Ғалымның хаты

Ең қиыны – өзіңді жеңу

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Жиырмасыншы  ғасырдың  басы 1928-1932 жылдары басшыға бағынбау үрдісі шыңдау шегіне жеткенге ұқсайды. «Астана айнасы» (17. 02.2012. №7) газетінде жарияланған «Ашаршылықтың ауыр азабы» мақаласында М. Сүлеймен Біріккен мемлекеттік саяси  басқармасының  мәліметіне сілтемесінде: «1929 жылы Қазақстанда қатарында 350 адамы бар 31 бандалық құрылым, 1930 жылы 1925 адамнан тұратын 82, 1931 жылы 3192  қатысушысы бар 80 банда әрекет етіпті. Ауылдар  мен  селололарда бұлардан басқа 2001 «дұшпандық топ анықталып, олардың құрамында 9906 адам болған. Және де 10396 жеке кәскөйлер тұтқындалыпты. Солардың әрекеттерінен 1929-1931 жылдары 460 партия-кеңес қызметкерлері өлтірілген, 372 дұшпандық антикеңестік әрекет жасалған, 127 астық өртеу, мал уландыру оқиғалары орын алған. Басымыздан өткен оқғаларды әрбір адам әртүрлі бағалайды ғой. Үкімет орындарының шешіміне бүкіл халық қарсы бола бермейді. Қарсылық  ниетіндегілерді топқа ұйымдастыратын басшылары болады. Осы басшылардың арасында кәзір идеямыздың бастауының негізі саналатын алашордалықтардың да басшылары да болған сияқты. Бұлай деуіме себеп, бүгін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы: «Біздің  жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады. Бақыт пен махаббаттан тысқары болады: Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек» деуі арқылы басшыға бағынбауды меңзеген сияқты ма деймін. Басшыға бағынбаудың зардабы неге әкелгендігін жоғарыда  келтірілген  оқиғалар айғақтайды.  Немесе екі күннің бірінде қолға қару алып, үкімет мүшелерін өлтіріп, қолда барларды жағып-бүлдіріп,  малы барлар шет мемлекетке малымен ауып кеткен соң және  қарапайым халықтың арасында «сатқақ» (ішкен асы іште аялдамай арттан кеткен сырқат) деген атпен белгілі тышқақ ауруы араласып оны емдейтін білікті емшілердің болмауы халықты қыруға әкелді. Біздің халықта бір нашар әдет бар, ол ел басына түскен ауыртпалыққа кінәні  өз ішімізден  іздемей басқаны кінәлай салатын әдет. Міне, 1928-1932 және 1937 жылғы ауыртпалықты «қызыл қырғындарға» жаба салып, өз қатемізді түзеуге жол іздемейміз. Қасиетті Құран кәрімнің «Шура» с.30-а. «Бастарыңа келген пәле-жала қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен. Бірақ Алла оның көбін кешіреді». Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде «бастарыңа келген жаманшылықты өздеріңнің амалдарыңнан  іздеңдер» деген.

Ең қиыны – өзіңді жеңу. Омар Хайям адам өз қателіктерін тағдырға жаба салуды тоқтатқан жағдайда ғана биік бола алады деп сенді. «Біз өз бақытымыз үшін жауаптымыз, тағдыр бізге таңдау құқығын береді және біз не істеу керектігін өзіміз шешеміз. Сіздің жауыңыз – сіздің өзіңіз. Тек сіз өз қателіктеріңіз бен бақытсыздықтарыңызға кінәлісіз».

Басшыға  бағынбауды ұйымдастырушы негізінен билік басындағылардың   орынтағына  таласатындар. Олардың  ата-бабалары ел билеген, бірақ әлдебір себеппен билігінен аластатылғандардың ұрпақтары. Бұлардың кейбіреуі мақсатын жария іске асыруға амал жасайды. Бұның көрінісі мемлекеттің түкпір-түкпірінде жиын өткізіп, делегат сайлатып, сайланғандарды бір орталыққа жинап, хан сайлау. Бұның айқын көрінісі қазақтың ақырғы ханы Кенесарының хан болуы мен басшының – патшаның саясатына қарсы шыққан Ленин, Сталин Троцский сияқты Алла ақыл, сөз өнерімен жарылқағандардың басшылыққа келуі десек,  Ә. Бөкейханов сияқты ақыл иесінің  бірде ашық, бірде құпия партия құрып, жасырын үгіт-насихат арқылы ел ішінде билікке қарсы шығушыларды ұйымдастырып, өкіметтің ұйымдастырған шараларын іске асырмауға жұмылдыру. Олай деуге, Әлекеңнің  «Қазақтар өзгелердің үстемдігін ешқашан мойындап көрген емес», «Мен Кеңес өкіметін сүймеймін, мойындауға мәжбүрмін», «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық – еліктегіш халық»  немесе «Бөтен кісі қазаққа ешқашан жақсылық әкеліп бермейді. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты» деп басшылыққа бағынбауға тұспалдап шақырғандары. Міне, басшылыққа бағынбауды жария да, тұспалмен де шақырған, бұның түбі үкіметті құлатып билік басына келу арманы тұрғандай емес пе?! «Ұйқысы көп, ояуы аз, бұл ұйқысын ашпаса» ұранын түсіну үшін, Алаш жетекшілерінің 1913 жылғы 2 ақпанда шығарған «Қазақ» газетінің мақсаты жөнінде, Мұқтар Әуезов: «ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытта» шықты деген. Немесе Алаштықтардың халықты жанды қарсылыққа (көтеріліске) үндеуімен  көпшілік басшыға  бағынбай қарсы шығып, көтерілісті жиілеткен.1920-1930 жылдарда шаруалардың 372 қарулы көтерілістері болған екен. Бұның сыртында, байлар малдарын алып, маңайындағыларға үлестіріп бергеннен – кәмпескеден, өкіметінің  сыртқа көшуге тиым салғанына бағынбай малдарын алып, қашып шет елдерге ауғандар қаншама?!

