Балта қожа туралы естеліктер

Ассалаумағалайкум. Қайырлы күн. Балтақожа көкемізді Аллаһ рақымына алсын, Фирдаус жәннәтін нәсіп етсін. Менің аты жөнімен Штабаев Өмірбек Төребек ұлы. Көкеміз әкемнің бала кезден бірге өскен жан жолдасы болатын. Ол кісінің баласы Болат менің досым. Өте кішіпейіл ақ көңіл кісі еді, үнемі намаздың маңыздылығын, әкелік ақылын айтып отыратын. Алыс шалғайдан келіп көкемнің емінің шипасын алған қаншама адамдардың болғанының өзім куәсі болдым. Өз басым қаншама рет дем салдыртып емін алдым ол кісінің. Емнен кейін бойымда біршама жақсы өзгерістер болды денімде, жеңілдік сезілді, кәсібім алға басты.
***
Менің атым – Күләш. 2017 жылы Балтақожа көкеге барып ем алғанмын. Қай кезде болмасын, жаз күніндей жадырап күліп қарсы алатын еді. Қиналып барғанымда көкем дем салып, ішірткі жазып береді. Соны ішіп, сабынмен жуынып, тазаланушы едім.
Бірде үлкен баламды алып барғанымда, «түрлі түсті жіппен жолын байлап тастаған» деді. Оның жолын ашты, дем салып берді. Емін алып болғанымызда, «бір айдан кейін балаң үйленеді» деп қуанышты хабарды жеткізді. Балам үйленбей жүр еді, көп ұзамай келін түсірдім. Көкемнің демі өте керемет, бес-алты сайын келін мен баламды апарып дем салдыртып тұрдым.
Мен өзім саудамен айналысамын, саудамның жүруіне де дем салып беретін. Сауда жасайтын жеріме, өзіме де тұмар жазып беретін. Соның арқасында саудамда қызып, қандай шаруа болса да тірлігім тез бітіріп, жұмысым алға басатын. Белімнен төмен қарай қақсап ауыратын кеселім бар еді, соны да емдеп жазды.
Гүлмира атты ағамның қызы үшіншісін босанғаннан кейін қатты ауырып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер өкпесінде дақ бар деп ауруханаға жатқызды. Содан барлық емді жасады, ем қонбады. Содан ағама, Балтақожаға әкеліп дем салдырыңызшы, содан жазылатын сияқты деп айттым. Қатарынан үш күн дем салдырды, содан рентгенге түсірсе өкпедегі дақ жоқ, жазылып шықты.
Көкеміздің көп қасиеттері бар. 2020 жылы мамыр айында абысыным қатты ауырып алып бардым. Онкология. «Күләш, өткізіп жіберіп алып келіпсіңдер ғой, жиырма шақты ғана күні қалыпты, ертерек алып келгенде жазылатын еді. Бірақ бойын тазартып оқып берейін» деп екі литр суға дем салып берді, шомылдырып жуындырып жатқызыңдар деді. Дем салғаннан дертін ауырсынбай, түнімен жақсы ұйықтап шықты, көкемнің айтқанындай айтқанындай болды. 20 күннен кейін қайтыс болды.
Балтақожаға 2012 жылы баламның мәселесімен алдына бардым.Ұлым бірінші әйелімен үш жыл тұрып ажырасып кеткен еді, екінші рет үйленіп онымен де үйлеспей, бір жылдан кейін ол да кетіп қалды. Ол аздай балам хабарсыз кетті.
Жағдайымды кімге айтарсың?! Балтақожа келген бетте маған кітап ашты. «Балаң бұл әйелмен де екіншісімен де тұрмайды, үш некелі болады деді. Бірақ кейде былай болып келеді, бірінші әйеліне қайта қосылса ол да үшінші неке болып саналуы мүмкін. Оны алдағы уақыт көрсетеді» деді. Сөйтіп із-түзсіз жоғалып кеткен баламды өзі қайтып келеді деді де базардан бір уыс тары алып кел деді. Бір уыс тарыны оқып беремін, оны тауыққа шаш, тауық шақырады сол кезде балаң үйіңе келеді деді. Бір ай өткенде бала келді. Содан біраз уақыт өткеннен кейін қайтадан кетіп қалды.
