Алтай қазақтарының дін тұтқасы – Мұхаммед Мүһмин хазірет
Мархамет ЖАНАСҰЛЫ ШАҺХАЙЫМТЕГІ

19-20 ғасыр аралығында Алтай-Қобда бетіндегі ағайын жұрттың діни-рухани бірлігін нығайту, «қилы заман, қиын өткел кезінде» қасиетті дініміздің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының негізін қалаған Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 – 1902) хазіреттің діни тұлғасы, оның жолын жалғастырған ұрпақтарының тағдырлы тарихы баяндалады.
Он екі керей абақты,
Түзу жолға көндіріп.
Үйреткен үлгі сабақты.
Керейдің ішін түзетіп,
Жыртығын құрап жамапты.
Меккеге бастап хақ жолға,
Аямай жанын ақ жолға,
Мағлұм қылған дін жолға,
Құрып дүкен санатты… (Ақыт қажы ҮЛІМЖІҰЛЫ)
Ержүрек дана бабалары Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, ер Жәнібектердің басқаруында өздерінің байырғы атажұрты Алтай, Тарбағатай, Іле өлкесін жоңғар басқыншыларына ауыр соққы бере отырып қайтадан иеленіп, ырысты жерінің түгелдігін қалпына келтірген қазақ халқы елінің де, жерінің де, дінінің де тұтастығын терең ақыл-парасатпен, көреген саясатпен қамтамасыз етіп, табанды күрес жүргізумен ғасырлар бойы сақтап, бүгінгі ұрпағына ұластыра алуы – таңғажайып құбылыс.
Орыс деректері 1750 жылдар шамасында Көкжал Барақ, Қыпшақ Қошқарбай, Қожаберген бастаған қазақ қолбасшылары Таулы Алтай, Қатын өзені, Зайсанға, Хабарға–Базар өзені маңына жеткені туралы хабардар етеді. 1750 жылдардан бастап Абылай хан, Қабанбай бастаған қазақ әскері шығыс шекараны азат етіп, Шәуешекке жетеді. Абылай хан шығыстағы атамекен жерлерді толық бақылауға алу мақсатымен маңдай-сүбе қолбасшыларына пәрмен беріп, Іле, Ертіс өзендерінің ағар басына, Тарбағатай, Алтай тауы алқабына өткізеді. Демек, 1758 жылы Манжұрцинь патшалығы жоңғарларды талқандауына дейін, оншақты жыл бұрын қазақтардың алғашқы легі Алтай тауы өңіріне қайта қоныс тебе бастаған деуге негіз бар.
Манжұр–цинь патшалығы 1762 жылы өзінің бұрынғы «Іледегі жоңғар басқармасын», «Іле жерін жалпы басқару қолбасшысы» деген атаумен қайта құрып, Тәңір тауының (Тянь–шань) оңтүстік және солтүстік аудандарын басқартады. Ал, қазақтар болса, 1757 жылдан бастап Манжұр–цинь патшалығына Тарбағатай және басқа жерлерді «сыйлап беруін» тілесе де, Цянь–Лун (1736–1796жж.) патшасы оған қарсылық білдіріп, бұл ұсынысты қабыл алмады. Бірақ, Орта жүз бен Ұлы жүздің кейбір тайпалары біртіндеп өздері талап еткен өңірлерге жаппай өтіп, қоныстана бастады. Ал, Цянь–Лун патша қазақтарға «шекараны сақтаған жөн. Оны бұзу мақсаты болмасын», – деп сәлем айта отырып, Манжұр–цинь патшалығы әскер қолбасшысы А.Гүйді 2000 әскерімен жіберіп «шекараны бұзып, өтіп кеткен қазақтарға ақыл айтып кері қайтаруды, жарлыққа бойұсынып қайта көшкендерге сыйлық беруді, ал, айтқанға көнбей қасарысып, көшпейтіндері болса, күшпен айдап шығаруды, бірақ, өлтірмеуді әрі тұтқындамауды» тапсырды. Бұл жолы қазақтар қайта көшіп кетсе де, онан соң көп уақыт өтпейақ Тарбағатайда қазақтар қайта келіп қоныстанып отырған еді.
Манжұр–цинь әскерлері қазақтарды тұтқындап, малын тартып алып, кері қуып отырса да қазақтардың қоныстануын тоқтата алмады. Ақырында, 1766 жылдың көктемінен бастап, Манжұр–цинь өкіметі қазақ тайпаларының осы өңірге өтіп қоныстануын амалы таусылып ресми түрде мойындайды.
Байырғы атажұртты иемдену осылайша қиянкескі күреспен, дана ақылмен, табанды қажырмен жалғасып отырды. Ақыры қара шаңырақ елінен қиянға, қазақ даласының шетпұшпағына шалғайға, жаудың өтіне, жердің шетіне қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтары атажұрттағы қара орман Қазақ елімен әкімшілік-саяси бірлігін қамтамасыз етуге,ұлттық тұтастығын сақтауға түбегейлі амал іздейді. Ол үшін қара шаңырақ Қазақ елінен төре ұрпағын әкеліп, сол арқылы елдігін, саяси тұтастығын сақтай білді. Бүгіндері ҚХР аумағындағы Үш аймақ қазақтары осылайша «қиыр жайлап, шет қонып» атамекеннен жырақ қиырға кетіп, тарих пен тағдырдың қилы тауқыметін тартқанымен елдік дәстүрді байырғы Шыңғысханнан мирасқа қалған Ұлы жаса заңы аясында ұтымды шеше білгені – ғибратты ақиқат.
Байырғы атажұртты иемдену осылайша қиянкескі күреспен, дана ақылмен, табанды қажырмен жалғасып отырды. Ақыры қара шаңырақ елінен қиянға, қазақ даласының шетпұшпағына шалғайға, жаудың өтіне, жердің шетіне қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтары атажұрттағы қара орман Қазақ елімен әкімшілік-саяси бірлігін қамтамасыз етуге,ұлттық тұтастығын сақтауға түбегейлі амал іздейді. Ол үшін қара шаңырақ Қазақ елінен төре ұрпағын әкеліп, сол арқылы елдігін, саяси тұтастығын сақтай білді. Бүгіндері ҚХР аумағындағы Үш аймақ қазақтары осылайша «қиыр жайлап, шет қонып» атамекеннен жырақ қиырға кетіп, тарих пен тағдырдың қилы тауқыметін тартқанымен елдік дәстүрді байырғы Шыңғысханнан мирасқа қалған Ұлы жаса заңы аясында ұтымды шеше білгені – ғибратты ақиқат.
