Сыр-сұхбат

Менің  қасиетті сапарым

Мүкаррам Меккеде

Қажымыз. Білетіндер отыз үш жылда бір келетін әкбар қажымыз деп айтып жатыр. Біз үшін бастысы қажылық ниетіміздің қабыл болғаны, мұсылмандықтың бір парызын атқарғанымыз еді.  Жүректе қуаныш, санаға сабыр біткендей.

Меккеге келе апаларымыз шетінен ауыра бастады. Бірінің ыстығы, бірінің қан қысымы көтеріліп, жүректері де сыр беріп жатыр. Менің өзімнің бұрыннан ауруым бар еді, сол қозып бірер күндей дауысым шықпай қалды. Байқаймын әрқайсымыздың ойымыздан Ботан апа кетпей жүр. Бәріміз де оның қайтқанын білсек те, айтуға да еске алуға да дәтіміз шыдамайды. Ондағымыз, басқаны қапаландырып,  көңілін бұзбайықшы дегеніміз. Түк болмағандай тағы жүре алмаймыз. Содан лифтіде жол басшыларымызды кездестіріп, «бір мал сойып Ботан апамызға құран оқытайық, бірер күн дәмдес болған біздер қиналып жүрміз» дедім.  «Ойластырудамыз» деген соң көңіліміз жайланды. Бір күні құтпаннан кейін қонаржайымыздың алдына ұзындығы 50 метрдей дастархан жайылып бірге келген барлық қажылар жайғасып, мал сойылып, тамақ асылып  құран бағышталды. Камалат апамыз қажылықтың алдында түс көргенін еске алды. Онда Ботан апа аппақ қайыққа мініп кетіп барады екен, баршамыз басқа кемедеміз, апамызды дауыстап шақырсақ та қарамапты… Бірге келіп, Меккеде қалдырған апамыздың жайы жаннатта болсын. Енді екі-үш күнде Мадинаға сапар шегіп, аржағында елге қайтамыз.

Мекке шаһары шағын қала. Соңғы кезде жылдам көркейіп, биік қабатты үйлер салынып жатқаны көрініп тұр. Харам мешітінің жанында орналасқан Джабал әл-Нұр мұнарасы да қазіргі заманның сәулетіндей болып ескі мешітпен онша үйлеспегендей көрінді. Өйткені дәл осындай шыны мен құрыштан құрсалған көп қабатты үйлер ешкімге таңсық емес. Меккеге көненің жарық сәулесін іздеп келетіні белгілі. Бұл әрине, менің ойым.

Ғаламторда қасиетті шаһардың өткен тарихына қатысты деректер жетерлік. Бергі тарихында 1924 жылы осы қала үшін Абдул-Азиз ибн Сауд Меккенің шерифі Хүсейн бен Әли мен Хиджаз королдігіне қарсы шайқасады. Ибн Сауд 700 жылдан бергі Хашимиттердің  билігін үзіп, Меккені жаулап алады. 1926 жылы 10 қаңтарда Абдул-Азиз ибн Сауд Хиджаздың королі болып, Неджд Хиджазбен біріктіріп, королдік құрайды. Он жылдан кейін Неджд  және Хиджаз бір мемлекетке біріктіріліп, біз барған Сауд Арабиясы пайда болады.

Ғаламтордан білуімізше, жаңа билік, 1985 жылдан бері көне тарихи  ескерткішердің 95 пайызын қиратқан дейді. Сол қиратылғандардың ішінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бен оның сахабалары салған жеті мешіттің бесеуі, Хадиша анамыздың, Әбу Бәкірдің және  Пайғамбарымыздың немересі Әли-Ораида үйлері қиратылған деседі. Ресми деректер бойынша бұлар қажылыққа келгендерді қабылдауға арналған инфрақұрылымдарды салу үшін қажеттілік деп шешкен. Алайда Әли Ораиданың үйін королдің өзі жермен-жексен етіңдер деп пәрмен берсе керек, тағзым ететін жерге айналмасын деген шығар, Саудияның ресми діні  –  ваххабизм.

