Жарық нұрдың сәулесі

«Жеңсіз игі тон киген Төлек батыр»

Аққорған қаласынан шыққан батыр жайлы бір үздік сыр

Адам баласы тек қана рационалды емес, эмоцияға беріледі,сондықтан «туған жерге оның мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрге деген ерекше көзқарас – бұл патриотизмнің басты белгісі. Бұл кез келген ұлтты ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі».

Н.Назарбаев

  Әлімсақтан бері, әр елдің, әр ұлттың ғасырдан-ғасырға ұласқан өз діні, тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Әркімнің өзінің туып өскен жері Мысыр шаһары демекші, әр қазақ өзінің туған жерінің тарихын, дінін, салт-дәстүрін, мәдениетін біліп, жүрегімен түйсініп өсу қанға біткен қасиет. Данагөй халқымызда «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас» деген сөз бар. Жалпы адам баласының ақылсызы жоқ. Барлығында да ақыл жеткілікті. Бізді, сол ақылға ата-аналарымыз парасатпен пайымдылықты қатар насихаттап тәрбие берген. Мұның түпкі мәнісімен негізгі арнасы әке-шешеден өнеге үйрен, бойыңа сіңіре біл деген сөз. Яғни, өнеге үлгі, инабаттылық, кішпейілділік зиялы қарттардан бастау алады.

«Өткеніңді білмей болашақты болжай алмайсың» – демекші келешек жас ұрпақтар да өзі өскен жердің, елдің, тау-тасы мен қырқасының тарихын білу арқылы ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын, олардың атадан балаға алмасып жатқан сан қырлы тарау-тарау соқпағын өзінен кейінгілерге жеткізіп келген. Біздің халқымыздың бұл қасиеті ешкімнің бұйрығынсыз, парасат-саналығымен, көкірек-көзінің көрегендігімен саф алтындай сақталып ауыздан-ауызға айтылып, шежіредей қағазға түсіріліп отырылған. Осындай парасатты пайымдылықтың арқасында өнегелі ұрпақ өзінің шығу тегін, қайда барып, кімнен жалғасатынын түпкі шежіре тарихын зердесіне сақтап тоқи білген. Осынау ғибрат алатын ұлағатты сөздің өзін еске алу, келешек жас ұрпаққа жеткізу кешегі «кеңес өкметі» тұсында мүмкін болмады. Жаппай сауатты азаматтармен көзі ашық қожа-молдаларды қуғынға ұшыратты, салт-дәстүрімізден адастырды, мешіт-медресемізді бұзды, тарихи кітаптарымыз бен шежірелерімізді өртеді, ел қорғаған батырларымызды жоққа шығарды. Шүкіршілік, қазір өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, сол баяғы зорлықпен ұмыт болған бабаларымызды, батырларымызды қайта жаңғыртып, біріне-бірін жалғастырып отыратын дәстүрлі өсиетімізді өрбітуге мүмкіндік алып отырмыз. «Ештен кеш жақсы» – деген осы.

Сондықтан да көнекөз данагөй қарттардың айтуымен әкеден балаға, бабалардан мирас болып келе жатқан қолжазба шежірелердің және құйма құлақ әжелеріміздің айтуымен жеткен тарихнамалардың негізімен, орта ғасырлық Аққорған қаласын жоңғарлардан қасық қаны қалғанша қорғаған «Төлек» қожа батыр жайлы деректерді жинақтап назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

«Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлтық кодын сақтай білу» – деп, ұлттық сананы жаңғырту үшін әрбір қазақстандық азаматтың атқаруға тиісті міндеті болатын. Қазіргі таңда  ұлттық санадағы терең өзгерістер, тәуелсіз мемлекеттік құрылымдық жүйесінің қалыптасуы, қоғамдық дамудағы тың серпіндер тарихымыздағы ұмытылып қалған «ақтаңдақ» беттердің орынын толтыруды, оқиғалармен құбылыстарды зерттеп-зерделеп келер ұрпаққа қалдыру міндеті тұр.

