Туған жерде туың тік…
Баян жер-аспаны «Тәңір» құйған,
Төсіне жұлдыз жусап, ай, күн сиған.
Қазақтың Бұхар, Жаяу Мұса, Мәшһүрімен,
Махмұт, Қаныштары сонда туған
Дихан Әбілев
Болашақтың құнын тану өткенді пайымдаудан тұрады. Сол себепті Баянаула ғұмырының соңғы үш ғасырын сөз еткенде тарихи жәдігерлерімізге және ел аузында бұрын-соңды өткен аңыз-әңгімелерге, табиғи мекен-жай, ғылыми зерттеулерге, археологиялық деректерге, этнографиялық дәлелдерге арқа сүйейтініміз заңдылық. Сондықтан да қолға түскен мағлұматтарды екшеп-елеп, Баянаула атына байланысты мәселелерді ғана баяндап етуді жөн көрдік. Мұның ішінде баспасөз бетінде дүркін-дүркін жарияланып, көпшілікке мәлім болған материалдарды тағы қайталап таптаурын етуді лайық көрмей, көмескі қалып ескерілмей келе жатқан дүниелерге көңіл аудардық.
Баянаула өңірінің негізгі тұрғындары – арғындар.
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» арғын руы үлкен ерліктер керсеткен. Олар жаудан үркіп дүрліге көшіп, қотарыла жер аумаған, Арқадан алыс кетпеген. Есіл, Нұра, Сарысу, Еміл, Қаратал бойына ығысып, орта жүз жерін берік ұстап, кейін калмақтарды өкшелей қуып, ойсырата соққыға үшыратқан.
1722-1723 жылдары «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген қасіретгі күндер туып, ел Сыр бойына дейін ауды. Алайда халық батырының бастауымен 1727 жылғы «Бұланты», 1729 жылғы «Аңырақай», 1730 жылғы Баянаула, Май аудандарының жерінде болған «Қалмак қырған» соққылары түбегейлі жеңістің шешуші кілті болды.
1720 жылдардың аяғындағы, 1730 жылдардың басындағы қалмақтарға берген жойқын соққылар халықтың мерейін көтерсе де, Ресей және Қытай империяларымен байланысты сыртқы саясатты дұрыс жолға қоймайынша елді сыртқы жаулардан толық сақтап қалу қиын еді. Осыған байланысты 1734 жылы батыр Абылайдың қатысуымен Сабындыкөл жағасында үш жүздің төбе билері мен батырлары жиналып, қазақ елінің сыртқы бейбітшілік саясатын дамытуға қатысты өзекті мәселелер төңірегінде жиын өткізді, соңы үлкен тойға ұласты.
Абылай билік алған соң да әртүрлі уақиғалар етек алды. Ол қалмақтармен қырқысуды тоқтатудың жолын тауып, екі Ұлы империя – Ресей мен Қытай қыспағында қалып қойма-удың сыртқы саясатын жүргізеді.
1752 жылы 17 қазанда ру басылар мен батырлардың Баянаулада бас қосып жасырын бағыт ұстау келісімі Ресей мен Қытай императорларын да ойландырды. Олар қазақтардың кімге қосылатынын біле алмай дал болды. Екі арыстан бірін-бірі алыстан аңдып, арадағы елді өзіне бұрып әкетудің әр түрлі саясатын жүргізе бастады. Сол себепті де Абылай елдің сұғынып кірген терең ортасы Баянаулада бас қосуды қалаған еді.
