
ҚАЗАҚ ССР ТАРИХЫ: «Ақындардың көптеген өлең-жырларында әлеуметтiк бағыттар айқын көрiндi, ал сонымен қатар оларда барлық қазақтар бiртұтас, қазақ қоғамында таптық қайшылықтар жоқ деген түсiнiктер жойылып болмаған едi. Мысалы, Жанақ, Түбек (Оңтүстiк Шығыс Қазақстан), Абыл (Батыс Қазақстан), Орынбай, Шөже, Сақау, Арыстан, Серәлi (Орталық Қазақстан), Меделқожа (Мәделiқожа Ә.О.), Майлықожа, Қаңлы Жүсiп (Оңтүстiк Қазақстан) ақындардың және басқалардың өлең-жырлары осыны көрсетедi. Қазақстанның оңтүстiк аудандарының ақындары өздерiнiң шығармаларында Қоқан және Қиуа хандарының езгiсiнде күңiренген халықтың қайғы-қасiретiн көп жағынан алғанда дұрыс көрсеттi. Сонымен қатар олар өздерiнiң билерi мен байларын мадақтап, өз руларының артықшылығын жырлап отырды». I том, Қазақ мемлекет баспасы, Алматы, 1957 жыл, 390-391 беттер.
ЖАМБЫЛ:
Майлықожа, Құлыншақ —
Пiрiм едi бас ұрған,
Айтқандары нұсқа едi,
Сөз жаралған асылдан!
«Бақтыбай ақынмен танысуы» екi томдық шығармалар жинағы, I том, 69 бет, «Жазушы», Алматы, 1982 жыл.
МҰХТАР ӘУЕЗОВ: «Шығыстың классикалық әдебиетiмен байланысты болған Ораз Молда, Мұса Молда, Майлықожа, Мәделi, Ақылбек, Сабал, Мәулекей, Шәдiтөре, Мақыш Қалтаев, Кәшапеддiн, Әрiп, тағы басқалары секiлдi кiтаби ақындар бар». «Әр жылдар ойлары», 471-бет, 1959 жыл, Алматы
«Айтыс ақындары кейде өлi мен тiрiнi, мал мен адамды, аң мен адамды, ақын мен домбыраны да айтыстырады.
Өлiп жатқан Ақбала қыз бен Боздақтың айтысы, Түйе мен Майлықожаның айтысы, Атығай Тоғжан ақынның домбырамен айтысы — барлығы да айтыс жанрының тың түрi болады».
«Айтыс өлеңдерi» зерттеуi, «Қазақ әдебиетiнiң тарихы» 1948 жыл, Алматы.
Бұдабай Қабылұлы:
Көтеншiде Құлыншақ
Өлең сөздiң ұстасы,
Майлықожа, Мәделi
Бұлар оның тұстасы,
Сөздерiнiң бар едi
Тiстейтiндей қышқашы.
«Шымкент келбетi» газетiнiң 2003 жылғы 3 саны.
МОЛДА МҰСА БАЙЗАҚҰЛЫ:
Мәделi өттi қожада Майлы ақын,
Тегiс бiлдi аттарын алыс-жақын,
Жақсысына әр елдiң қадiрлi боп
Шайырлықтың олар да көрдi нәпiн.
«Ақын деп атымызға әркiм қанық» өлеңiнен, «Өткен күндер», 27 бет, 1987 жыл.
КЕНЕН ӘЗIРБАЕВ:
Мәделi, Майлықожа, Майкөт ақын —
Шығарған өнерiмен жұртқа даңқын.
«Өткен талай ақындар» өлеңi. Таңдамалы екi томдық шығармалар жинағы, I-шi том, 133 бет. Алматы, 1984 жыл.
СӘБИТ МҰҚАНОВ: «XVIII және XIX ғасырларда қожалар арасынан дарынды ақындар да шыққан. Мысалы, Арқада — Шортанбай, Торғайда — Серәлi, Жетiсуда — Жарылғасын мен Жүсiпбек, Сырдария бойында Мәделi мен Майлы. Бұлар … қазақтың халықтық өмiрiнен талай шындықты ақтарып, арттарына толып жатқан елеулi мұралар қалдырған».
«Халық мұрасы», Таңдамалы шығармаларының 15 томы, 24 бет, Алматы, 1979 жыл.