КСРО Халық Комиссары 1932 жылы жазылған өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 пайызы ғана байлар, қалғаны қатар­дағы еңбекшілер екенін мойындаған (Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілғожин Ж.Б. «Қазақстандағы күштеп коллективтен­діру: қорлық пен зорлық». Алматы, 1992. 36-б). Тәркілеу науқаны басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда өте қарқынды жүргізілді.  1928-1929 жылдары осын­дағы тәркілеу науқанына  еліміз бо­йынша 696 бай-бағлан ілікті. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан  225 972 бас мал тәркілейміз деп үміттенген еді. Үміт ақталмады, бар­лығы 144 474 бас мал ғана тәркіленді. Бұл – жоғарыда белгіленген меженің 64 пайызы. Ал байлардан тәркілену арқылы тартып алынған малдардың 118919 басы жеке  шаруашылықтарға (74,3%) және кол­хоздарға (25,7%) тара­тылып берілді. Тәр­кіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құры­лып, (Т.Омарбеков Қ.Атабаев «Кооперативтендіру сабақ­тары.// Ленин­шіл жас, 1988 ж. №31, 3-4 тамыз, 7-б). 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мыңдай кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды.1928 жылы еліміздегі шаруа қожа­лық­­тарының тек 2%-ы ғана ұжым­дас­­тырылса, 1930 жылы 50%, 1931 жыл­­дың қазанында 65 % ұжымдас­тырылды, яғни ұжымдастыру қар­қыны жеделдетілді. 1931 жылы рес­публикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100%-ға дейін шаруа қожалықтары қамтылды. ПП ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері бойынша, 1930 және 1931 жылдарда Қазақстаннан Қытайға өтіп кеткен босқындардың саны (адамдар) және әлеуметтік құрамдары  төмендегідей:

жылдар Қулактар, байлар Орташалар Кедейлер Колхозшылар Барлығы
            1930

 

1931

35107542 50393606 446314840 22908469 1530234457
11052 8645 19303 10759 49759

Бұл мәліметтер 1931 жылдың 1 қарашасына дейінгі кезеңді ғана бейнелей алатынын ескертеміз. Оның үстіне бұлар толық емес және бұл мәліметтерге шекарадан өту кезінде қолға түскеңдер саны және шекарадан өту кезіндегі қарулы қақтығыстар мен шекара әскерлерінің жазалау әрекеттері кезінде өлгендер кірмей қалған. Ал бұлар аз емес. Мысалы, тек 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейін ғана шекарадан өтерде 14412 адам ұсталған. Ислам дінінің білгірі Халифа Алтай естелігінде, Алтайдан шет ел асқанда екі мың адам едік, пакистанға қырық қана адам жеттік. Қалғаны жолай аурудан, аштықтан,  қырылды деп жазды. Кеңес үкіметіне қарсылар,  басшыға бағынбауды, шет елге қоныс аудуруды қарулы көтеріліске шығуды уағыздап, қазақ қалқы тегіс ұйқысынан оянып, басшыға бағынбағанынан отыз жетінші жылы түріктерден бір адам, өзбек ағаларымыздан төрт адам жазаға ұшыраса, біздің ұлтымыздың қырық екі мың адамының атылып-асылып, әр түрлі жазаға ұшырауы қазақтың бәрі оянып үкіметке қарсы шыққанынан ба деп топшылаймын. Халифа Алтайдың өмірбаянында «1940 жылы Елісхан, Зайып батырлардың бастауымен бес мыңдай адам Тибет жолы арқылы Үндістанға бет алдық. 1941 жылы 9 айда Үндістанға үш мың адам өтті. Ол заманда қазіргідей машина деген жоқ. Жүкті түйеге артып, бала-шағаны кебежеге салып теңдеп, малды айдап, соңдарынан қуғыншы келіп қалар деген үреймен көшті. Сақылдаған сары аязда, аптап ыстықта бір ұрттам су жоқ шөлді далаларда алдында не күтіп тұрғанын білмей босып бара жатқан елге іш ауруы тиіп, біраз адамдар қырылып қалды. Бөтен ел, жат жерге қаза болған бауырларының өлігін қимай, түйеге артып жүрген күндері де болды. Жат жердегі қандастардың тауқыметі мен азапты бейнеттері жайлы айтыла бермейді. Жайлы өмір, қауіпсіз тіршілік іздеп, бармаған жерлері, баспаған таулары қалмаған қандастардың басынан кешкендері өз алдына ұзақ әңгіме. Оны айтатын адам, тыңдайтын құлақ керек. Дегенмен де Халифаның Үндістанға көшкен қазақтардың қасіреті туралы жазғандары кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. «Дамылсыз көшіп жүруге адам да, мал да шыдай алмайды. Ыңғайлы жерге жүк түсіріп, аяқ суытатын кездеріміз болатын. Ауыл-ауыл болып көшетінбіз. Бірде Ілияс деген азаматтың қонып отырған ауылына артынан жау келіп, қырып-жойып, өлтіріп, пайдаға асар дүние мүлікті алып, малдарын айдап әкетті. Ілияс әрең деп атқа мініп, қашып құтылған да, әйелі Күлсін шөгіп жатқан қомды түйенің бауырына жасырынып, түн қараңғылығы түскесін жыңғыл арасымен жалаң аяқ, жалаң бас, ішкөйлекшең көшіп кеткендердің ізімен жанұшыра жүгіріп отырған. Ертеңіне кешке қарай өзі секілді жаудан қашып шыққан бір топ әйел-балаға тап болыпты. Екі табанынан қан сорғалаған Күлсіннің аяғын орап, көтеріп жүріп, көшкен жұрттарда қалған сүйектерді кеміріп, әйтеуір біраз күн өткенде алдағы елге қосылыпты. Сонда Ілияс пен Күлсіннің жауда қалған екі жасар жалғыз баласын алдыңғы әйелдер өздерімен ала шығып, арып-ашып, көтеріп жүруге шамалары келмей, тірідей шырылдатып жол бойына тастап кетіпті (АқМА, 284:16). Қандай қасірет десеңізші! Сол баланың өліп қалмасына кім кепіл?! Босып бара жатқан жұртқа қырғидай тиген қасқырлардан жан тәсілім етіп, бастарын аман қалдыру үшін бөрілерге азыққа тастап кеткен балалар қаншама? Ішерге асы болмаған отбасының өз қыздарын сойып жегендері, шөптің арасына тығып қойып, бір-бірлеп жеген фактілерді тарихтан жасыра алмайсың. Ұлын аман қалдыру мақсатында қыздарын жол шетіне, ағаш түбіне қалдырып кеткен аналардың да болғандығы туралы тарихи фактілер бар. Солардың салдарынан ХХ ғасырдың бірінші жартысында ашаршылық пен босқыншылықтан баудай қырылған қазақ халқы санының күрт төмен түскендігі белгілі. «Үндістанға бара жатқан жолда асудан өткенде екі мың адам қаза болды. Ақыры үнділер еліне жеттік. Осындағы мұсылман халықтар көмектесіп, жанашарлық көрсетті, бірақ бір жылдың ішінде Үндістанның ауасы, суы, жері жақпаған қазақтардың үш мың адамынан бір мыңы ғана қалды».