Түптеп, ойластыра келгенде, Баянаула жаратылысы жағынан ерекше қасиеттерге толы жер. Жоңғар Алатауы мен Балқаштың, Көкшетау мен Шыңғыстың, Тарбағатай табиғатының бір-бірімен түйіскен тұсында орналасқан. Бұл өзі халқымыздың этнографиялық тұрмыс – тіршілігін көрсететін тарихи, әдеби, діни аңыз-әңгімелерге толы өлке. Өкініштісі сол, замана ағымдарының кеселді толқындары мен кесірлі саясаттары салдарынан сол мұралар оқтын-оқтын жойылып, ұмыттырылып отырылды. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Едіге», «Қоңыр әулие», «Асан қайғының қоныс іздеуі» тағы басқалар бізге жеткен әңгімелердің азы ғана. Соның бәрі жартылай аңызға айналған тарихи шындықтар.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» аңызы – халық айтатын эпос жырларының аса бір ескі түрі. Оның сюжеті біздің заманымыздан үш-төрт ғасыр бұрын шығып, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Алатауда қоныстанған тайпалар ортасында кең тараған жыр (Әлкей Марғұлан, 1983). Жыр Баянаула атымен көп жағынан байланысты. Әуелде кім шығарса да, уақиға желісінің дайын, әбден қалыптасқан тиянақты, нақтылы танылғандығы көрініп түр.
Жүсіпбек Шайхысламов, Жанақ, Шөже, Орынбай, Арыстанбай тағы басқа жыршылар өз пікірлерін қоса отырып, әр жерге, әр түрлі мақсатты көздей отырып, жырласа да «Сарыарканы сағынып қайта көшті», «Ас беріп, ат шаптырсаң, өз заңынша билігін, батыр Тайлақ, саған бердім», – деген сияқты жер, адам атаулары, табиғат суреттері түп-түгел Баянаула өңірін еске салып түрады. Сол сияқты «Қоңыр әулие» туралы сөз болғанда Сапаралы қожа (шамамен 1867-1953) мен «Қоңыр әулиенің» шырақшылары болған Мағзұм (шамамен 1890-1958) және Сағымбек (шамамен 1895-1961) диуаналар айтушы еді деген бұрынғы үлкендердің сөзін елдің бәрі біле бермеуі де ықтимал. Оны естісе де әр кім аузын бақты. Естігені естіген жерде қалды, ұмыт болды. Ол аңызда былай дейтін: Алла тағала аспан мен жерді алты-ақ күнде жаратқанда құдірет күшін танысын деп, бірінен-бірін артық етіп, жақсы мен жаманды парасаттасын деп, әртүрлі жағдай жасаған.
Пиғыл-пейілі бүзылған халықты топан суына қарық қылғанда («Араф» сүресі 64 аят «Құран кәрім»), өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, жанұя құрмайтын ағайынды үшеу: Қоңыр, Қыран, Құлан дегендер Нұхпайғамбар кемесіне мінсек, ауыр боп кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суға қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып су қайтқанда, оларды осы Баянаула тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі «Жамбақы» жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегендігі туралы аңыздар бар. Қоңыр әулие әркімнің сұраған тілегін беріп, Қыран әулие әркімнің жоғын тауып беріп, келе жатқан жауды күншілік жерден көріп, адам боп хабар беріп, сағым болып жоғалып кетеді екен. Іздегенге оңай таптырмапты. Құлан әулие кейде құлан, кейде адам бейнесінде көрініп халық малының амандығына, өніп-өсуіне жәрдем жасайды екен. Қоңыр әулие болған таудағы үңгір бүгінде көпшілікті қызықтырған, туристердің, ауырып-сырқаған адамдардың денсаулығына шипа іздеп келетін орнына айналып отыр. Қоңыр әулие болған үңгірде қазірде шырақшы Жұмат Құрманов ақсақал келушілерге шырағын жағып, қызмет етуде. Бұл үңгірге барған адам бір түрлі әсер алып қайтады. Биік таудың басындағы қараңғы үңгірдегі тас қазанның ішіндегі судың қайдан келгені де адамдарды ойландырады. Осы үңгірге барған адамнан алған әсері туралы сұрасақ, тауға көтерілгенде шаршағанын, ал үңгірге кіріп-шыққанда өзін жеңіл сезінгенін айтады. Қызылтау жерінде жұт болмайтын, Асан қайғының Баянтауын көргенде «Жетім бала, жесір қатын қиналмай күн көретін жер екенсің. Тасың сөйлеп, қарағайың шулап тұр екен» деуінен жетім Қозы Көрпеш, жесір қатын Қамға ойға оралады. Қызыл – тауға «қойдың құлағы шығып тұрған жер екенсің» деуі әулиенің шарапаты деуші еді бұрынғылар. Сол сияқты «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының тарихи арқауы, мазмұн-мағынасы, идеясы, этнографиялық сипаты, кейіпкерлердің психологиялық жаратылысы, жергілікті атаулары жоғарыда көрсетілген пікірлерді дәлелдей түседі.