Алтай қазақтарына Семей өлкесінде найман жұртына әмірін жүргізіп отырған Әбілпейіз сұлтан Әбілмәмбетұлының баласы Көгедайды төреліккке әкеліп, хан көтереді. Бұл ойды керейдің игі-жақсылары Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұл тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Мұны шыңжандық тарихшы Асқар Татанай: «… Көгедай 1773 жылы дүниеге келген, он екі жасында 1785 жылы (кейбір деректерде 1780 жылы– А.Т) Абақ Керейге төре болды. 1797 жылы Бейжіңге барып Мәнжу Чин патшалығынан «гүн» шенін алды, 39 жыл ел билеп, 1842 жылы 51 жасында дүниеден өтті…» деп жазады (А.Татанайұлы, «Тарихи дерек, келелі кеңес», І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992).
Әбілпейіз сұлтан абақ-керей елі балаларының бірін төрелікке жіберуді өтінгенде өзінің қырғыз әйелі Тұмар ханымды үш баласымен аттандырады. Сол кезде Көгедай 12 жаста, Сәмен 10 да, Жабағы 8-де екен деседі. Тұмар ханым жалғыз келмей бір молда, бір қожа, қырғыздан үш үй – жиыны алты үй әкеледі, олардан басқа Әбілпейіз тұқымының әр қадамын қолдап отыруға тиісті хан ордасында шоқтай болып отырған аталық-төлеңгіттің бірнеше ауылдары бірге аттанады. Осылайша ежелден еншісі бөлінбеген қазақтың елдік жора-жосыны, ұлттық сом бүтіндігі қалыптасқан жаңа жағдайға байланысты түлеп, өзінің жоралы салтын, арналы жалғасын табады.
ДІН ДІҢГЕГІ МҰНАРАЛЫ
Қайран, пірім, жан атам,
Діннің жарық фанары.
Керей, найман, қазақты,
Түзу жолға салары.
Ақыт қажы ҮЛІМЖІҰЛЫ
Алыстағы ағайын жұрттың саяси тұтастығы елдіктің алтын қазығы төрелерді билікке әкелу арқылы қалыпқа келіп, қамтамасыз етілсе, енді діни-рухани бірлігін нығайтуды елдің игі-жақсылары тегеурінді қолға алады. Ол үшін атажұрттан жырақтағы осы аумаққа дін иелері болып табылатын қожа молда қауымын әкеліп, мешіт-медресе ашу, тұрақты рухани күшке айналдыру шарасы өте маңызды, күн тәртібінде тұрған, шегеруге болмайтын игілікті іс екені аян. Деректерге қарағанда Алтай өңіріне Көгедай төремен бірге келген алғашқы қожа қауымы үлкен шеңберде, тиянақты діни іспен шұғылдануға мүмкіндігі аз болады. Шапқыншылық қақтығыс жағдайында, елдің қоныс-өрісі тұрақтамаған, шаруашылығы шашыраңқы, аумалы-төкпелі кезеңде ондай ауқымды қызмет етуге заман жар бере қоймайды. Сол себептен де ел аузында сол ерте замандағы аз үй қожаларды «жаяу молда» деген атпен атағаны байқалады.
Ал Ажы Көгедайұлы заманына келгенде осы өлкедегі урианхай, торғауыт бастаған будда дінін ұстайтын қауым балаларын қызылаяқ құм кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, жер түндігі Тибеттегі Далайламадан оқытып, Сарысүмбеде (қазіргі ҚХР, Шыңжан, Алтай қаласы) алтын дұғалы, жез қоңыраулы айбатты пұтхана салып жатқанда көзі ашық, көкірегі ояу қазақтар ислам дініне кең өріс ашуға қам жасайды. Олар енді Қазан, Уфа, Бұхар, Түркістан қалаларында медреселерден тәлім алып, ислам дінін терең меңгерген, оқыған дін қайраткерлерін өлкелеріне шақырып алдыруға амал іздейді. Өйткені, ұдайы жаужар, үркіншілік-шапқыншылықпен жүрген, көшпелі тұрмыстағы қазақтардың діни ахуалы күрделі жағдайға тап болады. Ол туралы Ақыт қажы Үлімжіұлы былай деп жырлайды:
Алтайға келіп кірді керей жазған,
Көріпті талай мехнат ақылы аздан.
Бұл ортада дін ислам естен шығып,
Ел бопты ақылынан азып-тозған.
Білмейді ораза, намаз, зекет, хажды,
Әділсіз, төре, би жоқ, жолдан азды.
Халі келген халсізге зорлық қылып,
Тыңдайтын жан жоқ екен мұң мен назды.
Халал менен харамды парық қылмайды,
«Мынау бөтен» дегенді жақтырмайды.
Сол күйімен сүйтсе де дінге мықты,
Сонда да пұтқа тіпті бас ұрмайды.
Осындай қилы заман, қиын өткелде тұрғанда ислам дінінің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының алтын дәуірі Мұхамед МүҺмин Хазіреттің есімімен тығыз байланыста жүзеге асады.
Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 – 1902) – арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан, Бұқара қаласындағы әйгілі Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алған ірі діни қайраткер, Алтайдағы қазақтардың мұсылмандық жолына бетбұрыс жасаған көшбасшы тұлға. Оның діни ғибадат қызметі сан тарапта, жүйелі, ислам ілімінің шариғатына сай тиянақты да бірегей, жоспарлы, заманға сай озық тәсілдермен, терең парасатпен, табанды күреспен, жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салтыменүйлесімділік тауып көрегендікпен жүзеге асқаны аңдалады. Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің ислам дінін таратып орнықтырудағы еңбектері топшылап айтқанда негізінен төмендегі салаларда көрініс табады:
-Алғаш рет Ақмешіт, Сармешіт деген мешіттерді соғып, шәкірт оқытып, медресе ашуы;
-Жайлау қыстау,күзеуде жүрген көшпелі елдің басын қасиетті жұма, діни түрлі мейрамдарда тұрақты қосып, әлімкөже істеп тегін таратып, сап түзетіп, намазға ұйытуы, осылайша ислам дінінің басты шарттарын орындауға жағдай туғызуы;
-Алтай қазақтарын алғаш рет Меккеге қажылыққа өзі бастап апарып,қасиетті сапарға жол салуы;
-Осман империясының Сұлтанына кездесіп, мұсылмандардың бас Хазіретінен бата алып алқанып, ислам әлемінің ең шығысындағы шеп-қорған іспетті Алтай қазақтарына Мұхаммед пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты ен сәлемі болсын) мүбәрәк мұрты «муй-мүбаракты» арнайы сандығымен тәбаракка әкеліп, «Муй-мүбарак» үйін соқтырып, шығыстағы қазақтарды табындыруы;
-Беделі дәуірлеген ол «Қазы» дәрежесіне жетіп, қазақ арасындағы сот ісіне төрелік етіп, шариғат үкімін бітімге енгізіп, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен мұсылманға сыйлы болуы;
-Мұсылмандардың достық байланысын бекітіп, Бұқара, Қоқан, Қашқар, Стамбул, Мекке, Мединемен байланысты жалғап, өзінің және шәкірттерінің, ұрпағының білімін жетілдіре түсуге жол салуы;
-Жергілікті халықтың салты, шаруашылық болмысын дөп басып, қажеттілігін өтеу үшін дінмен бірге сауда кәсібімен де шұғылданып, халықтың әлауқаты, тұрмыс-тіршілігін арттыруға да күш салуы;
-Ұрпағы мен шәкірттеріне рухани жолын жалғастыруға жетерлік білім бере білуі және олардың ата жолын адал жалғастырып, көбінің 1928-1937 жылдары Шыңшисай, Сталин,Чойбалсан нәубатында шәйіт болуы;
Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлының ерлікке парапар осынау қызметіне риза болған халық құрметтеп оның атын атамай «Хазірет атаң», «Керей ишан» деп күні бүгінге дейін ұлықтайды.