Әкем Ыбырайұлы Ахметжан 1899 жылы туып, 1992 жылы қайтты. Ұжымдық шаруашылықтың басшысы, тексерушісі, бастауыш партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақат алып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралды. Ол кісі  туғаннан қайтқанша заманның қандай қиыншылықтары басына түссе де, ешқашан өмірден жеңілдік іздеп, қоныс айырбастамады. Кейін, ел ес жиып, халықтың тұрмыстық жағдайы түзеліп, «мамыражай заман» елуінші жылдардан кейін бірге болғанда,  патшалық Россия  кезінде және одан кейінгі жылдардағы оқиғаларды еске алып сұрағанымда, «ой шырағым-ай, ол заманның  несін айтасың, халықтың басынан не қилы қиыншылықтар өтті ғой. Кеңес үкіметі алғашқы орнаған жылдары, патша үкіметін қолдайтын «ақтар» деп аталған жауынгерлер, елге зорлық- зомбылық көрсетіп, әйел жыныстыларды зорлауға дейін барса, қызылдардың да кедейлердің теңдігін орнатамыз деген ұранмен асыра сілтеп халыққа көрсетпегені болмады» дейтін еді. Оның бірден бір себебі, бұрынғы билеуші тап – байлар биліктен кетіріліп, олардың орнына, кешегі жалшылары отырды. Ел басқару мал бағу емес, оны өз дәрежесінде алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Оның ішінде кешегі мал бағып, далада жақсылық-жаманшылыққа араласпай өмір сүргендердің қолынан келмейді. Ол жылдары ел арасынан шыққан білімділердің бәріне дерлігі – хан тұқымы мен бірлі-жарым, көңіл көзі ашық бай балалары. Хан тұқымдары хандық құрып, хан болуды аңсаса, бай ұрпақтары –  байлығын қорғауға әрекет жасағандар. Бұлардан қарапайым халықтың жағдайына жаны ашитындар шыға қоюы екі талай. Міне, ақтар жеңілген, қызылдар жеңіп, үкімет билігін қолына алған жылдары үкімет басына келгендердің көпшілігі басшылық жұмысқа қабілетсіз, оқып-үйренуге араб әрпінен басқа әріпті білмейтін сауатсыздар еді. Осының салдарынан халық зор жапа шекті. Әсіресе, жаңа үкіметке қарсылық кәмпеске басталған жылдары болды. 2009 жылы Жаңаарқа ауданының құрылғанына 80 жыл толуына байланысты, ауданның тарихын жазуға дерек жинау үшін Қарағанды  облыстық  мұражайынан кәмпескеге ұшыраған байлардың құжаттарын іздеуге араб әріпін танитын Алматының ұстаздар дайындайтын институтының  түлегі Жайлыбаев Әліп барып, мұражайдан кәмпескеге ұшыраған бір байдың құжатын тауыпты. Құжаттағы дерекке сәйкес, байға өзіңнің үлесің деп 200 жылқы қалдырып, қалғанын маңайындағыларға бөліп беріпті. Бұдан шығатын түйін – кәмпескеде ел көлемінен көп мал сыртқа шықпаған және  қырыллмаған, тек иелері өзгерген. Коммунистік идеяны ұстағандардың қате түсінігі байлардың бәрін  қанаушы тап деп танып, оларды жазалау  шарасын іске асырып, байлардың малымен қоса жер аууына, жолай көшкендердің малмен қоса өздерінің тегіс опат болуына әкелген. Бұл келтірілген мысалдардан «мал иелері мен халықтың жанашыры атынан сөйлейтін Алашорда көсемдері халықтың қамын ойламай, өздерінің түпкі мақсаты үкіметті құлатып, өздері ел басшылығына келу армандарын іске асыру ма?» деген түйсік ойға оралады.

