Рабғұзи

Қисса Жақып ғалайһи-уәссәләм (Яғқүп)

Балаларының: «Әй, ата! Біздің сөзімізге иланып, Жүсіпті сахараға апаруға келісіңіз», – деген сөзіне сеніп, алданған. Бірақ фасбржәмил деп, яғни ұлы сабыр деп сабырға келген. Олла һүл мүстәғән, яғни Алла тағала жәрдем ет деп, құдайдан жәрдем сұраған.

Жақып ғ.с.-ның атасы Ысқақ ғалайһи-уәссәләм, Ысқақ ғ.с.-ның атасы Ібраһим ғ.с. Жақып ғ.с.-ның лақап аты Ісрайыл еді. Ісрайыл – сағуатолла, яғни Алланың сақталған құлы мағынасында. Бір рәуәйәттә: Ісрайыл – Алланың әсерін тигізуші мағынасында.

Жақып ғ.с. кеш намазын ғибадат қылғанда Ібіліс келіп шырақ жағып кетті. Соның әсерінен болса керек, өзінің батырлығы мен қайраты есіне түсіп: «Менің қайратымдай күш ешкімде жоқ шығар» деп күпірлік ойлап қалады.

Бір күні Жақып сахарада малын бағып жүргенде Алла тағала оған бір періштені адам кейпінде жібереді. Жақып бұл адамды көріп қалып, ұрысың деп күш көрсетпек болғанда жаңағы адам Жақыпты көтеріп алып, жерге бір қояды. Жақып жерге қатты түсіп ауырып қалады. Мұнан соң Жақып ғ.с. Алла тағалаға жалбарынып: «Иә, Раббым! Бұл ауруымды жазсаң өзіме сүйікті тағамымды харам қыламын», – деді. Жақып ғ.с.-ның сүйікті тамағы түйе еті мен қымыран еді.

Жақып ғ.с.-ның 12 ұлы һәм қыздары бар еді. Бір күні патша Жақыптың қызын айттырып, жаушы жібереді. Патша кәпір болғандықтан Жақып оның сөзін қабыл етпеді. Жаушы: «Егер қызын бермесе әскеріммен барып, шауып аламын», – деген патша сөзін естіртеді.

Хақтағаладан хабар келеді: «Әй, Жақып! Тілесең ұрыс қылуыңа рұқсат». Жақып ғ.с. балаларымен кеңесіп көріп еді, олар соғысуды қабыл көрді. Жақып ғ.с.-ның соғысу деген сөзі ол патшаға ұнамай, тынышталған сәтте және бір патшадан жаушы келді. Жақып ғ.с: «Мен сүннетке отырмаған кісіге қызымды бермеймін. Қыз керек болса сүннетке отырсын», – деді. Бұл сөзді естігеннен кейін, патша өзін және уәзірлерін сүннетке отырғызды. Мұнан соң жаушыны тағы да жұмсап: «Сүннетке отырдық, енді қызын әзірлеп берсін», – деді. Жақып ғ.с: «Лә ілләһә ілла ллаһ, Жақып расул, аллаһ, – деп айтып, пұттарын сындырсын, сонда қызымды беремін», – деді. Бұл сөзге патша ашуланып, бізді мазақ еткені ме деп әскер жиып келді. Жақып балалары өте қайратты һәм батыр еді, патша әскерін тәмәм етті.

Аты әйгілі шә әдәттің ұлы Ғамлақ есімді патша бар еді. Ол Хартүм шаһарында тұратын. Кәнгәнда аштық болғанда Хартүм шаһарында аштық жоқ еді. Кәнгән мен Хартүм шаһарының арасы 10 күндік жол болатын. Бірде Жақып ғ.с. балаларын азық алдыруға Хартұмға жұмсады.

Ғамлақ патша базар үстінен өз халқын тамашалап қарап тұрғанда бастарын ақ бұлт көлегейлеген 10 жігіт базарға келіп кірді. Ғамлақ бұларды көріп көңіл қойды. Келген 10 жігіттің бәрі де әдемі еді. Олардың басындағы бұлтқа қарады, бұлтта: «Лә ілләһә іллә лләһ Мұхәммед р Ра-суллү ллаһ», – деген жазуды көрді. Уәзірлерін жұмсап: «Бар! Сол жігіттерді ертіп кел», – деді. Уәзір барып: «Сізді патша Ғамлақ шақырады», – деді. Яһуда айтты: «Біз пайғамбардың ісін бітірмей ешқайда бара алмаспыз. Пайғамбар ісін бітіргеннен соң барармыз», – деді.