Елбасына күн туған сол бір зұлмат шақта аты бүкіл қазақ еліне мәлім Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Хангелдіұлы Райымбек және т.б. атты белгісіз батырлармен тізе қосып осыншама ұланғайыр жерді мына бізге мирасқа қалдырған. Солардың бірі-бірегейі Сыр өңіріндегі Аққорған қаласынан шыққан Төлек батыр. Аққорған – орта ғасырдағы қала. Қаланы алғаш рет 1890 жылы В.Каллаур, 1990 жылы А.О.Руднев, 1969-1970 жылдары К.А.Акишев зерттеу жүргізген. Аққорған қаласы екі деңгейден тұратын трапедция тәріздес төбе. Аумағы 150х110 м, биіктігі 6 м. Бұл цитадель. Оны қоршай орналасқан аласа төбенің қабырғалары; шығысында 216 м, батысында 240 м, оңтүстігі мен солтүстігінде 230 м қорғаныс қабырғасымен айнала сыртындағы ордың іздері анық сақталған. Яғни, деректерге қарағанда қала XV-XVІІІ ғғ. өмір сүрген.

Аққорған жерінде атамзаманнан бері осы орта жүздің қоңырат руынан шыққан бірнеше аталармен бірге аққорғандық қожалар өмір сүріп, тіршілік етіп келеді. Оның негізгі дәлелі, аққорған қожалардың бастауы бұрынғы  ата-бабаларының сүйегі осында жатыр. Құл Қожа Ахмет Иасауийдің туған ағасы Хазіреті Садыр шайық және оның немересі Сафуаддин шайық (лақап аты Қойлақы ата), шөбересі Захияддин шайық (лақап аты Тілеулі ата) сүйектері осы жерде. Осы әулеттен өрбіген ұрпақтар өкілі XV-XVІІІ ғасырлардағы ағайынды Үсен шайық пен Қара шайықтан тараған – Төлек батыр 1733 жылы туылып, 1802 жылы өмірден өткен. Ауызекі әңгімелерге қарағанда 1768 жылдарға дейін керемет ептілігі мен ерлігі елден-елге тараған, жоңғарларға қарсы тойтарыс берген ержүрек батыр болған. Өз уақтысында ересен ерлігімен көзге түсіп, Аблайханның ту ұстаушысы болумен қатар мың басы ретінде талай қиян кескі жорықтарға қатысып, тапқырлығымен танылып отырған. Халдан Серен қолбасшылық еткен жоңғар әскерлері, елді есеңгіретіп қатты қырғынға ұшыратты. Мұндай ауыр күйзеліс аштық пен ашаршылық қазақ халқының басында бұрын-соңды болып көрмеген «Ақтабан шұбырынды-Алқа көл сұлама» дәуірін әкелді. Осы кездегі аянышты жағдайды көрген бірқатар саяхатшылар: «Егер Сырдың қамысы мен балығы болмағанда қазақтардан тұқым қалмас еді» – деп жазады. Осындай қиын-қыстау күндерде елді зұлмат жауыздықтан, жаудың қанды шеңгелінен құтқаруға үлес қосқан бабамыздың ерлігі ерен. Жалпы 1750 жылдардың соңындағы Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқасқа дейінгі аралықтағы ірі-ірі жеңістердің бәрінде де Қабанбай, Алтыбай, Ақтанберді, Есенбет, Жәнібек, Малайсары батырлармен бірге Сыр өлкесінен шыққан Төлек батыр да осы қанды қырғында ерлік көрсеткен. Тұлыбайұлы Жолдасбайдың 1987 жылғы жарық көрген «Тамыз таңы» атты романында он сегізінші ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қазақ халқынының дұшпандарға қарсы азаттық күресі жайлы айтылған. Романда аты аңызға айналған, есімі ел аузында сақталған Хангелді батыр баласы Райымбек, Сыр өлкесінен шыққан қожа Төлек батырлардың ерліктері жайлы әңгімелейді.