Басшылыққа бағынбау әрекеті 1928-1937 жылдары жоғары дәрежеде іске асса, бүгінгі күнгі басшыға бағындау одан да  жоғарғы деңгейіне жеткен сияқты. Өйткені Басшы не туралы айтса да, содан қате іздеп, қарсы сөз айтатындар, мақұлдаушылардан анақұрлым көп. Жақында интернетте қаңтар оқиғасы туралы сөйлеген бір әйел қаңтар оқиғасында ереуілге шыққандардың арасынан ереуілшілерді атқандарды атыңдар деп құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне ұлықсат берген ел басшысы Тоқаевты қаралап сөйледі. Сонда сол «дана» жазықсыз елді атқан жауызды қалай тоқтатпақ. Осы оқиға туралы бірлі-жарым азаматтармен әңгімелесіп, «Тоқаевтың орнында өзің болсаң не істер едің» дегеніме жауап бермей, бәрібір «атуға рұқсат бермеу керек еді» деген билікті теріске шығару ойын өзгертпейді. Бұл дегеніміз, басшыны сыйлау түгілі қаралауға сылтау іздеу емес пе?!  Замандастарымыздың санасын жаулап алған  сезімде басшыны сыйлау емес, оның ісінен, айтқан сөзінен мін іздеп оны даттау басымдау ма деймін. Анығын Алла біледі.

С.Сейфуллин кітабында «Алаштың тіреулері жуандар, хазіреттер» немесе «Алаштың құйыршықтары» деген секілді сөздер бірлі-жарым кездеседі, не болмаса, Алаш азаматтары тарапынан большевиктерге бағытталып айтылған «немістің ақшасына сатылған шпиондар», «өңкей оңай олжа табудың ниетіндегі қулар», не болмаса, Міржақып Дулатовтың еңбегінен «бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар, санасыздар» деген тәрізді сөздерді кездестіріп қаласыз.

1918 жылдың қаңтар айында Орынборды большевиктер алып, Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Омарұлдарының Семейге қашып кеткен кезін, не болмаса, 1913 жылдан жер-жердегі газеттерге басшылық еткен «Қазақ» газетінің иесіз қалғандай күйге түсіп, Әбілхамит Жүндібайұлының басқарған тұсында да Сәкен Сейфуллин Алаш азаматтарының атын атап, намыстарына тиерліктей сөз айтпауы да кісіге ой саларлық жай. Әлихан, «қазақ елі, ақылы кірмеген жас бала сияқты. Құшақтап сүйіп отырсаң, төсіңе сиіп жібереді»  деумен  халқымыздың бала сияқты аңғалдығын тап басып айта отырып, іске асырылуы мүмкін емес оқиғаға баруды үгіттеуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне және ашық ажалға үгіттеуі түсініксіздеу. Ал, «жат жұрттың бейшараларынан бұрын, әуелі қазақтың қалың жарлы-жақыбайларын тойындырмаймыз ба?» дегенде, кезінде бірлі-жарым қажылық парызын өтеуге  ұзап шықыққандар  ғана беретін қайыр-садақа  беретіндерден басқа жоқтың қасы жылдар еді ғой. Сонда жылына оншақты адамнан аспайтын қажылардың Мекке, Мәдинада берген садақасымен қанша қазақтың жарлы-жақыбайларын жарылқағысы келгені де қисынсыздау. Осы жерде еске алатын сәт байлардың арасынан Құнанбайдан басқа қажылық парызын өтеген байлардың аттары аталмайды, сондықтан біздің ауқатты аталарымыз да парызын өтеуге аса  құлшынып тұрмаған сияқты. Осындай  жағдайда, жатқан  жері жәйлі, жаны жаннатта болғыр Әлекең «қазақтың қалың жарлы-жақыбайларын қандай садақамен тойындырмақшы. Осыған орай, жалпы Алаш партиясының басшылары Құран Кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерін де аса басшылыққа ала бермеген секілді. «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі, 39-аят).  Әбу Мұса (р.а.): «Аллаһ елшісі (с.а.у.): Мүмін мен мүмін (яғни, мұсылман қауымы) бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды». (Бұхари, саләт 88; Муслим, бирр 65). Демек, мұсылманның мұсылманды жақсы көріп, көмек қолын созуы бүкіл мұсылман бауырларымыздың бір дене секілді жұптасуына  әкеледі.  Бұл жерде Ә. Бөкейхан қазақ халқына жаны ашығанымен,  бұл ұран мұсылман мен мұсылман бауырлардың бір біріне деген тілеулестік ниетінің  бір халық шеңберінде ғана шектелуіне әкеліп, басқа мұсылман бауырларымыздан жырақтауға әкеледі. Бүгін орыс және украин мемлекеттері арасындағы соғыстан запа шеккен украиндықтарға дүние жүзі халықтарының қайырымсыз көмек көрсетуі, адамзаттың бір ата-анадан тарағандығының іс жүзіндегі көрінісі емес пе?! Неге біз  халқымыздың  қайырымдылық  қасиетін тек өз еліміздің аясында шектеуіміз керек.