Ел аузындағы әңгімеге қарағанда жиырма жастағы Мұхаммед Мүһмин әкесі Шахмансурмен бірге 1827-1830 жылдары Қоқан, Бұхара тараптан сауда-саттық жасап Алтайдағы қазақтарға келіп-кетіп жүрген, олар жергілікті халықтың сұранысын барлап, бұл өлкеде дін таратуды қарқынды әрі шұғыл жүргіздің қажеттігін терең ұғынады. Сол себептен де ел ағаларының қалауымен ұлы Мұхаммед Мүһминды керейлердің ортасына қалдырады. Мұхаммед Мүһмин келгеннен соңғы абақ керей халін Ақыт қажы былай деп толғайды.
… Үш бала төре болды Абақ елге,
Жайылды шаһар аты талай жерге.
Көгедай Ежен ханнан «Гүң» шен алып,
Ұқсаған жан аспаған сары белге.
Қожамжар ерлікпенен елін түзеп,
Еш дұшпан тең келе алмады кемеңгерге.
Қарадан қайратты боп төрт би шықты,
Дәулеті бұл керейдің өрледі өрге.
Көп шықты би-төрелер ақылы мол,
Дұшпанмен жағаласты оң менен сол.
Баяғы бәрі надан, ескі заңы,
Білмейді шариғатты бір «Қара жол»…
Қоймады жайсыз тамақ, ескі заңды,
Көргендер шариғатты өліп қалды.
Сонан соң бір асылды құдай беріп,
Бар құдай Керей елге тауфиық салды.
Шаһардан сонда келді жалғыз бала,
Өзі жалғыз, пақырға құдай пана.
Қараңғы сәулесі жоқ надан елге,
Тауфиық бермек үшін Хақ Тағала…
Елеусіз жалғыз бала келіп тұрды,
Әркімге ислам дінін баян қылды.
Орнығып надандығы қалған жазған,
Көнбеді қара қазақ осы ғұрлы…
Жасапты сонда бала жиырма жас,
Еш адам көрсетпеді осыған қас.
Атасы келді дағы қайтып кетті,
Керейде тұрып қалды бір жалғыз бас.
…Мұңын айтып піріне қылады зар,
Пірінде құдай берген көп қуат бар.
Мүсіркеп сонда пірі жауап берді:
«Өзіңе болсын – деді – Тәңірім жар».
«Тапсырдым бір құдайға сені, балам,
Қазаққа саттым сені, бар ма шарам?!»
Беріпті қол көтеріп кәміл дұға,
«Оңғарсын әр ісіңді Хақ Тағалам!»
Керейді орын қылды қайтып келіп,
Ықыласты пірден алды, Құдай серік.
Надан Керей тапты дін тобыменен,
Шариғат әмірін ұғып, дінге кіріп.
Келген елі болған соң бәрі надан,
Атаң сабақ үйретті «Бисмилладан».
Ғазез молда көп шығып сонан кейін,
Керейден шықты талай ғазез адам.
…Жасаған биылғы жыл тоқсан үш жас,
Ел болды бірқыдыру – бір жалғыз бас.
Бір мың үш жүз жиырма бір жыл жазылды,
Тарих Хижарат деп білгін мұны айнымас *.
…Құдая тауфиық бергіл керей елге,
Өтеді есіл ғұмыр бекер желге
Керейдің тиянағы Хазірет Атам,
Мәдеткер қылғыл Алла фақыр ерге…
Осылайша ислам дінінің өрлеуіне шексіз үлес қосқан Мұхаммед Мүһмин халыққа сыйлы болып «Хазірет атаң» деген мәртебелі атаққа ие болады. Мұхаммед Мүһминннің бірнеше буын ұрпақтары Алтайдағы, Қобдададағы қазақтар арасында діннің алтын діңгегіне айналады. Мұхаммед Мүһмин Қоқаннан 1827 жылы (кейбір деректерді есептегенде 1830 жылы) Өр Алтайға келіп, 93 жасап, 8 рет қажылыққа барып, 73 жыл бойы дін таратады. Халықтың айтуынша, ол Алтайдың күн бетінде екі мешіт (Ақмешіт, Сармешіт), Алтайдың теріскей Моңғолия тараптағы Қобда бетінде Ұзын Күйтін деген жерде Күйтін мешітін салып, зор сауапқа бөленеді.
Міне, осылайша білімдарлығымен, әулие парасаттылығымен танылып, кейіннен «Керей Ишан», «Хазірет Атаң» аталып бүкіл халықтың алқауына кенелген Мұхаммед Мүһмин Алтай тауы қазақтары ортасында жетпістен астам жыл өмір кешкен шағында исламның хақтығын, ұлылығын, тазалығы мен құдіреттілігін ел санасына терең сіңірумен қатар ауқатты, беделді адамдарды алғаш рет Меккеге өзі бастап барып, қажылық сапарға жол ашқан. Ол туралы Ақыт қажы былайша жырлайды:
Меккеге талап қылды халқын бастап, Әуелі жеке барды елін тастап. Хақ жолға қара жаным болсын фида, Дұрыс па уайым қып жолдан қашпақ?!
