомын, Әбдісаттар.
  2. Құли шайх (Жаратқан Құлы) – 39. Аллабердішайх – 40. Әбілһай, Өтеген (Өтеш) шайх, Тікәш шайх – 41. Мүсірәлішайх – 42 Сүгірәлі –43. Уәлиқожа – 44. Нұржан – 45. Қанатбай – 46. Шеге – 47. Сақау –48. Арыққожа – 49. Бекмамбет – 50. Нұрмахан – 51. Жұмамұрат – жоғарыда айтылғандар, Үш жүзге Ұлы Пір болған Мүсірәлі сопы әзіздің Қожа (оның) ішінде Бақсайысқожа әулетінен шыққан ығының жарқын дәлелі деп санаймыз.

Себебі осы әулеттің өкілінің шежересі алдыңғы екі шежірені қайталап отыр. Жұмамұрат аға 1928-2012 жылдары өмір сүрген. Анығы бір Аллаға аян. Жұмекеңді менің көзім көрген, маслихаттас болған адам. Салиқалы, сөзді байыппен сөйлейтін адам еді Мына мақаласындағы бір пікірі шындыққа саяды.

«Құдайдың өзі кешірсін, ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Жәдік әйелімен құдайдан бала сұрап, әулие-әмбиелерге түнеп, елге оралғанда ізінде еріп келген баласы Мүсірәлі ересек бала екен деген әңгіме де бар. Кейбір шежіре деректерінде немесе зиялы деген парасат иелерінің пайымдауына қарағанда, Мүсірәлі 1650-1660 жылдар аралығында Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи медресесінде оқып жатқан жас шәкірт бала екен. Жәдіктің құдайдан бала сұрап, әулие-әмбиелер аралауы да осы кезге сәйкес келеді».

Мүсірәлі Түркістанда медреседе оқып жүріп бала оқытуға Керейт арасына келіп, жатар орын, ішер тамақ, киер киім табылатын жер іздейді. Жәдік баба жалғыз басты баланы үйіне кіргізіп алса еш сөкеттігі жоқ. Керейттің арасына келіп он-он бес жыл жасаса, Керейтке исі сіңеді. Оқымысты, ислам қағидалары мен ата салтын қатар сақтаған.

Қазақ арасында туылып, ата тәрбиесінде көргені ізгілік болса, Жәдік бабаны жерге қаратпайды. Ұл орнына ұл болып мал басына иелік жасайды. Алланың соңғы және Ұлық елшісінің ұрпағы қожалар ата салтын бұзып, ислам ілімін таратып жүрген ұрпағын алып кетпейді. Бұл – ата жолы. Ал Жәдік бабаның көңлін қарайтпайын деп Мүсірәлінің мен Жәдіктің баласымын деп айтуы әбден мүмкін. «Бір адамың көңілін қалдырған, бір қаланы бұзғанмен бірдей» деген қағида Қазақ арасында бұрыннан бар. Шұбартау, Баршатас маңындағы Керейдің «Жастабан» атасының ішінде Қожампадша (Қарақожа, Ханпадшайым) Шаяннан барып пірлік қылған. Қабыры Дағанды аңғарында, «Әлдекенің бидайығы» деген жердің маңында. Жалпы қорым «Қожа басы» деп аталады.

Қожампадша қойылған соң осы маңдағы керейлер сол жерге қойылған. Бұл бабамыздың тарихы жоғарыдағы қожалардың тарихымен бірдей. Керейдің Елтынды атты байы Ташкенге барып келе жатып Шаян маңындағы қожаларға тоқтайды. Сол жерден бір жас жігіт мен сізбен бірге барамын деп еріп шығыпты. Елтінды баба Ташкентке молда іздеп барса, ондағы ағайын бабамызды  Созақтағы Қосым ишанның әулетіне жұмсайды. Қосым ишан керейлерге мына жігіт лайықты деп біреуін шығарып береді. Басқа ештеңе жоқ. Бұл кешегі 200 жылдан аса Ресей боданы уақтындағы қазақты ислам дінінен ажырату үшін қожаны жамандап, мемлекеттігінен ажырату үшін төрені жамандап, ел арасын бұзған саясаттың кесірі. Біз бұл жүйені әлі толық меңгере қойған жоқпыз. Өз ата-бабамыз ондаған жыл тақсыр деп артына намаз оқыған, әкесі мен шешесінің, жалпы барлық қазаның жаназа намазын тапсырған, Құраны мен құдайысын тапсырған пірлеріне қарсы қойған саясаттың кесірі.