Төлек батыр туралы төменгідей: – Есжан бастаған жігіттер Жоңғар жорықшыларының ізіне түсті. Тұтқыннан босанғандардың ішіндегі Төлек есімді қатпа жігіт өздерін қолға түсірген қосынның бағытын көздей тіке тартты. Ойраттар қосыны жүзден, екі жүзден жүреді және олардың арасы тым қашық емес. Егер біріне қауіп төнсе, екіншісіне жаушы шаптыртып, дереу көмекке келердей аралықта болады екен,- деп ұғындырады Төлек қожа батыр. Хангелді жасақтарындағы менің жігіттерім жоңғардың бір жүздігімен айқасып ойсыратып едік, екі жақтан тағы екі жүздігі шығып бізді қоршап алды. Қашсақ құтылыпта кетерме едік, кеудесін ыза кернеген сарбаздар жұбымызды жазбай, өлген-тірілгенімізге қарамай шайқаса беріппіз. Бір уақытта қарасам жиырмаға жетпейтін,  аққан қан бетін жуып, біреулері ат жалын құшып аударылып түсіп кете жаздап жүр екен. Төңірегіміз қалың жау  қаумалап алыпты. Төлек өкінгендей басын шайқап күрсініп қояды. Ендігі біздің басшымыз Есжан болады – деді, Төлек өз жігіттеріне қарап, – ол не бұйырса соны орындаймыз. Жігіттер күн ұясына толық батқанға дейін аса сақтықпен қарап ілгерілеп, қараңғылық қоюлана бастағанда ат тізгінін еркін жібіріп сары желіске салды. Осы сайдың ұлтанында  жалғыз аяқ жол бар, – деді Төлек ат басын іркіп, Есжанға қарап: – Бұл менің талай жүрген жерім. Өткелдің жолы өте қысыңқы, әттең біз жеткенше жау сол қысаңнан шығып кетеді-ау. Егер осы аңғар ішінде кездессе артқа бұрылуға шамасын келтірмей, желкелеп отырып жайратар едік. – Осы таудан төте жол бар ма, Төке – деді Райымбек. – Бар деді Төлек. Кідірмей онда сол қысыңқы аңғардың алдынан жауды қарсы аламыз деп Райымбек пен Төлек бастаған жігіттер өзекшені өрлей жүріп кетті. Олар қанша көп болғанымен  Төлектің айтуына қарағанда тар қысаңда топтанып аттың басын артқа бұра ұрысуға мүмкіндігі жоқ. Ондай жерде көпте бір, жалғыз адамда бір. Қуып жеткен бойда артқа бұрылуға мұрша бергізбей желкеден соққылаймыз, – деді Төлек батыр. Тау қырқасына салып, лекіп бара жатқан Төлек пен Райымбек сай табанындағы қым-қуат, у-шу аса әбігерлікті байқады. Бұл түн жарымнан асқан уақыт еді. Ойраттар, тау басын қазақтар қаптап кеткен бе, – деп қайран қалды. Ойрат тілін бір кісідей жақсы білетін Төлектің құлағына, «О, Бұрхан, біткен жеріміз осы шығар, алды-артымызда, екі жағымызда да самаладай  самсаған жау» деген сөздер естіледі. Соны естуі мұң екен, ол аттан түсе салып жалма-жан бірнеше тасты төмен домалатып жіберді, жігіттерде Төлек не істесе оларда соны істеді. Сай табанындағы ойраттар бұрынғысынанда бетер қатты састы. «Қаруларыңды тастаңдар, сонда ғана аман қаласыңдар, әйтпесе түгел опат боласыңдар» – деген Төлектің тақ-тұқ әмірлі ащы дауысы анық естілді. «Қаруды тастадық, тұтқынға алыңдар» деген жалынышты жауап естілді. Енді мына өзекті жағалап бір-бірлеп бізге қарай жүріңдер, – деп Төлек тағы әмір берді. Шыққан жауды өзге жігіттер жартастың  қалқасына апарып жер жастандырып жатты. Осы шайқаста әр қайсысы әр ауылдан ондаған, жүздеген жігіттерден жинап, өздері ұраншы болып мыңдаған жоңғарлармен бетпе-бет келіп ұрысқа түскен Өтеген, Бердіқожа, Төлек батырлар ерлік батылдығымен көзге түсіпті. Өзгелерден озыңқырап Райымбек пен Есжан келеді. Серідей биік қарагер ат мінген Төлектің қолында құрықтай қайың сапқа орнатқан шағын шаршы жасыл ту, қайың сапты сағағына байланған бір шоқ қыл құйрық, баяу соққан таңғы қоңыр салқын желмен желбірейді. («Тамыз таңы» романы, 189-193б). Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Төлек батыр ат үстіндегі соғыс өнерін жоғары дәрежеде меңгергенін ауыз толтырып айтады. Ат үстінде бірде оң жағына, бірде сол жағына, бірде бауырына өтіп соғыс қаруларын аса ептілікпен қорғана отырып жұмсауды меңгерген екен. Сауытты көп  пайдаланбаған көрінеді. Көбінесе жылдамдыққа ылайықты деп жеңсіз игі тонмен (Шалкиіз жырауда: «Жағаласса жыртылмас, Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма. «жеңсіз игі тон», «жеңі жоқ тон») сайысқа, бір Аллаға сыйынып, «Алла-уһ, Алла-уһ» деп ұрандап, ұрыс қашан аяқталғанша зікір салуын тоқтатпайды екен. Абылайхан бастаған батырлар мен сарбаздар қалмақтарды Балқаш көлінен өткізіп салып, екі жақ соғыспауға пәтуаға келісім жасаған қағазына 14 адамның бірі болып Төлек батырдың да қол қойғандығы жайлы айтылады.

