Сыр-сұхбат

Әркім өз сүрлеуіне  адаспай түссе  игі…

Мына індет адамның тынысын тарылтып, халықты қынадай қырып бара жатырғанда  әркім әрнәрседен ем іздеп, жанталасып жатқан жайы бар. Құйрық майынан басталған түрлі емге дәру заттарды тауысып, тыныс алу жолдарының қызметін жақсартатын жаттығуына да ден қоя бастады.  Түрлі жаттығулардың ішінен зікір салудың тиімділігіне де ден қойғандарды  көргенде, көбіміз ойланып қалдық.  Осыдан 20 жақты жыл бұрын, атты дүрілдеп шыққан зікіршілердің алды түрмеде отырып,  жазасын, (егер бар болса) өтеп шықты. Енді айналып зікірге бас ұрғанымыздың рет-жолы қалай болар екен деп айналамызға қараған едік. Осы ретте филология ғылымдарының  кандидаты Болат Қорғанбековпен сұхбаттасудың сәті түсті. Болат Сағынбекұлы кезінде осы зікіршілер ісіне араласып, оны  барлық жағынан зерттеп, өз тұжырымын  сот залында негіздеген ғалым еді.

– Бірден келісіп алғанымыз дұрыс, әңгіме қарапайым жұртшылыққа арналғандықтан, оны түрлі терминдермен көмкерместен, ғылыми-философиялық категориялырға «сүңгіп кетіп», оқырманды жағалауда қалдырмастан, қарапайым ғана түсіндіруге тырысайық.

Сөз болғалы отырған істі қолға алу үшін зікір салу ілімін жетік білу аз.  Сонымен қатар, Ясауи жолында белгіленген төрт түрлі шарт та қатаң сақталуы керек. Ол төрт шарт «макан», «заман», «ихуан», «рабт-и сұлтан» деп аталады. Тарқата кетейік, макан: рухани ілімнің тамыр алып, етек жаюы үшін «елім» деп сенім артатын өзіндік шекарасы бар, құрылымдық жүйесі бар мемлекетің болуы керек. Бізден саны көп, бірақ мемлекеті жоқ қанша жұрт бар. Халықтың саны жағынан  олардан аз болса да, бізден шыққан Абай, Шәкәрім сияқты рухани тұлғаларымыздың олардан әлдеқайда көп болуы, міне, осы шарттың маңыздылығының айғағы. Заман: дәуірдің тыныштығы.  Оның қасиетін халқымыз: «Ораза-намаз тоқтықта» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Ихуан: бір мақсат, бір ниеттегі бауырластық болуы қажет. Рабт-и сұлтан: елдің басшысы құрметтелуі тиіс. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сай, «Құдайдың жердегі көлеңкесі» деңгейінде қабылдануы керек. Осы төрт шарт сақталған кезде ғана бұл ілім жайыла алады. Зікір де осы шарттарға тәуелді. Демек, әлеуметтік желілерден «арра зікір» салып, халыққа осы діни дәстүрдің тек техникалық жағын насихаттау Ясауи жолына ең аз дегенде қиянат деп айтар едім.

Бізде Ясауи үлгісіндегі зікірді жүргізуге қажетті айтылған төрт шарттың алдыңғы екеуі ғана бар деуге болады. Оның да қыл үстінде тұрғаны белгілі. Ал бір мақсат, бір ниеттегі бауырластық, яғни ихуан жоқ. Қазіргі қазақ қоғамы әр түрлі діни, саяси, мәдени, т.б.қауымдастықтардың ықпалымен әбден жіктеліліп кетті.

– Зікір салуға пейіл танытқандар да осы қоғам өкілдері ғой.