Қарабай мен Сарыбай – сол кездегі байлардың жиынтық бейнесі, нақты кескіні. Батырдың да, сұлу қыздың да «Баян» атымен аталуы тарихи байланысты нәрсе. Шүбәсіз дүние. Сол кездегі Байшора бай, одан бергі кезеңдердегі Сапақ, Сәти, Боти, Шорман, Әкімбек, Белгібай сияқты байлар – нақты тарихи тұлғалар.
1800 жыл – Баянаула өңіріндегі сұрапыл дауылдан кейінгі феодалдық қоғамның қайта өрлеу жылы, бейбіт кезеңі іспетті болып көрінді. Ел ру-руымен ата-қоныс мекен жайына орналасты. Бірақ артынша хандық дәуір қожырап, жер-жерде бытыраңқы басшылық орнады. Төрт түлік малдың жайы негізгі мәселеге айналып, қыс қыстау, жаз жайлау, күз күзек үшін рубасылары жер дауына араласа бастады.
Империялық отарлау саясатын I Петрден бастаған Ресей Әбілқайыр ханның келісімін ту қып көтеріп, қазақ халқын қияметтен құтқарушы болып көрінді. Әскери жасақты экспедициялар, сұңғыла саяхатшылар, сауда керуендері қазақ даласын қара бұлттай торлап, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаппай жайлады. Бұдан Баянаула да құр қалған жоқ. 1716 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1718 жылы Өскемен бекіністерін салған патша әкімшілігі 1824 жылы әзірлік жасап,1826 жылы Баянаула әкімшілік басқару орталығы Баянаула қазақ әскери станицасын құрды. Бұл станица сол кездегі Ақ беттаудың күнгей бет оңтүстігін мекендеген «Сәдірбай», «Өтеулі», «Жатақ», «Жылкелді», «Серектас», «Бұзаутас», «Боған», «Баянай» ауылдарының тең ортасы, «Сабындыкөл» жағасындағы ну қарағайлы тау бөктерін таңдап орналасқан еді. Сол орын осы – Баянаула орталығы. Жергілікті халықтың негізгі кәсібі: мал өсіру, ағаш бұйымдарын, құрал-жабдықтарды өндіру, балық аулау, аңшылық кәсіп, үй жиһаздарын жасау сияқты тұрмыстық қызмет, мал өнімдерін ұқсату, қалаға шығу сияқты шаруашылық болды.
Станица құрылғаннан кейінгі 1833 жылы он орындық дәрігерлік лазарет, атаман кеңсесі, әскери казарма, қару-құралдар сақтау орталығы салынды. 1863 жылы сәнді үш-төрт көшесі бар 40-50 ағаш үй, шіркеу, мешіт, телеграф-почта, көпес саудагерлер: Томашев, Кулеев, тағы басқа кәсіпкерлердің дүкендері бар орталықка айналды. Бұдан сәл төмен, шығыс жақ бөлігі, қыр астында Баянаула жатақтары қоныстанды. Олардың ендігі өмірі станицамен тығыз байланыста бола бастады.
Ел басқару округке жіктеліп, билер мен аға сұлтандар қолына көшті. «Қазақтың басқа руларына қарағанда, Баянаула округіне қарасты руларға төрелер ықпал жүргізе алмады. Өйткені бұларды өте күшті ру басылар – билер басқарды. Халық арасына әсіресе Айдабол биі Шоң мен қаржас биі Шорман аты кең тараған еді» – деп Шоқан Уәлиханов анықтама береді. Сол кезде Баянаула округіне 15-16 болыс елді мекен қарайды дейді кейбір деректерде. 1833 жылы 22 тамызда Баянаула аға сұлтандығына сайланған төре тұқымы Бопы Тәтенұлын түсіріп тастап,1833 жылы 1 қарашада Шоң би Едіге ұлы билікті қолға алады. (Қалмұқан Исабаев. «Серт»). Ол өз заманында хандық ықпалға да, патшалық саясатқа да мойын ұсынбаған табанды кемеңгер жан. Халыктың бейбітшілігін, шаруа тыныштығын, ұлттық ғұрып, салт-дәстүрдің дұрыс сақталуын қатты қадағалаған. Көп заман етек алып елеуреп кеткен жүгенсіздіктерді тыю оңайға соқпады.
