Ғақлиат

Бір қайыры бар дүние 3

Мәлік ОТАРБАЕВ

Кітапқұмар президент

Атақты Ататүріктің көмекшісі болған Жемал Гранданың естелік кітабын оқып отырып, Түркияның тұңғыш президентінің әдебиетке қаншалықты мән беріп, қаламгерлерге қамқорлық жасағанын, ұлт әдебиетінің дамуына қаншалықты қолдау көрсеткенін пайымдайсың.

«…Бір күні Ататүрік қалыңдығы кереқарыс тарихи шығарманы бас алмай оқып отырды. Елдегі көптеген көкейтесті мәселелер шешімін таппай жатқанда, мемлекет басшысының кітап оқып отырғаны бәрімізге оғаш көрінетіні рас. Сол кезде Ататүріктің депутат досы Хүсейін Васыф Чынар:

– Пашам! Тарихты оқып, бас қаты­рып не қыласың. Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азаттық соғысқа бастағаныңда кітап оқып шығып па едің? – деп әңгімеге тартады.

Ататүрік досының әзіл аралас сөзін бірден ұғады. Сөйтіп, кітаптың бетін жауып:

– Бала кезімде көп қиындық көрдім, Васыф досым. Екі құрыш (тиын) қолыма тие қалса бір құрышты міндетті түрде кітапқа жұмсайтынмын. Кітап оқымаға­нымда, осы уақытқа дейін ештеңе қолым­нан келмес еді ғой. Өмірімдегі барлық жетістіктерім осы кітаптың арқасында, – деп жауап қатады.

Иә, Ататүрік ұлттық әдебиеттің ірі өкілдерін үнемі мақтаныш тұтып отыра­тын. «Ел іргесі – мәдениет пен әдебиет. Сондықтан да өнер адамы қол сүймейді, оның қолын басқалар сүюі керек» деп қалам ұстаған қадірлі қауымға барынша қолдау білдіруші еді. Решат Нұри Гүнтекин, Намык Кемал, Мехмет Эммин Юрдакул, Тәуфик Фикрет сынды ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, ел-жұртпен кездескен сайын оларды оқуға кеңес беретін…»

Ж.Гранданың естеліктері майданда жүріп шығарма жазған жауынгер қазақ қаламгер­лерін, тілдің мерейі үстем болсын деп, ұлттық әдебиетімізге қамқоршы болған тарихи тұлғаларымызды еріксіз еске салады.

Ататүрік өз елін сақтап қалды. Оған кеңесші болған ең алдымен кітап еді.

 

Титаник синдромы

Баршаға мәлім, әлемге әйгілі Титаник кемесі теңіздегі мұзтауға соғылып, бірнеше сағаттан кейін су түбіне кетеді.

Сондағы жан сақтап қалған жолаушы­лардың естеліктерінде: «Бұл кеме ешуақытта батпайды!», «Қайдағы жоқты айтпаңдар, мұндай ғаламат кеме әсте теңіздің түбін көрмейді!» деп кеменің соғылғанына, кеменің суға батып бара жатқанына қарамастан, ешкімге сенбей, өз орындарынан қозғалмаған адамдардың болғанын айтады.

Ол-ол ма, алыс сапар алдында тұрған Титаник кемесіне отбасымен мінген Сильвия Колдуэллге экипаждың бір мүшесі: «Бұл кемені Тәңірдің өзі де суға батыра алмайды!» деген көрінеді.

Қазіргі ғылым өз беделіне тым сенімді, тіпті «кемесі суға батып бара жатқанын да» байқамайтын адамдарды «Титаник синдро­мына» шалдыққандар дейтін болды. Бұл синдромның жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға да қатысы бар.

Шынтуайтына келгенде, барлық мәселе адамнан бастау алып, адаммен аяқталады емес пе?! «Сіздер қандай болсаңыздар, солай басқарыласыздар» демеп пе еді пайғамбар.

