Бір суреттің сыры

Насыбай туралы білгенім

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Тәтемнің насыбай ататын әдеті болатын. Ол кісі насыбайдың кез-келгенін ата бермейтін. Темекінің түріне, түсіне қарап, ащысын таңдап алатын. Ал насыбайға қосатын күлдің де ерекшеліктері болатын. Алдымен күл қылшаның күлі болуы керек. Қылша бойы отыз см болатын бір сабақтан бұтақталып өсетін жапырақсыз шөп. Ащылығынан болар, түйеден басқа малдың жегенін көрмедім. Біздің жақта түйе ұстамайтындықтан түйенің жейтін-жемейтінін білмедім. Қылшаны күзде піскен кезінде қуратпай келесі жыл уағына дейін жететіндей мөлшерде жинап қояды. Темекіні жапырағын майдалап үккеннен кейін, екшеп, бірлі-жарым үгілмей қалған сабағының кесіндісінен, жапырағының қаттыларынан тазартады. Сонсоң арнайы жасалған күл жаққышқа қылшаны жағып, бұнда да жағылған қылшаның күлі әппақ болуы керек, әлдеқалай толық жанбай қара күйеге айналғандары болса оларды «майдан қылшық  суырғандай» ыждықатпен тазартады. Сонан соң жақсылап өте майда үгілген темекі мен әппақ болып жанған қылшаның күлін өздері білетін мөлшерде қосып толық араласқанша насыбай келіге салып араластырады да қалампыр қосылған таза тұнық суды аз-аздап қосып қайта насыбай үккішпен жақсылап араластырады. Біткеннен кейін темекісі, не күлі көп болып кетпеді ме деп атып көріп, күлі көп болса темекі қосып, егер темекісі көп болса күл қосып, бабына келтіреді. Темекісі көп қосылған насыбай ащы болмайды. Ал күлі көп насыбай әп сәтте ерінді ойып жара қылады. Насыбай шынының ішіне қалампырдың үш-төртеуін байлап салып қояды. Насыбай келіні қайыңның безінен ойып тұтқа шығарып жасайды. Насыбай үккіш жуандығы күректің сабынан сәл толықтау, ұзындығы бір-біржарым метрге тақау басына салмақ үшін темір кигізілген түзу безсіз ағаштан жасалады.

Тәтем, насыбайдың дәміне ғана көңіл аудармайды. Оның түсіне де көңіл бөлетін. Сондықтан да күлдің ішінде бірлі-жарым шала жанған қара күйе болса мүмкіндігі болса алып тастайды, егер тазарта алмаса күлді қайта жағады. Дұрыс дайындалған насыбайдың түрі көкшіл сарыға көбірек ұқсайды. Тәтем көп жыл жолдас болған, баптап ататын насыбайды бір сәтте қойып кетті. Аллаһ пендесіне бір жағымсыз әдеттен тауфих берейін десе шәк келтіруге болмайды екен. Олай дейтінім, насыбай атумен әуестенген адамға насыбайды бірден тастап кету әжептәуір қиын іс. Қоюға талпынған адамдар көпке дейін, жан қалтасын сипалап, бірдемесін жоғалтқан адамша мазасызданып, мінезіне өзгеріс кіріп ашуланшақтанып кететіндері жиі кездеседі. Көпшілігі кейін жаңағы айтылған жағдайларға шыдай алмай қайта атып кетеді.

Тәтемнен насыбайды күрт қойып кетуіңізге не себеп болды дегенімде: «Күн жаймашуақ, қансонар, қасымда екі тазыдан басқа тірі жан иесі жоқ, ат үстінде отырып насыбай атып жаңа жауған әппәқ қарға түкірдім. Ақ қарға түскен түкірігіме, ойымда ештеңе жоқ көзім түсіп еді, қарға түскен өз түкірігім, көзіме сиырдың жас нәжісіне ұқсап көрінді. Ойыма, мына кәпірдің түрі неткен жаман еді деген ой келіп әлгіден жүрегім айныды. Дереу аузымдағы насыбайды түкіріп аузымды тазаладым, содан кейін аузыма насыбай салмай кеттім. Кейбіреулер құсап кейін іздеп қиналған да жоқпын. Үйге келісімен насыбай үгетін саймандарды ауылдың насыбайшыларына таратып бердім» дейтін.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button