* Хижраның 1321 жылы, григорианша 1903 жыл
Екі-үш жол аман барып, аман келді,
Келгенін аман-есен халқы көрді.
Еліне әмір қылып жүр деген соң,
Ақырда әрбіреуі қасына ерді.
Хади боп Хадиатқа дін таптырып,
Бастады Байтоллаға тамам елді.
Меккеден такияны алды сатып,
Қазақ елі, керей момын тұрсын жатып.
Бәйтолла мен оразаны зиярат қылып,
Келеді барған сайын нұрға батып.
Өр Алтай өлкесіндегі алғашқы мешітмедіреселерді орнатып, халық арасына дін тарататын білімдар шәкірттер әзірлеп, оларға рұқсат беретін алғашқы діни алқа құрады. Абақ-Керейлер орын тепкен өлкенің әр жерінде бой көтерген мешіттердің арасында «Хазірет Атаңның Сары мешіті» аталған орталық мешіт сол заманда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі секілді шығыстағы қазақтардың ең бір қасиетті орнына айналады. Мұхаммед МүҺмин қазірет тек Өр Алтаймен ғана шектелмей күллі Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы дін өрісін ұлғайтуда ұлағатты істер тындырады, арнайы Қашқарияға сапармен барып мұсылманның ауызбіршілігін арттыруға да үлкен үлес қосады. Моңғолия тарапта Қобда бетіне қоныстанған қазақтар арасына да мешіт салдырып, өзінен дәріс алып арнайы тағайындалған имамдары арқылы дін уағыздау аясын кеңейте түседі. Оған бір дәлел, қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмынының Күйтін өлкесінде салынған «Күйтін» мешіті еді. Бұл мешіттің іргесі 1903 жылдары (Кейбір деректерде 1870-жылдар) шамасында қаланады. Ақыт қажы былай деп жырлайды:
Балалар молда болды оқып сабақ,
Тиылды шабхалы бар ескі тамақ.
Хажы, молла, тақуа ерлер шығып,
Хаққа шүкір болып тұр діндар Абақ.
Хазірет Атаң сонымен қатар исламдағы отбасы, неке, әйел мәселелеріне байланысты діни жосын, шариғат үкімдерін қазақтың салт-санасына сай өзгертіп, азаматық дау-жанжалдарды шариғат жолымен шешуге үлкен үлес қосып, үнемі әділ билік айтып, ханға да, қараға да тартпайтын туралығымен асқан беделге ие болады.
МҰХАММЕД МҮҺМИН ХАЗІРЕТТІҢ АЛТАЙ ЖЕРІНЕ АЯҚ БАСУЫ ЖӘНЕ ЕЛГЕ СІҢІСІП ДІН ТАРАТУЫ*
Қоқанда туып, Бұқарада білім алып, дәулетті де иманды отбасында ержеткен Мұхамед Мүһмин Алтайдың күн шығысына келген соң ислам дінінің дәнін сепкен, елдің рухани өмірін соны өріске шығарған имандылықтың диқаншысы болып, елдің піріне айналды. Белгілі жазушы, шежіреші А.Татанайұлының жазуына сүйенсек, Мұхамед Мүһмин Орта Азияның Қоқан, Бұқара қалаларында ұрық жалғастырған арғы атасы Шағсахұр, ұлы атасы Шаһмахмұт, өз әкесі Шаһмансұр ауқатты адамдарға саналады.
Мұхаммед Мүһминнің әкесі Шаһмансұр 1807 жылы Қоқан қаласынан Бұқара қаласына қоныс аударады. Сол жылы Мұхамед Мүһмин туады да, Шаһмансұр бұл баласын ержете келе Бұқарадағы атақты ислам медресесінде оқытып, жас талапты Мұхамед Мүһмин медреседен жақсы білім алады. Дәулетті, сауда кәсібін меңгерген Шаһмансұр 1827 жылы сауда-саттықты арқау етіп, жиырма жасар баласы Мұхамед Мүһминді қасына ертіп, абақ керей еліне келеді. Әуелі сауданы абақ төресі – Ажының немерелес туысы Сәмен төренің * Бұл тарауда және «Хазіреті Мұхаммед Мұһминнің Кобда бетіне өтуі және мешіт салуы», «Өр Алтайға қайта оралған Хазірет Мұхаммед Мұһамминнің діннің алтын тұтқасына айналуы», «Хазірет атанған Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) қасиетті мұрты «мүи-мүбарактың» халыққа табарак етуі» секілді тарауларда белгілі шежіреші, Алтайдағы қазақ халқының тарихының білгірі Жазушы Асқар Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты бағалы еңбегіндегі маңызды мәліметтер негізге алынды. Қараңыз: Асқар Татанайұлы. «Тарихи дерек, келелі кеңес». Т.II. Үрімжі, Шыңжан халық баспасы, 1996. 1-18 бб.
