Жарық нұрдың сәулесі

Мәтен қожа құлпытасындағы жазуларды оқудағы кейбір мәселелер

Сайпулла Моллақанағатұлы

Соңғы кездегі ізденістер нәтижесінде көптеген жаңалықтарға қол жеткізудеміз, қаншама жылдар бойы сыры ашылмаған арабграфиалық жазулар оқылып, көптеген тарихи тұлғалардың құлпытастары анықталып, бастары көтеріліп, жас ұрпаққа насихат көзіне айналып келеді. Осындай жұмыстарымызбен танысып жатқан көпшілік тарапынан әр түрлі сұрақтар түсіп жатады. Соның арасында Мәтен Қожа туралы қойылатын сұрақтар да бар. Мәселенки Мәтен Қожа кім болған? Шежіресі қалай тарқалады? Бүгінде Мәтен Қожаның ұрпақтары бар ма? Мәтен Қожаның басындағы құлпытасты қашан оқып едіңіз? Бұл мақалада Мәтен Қожаға қатысты жарияланған кейбір аңыз-әңгімелер, архивтік деректер және құлпытасындағы жазулармен ол кісінің тегіне байланысты ғалымдардың көзқарастары қарастырылады.

Жергілікті тұрғындар арасында Мәтен Қожа туралы әр түрлі аңыз-әңгімелер сақталғандығы байқалады. Мысалы Атырау газетінде мақала жариялаған М.Жаңабай былай деп келтірген, «Дертті жандар панасы ия, расында түрлі дертке шалдыққан адамдар еліміздің әр өңірінен ауруына дауа іздеп келеді. Зират басынан әулие рухына Құран аяттарын бағыштап, Алладан дертіне шипа беруін тілейді. Кейбірі, осы мазар түнек үйінде бірнеше күн түнейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, денсаулығына орай осын­дай әрекетке барғандардың көпшілігі Жаратқанның қалауымен дерттерінен айығып кетеді екен. Сондай-ақ, осы мазардан шығысқа қарай төрт шақырымдай жерде «Ата майы» де­ген жер бар. Ел аузындағы дерекке сүйенсек, Мәтен ата дүниеден өткенде сол жерде әулиенің сүйегін пәктеген. Артынан ағаш үйдің аумағындай бола­тын сол жерден мұнай тәріздес сұйық май шыққан. Сол майды халық күні бүгінге дейін емге қолданады. Әсіресе, қышыма тәрізді ауруға бірден-бір ем көрінеді. Тылсым қасиет иесі Ел ішінде Мәтен ата аталып кет­кен әулиенің тылсым қасиеттерге ие болғаны жөнінде біраз хикаят тараған. Оның бірі Атыраулық қаламгер Әнуарбек Қосановтың 2000 жылы жарыққа шыққан «Атырау әулиелері» кітабында жазылыпты. Аталмыш жинақта: «Ата ел аралап жүріп, осы өңірдегі бір ауылға қонады. Өгізіне мініп кеткелі жатқанда, ауыл адамдары біреудің жоғалған көйлегін даулап, оны жібермейді. Өзінің ақтығына, кінәсіздігіне ешкімді сендіре алмаған соң, ол дұға оқитындығын айтады. Және, дұға еткен кезде көйлекті алған жанның іші жарылатындығын ескертеді. Ауыл адамдарын жинап, дұғасын оқиды. Сол кезде мал құдыққа келіп жатыр екен. Малдың ішінен бір үлкен қасқа сиыр өкіріп-бақырып ортаға құлайды. Сол жерде оның қарыны жарылып кетеді де, сиыр ішінен жоғалған қызыл көйлек шыға келеді. Осы оқиғадан соң, ел атадан кешірім сұрап, алдына мал салып, басына үй тігіп үйлендіреді» делінген [1]. Ал, атаның зиратынан шамамен төрт шақырымдай жерде «Атаның майы» деген жер бар. Кезінде Мәтен ата бақилық болғанда денесін жуындырған орында жер бетінен 25-30 сантиметр тереңдікте мұнай шығып жатыр. Жұртшылық дұға қылып, мұнайдан алады да емге пайдаланады. Кезінде бұл жерде сағат маятниктеріне ұқсас үлкен-үлкен сом темірлер жататын. Көне көз қариялардың айтуынша, бұл темірлер 1890 жылдарда ағылшын мұнайшыларынан қалған. Олар жер бетінде көрініп тұрған мұнайды алуға қаншама мәрте жұмыстанса да темірлері қайта-қайта істен шығып отырған. Шамасы ата рухы риза болмаса керек. Ақыры мұнайды ала алмайтындарына көздері жеткен ағылшындар әкелген құралдарын тастап, тайып тұрады» дейді [2].

