Қостанайдан Әулиекөлге дейінгі тағылымға толы алтыншы күн
«Бабалар жолымен» экспедициясы: Марал ишан ізімен

«Бабалар жолымен» экспедициясы: Марал ишан ізімен – Қостанайдан Әулиекөлге дейінгі тағылымға толы алтыншы күн
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының алтыншы күні Қостанай қаласында басталып, Әулиекөл ауданына дейін жалғасты. Бұл күннің басты мақсаты – ұлы әулие, ағартушы әрі азаттық жолындағы қайраткер Марал ишан Құрманұлының рухани мұрасымен сабақтас тарихи орындарды аралау, оның ұрпақтарының өмір жолын зерттеу, Қостанай өңірінде сақталған тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеу, сондай-ақ жергілікті халықтың тарихи жадында сақталған ауызша деректерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізу болды.
Экспедицияның алтыншы күні рухани тағзым мен ғылыми ізденістің үйлесім тапқан кезеңіне айналды. Бұл күні экспедиция мүшелері қасиетті орындарға зиярат жасап қана қоймай, архивтік деректерді толықтыратын шежірелік мәліметтерді, ескі қолжазбаларды, тарихи фотосуреттерді және ауызша тарих үлгілерін жинауға ерекше көңіл бөлді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңір тарихына қатысты бұрын ғылыми әдебиеттерде кездесе бермейтін тың мәліметтер хатқа түсірілді.
Таңертең экспедиция мүшелері Қостанай қаласында бас қосып, алдағы сапардың ғылыми бағдарламасы мен зерттеу бағыттарын талқылады. Таңғы астан кейін экспедиция ең алдымен Марал ишанның есімі берілген қасиетті мешітке барып, баба рухына Құран бағыштады.
Мешіттің бас имамы мен жамағат өкілдері Марал ишан Құрманұлының қазақ даласындағы ислам дінін нығайтудағы тарихи қызметіне тоқталды. Әңгіме барысында оның медреселер ашып, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі, халық арасында имандылық пен әділеттілікті дәріптегені, сондай-ақ Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарға рухани қолдау көрсеткені кеңінен сөз болды.
Экспедиция мүшелері Марал ишанның өмір жолы қазақ халқының рухани тарихының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Оның қызметі тек діни ағартушылықпен шектелмей, халықты бірлікке, отансүйгіштікке және ұлттық құндылықтарды сақтауға үндеген ірі тарихи құбылыс ретінде бағаланды.
Бұл мешіт – Қостанай өңіріндегі ең көне діни ескерткіштердің бірі. Оның тарихы XIX ғасырдың соңынан басталады. Қостанай қаласы қалыптасып, мұсылман халқының саны көбейген тұста өңірге үлкен мешіт салу мәселесі көтеріледі.

Қостанай Ақмешіті, қазіргі Марал ишан мешігі деп аталатын, тарихын XIX ғасырдан бастайтын көне мешіттердің бірі. Қалаға мұсылмандар көптеп орнығуына орай имандылықты насихаттайтын мешіт мәселесі қолға алына бастайды. Арақарағайдағы Мінайдар болыс өзіне қарасты игі жақсыларды Қостанайға шақырып, мешіт салу жайын ақылдасады. Содан өзара кеңесе келе болысқа қарасты әр шаңырақтан «бір ірі қара» малдан жинауға келіседі. Сөйтіп осынау игі іске Мінайдар болыс, Нұржан ақын, Кәрім, Есентай қажы, Лекер қажы сынды қазақ дәулеттілері қаржы бөліп, елді ұйымдастыруға мұрындық болады.
Әбдіуәли Яушев: «Татар көпесі жиналған малды Троицкіге жеткізіп берсеңіздер, мешіт құрылысын өз жауапкершілігіме алайын», – деп, Қазан қаласынан, Санкт-Петербургтен арнайы шеберлер алдырады. Олардың жатар орны, ас-ауқаты Арақарағай болысының мойнында болады. Сөйтіп, 1893 жылы Қостанай мешітінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Мешіт аумағы – 8443 шаршы метр, ғимарат аумағы – 5550 текше метр, жалпы аумағы – 8214 шаршы метр. Биіктігі – 4,510 м, бір күмбезді, бір мұнаралы. Күмбезінің биіктігі – 18,890 м, мұнарасының биіктігі – 22,745 м. 800 адамға арналған.