Әлихан «Қыр баласы, үлгі алыңдар! Данияда кәператип пен ел шаруасы» мақаласында Данияда кәператипке  біріккен шаруалардың да, кәператиптің де жағдайларының тәуірлігін жазып, оған қалай қол жеткізу жолдарын талдамауы да түсініксіз. Әлихан АҚШ, Жапония, Германия, Англия, Дания, Аустралия елдерінің озық тәжірибесін басшылыққа ала отырып, Алаш-Қазақ елін 20-25 жылда әлем төріне жеткізу жоспарын 10-15 жыл газеттің бас редакторы бола тұра білгендерін газетте неге жарияламаған? Жоғарғы орындарға ұсыныспен неге шықпаған, кәператип құрудың тиімді жолдарын неге ұсынбаған деген сияқты ой мазалайды. Менің түсінігімше, елімізде 1928-1930 жылы құрылған қолхоздардың негізіне, басқа жерлерде құрылған  кәператиптердің де негізі салынған,  сондықтан бұларды құру барысында кеткен кемшіліктер жіберілсе соған ғана қарсылық көрсетілмей, жалпы колхоз құруға халықты неге қарсы қойған деген сұрақ мазалайды. Егер ондай құжаттар болса, бүгінгі жариялылық заманында бірі болмаса бірі назарымызға ілінер еді ғой.                                             Пайғамбар Ибраһим (а.с.): «Әкешім! Естімейтін, көрмейтін, сондай-ақ өзіңізге ешбір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасыз? Әкешім! Расында, сізге келмеген ілім маған келді. Ендеше маған ілесіп, мен жүрген жолмен жүріңіз. Мен сізді тура жолға салайын».  Ибраһим (а.с.) әкесін «сіз қараңғылықта қалып, жол таппай адасқан жансыз» деп кінәламайды. Қайта Хақ тағаладан өзіне тура жол келгенін айтып, жұмсақ тілмен жеткізеді. Әрі әкесін «тура жолға түсіңіз» деп қыстамайды. Мен әкелген тура жолыма кіргеніңіз мен үшін де, сіз үшін де пайдалы. «Әкешім! Пұттарға табынудың кесірінен Хақ тағаланың азабына ұшырайсыз ба деп, әрі шайтанға болысатыныңызды ойлап жүрегім сыздап қатты қайғырамын. Егер де сізге азап келетін болса, онда мәңгі тозақта қалғаныңыз. Өйткені Алланың қас дұшпанымен дос болу Алла тағаламен мәңгілік қас болғанмен тең» деп жылы сөзбен жеткізеді. Алайда елқамын ойлайтындар халыққа үндеу тастағанда жұмсақ тілмен, жылы сөзбен емес екінің бірі түсіне бермейтін жұмбақ аралас сөзбен жеткізеді. Мұның астарында жақтастары ғана түсінсін деген ниет жататын болар.  «Ибраһим» сүресі. 1-аят: «Уа, Мұхаммад! Бұл пенделердің қауымын тас қараңғы түнектен жарық нұрға және Азиз (ең ұлы, шексіз үстемдік иесі) Хамид (мақтауға, мадаққа әбден лайық) Алланың жолына шығаруың үшін түсірген кітәбіміз». 5-аятта. «Сондай–ақ, Біз Мұсаны «Қауымыңды тас қараңғы түнектен жарық нұрға шығар һәм Алланың күндерін естеріне сал» деп, аяттарымызбен, айқын дәлелдерімізбен жіберген едік» делінген. Бұл жерде қараңғылық сөзі тек қана пенденің  сеніміне байланысты қолданылған. Пайғамбарлар; Ибраһим  (а.с.) әкесі пұтқа, ал Мұса (а.с.) қауымы бұзауға табынғанынан қараңғы қауым аталған.  Мұнда қараңғы сөзі сенімге байланысты пайдаланылған.

Сауатсыз деп әріпті оқып-жаза білмейтіндерді атайды.

Сауатсыз еді хақ расул,

Мектеп медресе көрмеген.

Оқи, жаза  білмеген.

Не хиқметсыр айтқан! («Мәуліт» поэмасы. 26-б.)