Арада жеті жыл өткен кезде Балтақожаға қайта бардым. Ол кезде балам ішкілікке салынып кеткен кезі еді. Содан барып ол кісінің үйіне қона жатып үш күн дем алды, «бұл баланың бойында бірінші әйелі жасаған ЫСЫТПАСЫ бар. Сол ысытпаны кетіріп ұзақ оқуым керек деді. Күніне бір литр қатық әкеліп, балама соны ішкізіп отырдым. Балам жақсы болды. Бір айдай жақсы болып жүрді де соңыннан қайтадан ішкілікке түсіп кетті. Менің айқаныма көнбей, қожекеңе барғысы келмеді. Мен де көндіре алмадым. Мен ол кісінің сондай жақсылықтарын көргенмін. Содан келесі жылы тағы да барғым келгенінде ол кісінің қайтыс болып кеткенін естідім. Иә, уақытысында емі қонды, бірақ баламның әрі қарай жалғастырып емделуі керек еді, оны тыңдамады, осылайша мүмкіндікті жіберіп алдық.
***
Балта қожа ағамызды өзім бұрыннан танимын, әрі жақын ағайынымыз. Біздердің алдымызда әке-шешелеріміз араласып тұрды. Жанына шипа, кеселіне ем іздегендерге жөн сілтеп, алдына алып баратынбыз. Қалай мақтаса да мақтауға лайық қой, көркем мінезді, жанашыр, турашыл адам еді. Ислам дініне көп еңбегі сіңген әулеттің өкілі ретінде халықты намазға, тура жолға шақырады. Өзімізге уағыз айтып, үгіт-насихатымен ауызбіршілікке үндеуші ед. Қамқоршы еді, қиналғанға қол ұшын беріп, үнемі көмектесіп жүретін. Барған кездерімізде ақ көңілімен, жақсы әңгімелерін айтып қарсы алатын. Дем салдыртып тұрамыз. Алла шипасын беріп, демімен сергіп жүруші едік. Артық сөзі жоқ, тура сөйлеп, бетке айтатын, жақсылыққа шақырушы еді. Абыройлы да болды. Айқожа ишан кесенесін абаттандырып, шежіре жинап кітап етіп бастыруда жұмыстар жасады, көп еңбектенді. Менде ол кісі құрастырған кітаптары шежірелері бар. Көптеген жазбалары да қалды. Ұл-қыздары да керемет, қарындастарымыз да жақсы, бәрі үлгілі жандар. Ажар жеңшеміз де ағамыздың жағдайын жасады, екеуі жақсы жұп болды. Бұрынғы жеңгеміз өмірден өтіп кетті ғой. Ажар жеңгемізбен бірге үлкен қажылыққа барды, жарасымды жандар деп қызығушы едік.
***
Балта қожа менің түп нағашым, мамамның інілері болып келеді. Өзім қатты сыйлаймын. Денсаулығым болмай, күннен күнге артқа кетіп, бір емес бірнеше рет ем қабылдағанмын. Өмірден түңіліп кеткен кездерде көкеме барып дем салдырамын, ең болмаса жолым ашылсыншы, ешқандай да жолым болмай кетті деп шағымданамын ғой. Маған бір күліп алады да, «өзіңнің жолың ашық қой, өзіңе өзің мән бермей жүрсің», деп мені әртүрлі жағдайда күлдіріп, көңілімді көтеріп арқамнан қағып шығарып салушы еді. Содан кейін меніңде көңілім сергіп, шын пейілденіп қаламын. Сөзімен де шаттандырады, алға қарай ынталандырып, жігерлендіріп жібереді. Бәтесін алып кереметтей көтеріліп қаламын. Шипа іздеп келгендердің ешқайсысынан қуатын аямайтын. Дем салып жатқанда ішінен не айтып жатқанын білмейміз ғой, бірақ шын пейілімен, шын көңілімен салғанын қабағынан түріне сезіліп тұратын. Көкемді жақсы көремін жатқан жері жайлы болсын, ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
***
Макон Мағжанды көтергенде дем салдырған. Алдыңғысы түсіп қалған еді ғой, одан кейін бойына біткен бұның да түсіп қалу қаупі бар деп дем салдырып, сол демнің шипасымен сәби аман-есен дүниеге келді.