Аталмыш мешіт 1930 жылға дейін, яғни 37 жыл халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Одан кейін өкінішке қарай, «жұмысшылар клубына» айналды. Ұлы Отан соғысы жылдары онда «эвакуациялық пункт» орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары «кинотеатр», 1980–1991 жылдары «филармония» мекемесі болады.
Ал, 1991 жылғы қараша айында мешіт халыққа қайтарылады. 1993 жылы жүз жылдық мерейтойы аталып өтті. Бірақ мешіт ескіріп, тозғандықтан, оны әуелі қалпына келтіру қажет еді. Соған байланысты жергілікті кәсіпкер азаматтардың атсалысуымен мешіт қайта жаңғыртылды.
Бұл іс 2001 жылдың 28 қазанында аяқталды. 2002 жылы мешітке ғұлама ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.
Мешіт жанында арнайы салынған медресе үйі бар. Бірақ қашан салынғандығы жайлы мәлімет жоқ. Бұл үйде қазір Халықтық банк бөлімшесі орналасқан. Мешітке күрделі жұмыстар жүргізу мақсатында 2016 жылы мешіт жабылған болатын. Ол үшін қомақты қаражат керек болды. 2017 жылы аталмыш мешіт өңірдегі тарихи-мәдени мұра ретінде «Қазақстанның киелі орындары» тізіміне енгізіліп, мәдениет басқармасының балансына берілді. Әкімшілік тарапынан арнайы қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңарған мешіт 2022 жылдың желтоқсан айында халық игілігіне қайта берілді.
Экспедиция мүшелері мешіттің тарихымен танысып, оның қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше орнына тоқталды. Бұл мешіт – тек діни ғимарат қана емес, бірнеше ұрпақтың елдік бірлігі мен жанашырлығының айқын белгісі екені айтылды.
Мешітте өткен кездесуде бас имам Сабыржан Зейнелғабиденұлы Марал ишан Құрманұлының қазақ қоғамындағы орны туралы мазмұнды баяндама жасады.
Баяндамада Марал ишанның діни білімді Бұхара медреселерінде жетілдіргені, қазақ даласында көптеген шәкірт тәрбиелегені, халық арасында имандылықты, бірлікті және әділеттілікті насихаттағаны айтылды.
Сонымен қатар оның Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қазақ халқының рухани тұтастығын сақтауға күш салған қайраткер екендігі ерекше аталып өтті.
Экспедиция мүшелері баба рухына Құран бағыштап, оның халқымыздың рухани тарихындағы орны туралы пікір алмасты.
Мешіттен кейін экспедиция қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің музейіне және кесенесіне барды.
Музейде экспедиция мүшелері ұлы ұстаздың өмір жолына арналған сирек құжаттармен, қолжазбалармен, фотосуреттермен және жеке пайдаланған заттарымен танысты.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында зайырлы білім жүйесін қалыптастырудағы еңбегі, ұлттық мектептердің ашылуына қосқан үлесі және ағартушылық қызметі туралы ғылыми қызметкерлер жан-жақты мәлімет берді.
Кесене басында экспедиция мүшелері Құран бағыштап, қазақ халқының ағартушылық тарихындағы ерекше орны бар тұлғаға тағзым етті.
Экспедиция жетекшілері Марал ишан мен Ыбырай Алтынсариннің өмір жолында ұқсастықтар аз еместігін атап өтті. Екі тұлға да қазақ қоғамын рухани кемелдендіруге, білім мен имандылықты қатар дамытуға зор үлес қосқан тарихи қайраткерлер ретінде бағаланады.
Түске қарай экспедиция мүшелері белгілі қоғам қайраткері, ел азаматы Темірхан Жүнісханұлының (1946–2015) рухына арналған асқа қатысты.