Осман мемлекеті ыдыраудың алдында тұрғанда, ІІ-ші Абдұлхамит патша туралы жас белсенділермен пікір таластырған ханзада Сабахаттин: «Абдұлхамит хан да – өзінің замандастары мен қоғамның өнімі. Қоғамды өзгертпей, патшаны тақтан құлат­қан­дарыңмен орнына дәл сондай патша келеді» деген екен.

Патша былай тұрсын, бір мекеменің басшысы ауысқанда да осыған көз жеткізетініміз рас. Ал жалпы алғанда, бүгінгі шығыс әлемінің осал тұсы да осы болса керек.

Адамның түбіне жететін – «не де болса бұл кеме батпайды» деген синдром. Әйтпесе, талай империялар, атлантидалар тарих қойнауына кетті емес пе?! Ойлап қараңызшы, арғы-бергі кезеңде өмір сүрген перғауындар мен патшалардан, алыптар мен алпауыт­тардан не қалды? Солардың барлығы бір күнде музейдің экспонаттарына айналды ғой.

Таңымыздың атып, күніміздің батқанына шүкіршілік етеміз. Дегенмен, ертеңгі күні де дәл бүгінгідей керемет күй кешіп, бейбіт, жайбарақат өмір сүре беретінімізге кім кепіл?

Жалғыз жаратқаннан ғана қайыр тілейтініміз міне, осыдан ғой.

 

Моншадағы кісі

 Күндердің бір күнінде Қыдыр (ғ.с.) моншаға барады. Ыстық моншада жалғыз жуынып отырған қарияға көзі түседі. Қасына жақындап:

– Ақсақал-ау, жастық шағыңызда үлкендерге көмегіңіз тигенде ғой, дәл осы кезде мына жүрген жастар да сізге қызмет етер еді, – деп әңгімеге тартқан екен. Әлгі қария жөкесін сабындап:

– Расын айтсақ, жас кезімізде үлкен кісілерге көмегімізді аяғанымыз жоқ. Қазіргі жастар – ақырзаманның балалары ғой. Үлкенді сыйламайды, – депті. Сонда Қыдыр қарияның қолынан жөкесін алып, арқасын қайта-қайта ысқылап:

– Онда жақсылығыңызды шын ниетпен жасамаған боларсыз? Әйтпесе, осы жасқа келіп, сол жақсылығыңыздың жемісін көрер едіңіз ғой? – деп сұрапты.

– Сен де айтпайын дегенді, айтқызасың-ау… Егер жақсылықты ынты-шынтыммен жасамасам, Алла тағала арқамды Қыдырға ысқылатар ма еді? – деп ақсақал Қыдырды сөзден жеңіп кетеді.

Қарияға таңғалған Қыдыр моншадан шығып, Аллаға тіл қатады: «О, Жаратушы Ием! Сені жан-тәнімен сүйетін құлдарыңды білуші едім, бірақ мына қарияны бірінші рет кезіктіріп отырмын!».

Сонда Алла тағала: «Бізді сүйетін құлдардың аты-жөнін саған білдірген едік, алайда біздің сүйетін құлдарымыздың есімін ешкім білмеуші еді…»  деген екен.

«Бір қайыры бар дүниенің мың қайырлы құлдары» деген осы.

 

Қаланың көркі

 Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» атты естеліктерін оқып, ұлттық әдебиетіміздің ауадай қажет екеніне тағы да бір көзім жеткендей болды. Ал енді, сол әдебиетімізге де, әдеби ортаға да талай жырларға арқау болған Алматы алтын бесік болған жоқ па еді?

Ал Алматының көркі – Алатау.

«Ақын таумен туысып, тауды жырлауы керек. Алатаудың салқын суы таңдайға тимей, салқын лебі маңдайға тимей өмір сүрдім деуге, ақын болдым деуге бола ма? – дейтін Бауыржан Момышұлы» деп жазады көрнекті ақын. Алатауды жырламаған ақын кемде-кем. Төбесіне дейін тастан қамал салынса да, Алатау мәңгі Алатау болып қала береді.

Алматының бір көркі – «Саяхат» пен «Алатау» еді.