Қазақстанның әр облысынан күн демей, түн демей, жанына шипа
іздеген адамдар ағылып келіп, түнеп не болмаса, бір садақа малын арнап сойып, жұма күндері ауыл-аймақтағы адамдар 7 шелпек нанын әкеліп, дұға оқып жатады. Мәтен атаның қабірінде өсіп тұрған шөппен тісі сырқырап ауыратындар тісін шұқыса, ауру тіс су сепкендей басылады. Мәтен атаға емделуге келген адам шын ниетімен жуынып, тазарып келуі керек. Әруақ қона алмай жүрген   адамдар 2-3 күн түнеп, бала көтермей жүрген әйелдер де келіп, атадан медет сұрайды. Сонымен қатар, басы, қолы, аяғы,жүрегі ауыратын адамдар атаның зиратына келіп, дұға оқып, сонан соң атаның майынан құйып алып, не болмаса Мәтен атаның шырақшысынан сұрап алса, оны дертті жерлеріне жағып күтінсе, кәдімгідей айығады. Мәтен атаның құдіретін ауызбен айтып жеткізу қиын. Оны ем
алған адам өзі сезіп, атаның қасиетінің құдіретіне көзі жетеді. Мәтен атаның майын, шөбін, құмын адам баспайтын жерге алып қойған дұрыс [3].

Мұра­ғат қорларынан та­был­ған құжатта «Орал об­лы­сындағы ең алғашқы белгілі болған мұ­найлы мекен Мәтен Қожа Май болатын. Ол Ойыл өзеніне жақын, Бүй­­рек, Тайсойған құм­дары­ның ортасында, Кал­мыковск станциясы­нан 100 шақырым жерде. Мекен ХІХ ғасыр ба­сында өмір сүрген мол­да Мәтен атымен аталған. Мәтен мол­да осы ке­зеңде қазақ­тар­ға мұнай­дың емдік қасиет­терін пайдалануды үй­реткен» [4]. Мұнайлы өңірдің осындай киелі орынға бай бөлігінің бірі – Қызылқоға ауданы. Шөбі шүйгін, қойнауы малға толы осы өлкеде жергілікті халық қастерлейтін қасиетті орындар көп. Солардың бірі – Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Қаракөл ауылы­нан шығысқа қарай 10 шақырымдай жерде орналасқан Мәтен қожа әулие қорымы. Бұл қасиетті орын Атырау облысындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізімінде тұр. Қорымның негізгі құрамына Мәтен қожа әулие мазарынан бөлек көне ғасырдан қалған оннан астам араб әрпімен жазылған ескі құлпытастар мен қазіргі заманғы бейіттер кіреді. Аты аңызға айналған әулиенің ақ ұлутастан салынған зираты осы қорымдағы басқа нысандардан сәл оқшау орналасып, сырты темір шарбақпен қоршалған. Мазардың ұзындығы – 2,75 метр, ені – 2 метр, биіктігі – 2,50 метр. Ор­тасында араб әрпімен жазылған ескі құлпытас бар. Бұл белгінің ерекшелігі, құлпытастың бетіне қолға жұқпайтын қара май жағылғандай кейіпте. Көне жазудың сыры Құлпытастағы жазулар сыры көпке дейін ашылмады [5].