Үлкен бата ала алмадым
Мен 1988 жылдары ма екен не 1989 жылдары ма екен, ауырдым. Ауырғанда да белгісіз ауру. Ауруханаға барамын, дәрігерлер бауырың ісіп кеткен дейді. Бір кезде жүрегім қысылып қалады, жедел жәрдеммен емханаға жетемін. Тексереді, «өкпеден», өкпені емдейміз, су бар дей ма әйтеуір нақты анықтап айтпайды. Рентгенге түсіреді, одан ештеңе көрсетпейді. Қайталап, тағы түсіреді одан болмаған соң қақырық алып оны тексереді. Ол да таза, күдіктенген түберкулез белгісі жоқ. Денемді көлемі жүгерідей бір ісік шар сияқты шыркөбелек айналдырып жүргендей. Өкпе қысады, жүрекке барса, ол да қысылады. Одан шығып жауырынға барады одан бауырға түседі, артынша бауырым ісіп жүре алмай қаламын. Сонымен не керек, Ол кезде жиырмадан енді асқан жас кезім кезім. Мүгедектік береді дегенге намыстанып Ташкентке кеттім, жергілікті профессорына «денсаулығы дұрыс» деп жазып беріңізші деп одан қағаз алып келдім. Қағаз жүзінде сау болғанмен, ауруым күшейіп, жұмысқа жарамай қалдым. Үш күн жұмысқа шықсам он күн төсек тартып жатамын. Жұмыс берушілер ренжи бастады. Отбасымды асырау арман болып қалды. Қарап жүрейін бе, көршімнен қалмайын деп көктем келісімен бақшамен айналысамын. Екпеген дақылым жоқ, көршім отырғызған жаңғақты мен өсіре алмадым. Қалғанына қарайтын да шамам келмей қалды. Денсаулық болмай, молданың кем кезі, палшыларға жүгіреміз. Барлығы келісіп алғандай «аруақ, аруақ, жолын ұстауың керек» мүгедек боласың, не өлтіріп жібереді деп айтады. Емі жоқ бұл кесел жаныма қатты батты, күн сайын асқынып әбден арып-жүдеп өлетін жағдайға жеттім. Палшылар өлесің, бата алу керек деп те айтты. Оны елең қылмадым.