Шоң дәуірінде елдің мазасын кетірген бұзық жандарды, қатал жазалаудың нәтижесінде ағайынның араздығы, ұрлық-қарлық, барымташылық біршама тыйылды. Есікке ергенек, қазанға қақпақ қажеттенбейтін кез болды. Елдің, жердің даңқы бірдей шықты. Шоңнан соңғы ел басқару тәсілі сонау бір дәуірдегі Әз Тәуке хан жасаған «Жеті жарғы» заң ережелеріне арқа сүйеді. Хан бұрын-соңды қалыптаспай жүрген дау-дамай, жол-жоба, тар-тыс тәртібін, діни шариғатпен салт-дәстүр тағылымдарына сай бір деңгейге келтірген еді.
Енді ел ішіне басшылық жасаудың тізгіні билер қолына берік тиді. Ру-рудың, тайпа, аймақ, ұлыстың, әр жүздің кіші билері және олар бағынып арқа сүйейтін төбе билері сайланып белгіленді. Бұл саясат тәртіп, ауылнай, болыс, аудандық әкімшілік кезінде де қолданылды. Істі жер-жерде, табан аузында, қызу айтыс үстінде, ел алдында төрелік беріп, билік айту, шешіп тастай беруге мүмкіндік жасалды. Баянаула төңірегінде аты аңызға айналған сонау Едіге биден басталатын Шоң мен Шорман би, Үкібай мен Тайкелтір билер сол заманның талғам-талабы биік, елін сүйген төбе билері еді. Қаракесек Бекболат би мен Қанжығалы Саққұлақ би, Күлік болысының басшысы Торсықбай Қосақұлы бидің тапқырлық ақылы, суырып салма шешендіктері аңызға айналды.
Шоң биден кейін сол кездегі елді аузына қаратып, ақыл-айла, шешендік білім, дәулет-күшімен соңына ерте білген Шорман би еді. Ол 1836-1837 жылдарда Баянаула сыртқы округінің аға сұлтаны билігін қолға алды. Ру тартысының асқынған кезі, жер дауы, жесір дауы, бақастық, мансап қуушылықтың өршіген кезі еді. Біреуден біреу салтанатын, байлығын, дәрежесін асыру, патша саясаткерлерімен ауыз жаласу, ақсүйек, билік жүргізу шендерін иелену үшін ашық та, жасырын да әрекет жасайтын қастандық ниет байқалатын болды.
Патша үкіметінің отарлау саясаты бұл отқа елеусіз май құйып, бұқара халықты бұқтырып өзіне баурай беруге мүмкіндік алды. Қазақ даласы үшін шығарылған 1822 ж. патша жарғысының орындалуы қатаң бақылауға алынды. 1832 жылдан бастап халық төлейтін алым-салықтар жиналды. «Жасақ» салығының шамасы әрбір 100 бас қой-ешкі, сиыр, жылқының біреуі беріліп, түйесі барлар әскер құрал-жабдықтарын тасуға қай күні керек болса, сол уақытта дайын болу міндеттендірілді. Түтін немесе түндік салығына үш сом күміс ақша төленді.
Өнеркәсіп орындарына жұмысқа тұрғандар Екібастұз, Қандықарасу-Александровка, Тамды, Найзатас, Жосалы кенін иеленуші мистер Хаин сияқтыларға қожайындар қорына ай сайын елу тиын ассигнация, күмістей он бес тиын жұмысқа түсу немесе кіріс ақысын төледі. Кәсіпорындардың бәрі жалға берген ағылшын кәсіпқорларының қолында, олардың билігінде болды. Жергілікті халықтар солардың жұмыс күші, табыс көзі еді. Жер иеленушілерге малын жайғаны үшін тарту-таралғы сыйлық немесе келісімді ақы төленді. Баж салығы, жол сапар сияқты, алым-салық түрлері 1879 жылы тағы да жаңғырытылып шығарылды.
