Ғалымның хаты

Құрман Бабаға тағзым

«Бабалар жолымен» экспедициясы: 5-күн

«Бабалар жолымен» экспедициясы: Нұрымбеттен Құрман бабаға тағзым – тарих пен тағылымға толы бесінші күн

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының бесінші күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Нұрымбет өңірі мен Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы аумағында жалғасты. Бұл күн экспедицияның ең маңызды кезеңдерінің біріне айналды. Себебі сапардың негізгі бағыты қазақтың ұлы рухани қайраткері Марал ишан Құрманұлының ата-бабалары өмір сүрген, ұрпақтары мекендеген және мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекендерді аралауға арналды.
Экспедицияның басты мақсаты – тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу ғана емес, олардың рухына тағзым жасап, ұлт тарихында сақталған рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осы мақсатта ғылыми зерттеу, өлкетану, шежіре жинау және тарихи жадыны жаңғырту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілді.
Таңғы сағат жетіде экспедиция мүшелері Нұрымбет ауылында таңғы ас ішіп, ауыл ақсақалдары және тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Нұрымбет өңірінің тарихы, елді мекеннің қалыптасуы және Ақсары Керей руының атақонысы болған бұл өлкенің өткені жайлы мазмұнды әңгімелер өрбіді.
Ақсақалдардың айтуынша, қазіргі Нұрымбет ауылы кеңестік кезеңде қалыптасқанымен, бұл өңір бірнеше ғасыр бойы Ақсары Керейдің ежелгі қонысы саналады. 1928 жылы ұжымдастыру науқаны кезінде осы маңда «Молотов» колхозы құрылып, оның құрамына Өтеген мен Өмеке ауылдарының тұрғындары біріктірілген. Кейін ауыл өзінің тарихи атауы – Нұрымбет атауын қайта иеленді. Бүгінде ауыл тұрғындары ата-бабаларының шежіресін, тарихи жер-су атауларын және рухани мұрасын ерекше құрметпен сақтап келеді.
Таңғы сағат сегізден бастап экспедиция мүшелері өңірдегі көне қорымдарды аралады. Алдымен Нұрымбет қорымына барып, әулеттен шыққан белгілі тұлғалардың рухына Құран бағышталды. Одан кейін Бала зираты, Мешіт зираты, Шортанбай зираты, Құртыкөл (Дөң) қорымы және Құрман қорымына зиярат жасалды.
Әсіресе Құрман қорымы – Құрман батыр әулетінің тарихымен тығыз байланысты қасиетті орындардың бірі. Экспедиция мүшелері бабалар рухына тағзым жасап, олардың ел тәуелсіздігі мен халықтың азаттығы жолындағы еңбектерін еске алды.
Зиярат барысында жергілікті өлкетанушылар мен ақсақалдар өңірден шыққан діни қайраткерлер мен ағартушылардың өмірі жайлы құнды деректермен бөлісті. Солардың бірі – халық арасында «Бала ишан» атанған Есенғали Төлегенов (1924–1987).
Есенғали ишан жастайынан діни білім алып, емшілік қасиетімен елге танылған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған жеріне оралып, халыққа шипагерлік көмек көрсеткен. Оның алдына келген көптеген адамдардың сауығып кеткені жөнінде ел ішінде күні бүгінге дейін естеліктер сақталған. Кеңестік кезеңдегі дінге қарсы саясат салдарынан емшілік қызметін тоқтатуға мәжбүр болғанымен, туған халқына адал қызмет етуден ешқашан бас тартпаған.
Сонымен қатар экспедиция барысында ислам дінінің дамуына елеулі үлес қосқан Жүсіп молда, оның ұлы Ақан молда, Сейтахмет молда, Дайыр молда және тәуелсіздік жылдарындағы белгілі дін қайраткері Сатыбалды қажының (Сәткен, 1951–2018) өмірі мен қызметіне қатысты көптеген тың мәліметтер жиналды.
Ақсақалдардың айтуынша, Ақан молда көптеген балалардың сауатын ашып, Құран үйреткен беделді ұстаз болған. Ал Сейтахмет пен Дайыр молдалар ауыл-аймақта ислам дінінің негіздерін насихаттап, халықтың рухани тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан. Сатыбалды қажы тәуелсіздік жылдары өңірдегі діни өмірдің қайта жандануына белсене араласып, жастардың дәстүрлі ислам құндылықтарын дұрыс түсінуіне ықпал еткен.
Түске қарай Нұрымбет ауылының тұрғындары экспедиция мүшелеріне арнайы қонақасы берді. Дастарқан басында ауыл ақсақалдары ел бірлігі, ата-баба аманаты, ұлттық құндылықтар және тарихи жадының маңызы туралы тағылымды ойлар айтып, ақ баталарын берді.