Сегізінші ғасырда исламды қабылдап, руна әрібінен араб әрпіне көшсек, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары араб әрпінен латын әрпіне көшу деген атпен латын әрпіне көштік. Қырқыншы жылы «ликвидация неграмотн-ости» немесе «сауатсыздықты жою» атымен елді дүрліктірген кириллицаға көшу іске асырылды. Міне, осыдан кейін қазаққа сауатсыз аты тұрақты орнықты. Халықтың жазу-таңбаларын кириллицаға көшіріу мәселесі политбюроның мәжілісінде қаралғанда, Кеңес үкіметінің қарамағында болған, халқының саны жағынан аса үлкен емес, Армения  мен Грузия халықтарының  ертеден  сақталған  жазу үлгілерін ғана сақтап, қалған республикалардың жазу үлгілерін кириллицаға көшіруге қаулы қабылдаған. Аталған республикаларда пайдаланудағы әріп таңбаларын ауыстырмауға негізгі себеп болған, олардың пайдалануындағы әріп таңбаларының ғасырдан ғасырға  созылған тарихын      негізге алған. Неге екенін қайдам, біз алды-артымызды  ойламай, «мақау десе де, сақау десе де, сауатсыз»  аталып, артымыз  ашылғанына да қарамай, орыстың артынан ере бергенімізге таң қалам. Егер дәл әріп таңбаларын кириллицаға көшіргенде халқымыз жалпы әріп танымайтын болғанда ғана сауатсыздықты жою деп атауға болар еді. Ал халқымыз тегіс араб әрпінде  жаза да, оқи да білді ғой. Қазіргі күнге дейін  әріптерін пайдаланатын арабтарды сауатсыз деп ешбір халық тани алмайды ғой. Сауатсыздықты жою атымен жүргізілген  науқанды  мемлекет басындағылардың қатты қолға алғаны соншалық, түске дейін бір әріп оқып, жазып үйренген оқушыларға түстен кейін ата-анасына үйретуді ықтияттап тапсырып, ертеңіне орындағанын пысықтады. Бұның сыртында жұмыс істемейтін қарттарды жұмыс аяғынан  кейін  оқытты. Бұның артында санамызға хат танымайтын сауатсыз ұғымын сіңіріп,  мәңгүртке (ойлау  қабілетінен ада) айналдыру саясаты тұрғанын ескермедік. Осының аяғы халқымызды сауатсыз, надан, қараңғы деп атауға  әкелді. Зиялы қауымның өкілі ғой деп, баспасөз басшыларына, «шырақтарым, өмірінде хат танымаған заманы болмаған, ислам дінін қабылдап нұрға бөленген салт-дәстүріміз, құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінен бастау алған  халқымызды  баспасөзде неге қараңғы, сауатсыз, надан атайсыңдар» дегеніме, Абай «надан», Сұлтанмахмут «қараңғы» дегендіктен деген жауап алған соң, пендемін ғой, Абай хаким мен Сұлтанмахмуттың ойларын дұрыс түсінбей жүрген шығармын деген ойға келіп, надан, қараңғы, сауатсыз сөздерінің қандай мағынада айтылғандарын және кімдердің айтқандарын іздеп зерделедім. Надан сөзін көп қолданған Абай мен Шәкәрім болса, қараңғы сөзін Әлихан мен Сұлтанмахмут, тағы бірлі-жарым ақындар пайдаланған екен. Солардың бәрін хатқа түсіріп, әрқайсысын   шамам жеткенше талдағанымда, халқымыздың атын қорлайтын сөздердің оған қатысы жоқтығын, бұл сөз барлық жағдайда жекелеген пенделердің іс-әрекетіне қатысты екеніне көз жеткіздім.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам»  өлеңіндегі  қараңғы сөзін надандық деп түсіндім. Яғни, С.Торайғыровтың айтқысы келгені – надандықты жеңіп ақылды боламын дегені. Тек ақылды болуға ұмтыламын деп тұр. Менің бойымды надандық баспайды деген. Тек ақылдылық үшін көкке өрлеймін.  Ол надандықты  өлеңде   қараңғы сөзімен алмастырған. Қараңғы сөзінің баламасы – надандық деп түсінуіме өлеңнің  келесі жолдары себепші дейді.

«Әнфал» с. 65-а.  «Уа, ардақты Пайғамбар! Мүміндерді (Алла жолында, хақ мақсатта, елді Алланың хақ жолынан қақпалайтын бүлікшіл, бұзақы кәпірлерге қарсы) соғысуға құлшындыр. Егер араларыңда табанды да, жігерлі жиырма кісі болса, (тең ұрыста) екі жүз адамды жеңіп кетеді. Ал егер дәл  сондай жүз кісі болса, күпірлікте қасарысқан мың адамды еңсереді. Өйткені ол кәпірлер-еш нәрсенің мәнісіне бойлай алмайтын ойдан да, сезімнен де жұрдай қараңғы тобыр». Қараңғы тобыр деп көп құдайға, бұтқа табынғандар аталған.

Ғұмар Қараш:

Сопысып надан жүргені

Қанахаға (партия) кіргені.

Құлаш жарым тас тізіп,

Мойнына орап ілгені.

Шартын білмей қолданып,

Шатасып әбден бүлгені.

Риязат шегіп ұйықтамай,

Карамат түрлі көргені.

Хлуетте зікір айтам деп,

Тірілей көрге кіргені.

Мұның бәрін ойласам,

Надандықтың келгені,

деген Ғұмар Қараштың кім, қандай ақын екенінен хабарым жоқ. «Сопысып надан жүргені» сөйлемімен, адам өзінің жан-дүниесін өзі де түсіне бермейтін шақтары болады. Осыған  орай, басқаның ішкі дүниесін таразылау пендеге тән қасиет емес. Оның «Хлуетте зікір айтам деп, тірілей көрге  кірген. Мұның бәрін ойласам, Надандықтың келгені» деген өлеңін  оқып отырып, пілге үрген жәндіктің ісін елестеттім. Қожа Ахмет Иасауи бүкіл дүние жүзіне «Аллаға  ғибадаттың, адамгершілік қасиеттің символы ретінде танылған дана  ұстаз  хакимді, наданға теңеуі – пендені жақсылыққа үндеуі емес, өзі айтқан надандыққа бастауы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сақаба Усамаға: «Сен оны «Лә иләһә иллаллаһ» деген соң өлтірдің бе?» деді. Ол: «Ол өлімнен құтылу үшін сөйлеген» дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сен оның жүрегін ашып көрдің  бе?», деп ұрсады. Мен адамдармен «Лә иләһә иллаллаһ» дегенге дейін соғысуға әмір етілдім. Олар осы сөзді айтқан соң менен жандары мен малдарын құтқарған болады. Олардың ішкі  есептері Аллаһқа қалады» дегенін еске алсақ, басқаның өзіне ғана тән ішкі сырына үңіліп, ол туралы пікір айту абырой бермейтін амал.