Сөйтіп жүргенде ат жоғалды. Балам бір танысымыздың атына баклашкаларға суды толтырып, жүрмек болғанда, ат үркіп баламды лақтырып кетеді. Кофемен қарап, жоқты тауып беретін балгер бар екен, соған бардық. Көріпкелдің айтқанындай болды, белгілі күні сағат алтыда, белгілі бір көшенің басында, атты тауып алған адам иесіне табыстап береді деп тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Сонда да сенбеген соң, аяғымнан таусылып жоқ іздедім, таппадым. Болмағасын көріпкел айтқан жерге барсам, іздегенім алдымнан шықты. Жоғалған аттың соңында жүргенде, көріпкелдің мені көріп айтқан: «Сен өзіңнің ақсүйегіңнен бата алуың керек, әйтпесе өлуге тақап тұрсың. Ақсүйек болғанда да таза адам болуы керек» деген сөзіне құлақ түрдім. «Ақ шайтаны» болмау керек деді. Содан ақсүйектердің ішінен ана көкеміз қандай, мына көкем қандай, «ақшайтаны» бар ма деп сұрастыра бастадым. Ойымнан шыққан бірі жоқ. Әй,маған бұйырмаған шығар, өлсем өлетін шығармын деп жүргенде үйге қонақ келіп қалды. Жағдайымды сұрады. Мен болса жағдайымды жырлап, оны түзейтін өзімнің қожамнан болуы керек екен, оның «ақшайтаны» болмауы керек екен, таппай отырмын деймін. Үйге келген қонағым Жаңақорғанда Балта қожа деген бар сол таза, мықты қожа деді. Сол кісіге баратын болсаң, батасын алсаң сауығып кетерсің деген сөзіне үміттендіріп кетті. Сонымен не керек, құдай айдап келген қонағымнан Балтақожаның дерегін алдым. Ол Жаңақорғаннан түсесің, хлеб заводқа қарай мына автобус жүреді, одан түсіп қаласың, көшесін айтты ма айтпады есімде жоқ. Тәуекел деп жолға жиналдым.
Ол заманда жалғыз ешкім бар еді, соны саттым. Денсаулығым болмай бала-шағамды асырап ала алмай жүрген менде не жағдай болсын. Әйеліме анамның сандығын ақтарттым. Сандықтың түбінде бұрыннан қалып кеткен, әбден мыжылып, жатып ескірген кастюм-шалбар бар екен, күнге қақтырып, үтіктетіп қыртысын жазып, салып алдым. Ешкінің пұлын жырымшылап жеткізіп, бір жағын шүберекке үйдірдім-дағы көкемді іздеп кеттім.
Жаңақорғанға келдім, бір жерден түсіп қалдым, бір көшемен кетіп барамын. Қарасам, екі адам сөйлесіп тұр, бірі үстіне шапан, басына тақия киген. Ірі денелі, әдемі келген келісті кісі екен. Осы кісілерден жөн сұрайыншы деп бұрылдым. Мен қастарына жеткенше жанындағы кісі қайырласып жөніне кетті. Көзім түскен келбетті кісі бұрылып, үйдің шарбағына кірейін деп жатыр еді. Алыстан дауыстап: «Ассалаумағалейкүм» деп амандастым. Жауабын күтпей, «маған Балтақожа деген көкем керек еді» дедім. Бейтаныс, бұрылып қарап, «иә, менмін, айта бер» деді. Содан мен айттым, тоқтамадым. Бата алуым керек, бата алмасам өлетін жағдайда келгенімді айтып, тоқтадым. Балтақожа: «Мен ешкімге бата бермегенмін, Бата бермеймін. Қай жақтан келдің?» деді. «Жетісайдан». «Поезың кетіп қалмай тұрғанда, кідірме жүре бер» деді. Сонша жерден келгенде бұрылып кет берейін бе?! Қалайда қалудың жағдайын жасау керек. Өзімше қулық ойлап таптым. «Көке, үйге кіріп шәй ішіп кет деуге жарамадыңыз ба?» Қайткенде де үйге кіруім керек, осы жерден кететін болсам өлетін жағдайға жеткенімді білемін. Қалудың амалын жасағаным. Кір үйге, шәй ішіп кет деген соң, есіктен кіргенде көзіме түскені, аула толы адам екен. Мен оны ойлайтын жағдайым жоқ, ішке кірдік те, дайын тұрған шәй болар дастарханға жайғастық. Көкеміз тез ішті де, поезыңнан қалып кетпе дегендей сыртқа беттеді. «Көке соншама жерден ниет қылып келген кезде бір қарап оқып жібермейсіз ба деп тағы жармастым. Онда кезексіз, шәйіңді ішіп бола сала кіре ғой деді. Бір кесе шәйімді ішіп үлгергенім жоқ, сырттан бір бала жүгіріп келді: «Аға сіздің көке шақырып жатыр, келсін, кірсін деп жатыр» деді. Сонымен не керек аумин дедім де, адам қабылдайтын жерге келдім. Кітапты ашып, қарап отырып, «бар екен, бар екен» деді. «Мен не бар екен, көке?» деген сұрағыма «Пері бар екен, Жетек деген пері» деді. Көке, мен осы жерден кетпеймін, діни кітаптарды оқығанмын, піріне барып қызмет жасап соның шын батасын алып разы қылып кеткендер туралы. Олардың соншалықты биік дәрежеге жеткенін оқып-естігенім бар. Көке, жұмыс жасайын сізді разы қылып кетемін» дедім.