Бүл кезеңде халық қамын ойлайтын орысша білімі мен мәдениеті артық, зерделі, зиялы жандар өте қажет болды. Ондай жандар ішінде Мұса Шормановтың бедел-бейнесі, адамгершілік қасиеті ерекше көрінді. Ол 1853-1868 жылдар аралығында аға сұлтан болып сайланып Баянаула халқының тұрмыс-тіршілігін ілгерілетуде елеулі өзгерістер енгізді.
Мұса мырза дәуірінде генерал губернатордың бұйрығымен дуан шаруашылығында мешіт салғызып, указной имам-Қамариден хазіретті алдыруы, бұқара халықтың баласы оқитын мектеп ашқызуы, ұлт кадрларының өсуіне, елдің мәдениеті мен экономикалық жағдайын жақсартуға, ұлттық өнер иелерінің беделін көтеруге елеулі ыкпал жасаған.
Баянаула өнерінің өміріне ұмытылмас үлес беріп, аспандағы аққуға үнін косқан ересен әнші, ірі тұлға Жарылғапберді Жұмабаев, жиһанкез білгір, дауылпаз композитор, музыкант Жаяу Мұса Байжанов, Баянаула төңірегінде кен орындарын іздестірген Қосым Пішенбаев – Мұса мырза заманының жемісі.
Осы кезде әртүрлі астарлы саясатпен «Уакытша ереже» шығарылды. Бұл «ереже» бойынша патша барлық қазақ жерін мемлекет иелігінде деп жариялап, патшаның марапаттау қағазы арқылы берілген жер ғана жеке меншіктік болып танылды. Бұл 1861 жылғы Столыпин реформасынан туындаған, Ресейден қоныс аудару, көшіп келуші қара шекпенділерге жаңа елден жер бөліп беру үшін алдын ала жасалған әдіс еді. Баянаула жеріне Ресей орыстары күн-түн демей ағыла бастады. Шұрайлы жерлер тартып алынды. Жергілікті жұрт әскери әкімшіліктің бұйрығымен ығыстырылды. Егіс, бау-бақша салмайтын қазақтар сары бел, жота-қырат бойларына ауыстырылып, көшіп келушілерге Баянтаудың сай-сала, бұлақ-көлдері маңынан жер берілді. «Кондиков», «Капустник» жер бөлігіндегі шілік, өзек бойында кездесетін қатар-қатар қазылған терең шұңқырлар – сол келген қоныстанушы орыстардың жер балағандарының орындары.
Патша Үкіметінің 1916 жылғы маусым Жарлығы бойынша майданның қара жұмысына қазақ жігіттерін алмақ болғаны елді дүрліктірді. Наразылықтар мен толқулар болды. Шағын топ жинаған Аманкелді Түсіпбаев 100 шақты жігітпен «Ақкелін» болысында ереуіл жасады. 10-15 адамның 6-7-і өліп, қалғаны жараланып, кері қайтады. Патша жендеттері Аманкелді Түсіпбаевты біраз жігіттерімен қолға түсіріп, Омбыға жер аударады. Бұл туралы ел аузында сақталып қалған ән бар. Сол сияқты Өске атаманның 15 атын айдап алған Шалғынбай Бітебаев сотталып, Ақмолаға – Қараөткелге жер аударылады.
1918-1919 жылдардағы Баянаула дүрбелеңі де осал болған жоқ. «Ақтар» қашқан, «кызылдар» қуған тосын оқиғалар, ешбір хабар-ошарсыз келе қалған қарулы қолдар елдің үрейін алып, зәре құтын қашырды. Қам-қарекетсіз бейғам отырған ел үстіне не күн, не түн демей, сау ете түскен солдаттар, Колчак қолы үлкен шығын, қиянат, зорлық әкелді. «Сарыбура», «Атжетер», «Қарағаш», тағы басқа жолда отырған ауылдар тоналып, азаматтар тауға қашып, қолға түскен әйелдер қиянатқа ұшырайды. «Жауға шаптым ту байлап» кітабында тарихшы- ғалым Манаш Қозыбаев «Азапты өлімнен құтылу үшін қазақ әйелдері жартастан басымен төмен қарай құлайды екен…» – деп жазады (128 бет).