Төретам қаласының тұрғыны Айнақожа ағаның аузынан «Мен Мүсірәліге алты атадан қосыламын. Мүсірәлі – Қосым – Әбдіжәлел – Дәрменқұл – Досымбет – Таразы –Алдаберген – Айнақожа, шын атым Мұхамеджан. Мүсірәлінің жатқан жерін іздеп Орта Азияда бармаған жерім жоқ. Қарақалпақ, Өзбек, Түрікпен, Қазақстан бәрін шарладым. Сөйтсем бабамның сүйегі Шаяндағы Сейіт Қосым ишанның қорымында екен-деген еді.

Мүсірәлі қожаның қабірі Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы Шаян ауылында.  Қосым Қожаның бейіті Қазалы ауданы, Қуаңдария бойында. Бұл деректі Әбдіғани балалары сақтап  келген. Ырысжан Ілиясова «Далам тұнған шежіре». Алматы: Зерде, 2007 жыл. 71-бет.

Мүсірәлі бабаның ұрпақтары Мүсірәлі-Сібірәлі (Шүкірәлі), Нұржан, Сүгірәлі, Мәмбетәлі, Дербісәлі, Сауранбай, Дос, Қосым және Сарықыз деген бір қызы болған деп айтады. Өзбекстаннан келген әсіл нұсқада Шүкірәлі деп жазылған. Сібірәлі (Шүкірәлі), Нұржан, Сүгірәлі – Оспан, Сапар, Ер Уәлі. Дербісәлі – Мәмбетәлі, Әбдімәлік, Салпық, Құдайқұл, Жабық, Ахмет. Сауранбай – Аққожа, Бекқожа, Әбдіқожа, Исламқожа, Смағұлқожа. Дос – Иманқұл, Аманқұл, Еспенбет. Қосым – Әбжел (Кіші жүздің пірі) – Ышқыш, Арыстан, Сәдір, Арзығұл, Қожағұл, Раим, Таңсық, Қалдар Қосымқожа шамамен 1700-1780 жылдарда өмiр сүрген. Пiрлiгiмен қатар, елдiң бiрлiгiн сақтау күш салған қайраткер. Мүсiрәлi, Қосымқожалар хақында көптеген көрнектi ақындар өз жырларын

арнаған. Шораяқтың Омары (1873-1924): … Сол кезде Сопы, Марал өткен дәруiш, Таратып, қайыр таппас халыққа бата, – десе, Қосымқожаның тiкелей ұрпағы Жарылқасынқожа (Аяған 1857-1905) Айымторымен айтысқанда: «… Арғы атамды сұрасаң Сүгiрәлi, Бергi атам онан туған Ыбырайым. Өз атам Сырман серi, қарадан хан, Пiр тұтып, қол тапсырған.

Мүсірәлі ұрпағы Әбжел баба мен Дәрменқұл баба

Мүсірәлі ұрпағы Әбжел баба мен Дәрменқұл баба жөнінде (Айнақожа, Алдамберген, Қосымқожа ұрпақтарының естеліктері)

-Бала кезімде, 1939-1940 Алдамберген ескі әңгімелерді замандастарына айтып отыратын. Ескіше көп оқыған, сауатты, ақындық дарыны бар адам еді. Айтқан әңгімелерін біздер ұрланып тыңдайтын едік.

Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін, 1947-1948 жылдары әкемнің бірсыпыра қолжазбаларын жинастырып, араб қарпі мен осы күнгі қазақ әріпіне ескіше сауаты бар Жалмұратұлы Қобылашқа көшіртіп алған едім. Әкемнің жазбаларын ол кезде жариялау түгілі, естіртіп айтуға да қорқатын кез еді.

Себебі, біздің аталарымыз атышулы Қожа әулеті болғандықтан, олардың бір ауыз сөзін естісе, халық жауын ұстағандай қамауға алушы еді.

Түсінікті болуы үшін қысқаша айтайын: арғы үлкен атамыз – үш жүздің барша қазақтың пірі, Тәуке ханның Бас Әзіреті, үш жүздің Күлтөбеде өткен кеңесуінде көрегендігімен, әулиелігімен пірлікті жеңіп алған Мүсірәлі (Сопы Әзиз) еді. Мүсірәліден 6 ұл, 4 қыз өрбіген. Ең кенже баласы-қалмақтың Шұғылай Жайсаңының кенже қызы, қалмақтың қолбасшысы Қалдан Церен Бошақтудың балдызы – Мәриямнан туған Қосым еді. Мүсірәлі Түркістанға кетерде Қосымды кіші жүзге пір етіп берген. Қонысы Әлім аталығының ортасында болған. Қабірі де осы елде. Қазалы жерінде. Жеті өлікке жан берген, дұғасы қабыл болған. Қосымның пері әйелінен туған үлкен ұлы – Әбжел. ≪Сенің анаң перінің қызы болғандықтан атыңды Әбжел қойдым. Халық сені ≪Бір қап жел≫. ≪Дұғаң қабыл, оғың кезеулі болар≫ деген екен әкесі Қосым. Әбжелден 31 ұл, 41 қыз өрбіген. Бұл кісінің сүйегі өлгенен кейін ақсары бас аққу бейнесіне айналып ұшып кеткен, тәнін жуған су мен сауап киімі жерленген. Өте қатал, айтқаны болатын, ықыластанған адамына шапағаты мол әулие адам екендігін халықтың айтуымен бірге осы күні өзіміз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, көптеген оқиғалардың куәсі болып отырмыз.