Ашық ақпарат көздерінде құлпытастағы жазуларға байланысты «Тастағы беймәлім жа­зуларды тек 2014 жылы өңірге арнайы экспедициямен келген Шығыстану институтының таяу және орта шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүминов, институттың жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова, жур­налист, өлкетанушы-арабист Қазбек Қабжановтар оқып, мәтіннің қазақша мағынасын жұртшылық назарына ұсынды» делінеді де одан әрі, «Осы жарияланымнан соң, бейне­жазбаны көрген Түркістан қаласының тұрғыны Сейфолла Моллақанағатұлы құлпытастағы жазулар суретін ал­дыртып, тастағы жазбалар мәтінін қайта оқып, оны «Qojalar.kz» сайтына жариялады» деп [6] жалғастырады. Сол екі мәтінді салыстырып, беріп көрелік.

Олардың айтуынша, көне таста: «Байұлы ішінде Қожа Мәтен ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас сүріп ғайыпта аллах бір худа илла 1802 иылда офат болып бұл махама дәфінулунды. Өзінің тірі күнінде және …..офатында соңғы кезі кірәддин бір түрлі май тәнге кірген бір ауруға шифа қазірде мәужіт. Бұны қойды немересі Айнақожа Қылышқожаұғлы» деген жазба жазылған. Алматылық ғалымдар өздерінің осы құлпытастағы жазуды оқу сәтін бейнетаспаға түсіріп, оны «YouTube» желісіне де жариялапты[7] дейді.

Матен Қожа құлпытасындағы Арабша мәтін:

1-باى اولى اچنده خو 2- جا مَتَنْ ابن خوجه تولك بوفانى 3- دنياده 63 ياش عمر سروب عا 4- قبت تقدير خدا ايله 1802 نچى 5- يلده وفات اولوب بومقامه دفن او 6-لوندى اوزى نك تروكنده هم كرامة تدى الوب وفاتند 7-ين صوك هم كرامتلى اورون غه … 8- يرى دان برتورلى مارازقا 9- مرادلغان هرآغرققه 10- شفا حاضرده هم بولادى 11- بونى قويدى نيمارسى ايسه خوجه قليچ خوجه اوغلى.

1-Бай ұлы ічінде хо 2- жа Матан ибн хожа Төлек бұ фани 3- дуниада 63 иаш умур суруб аа 4- қибат тақдирі Хұда иле 1802 інчі 5- иылда уафат олуб бұ мақама дафн о 6- лұнды өзінің түрукінде һәм караматді олуб уафатын 7- дин соң һәм караматлі орунға … 8- иеріден бір түрлі маразқа 9- мұрадлаған һәр ағрыққа 10- шифа һазырда һәм болады. 11- Бұны қойды нимарасы Айса хожа Қылыч хожа оғлы.

Қазақ тіліндегі мағынасы:

Байұлы ішінде Қожа Мәтен ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас өмір сүріп ахыры Алланың жазуымен 1802 ші жылы қайтыс болып бұл орынға жерленді. Өзінің көзі тірісінде керемет иесі болып, қайтыс болған соң да кереметті орынға … Жерінен бір түрлі ауруға, мұрат еткен әр ауру үшін шипа, ол бүгінде де солай. Мұны қойды немересі Айса Қожа Қылыш Қожа ұлы.