М.Дулатұлының «Мудәррис әпендіге жазған бір мәтбуім» өлеңінде:

«Таңдағы тәңірден» деп біздің қазақ,

Жетті ғой түбімізге сол ғафилат.

Қараңғы бір сарайда қамаудамыз,

Есігін кім ашады, бұл жаһалат.

«Намаз оқылып болған соң, жан-жаққа тарап, Алланың мол рахымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық-несібелеріңді іздеңдер», «Жұма» с. 10-аят. әл-Миқдад ибн Мағдик ариб (р.а.) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ешкім де табан ақы, маңдай терімен тапқан тағамнан қайырлы ас ішкен емес. Шынында, Алланың Пайғамбары  Дәуіт те (ғ.с.) ризығын өз еңбегімен табатын еді», деп айтты» делінген. (Бұқари, буйуг 15/әнбия  37). Бұл жерде Намаз оқылып болған соң, деп таң намазы туралы айтылған. Яғни, таң намазынан кейін еңбек істеп, нәпәқа тауып, ішіп-жеңдер деп түсіну керек. Жоғарыда келтірілген М.Дулатұлы «Мудәррис әпендіге жазған бір мәтбуім» өлеңінде: «Таңдағы тәңірден» деген сөздің мағынасын дұрыс түсінбегендіктен, қазақ еңбексіз әлде қайдан «таңғы тамақты» Алла тағаладан үміттеніп, бойкүйездікке меңзеген мағынасында түсініп, «қараңғы сарайда қамаудамыз» деп шарасыздыққа, бейшаралықа, шешімін таба алмай тығырыққа тіреледі. Бұл жерде таң намазын оқығаннан соң еңбек істеп, нәпақа іздеп-тауып ауқаттан мағынасында айтылған. Немесе даналарымыз, Алла қаласа, келесі күні аман болсаң, еңбек істеп нәр табатынымызды меңзегені. Пайғамбарымыз (с.а.у.)дың  адамзаттың Алладан жақсылық тілеп, келешекте тек қана жақсылықтан  үміттенген  дін бауырларын  ширатып, еңбекке шақыруы деп түсінген ләзім.

Заманға қарай моллалар наданырақ,

Көбі қара қазақтан жаманырақ.
Білер-білмес оқумен молла болып,
Орынсыз сөзге ұмтылып, көбі ұрыншақ, деуімен  медресе бітірген ұстаздардың жоққа тәндігінен, ауыл молдасынан білім алған молдалардың білім денгейін, мәдениетін, дүниетанымының төмендігін тілге тиек еткен.  Надан  молланың  халыққа  қатысы жоқ.  Жалпы ақын-жазушы жұрты «Сын түзелмей мін түзелмейді» мақалын басшылыққа алып мақтағанын зор, даттағанын қор етуге жақын жандар. Бұл  үшін ақын-жазушыларды жазғыру қателік болар, өйткені олар – халықтың көзі мен құлағы ғой. Ел билігіндегі жақсы-жайсаңдардың біліп-білмей жіберген  кемшіліктеріне олардың көздерін жеткізіп, халықты да хабардар қылушылар болғандықтан, асып кетпесе оларға да кінә тағуға болмайды. Қалай десек те, негізгі ұраны «Халық үшін» деп ұран көтерген мемлекет басындағыларды халыққа қастандық ұйымдастырды деген ұғым ақылға сыймайды. Репрессия жылдары сотталғандар қатарында тәжіктерде бір адам, түріктерде үш адам, өзбектерде жеті адам, ал қазақтарда қырық бір мың адам болуы, ақын М. Жұмабаевтың Кеңес үкіметінде жүргізілген жақсы өзгерістер; білім мен денсаулықты сақтауға бағытталған игі істер жөнінде бір жол болса да қалам тартпауы алаштықтардың билік басындағылардың бүкіл іс-амалына қарсылық білдірген амалдары, олар тек қана үкіметті құлатуға ғана жұмыс істеген бе? деген түсінікке жетелейді. Халық пен билік бірлесіп, амал жасамаған жерде береке болады деп күту –  ақымақтық.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» кітабында ұлы даламыздан ислам өркениетіне, адамзат қауымына мәдени мұра қалдырған Түркістаннан – 13, Сайрамнан (Исфиджат) –  23, Тараздан –  11, Баласағұннан –  3 ғалымның, жалпы қазақ жерінен 71 тұлғаның шыққаны баяндалған.

Мәселен, Отырар шаһарында отыз бір жасында имамдық етіп, Шам, Бағдат, Мысыр елінде ислам діні мен ғылымның сан салалары жөнінде кітап жазған Каир медресесіне жетекшілік еткен Қауамаддин әл-Иқани әл-Фарабиді айтуға болады. Осынша ғалым өсірген халқымызды қалай қараңғы, надан, сауатсыз атауға, жазуға зиялылардың аузы барып, қолы жазатыны таң қалдырады.