Бұл қаладан біздерге Жын мешітінде болуға нәсіп етіпті. Харамға жете бере көпірдің астында орналасқан шағын мешіт. Осы жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жындарды жиып алып намаз оқығаны белгілі. Кейіннен оқиғаның құрметіне мешіт салынған. Бізде екі бас намаз оқып, ислам тарихының бір белгісіне ғибадат еттік.

Енді бір үлкен орын әл-Мұғаллаһ қабірстаны. Мұнда Хадиша анамыз жерленген екен. Тып-типыл, моланың ешқандай көктасы да төрқұлағы да жоқ қабірстанда жалғыз ағаш өсіп тұр, білетіндер анамыз сол ағаштың астында дейді. Біздер сыртында тұрып  дұға еттік. Пайғамбарымыз дүниеге келген орында осы айналада. Бірақ ол қажыларды бастап апаратындардың бағдарламасына енбеген. Зиярат ету мемлекеттің заңына қиғаш келген соң біздер де көзге түспеуге тырыстық.

Нұр тауындағы Хира үңгірі біз жатқан жерден таяқ тастам жерде орналасқан. Бұл алғаш рет Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Оқы!» деп, алғашқы уаһи әмірі түскен үңгір. Барғандар айтты: «Бір күнде ұшар басына көтеріліп, екінші күні орнымыздан тұра алмадық». Мен де таудың басына көтерілуге талаптанып едім,  бронхымның ауруы шыдатпай, іргесінде сәл отырып кейін қайттым. Алла қаласа тағы жол түсер деген үміттемін. Сәуір үңгірі де осы жерде дейді. Ол туралы мынадай тәмсілді білесіздер. Мұнда мүшріктерден Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш күн жасырынған. Олар Сәуір үңгіріне тақап  келсе де, үңгірдің аузындағы үзілмеген өрмекшінің торын көріп, ұя салған көгершінге қарап, жолдарынан жаңылған екен. Барам дегенде Қызыл теңізге дейін 80 шақырымдай жол ғана. Жақсыны көрмек үшін, Меккеге келген жанның артық уақыты болса, айналып өтпесін деген оймен жазылған жай ғой.

Зәм-Зәм. «Рахымдылардың рахымдысы Иә, Алла! Мен сеннен пайдалы ілім, кең ризық және барлық ауру-сырқаудан шипа беруіңді сұраймын» деп Зәм-Зәмді ішеміз. Сыйға берген бес литр Зәм-Зәм суын ауылымызға арқалап та келдік. Мешіттің ауласында, Сафа мен Мәруа арасында Зәм-Зәм суының крандары қойылған. Қаншама шөлдеп келсең де ізіңнен келген адамға ізет көрсетіп, су ішуге жол беруді осы жердің заңы ма деп қалдым. Бір-екі рет өзіңізге осындай құрмет болған соң, басқаға да жағдай жасап,  алдымен суды өзіміз ішпей, артыңда шөліркеп келгеннің қолына ұсынуды үйрендік. Бір жұтым ішіп, тыныстап сосын барып  қалғанын сарқып жұту зәм-зәм суын ішудің тәртібі. Кейде Қағбаның жанында діңкесі құрып отырған қарттар ымдап су әкеліп беруіңді өтінеді. Ондайда қалт жібермей, алдымен сусаған жанның сұрағанын бересің. Ал Қағбаның түбінде бір қажы ұсынған судың дәмі әлі есімде.