Темірхан Жүнісханұлы 1946 жылдың 5 мамырында Қостанай облысы Қамысты ауданының Бестау ауылында дүниеге келген. Анасы – Үңгіт Жаппас руынан шыққан Қатира Балтабекқызы.
Ол Қостанай педагогикалық институтын және Қостанай ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, бүкіл саналы ғұмырын туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арнады.
Еңбек жолын ауыл мұғалімі ретінде бастап, кейін мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, ауылдық кеңес төрағасы, партия ұйымының хатшысы, өндірістік басқарма басшысы, Атбасар машина жөндеу зауытының директоры, Атбасар қаласы әкімінің орынбасары сияқты жауапты қызметтерді атқарды.
1993 жылы туған өлкесіне оралып, Қамысты ауданындағы шаруашылықты басқарды. Оның басшылығымен ауыл шаруашылығы дамып, жаңа өндірістер ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар жүзеге асырылды.
Ас барысында сөйлеген азаматтар Темірхан Жүнісханұлын елдің қамын жеген, әділ де парасатты басшы ретінде еске алды. Оның есімі туған жерінің тарихында елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала беретіні ерекше айтылды.
Экспедиция барысында Марал ишан әулетінің көрнекті өкілі Жүнісхан ишан Үндемесұлы (1902–1976) туралы көптеген тарихи деректер айтылды.
Жүнісхан ишан Қамысты ауданының Қапырық қыстауында дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін Аралкөл өңірінде өткізді. Ол халық арасында діни сауатымен, әділдігімен, шипагерлігімен және кеңпейілділігімен кеңінен танылды.
1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз тұтқындалып, ауыр сынақтарды бастан өткерді. Соғыс қарсаңында елге оралған соң да халыққа қызмет етуден бас тартқан жоқ. Қиын кезеңде адамдарды емдеп, жастарға діни білім беріп, ислам құндылықтарын насихаттады.
Жергілікті қариялардың айтуынша, белгілі дін қайраткері Сейітхан Сәруарұлы Қостанай өңіріне келген сайын Жүнісхан ишанның шаңырағына арнайы тоқтап, діни мәселелер жөнінде ұзақ сұхбат құрған. Бұл кездесулерге ел ішіндегі көптеген азаматтар қатысып, қос тұлғаның батасын алуды үлкен мәртебе санаған.
Астан кейін, Қостанай қаласындағы Жастар сарайында ғылыми-танымдық дөңгелек үстелге белгілі тарихшылар, өлкетанушылар, дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Марал ишан ұрпақтары және экспедиция мүшелері қатысты.
Жиынды тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы ашып, Марал ишанның қазақ халқының рухани тарихындағы орнына тоқталды. Ол Марал ишан тұлғасын тек діни қайраткер ретінде ғана емес, ұлттық бірлікті сақтаған, халықтың азаттығы жолындағы қозғалыстарға рухани дем берген тарихи тұлға ретінде бағалау қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақылбек Шаяхметов бабалар мұрасын ұлықтаудың ұлттық рухты көтерудегі маңызына тоқталып, тарихи экспедициялардың жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Белгілі қоғам қайраткері Серікбай Оспанов өңір тарихын зерттеудің мемлекетшілдік сананы қалыптастырудағы орны туралы баяндама жасап, өлкетану бағытындағы ғылыми жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңызын айтты, өлкетанушы Есмұқан Қажымұратұлы Махметов әкесі Махмет ақсақалдан жеткен деректер негізінде Қанжатқан ауылының қалыптасу тарихын баяндап берді. Оның айтуынша, ауылдың негізін қалауда Махмет ақсақалдың еңбегі ерекше болған.
Марал баба атындағы Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы Марал ишанның діни-ағартушылық қызметі, қазақ даласында дәстүрлі ислам құндылықтарын орнықтырудағы еңбегі және рухани сабақтастық мәселелері жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Әулиекөл өңіріндегі тарихи кездесулер барысында экспедиция мүшелері жергілікті шежірешілер мен көнекөз қариялардан құнды ауызша деректер жинақтады. Солардың бірі – Салиха Сапарбекқызы. Ол Ақымбет Керейдің қызы, Шәмші ишан әулетінің келіні, Әшім Шәмшіұлының жұбайы ретінде әулет тарихын, өңірдің шежіресін және діни тұлғаларға қатысты ел аузында сақталған деректерді жақсы білетін жан.
