Жаңалықтар

Мәделі батыр мен Майлықожа

  1. МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 39
    МӘДЕЛІ БАТЫР АҒАМЫЗ
    Мәделіқожа – әрі батыр, әрі шешен ақын, ұрысқан жаудан беті қайтпаған, дауласқан адамынан жеңілмеген, сөзінен адам зерікпеген кісі екен.
    Оның жетпіс жасқа келгенде Уәліхан, Кенжехан деген екі інісі бірдей өліп және өзінің дәулеті қайтып, үйінде шөгіп отырып қалыпты.
    Жас күнінде Жизейский деген ұлықпен серттесіп, алты ширек қазы жемекші болыпты. Маделіқожа әлігі мөлшердегі қазыны жеп тауысса, ұлықтың Шұбарын алмақ, ал тауыса алмаса, төрт жүз сом төлеп шықпаққа шарт кылыпты. Ұлық атын байлап, Мәделікожа ақшасын санап дайындап қойыпты.
    Қазы піскен соң Маделікожа оны жеп тауысып, ақшасын қалтасына салып, ұлықтың шұбар атын мініп кетіпті.
    Майлықожа Мәделікожаға көңіл айта келгенде, оның жоғарыдағы мақтаулы сипаттарының бәрін тізіп, өлеңмен айтқан екен.
    Мәделіқожа көзінен жасы ағып, тыңдап отырыпты.
    Ассалаумағалейкум,
    Мәделі батыр ағамыз,
    Жаудың оғы өтпеген –
    Ақсауыт алтын жағамыз,
    Амандасқан мынау сөз –
    Арыз қағазнамамыз,
    Кесел жеңдің есіл ер
    Қозғала алмай тәнәңіз,
    Кәрілік, ауру қабаттап,
    Келмей қалды шамаңыз.
    Қабырғаңның сүйеуі –
    Уәліхан еді қалаңыз,
    Қасыңнан қалаң кеткен соң –
    Болыпты қатты налаңыз.
    Ұядан ұшқан үш перен –
    Саһатты тапқан анаңыз,
    Осындай бекер жалғанды
    Көрген соң қайтіп нанамыз?
    Өмірлі болсын артыңда
    Қалған бес-он балаңыз!

*****
Арыстан тұлға білегің,
Қайтпаған жаудан жүрегің,
Қасыңа нөкер топтанып,
Қалмаған арттан әр елің.
Иманберді, Мәделі –
Егіз қозы секілді
Жарасушы еді қатарың,
Ынтымағың бір едің,
Сыпатты ердің нұры едің,
Әрі құда, әрі дос
Ықылас көңілің бір едің.
Дау мен жауға шыққанда
Қолдайтын кәміл пір едің,
Жолдасы кеткен жолбарыстай
Тарта алмай бүйтіп жүдедің,
Қос қарқара жығадай
Бір-біріңе түр едің,
Ғизатың таудай көлденең
Акылға айқын сері едің.
Сыздық, Назар, Момынбек
Сырлас бетер соңы боп
Солармен қатар құрбы едің,
Сарыатанды жұлдызды
Салтанатты іреңің,
Дүниенің жүзін тіредің,
Бүркіттей пәнжаң, жазылып
Иманберді, Мәделі –
Жарасып туған ұл едің,
Жайлы тұлпар боп туған
Жиреншедей тіл едің,
Жомарт туған жолбарысым
Аурудан бүйтіп жүдедің!

*****
Атыс-шабыс айқайда
Көңілдерің тым өсті,
Өз аулыңа бек болдың
Мыңдаған ләшкар ілесті,
Өміріңнің орағын
Опасыз дуние түгесті,
Алшынды шаптың, аралап –
Жолдасың олжа үлесті,
Арғынды шаптың Арқадан
Ағыбаймен найзаң тіресті.
Қараның ханы Бәйтерек
Қарашы болған халык билеп,
Қалың малсыз қыз беріп,
Қалаған күйеу сіз болып,
Жақсы тілек тілесті,
Атасы Абылай – Қасым хан,
Әруағы басым хан –
Тегін тиіп Қалипа –
Хандардың қызы ілесті!

*****
Түркістанда Қоқанмен
Бір күн, бір түн сүрістің,
Ертегі қатар ерлігі –
Ондағы өткен жұмыстың,
Қарағай найзаң қандалып,
Ағыбай састы сандалып,
Сенің жолдас адамың
Өз саяңда жан қалып,
Ағайынды екеуіңе
Арғынның қолы алданып,
Талайын жығып құлаттың
Найзамен тастап аударып,
Арман-бермен аралап
Қалың қолды қақ жарып,
Шұбыртпалы Ағыбай
Кайың ерден қас кетті,
Халықтан туған бас кетті,
Бәһасыз, айыпсыз арыстандар
Көз, тіл тиіп жас кетті,
Тас кесетін алмастар
Жетесінен тарс кетті,
Кыстақтан базар қылынып,
Жұрт қойды Қоқан, Ташкентті.

*****
Жараусыз атқа мінбеген,
Жабдықты салмай жүрмеген,
Жиын-тойға барғанда
Хан-қараға қарсы боп
Қасарса мойын имеген,
Жетпіс пен кесел екеулеп
Көңілің ғарып жүдеген,
Дұшпанға қорған дуалым
Кетесің-ау дүниеден!

*****
Атанды алдың жүгімен,
Қоралы койды түгімен,
Сиыр, өгізді мүйізімен,
Бүркіттей басын шеңбелге,
Жібектен басқа кимеген,
Түртпеді ешкім бүйіріңнен,
Орыс та ойнап әзілдеп,
Айнымаймын әзір деп,
Төрт жүз сомдық, шұбар ат
Аңырды атын алған соң
Басеке тіккен әзірлеп,
Алты ширек қазы жеп.

*****
Айбатың, күшің сенімді ең,
Кетпегін сірә жазым боп,
Ойымызда бар ма еді
Кәрілік пен ауру қабаттап
Сендей ерді жатыр деп?!
Айыпсыз перен ұл еді
Өтіпті есіл Тұрлыбек,
Қоңыраттың асыл коңырауы
Басылып қалды дүнгірлеп,
Орта жүз алаш қайысты
«Ортадан ұстын жұлды» деп.
«Жолбарысынан ажырап
Қоңыратты Құдай ұрды!» деп.
Ескі жолбарыс сен едің,
Ен кайратка кең едін,
Сен де істен қалыпсың
Ыңыранып қапсың мұнды боп.

(Ақын атамыздың нағашысы – Мәделі батырға – Арнауы «Майлықожа. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Ә. Оспанұлы. – Алматы, 2005. – 864 бет» кітабынан алынды, 98-101 беттер.)

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button