Көкем ойланып қалды. Жетісайдікімін дедің ба, помидор-қияр егуді білетін шығарсың деді. Қатырамын дедім. Ішімнен күректі көтеру мұң болып қалғаны қашан, сонда да жаным үшін қатырамын дедім. Бақшаны көрдім, қолыма күрек алып, жерді қазып тастадым, ауырмаймын. Үйіліп жатқан көмірді ташкіге салып, биікке көтеріп барып, оны жинау керек. Еш жерім ауырмайды. Мәзбін. Аурып жатқан жоқпын. Күніне бір мезгіл оқиды. Ауруды ұмыттым. Күректі көтере алмайтын адаммын, қарап жүргеннің өзінде бір жерім ұстап қалатын еді. Көкеме таң-тамаша болып айтамын. Ол: «Мына босағаға келгендер ауырмайды» дейді.
Көңіл күйім көтеріңкі. Бір күні Шиеліден сал болып қалған баланы алып келді. Жатқан баланы оқып жазды ғой. Орнынан тұрып, қылтың-қылтың етіп жүреді. Маған көмектескісі келеді. Жәрдемің сол болсын, көлеңкеде тұрып әңгіме айта бер күшейіп алған соң жәрдем қыласың деймін. Небір адамдар келіп, жазылып кетіп жатты.
Бірер аптаның жобасында бейтаныс адам көңіліме тиіп сөйледі. Оны көкеме айттым. Мен үш айдай жүремін деп үш айдың жобасын ойлап едім жоқ, мен кететін болдым, арқам көтеріліп тұр» дедім. Маған енді батаңызды бересіз деп қоямын міндет қылып қойғандай. Көкем ойланып отырды да қолын жайып батасын берді. Мына жазуды ағын суға таста, мына жазуды үйіңе жеткен соң басыңа жастанып жат» деп екі бөлек қазғазға жазылған ішірткі сияқты заттарды берді.
-Көке, үлкен бата бердіңіз ба?
-Жоқ, кішкентай бата бердім. Сен еліңе барғаннан кейін, кішкентай бала ауырып келетін болса, қолыңмен сипап «үп-сүп» десең жазылып кететін болады. Соны жаса.
-Көке, мен кішкентайын емес үлкенін алам. Үлкенін бересіз.
-Әй, саған айттым ғой, өзім шақырамын әзірге намаз оқып жүр.