Қабірі аудан территориясында. 1981 жылдан бері өзімнің қамқорлығымда. Мен оның қамқорындамын. Ерте заманда әр ру, әр аталық ата жолымен өз ортасында қожа әулетін құрмет тұтатын болған. «Маған да өз ортамда бірге болатын пір керек, заман болса ауыр» деп Жаманақ әулетінен шыққан әулие Жанқожа батыр Әбжелге келіп өтініш жасаған.

Әбжел Жанқожаны құрметпен қарсы алып: «Қасында бірге жүрген інім Сайекең (Саймұхамед) қажының шақыруымен Хиуаға кетті. Енді менің баламның үлкені – Дәрменқұлды ала ғой. Пір болуға да, дос болуға да жарайды. Қысылған кезінде көмек те берер», – деп Жанқожа батырға бата беріп жіберген екен.

Дәрменқұлдан 9 бала. Бұлардың бірсыпырасы осы кезге дейін Шекті (Жаманақ) атамыздың балаларының ортасында. Бөжек, Нұрымбет, Орымбет, Имам Мақсым, Балымбет, Бейімбет әулеттері ауылдастарымен бірге өсіп-өніп, туыс болып кеткен.

Дәрменқұлдың кенже баласы Таразы – менің атам, үлкен әкем. Енді әкем Алдамбергеннің бір әңгімесіне тоқталайын. Бұл сөздерді әркім әртүрлі айтып: «Ана би олай депті», – деп бұрмалап жазып жүр.

Әрине, олар да естігендерін жазып жүрген шығар. Бір кезде қожалардың сөздерін жариялап, жазбақ түгілі, айтуға да қорқатын болдық қой. Шектіден шыққан көреген әулие ержүрек батыр Жанқожа өз заманының алыбы болғаны мәлім. Ақылы кәміл, әр нәрсені ойланбай

шешпейтін адам болған. Қасындағы досы, әрі пірі – Дәрменқұл ишанмен ақылдасып, кеңесіп отруды жақсы көрген.

Бір күні:

– Дәреке, қазақ халқына қанды шеңгелін салып келген Қоқан хандығына оның алынбайтын қамалы – Созаққа аттансам ба деп отырмын. Осы сапарға Сізді де бірге алып жүрсем бе деген ойым бар. Бұған сіз не айтасыз? – деп өзінің ойын білдіріпті.

Өзімен жас шамасы қаралас Жанқожаға:

– Сен қайда болсаң мен сондамын. Халқым үшін қызмет етуден бас тартпаймын. Қасыңда болуға дайынмын, – деген екен Дәрменқұл ишан. Сонымен Дәрменқұл Созаққа Жанқожа батырмен бірге аттанады.

Бұл тарихи шежіре Жанқожа туралы жазылғандықтан, оны қайталау қажет емес секілді.

«Созақты жаулап аламын деп келе жатқан көрінеді. Мен 5 мың адаммен барып, ала алмай жүргенде ол 500 адаммен не бітіреді?! Жанқожа осыны ескерсін», – деп Кенесары хан арнайы хабар жіберіпті. Бұл хабарды естіп Жанқожа Дәрменқұлдан:

– Тақсыр, сапарымыз қалай болар екен? – деп сұрапты.

Сонда Дәрменқұл ишан:

– Бүгін күн – дүйсенбі. Сәрсенбі күні таң намазынан кейін Созаққа шабулыңды бастай бер. Еш нәрседен қорықпа. Сенің 500 сарбазыңа қоса, 500 жолбарыс бірге барады, – деген екен.

Қысқартып айтқанда, – Жанқожа батыр Созақты адам шығынынсыз басып алды.

Бұл хабарды есіткен Кенесары хан:

-Біз де олжадан бос қалмайық. Көмектесейік, Жанқожаны қонаққа шақырайық, – деп елші жіберіп Жәкемді қонақ етіп құрметтейді. Әңгіме үстінде Кенесары Жанқожаның ерлігіне, батылдығына

таңдана отырып, Созаққа қалай қорықпай шабуыл жасағанын сұрапты.

Сонда Жанқожа батыр:

– Артында қол жайып тілегінді тілеп отырған халқың болса, екі дүниеден хабары бар алдағы істі болжап отырған ортаңда жүрген көреген пірің болса, жауды жеңбейтін несі бар?! – деген.

