Жарық нұрдың сәулесі

Хамит қожа Қожаұлы

Арқадағы Дуана қожаның Пірзада атасынан шыққан Хамит қожаның ескіше сауаты мол, білімдар Сәкен Сейфуллинмен көңілі жақын адам болыпты.

1937 жылғы аласапыран уақытта ауылдағы Жәңке деген белсенді: Хамит қожаның досы Сәліге: «Әй, Сәлі жақында досың Хамит қожаны өзі сиынар Алласына біржола жібергелі отырмыз. Кеңес Үкіметі Құдаймен санаспай-ақ қалаған адамының жанын жаханнамға жібере салады», – деп бөседі. Шолақ белсенділердің сөздерін ұнатпаған Сәкең: «Алладан шын хабар келсе кім қорған болар дейсің. Хамит қожа ақ жүректі адал адам. Абайла, Хамит қожа емес алдымен өзің кетіп қалып жүрме», – дейді. Оның бұл қағытуына белсенді: «Сені тиісті орындарға айтып қырам-жоям», – деп бұрқыраған күйі жөніне кетеді. Айтса да айтқандай-ақ арада біраз күндер өткен соң әлгі шолақ белсенді аттан құлап, мойыны үзіліп өледі. Сонда Сәлі шешен:          «Біреуге ор қазба, өзің барып түсерсің деген осы», – депті.

Хамит қожа мен директор

Жасы ұлғайған Хамитқожа ақсақал Жәйрем кен байыту комбинатының директоры Садық Асатовқа барып, өлеңмен былай деп:

Сәке – деп жетіп келдім кеңсеңізге,

Бір мезгіл көтерсеңіз еңсеңізді.

Мен де бір өтінішпен келіп едім,

Сөзімді тыңдайды – деп өзіңізге.

 

Жастық шақ, өтіп кетті жүгіруге,

Тимей жүр қолым даже сіңбіруге.

Қыдырхан телефонды қиып кетті,

Қор болдым тіршіліктен бұл өмірде.

 

Осыны қояр едім сөз етпей-ақ,

Қойса да ештеме етпес өзгертпей-ақ.

Өзім кәрі, кемпір науқас әруақытта,

Телефон біздің үйге керектей-ақ, – деп өлеңмен өтініш жазып келеді. Алдындағы өлеңмен жазылған өтінішті оқып шыққан директор ештеме деместен арыздың жиегіне:

Қыдырхан!

Қожекең әлі кетіп, дәурені өтіп,

Келіпті өтінішпен өлеңдетіп.

Сымыңды қиған жерден жалғап жібер,

Жүгіртпей үйден-үйге сүмеңдетіп, – деп «виза» жазып жіберіпті.

жинаған Байтасов  «Тарихнама» газеті

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button