Салиха Сапарбекқызының айтуынша, Әміт ишан кеңестік кезеңдегі дінге қарсы жүргізілген қуғын-сүргін саясатының құрбандарының бірі болған. Ел ішінде сақталған естеліктерге сәйкес, ол шамамен 1934 жылы діни қызметімен айналысқаны үшін кеңестік билік тарапынан сотталып, қуғынға ұшыраған. Бұл оқиға сол кезеңдегі дін қайраткерлеріне жасалған қысымның өңірдегі көріністерінің бірі ретінде бағаланады.
Экспедиция мүшелері сапар барысында жинақталған архивтік материалдарды, ауызша тарих үлгілерін, шежірелік жазбаларды, көне фотосуреттер мен тарихи карталарды таныстырып, олардың ғылыми құндылығына тоқталды. Дөңгелек үстел қорытындысында жиналған материалдар негізінде ғылыми мақалалар, монографиялар, деректі фильмдер және тарихи жинақтар әзірлеу жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Дөңгелек үстелден кейін экспедиция Қостанай облысының Әулиекөл ауданына жол тартты. Жол бойында қатысушылар өңірдің тарихи географиясы, көне қоныстары, қазақ руларының қоныстану ерекшеліктері және Керей тайпасының тарихы жөнінде пікір алмасты.
Кешкі уақытта экспедиция Әулиекөл ауданының Жүзбай ауылына жетті. Бұл өңір Солтүстік Қазақстандағы көне Керей қоныстарының бірі болып саналады.
Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, қазіргі Жүзбай ауылының маңында бұрын Құртыкөл, Шиелі, Бестамақ, Басқызыл және Шөптікөл ауылдарының тұрғындары мекендеген. Кеңестік кезеңдегі әкімшілік өзгерістерге байланысты бұл ауылдардың халқы кейін Жүзбай ауылына шоғырланған.
Экспедиция мүшелері Жүзбай ауыл маңында Қанжатқан (Кенжатқан), Құртыкөл Құмдыағаш қорымы, Жүзбай қорымы, Құртыкөл қорымы, Шиелі қорымы және Керей қорымы бар екендігін айтылды.
Экспедиция барысында қорымдардың GPS координаттары белгіленіп, фото және бейнеқұжаттар әзірленді. Бұл материалдар алдағы уақытта Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын цифрландыру жұмыстарына пайдаланылатын болады.
Экспедиция барысында Матақай Керей руының тарихына қатысты тың мәліметтер жиналды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Матақай Керейдің Солтүстік Қазақстан мен Қостанай өңіріндегі қалыптасу тарихына тоқталды.
Ал Матақай Керейдің көне шежіресін Самұрат Сейдахметұлы Есімов экспедиция мүшелеріне табыстады. Бұл құжат бірнеше ұрпақ бойы сақталып келген шежірелік дерек ретінде ерекше ғылыми құндылыққа ие.
Экспедиция барысында Марал ишан Құрманұлының өмірінің соңғы кезеңіне қатысты маңызды ауызша тарихи дерек жазылып алынды. Бұл мәліметті Марал ишанның ұрпағы Карима Әміт ишанқызы жеткізді. Оның айтуынша, бұл әңгімені өз анасы уақтан шыққан Тәжігүл Исабайқызынан естіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тарихи естелік ретінде сақтап келеді.
Карима Әміт ишанқызының айтуынша, ел арасында Марал ишан Құрманұлы Троицк қаласында у беріліп, содан кейін туған еліне оралып, дүниеден өткен деген тарихи әңгіме сақталған. Бұл мәлімет халықтың тарихи жадында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызша деректердің бірі болып табылады және Марал ишанның өмірінің соңғы кезеңіне қатысты ел ішіндегі кең таралған нұсқалардың бірі ретінде айтылады.