КЕНЖЕҚОЖА ҚҰЛМЫРЗАЕВ:
Арғы атам Мәделi мен Майлықожа —
Ғылым мен өнерге асқан сайлы қожа.
«Кененмен айтысы», Кенен Әзiрбаевтың екi томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 2 том, 18 бет, Алматы, 1984 жыл.
Майлықожа, Күдерi —
Алмасын сөздiң саптаған!
«Ақындар» толғауы, «Пернедегi термелер» жинағы, 257 бет, Алматы, 1965 жыл.
СҰЛТАНБЕК АҚҚОЖАЕВ: Қазақ ССР ғылым академиясының Тiл мен әдебиет институты 1961 жылы бастырып шығарған «Алпамыс» жырының Майкөт ақынға тиiстi нұсқасын жырлап берген ақын.
Ақын ед Майлықожа Арыстағы,
Бәйге алған жүйрiк едi жарыстағы,
Өзi ақын, өзi қожа, өзi молда
Тынбаған өле-өлгенше шабыстары.
Қожаның шырын сөзiн естiсек деп
Есiткен ынтық болып алыстағы,
Жоғарғы өр дулаты жiбермеген
Әуелi барған жерде танысқалы,
Алды тоғыз, аяғы қара берген
Сиқым, ботбай, шымыр мен жаныс-тағы.
1961 жылғы жазда өз аузынан жазылып алынған сөз.
ӘБДIЛДА ТӘЖIБАЕВ: «Бiзде шығыс классиктерiнiң үлгiсiмен поэмалар жазумен бiрге лирикалық өлеңдер жазған бiрнеше ақындар болған. Олар: Шәдi, Майлы, Шораяқтың Омары, Мәшһүр Жүсiп, Тұрмағамбет, т.б.». «Өмiр және поэзия» кiтабы, 267 бет, Алматы, 1960 жыл.
СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ: «Оңтүстiк Қазақстан — Майлықожа, Мәделi, Нұралы, Құлыншақ сияқты ел таныған ақындардың отаны».
«Аз болса да саз болсын», «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң 1961жылы 19 ақпан күнгi 44 санында жарияланған мақала.
ҒАЛИ ОРМАНОВ: 20 июнь. Қопабай және бiр-екi туысы келдi. Қопабайға Жамбыл: «Екеуiмiз ертеде Арысқа, Түркiстанға барғанымыз есiңде ме? Майлықожа, Құлыншақ ақындардан «Шора батыр», «Қыз Жiбек», «Мұңлық-Зарлық» қиссаларын тыңдап, қайтарда атымызды ұрлатып жаяу қалғанбыз, ел болып ат мiнгiзiп қайтарып едi. Ой ол да бiр қызық күндер екен ғой»— деп жас кезiн еске алды.
«Ғасырлық ғұмырдан бiр үзiк сыр», «Лениншiл жас» газетi,
1986 жылғы 20 қарашадағы 224 (11511) саны. «Ғасырлық ғұмырдан бiр тағылым»,
«Дастан ата» жинағының 139 бетi, «Жазушы», 1980 жыл, Алматы.
НАРТАЙ БЕКЕЖАНОВ:
Қожада Майлы менен Мәдi едi
Олардың сөзi қандай әдемi едi?
Бұл күнде пәленше айтқан дегенменен
Бiлмейдi көбiсi оның дәнеңенi.
Майлыекең осы өлеңмен малды болды,
Ақынның айтып жүрген алды болды,
Өлеңдi кәсiп етiп өткен ақын
Осындай үлгi пiшiп салды жолды.
«Бастау» өлеңiнен, «Аманат» жинағының 141 бетi, «Жазушы» баспасы, 1990 жыл, Алматы.
ТӘКЕН ӘЛIМҚҰЛОВ:
Абайға дейiнгi ақындардың күллi қазаққа танымал алты тарланы:
Асанқайғы Сәбитұлы…
Бұқар жырау Қалқаманұлы…
Шал Құлкекеұлы…
Дулат Бабатайұлы…
Шернияз Жарылғасұлы…
Майлықожа Сұлтанқожаұлы…
«Жұмбақ жан», 73-74 беттер, 1978 жыл, «Жазушы», Алматы.
