Сыр-сұхбат

Қожалық құбылысы туралы бірер сөз

Бұл мақаланы жазуға себеп болған нәрсе – қазақ ортасындағы қожалар құбылысын тек қожалар мұрасы арқылы емес, заманын жырлаған ақындардың, ел аузында қалған сөздер арқылы саралап танып білу еді. Қасиетті қожалардың, әулие-әмбиелердің артында қалған сөздері мен аңыз-әпсаналары арқылы бірнеше ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан қожалардың жолын, олардың қазақ қоғамындағы орны мен атқарған қызметін тағы да нақтылай отырып, әр кезеңде айтылған сөздердің мағынасына жету болды. Сонымен бірге отар заманындағы мен одан кейінгі атеизм тұсында дін өкілдеріне қатысты айтылған сөздерге талдау жасауға тырыстық.

Басқа көрші өзбек, тәжік, қырғыз, түркімен елдерінде жасап жатқан пайғамбар ұрпақтарына қарағанда, қазақ даласындағы қожалардың халықпен  тым жақын біте-қабысып, қазақ дәстүрімен сіңісіп кеткен деуге болады. Олай дейтініміз, көрші тәжік елінде болғанымда, қожа-ишандарын қарапайым халықтан бөлек жерлейтінін, барынша күтім жасалған бөлек қорымы барын көрдім. Ал қазақтарда «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады. Нұр бар жерде береке болады» деген түсінікпен өлгенде де әулиенің жанында жатуға зор мән берген. Әзіретті Түркістандағы Кесенеде жерленген хан-билеріміз, тағы басқа жер-жерлердегі үлкенді-кішілі қорымдардың қасиетті әулиелердің есімімен тығыз байланыстығы сондықтан болса керек.

«Әсілі араб, ұрқы түркі» деп аталатын қожалар қауымы туралы хижра есебімен 462 жылы, қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген «Құтты білік» дастанында Жүсіп Баласағұнидан мынадай жазба қалыпты.

«Құлдан бөлек, бек кісіден ерекше,

Адамдар бар, араласар керексе.

Бірі олардың пайғамбардың әулеті

Қадірлесең, қонар құт пен дәулеті.

Сүй оларды көңіліңмен, жаныңмен,

Нәрсе сыйлап, жақсылық қыл барыңмен,

Бауыры бұлар пайғамбардың ет жақын,

Пайғамбарлық қақы үшін сүй, ей жаным!..»

Осы ойды толықтыратын мынадай  хадис бар: Абдулла ибн Аббастан  риуаят бойынша, пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Нығметімен сендерді ризықтандырғаны үшін Алланы жақсы көріңдер. Мені де Алланы жақсы көргендерің үшін жақсы көріңдер. Мені жақсы көргендерің үшін  әһли бәйітімді жақсы көріңдер» (Тирмизи, Манақиб (3792)).

Ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» өз заманының әлеуметтік топтарына қатысты да біршама ережелер бекіткен. Мұнда, халықтың ханы, сұлтанымен қатар пірі, әзіреті деп анықтаған екен. Қожалар ел билеген Сұлтан деңгейінде, қаралып, оларды өлтірген, тіл тигізген, ренжітушіге кесімді айыбын  бекіткен. Мысалы қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, не болмаса 200 жылқы болса, хан, пірлердің құны жеті есеге көтерілген.

Осы Жарғыда олардың жерді иелену құқығына иелігі барын, оған салық төлеуден  азат екенін айтқан. Дін өкілі ретінде түрлі қоғамдық кеңестерге қатысып, құқықтық шариғат негізінде ел билеуде дауысы болды.   Осы ретте, ел аузындағы мына жұмбақ еске түседі. Жиынға келген жүз адамға жүз табақ тартылды. Яғни «бір төреге – төрт табақ, бір қожаға – қос табақ, төрт қараға – бір табақ». Барлығы неше табақ тартылды? Бұл логикаға құрылған сұрақ болса да, астарында мән жатқан сияқты.

(Жауабы: 7 төре-28 табақ, 33 қожа-66 табақ, 60 қара-6 табақ.)

«Қожа ата – пірім», «Тақсыр пірім» деп атау ХҮІІІ ғасырлардағы айтыс ақындардың сөзінде жиі кездеседі. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңінде де, сол кезеңдегі қожалардың сипатын айтса керек.

Байларға – пір, кедейге тамақ болған,
Нағыз – ақ пайғамбарға мирасқорым.
Келмесе мәжілісін халық сағынып,
Қуанып, келсе төрден орын берген.
Өмірде мал жимаған өз басына –
Бәрін берген нашарға, жолдасына.
Қайдағы жыртық киім, дорбалыны,
Жиып ап, асыраған өз қасына.
Ешкімнен ешбір нәрсе сұрамаған,
Жұрт өзі әкеп берген ықыласына.
Даламның қандай еді абыздары,
Диуана, ишан, қожа, ғазиздары.
«Құдайға жақын жан» деп ұғылғаннан,
Көп ауруға ем болған лебіздері.

Заман бір орнында тұрмайды.  «Қазақ алдымен пірін жейді, сосын бірін-бірі жейді» деген сөздің жалғасын Бұхар жыраудан табуға болады. Ел ішінде «Пірі жоқтың жетекшісі шайтан, халықтың пірі – қожа» деп айтылуы да олардың рухани миссиясының бір көрінісін айқындаса керек.

Замана  бір орнында тұрмайды.

«Айтып айтпай немене
Заманымыз аз келер.
Ата-бабаң қол берген
Қожаларын қас көрер» деп Бұхар жырау айтса, оның ізінен Шортанбайдың зар заманында:

«Жеті атасы пір болған,
Балалары молда боп
Парыздан мағына айырған,
Қияметте қожалар
Дуана болып барады» деп күңіренеді.

Бұл кезең «указной молдалардың» екпіндей бастаған тұсы еді.

«Ал мынау указной шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ,
Өлгендерде ысқат пенен
құран жоқ,
Ел ішінде қожаның есебі жоқ» дейді Шортанбай ақын.

Осы кезеңге дейін қазақ сахарасындағы ислам дінінің қаймағы бұзылмаған ел болатын. «Ел билігі – төреде, шариғат билігі – қожада» деген Құнанбай сөзін,  «Төрені көрсең, қадір тұт, Қожаны көрсең, Қыдыр тұт!», «Төре төр менікі дейді, Қожа бата менікі дейді» деген тіркестер хандық заманнан қалса керек. Ескі жол бірден өшкен жоқ. «Қожа, молда сабақтас», «Молда қожалар келе жатыр» деген сөз қожаны молдалықпен байланыстырады. Ислам аша келген Бабтардың ұрпақтары өз жолын жалғастырып жасап жатты. Кезінде өз құрметі де болған. Оның бір мысалын Қалдыбай қожаның Алшынбайға айтқанынан, қожа баласына сәлем берудің далалық рәсімін аңғарамыз.

«Туыпты Алшынбайдан өңшең  бақсы,

Алшеке, өзің өлсең, артың тапшы.

Қожаға түрегеп тұрып сәлем берген,

Бұлардан үріп жүрген сақ ит жақсы».

Ертеде айтылды деген мына сөз көптеп кездеседі, ұзын-ырғасы мынадай: Астамсығанның алдында барыс болып бейнеленеді, тағы басқа кереметтер қасиетті қожалардың  әруағынан хабар берсе керек.

Шеңгелдіде тұз сатып байыған руы алтын Қарабай деген тәкаппарлықтан үйіне қонақ түсірмейді екен. Бір күні ел аралап жүріп Сүлеймен қожа барып қалады. «Хабарлас»,-деп дауыстаса үйінде жатып  Қарабай айқайлапты:

–  Үйімде қожаға орын жоқ,-деп. Сүлекең қайтып сөзге келмей Әбдіжалил қожаның үйіне барып жатыпты. Таңертең екі әйелін ертіп, жеткен Қарабай  аяғына жығылып, бір буда ақша, қаракөл тері, қант-шай беріп кешірім сұрапты.

– Қожеке, жаздым-жаңылдым бір бура түнімен қуып ұйықтатпай, таңды атыра салып келіп отырғаным үйге жүріңіз, қонақ болыңыз, батаңызды беріңіз,-депті. Сонда Сүлеймен қожа:

«Ол бураның аяғы тұсаулы болды. Болмаса кеудеңе шығып тұншықтыратын еді. Такаппардың көңілін бас деп Алланың маған жібергені», депті.

Бұлардан кейінгі, заманы да қоғамы мен адамы да өзгерген тұста сүрген М.Әуезов мынадай естелік жазып қалдырыпты:

«Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім… Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді».

«Құдай ұратын адам, қожаның шарбағына түкіреді», «Нанның қиқымынан, қожаның ұрпағынан сақтан» деген сөздер пайғамбар ұрпағынан қаймыққанның не құрметінің белгісі деуге болады. Алайда атақты жазушының естелігі жазылғанда атеизм салтанатының шарықтай бастаған тұсы еді.

Біздіңше, «Аңқау елге арамза молла», «Дүмше молла дін бұзар» секілді сөздер «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен» деген атеистік  көзқарастан, дінге қарсы насихаттың әсерінен пайда болған мақалдар жеткілікті. Оның бәрін келтіруді қажет деп таппадық.

Ал ел ішіндегі: «Қар жауды деп қуанба, аязы бар,
Қожа келді деп қуанба, ниязы бар», «Мұндай қожа күнде келмес, балаңды піштіріп қал», «Қожаң берсе, қойныңа сал» кейде «тық» деп айтады. «Қожа дұға – қабыл» деген сөздер ескі дәстүрден кете алмай, жаңа дәстүрге көндікпей жүрген шақта ауызға алған сияқты. Десе де, құдайсыз заманның өзінде де батагөйлер сөзінен жаңылмаған.

Бисиммилла рахман рахым.

Күллі  дүниені жаратқан,

Жалғыз Алла сақтасын!

«Мәдинада – Мұхаммет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,

Отырарда отыз бап,

Самарқанда сансыз бап, (Сайрамда деп те айтылады)

Түркістанда түмен бап,

Әулие Ата Арыстанбаб,

Жеті ғайыб, жеті Бап

Ғайып ерен,

Қызыл шілтен, Қызыр Ильяс,  пірадар, төрт мұғарап – Періште рахым етіп әр істе… дей келе, Ұлы жүзге пір болған, орта жүзге пір болған,  кіші жүзге пір болған деп әулиелерді санамалап, дұғасын қайырған. Соңғы кезде «Маңғыстауда – Пір Бекет» деп  айтылып жүр. Бұны да теріс көрмейміз. Бұл классикалық дұғаның бір үлгісі.

«Қолыңды жай, балам, не тілегің бар? Алладан медет, Пайғамбардан шапағат болса қабыл болар» деген сөз бүгінге жеткен қасиетті қожалардың мұрасынан жиі кездестіреміз. Баласызға бала берген қасиет иесі қожалар, алдына дертіне шипа іздегендерге Алладан медет, Пайғамбардан  шапағат сұраған.

Ал қожаның өзі кім, олардың қасиетін анықтайтын сөз бар ма дегенде, ойымызға:

Дін жолын ол түзеткен,
Хақ зіһкірін берік тұтқан.
Халайыққа жол көрсеткен,
Ғаусыл Ағзам, сенен Медет!
Кәміл дүр сенің пірлерің,
Барша білер сырларын,
Түркістан-дүр жерлерің,
Хазірет Сұлтан, сенен Медет! (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы)