Түстен кейін экспедиция Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына жол тартты. Жол бойында керуен қазақ халқының көрнекті тұлғасы, Абылай ханның сенімді серігі, батыр әрі халық емшісі Құрман батырдың қасиетті қорымына арнайы тоқтады.
Құрман батыр XVIII ғасырда қазақ-жоңғар соғыстарында ерлік көрсеткен тарихи тұлға. Ол тек батыр ғана емес, ел ішінде ерекше құрметке ие болған халық емшісі ретінде де танылған. Ел аузындағы аңыздардың бірінде Абылай хан ауыр жараланған кезде Құрман батыр сирек кездесетін емдік шөптерді пайдаланып, ханды аман алып қалғаны айтылады. Осы оқиғадан кейін оның есімі бүкіл қазақ даласына кеңінен мәлім болған.
Құрман батыр – ұлы әулие Марал ишан Құрманұлының әкесі. Сондықтан бұл зиярат экспедиция мүшелері үшін ерекше рухани мәнге ие болды. Баба рухына Құран бағышталып, оның қазақ мемлекеттілігін қорғаудағы тарихи орны туралы тағылымды әңгімелер айтылды.
Одан кейін экспедиция Ұзынкөл ауданындағы Құрман баба мешітіне барып, аудан имамдары мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен бабалар рухына Құран бағыштады.
Мешітте өткен кездесуде Құрман батырдың ерлігі, Марал ишанның рухани мұрасы және олардың ұрпақтарының қазақ тарихындағы орны жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды. Сонымен қатар қазақ шежіресін сақтау, зерттеу және насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды.
Күннің екінші жартысында экспедиция Ұзынкөл ауданының Жалғызкөл (Ершовка) ауылы маңында Матақай Керейдің ұрпағы Ахмет Жақия қажыұлының шаңырағында қонақ болды.
Кездесу барысында Қазақстанның көрнекті ғалымы Манаш Қозыбаевтың ата-бабалары Ұзынкөл ауданындағы Тазкөл өңірінен шыққаны, ал белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мүсінші Кәкімжан Наурызбаевтың Ұзынкөл ауданының Отынағаш ауылында дүниеге келгені жөнінде тарихи деректер айтылды.
Дастарқан басында Нұрымбет, Балта, Матақай және Көшебе Керей тармақтарының шежіресі тарқатылып, олардың қазақ қоғамындағы орны мен қызметі туралы көптеген тың мәліметтер ортаға салынды. Жергілікті тұрғындар атадан балаға жеткен қолжазбаларын, шежірелік жазбаларын және көне фотосуреттерін экспедиция мүшелеріне таныстырды.
Экспедиция барысында жиналған мұндай материалдардың ғылыми құндылығы өте жоғары екені атап өтілді. Олар алдағы уақытта ғылыми мақалалар, монографиялар және арнайы жинақтардың негізіне айналмақ.
Кешкі уақытта экспедиция Қостанай қаласына жетіп, өңір жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. «Ханзада» мейрамханасында ұйымдастырылған қонақасыға тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және Марал ишанның ұрпақтары қатысты.
Кездесу барысында экспедицияның тарихи және ғылыми маңызы жоғары бағаланып, мұндай рухани сапарлардың ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ел бірлігін нығайтуға және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қосатын үлесі ерекше екені айтылды.
Сондай-ақ экспедицияның алғашқы бес күнінде жиналған архивтік материалдар, ауызша тарих үлгілері, шежірелік мәліметтер мен өлкетану деректеріне қорытынды жасалып, олардың алдағы уақытта кітаптар мен ғылыми мақалалар түрінде жарық көретіні хабарланды.
Осылайша «Бабалар жолымен» экспедициясының бесінші күні ата-баба қорымдарына тағзым жасаумен, тарихи мұраларды зерттеумен, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеумен және ұлттық рухты нығайтумен ерекшеленді. Нұрымбеттен басталған тағылымды сапар Құрман батырдың қасиетті мекеніне жалғасып, Қостанайдағы мазмұнды кездесумен қорытындыланды.
Экспедиция мүшелері мұндай сапарлардың негізгі мақсаты – халқымыздың ұлы тұлғаларының өмір жолын зерттеп қана қоймай, олардың өнегелі мұрасын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қазақ халқының бай тарихи-рухани мұрасын кеңінен насихаттау екенін ерекше атап өтті.
Экспедиция барысында Нұрымбет өңірінің белгілі азаматтары Алжан Дүйсекейұлы (13.08.1918 – 07.04.2006) мен Есенғали Сұлтанұлы (1923 – 06.10.1974) жерленген орындарға да арнайы зиярат жасалып, олардың рухына Құран бағышталды.

  1. Самат Жұматай, зерттеуші

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button