он бір ұлының үлкені Алтай еліне беделі де, үкімі де жүрген, төбеге шығып жау алған, төрде отырып дау алған Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, туысы мол, сүйеніші күшті, Алтай елін қолы білетін Қожамжар (Өжеке төре) төреге сүйеніп жүргізеді. Ел арасында бір жыл сауда жасап жүрген кезінде малын жинап ала алмай, ел біліктісінің алдына барады. Ел биі өз еліне жан басып сөзін инабатқа алмаған соң, несие малын Қожамжар төреге тапсырып, баласы Мұхамед Мүһминді несие жинауға, ел танып, жұртқа діни бағытта қызмет етуге қалдырып, өзі Бұқара қаласына қайтады. Алғашқы сауда сапары тым сәтті болмағанымен Шаһмансұр үмітін үзіп, көңілсіз қайтпайды. Ол өзінің көрегендігімен Алтай еліндегі ахуалды дұрыс межелейді. Өздерін мұсылманбыз дейтін осы қауымның арасына сауда жасаудан гөрі ислам дінін үгіттеу, халықтың рухани сұранысын өтеу анағұрлым өтімді екенін барлап байқайды. Өзі осында жүріптұрған екі-үш жылдың арасында-ақ, молдалықта өз беделінің арта бастағанын біледі. Алды-артын дұрыс межелей алатын молда, керей қауымының дінге деген талабын өзінің аз ғана оқуымен қанағаттандыруы да қиынға соғатынын ойлап, осы сапарда бірер жыл Қоқан, Бұқара молдаларынан үйреніп, білімін толықтырып, жұрт алдында өзінің ғұлама молда екенін мойындататарлықтай діни сауатын асырып, ислам дінін тарату жолына өзін атап, Алтай халқына дін үгіттеуге бекіп кері оралады. Ол кезде Бұқара, Қоқан қалалары ислам дінінің Орта Азияға, тіпті Ресейдегі Сібірге де іргесін кеңейтіп шұғыла шапақ шашқан қуатты орталықтары еді. Шахмансұр Бұқараға барғаннан кейін, қаладағы діни сауатты қайраткерлермен кезігіп, өзінің сонау қиырдағы қытаймен іргелес күншығыс Алтай қазақтары ортасында тұрып, дін уағызшысы болатынын айта келіп, ақыл-кеңес сұрап, ислам дінінің қағидаларын, оның тарихы мен дін тарату жолдарын үйреніп, үш жылдан кейін көптеген діни кітаптарды алып, Алтай еліне екінші рет келгенде бір қолына дін, бір қолына сауда ұстап, арнайы жоспармен оралады. Қоқанда жүрген екі-үш жылда Өжеке төренің қолында қалған өткір, зерек, пысық бала Мұхамед Мүһмин төрелердің көмегімен несиесін жинап алып, саудасын дамытып, енді бір жағынан төре ауылынан бала оқытып, төре төңірегіндегі бір қожаның қызымен тұрмыстанып, үйлі-баранды болып, әкесі келгенде баласы ел ортасында қадырлы адамдардың бірі болғанын көреді. Шаһмансұр осы келгеннен кейін баласы Мұхамед Мүһминге өз білгендерін үйретіп, дінді халыққа кеңінен үгіттеп, ел алдында беделді адамдарға айналды. Сонымен бірге баласын үш рет Қоқан, Бұқараға үйренуге жіберді. Шаһмансұр халыққа ықпалы өте бастаған кезде-ақ дәулеті де шалқып байи бастайды. Жәнтекейдің секел руынан Ғайша деген қызбен некеленіп, әйелін ертіп, құдай жолына қажыға барып, ел алдындағы ықпалын одан ары жоғарылата түседі.
ХАЗІРЕТІ МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ҚОБДА БЕТІНЕ АУУЫ ЖӘНЕ МЕШІТ САЛУЫ Қожамжар төреге арқасын мықтап сүйеп, ел сеніміне ие болған Мұхаммед Мүһмин әкесі Шаһмансұрдан аса түсіп, іс істеуді ойлап, Қыран өзенінің батыс жағасындағы Төребейті деген жерден жер үй салып, бірінші рет медресе ашып, бала оқытады. Осы медресені ашып, көп өтпей мынадай бір оқиға медресенің жалғасуына кесірін тигізді. Бұл көптеген жерден сап ете түскен «қызылаяқ шапқыншылығы»* болды. Бурылтоғайдың Қылы деген жеріне түсіп алған «қызылаяқтар» Сауырдағы Ажы төреге елші жіберіп, « Қобдаға өтіп кетуімізге ат-көлік беріп, көмектессе тиіспейміз, әйтпесе, Алтай елін шабамыз», – деп құқай көрсетеді. Осы қысымға шыдамаған Ажы гүң Ертіс бойына түсіп, төрт бидің бірі – Бапының ауылына қанаттас отырған ел басшыларынан Жұртбай би, Жылқышы, Қожамжар төре қатарлы адамдармен ақылдасып, осы бір аш-арық әскерлерді азық- түлік беріп, аттандырып жіберуді ортаға қойды. Ажының айтқанына басқалар қосылғанымен Қожамжар төре мен шеруші елінің қара биі Жылқышы Ақтайұлы қосылмай: «қызылаяқтарға ат, азық-түлік берсек, бұлар сол азық- түліктен пайдаланып өзімізге шабады. Егер азық-түлік бермесек, өздігінен Алтайдан Қобдаға кетуге мәжбүр болады», – деп көмек беруге қосылмайды. Ажы гүң өз ойы бойынша оларға азық-түлік беруге бекіп, «қызылаяққа» бермекші он мың қой, мың атты ел-елге бөліс еткенде, Қожамжар төре мен Жылқышы бұл бөлістен бас тартып, Ажының билігін атқармай, жиыннан тарайды. Ажы төре зорлап мал алуға айналғанда, өздеріне қарасты Сәмен төре мен шеруші елін бастап, Қобда жеріне көшті. Осы кезде өз арқасын Қожамжарға сүйеп іс істеп жатқан Мұхаммед Мүһмин де сол ауған елге ілесіп, Қобда жеріне барып, бірталай жыл мекен теуіп тұрып қалады. Осы Қобданың Күйтін деген жерінде «Күйтін» мешітін (1881-жыл) салып, сол мешітке өзі имам болып, басқарды. Кейін Сәмен ауылдарымен Алтайдың күн бетіне қайта өткенде бұл мешітті шеруші Тілеуберді моллаға беріп, өз орнына оны имамдыққа сайлап кетті.
* Қызылаяқ шапқыншылығы — Тарбағатайға орналасқан манж-цин қарулы әскер полкын жергілікті халық көтеріліске шығып, ордасын талқандап, қуып жіберген. Олардың әскерін бетіндегі аяғына қызыл мата тағатын. Өз әскери горнизонынан безген олар енді басқа аймақтағы қазақтарды қырып-жойып, салық салып, елді орасан бүлдіреді.
