Хамит қожа Қожаұлы
Арқадағы Дуана қожаның Пірзада атасынан шыққан Хамит қожаның ескіше сауаты мол, білімдар Сәкен Сейфуллинмен көңілі жақын адам болыпты.
1937 жылғы аласапыран уақытта ауылдағы Жәңке деген белсенді: Хамит қожаның досы Сәліге: «Әй, Сәлі жақында досың Хамит қожаны өзі сиынар Алласына біржола жібергелі отырмыз. Кеңес Үкіметі Құдаймен санаспай-ақ қалаған адамының жанын жаханнамға жібере салады», – деп бөседі. Шолақ белсенділердің сөздерін ұнатпаған Сәкең: «Алладан шын хабар келсе кім қорған болар дейсің. Хамит қожа ақ жүректі адал адам. Абайла, Хамит қожа емес алдымен өзің кетіп қалып жүрме», – дейді. Оның бұл қағытуына белсенді: «Сені тиісті орындарға айтып қырам-жоям», – деп бұрқыраған күйі жөніне кетеді. Айтса да айтқандай-ақ арада біраз күндер өткен соң әлгі шолақ белсенді аттан құлап, мойыны үзіліп өледі. Сонда Сәлі шешен: «Біреуге ор қазба, өзің барып түсерсің деген осы», – депті.
Хамит қожа мен директор
Жасы ұлғайған Хамитқожа ақсақал Жәйрем кен байыту комбинатының директоры Садық Асатовқа барып, өлеңмен былай деп:
Сәке – деп жетіп келдім кеңсеңізге,
Бір мезгіл көтерсеңіз еңсеңізді.
Мен де бір өтінішпен келіп едім,
Сөзімді тыңдайды – деп өзіңізге.
Жастық шақ, өтіп кетті жүгіруге,
Тимей жүр қолым даже сіңбіруге.
Қыдырхан телефонды қиып кетті,
Қор болдым тіршіліктен бұл өмірде.
Осыны қояр едім сөз етпей-ақ,
Қойса да ештеме етпес өзгертпей-ақ.
Өзім кәрі, кемпір науқас әруақытта,
Телефон біздің үйге керектей-ақ, – деп өлеңмен өтініш жазып келеді. Алдындағы өлеңмен жазылған өтінішті оқып шыққан директор ештеме деместен арыздың жиегіне:
Қыдырхан!
Қожекең әлі кетіп, дәурені өтіп,
Келіпті өтінішпен өлеңдетіп.
Сымыңды қиған жерден жалғап жібер,
Жүгіртпей үйден-үйге сүмеңдетіп, – деп «виза» жазып жіберіпті.
жинаған Байтасов «Тарихнама» газеті