БЕЙСЕНБАЙ КЕНЖЕБАЕВ:
«Ертеде сенiң ауылыңда болғанмын. Ол жиырма бес жасар кезiм едi. О, шiркiн дүние, балалық-ай. Түркiстанда қоныстап қалған Нұртаза есiмдi ағайын бар едi. Соның үйiне түстiм. Оңтүстiк ақындарын көрейiн деген көңiлде арман бар. Әсiресе Шәдi төреге жолықсам деймiн. Үйiне iздеп барып едiк, ол кiсi үйiнде болмай шықты. Әзiрет Сұлтанды аралап көрдiк. Екi-үш күннен кейiн Түркiстандағы бiр тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесiп бiрге болдық. Сол жылы Құлыншақтан «Шора батырды» тыңдап, үйрендiм. «Ертеңiне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдiкке айналып бара жатыр едi, жұрт екеуiмiздi қой-қойлап әрең тоқтатты. Майлықожа «Балам, сенiкi жөн, тоқта ендi» деп арқамнан қақты. Мен сол сапар Майлықожаны ұстаз тұтып қайттым»,— дейдi Жәкең. Бiз қарияның әңгiмесiн ұйып тыңдадық».
«Жарқын бейне» естелiгi, «Дастан ата» жинағының 260 бетi, «Жазушы», 1989 жыл.
ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН: «Кейбiреулер қазақта бұрын жазу болмаған деуi әдiлетсiз айтылған сөз. Жазу болмаса Абайдың, Алтынсариннiң, Майлықожаның, Көпеевтiң ғажайып кiтаптары болмас едi».
«Зерде» («Бiлiм және Еңбек») журналының 1984 жылғы 4 санында жарияланған сұқбат.
ЗИЯБЕК ҮРIСТЕМОВ:
Фердауси, Омар, Сағди, Гете, Гейне,
Байрон мен Бальзактардан төте бейне
Алуға күшi Абудың жетпесе де
Мiндетiн ол Майлыдай өтемей ме?
«Кейкi батыр» дастанының сөз басынан. «Басында Қазығұрттың» кiтабынан («Жазушы»,1986 жыл) 50 бетте.
КӨБЕЙ СЕЙДЕХАНОВ: «Майлықожаның 150 жылдығына арналған мәжiлiсте ақын творчествосы жан-жақты сөз болады. Шынын айту керек, оның бұрыннан баспада жатқан жинағының юбилейiне шықпай қалуы өкiнiштi болды».
«Мұраға сергек қарайық», 1985 жылдың әдеби қорытындысына арналған жиналыста жасалған баяндама. «Қазақ әдебиетi» газетi, 1986 жылғы 21 ақпан.
АРЫНҚОЖА МЫРЗАЕВ:
(Майлықожаның туғанына 150 жыл толған салтанатында оқылған өлең)
Майлыны ақындардың дүрi дейдi,
Белгiлi жүйрiктердiң бiрi дейдi,
Қазақтың қалың елiн қайыл қылған
Халқының қадiр тұтқан ұлы дейдi.
Бағы асып заманы бiр шайырлардан
Насихат сөздерi көп дайындалған,
Әсерлi әдiл сөздiң құдiретiне
Өз халқы парқын бiлiп қайыл қалған.
Қадiрлi өнерiмен болды елiне
Жиынның араласып мол жерiне
Жыр алыбы Жамбылға ұстаз болып
Баулыған өнер сөздiң өрнегiне,
Кезiнде талай шәкiрт сөз үйренiп
Сайрады сандуғаштай өз жерiнде.
Сондай-ақ аты шулы бабам Майлы,
Дарымай ешкiм өлең таба алмайды,
Тағдыр өзi өнерiн сыйламаса
Маржандай асыл сөздi жаза алмайды,
Дүниеге алуан түрлi ақындар кеп
Дәуiрiн өз әлiнше базарлайды.
Майлымен тұстас өткен ақындар көп
Халқынан өнерлерiн жасырған жоқ.
Оңтүстiк өңiрiнде сол заманда
Майлыдан ешкiм сөзiн асырған жоқ.
Халқының қанық болған сырларына
Ел тағдырын жазған ол жырларына,
Асыл сөзiн арнаған өз жұртының
Артық туған ақылды ұлдарына.
Жүз елу жыл толғаны былтырғы жыл
Атақты Майлы ақынның туғанына
Өнер сүйер қауымның өкiлдерi
Жиналды осы бүгiн думанына.