ӨР АЛТАЙҒА ҚАЙТА ОРАЛҒАН ХАЗІРЕТ МҰХАММЕД МҮҺМИННІҢ ДІННІҢ АЛТЫН ТҰТҚАСЫНА АЙНАЛУЫ Алтайға қайта келген Мұхаммед Мүһмин Балбағайда қоныстанып, бұрынғы өзі салған медресе орнына 1889-жылы қызыл қарағайдан мешіт салдырады. Оны көрінісіне қарай халық «Сарымешіт» деп атап кетеді. Бұл мешіт ел қыстауға орналасқанда кәдеге асып, намаз оқылатын, әдетте дінге сенімі аз, жапырыла құлап жығылып тұрмайтын қазақтар, қысты күні қоныс шалғай, жері алыс, күн суықта мал-жанның қамынан асып мешітке көп жиыла қоймайтын. Малшылардың мұндай дінге селқос, бос белбеулігі Мұхаммед Мүһминды ойландырды да, ол амал тауып, халықты шырғаға байлап, намазға шақырды. Ол кезде халық егін салуға аса беріліп кетпегендіктен егіншілікпен шұғылданатын өлкелер өте шалғай, астық саудасын істейтін кірекеш саудагерлер жоқтың қасы еді. Осы себепті халықтың сусыны мен асы малдың сүті мен еті болып, ал астық деген – күріш, бидай, арпа, тары ілуде бір орындарда ғана болатын. Жұрт бидай көже, бөртпе тары, бауырсақ, шелпек, жент, жаншыма секілді тағамдарды таңсық көретін. Халықтың осындай мұқтаж жағдайын білетін алғыр имам жыл бұрын саудагерлер арқылы әр орындардан бидай, арпа алдырып, қыстың алты айындағы әр келген жұма күні көже істеп, намазға жиналған халыққа тегін таратып отырады. Халық бір жағынан жұма намазын өтеп, құдайға құлшылық етуге барса, енді бір жағынан таңсық тамақтан ауыз тиюге барады. Кейін келе бұл көжені «әлімкөже» деп атап кетеді. Революцияға дейін Түркістандағы Ахмед Яссауидың мешітінде жұма намаздан кейін жиылғандарға әлімкөже беретін әдет болған. Бұл арабша «халймун» жұмсақ деген мағына береді. Басқаша айтқанда қабығынан тазаланған бидай, арпа дәндеріне ет қосып, айрықша әдіспен жасалған жұмсақ ботқа. Халықты мешітке осындай түрлі шараларды қолдану арқылы жинаған Мұхаммед Мүһмин намаз кезінде уағыз сөйлеп, шариғат айтып, Құраннан үзінділер оқып, мазмұнын аударып, Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, Құранның шындығын т.б. ислам дінінің шариғаттарын үгіттеп мүминдерді ұйытады. Осындай ауқымды қызметтері арқылы Алтайдың күн бетінде жоғары беделге ие болды. Мұхаммед Мүһминнің жарым ғасырға жуық молдалық істеп, ел алдында абыройы артса, енді бір тараптан ұзақ жылдық өміріндегі өрбіп-өскен шәкірттері он екі абақ керейдің әр руларына тарап, әр елде Мұхаммед Мүһминді «пір» тұтқан біліктібілікті молдалар жетіліп, өз тәрбиешісінің туын тік көтеріп, Алтай-Сауырдың еліне беделі онан ары арта түсті. Мешіт салып, бала оқытқан кезінде, хафиз (дінді қорғаушы абыз) атанып келсе, кейін келе халқы Мұхаммед Мүһмин «хазірет», яғни «пір» атайды. Халық оған сиынатын бола бастайды. Ол туралы әйгілі ақын Ақытқажы Үлімжіұлы «Мінәхіб піран ғазизан» деген өлеңінде Мұхаммед Мүһмин әулие Бахауаддин Нақышбанды жолын жалғастырған, Бұқарадағы Ғабдолсатар секілді пірлерден тәлім алғаны туралы былай деп жырлайды:
Нақышбанды аҺуалы,
Тарихаттың кені екен.
Сол заттан шыққан таралып,
Ғазиз кемел хатифлар.
Ақылың болса жаранлар,
Пір етегін тұтып қал…
Мұхаммед Мүһмин пір ишан,
Солардан шығып таралған.
Керейге содан дін қонған…
Ғазизлердің данасы,
Қоқанд шаһарлы қаласы,
Шаһарлардың сарасы.
Мәддакар қылып құдайым,
Фақырдың болғай панасы.
Шахи Мансұр ғазиздің,
Шәкәрбанд баласы.
Мұхаммед Мүһмин пір, ишан,
Керейдің бір атасы.
Жолбасшы боп керейге,
Кадия болған батасы.*
* Ақыт Үлімжіұлы. Жыр, толғау, хиссалар. Өлгий 1994. 138-139 б.
Абыройы өскен Хазіреттің дәулеті де қаулап өсе береді. Осы дәулетті бабымен басқара білетін ыспар, салауатты хазірет, керей ішіне тек дінмен ғана емес, құда, тамыр, туыс, жегжат болып тамыр жаюды да қалт жібермейді. Ислам дінінің көп әйел алу шариғатынан пайдаланып, абақтың ұрпақтарынан төрт әйел алып, керейлерге күйеу бала болып сіңіп, балталаса кесілмес, сүймендесе айырылмас туыс болады. Мұхаммед Мүһминның алғашқы әйелі – қожа қызы өлгеннен кейін, екінші әйелі Абуқанипадан Мұхаммед Уали, Абеу Уали, Мұхаммед Салиһ, Қалиолла деген төрт ұл, үшінші әйелі Тыныштықтан Әбіш, Ахмед деген екі ұл, төртінші әйелі Бибимусылимадан Мұхамедқали деген бір ұл туып, осылардан тараған үрім бұтағын халық: «Хазырет атаң ауылы» деп атап кетеді.
Бұл жайында Ақыт қажы былай деп жырлайды:
Керейге Хазірет атаң болды қазы,
Көгедайдан тараған баласы Ажы.
Қасымхан, одан кейін гүн Жеңісхан,
Таралар осылайша төре, қажы.
Керейге жиырмада келген екен,
Көгедайдан бергіні көрген екен.
Жетпіс үш жыл керейге тағылым беріп,
Түзу жолға көндіріп жеңген екен.
Қиуасыздан бір затты кезіктіріп,
Керейге тәңірім бақыт берген екен.
Қырық үште пірге барып дақыл болған,
Әуелі пірден нұр тарап бұған қонған,
Қырық бес жыл істеуі пір қызметін,
Қырық алты жыл биыл да кәмел толған.
ХАЗІРЕТ АТАҢНЫҢ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ҚАСИЕТТІ МҰРТЫ «МУЙМҮБАРАКТЫ» ХАЛЫҚҚА ТӘБАРАК ЕТУІ Хазырет ата мұнымен тынбады. Айдаһардай манжқытайдың иегінің астында бір қатты жел, заманның дауылы ышқынып соқса ұшып кеткелі тұрған ислам дінінің әлі де болса әлсіздігін жақсы байқады. Сондықтан 1890 жылдары қажыға жетінші рет барған жолында Стамбұлда болып, ондағы діни ғұламалармен сөйлесіп, өзінің ислам дінінің кемелденуі үшін істеп жатқан ісіне көмек сұрайды. Осман империясының (Түркия) Сұлтаны және Дінбасы хазіретімен болған мәжілісте Мұхаммед Мүһмин өзінің терең білімді, үлкен күрескер екенін дәлелдеп, ҚХР Шыңжан Алтай бетіндегі қазақтар қытаймен іргелес өмір сүретін ислам әлемінің ең солтүстік шығыс шебінде, шекара шетіне қорған болатын жұрт екенін, яғни бүгінгі тілмен айтқанда геосаяси маңызды ахуалын дұрыс түсіндіре алғандықтан өзін де, халқын да таңғажайып сыйлыққа кенелте алғаны байқалады. Ол туралы Ақыт қажы бүй дейді:
Халифа Сұлтан көрді асыл затты,
Керемет сахиби деп Сұлтан тапты.