Мен намазымды оқып жүрмін деп қоймаймын. Үлкен батаға өзім шақырамын деген сөзін тыңдамаймын. «Үлкенін аламын» деп қоямын. Содан алып келгендерімді шығарып: «Көке, сізге барлық байлығымды алып келдім. Мынау анамнан қалып кеткен нәрселер мен импортыный әкелуге шамам жоқ. Барым осы. Сандығынан таптым. Соған қуандым. Осыны импортный деп қабылдайсың» дедім. Менің барлық байлығым ешкі еді. Соны сатып едім, оның пұлын миллион алғандай қабылдап аласыз» дедім. Барым осы дедім. Кең адам еді ғой, разы болды. Көкемнің «өзім шақырамын» дегеніне өзім сенбей, бүйірімнен бір нәрсе түртпектеп тұр ғой. Жетісай үлкен оның ауылы ма көшесі ме, оны қайдан біледі, қайдан табады деп күмәндамын. Өкпеледім үлкенін бермеді деп, Сұбханалла. Үйге қайттым. Басыма қой дегенді қойып жатырмын… Бір заман екен, Каспий теңізі екен деймін, перінің қыздарын көремін. Баяғыда үндінің шәйі бар еді ғой, соның қорабының сыртындағы қыздардай, тіпті олардың әдемілігі жолда қалады. Жағалауда айналып құмыра ұстап, мың бұралып билеп жүр, соларға қарап ғашықпын. Қастарына барғым келеді. Солар тартады екен ғой. Сол түсімді қайта көрдім. Ал басыма Балтақожа берген жазуды қойып ұйықтаған күні сол түсім қайталанып, бірақ бұл жолы теңіздің суын қақ жарып, ақ күмістей сақалы бар, басында тәжі бар, еңселі бейне теңіздің суын тобығынна келтіріп, жағалауға шықты. Мен қыздарға құмартып қарап тұрмын. Теңізден шыққан бейнеге тіл бітіп, «балаға тимеңдер, енді тиіспеңдер» деді. Содан қайтып сол қыздар түсіме енбейтін болды.
Айта кетейін, палшылардан басқа, алдында мықтымын деген молдаларға барып, көңілім қалған. Неліктен десеңіз айтайын. Мына жерге дәу өгізді байлайсың, содан кейін бата аласың, бата алу оңай емес деген сөздерін естігенмін. Содан үмітімді үзіп, өгіз түгіл, байлаулы тұрған тышқақ лағым жоқ деп жүргенде, көкем кездесті емес па?!
Содан бірлі-жарым ауырып қалған бала болса құдайдың құдіретімен жазылып кетеді. Бірінен бірі естіп, опыр-топыр, машалла, науқас балалар келіп жатыр. Сонда да көкеме деген «өкпем» бар, адресімді сұрамады, қалай мені табады, қалай шақырады деп ойлаймын. Сөйтіп жүргенде шақырды, кәдімгідей шақырды. Адресіңді білмесе де шақырады екен.
Түс көріп жатырмын түсімде пойыз жолдың бойымен алыстан қарайған бір зат маған қарай жылжып келеді, жақындаған сайын үлкейіп, бір суреттің нобайын байқадым. Жылжып келеді, қасыма жақындап қалғанда адамың портреті екен. Рельстің үстімен жылжыған портрет тоқтады. Қарасам, Көкем! СұбханАлла! Біраз тұрды да қос рельстің бойымен артқа қарап кете берді, кішірейіп-кішірейіп, бір нүкте болып жоқ болып кетті. Шақырды! Сұбхан Алла. Содан не керек өзімше өкпелеп қалған адаммын. Нәсіп болмады, сонда үлкен батамды алсамшы, нәсіп болмады. Көкеміз, ұстазым Балта қожа Жаппарұлы сондай адам еді. Алла жарылқасын!
***
Қожекең, Көкем туралы айтатын көп қой. Айтатын нәрселеріміз көп қой. Екеуіміздің арамыздағы сыйластық керемет еді, ағалы-інідей тәту-тәтті жүрдік. Абдола ишан деп мені мақтап жүретін. Әке-шешесіне құран шығарса інім деп шақырады. Мені сыйлап жақсы көретін еді. Айқожа Ишан бабамыздың шатырхатын қазақ тіліне аудардым. Айқожа ишанның мешіті ашылып жатқанда, маған ишарат жасамады. Көкем болғанда еске алатын еді. Жаңақорғанда Көкем сияқты көкем болған жоқ. Сөздері әрекеттері көп қой алдынан жарылқасын. Иншалла.
Абдолла ишан.





