Жаңалықтар

Құмдыағаш, Қойбағар және Құсмұрынды қамтыған жетінші күн

Әмит, Үндемес, Шәмші ишандар ізімен

«Бабалар жолымен» экспедициясы: Әмит, Үндемес, Шәмші ишандар ізімен – Құмдыағаш, Қойбағар және Құсмұрынды қамтыған жетінші күн

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының жетінші күні Қостанай облысы Әулиекөл ауданының қасиетті тарихи орындарын аралауға арналды. Бұл күннің басты мақсаты – Марал ишан Құрманұлы әулетінің көрнекті өкілдерінің бірі Әмит, Үндемес, Шәмші ишандардың өмірі мен қызметіне қатысты тарихи орындарды зерттеу, өңірдің рухани мұрасын зерделеу, жергілікті тұрғындардың естеліктерін жинақтау және қазақ халқының тарихи жадысын толықтыратын жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу болды.
Таңғы сағат 07:00-де экспедиция мүшелері таңғы ас ішіп, күннің жұмыс жоспарын нақтылады. Зерттеу бағыттары, кездесулердің бағдарламасы және тарихи нысандарды құжаттау жұмыстары пысықталғаннан кейін, сағат 08:00-де экспедиция Әулиекөл ауданынан жолға шықты.
Алғашқы аялдама Құмдыағаш тарихи қонысы болды. Экспедиция мүшелері көне қорымды аралап, құлпытастардың сақталу жағдайымен танысты. Қорымдағы араб графикасымен жазылған мәтіндер көшіріліп, фото және бейнеқұжаттар дайындалды. Сонымен бірге жергілікті шежірешілерден бұл маңда өмір сүрген әулеттердің тарихына қатысты тың мәліметтер жазылып алынды.
Әулиекөл ауданындағы Құмдыағаш – қазақ халқының рухани тарихында өзіндік орны бар қасиетті мекендердің бірі. Бұл өңір Марал ишан Құрманұлы әулетінің Арқадағы ірі діни-ағартушылық орталығы ретінде белгілі. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Құмдыағашта қалыптасқан мешіт-медресе қазақ даласындағы ислам құндылықтарын насихаттап қана қоймай, халықтың сауатын ашқан, ұлттық руханиятты сақтаған маңызды білім ордасына айналды.
Марал ишан Құрманұлының өмірлік ұстанымы халықты тек діни тұрғыдан тәрбиелеумен шектелген жоқ. Ол білім мен имандылықты ұлттың тұтастығын сақтайтын басты құндылықтардың бірі деп білді. Осы ағартушылық бағытты оның ұрпақтары да лайықты жалғастырды. Солардың бірі – Әбдірахман мақсұм (1855–1918).
Әбдірахман мақсұм өз дәуірінің аса білімді діни қайраткерлерінің бірі болған. Ол араб, парсы, түрік және шағатай тілдерін еркін меңгеріп, ислам ғылымдарының негізгі салаларын терең игерген. Діни біліммен қатар шығыс әдебиеті мен тарихына да жетік болғаны жөнінде ел аузында көптеген деректер сақталған.
Әбдірахман мақсұм қазіргі Әулиекөл ауданының Құмдыағаш қонысында мешіт-медресе салдырып, өңірдегі ағартушылық жұмыстың негізін қалады. Халық арасында бұл ғибадатхана «Көкмешіт» деген атаумен белгілі болды. Мұнда балаларға Құран, хадис, фиқһ, араб тілі және діни-адамгершілік ілімдері оқытылды. Сонымен бірге жастардың сауатын ашып, оларды елге қызмет етуге тәрбиелеу басты мақсаттардың бірі болды. Осы тұрғыдан алғанда Құмдыағаштағы мешіт-медресе қазақ даласындағы дәстүрлі мұсылмандық білім беру жүйесінің маңызды орталықтарының бірі саналады.
Әбдірахман мақсұм өмірінде үш мәрте қасиетті Мекке мен Мәдинаға қажылық сапарын жасаған. Ел арасында сақталған тарихи әңгімелерге қарағанда, қажылықтарының бірінде ол Осман империясының астанасы Ыстамбұлға барып, мұсылман әлемінің беделді билеушісі Сұлтан ІІ Абдулхамидпен жүздескен. Қазақ даласынан келген ғалымның білімі мен парасатына риза болған сұлтан оған құрмет ретінде арнайы шапан жапқан деген дерек ұрпақ жадында күні бүгінге дейін сақталған.
1905 жылы елге оралғаннан кейін дүниеге келген ұлына Әбдірахман мақсұм осы кездесудің құрметіне Абдулхамид есімін береді. Кейін бұл бала ел ішінде Әміт ишан атымен танылды. Әбдірахман мақсұмның Шолжан (1875–1917) және Зейнеп аналардан Хамза (Әмзе), Абдулхамид (Әміт), Мәлік, Фатима, Бұрхан және Пәруаз есімді ұл-қыздары дүниеге келген.
Марал ишанның ағартушылық қызметі тек халық жадында ғана емес, ресми мұрағат құжаттарында да көрініс тапқан. Батыс Сібір генерал-губернаторының 1824 жылғы 16 маусымда Азия департаментіне жолдаған мәлімдемесінде: «Марал өткен жылдың жазында көптеген жақтастарымен Сыр бойындағы Қаракөл-Доңызды деген жерде мешіт салып жатыр» деп көрсетілген. Бұл дерек Марал ишанның қазақ даласында діни білім беру ісін жүйелі түрде ұйымдастырғанын және оның қызметінің ресми билік тарапынан да назарға алынғанын дәлелдейді.
Марал ишан негізін қалаған бұл ағартушылық дәстүр кейін оның ұрпақтары арқылы Арқа өңірінде жалғасын тапты. Соның нақты дәлелі – Құмдыағаштағы Әбдірахман мақсұм салдырған мешіт-медресе. Бұл оқу орны ондаған жылдар бойы өңірдегі ең беделді рухани орталықтардың бірі болып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Мұнда білім алған жастар кейін қазақ даласының әр аймағында имамдық қызмет атқарып, халықтың діни сауатын көтеруге үлес қосты.
1918 жылы Әбдірахман мақсұм дүние салғаннан кейін оның рухани жолын небәрі он үш жастағы ұлы Әміт жалғастырғаны туралы деректер сақталған. Жасына қарамастан, ол әкесінің аманатын арқалап, мешіт-медресенің қызметін тоқтатпауға күш салған. Алайда кеңестік биліктің дінге қарсы жүргізген саясаты бұл игі істің табиғи дамуына мүмкіндік бермеді.
«Бабалар жолымен» тарихи-рухани экспедициясы барысында Құмдыағаш өңірінде маңызды ауызша тарихи деректер жиналды. Солардың бірі – Ақымбет Керейдің қызы, Шәмші ишанның келіні Салиха Сапарбекқызы мен Әшім Шәмшіұлының жұбайы Мамилә апай жеткізген мәлімет. Олардың айтуынша, Әміт ишан 1934 жылы діни қызметі үшін кеңестік билік тарапынан тұтқындалып, сотталып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Бұл дерек Қазақстандағы кеңестік кезеңдегі дін қызметкерлеріне қарсы жүргізілген саясатты зерттеу тұрғысынан ғылыми тұрғыдан құнды ауызша тарихи мәлімет болып табылады. Экспедиция мүшелері бұл ақпаратты архивтік құжаттар негізінде нақтылау қажеттігін атап өтті.
Құмдыағаштағы рухани орталықтың қызметі бір ғана әулеттің тарихымен шектелмейді. Ол қазақ қоғамындағы дәстүрлі исламның, ағартушылықтың және ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсететін бірегей тарихи құбылыс болып табылады. Бұл жерден тараған діни-ағартушылық дәстүр кейін Қостанай өңірінің өзге аймақтарына, Торғай даласына, Солтүстік Қазақстанға және Сыр бойына дейін кеңінен тарады.


Бүгінде Құмдыағаш – тарихи ескерткіш қана емес, қазақ халқының рухани жадының ажырамас бөлігі. Мұнда сақталған тарихи орындар, әулеттік қорымдар, ауызша шежірелер мен діни-ағартушылық дәстүрлер Марал ишан Құрманұлы негізін қалаған рухани мектептің өміршеңдігін айқын дәлелдейді. Сондықтан Құмдыағаштың тарихын жан-жақты зерттеу, ондағы тарихи-мәдени мұраларды ғылыми тұрғыдан зерделеу және оларды ұлттық мұра ретінде кеңінен насихаттау – бүгінгі тарих ғылымының маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Қарасу ауданының Қойбағар ауылы – Марал ишан Құрманұлы әулетінің рухани мұрасы сақталған киелі мекендердің бірі. Бұл ауылдың тарихы тек қоныс тарихымен ғана емес, қазақ даласында дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтап, кеңестік атеистік саясат кезеңінде де халықтың діни санасын өшірмей, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген ишандар әулетінің қызметімен тығыз байланысты.
2025 жылдың желтоқсан айында Қойбағар ауылында өңірдің рухани өміріндегі маңызды оқиға орын алды. Мұнда «Әріпханұлы Шәмші ишан» атындағы жаңа намазхана салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілді. Бұл игі іс – Марал ишан ұрпақтарының ғана емес, күллі Қостанай өңірі жұртшылығының көптен күткен тарихи әрі рухани қуанышы болды. Намазхананың бой көтеруі ата-баба аманатына деген адалдықтың, тарихи жадыны жаңғырту мен дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеудің жарқын көрінісі ретінде бағаланды.
Шәмші ишан Әріпханұлы (1908–1976) – ұлы әулие Марал ишан Құрманұлының шөпшегі, қазақ даласындағы дәстүрлі ислам мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі.
Жастайынан діни білімге ден қойған ол Бұхарадағы әйгілі медреселердің бірінде оқып, ислам ғылымдарын терең меңгерді. Араб, парсы және түркі тілдерін жетік білген Шәмші ишан Құран, хадис, фиқһ және шариғат ілімдерін игерген білімдар тұлға ретінде елге танылды.
Алайда XX ғасырдың алғашқы жартысында кеңестік биліктің дінге қарсы жүргізген саясаты оның өміріне де ауыр зардабын тигізді. Қуғын-сүргінге ұшыраған Шәмші ишан туған Сыр өңірінен кетуге мәжбүр болып, алдымен Өзбекстанға қоныс аударды. Кейін, 1960 жылдары Қостанай облысының Құсмұрын мен Қойбағар ауылдарына келіп тұрақтады.
Қиын кезеңде де ол өз ұстанымынан таймай, халыққа жасырын түрде діни тәлім беруді жалғастырды. Ел ішінде балаларды сүндеттеп, неке қидырып, жаназа рәсімдерін өткізіп, жұртшылыққа уағыз айтып, ислам дінінің дәстүрлі қағидаларын сақтауға күш салды. Осылайша, кеңестік қысымға қарамастан, халықтың рухани сабақтастығын үзбеуге өлшеусіз үлес қосты.
Жергілікті тұрғындардың естеліктерінде Шәмші ишан тек дін қайраткері ғана емес, ерекше емшілік қасиетімен де танылған тұлға ретінде сипатталады. Оның шипагерлігі туралы көптеген аңыз-әңгімелер бүгінгі күнге дейін сақталған. Шәмші ишан пайдаланған жайнамаз, тәспі, Құран кітаптары және көне қолжазбалары ұрпақтарының қолында қасиетті жәдігер ретінде сақталып келеді. Бұл мұралар тек бір әулеттің емес, қазақ халқының рухани мәдениетінің құнды ескерткіштері болып саналады.
Экспедицияның келесі бағыты Қостанай облысының Құсмұрын елді мекені болды. Бұл өңір қазақ тарихында ерекше орын алады. Құсмұрын – ұлы ғалым, ағартушы, этнограф әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың балалық және жастық шағымен тығыз байланысты тарихи мекен.


Экспедиция мүшелері ең алдымен Шоқан Уәлихановтың есімімен байланысты қасиетті Шоқан бұлағына арнайы барып, оның тарихи әрі рухани маңызымен танысты. Табиғаттың көркем қойнауында орналасқан бұл бұлақ ғасырлар бойы жергілікті халықтың қасиетті орындарының бірі саналып келеді. Ел аузындағы әңгімелерде жас Шоқанның осы бұлақ басында табиғатты тамашалап, туған өлкенің тарихы мен шежіресіне қызығушылығы оянғаны айтылады. Сондықтан бұл бұлақ тек табиғи су көзі ғана емес, қазақ ғылымының жарық жұлдызының қалыптасуымен байланысты киелі орын ретінде бағаланады.
Экспедиция барысында бұлақтың табиғи ерекшеліктері зерттеліп, жергілікті тұрғындардан оның тарихына қатысты аңыз-әңгімелер мен ауызша деректер жазылып алынды. Сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың Құсмұрындағы өмір кезеңіне, оның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен тарихи ортаға қатысты мәліметтер жинақталды. Бұл деректер болашақта өлкетану және шоқантану бағытындағы ғылыми зерттеулерді толықтыра түсетін маңызды материалдардың бірі болмақ.
Одан кейін экспедиция мүшелері Құсмұрын өңіріндегі тарихи қорымдарды аралады. Солардың қатарында қазақ халқының азаттығы жолында ерлік көрсеткен Малайсары батырдың қорымы мен ел арасында Ханжатқан аталып кеткен қасиетті орынға барып тағзым етті. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жер Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қолбасшысы Наурызбай батырдың есімімен байланысты тарихи мекендердің бірі саналады. Экспедиция мүшелері бұл орындардың тарихи негізін анықтау мақсатында жергілікті ауызша деректерді жинақтап, оларды архивтік материалдармен және ғылыми еңбектермен салыстыра зерттеу қажеттігін атап өтті.
Құсмұрын ауылында экспедицияны Тоқымбет Керей әулетінің азаматтары – Нұрлан Көкенұлы, Талғат Сәбитұлы, Құрманғали Дөкейұлы және Асылжан Дайырұлы ұйымдастырып, өңірдің тарихи орындарын аралауға жан-жақты қолдау көрсетті. Олар экспедиция мүшелерін жергілікті өлкетанушылармен және ақсақалдармен жүздестіріп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы жөніндегі құнды мәліметтердің жинақталуына ықпал етті.
Экспедицияның маңызды кездесулерінің бірі Тоқымбет Керейдің белгілі ақсақалы Көшербай Әбдуәліұлының шаңырағында өтті. Көпті көрген қария экспедиция мүшелерімен кездесіп, Құсмұрын өңірінің көне тарихы, Керей тайпасының қоныстану ерекшеліктері, ру тармақтарының таралуы, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жөнінде бұрын ғылыми айналымға енбеген көптеген тың мәліметтерді баяндап берді. Әсіресе ел ішіндегі шежірелік сабақтастық, тарихи жер-су атауларының шығу төркіні және өткен ғасырларда болған маңызды оқиғалар туралы деректер ерекше ғылыми қызығушылық тудырды.
Ақсақалдың айтуынша, Құсмұрын өңірі Керей тайпасының бірнеше тармағының ежелгі қоныстарының бірі болған. Мұнда сақталған қорымдар, құлпытастар, жергілікті жер атаулары мен халық жадындағы тарихи әңгімелер қазақ халқының этникалық тарихын, көші-қон бағыттарын және рулық құрылымын зерттеуде маңызды дерек көзі болып табылады.
Экспедиция мүшелері барлық тарихи нысандарда фото және бейнетүсірілім жұмыстарын жүргізіп, GPS координаттарын белгілеп, ауызша деректерді аудио форматта жазып алды. Жиналған материалдар алдағы уақытта ғылыми мақалалар, монографиялар, өлкетану жинақтары және «Бабалар жолымен» экспедициясының қорытынды еңбектерінде кеңінен пайдаланылатын болады.
Құсмұрынға жасалған бұл сапар экспедицияның ғылыми бағдарламасындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Бір жағынан, Шоқан Уәлиханов мұрасымен байланысты тарихи орындар зерттелсе, екінші жағынан Керей тайпасының тарихына, өңірдің батырлары мен билеріне қатысты жаңа тарихи деректер жинақталды. Бұл жұмыстар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кешенді түрде зерттеу мен ұлттық тарихи жадты жаңғырту ісіне өзіндік үлес қосатыны сөзсіз.
Түскі уақытта экспедиция мүшелері Жүнісхан ишан, Әміт ишан, Дастан ақсақал және Шәмші ишан ұрпақтарының ұйымдастыруымен берілген дастарқанға қатысты. Қонақасы барысында әулет шежіресі тарқатылып, ата-бабалардың өмір жолы, діни-ағартушылық қызметі және ел тарихындағы орны туралы тағылымды әңгімелер айтылды.
Әулет өкілдері бірнеше ұрпақ бойы сақталып келген ескі фотосуреттерді, қолжазбаларды, шежірелік жазбаларды және ауызша тарих үлгілерін экспедиция мүшелеріне таныстырды. Бұл материалдардың ғылыми құндылығы жоғары екені атап өтіліп, оларды цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жөнінде келісім жасалды.
Түстен кейін экспедиция мүшелері Әулиекөл өңіріндегі тарихи орындарды, көне қоныстарды және мәдени мұра нысандарын аралады. Жергілікті ақсақалдармен, өлкетанушылармен және шежірешілермен кездесулер өткізіліп, Керей тайпасының, оның ішінде Матақай, Көшебе, Жүзбай және басқа да аталардың тарихына қатысты жаңа деректер жинақталды.
Сонымен қатар көне қорымдардың орналасуы нақтыланып, тарихи нысандардың географиялық координаттары белгіленді, құлпытастардың мәтіндері хатқа түсіріліп, фототүсірілімдер жүргізілді. Экспедиция барысында алынған барлық материалдар ғылыми қордың құрамына енгізіліп, кейінгі зерттеулерге негіз болатын құжаттық деректер ретінде рәсімделді.
Кешкі уақытта экспедиция мүшелері қайтадан Әулиекөлге оралып, қорытынды жиын өткізді. Жетінші күн ішінде жиналған материалдарға ғылыми талдау жасалып, олардың Қазақстан тарихын, өңірлік өлкетануды, шежіретануды және рухани мұраны зерттеудегі маңызы сараланды.
Одан кейін ұйымдастырылған кешкі ас барысында экспедиция мүшелері мен жергілікті тұрғындар еркін пікір алмасып, алдағы зерттеу жұмыстарының бағыттарын талқылады. Ата-баба мұрасын сақтау, тарихи орындарды қорғау және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері сөз болды.
Осылайша «Бабалар жолымен» экспедициясының жетінші күні Шәмші ишанның рухани мұрасын ұлықтаумен, Құсмұрын өңірінің тарихи орындарын зерттеумен, әулет ұрпақтарымен кездесумен және жаңа ғылыми деректер жинаумен ерекшеленді. Бұл күннің материалдары экспедицияның жалпы ғылыми қорын толықтырып, қазақ халқының тарихи-рухани мұрасын жан-жақты зерделеуге арналған маңызды дереккөздердің біріне айналды.

Самат Жұматай, зерттеуші-ғалым

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button