Талай жандардың махаббатты тоғысқан «Саяхат пен сағатынан» айрылып, көрерменнің көңілін жаулаған «Алатауынан» ажырап, тау мен табиғаттың саясы емес, тас қаланың аясына айналған бүгінгі Алматыны кім, қалай жырлайды екен?

Бакуге барсаң да, Ташкенге тоқтасаң да өз тарихын сақтап отырғанын көресің. Қаланың бет-бейнесіндей ғимараттарды әлі күнге дейін аялап, тәу етеді. Өйткені олар тарихтың, мәдениеттің, елдің есінде қалған аңыздар, нақтылай түссек – «Елдік естің ескерткіштері». Тіпті Бурсаның төбелеріне шықсаң, сан ғасырлық ағашымен мақтанады. Саябақтарының есімін әдебиет пен мәдениет саңлақтарының атымен атайды. Ол ол ма, Анадолу төрінде жердің тарлығына қарамастан, қазақтың Сүйінбайы мен Динасының атына арнап саябақ ашқан.

Алматының көркі – көшелері…

«Саяхат пен сағатты» сағыныш әніне қосқан ақын Кәдірбек Құныпияұлы Алматының сол бір сырға толы көшелерін қоңыр әуенмен былай жырлайды:

Оркестр боп қиқылдар мен шиқылдар,

Жомарт көңіл көліктен де күй тыңдар.

Кептелістер қажаса да жүйкеңді,

Алматының көшесінде сиқыр бар…

 

Көркейесің, келешекке көшесің,

Көз қуантар көшелермен өсесің.

Иранбақтың қақ төрінде жүрсең де,

Алматының сағынасың көшесін!

 

Алматының көркі – адам…

Қайыр да, қайырсыздық та адамнан басталады емес пе…

 

Бұлбұл

 Гүлдің арасында таңды таңға жалғап бұлбұл құс қалауынша сайрайды. Ал тікенектің басында, қалың шырмауықтың қасында ше?..

Бір қайыры бар дүниенің бақыты да, соры да осы емес пе?!

 

Рухани індет

 Бүгінде шығыс мұсылман елдері аласапыран күй кешіп отыр.

Тұтастығы жүндей түтіліп, жік-жікке бөлінген мемлекеттер мен сан қилы идеологияға айрылған қоғамдар арасындағы қақтығыстар үдеді. Елді қыратын қару-жарақ, жерді құртатын құрал-сайман көбейді.

Адам адамға сенуден қалды. Мейірім жоғалды. Әсіресе, бір құбылаға бет бұрған жұрт бір-біріне жаны ашымайтын халге жетті. Арандап қалғандар арсыздыққа, алданғандар әдепсіздікке бет бұрып кетті. Суннитпіз деп сірескен, шиитпіз деп шіренгендер әсіре діншілдік пен ұлтшылдықтың ұйығына батып, жат жұрттың сойылын соғып, қолшоқпарына айналды.

Әркім өзін дүниенің тұтқасы санайды. Өз қатесін мойындамайды. Өмірдің заңымен санаспайды, ережені елемейді.

Осы елдердің бір де біреуінде бостандыққа, адам құқығы мен заңға кепілдік берілмеген. Тізгін ұстағандар перғауыннан кем емес, менмендігі батпандай. Олар үшін мәдениет пен өркениет, білім мен ғылым, имандылық пен адамгершілік сияқты қасиеттер – көзбояушылық қана. Миллиондаған халықты жеке бастың мүддесі үшін қаңғыртып жібереді. Шарасыз жағдайға түскендер крест жорықшыларының жат жерінен баспана сұрап жүр.

Жемқорлықтың көкесі соларда. Жүйелері күнәһар. Жер бетінің жарты байлығына ие. Бірақ ысырапшылдығын қояр емес. Кезінде Р.Никсонның «Әлемнің бір бөлігі – жанар-жағармайлық, екінші бөлігі – алып елдердің аймақтық абақтылары мен бақылау бекеттері» деген сөзі шырқыраған шындық болып қала береді.