Мәтен Қожаның құлпытасындағы ақпаратты негізге ала отырып белгілі тарихшы Исмурзин Жәнібек атаның шығу тегіне байланысты былай дейді: «Мəтен қожаның басына сырқатқа шалдыққандарды түнетуге алып баратынын бала кезімізден білуші едік. Басындағы құлпытасында Мəтен қожа Төлекұлының 1802 жылы 63 жасында өмірден озғаны оймышталған. Мəтен қожаның əкесі Төлек қожа Кедей қожадан тарайды. Бөкейлік қожалар тізімінде Кедей қожаның Төлек қожа, Өзбек қожа, Ахмет қожа, Қара қожа, Ақ қожа деген ұлдары көрсетілген. Орынбор губернаторына жазған хатында Қалдан қожа Күшік (Көшек) қожа ұлы бастаған бір топ бөкейлік Кедей қожа ұрпақтары Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Əзірет Əлидің ұлы Мұхаммед Ханафиядан Абдулманнан жəне Абдулфаттах атты екі ұлдың дүниеге келгенін, соңғысынан Абдулжаппардың, ал Абдулжаппардан Абдулқаһардың, Абдулқаһардан Абдрахман қожаның туғанын, ал осы қожадан өздерінің тарайтынын хабарлайды. Қожалар шежіресі бойынша Абдрахманнан Исқақ (Ысқақ) баб пен Абд ал-Жалил (Əбдіжəлел) баб тарайды. Əбдіжəлел бабтың лақабы Хорасан ата. Осыған орай Мəтен қожа қазақ даласындағы Хорасан қожалар əулетіне жатады деп есептейміз.  Оның үстіне бөкейлік Қарауыл қожа да осы Хорасан қожалар əулетінен. Алайда, тарихшы И.Ерофеева Қарауыл қожаның бабасы Мұхаммед қожаны Сейіт (Саид) қожа əулетіне жатқызады. Ералы сұлтанның хатына иек артқан ғалымның бұл пікірін бүгінде отандық зерттеушілердің барлығы дерлік   қайталаумен келеді. Біздіңше, Орынбор мұрағатында сақталған Мұхаммед қожаның тікелей шөбересі (Мұхаммед қожа – Мырза қожа – Баба қожа – Қарауыл қожа) Қарауыл қожаның өз ата-тегінің Хорасан қожа əулетінен тарайды деп айтқаны шындыққа жақынырақ. Себебі, Қарауыл қожа қазақтар арасында Сейіт қожа əулетінен тарайтындар жоқтың қасы деген. Сондықтан ол өз ата-тегінің Хорасан қожа əулетінен бастау алатынын анық айтқан. Яғни, бөкейлікте оның атасы Мырза қожа есімімен аталатын қожалар əулеті жəне Мəтен қожаның атасы Кедей қожа əулеті де осы Хорасан қожалар тобына жатады. Жалпы қожалар əулетінің тарихында зерттейтін мәселелер жетерлік» [8]. Мәтен Қожа зияртының маңында жаңа қойылған қабірлер мен қатар, араб жазуымен жазылған құлпытастар да бар.

Қорыта айтқанда Атырау облысы бойынша киелі орын саналатын Мәтен Қожаның мазары жүйелі зерттеуді қажет етеді. Оған Мәтен Қожаның тегін анықтау жұмыстары, ел арасындағы айтылып жүрген кереметтерін жинақтау, Мәтен Қожа қауымындағы құмға көміліп қалған араб жазуы бар құлпытастарды қазып жазуларын оқу, жаңадан қойылған құлпытастарды ұрпақ ретінде Мәтен Қожамен байланыстыру жұмыстары және зерттеу нәтижелерін кітап етіп басып шығаруды жатқызуға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. https://atr.kz/zhanalyqtar/maten-qozha-qorymynyn-qupiiasy/
  2. https://qyzylqoga.kz/zhanalyqtar/audan-tynysy/tu-an-zherdi-tanu-turizmdi-damytu-1.html
  3. http://taisoigan.kz/tarikh-lketanu/article_post/m-ten-k-ozha-uliye-turaly
  4. Мұқ­тар Ә.Қ. Қазақ мұна­йының тари­хы.  – Ал­маты: Өл­ке, 2006. – 25б.
  5. https://atr.kz/zhanalyqtar/maten-qozha-qorymynyn-qupiiasy/
  6. https://atr.kz/zhanalyqtar/maten-qozha-qorymynyn-qupiiasy/
  7. https://atr.kz/zhanalyqtar/maten-qozha-qorymynyn-qupiiasy/
  8. http://taisoigan.kz/shezhire/article_post/m-tenk-ozha

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button