Құрметтеп атап өтiп туған күнiн
Бастырып баспаларға өлең-жырын,
Дүниеден өтiп кеткен бабаларға
Болмаған бұндай құрмет бұдан бұрын.
Заманның сыйға тартқан жаңалығы
Асқақтай ақындардың тарады үнi,
Рухы көтерiлiп құрметпенен
Шарықтап шалқыды ендi баба жыры,
Осындай дәстүрлердi iске асырған
Кемеңгер партияның даналығы.
Iске асты жаңалықтар толып жатқан
Аз емес жақсы дәстүр болып жатқан.
Ғасырлар шежiресi ескерткiштер
Қаншасы бой көтердi шөгiп жатқан,
Тарихты баяндайтын музейлер бар.
Халқымыз тәлiм алып көрiп жатқан,
Үкiмет пен партияның аз ғана емес
Халқы үшiн шапағаты төгiп жатқан.
Бабамыз аты әйгiлi ақын едi,
Айтқаны өсиет сөз нақыл едi,
Ұлы жиын тойларға шақырылып
Дәм-тұзын талай елдiң татып едi,
Әдiлеттi ерлермен ел билеген
Әрқашан да көңiлi жақын едi.
Елдегi оқиғаның бiлiп бәрiн
Зерттеген әдетi мен ғұрыптарын,
Үстемдiгiн өткерген зорлар болды
Салып жүрген нашарға құрықтарын,
Өлең сөзбен сынады әшкерелеп
Әдiлетсiз мықтының қылықтарын,
Жақсы iстi мадақтап мақтап айтса,
Жаман iсiн жария еттi ұлықтардың.
Қай кезде бақталастық адастырған —
Ел басқарған ерлердi таластырған,
Жауласып кететұғын даулы iстердi
Майлы ақын өлеңiмен жарастырған.
Бiр мысал Байзақтың қос арыстаны
Дыбысын ел бiлетiн алыстағы —
Ақмолда, Ыраймқұл екi бөрi
Алашқа мәлiм болған дабыстары,
Жарастырған сөзi жүр ел аузында
Екi арыстан тұрғанда алысқалы.
Бөлек сөз өз алдына жыр жарысы —
Шарықтап өлеңiмен тұр дабысы,
Халықтың қамын ойлап уақытында
Ақынның аз болған жоқ қылған iсi.
Даланы суландырып қазған арық
Мердiгер елден жинап адам салып,
Майлының арығының табы жатыр
Кезiнде пайдаланған қанша халық,
Қауын, қарбыз, тары егiп аламыз деп
Талай кедей кеп жатқан арқаланып,
Шәкiрттерiн арыққа пайдаланды
Қызылжардың үстiнен там сап алып,
Бiраз жыл бұл iсi де пайдаға асып
Жататын жыр төгiлiп, ән жаралып.
Аз емес айта берсек тындырғаны,
Дарыған жасынан-ақ тiлдiң бағы,
Күй тартып, ән шырқаған шарықтата
Қазақтың аз болған жоқ бұлбұлдары,
Қайтадан тiрiлгендей болды бүгiн
Кешегi өтiп кеткен дүрдiң бәрi.
Кәдеге асып сөздерi жарық көрсе,
Пайдасын оқып, тыңдап халық көрсе,
Атадан қалған мұра асыл сөздер
Үлгi боп ұрпағына шабыт берсе,
Баяндай бабамыздың жақсы iстерiн
Бiз де жырлап қоямыз шабыт келсе.
Рухы осы емес пе тiрiлгенi
Шежiре тiзiмiне iлiнгенi,
Термешi, әншi қауым орындап жүр
Сөздерiн қалт жiбермей бүгiндерi.
Майлы сөзiн ескiлер бiлушi едi,
Әр сөзiн әркiм айтып жүрушi едi,
Талай қарттар айтатын тымсал сөздер
Ескiлердiң ауызынан шығушы едi.
Сөздерiн жинастырып құрастырып,
Ата сөзiн жастарға мирас қылып,
Әсiлхан Оспанұлы жиенiмiз
Көп жылдар зерттеп жүрген сұрастырып.
Қазынаның бетiн ашып ашылмаған
Майлы сөзiн жинады шашыраған
Шашыраған сөздерiн жинап жүрiп
Он тоғызыншы сырласты ғасырменен,
Ел iшiнен әлi де көп табылар
Тың сөздер жарық көрiп басылмаған.