Баянаула атырабындағы діни ғұрып, салт әр кезеңге байланысты тоқырауға ұшыраса да, жойылып кетпеді. Адамдардың дінге сенімі жоғалмады. Оның үстіне тарихи аңызға толы Баянаула өңірінің дәуірлеу кезеңі 1800 жылдарға сай келді. Бұл жөнінде әзірше қолымызға түсіп тұрғаны – Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбалары. Мәшекең «Қазақ шежіресінде» былай деп жазады: «Бұл қазақта қажыға ілкі бастан барған уақ Нүркен бай». Тоқал қатынымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне-жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы күлік Самай сопы Баянаула дуаны ашылған кезде, Ноғай, Байжан қазірет екеуі болған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы «Қой» жылы еді, 1858 жыл болса керек». Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала.
«Бұл қазақтан үшінші қажыға барушылар тобықты-Құнанбай, айдабол-Қишыл Қыстаубай, Ақмоладан, Аққұм-Қоспадан Шекшек қажы, Атбасардан Егізек, Жанайдар. Есіл бойындағы құлан қыпшақтан Шоңтыбай, Батырқожа молда балалары, Сілеті бойындағы қыпшақтан Құрман баласы Қасен қажы, Мәмбет тоқалдан Ұзынсазан ұрпағы Мұхамет Салық қажы, өр Алтайынан Алдаұман немересі Ешмұханбет қажы, Ертіс бойындағы Апайбөріден Құдияр қажы, Көкшетаулық атығайдан Қожахмет қажы, Егізек Жанайдармен бірге Сұлтанқожа қажы, Қишыл Қыстаубаймен бірге барған Жәмек қожа, Байзолда ишан».
Мәшекең өзіне дейін 70 жыл бұрынғыны жазса, бүгін біз одан кейін 72 жыл аралықтағы Баянауланың діни өмірінен шолу жасап отырмыз. «Құнанбай кажының кажылыққа барған жылы 1874-ші жыл. Өзінің өлгені 1888-ші жыл. 81 жасында, тауық жылы өлді» – деп жазған.
Қамариден казірет Құнанбаймен жасты. Баянаулаға 1866 жылы 59 жасында келген. Указной молла. Омбы генерал губернаторының бұйрығымен Мұса мырзаның сұрауы бойынша келген. Бұған дейін 40-30 жылдары бұрынырақ Баянаула мешіт медресесінде Сәтқожа молда, молда Нәжмеддин қазірет, Байжан қазірет исләм дінін 1863 жылдарға дейін толық жүргізген.