Жастары бейбіт өмірді үйренбей, жамандықтан жиренбей, соғысқа бейімделді. Лаңкестік те, екіжүзділік те, надандық та, мұсылман баласын жерге қарататын арсыздық та осы мемлекеттерде. Олай болса, қасиетті Құранның тура жолға салатын тақуалығы қайда қалды, ал тазалығы ше?

Иә, шығыс әлеміне рухани індет жайылды. Әлем жұртшылығы осы жұқпалы ауруға шалдықты.

Ендеше, шығыс мұсылман елдерімен әмпей-жәмпей болып отырған біздің халіміз не болмақ? Әлемді жайлаған осы рухани індетке төтеп бере аламыз ба? Мәдениетіміз бен әдебиетімізді науқандық сипатта, салтымыз бен дәстүрімізді фольклорлық деңгейде бағамдайтын рухани әлсіз иммунитетіміз бұған қарсы тұра ала ма?

Басқасын емес, өз-өзімізді есепке тартатын күн туды. Өйткені, барлық өзгерістер өзімізден басталады емес пе?!

Бұл да – бір қайыры бар дүниенің жазылмаған заңдылығы.

 

Астана неге көшті?

 Астана Елорда болғалы көзқарасымыз өзгерді, санамыз жаңарды. Бойымызға қуат, ойымызға шабыт қонды. «Қазақтың қолынан не келмейді?!» деп ел қуанды.

Иә, жолын ашып берсе, шамасы жетсе қазақтың қолынан бәрі келеді. Көкірегіне сенім ұяласа, күш-жігерін аямайды.

Әйткенмен, егемен елдігіміздің ширек ғасырында қазаққа күмәнмен қарайтындар әлі де бар. Сыртымызда емес, ішімізде.

Жарайды, «технологиямыз жоқ» дедік. Шетелден технологтар келіп, ақыл қосты. «Маман жетіспейді» дедік, көршілерден маман келіп, жөн сілтеді.

Ал сонда да өз мәдениетімізді, руханиятымызды неге түгендей алмай келеміз? Неге көршіден көмек, шетелден медет сұраймыз? Таланттымыз таланып, өнерліміз өртеніп кетті ме? Өзімізге сенбесек, кімге сенеміз?

Психологияда бұны «комплекс» дейді. Ой-сана, ұлттық рух осы комплекстің құрбаны болды. Кино сынды, театр секілді, әдебиет сияқты өнер мен идеология бәрінен бұрын өзімізге, ұлтымызға керек.

Астананың көшірілуінде осындай терең мән бар.

Мәдениетімізді өмірдің мәніне емес, сәніне айналдырған санадан қашан құтыламыз?

 

Ағаштың ажалы

Қайбір жылы Алматыға нөсерлеп жаңбыр жауып, Іле-Алатау шатқалының топырағы босап, артынан дауыл соғып, бірталай қарағайларды  құлатып кеткенін білесіздер .

Оған өзіміз куә болдық. Неолит дәуірінде өмір сүргенімізде, алып мамонттар зіл-батпан аяқтарымен таптап өткен екен-ау деп ойлайтын едік. Абырой болғанда, бұл табиғи құбылыс.

Ал табиғат әманда адамның жан-дүниесімен сырлас, тағдырлас емес пе?

Сол жылы Алматыда өткен бір шығармашылық кешке Анадолу жерінен келген ақын-жазушылар қатысып еді. Кештен соң қонақтарды әйгілі Медеу шатқалына алып бардық. Сонда жан-жағына көз тастап, беткей-беткейдегі сұлап жатқан ағаштарды көрген түріктің бір қария қаламгері басын шайқап:

– О, тоба! Алматыға келмек болған бәлекеттің беті қайтқан екен ғой. Ажалды адамдар емес, ағаштар күтіп алыпты. Қараңызшы, майданда шейіт болған сарбаздар секілді сұлап жатыр. Қаймағы бұзылмаған елдің бағы бар ғой! – деді бәрімізге ой салып.

Сол күні бір қайырдың көзі ашылғандай болды.

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу