Рабғұзи

Мұхаммәд Мұстафа саллұлаху-ғалайһи-уәссәләмға пайғамбарлық келуі

Ол заман Таурат заманы еді. Яғни, пайғамбарлық келгенше Намаз, Тағат, Ғибадат жоқ еді. Мұхаммед ғ.с. 40 жасқа келгенше Хара тауының бір үңгірінде тұратын еді. Ібраһим ғ.с.-нің шариғатымен ғибадат жасайтын еді. Мұхаммед ғ.с.-нің жаны жүдеу тартып, өңі сарғайып, еріндері кезеріп жүрді. Құрайыш үлкендері: «Әй, Мұхаммед! Не үшін қайғырып жалғыз жүрсің? Ауруың болса айт, дауа іздейік. Егер бір адамға ғашық болсаң, некелейік», – деді. Мұхаммед ғ.с. бұларға еш жауап қатпай, орнынан тұрып жүріп кетті.

Бұл іске құрайыштар: «Неге бұл бізге жауап бермеді? Мұхаммедтің жақын ағасы Әбубәкір. Сондықтан Әбубәкір сұрасын», – деп Әбубәкірге қолқа салды. Әбубәкір орнынан тұрып, Расулаллаға келіп: «Сенің қандай дертің бар? Барлық қауым сенен сұрайды?» – деді. Сонда Расулалла ғ.с. айтты: «Көңілім бір Аллада ғана. Көзім де, тілім де бір Алладан іс күтеді. Сабыр қыларға тағатым жоқ, не істерімді білмеймін. Халім мүшкіл», – деп, Меккеден Хара тауына қарай көшті.

Тау үстіне шығып, жүзін топыраққа қойып зар жылады. Пайғамбардың бұл халін көріп, періштелер: «Иә, Раббым! Досың Мұхаммед қайғы шекті», – деп жыласты. Содан кейін Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға әмір қылды: «Әй, Жебірейіл! Достым Мұхаммедке әмір беру уақыты келді. Менің әмірімді Мұхаммедке жеткіз, орындасын! Менің жақсы құлдарыма сүйініш берсін. Жаман құлдарымды Алланың азабымен қорқытсын. Хабибыма менен сәлем айт. Оған пайғамбарлық қонды», – деді. Жебірейіл бір шыңғырып, қанат жайып, Хара тауына енді. Расулалла ғ.с. ауада бір жасыл киім киген кісіні көрді. Жебірейіл ғ.с. Расулалланың жағасынан ұстап: «Алла тағала Адамға ғылым үйретуші, яғни саған бәрін білдірер. Әй, Мұхаммед, Жебірейіл ғ.с.-нің Алладан әкелген аяты осы», – деді.

Мұнан соң пайғамбар ғ.с. Хадишаның үйіне қайтып келіп: «Тез менің үстіме бірдеңе жап, денем тітіреп барады!» – деді. Біраз жатқаннан кейін Хадиша халын сұрады. Сонда Мұхаммед ғ.с: «Қатты қорықтым», – дейді. Хадиша: «Алла тағала сені қайғыртпас, рәхмәтін саған бермегенде кімге берер», – деді.

Хадиша туысы Орқеге жүгіріп барып, пайғамбар ғ.с-нің халін сөз етті. Орқе Інжіл, Тауратты оқыған білімді кісі еді. Бұл хабарды естігеннен кейін Орқе пайғамбар ғ.с.-нің халін сұрауға келіп: «Әй, Мұхаммед! Ол саған естілген дауыс, Алланың саған жіберген кереметі. Бұл Мұса ғ.с.-ға, Ғайса ғ.с.-ға енген болатын», – деді.

Мұнан кейін Мұхаммед ғ.с. Алладан әмір күтті. Хара тауына барып, мүбәрәк жүзін топыраққа төсеп жылады. Бір күні ауадан бір дауыс естілді. Қараса, көк пен жер арасында отырған біреу: «Әй, Мұхаммед, неге көңілің қайғылы сенің. Сен пайғамбар Расулалласың», – дейді. Пайғамбар ғ.с. Хадишаға келіп, тағы да: «Әй, Хадиша! Қорықтым. Үстіме бірдеме жап», – дейді. Хадиша: «Әй, Мұхаммед! Неге қорқасың? Сен қорықпа. Жетімдерге рахым қылушысың, қандастарыңа жәрдем берушісің, пақырға кішілік етіп, байға құрмет қыласың. Өзің көркем мінезді. Көңілің әрдайым Алланың зікірімен болады», – деді. Мұхаммед ғ.с. қымталып жатқанда Жебірейіл ғ.с. сәлем беріп кіріп келді.

Расул ғ.с: «Әй, Хадиша! Ол кісі келді», – деді. Хадиша дереу шашының бір тұлымын шығарып: «Әй, Мұхаммед, мынаны көремісің?» – деді. «Егер ол Жебірейіл болса, мына шашым саған көрінбес», – дейді. Сонда Мұхаммед ғ.с: «Әй, Хадиша, мен сенің тұлымыңды көрмедім», – деді. Хадиша: «Әй, Мұхаммед, сүйінші саған! Ғаламға пайғамбар болдың». Саған келген Рұхыл Әмин Жебірейіл. Әй, Мұхаммед, маған мұсылмандықты айт, мен де мұсылман боламын. Иман арқылы боламын», – деді. Сонда Расул ғ.с. Хадишаға Кәлимә и шәһәдәтты үйретіп, бағыштады.

Мұнан кейін Әбубәкір-Сыдық түс көріп, иманға келді. Яғни пайғамбар ғ.с. айтты: «Адамдардың құрметтісі, менің жанымдағылардың құрметтісі – менің сақабаларым. Сақабаларымның құрметтісі, мені растаушы. Менің құрметім дүниеде де, ақиретте де сақабаларымның артығы Әбубәкір Сыдық болады», – деді.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button