Шежірелік мәліметтер бойынша Көшебеден Әлмембет, Жоламан, Тауазар. Матақайдан Сейтімбет, Жақау, Қаракемпір, Тілес және Құлшықай тармақтары тарайды. Бұл әулеттер Солтүстік Қазақстан мен Қостанай өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орын алған. Матақай керейдің жақау атасынан Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов тарайды.
Экспедиция барысында жергілікті өлкетанушылар өңірден шыққан тарихи тұлғалар туралы құнды мәліметтер ұсынды.
Әлмембет би XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген Көшебе Керейдің беделді билерінің бірі ретінде ел арасында әділдігімен танылған. Оның ұрпақтары қазақ қоғамында билік жүргізу дәстүрін жалғастырған.
Тұрсынбай батыр жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ерлік көрсеткен батырлардың бірі. Жергілікті деректер бойынша оның сүйегі қазіргі Ресей Федерациясының Челябі облысы аумағында жерленген.
Балта Керей ішінде Қарасары аймағына жататын оның ұрпақтары бүгінде сол Тобыл бойын мекендеп отыр. Тұрсынбай батырдың бүгінгі ұрпақтарының өтініші бойынша 2010 жылдың тамыз айында Меңдіқара аудандық әкімшілігі Боровской селосындағы үлкен бір көшеге Тұрсынбайдың атын берді. Әкімшілік алдындағы алаңға бабамыздың ескеркіші қойылды. Оның ұрпақтары Меңдіқара ауданы Ұялысай, Маялыағаш, Қамыстыкөл ауылдарында тұрып жатыр.
Байдәулет батыр түрікмен тайпаларына қарсы жорықтарға қатысып, қазақ жерінің оңтүстік-батыс шекарасын қорғауда ерекше ерлік көрсеткен.
Қостан батыр Тобыл өзені бойындағы шайқастардың бірінде қаза тауып, қазіргі Қостанай қаласы мен Заречный кентінің аралығында жерленген деген тарихи деректер сақталған. Қостанай қаласы сол кісінің атында аталған.
Экспедиция барысында өңірден шыққан ағартушылар мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы да кеңінен сөз болды.
Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Спандияр Көбеевтің ағартушылық қызметі ерекше аталып өтті. Оның еңбектері қазақ халқының оқу-ағарту ісінің дамуына зор үлес қосты.
Белгілі педагог-жазушы Бекет Өтетілеуов, қоғам қайраткері Ахметқазы Шотаев, академик Өмірзақ Сұлтанғазин сияқты тұлғалардың өмір жолы туған өлкенің ғылым мен білім тарихындағы ерекше орын алатыны атап көрсетілді.
Кешкі уақытта экспедиция мүшелері Үндемес ишан әулетінің қарашаңырағы саналатын, оның немересі Ноғай Дастанұлының отбасында арнайы ұйымдастырылған асқа қатысты. Бұл тағылымды басқосу барысында Марал ишан әулетінің шежіресі, Үндемес ишан ұрпақтарының тарихы және олардың қазақ қоғамындағы орны туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді. Дастарқан басында әулеттің көнекөз қариялары мен ұрпақтары ата-бабалардан жеткен естеліктерді айтып, экспедиция мүшелерімен тарихи деректермен бөлісті.
Ноғай Дастанұлы (28.06.1928–30.07.2023) – Үндемес ишанның немересі, елге адал еңбегімен танылған ардақты азамат. Анасы – атақты Шақшақ Жәнібек батырдың Тоқтамыс руынан тарайтын Әбдірахманның қызы Райхан. Осылайша, Ноғай Дастанұлы әке жағынан Марал ишан әулетінің, ана жағынан Шақшақ Жәнібек батыр ұрпақтарының өнегесін бойына сіңіріп өсті.
Ноғай Дастанұлы небәрі он бір жасынан бастап еңбекке араласты. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын кезеңде Аралкөл өңіріндегі тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына белсене қатысып, соқа айдап, жер жыртып, егін шаруашылығында аянбай еңбек етті. Жастайынан ауыр еңбекке араласқан ол табандылығы мен төзімділігінің арқасында ел құрметіне бөленді.