-Жарайды оны да қоя тұрайық, өзіңіз ойлаңызшы, зікір алқасындағы адамдардың бірі пневмониядан арылсам, енді бірі температурам түссе деп отырса, ниет-пиғылдың қандай бірлігі туралы әңгіме болмақ? Ал рабти-и сұлтан мәселесіне келсек, Ясауи жолын қайта өркендету үшін Президентімізге жолдау арнап, мүмкіндік сұраған кісі бар, білесіз, бірақ рұхсат берілген жоқ. Демек, қазіргі мемлекеттік заң тұрғысында ғана емес, Ясауи жолы бойынша да зікірді көпшілікке насихаттауға рұхсат жоқ! Өзің жеке құлшылық ретінде атқара бер, бірақ көпке насихаттау дәл қазіргі кезде дұрыс емес!

– Бүгінгі індет жайлаған  жағдайда халықтың қажетіне жарап, пайдасы тиіп жатса, мына індеттен сақтай алса, у ішуге де даяр емеспіз ба?

-Бұл дәл осы індеттің шипасы деп кім айтты? Рас, көмегі бар, жазылып кеткендер де жоқ емес. Бірақ бұл бер жағы, мұның  қазынасы тереңде жатыр.

Оны қоғамға белгілі тұлғалар да әлеуметтік желіден өз ұсыныстарын айтқанда жақсы түсініп отыр. Ол жөнінде көпшіліктің де хабары бар деп ойлаймын. Жайшылық уақыт болса көпшілік оған назар аудармас еді, қажет болса бұған қарсылық та туар еді. Өйткені бұған дейінгі кезеңде осы зікір мәселесі төңірегінде ол әңгіме бола қалған жерлерде көпшіліктің қиғаш көзқарасы, кем дегенде немқұрайлылығы атойлап көріне кететін. Бұл, бір жағы, кезіндегі қасақана бұрмаланған кері насихаттың кесірінен көптің зікірден шошып қалғандығымен де байланысатын. Оны кезінде сан-саққа жүгіртіп, бақсылардың ойынымен, өзге діндердегі әр түрлі экстазбен ұштастырып, исламға жат діни ғұрыптармен, тіпті ең сорақысы, адам жадылаумен, зомби жасаумен байланыстырып, үрке  қараудың көріністері көбірек байқалатын. Ал мына күнде халық тығырыққа  тірелгеннен кейін, оң қабақ танытқан сыңайлы. Шипа іздеген жұрт қазір у іш десе де қаймықпайтындай дегеніңіз содан болар.

Рас, зікірдің адам ағзасына соның ішінде тыныс алу жүйесінің, мұрын қуысынан бастап, ауыз қуысы, аңқа, жұтқыншақ, көмей, кеңірдек және ауа тамырлары, жүрекке пайдасы шексіз. Ғылыми зерттеу кезінде өз көзіммен көріп, таң қалған жағдайларым да болды.

-Онда неге зікір салып, аурудан арылуға кім кедергі?

Шындап келгенде,  зікір  ете заманнан Зәкәрия пайғамбарымыздан бері келе жатқан діни ғұрып. Христиан дінідегілер, оның ішінде кержақтар да бұл әдісті емге қолданады, кезінде тоқсаныншы жылдары американың үндістерінің діни ғұрпы туралы деректі фильм көріп қалдым, қарап тұрсам, салу  ишарасы, дауыстауы да арра зікірдің техникасы. Бұларда ғибадат ретінде сақталып қалған. Оның көп таралағанын осыдан байқауға болады.

Ясауи жолында бұл сопылықтың бір сипаты. Зікір – сопылық жолдағы адамның өз бойындағы екі дұшпанды өлтіретін рухани қару. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп:  «Табылды өз бойымнан екі дұшпан, бірі іштен болғанда, бірі – тыстан» десе,

Шәкәрім атамыз:

Кейінгіге сəлем айт біз байғұстан,

Бұл сарайда көп екен бізге дұспан.

Қызықтырып, қыздырып алдайды екен,

Біреуі іштен болады, бірі тыстан» дейді.

Ол дұшпан – нәпсі мен шайтан малғұн. Осы мәселені діни тұрғыдан қарап көрейік.Онсыз зікірдің қайткенде пайдалы немесе қайткенде зиян болатынын ұғындыру мүмкін емес. Біз оны көрмейтін ол бізді көріп тұратын, біз оны ұмытып кететін ол бізді бір сәтке ұмытпайтын, сондай дұшпан  өзін өлтіретін қаруды қолына ұстаған адамнан шошиды емес пе? Шошып қана қоймайды, жан-дәрмен оған бар айласын, күш-қайратын салып, қалай да мерт етудің амалын жасайды. Әриене, бұл жердегі «мерт ету» рухани тұрғыда. Тәні сау, рухы өлген адам аз ба қоғамда. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді», қоғамның азуының ең басты себебі осы. Алайда ол бітпес әңгіме, басқа тақырып. Рухы өлген адамның руханият жолына келуі былай тұрсын, бұрылуы да мүмкінсіз іске айналады.

Жоғарыда айтқан басқа дін өкілдерінің зікірдің кейбір элементтерін дүние мақсатында да, діни ғұрып ретінде де қолдануының қаупі жоқ, себебі олар  мұсылман жұрты емес, бойдағы дұшпанға бір ғана зікір түрін қолдану рухани кемелділіккке апармайтынын жақсы біледі. Рухани кемелдену осы екі дұшпанды жеңе алған, соның барлық әдіс-тәсілдерін білетін кәміл жетекшінің басшылығымен ғана, зікірден өзге де құлшылық түрлерімен кешенді атқарылғанда ғана қолға келетін дүние. Бізде бұл ілім тұтастығымен сақталған, арра зікірді тек ем үшін қолдану, қолымыздағы бар рухани кемелденудің тұтас ілімін тәрк еткенмен бірдей.  Рухани кемелділік, иманның күшеюуі бойдағы дұшпанды өлтірумен, бағындырумен ғана шектелмейді, демек арра зікірі де Жаратушының ризашылығын табу мақсатында атқарылатын басқа да құлшылықтармен қатар жүргізілгенде ғана дұрыс нәтиже береді.

Адам баласы  осындай тәжірибені бастамас бұрын, қысылтаяңдағы пәнилік қажеттілігі үшін ғана емес, өзінің осы жолға дайындығын қамдап, шешімін, қалыпты өміріндегі ой-пиғылын түзеп алуы керек. Әрбір құлшылық оның ілімін білген адамға ғана парыз болып есептеледі. Парыз етілген ғибадаттардың негізі ілімінде жатыр. Сол үшін бұл зікірдің әрбір қимылын тәптіштеп түсіндіріп, соны дұрыс қолданған кезде ғана өзінің рухани міндетін атқарып, бойдағы дұшпанды өлтіру немес әлсіретудегі басты қасиеті ашылады. Дайын емес қауымға зікірді жария етудің басты қателігінің бірі осында жатыр. Осы істі мойынына алғандай болып, онлайн-зікірге ұйтқы болған кейбір кісілер сіздерді дінге шақырып отырған жоқпын дегендей әңгіме айтады. Басты міндетінен айырылған, атқарушыға түсініксіз зікірдің тәндік, материалдық пайдасын бергенімен, рухани  зияны болары сөзсіз. Жария зікірді жүргізіп отыратын жетекші  әрбір зікірдің ишарасын,  ұстап отыратын ой нәтижесін айтып түсіндіріп отыру керек. Және арра зірірі хикметтердің  сүйемелдеуімен айтылады. Ясауидің және оның Сүлеймен Бақырғани сияқты шәкірттерінің, сондай-ақ ол кісілердің ізін қууышылардың хикметтері және осы ғұрып үшін арнайы қолданылатын «тахлил» деп аталатын илаһи өлеңдері айтылады. Бұл алқада отырғандардың ишара-қимылдарының бірізділікте болуын қамтамасыз етіп, бет алды жамырап, әр кім өз алдына дербес қимыл-ишара жетегінде кетіп, алқаның ретсіз хаосқа айналуына жол бермейді. Сондай-ақ ол алқадағылардың зауқын, шауқын, ышығын да арттырады. Міне, осы шарттар сақталмаған соң зікір де бара-бара мәнсіз дүниеге айналады.

Реті келген соң айта кетейін, рухани ілімнің дамуы үшін қажет төрт шарт зікірдің қоғамға шынайы қажеттігін қалай айқындаса, зікір ғибадаты да өз кезегінде осы төрт шарттың тұғырын бекітіп, берік етеді. Ал бұл – қоғамның рухани гүлденуінің кепілі! Оны тарих әлдеқашан дәлелдеген.

-Зікірия ағамыздың ауырған жанға  шипа болсын деген қамқор ойынан басқа ештеңе байқап отырғаным жоқ.

– Ясауи жолында арра зікірі ең басты ғибадаттардың бірі саналғанмен, ол тұтас бұл жолдағы кешенді құлшылықтардың бір ғана бөлшегі екенін айттым. Бүтінді бөлшектегеннен ештеңе ұтпаймыз. Неге десеңіз, діни ғұрыптың мәні өзгереді, оның мәні өзгерген соң, дін хақиқатының бұрмалануына алып барады. Көптің қамын ойлауда ниеттің түзулігі ғана жеткіліксіз. Осы орайда М.Шаханов ағамыздың «Қыран тағдыры» балладасындағы қыран құстың тұмсығын, тырнағын «өсіп кетіпті» деп кесіп тастайтын кемпір еске түседі. Оның да ниеті түзу. Бірақ қыранды өлтіре салғаннан да қиын кепке түсірді ғой. Біздің сөз етіп отырған қателіктің кесірі одан да әрмен. Өйткені жекелеген адамдарды емес, елді құрдымға кетіретін қателік!

Сонымен зікір салу дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Не үшін қолданған?

Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде зікірді пайғамбарымыздың үлгісі деп көрсеткен,  өзі де  пайғамбарымызға ғашықтықтың мектебін салған, оның мысалы хикметтерінде де, жеке өмір жолында да тұр. 63 жасында қылуетке түсіп кетуі де пайғамбарымызға шексіз ғашықтықтың көрінісі. Зікір етуді бұйыратын аяттар Құран Кәрімде көптеп кездеседі. Мәселен, «Рағыд» сүресінің 27-аятында: «Мұқият болып, Ұлық Алланың зікірі ғана жүректерге тыныштық әкелетінін біліңдер! Яғни зікірді көп айту арқылы ғана күнә қылудан, Ұлық Жаратушының тыйым салған істерінен сақтанып, уәсуәсалардың толассыз келуінен, нәпсінің неше түрлі қалауларынан тыйыла аласыңдар!», – деп бұйрық береді. (Рағыд сүресі, 27-аят).

Осыған дәлел ретінде Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисін келтіреміз: «Әрбір заттың көзін ашып, тазартатын құралы болады. Сол сияқты жүректің де көзін ашып, нұрландыратын құралы бар. Ол – Ұлы Алланың зікірі» дейді. Бойдағы дұшпанды өлтірумен қатар, зікірдің атқаратын ең басты міндеті – осы жүректі тазарту. Ал жүректің тазаруы – бар жақсылықтың басы.

Іштегі кірді қашырсаң,

Хақтың түсер  сәулесі.

Жүректің көзі ашылса,

Адамның хикмет кеудесі, –

деген хакім Абайдан бұның пайдасын артық айта алмаймыз.

Әңгімеміздің басты өзегі болған зікірдің емдік қасиеті де дәл осы жүрек тазалығына тәуелді. Бұл хақында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Денеде жұдырықтай бір кесек ет бар. Егер ол таза болса, бүкіл дене таза болып, өте көркем болады. Егер ол бұзылып, хақтан тайып, жаман жолға кетсе, бүкіл дене бұзылады. Біліңдер және мұқият болыңдар, оның аты «жүрек» және «жүрек»!» деген хадисі бар. Мұны білмейтін, хабарсыз үндістер мен кержақтарға арра зікірінің қимылы пайда беруі заңды. «Білмегенді Құдай кешеді» деп ашады мұндайдың себебін дана халқымыз. Ал үлгісі айқын, сара жолы қалыптасқан  біздің халық үшін зікірді қалаған мақсатқа пайдалануға ондай кешірім бола ма? Біз арра зікірден ем іздесек, тек қана Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткендей, ол жақсылық тек жүректен басталуы тиіс. Ал оны жүректің дәрігері бола алатындар ғана жүргізе алады. Яғни бойдағы екі дұшпанды жеңе алған кемел тұлғаның ғана зікір жүргізуге хақы бар.

Жүректің кірін кетірудің тәжірибесі қазақ даласында өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін желісі үзілмей келді.  Олардың барлығы бір ғана үлгіде салынды.  Барлығы алқа құрып, тізерлеп отырады, арра зікірі «ду зарба» деп аталатын ишарамен, яғни дене қимылымен орындалады. Бұл бойынша, басты көтеріп,  оң қабақтың тұсынан жүректің тұсына қарай ұрудың ишарасы жасалады. Себебі нәпсінің хауасы осы екі жерде орналасқан. «Илла Алла», «Алла Ху» және жүрегімді тірілте гөр деген тілек тұсында «Алла Хай» деген формулада айтылып отырады. «Илла»  деген кезде басты шалқайтып, оң қабақтың ұшына ишара жасалса, «Алла» дегенде жүрекке ұрылады.  «Алла Ху», «Алла Хай» да дәл солай атқарылады. Бірақ бұл сөздер іштен айтылады да, шығаратын дауысты тамақты кенеп, ағаш аралағандай дауыс шығарылады. Ясауи жолында зікірдің алқа және арра және  құпия хафи (құпия) деген түрлерін қолданған. Алқа мен арра жария зікір саналады да, хафи зікір адамның рухани дәрежесіне байланысты түрлі сипат алып кете береді. Қожа Ахмет Ясауидің ізбасарларының түсіндіруінше, құпия зікір жүрек көзі ашылғандардың ғана қолынан келеді. Жүрек көзі ашылғандар жай пенде көре алмайтын әр нәрсенің жанын, рухын көретін кезде, Құдайдың  шеберлігіне деген таңданысы, ғибраттануы мүлде жаңа сапаға ие болады. Бұл халде Құдайдың жаратқандарынан Оның шеберлігін тану, яғни фікір мен зікір ажырамастай болып бірігіп кетеді.

Жан-жақтан дерт қысқанда жұртшылықтың осы жолда жүрген рухани басшылардан, нағыз зікір үйрететін адамдардан  емес, оған халі келмейтін жандардан жәрдем сұрауына қарағанда, зікір салуға қажетті ең басты шарттың, яғни ниеттің түзелуінің белгісі бірден байқалды. Оны ихуан мәселесіне да қатысты айттым ғой.

Жасыратыны жоқ, кезінде қос тарапқа басын шұлғығандардан шошынғанымыз рас, қазір де сезікпен қараймыз. Бірақ, мына ідетке қарсы күш ретінде көпшіліктің құп көріп отырғанын байқадық.  Айналып келіп, осы жолдан шипа іздеуіміздің себебі неде?

Өзіңіз ойлап көріңіз. Соңғы жылдары халықтың басынан аз нәрсе өткен жоқ. Мына індет жақынымыздан айырып қана қоймай, елдің қадау-қадау азаматтарын да жұтып, қабырғамызды қақыратып жіберді. Бүгінде осыған дейінгі тоқмейіл, өмірдің қызығы осы болар деген нәрселерімізге басқаша көзбен қарауға мәжбүрміз.

Тағы да алаң көңілмен жүрегімізге үңіліп,  тығырықтан шығарар жол іздедік. Қай жерден адасып қатерлі соқпаққа түстік, өз жолымыз қайсы еді деген сұрақ сізді толғандырса, ата-бабаларыңыз салған өз жолыңыз барын ескерткім келеді. Және ол жолдың Құран мен Хадистерден, әулиелердің сырлы сөздерінен басқа еместігіне күмәніңіз болмасын!

Айгүл УАЙСОВА

Астана ақшамы газеті.30 Шілде, 2020

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button