Ел ауызында мынандай бір нақыл сөз бар, «Аққорғанның оқ-дәрісін жауға ат, Ақжолдың оқ-дәрісін аңға ат». Ертеде ата-бабаларымыз таңертемен күн шықпастан бұрын аппақ болып шықтанып тұрған жерді сызып белгілеп қояды екен. Сол жердегі көбіктеніп тұрған ақ топырақтың бетін жуан нар қамысты жарып, сонымен қырып жинап қазанға салып қайнатып, бетіне шыққан ақ көбікке жантақтың күлін араластырып оқ-дәрі дайындайтын болған.

Сондай тағы бір жаугершілік заманда Аққорған қаласы қалмақтардың қоршауында қалады. Үш қатар судан өтіп биік дуалды қорғанға жетемін дегенше жаудың біраз сарбаздарын жайратады. Күн ыстық, қалмақтар  кешкі салқынмен соғысайық деп, өз-өздерімен келіседі де, қалың сексеуілді көлеңкелеп дем алады. Сол уақытты пайдаланып Төлек батырдың нұсқауымен Жақып батырды бір шанаш оқ-дәрімен қоса жиденің ұзын-ұзын қабығын дайындап, қорғаннан жіппен төмен түсіреді. Құпия жолмен судан өтіп, қалың сексеуілді паналап шанаштағы оқ-дәріні жиде қабығына себелеп от қояды да өзі қашып келіп қорғанға кіреді. Алдын-ала, жиденің шайырымен қабығын оқ-дәрімен араластырып дайындалған отты шарды, тасатқышқа құралға салып атып, жанып жатқан сексеуілдің арасынан отты жарылыс  жасайды. Аяқ астынан үргін-сүргінге ұшыраған, аттарынан айрылып жаяу қалған қалмақтарды Төлек бастаған сарбаздар қырғынға ұшыратады. Екінші жағынан Жақып батыр сарбаздары қалмақтармен соғысып екі мыңға жуығын Сырдарияға тоғытып аттарын, күш көліктерін олжаға алған. Қазір сол қанды қырғын болған жер Арасат құмы деп аталады. Осы батырлардың қатарында Ысқақ баб ұрпақтарынан шыққан Сақтық, Талқанды Әуез, Қалқанды Әуез, Жақып жайлы деректер аз айтылады. Төлек батыр бабамыз өлерінде, мені Үсеншайық пен Қарашайықтың қасына жерлеңдер, бабаға келген кісілер мағанда құран оқысын, деп өсиет еткен.

 

             Набихан Шалапов

Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану

музейі филиалының меңгерушісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                    (1733-1802жж)

 

Төлек батыр қылышы

 

 

               

               Төлек батыр басындағы құлпытас

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button