Жазушы жерлесіміз Қалмұқан Исабаевтың мұрағатынан алынған деректерге қарағанда, Баянауылда алғашқы мешіт үйі қазіргі мешіт орналаскан алаңда 1844 жылы салынған. Мешіттің жобасын жасауға және оның құрылысына Әбдіғапар Ғабдолжаров деген татар басшылық жасаған. Бұл ағаш мешіт 1859 жылы өртеніп кетіп, екі жыл өткен соң 1861 жылы сол кездегі аға сұлтан Мұса Шормановтың басшылығымен қайта салынып пайдалануға берілген. Мешітке сол кездердегі Баянауыл, Ақкелін, Атақозы, Ақбеттау, Қызылтау, Далба, Қарамола, Шақшан болысының ұзын саны – 29699 еркектері келіп, намазға қатысып жүреді. 1898 жылы Семей облыстық губернаторының жарлығымен тағайындалған Әбдірахат Шамсудиновтың баскаруымен намаз окылып жүрді. Бұл мешіт халыққа көп жылдар қызмет етіп, әбден тозығы жетеді. 1922 жылы тағы да өрт аптына шалынып жанып кетеді. Кейін мешіт сол орнында жергілікті беделді азаматтардың басшылығымен тастан қайта салына бастады. Мәшһүр жазбалары бойынша 1864 жылы Шөкелұлы Дүрженбай халфе болғандығы, ал Қызылтауда өзінің үш жасында Төртауыл халфе мен оның бибісінен сабақ алғандығын, Мұстафа Шорман ұлының сол кездегі елге ұстағаны Жүніс молда екендігінен мағлұмат береді. Баянаула төңірегінде исләм дінінің таралуына әріден басталатын Қаратау қожаларының келуі үлкен ықпал жасайды. Бабай қожа Алдақай, Рақымберлі, Жырыш, Қабық, Жұман қожа, Шаймерден, Жамал қожа, Мұхамеджан, Мәжі қожа, Құдайберген қожа, Смайыл қожа, Мұса қожа, Исабек ишан сияқты діни білімділерге Мұса мырза заманында жер беріп, рулық бірлікке кіргізген. Бабай қожа Қызылтауды алған, оның ұрпағы Қазақ Ауылшаруашылығы ғылымының академигі Қылыш Бабаев атында қазірде елді мекен бар. Жаманауланың сыртында «Қожа» деп аталатын қолайлы қоныс, ескі мекен-жай жұрттың орны әлі де жатыр.
Ел аузында нақты әулиелік қасиеті бар деп Қожа Жыржыс қажыны айтады. Ол мешіт, медресе ұстаған. Жыржыс қажы 1845 жылы Баянаула ауданы Көкдомбақ елді мекенде дүниеге келіп, 1929 жылы казіргі Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы, Ақжар ауылында жерленген. Қ. Сәтбаевтың әкесі Имантай сол Жыржыстың, мешіт үйінде қайтыс болған. Жыржыс қажы бейітінің басына Баянауылдың мәрмәрден бірде кем емес сұр тасынан қашалып қойылған ескерткіште: «Қасиетті қажы Жыржыс Қожа Арынұлы 1845-1929 жж. Мұхаммед Пайғамбар әулеті» деп жазылған.
Ел-елге араласып кеткен жерінде діни медресе ашып, балаларды оқытқан Ғабдулла қазірет Қызылтауда, Нұрғали Таушабайұлы «Телтай» – деген жерде, Исахан қазірет Мәдени-кіндікті деген жерде салдырған медресе-мешітте имам Кәбир Байділдаұлы, Сартау жерінде Сқақбек, Қыпшақбай, Тезекбай, Бөлебай баласы медресе-мешіт салған оның имамы өз туыстары Орсақ баласы Әлім, Тоқты қыстауда, Ақбесік Жанысбай баласының мешіт-медресесінде Махамбеттің баласы Имаммәлік, Мұрынтал жерінде Шамақ молла Қозкейұлы, Айдос жерінде Мәшһүр Жүсіп мешіт-медресе ұстады. Бұл кез Мұса мырза дуанбасы болғанда екпін алған діни өрлеу, дәуірлеу кезеңі еді. Айдабол ішінде Қарақозыдан шыққан бақсы-балгер Құрмысы Байқонақ 1756-1831жж., Байқонақұлы Құрманбай абыз 1821-1892 жж., Құрманбай Абыз ұлы Қасым Ишан 1856-1929жж., Қасым Ишанұлы Қабдүл-Жәлем (Шәмен) 1889-1953жж, психикалық ауруларды сауықтырып, тұқым қуған қасиетке ие болды.
Ірі діни ғалымдардың жалғасындай болған молдалар: Мамайдың Ахметі, Есназар Нұрғазы, Сапаралы қожа, Түсіпбек Мұса ұлы 1880-1956 жж., Дәулетбек Әбілғазыұлы 1896-1982 жж., Нығмет және Сәйпи Күзековтар, Тілеубек Оспанов, Мадин Шолтым, Манатай, Қарақыздың Әшімі, Құсыбай, Бақи, Әрмия және т.б. осы күндерге дейін дін жолын берік ұстап келді.