Тымсал сөз жинай бермек өзендерiн,
Майлыдан бастаған ол өз еңбегiн,
Сөзiне зерттеу жасап жүрген өзi
Ескерiп өмiрiнiң кезеңдерiн,
Ғылымның кандидаты атақ берiп
Партия бағалады ер еңбегiн.
Ашпаса құпияны кiм бiледi,
Бейнетi жақсы iстiң бiр жүредi,
Нағашы бабасына Әсiлханның
Сiңiрген еңбектерi шындық едi.
Майлының әулеттерi шын жүректен
Әсеке, ризалығын бiлдiредi.
1986 жылдың 12 мамыры, Отырар ауданы, «Қожатоғай» кеншары.
БАҚЫТ САРБАЛАЕВ:
Шалшыққа бiткен тал жаман,
Қайырсыз бiткен мал жаман,
Ел тыныштығын ойламай
Есiрiктенген шал жаман — дейдi Майлықожа. Қандай әдемi! Ғибраты жаныңа жiлiктiң майындай дариды. Тiптi бүгiнгi күн талабына жауап берiп тұрған жақсы жыр. Бiр қызығы — бiздiң бүгiнгi көп ақындарымыз, мiне осылай насихат, дидактикалық толғаулар да жаза алмайды. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 44 саны,
1986-шы жылғы 31 қазан.
ЖҮСIПБЕК АЙМАУЫТОВ: Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тiзген меруерттей кестелi, толғаулы сезiмiн айта бiлуiнде ғой. Тоқсан үш жасар Түрiкпен… Майлы… Шәңгерей… ақындардың асыл сөздерiне өлiм жоқ.
Сiз шамаңыз келсе осынау Түрiкпен, Майлы, Шәңгерейлерше жүрегiңiздiң шерiн шертiңiз. Неден күйiнесiз? Неден өкiнесiз? Неден жиiркенесiз?— дегендей оларды әңгiме қылыңыз».
Ақын Мәшһүр Жүсiп Көпеевке 1927 жылғы мамырдың 20 жұлдызында жазылған хаттан.
(«Социалистiк Қазақстан», 1990 жылғы 1 мамыр, 102 (19277) саны).
РАҚЫМАНҚҰЛ БЕРДIБАЕВ: …Тамаша нақыл, насихаттың, шыншыл әлеуметтiк шақырулардың, адам мiнезiн түзеу ниетiмен туған ғажайып дастандардың авторы, кемеңгер ақын Майлы.
«Гүлстанның бұлбұлдары», 128 бет, 1970 жыл.
Д. А. Қонаев: Жазушы Рақымжан Отарбаевтың сұрағы:
— Жазушылар одағында құдайдан сiздiң амандығыңызды қоймай сұрап жүретiн бiр кәрi досыңыз бар ғой, сол Колбин алғаш келгенде сағынысқан кәрi құдасын көргендей құшағын аша ұмтылып, жиналған қаламгердi айран-асыр еткен. Әлi де хабарласып тұра ма?
Д. А. Қонаевтың жауабы:
— Балам, Оңтүстiкте Майлықожа деген ақын өткен. Сол:
Көлеңкелi бұлыттай
Көшпелi болған дүниесiң,— деп жырлаған.
Арғы жағын қинамай-ақ қой… «Егемен Қазақстан» 1997, 11 қаңтар.
ШӘМША БЕРКIНБАЕВА:
Қазақстан Республикасының Бiлiм және Ғылым министрi:
Асанқайғы, Жиембет, Ақтамбердi, Шалкиiз, Бұқар, Дулат, Мұрат, Махамбет, Майлықожа т.б. сияқты күмiс көмей, жез таңдай ақын-жыраулардың әр түрлi өмiр құбылыстары, адам мен қоғам, жан мен тән, тiршiлiк тынысы туралы терең толғаныстарының, дана өсиеттерiнiң қазiргi жастардың бiлiмi мен тәрбиесiне берер пайдасы, қосар үлесi қаншама.
«Егемен Қазақстан» 288 саны, 2002, 11 желтоқсан. (Майлықожа. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Әсілхан Оспанұлы. – Алматы, 2005. – 864 бет» кітабынан алынды).