Кеңесары терең ойға шомып:

-Олай болса, алдын болжап отырған әулие, пірің бізге де болжамын айтар депті.

Дәрменқұл ишан:

Тақсыр, хан ием, артық болжам айту – Аллаһтың қолында. Аз ғана болжам айтайын, еске сақтар ұрпақ болса, – деп сөзін әрі қарай жалғапты:

– Ертеңіне сенбейтін күнің болар,

Ала-шұбар тілің болар.

Дүбәмалдау дінің болар.

Шапағаты жоқ жаның болар.

Бағасызды мақтайтын ақының болар,

Айлалы әзәзіл армандар болар.

Қайыр сұрап сандалатын адамдар болар,

Ішкенің сары су болар.

Ол суды ит те ішпейді,

Адамзат оған құмар болар.

Неше түрлі дәрің болар,

Билігі жүрмейтін кәрің болар.

Жалаңаш жүру салтың болар,

Тегін білмейтін халқың болар.

Бұл сөзді түсінгендер жақсы болар,

Аллаһтың әмірімен түзу жолға шығар, – деп дем алған екен.

Кеңесары хан Дәрменқұл ишанның сөзін тыңдауға ерекше ықылас білдіріп:

-Тақсыр, болжамыңыз ауырлау болды-ау.

Енді болашақ ұрпақ туралы не айтар едіңіз, – депті.

-Тақсыр, хан ием, біз де өтеміз. Өз заманымыздың салтанаты өзімізге жеткілікті болған секілді.

Бірақ… – деп ауыр күрсінген ишан:

Құрамалы, қоршаулы үйің болар,

Айнымалы, төкпелі биің болар.

Мағынасыз, пайдасы аз айқай-шумен өтетін жиын болар.

Жүре тыңдап сырт айналатын,

Едірей деген ұлың болар.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын.

Бедірей деген қызың болар.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болар.

Сандалып жүріп күн көретін,

Дорба арқалайтын елің болар, –деп бата жасаған екен.

Кеңесары хан:

-Мен әрі ойланып, бері ойланып, Жанқожаның Созаққа жалғыз шабуыл жасауының шешімін таба алмай отыр едім. Енді шешімін тапқандай болдым. Жанқожа, сіз жалғыз емес, көп екенсіз. Тілеуқор артында халқың болса, Дәрекеңдей көрген әулие, пірің қасыңда жүрсе, бір Созақ емес, бірнеше Созақты жаулап алуға шамаңыз келеді екен. Мен әруағыңа басымды иіп, ырза болдым деп, – Жанқожа батыр мен Дәрменқұл ишанды бірнеше күн қонақ етіп, үлкен сыйлықпен аттандырған екен.

Сейтомар Саттарұлы  (жалғасы бар)

Ұқсас мақалалар

5 пікір

  1. Менин енем Ескожаева Рахима Альмахан кызы. Ескожа атамыздын 5каскыр пири болган, Торт кара шобан, шал торт кара, жалан торт кара елине Пир болган КАЗАЛЫ ауданы, Уйрек елдимекенинде. Бейити коне корымда торткаралардын ортасында жатыр. 1938 жылы кайткан. 1922 жылдары Совет укиметинин келетинин алдын ала билип торткараларга барлык малын таратып жиберген. Аткан жерлери жайлы болсын маркумдардын

  2. Ассалаумағалейкум қазақ елі, жамағат! Мүсірәлі Сопы әзіз және ұрпақтары мен олардың еңбектерін зерттеген мақала авторларына алғысым шексіз, рахмет сіздерге! Мүсірәлі баласы – Қосым қожадан – Әбжел (Кіші жүздің пірі) – Ышқыш, Арыстан, Сәдір, Арзығұл, Қожағұл, Раим, Таңсық, Қалдар тарайды деп мақалада келтірілген, мен білетін үлкен ағалардың айтумен Қосым қожаның Құлтай және Құлқай есімді балалары болған, бұл мақаладан олар жөнінде ешқандай мәлімет таба алмадым.
    Мақалада аттары аталған Мүсірәлі Сопы әзіз ұрпақтарынан сұрайтыным, осы екі (Құлтай және Құлқай) кісі туралы мағлұмат болса, «Аталы адам азбайды», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп ата-бабаларымыз айтқандай менде өз аталарымды түгендеп жатыр едім.
    Мендегі мәлімет бойынша шежіре былай келеді: Мүсірәлі сопы – Қосым қожа – Құлқай – Бекен – Сексенбай – Құдайберген – Төлеген – Таңат (әкем), мүмкіндік болса, білетіндер болса хабарласса деймін, РАХМЕТ!!!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button