Қоштасу тауабы

Меккеден Мадинаға аттанар алдында рухани отанымызбен қоштасқандай,  Қағбаны жеті айналып, қоштасу тауабын жасауға түн жамыла жеттік. Қасиетті жерде өткізген  екі жұмадай уақытымыз тез өтіп кетті. Салем тауабын Қағбаның іргесінде айналсам, қоштасу тауабын үшінші қабатындағы айналма жолда өтеуді дұрыс санадым. Жоғарыдан төменге ұзақ қарасаң басың айналады. Үлкен қазандықта қайнап жатқандай. Ортасында Қағба мызғымастан, мың сан адамның теңселе басқан қажылардың  таразысын тең ұстағандай мызғымайды. Қағбаға қарап тұрып, осындай бір алып күштің бір қуаты көкірегіңе көшкендей. Ол сабыр деп аталады. Сабырды арқалап ойланып келмін. Жаттап алған дұғаларым жайына қалды.  Аптыққан көңіл де басылған. Осы Қағба алғашқы айналғаннан бері осы жердің бір бөлшегіндей, өз төрімде жүргендеймін.

Айнала мешіттің биік мұнаралары. Көзді алдарқататын да ештеңе жоқ, тек «Субханаллах», «Алхамдуллаһ», «Аллаһу акбар» айнала жазылған. Әл-Бейіттің жылпылдап жанып тұрған жарықтарындағы жүгірме жолда сүре  жазылған, оны оқитын сауатым жоқ.

Қағбаның айналасын шеңберлетіп қажыларға арналған жолдың екінші қабатында көбіне  қоларбадағылар айналады. Ең үстіндегі айналма жолында иін тірескен де ешкім жоқ. Алғашқы күннен бастап, барлық сәттерімді еске алдым. Алдымда «Қазақстан» жазуы көк камзол киген үш апа кетіп барады. Қазақтың қатыны алдымен тізеден қалады ғой. Олар да қисалаңдап басып, қолтықтаса бірін-бірі демеп келе жатыр. Аяқтарын қатар басып, осы жүрістерінде бір қуаныштың лебі есіліп тұр. Мен де олардың ізімен келе жатырмын. Кенет жанымды шүберекке түйіп, бар тірлікті тастап «не іздеп келдім?» деген сұрақ сумаң ете қалды. Пенде қызық қой. Ойға алған нәрселеріңізді орындап, қажылық парызымды атқарып болып, осының бәрін өзімнің атқарған ісімдей қабылдап, көкірегіме нан пісіп, енді бұдан да жақсылық іздеуге арланбаймыз. Қағбаны бір айналдым. «Мені Қағбаға не шақырды, осы жерге неге аяғым тарта береді? деген ой шықпай қойды. Артта қалған қажылық, күннің аптабында табанымнан таусылып Жаратқаннан жақсылық тілегенім қабыл болғанына сенімдімін. Алаң көңіл тыншығандай. Дегенмен, дәл осы бір қоштасар сәтте Құдайдың кең қазынасынан бірдеңе дәметкендеймін. Бір кезде Құтпанға шақырған азан естілді. Жүрегім дір ете қалды. Азаншының әуезді дауысы шымырлап санамды солқылдатып барады. Білмеймін, мына азаншы бүгін ғана шықты ма, әлде тынық түннің құдіреті ма, осы дауыстан іздегенімді тапқандай болып, осы азанның үнін есту ішін келгенімді түсіндім. Қағбаның үлкен сыйы, жүрегімнің сәулесін ашқан осы намазға шақырған азаншының дауысы.

Раббым, өзің алдыңа алып келдің, сенің қамқорыңмен парызымды атқардым, сенің қасиетті топырағыңда маңдайым сәждеге тиіп, иманым бекіп, саған деген сенімім артты!  Құдіретті Алла қасиетті үйіңнің табалдырығын аттауға, араға жылдар салып, сағындырып қайта айналып келуімді нәсіп ет! Өзінің назарың түскендерден ете гөр! Деген дұғамды жүрегіммен айтып, Қоштасу тауабын орындадым. Қаладан шығып бара жатып, Қағбаның көкке шаншылған биік мұнараларына қимастықпен тағы көз салып, оң қолымызды көтеріп қайыр-қош дедік.

Айгүл УАЙСОВА

Соңы. Басы: http://kozhalar.kz/20197133-mening-qasietti-saparym

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button