Жақып балалары астықтарын алғаннан соң, патшаға келді. Ғамлақ бұларға өз жанынан орын беріп, барлығына кезек-кезек қарап шықты. Сонан соң: «Әй, әдемі жігіттер! Сендер кім боласыңдар?» – деді. Олар: «Біз Кәнгәндағы Жақыптың балаларымыз», – деді. Патша: «Сіздерден басқа қандастарыңыз бар ма?» – деп сұрады. Олар: «Екі кішкене бауырымыз бар», – деді. Ғамлақ айтты: «Қыз қандастарыңыз бар ма?» – дегенде, пайғамбар балалары: «Әрине бар», – деп жауап қатты. Ғамлақ айтты: «Ол қыз қарындастарыңызды маған беріңіз. Атаңызды һәм сіздерді төре қылып, байытамын», – деді. Яһуда: «Не айтсақ екен?» – деп інілеріне қарап еді, Шамғұн мен Рубил ашуланып отыр екен. Яһуда олардың ашуланғанын көріп, арқаларын сипады. Мұның себебі Жақып ғ.с. балалары ашуланған кезде оларға ерекше күш беретін. Сол кезде Ібраһим ғ.с. әулетінен біреу жауырынынан сипаса, сол сәт қаһарлары қайтып басылатын еді.

Мұнан кейін Яһуда патшаға қарап: «Әй, патшам! Сенің ұлың сенен рұқсат алмай қызыңды біреуге бере ала ма?» – дегенде, патша: «Жоқ, менің рұқсатымсыз бере алмас», – дейді. Сонда Яһуда: «Олай болса, атамыздың қызын біз де бере алмаймыз. Ол кісімен кеңесейік, егер келісіп жатса берерміз» – деді. Ғамлақ бұл сөзге шат болып, оларға қазынасынан 10 түйеге артып бидай, ұн, 100 алтын теңге беріп: «Атаңызға, патша сізді аталыққа қабыл етті, сіз де патшаны ұл етіңіз деп сәлем айтыңыз», – деді. Жақып ғ.с. балалары Кәнгәнға қайтып, Ғамлақ патшаның сөзін атасына айтты, оның берген сыйлықтарын көрсетті. Жақып ғ.с. бұл хабарды естіп, қайғырып жылады: «Менен бұрын ешбір пайғамбар мәшрүкке бермеген еді», – деді. Сонда ұлдары: «Ата, налымаңыз, сіз қалай шешсеңіз қызыңыз сіздің ықтиярыңызда болады», – десті.

Хартүм патшасы Ғамлақ бір ай бойы Кәнгәннан хабар күтіп, ақыры еш хабар болмаған соң Жақып ғ.с.-ға хат жазды. «Бұл патшалардың патшасы, ұлылардың ұлысы Ғамлақтан пақыр Жақыпқа арналады. Айтар сөзім сол, хат барысымен қызыңызды әзірлеп бер. Егер жібермесең, шаһарыңды жаулап, өзіңді ұлдарыңмен бірге өлтіріп, қызыңды алармын. Ол кезде, сенің пайғамбарлығың мен тәңіріңнің қолынан еш пайда келмес. Сенің тәңірің Көк болса, мен – жер тәңірі», – депті. Бұл хат Жақып ғ.с.-ға жетіп, балаларын жиып хатты оқытты. Балалары алғашында қорыққанымен, соңында соғысамыз деп тәуекелге келді. Жақып ғ.с. Яһудаға: «Патшаның хатына жауап жаз», – деп бұйырды. Яһуда қағаз-қалам алғанда Жақып ғ.с. жаз: «Бисмилла ир-рахим, мен Жақып Ісраил ілла аллаһ бин – Ысқақ Зәбиһоллаһү, бин-Ібраһим Халилоллаһү. Ғали Ғамлақ лағин алаһү бин-Шә әдәт. Яғни, ешбір пайғамбар мәшрүкке қыз бермеген, сондықтан Жақып пайғамбардан Ғамлақ лағнетке қыз берілмейді. Егер «Лә ілләһә іла ллаһ Жақып Расулү ллаһ» – десең, қызымды беруге болар», – деді.

Хат Ғамлаққа барып жетті. Ғамлақ хатты оқығаннан соң қатты ашуланып, түсі бұзылды. Патшасының қаһарын сезген уәзірлері: «Жақсылықпен бермеді, онда жамандықпен алармыз», – деді. Ғамлақ: «Әскер жиылсын!» – деп бұйрық берді. Тез арада әскер де жиналып үлгерді. Ғамлақ өте зор әрі семіз болғандықтан оны ат, қашыр көтере алмайтын. Сондықтан өзі пілге мініп, жүз мың әскермен Кәнгәнға келді. Бұл кезде Жақып ғ.с. ұлдары сахарада жүр еді, Ғамлақты көріп, олар да Кәнгәнға жақындады. Жақып ғ.с. Хақтағалаға мінәжат қылды. Дереу, Жебірейіл ғ.с. хабар келтірді. «Хақтағала сәлем айтты. Ұлдарың қорықпасын һәм қызың да соғысқа шықсын», – деп бұйырды.

Жақып ғ.с. ұлы Шамғұмға Адам ғ.с. көйлегін, Рубилге Шіш ғ.с. көйлегін кидіріп, Ыдырыс ғ.с. тәсбиқын Лаулиға беріп, Смағұл ғ.с. мүйізін Нақталға беріп, Адам ғ.с. таяғын Яһудаға ұстатып һәм тоғыз ұлына Яһуданы басшылық ет деп, Ғамлақ әскеріне қарсы аттандырды.