Тың игеру жылдарындағы адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте арнайы медальдармен және еңбек наградаларымен марапатталды. Замандастары оның еңбекқорлығын, қарапайымдылығын, жауапкершілігін ерекше құрметпен еске алады.
Кейін тұрмыс жағдайына байланысты Торғай өңіріне қоныс аударып, сол кездегі «Шилі», «Еңбек» және «Речной» кеңшарларында ұзақ жылдар жүргізуші болып еңбек етті. Ол қай жерде жұмыс істесе де, өз ісіне адалдық танытып, әріптестерінің сый-құрметіне бөленген азамат болды.
Ноғай Дастанұлы саналы ғұмырында тек еңбек адамы ғана емес, өнегелі әке ретінде де танылды. Жұбайымен бірге он бір бала тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығына тәлімді тәрбие, сапалы білім беруге күш салды. Ұл-қыздарының әрқайсысы жеке шаңырақ көтеріп, қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп, әке тәрбиесінің жемісін көрсетіп келеді.
Ел арасында: «Егер ер азаматтарға да “Алтын алқа” берілетін болса, бұл марапат ең алдымен он бір перзент өсірген Ноғай Дастанұлына лайық болар еді» деген жылы пікір сақталған. Бұл сөз оның көпбалалы, өнегелі әке болғанының жарқын дәлелі.
Ноғай Дастанұлы ата жолын қуып, діни қызмет атқармағанымен, Марал ишан мен Үндемес ишаннан тараған әулеттің абыройын әрдайым жоғары ұстап өтті. Адал еңбегімен, қарапайым мінезімен, елге деген жанашырлығымен және ұрпағына берген тәрбиесімен ишан әулетінің қадір-қасиетін лайықты жалғастырған азамат ретінде халық жадында қалды.
Өмірінің соңғы жылдарын Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Новонежин ауылында өткізді. 2023 жылы дүниеден өтіп, өзі ұзақ жылдар ғұмыр кешкен осы ауылдың қорымына жерленді.
Экспедиция мүшелері Ноғай Дастанұлының шаңырағында өткен тағылымды кездесудің соңында оның рухына Құран бағыштап, әулет ақсақалдарының батасын алды. Басқосу барысында айтылған естеліктер, шежірелік мәліметтер және әулет тарихына қатысты тың деректер хатқа түсіріліп, болашақ ғылыми зерттеулерге енгізілетін құнды материалдар ретінде тіркелді. Бұл кездесу экспедицияның алтыншы күніндегі ең маңызды рухани әрі ғылыми шаралардың біріне айналды.
Жиналған материалдар Қазақстан тарихы, шежіретану, өлкетану және тарихи география салалары бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулер үшін маңызды дереккөз болып табылады.
«Бабалар жолымен» экспедициясының алтыншы күні ғылыми ізденіс пен рухани тағзымның өзара сабақтасқан жарқын үлгісіне айналды. Қостанай қаласында өткен ғылыми-танымдық дөңгелек үстел, Марал ишанның тарихи мұрасын насихаттау, Әулиекөл өңіріндегі қасиетті қорымдарды зерттеу, Матақай Керейдің көне шежіресін ғылыми айналымға енгізу және өңірдің тарихи тұлғалары туралы тың мәліметтерді жинақтау экспедицияның басты нәтижелерінің бірі болды.
Экспедиция мүшелері бабалар аманатына адалдық танытып, тарихи жадыны сақтау – тек өткенді тану ғана емес, болашақ ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырудың маңызды негізі екенін ерекше атап өтті.
Экспедиция барысында жинақталған барлық материалдар алдағы уақытта ғылыми монографиялар, архивтік жинақтар, энциклопедиялық басылымдар және деректі фильмдер әзірлеуге негіз болады. Бұл жұмыстар қазақ халқының тарихи-рухани мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және оны кеңінен насихаттауға қызмет ететін болады.
Самат Жұматай
Зерттеуші