Сөзімнің соңын «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ», «Ниса» с. 59-а. «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» (Бухари) деген аят, хадиспен ойымды аяқтайын.

Бауырларым, Алланың жарылқауында болыңдар!

Сөзге осынша көңіл аударуыма себеп, Алланың құдіретінен кейін сөз құдіреті тұратын секілді. Олай деуіме себеп – басшының халық қамы үшін деп шешкен шешімдерін, басшы ойлап түсіндірген әспетте халыққа жеткізбей, оған қарама-қарсы бағытта зиянды шешім ретінде түсіндіру немесе халықтың болашағына пайда емес зиян келтіру ретінде жеткізу шешімнің іске асқан кезінде халықты зиянға ұшыратуына әкеледі. Болашақ туралы жоспарланған барлық шешімнің міндетті түрде екі түрлі шешімі болады. Оның бірі жоспарды іске асыру барысында қалыптасатын жағдай халыққа пайдалы  деп танылса, ал екінші бір жағдайда халыққа зиянды болады. Сондықтан басшының шешімін іс жүзіне асуына жауапты ел арасынан шыққан орындаушылардың амалдарына байланысты. Олай деуге, еліміздің басынан өткен мына жағдай себепкер болды. Өспен елдімекенінің тұрғыны Бабажан әкеміз кейін естелігінде бізді аштан қырылудан құтқарған ағамыз – Игенберлі ағамыз деп отыратын. Олай деуіне себеп, ашаршылық жылдары халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, халықтың иелігіндегі өзінің ішіп-жеуінен артық астықты алу туралы қаулысына сәйкес, халықтан астық жинау науқаны жүріп жатқан жылдары ауданға келіп, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің басқарушысы Сағындықтың үйінде қонақта болғанда,  оның «қалдарың қалай?» деген сауалына, оның «аштан қырылатын шығармыз, қолымыздағы астықты тегіс жинап алды» дегеніне, Сағындық «бұл қалай, қаулыда астық иелерінен  олардың ішіп-жеуінен артық астық қана алынсын» делінген ғой деп ауылға келіп, мемлекет қаулысымен астық жинаушыларды таныстырып, ішіп-жеуге жетерлік астығымызды қайтартты. Міне, ел басқарудың қыр-сырын білмейтін басшылардың халыққа әкелетін жүздеген зиянының бұл бір түрі ғана. Ал осыған ұқсас оқиғалар мемлекет көлемінде қаншама?! Ал мемлекет басшысы жергілікті жерде не болып жатқанын толық біле бермейді. Ал басшыға жағдайды баяндаушылар оқиғаның өткір үштерінен айналып өтіп, ақпарат сыртында қалдырады. Сондықтан басқа түскен қиындыққа басшыны ғана кінәлап, оған бағынудан бас тарту дінімізге қайшы келетінін естен шығармайық. Қазіргі таңда көпшілігіміздің түсінігімізде мемлекет басшысы саған барлық жағдай жасауы керек, жағдай ойдағыдай болмаса, оған басшы кінәлі деген түсінік санамызды жаулап алған. Осы орайда Американың бірінші президенті Вашингтон халыққа арнаған алғашқы сөзін «Мемлект бізге не береді?» деген ойдан аулақ болыңыздар. Біз мемлекетімізге не береміз деп ойлаңыздар» деген сөзімен бастаған. Егер біз бәріміз осы келтірілген пәлсапаны басшылыққа алсақ және Алланың кәләмі Құран аяттары мен пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерін әр уақыт есімізде ұстап басшылыққа алсақ, халқымыздың тұрмыс жағдайы анақұрлым жақсырақ болар ма еді?!

Менің немерем Нұржан былтыр Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ-ге грантқа оқуға түсті. Бірінші семестр аяқталған соң «семестрді қалай бітірдің?» деген сұрағыма, «тобымызда екі бала ғана тапсырдық, қалғандары қайта тапсыруға қалды» дегенде жағамды ұстадым. Яғни, бұл студенттер оқуға түскенде ештеңе білмей түскендер, енді де ештеңе білейін деп ынталанып тұрғандар емес. Қайта тапсыратындар бір семестр оқымаған білімін 5-10 күнде меңгере қоюы да екіталай. Олар институтқа түскенде де аса ештеңе біле қоймай түскендер, әлі де ештеңе біле қоймасақ та бітіреміз дейтіндер. Әрине, білімнің тереңіне бойламағандардан жалпы халыққа жаны ашитын, елінің келешегіне алаңдайтын түлғалардың шығуы екіталай. Себеп – болашаққа алаңдау даналардың данасының немесе нәпсінің жетегіне ермегендердің ғана қолынан келеді. Қаңқу сөзге сеніп, жетегіне кету де жақсылыққа апармайтын амал. Бірақ дана халқымыз «халық айтпайды, айтса қалт айтпайды» дегендей, бұрынғы басшымыз жөнінде айтылған келеңсіз сөздерді естігенде, «қалай сондайларға барды екен» деген әттеген-ай сананы жегідей жейді. Алайда бауырлар, алдымен әрқайсымыз өз ниетімізді түзейік, сонан соң Алладан бауырларымыздың ниетін түзелуін және елімізге ізгі ниетті басшы беруін тілейік.

Алла елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін, әмин!

Ауданбай қажы Ахметжанұлы, 2022 ж.

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button