Ғамлақ әскерлеріне: «Жақып ұлдары қандай тұжырымға келгендерін біліңіздер. Егер соғысқа әзір болса тыймаңыз, қолға түсіріп алып келіңіздер», – деді. Уәзір келіп, Жақып балаларының тұжырымын сұрағанда Яһуда өздерінің соғысуға келгендігін айтты. Уәзірдің менсінбей күлгеніне Яһуданың ашуы келіп, туыстарына айтты: «Сіздер осында тұрыңыздар, мен барып көрейін», – деп, Адам ғ.с. таяғын көтеріп, қалың әскер ішіне еніп кетті. Сол сәт таяғының құдіретімен уәзірді һәм екі жүз кісіні өлтірді.

Жақып ғ.с. балалары ақырып келіп жауға кіргенде көк жаңғырып, қырық мың кісі қорыққанынан өліп кетті. Сол кезде Ғамалақтың пілі үркіп, қаша жөнелгенде, Ғамлақ жерге құлап түсті. Яһуда Ғамлақтың қашқанын көріп, соңынан қуып жетсе, ол үңгір ішіне жасырынып үлгеріпті. Сонда Яһуда: «Әй, малғұн! Алланың құдіретіне көзің жетті ме? Лә ілләһә іллә ллаһ деп айтып, мұсылман болып құтыл», – деді. Ғамлақ келіспеді. Сонда Шамғұм барып сақалынан ұстап Жақып ғ.с.-ға алып келді.

Жақып ғ.с: «Әй, Ғамлақ, лә ілләһә ілла ллаһ Жақып Расулү ллаһ деп тамұқтан құтыл», – дегенде Ғамлақ: «Иманға келемін, бірақ маған аздаған уақыт бер», – деді. Бұл кезде Жебірейіл ғ.с. Жақып ғ.с.-ға Алланың сәлемін жеткізді. «Әй, Жақып! Ғамлақ бір күнге рұқсат тілесе келіс!» – деді. Жақып ғ.с. Ғамлаққа: «Иә, қанша уақытқа рұқсат сұрайсың?» – дегенде Ғамлақ: «Он жылға рұқсат бер», – деді. Мұнан соң Жақып ғ.с. Ғамлақты босатты, Ғамлақ, жасын отынан қорыққан шайтандай қашып жоқ болды.

Он жыл толғанда Хақтағаладан хабар келді. Жебірейіл ғ.с. Жақып ғ.с.-ға Алланың сәлемін айтты: «Хақтағаланың әмірі Яһуданы Ғамлаққа жібер, барып дінге үндесін!» Алла әмірімен Жақып ғ.с. Яһуданы Хартүм шаһарындағы Ғамлаққа жіберді. Яһуда патшаға келіп: «Әй, патша! Атамның берген уақыт шарты толды. Лә ілләһә ілла ллаһ Жақып – Расулү ллаһ деп айтуға уәде берген едің, мен сол уәде сертіңе келдім. Лә ілләһә ілла ллаһ Жақып -Расулү ллаһ деп айт», – деді. Сонда Ғамлақ: «Әй, Яһуда! Патшаларға елші жіберетін заң жоқ. Басыңды кесіп, қабырғаларынды пілдің аяғына тастауға болар еді. Сен онан да атаңа айт, өткен істі ұмытып, қызын әзірлеп маған жіберсін. Егер келіспесе қалың әскер жиып барамын. Ондай көп әскер тәңірінде де жоқ», – деп күпір сөйледі. Яһуда: «Әй, бейшара? Әскеріңмен барған өз халіңді бір мәртебе көрген сияқты едің. Бұл сөзіңді тағы қайталамақпысың?» – деді. Ғамлақ: «Сіз сиқыршы болып, мен ол соғыста алданып қалдым. Енді мен де сіздерге қарсы сиқыршы дайындадым», – деді. Яһуда: «Әй, малғұн! Райыңнан қайтып, иманға кел!» – деді. Ғамлақ ашуланып: «Сіз атаңызға соғысқа әзірленсін деп хабар беріңіз», – деді де уәзіріне: «Әскер дайында!» – деп әмір етті. Яһуда бұл хабарды атасына жеткізген сәтте, Ғамлақ төрт жүз мың әскермен Кәнгәнға аттанды. Жақып ғ.с. Яһудадан бұл хабарды естіп, Хақтағалаға мінәжат етті. Дереу Жебірейіл ғ.с. келді: «Әй, Жақып! Хақтағаланың құдіретін көр. Ол малғұннан Алла тағала сізді құтқарар», – деді.

Ғамлақ Кәнгәнға жақындап, бір сахараға түсті. Кеш түскен сәтте құдай әмірімен қатты жел есіп, жел мен от қоса келіп Ғамлақты да, әскерін де өртеп кетті. Жебірейіл ғ.с: «Әй, Жақып! Алланың саған өмірі бар. Ғамлақтың қазынасын һәм малын алып, басқа заттарын отқа сал», – деді. Жақып ғ.с. Ғамлақтың малы мен қазынасын алып, басқа жиһаздарын отқа өртеді.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button