Осындай қасиетке ие болып, тарихи міндетін атқару үшін, қожа баласы  аз құрбандыққа барған жоқ деуге болады. Жастайынан білім іздеп, өзінің  өскен ортасын тастап, бейтаныс алыс-алыс елге кетіп ислам дінін насихаттау жолында адал болған. Жан-жағында туыс-бауырын  жинап, бауырына бұра тартып  елге салмақ болмаған. «Таста тамыр жоқ, қожада бауыр жоқ» деген сөз содан қалса  керек. «Құм жиылып тас болмас, қожа жиылып ел болмас» деген сөздің де астарында шындық жатыр. Бұл олардың жеке әулет болып қана бір тайпаның ортасында отырып, сол елдің пірі болып, басқа қожалардың төңірегінде жиналмағанын білдіреді. Оның себебі де бар. Өйткені  қожалардың жастайынан басқа тайпалардың ортасында орнығуы, сол елге қожалық етіп, ислам жолын  жалғауы заңды нәрсе  болатын. Оның бір мысалы әулиелі Ақкөл-Жайылмада Аққу ишанның ұрпақтарының сол өңірде ислам дінінің берік тірегіне айналғаны. Халқының құрметі атасынан-бабасына жалғасып кетуі. Мұның мысалдары жеткілікті.

«Білім қожаның баласының соңынан 40 жыл жүреді, қараның баласы ілімнің соңынан 40 жыл жүреді» деген сөзде қожалар ортасында айтылады. Ата-бабасынан Құран ұстап,  ілім алғандықтан  осы ортаның ықпалымен білімге қолын тез жеткізетінінен де болса  керек. Менің өзім, қожа баласы  құран  оқуды бастағанда Биссилиласын жібектей есіп сала береді деген сөзді жиі естідім. Әрине, мұным басқаның намысына тию үшін айтпағанымды түсінерсіздер. «Қожа түзелмей, қара түзелмейді», «Қожа түзелсе, қазақ түзеледі» деген ой да айтылып қалады. Оны жақсы зерделеу үшін «Қара» сөзін анықтағанымыз жөн шығар. Ол туралы шығыстанушы Әшірбек Муминов: «Жалпы Мұхаммед Пайғамбар және төрт сахаба шадиярлардың ұрпақтары саналатын «Қожалар» барлық Орта Азия халықтарының ортасында болған.  Оларды «ақ-сүйек» деп атайды. Өздерін – қаралардан үстем ұстауымен ерекшеленеді. «Қара» сөзінен шошуға болмайды, бұл шын мәнінде – «негізгі халық», «көпшілік», деген мағынаны беріп, хасс, хавасс -«таңдаулы», «элита» деген сөздің антонимі. Парсы тілінен  орыс тіліне өткен «қожайын», «ұстаз», мағынасын берсе, В.А.Лившиц деген профессор ғалым үнді тілінен енген «рухани ұстаз» деген мағына беретін сөз бар дейді. Түркімен арасында олар «аулиат», Ферғанада «төрелер», өзбектер арасында «саййидтар», «шахтар», «шалар» Хорезмде «махтұмзада», Түркістанда «қожалар» деп аталады. Сібір татарлары арасында да бар екен, яғни  Қожалар кең тараған феномен. Бұлардың көп таралуын,  алғашқы миссиясы – ислам дінін таратумен байланыстырады. Біз Шығыс халқының  тарихына үңіліп, зерттегіміз келсе Пайғамбар ұрпақтары өмірімен бірге қарастыруымыз керек. Ақ сүйектерді ортазиялық этнографиялық топ ретінде қарастырған ғалымдар олардың араб тілінде сөйлемейтінін, өздері тұрып жатқан елдің  тілін, мәдениетін ұстанатынын жазған».

Бертін заманда қазақ даласындағы қожалар әулеттері, олардың дін-ислам жолындағы миссиясы, насабнамалар аударылып, ғалымдардың зерттеу еңбектеріне негіз болды.

Кеңестер кезінде бұл ұғымға аса қатты мән берілмесе де, жазушы Қалтай Мұхамеджанов өзінің қожа тұқымы екенін ашық айтқан, артында ұтқыр да уытты сөздері қалды. Жазушы Асқар Сүлейменов айтқан  «боза мен қожаға» қатысты сөзі орынсыз жерден тиіскен жеке адамға жауабы ретінде болған себепті, оны көпшілікке арналған деп тели алмадық.

Нағыз өршіл коммунизм ұраны төпеп тұрғанда қазақ ақын-жазушыларының қожаны құрметтеп, не дінді әспеттеп жазғаны аз шығар.

Алайда Мұқағали ақынның;

Лə иллаһа иллалла, мұсылманмын.
Пайғамбарым жебейді қысылған күн.
Алса алсын тағалам ала берсін.
Жүрегімнен Алла атын ұшырған күн. (М.Мақатаев) деген өлең жолдары атеизмге қарсы шабуылмен бірдей, батыл қадам еді.

Ел ішінде көп тарамаған бірақ қожалар ортасында айтылатын мына сөз, ақынның бабасы Райымбек батырға қатысты айтылады.

«Қожа десе – ұраны кетеді

Қожа емес десе – Құраны кетеді».

 

«Өлеңді жерде  өгіз семіреді

Өлімді жерде  қожа семіреді.

Қожа-молда болмаса

Наданның басын ит кеміреді» осы шумақтың алдыңғы  екі жолы ел аузында жүрсе де, оның соңғы екі жолы көп жерде бірге  айтылмайды.

Негізі қожа-молда қатар жүретін болғандықтан «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз туралы да түсінік бере кеткен жөн болар. Бұл ең алдымен дін-өкілдерінің тақуалығына қатысты айтылып, олардың рухани кемелдікке жету жолындағы ілім-амалдарының қарасына ауыр соғатындықтан олардың айтқанымен ғана жүруді ғана талап етсе  керек.

«Қожа, молда елді аздырады,
Қурай, құмай жерді аздырады.
Қорыққан молда мешіттен ұзамайды.
Дүмше молда дін бұзар, Қисық арба жол бұзар.
Шала молда шарық айтар» деген сөздер де  атеизм заманының үгіт-насихатынан туындағаны белгілі.

Бұл да қожалар феноменінен хабардар етеді. Яғни, бір замандарда қарасы төбесіне көтеріп, ұлықтаса, ендігі бір замандарда  ел ақтаған дуанаға айналғанын білдік. Ендігі бір заманда сібірге итжеккенге айдап, бір оқтық болған да осы қожалар. Ал соңғы отыз жылда шетелдік дін-таныммен ұстасып, дәстүрлі дін өкілдерінің мұрасы тек  ру, тайпалық деңгейде қалып отыр. Бұл да жақсылықтың белгісі емес болар.

…Сәлдесі болар қазандай.

Ақыретке барғанда

Ақсүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Орыстарды пір тұтқан,

Сорлы болған қазағым,

Тартарсың сонда жазаңды-ай» деген Бұхар жыраудың сөзі еске түседі. Үкімін беретін біздер емес. Бәлкім жырау жаңылысқан шығар деп ойлайық.

Бұл күнгі қожалар ата-бабасының жолынан адасыңқырап қалған. Бабаларына тиесілі қисапсыз қазынадан шым-шымдап қана ұстап қалған, жақсысы кетіп, жаманы қалғанын жасырмау керек. Құдайсыздар қоғамының сананы улаған екпінінде үш ұрпақ өсіп шықты.  Одан кейінгі кезеңде де біліміміз жетпей, өткенімізді білмей жолынан жаңылғандар жетерлік. Енді не амал дегенде, ауытқыған замананың кейпіне қарап өткенге оралып,  бабалардың салған сүрлеуін жаңғырту деген де бос сөз болып қалуы мүмкін.

Дегенмен, «ген», «тұқым», «қан» деген нәрселер адам бойындағы қасиеттерді тозаңы мен кірінен тазартып, бір күндердің  күнінде пенденің көкірегінде тербеліп, Алланың мейірімі ашылып, Пайғамбардың нұры түскен сәтінде жан-жағына сәулелі болатынын  жоққа шығармау керек. Осы «қан» қожалардың басына түскен қандай заманда да, талай қуғыншылық көріп,  зорлық көрген сәттерде де қарасы алдындағы міндетін ұмыттырып, жолынан  жаңылдырмаған еді. Бәлкім, қожаның қызметін керек ететін, қаcиетінен мейірімге бөленетін заманы да туар.

 

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button