Бұл өзі хатиф пір деп нышан беріп,
Тақсыр деп хатпасын алып қапты.
Алтыннан медаль берді осы жолда,
Өзге жұр қойдай шулап бәрі сонда.
Екінші жол еліне тағылым қыл деп,
Беріпті дәлатілмен Кәлем -алла.
Отыз Құран, дәлатіл екі жүз бар,
Таратып жер жүзіне айлаңыз бар…
Сұлтанның мейірін салды бар құдайым,
Білгізді құдай оған ишан жайын.
«Расулдың бір белгісін мен берейін,
Жан екен ғашық болған барған сайын».
Сұлтанға Тәңір берді осындай ой,
Ойласаң керей байғұс мереке той.
Шығартып қазинеден берді Сұлтан,
Лахиа әл-әнбие мүбарак-мой.
Осы ғой пайғамбардың сақал, түгі,
Шығарды қазинеден берген түбі.
Бір Алла бергеннен соң ғабиб емес,
Үстіне сенбегеннің көп-ті жүгі .*
Осылайша ғажайып бір оқиға болып, Стамбұл ғұламалары хазіретке «муй-мүбарак» ашуына көмектесуге уағда беріп, оны келесі жылы қажыға келген адамдардан қалдырмай беретін болып келіседі. «Муй-мүбарак» дегеніміз пайғамбар Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) -тің әйнек құмыраға салған мұрты еді. Ислам дінінің мейрам күндері (ораза айт, құрбан айт күндері), пайғамбардың дүниеге келген, о дүниеге кеткен күнін еске түсіретін кезде пайғамбардың мұрты салынған құтыны жұрт көзіне басып, ислам дінінің қадырлы пайғамбарын еске алып, оған сиынады. Мұхаммед Мүһмин осы сапарынан Алтайға қайтып келгеннен кейін, келер жылы алып келетін «муймүбаракке» арнап 1898 жылы Қыран бойынан «Ақмешітті» салдырып, оған арнайы «муй-мүбарак» күмбезін орнаттырады. Мешіт қызметі қарбалас жүріп жатқан осы жылы Мұхаммед Мүһмин өзінің жеті ұлының ішіндегі ең алғыр, зерек, мұрагер болар зейінді деп таныған кіші ұлы Мұхаметқали (Мағсұм қажы) мен адал да құнытты үлкен ұлы Қалиолла имам (Нұрмұхаммед) екеуін қажыға жіберіп, қайтар жолында Стамбұлдан «мүй-мүбаракты» алдырады.
«Мүй-мүбарак» қысты күні Ақмешіттегі «мүймүбарак» күмбезінде сақталып, жазда арнаулы жасатылған киіз үйге қойылып, күзетіліп, көшкен елдің жағдайына қарай он екі айда Алтайдың жонына шығып, ойына түсіп тұрады.
«Мүй-мүбарак» әр жылы ораза айт пен құрбан айт және пайғамбардың туған күні Хазірет атаң ауылында ашылып, мәуліт оқылып, ат жетер жердегі қазақтар таңнан келіп «мүй-мүбарактың» ашылуын күтетін. Ақыт қажы ақын былайша жырлайды:
Күзетті мүй-мүбаракты күмбез салып,
Шатланды еңғашлықтың кеңін алып.
Сұлтаннан мұндай қайыр көрген бар ма,
Талай жан Ыстамбұлға жүрген барып…
Жаранлар, ұғып тыңла мына сөзді,
Керемет ұясынан шайтан безді.
Қай патшалар мұндай шен берген екен,
Талай жан шейхпін деп жиһан кезді?*
Ақмешіт бітіп, «Мүй-мүбарак» тұңғыш ашылған күні жұрт көп жиналады. Алтайдың Жеңісқан гүңі мен төрт бидің орнынан арнайы келген әр елдің, әр рудың білікті-білікті жерлерінен қадау-қадау шақырылған қонақтардан сырт Қыран, Ертіс бойындағы қалың ел жапырыла келеді. «Атаң ауылында «мүй-мүбарак» ашылады екен» деген дақпырт жаз бойы Өр Алтайдан тартып төменгі Алтайға дейінгі төрт би төреге қарасты елдің аузында, оттың басында, малдың қасында, отардағы қоста, ойдағы ауылда жұртты өзіне тартқан таңғажайып сөз болып, ел таңырқасып, таңдай қағып тыңдайды. «Мүй-мүбарак» ашылған күні Алла Тағаланың ырыздығы шашылады. «Мүй-мүбарак» аталған – пайғамбардың мұрты салынған құмыраны көзіне сүрткен адамдар тіріде жиғанды, ақыретте иманды болады екен, – деген діни сенімнен шыққан сөздер желдей есіп, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, Алтайдың күн бетінен теріскейіне, бірінен бірі асқан дәріптемелер қайшалысып, қалың қауымға бөгетсіз тарап жатады. Әсіресе, молдалар, дінқұмар сопылар арқылы ауыл үлкендеріне жетіп, тілек үстіне тілек етісті. Күн бұрын дақпыртын естіген қауымға сол «мүймүбарак» арқылы әлемдегі бақыт құсы Алтай еліне жапырыла ұшып келіп қонатындай сезілетін. Міне, сол бақыт есігі бүгін ашылмақшы. Қазірет ауылындағы түнімен жиналған қалың қара нөпір топ таң атып, күн көтерілген сайын әр жерден, әр тұстан топтобымен, жік-жігімен келіп жатқан қауыммен молая береді. Таң намазының шақырылуымен Ақмешітке сеңдей ағытылған жұрттың көбі сол мешіт маңынан қайтпайды. Күн көтеріліп, жұрт жиналып болды-ау деген мезгілде «мүй-мүбарак» ашылғаны жарияланып, салауат айтылып, Хазіреттің үлкен ұлы Қалиолла (Нұрмұхаммед) имам жағынан «Мүй-мүбарактың» қадыр-қасиетін таныстырады. Бұл арабша сөйлесе де жиналған жұрттың көбі сөзін ұқпағанымен жұмысы болмай, әйтеуір тіріде жиған, өлгенде иман беретін қасиетті мұртты көруге асықты. Хазірет адамдары бір кезде мешіт алдында халықты қатар тұрғызып, мешіт есігі алдындағы жаңа жасалған сөре тақтайдың аржағында тұрған хазіреттің алдынан өтуге тәртіптестірді. Басына ақ сәлде салған, үстіне батсайы шапан киген көгілдір көзді, орақ тұмсықты, ұзын бойлы, сәл еңкіштеу біткен Хазірет жеңі ұзын шапанынан жіңішке арық аппақ саусақтарын шығарып, кіші ұлы Мұхаматқали қос алақанына қойып көтеріп келген сандықтың бетін ашып, маңдайын сандыққа басып, тәуап етіп, сандық ішіндегі құтыны қолына алғанда, алдыңғы қатарда тұрған Хазірет тұқымы шуласа күбірлеп, көздеріне жас алып, дұға қылысты. Екі тарабы бітеу, жіңішке, пияла құты жұртшылыққа бір көрсетіліп, қайта Хазіреттің жеңіне жасырылғанда жақын тұрған бір неше адам ғана оның ішінде төртбес тал қоңыр сары түсті адам мұрты тектес қылды байқады. Осыдан кейін басқа тізілген жұрт бірбірлеп тәртіппен хазіреттің қос қолына қос қолдарын тигізіп, екі басын мықтап ұстап тұрған хазіреттің қос жұдырығы арасындағы пиала құтыны көздеріне сүртіп өтіп жатты. Барлық жұрт Алладан көңілінде сақталған өмірдегі кем-кетігін толтыруға тілек тілесті. Біреулер мал-бас тілесе, біреулер атақ-абырой тілейді. Адам баласында төрт тарабы сай келіп, төр аяғынан тең басқан адам болған емес, өйткені адамда арман-тілек таусылып, көңіл құсы қайта айналып, тұғырына қонып көрген емес, бірақ, әр кімнің арман тілегі өзі шыққан тұрғысы, өзі қонған тұғырына қарай әр түрлі. Мынау төре мен төрт бидің өз тілегі, өзінің жетсем деген арманы өз алдына, көкжал бөрі секілденіп, жүнін қампитып, сыртқа сыр бермеймін дегенімен олардың да өз көңілдерінде жетпей жатқан кем-кетігі, шыға алмай жатқан биігі, толмай жатқан ортасы барды. Біреулер дәулет тілесе, біреулер ұрпақ тілейді, біреулер мансап, абырой-атақ тілесе, жоқшылық, тапшылықтың зардабы өткен адамдар дән-ырыздық тілейді. Алтай, Сауырдан бас қосқан қалың тілектің ошарылып, ақ мешіттің алдында Хазірет қолындағы көгілдір құтының ішіндегі қасиетті мұртынан жақсылық, пәрмен тілеп жатуы Хазіреттің абройы мен атағын тік көтерді. Күллі мұсылман баласы күніне бес рет Қағбаға бас қойса, бүкіл Алтай халқы осы бір қасиетті құтының құдыретімен Хазіретке ден қойды. Алтайдың төресі мен төрт биін өз алдына иілдірді. Хазірет Мұхаммед Мүһмин өзінің шығамын деген биігіне бүгін шықты. Мұхаммед пайғамбардың жүздидары секілді «муй-мүбаракті» осынша қауымның көзі өзінің екі алақанының арасынан көре алуы Хазіреттің орынын Қаратаудай биіктетті. Ол халықты намазға шақыратын мешіт имамы ғана емес, қайта пайғамбардың өз дидарын қолына ұстаған ислам дінінің Алтайдағы піріне айналды. Жоқ-жітік, кәріпкәсір, жетім-жесірден тартып, бай-манап, би-төре сиынатын пірге айналды. Міне, Мұхаммед Мүһмин ел алдында осы беделге келген кезде Алтайдың төрт би төресі өздері басып отырған ұқықтарының бір шетін Хазіретке де еріксіз бастырды. Алтай өңірінде ислам діні үкім шығаратын қазылық орынға көтеріліп, ел ішінің дау-шарында дін сотын ашып, жесір дауы, жер дауы да ислам діні шариғатымен басқарыла бастайды. Осыдан кейін Алтайдағы дін ордасы болған Хазірет ауылы – «Хазірет атаң ауылы» атанып, беделі асып, ендігі жерде ислам дініне қазақтың білікті орындарының барлығы да ден қоятын болды. Бұл туралы Ақыт қажы былай деп жырлайды: Ұйыды сөзін тыңдап төре, қара, Әмір жетті Мүһмин хазірет болып дана. Қырық жаста Бұқарада пірге барып, Қорған боп дін жолына болды пана. Отырды үш мәртебе шілдехана, Көңіліне ақиреттен түсті сана. Рәшат хат ишандық мамыр болып, Атанды керей ишан бара-бара. Дін қорғаны –Хазірет пір атамыз деп, Бар керей дін жолында болды бала. Осылайша дін орныққан соң біреулер құдайшылдығымен мешіт салдырса, енді біреулер атақабыройға бола қара таласып мешіт салдыра бастайды. Сөйтіп ХХ ғасырдың басталуымен тең Алтай елінде мешіт салу бәсекесі басталды. Әр тайпа, әр ру, әр атадан шыққан дәулетті ел иесі адамдар өз алдына мешіт салып, жамағатты бес уақыт намазға шақырса, ішінара саналы, көзі ашық адамдар мешітке қоса медіресе салдырып, бала оқытып, мұсылманша сауат ашуға шөгел кірісті. Сол кезде Алтай-Сауыр көлемінде ілгерінді-кейінді елу неше мешіт салынып, әр мешітке имамдық еткен имамдар өз хал-жағдайларына қарай бала оқытып, молда жетістірді. Бұл мешіттің ішіндегі беделі зор мешіттер: Көктоғайдағы Ақыт қажы мешіті, Бітеуіргедегі Мәми бейсі мешіті, Сауырдағы Жәке би мешіті, Ертістегі Жақып амбы мешіті, тасбикенің Ақарал мешіті, Буыршын бойындағы Өміртай мешіті, Ертіс бойындағы Тоқбай мешіті, Қабадағы Дабы мешіті, Балбағай мен Күртідегі Қуанбай қажы мешіті қатарлы мешіттер болды. Осы мешіттердегі үлкен медіреселер: Бітеуіргедегі Абақия медіресесі, Сауырдағы Жәке би ашқан медіресе, Көктоғайдағы Ақыт қажы медіресесі, Ақмешіттегі Атаң аулы медіресесі болды.





