Қосым қожа
Қосым қожа – үш жүзге Пір болған Мүсірәлі сопының кенже баласы. Шұғылай Жайсаңның кенже қызы, Жоңғар хонтайшысы Қалдан Цереннің балдызы Мәриямнан туған. Қосым қожаның азан шақырып қойылған аты – Хошмұхаммед. Шамамен 1685-1762 жылдары өмірден өткен. Жас кезінде Бұхара, Шам, Мазари Шариф, Көне Үргеніште білімін жетілдірген, иршад ишан атағын алған.Қосым қожаның Петербург архивіндегі орыс патшасы ЕкатаринаІІ жазған хатта бедерленген мөрдің бірінде «Мүсір-Әлі Софы Азиз Бин Хош Мұхаммад Ходжа» деп жазылған.
Ол кезде балаларына ниетпен пайғамбарлар есімі берілсе, оларды басқа қосалқы есімдермен атаған. (қараңыз: Мүсірәлі сопы әзиз) «Менің пірлік жолымды, қосынымды жегуші, жалғастырушы ізбасарым, Қосымым» деп атап кеткен. Ел аузында «жеті өлікке жан берген» деп те айтылады.
Дәулет бақсымен күш салыстыруы туралы мына тәмсіл Қосым қожаның ел аузында жүрген кереметтері туралы аңыздардың бірі ғана. Бірде екеуі жолаушылап келе жатса, Дәулет бақсы жоқ болып кетеді. Жан-жағына қараған қожа кесіртке болып жатқан құрдасын «Тұр әй, Бұрханым» деп тауып алыпты. Содан жоқ болып кеткен Қосымды Дәулет бақсы таба алмапты. Сөйтсе бүркіт болып ұшып жүр екен. Бақсы: «Әй, қожа, сені жерден іздеп жүрсем, сен төбемде, көкте ұшып жүр екенсің ғой, нәсілің қожа ғой» деп таң қалыпты.
Әдеб.: ашық ақпарат көздеріндегі Орынбет ишан мешітінің бас имамы Ғабдулла Іззаттың дерегіне және С.Саттаров. Мүсірәлі сопы әзіз «Елтаным баспасы» Алматы 2016. Бекмамбетов Жұмамұрат «Кешегі мен бүгінім» басылымдары негізінде жазылды.
Қосым қожа қорымы – Ел аузында айтылатын мына аңызда Қосым қожа, төртқара Жалаңтөс баһадүрдің баласы Дəулет бақсы, жақайым Әйтеке бидің баласы Сартай батыр үшеуі Қызылдың құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоянды көріп ат тізгінін тежеген қожа: «Мен өлгеннен кейінгі бейітім анау қоян жатқан жер, сен Сартай оң жағыма, Дəулет сол жағыма жайғасарсыңдар» деген екен. Расында игі жақсылар қазіргі Қызылорда облысы Қазалыдан жетпіс шақырымдай жерде Қызылқұм жағындағы Қосым қожа қорымында қатар жатыр.
С.Саттаров. Мүсірәлі сопы әзіз «Елтаным баспасы» Алматы 2016.