Ғақлиат

Білгенің абзал

Яғни діншіл болу, насихатқа мойынсұну, халайықты дінге шақыру екінің біріне берілген мәртебе емес. Ислам өз тұғырына отырған заманнан бері 1430 жылдай болса, сол кезден осы уақытқа дейін дінді насихаттап, оған қызмет еткен адамдар санаулы-ақ, ал дінді мойындаған ізгі тілекті, ибалы адамдар миллиондап есептелінеді.

Әзіреті Омар р.ғ. айтыпты: «Иә, пірәдарлар, алдымен әдеп үйреніңдер, одан соң ілімді қолға алыңдар, әдеп – ілімнен жоғары. Егер әдепсіз ілім оқысаңыздар ол ілімнен пайда жоқ, әрбір кісі сопы болғысы келгенімен, әдебін-тәртібін білмесе, қанша әрекет еткенімен сопы дәрежесіне жете алмас. Мүьмін бәнделердің тағадат-ғибадаты жәннатқа тартар, әдебі Аллаға тартар». Осы айтылғандардың белгісі, әдеп-ғибадаттан тұрақты дәрежелі болар екен. Иманның бес есігі бар, бірінші – ықырар-ықылас есігі; екінші – тасдық; орнықтылық, мықты айнымастық есігі; үшінші – парыз есігі; төртінші – уәжіб есігі; бесінші – мүстаьаб, әдеп есігі.

Әрбір бәнде әдепті өзімен сақтаса шайтан лағынет үмітін үзер. Егер бәнделер әдепсіз болса шайтан бұзамын деп үміт етер, әдепсіз бәнде не сөзінен, не ісінен жаңылысар. Яғни шайтанның тіліне еріп, өзім білемінге салып біреудің көңіліне тиер.

Бір әзіз адам айтқан екен: «Мойныма шынжыр салып асып қойсаң шыдармын, тікеннен төсек төсеп жатқызсаң шыдармын, наданмен 70 жыл мәслихат жаса десең шыдармын, бірақ бір мүьміннің көңілін ауырт дегеніңе шыдамаспын».

Әзірет Дәуіт Пайғамбар Аллаға мүнәжат қылды: «Иә, Алла, дүние жүзіндегі падишалардың қазынасы бар, өзіңнің қазынаң қайсы?» – деді. Алладан нідә келді: «Иә, Дәуіт, менің қазынам ғаршы-ағладан ұлық, күрсіден кең, жәннаттан пәк, таза, күллі аспандардан жарық, менің ол қазынамның күні бәнделерімнің зауқы (шаттығы), қазынамның аты сұхбат (мәжіліс) жұлдызы мүьмін бәнделерімнің көңілі, қазынамның топырағы талап, айнымастық, дуалы (қорғаны) ықылас.  Менің қазынамның төрт есігі бар: әдеп, ілім, сабыр, ырзалық. Ол қазыналарым маған назар қылар, мен де оларға үнемі назар қыламын. Менің мүьмін бәнделерімнің көңілі мен үшін сондай ұлық, әрі кең, он сегіз мың ғалам, «Ғаршы-Күрсі», Лаухыл Қалам күллі жаратылған заттар ол көңілге сиып кетер».

Демек, жақсылар үшін көңілді таза сақтамақ парыз болды. Бәндеге сұрақ берер: Сен имандымысың, яки иман сенде ме? Жауап: Мен имандымын – иман менде, мен мүнмінмін, ал иман менің сипатым дер. Біздің жоғарыда келтірген мысалдарымыз иманның сипаты.

Алла тағала әрбір өзін мұсылман деген бәндесін осы сипаттарға лайық етсін. Әмин йа раббил-аламин!!!

Иман-жүйесін – «Шар кітаптан» алып, басқа кітаптар мен толықтырып түзеген Сейт Омар Саттарұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button