Бұл молдалар Кеңестік саясаттың қысымына тап болды. Мұса мырза салдырған аудан орталығындағы мешіт ойын-сауық үйіне айналдырылды. Орыс шіркеуі құлатылып, оның орнына 1939-1940 жылдары қазақ орта мектебі салынды. Аудан ақсақалдарының сұрауы бойынша кейін бұрынғы мешіт үйінің орнындағы ғимарат қайта мешітке берілді.
Сол кездегі аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы Р. Шөкеевтің тапсырмасымен зейнеткер Ықсан Дәулетқалиев ауданда алғаш мешіт үйінің ашылуына шаруашылық жағынан көп үлес қосқан азаматтардың бірі.
Қайта құру кезеңінде мешіт үйін қайтадан өңдеуге ат салысқандар: Екібастұз көмір бірлестігінің президенті А.Т. Өтегенов, Майкөбе кенішінің директоры О. Васильев, кәсіпкерлер Н. Сердалин, Д. Жүнісов, М. Қадырбеков, С. Тыртықаев, Р. Сыздықовтар жанұясы және сол кездегі аудан әкімінің орынбасары М.Д. Рахметов.
1995 жылдан бастап Майқайың жаңа мешітін салу қолға алынып, қаражат, құрылыс материалдары табылды да, жұмыс қысқа мерзім ішінде аяқталды. Басшылық жасаған сол кездегі аудан әкімінің орынбасары М. Рахметов. Құрылысты сәтімен аяқтауға Е. Ордабаев, К. Жакеев жетекшілік етітін «Ерболат+Д» шағын кәсіпорны қомақты үлес қосты. Көмек бергендер – Майкөбе кеніші мен Майқайың кен комбинатының ұжымы.
Сол кездегі ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Айман Алданов мешіт имамы мен азаншысына арнап үй салғызып, мешіт қарамағына біржола берді.
Бүкіл ғұмырын адамгершілік пен имандылық жолына бағыштап, ой-санаға сауаттылық шамын жаққан Қамариден қазірет, үлкен Мағзұм мен күйеу Мағзұм, халқымыз ға исламдық үлгі көрсеткен, қажылық арызын атқарып, қадір-құрметімен өткен Мұқамеджан Лекер, Жантемір, Шегебай, Бұха, Байқошқар, Шопан, Баймолда қажылардың елі – осы Баянаула.
Арғынның ақсақалы атанып – аузына әлем қараған Саққұлақ шешеннің, қиыннан жол тауып, қырғидай қиып түсетін Үкібай бидің, бір ауыз сөзімен бітім түйінін жасайтын Қопа шешеннің, Абылайдың алдында тартынбай сөйлеген Бұқар жырау мен Көтеш ақынның, қиянатқа төзбейтін, әділдікті көздейтін әкелі-балалы ауыз әдебиетінің кене көз өкілдері Дәрібай, Теміржанның елі – осы Баянаула.
Жиырма жеті жасында полковник шенінде жүріп дүние салған Теміршот Айтбақин, дуан басы полковник Мұса Шорманов, 27 жасында қазақ поэзиясының жарық жұлдызы болған Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, тұңғыш президенті атанған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың елі – осы Баянаула…
Баянаула таулы өлкесінің демалыс аймағында жылына 80-90 мың адам Республиканың түкпір-түкпірлерінен, бұрынғы Одақ және шет елдерден келіп, өте ерекше көркем табиғат әлеміне көзі қанып, көңілін көтеріп, таулы орманның таза, хош иісті ауасын ынтыға жұтып, көлдердің самал суына бойларын сергітіп, ғажайьш табиғаттан алған әсерлері жандарын жадыратып, демалыстарына риза болып қайтады. Келгендер мұнда тағы болсам деп, болмағандар бір көрсем деп аңсайтын арқаның «Жер ұйығы» Баянаула өлкесі – Қош келіп, қонақ болыңыздар!» – деп кұшағын кең жайып тұрады.
Источник: Туған жерде туың тік… //Баянаула /Р.М.Ақыбаев және т.б., ағы сөзі З.Солтанбайұлы.-Астана, 2001.-28-39б.