Жарық нұрдың сәулесі

Екібастұздағы Солтан қожа кесенесі

Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлы 1896-1962 ж.ж. аралығында өмір сүрген

Екібастұз аймағындағы Қылдыкөл шатқалында Исабек ишан тарихи-мәдени кешенінде Солтан қожа кесенесі бертінде көтерілді.

Ел ішінде «Атам басы» аталып кеткен қорымда Ертіс-Баян өңіріне ислам дінін таратуда елге еңбегі сіңген дін қайраткері Исабек ишан және оның діни-ағартушылық қызметін жалғастырған ұрпақтары мәңгілік мекен тапқан. Соның ішінде халық арасында Солтан қожа аталған, Исабек ишанның немересі Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлының да зираты бар. Мұхамедсолтан Нұрмұханбетұлы 1896-1962 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Жас күнінде Уфа қаласында діни білім алған. Ол дінге тыйым салынған кеңес дәуірі тұсында өмір сүргеніне қарамастан, имандылық жолында халыққа қызмет етіп, әділдігі, ақыл-парасаты, алдағыны болжай білген ерекше қасиетімен елге қадірі артқан тұлға болған.

–  Осы күнгі Ақкөл ауылы әлі күнге Әулиелі Ақкөл деп аталып келеді. Ислам дінін уағыздаған Исабек ишан хазірет атамыз дәл осы өңірге табан тіреп, «түбінде бұл жер маған қоныс болар» деп таяғын шанышқан екен. Ол жер Ақкөл ауылының теріскейі, Әулиекөл маңы, Ишан атамның мәңгілік мекені – Атам зираты. Жер-жерден дерті маза бермеген жандар атамыздың көзі тірісінде де, кейін өмірден өткен соң да атам басына түнеп, науқасынан айығып жататын. Арғы бабамыз Аққу ишан, одан Бағдат ишан, Назар ишан, Мұрат ишан, Исабек ишан туады. Мұрат атаның сүйегі Түркістанда жатыр. Сүйегін ол жаққа қалай жеткізгені беймәлім. Исабек ишан – хазірет атамыздан Нұрмұхаммед пен Қожахмет туады. 45 жасында қасиет қонған Нұрмағанбет кейін Қырықбес аталып кеткен. Нұрмұхамметтен Солтан (шын есімі Мұхамедсолтан), Мұхамедәшім, Барбар, Әкбар, ал Қожахметтен Жандарбек пен Айдарбек аталарымыз туған. Жоғарыда аталған аталарымыздың ұрпақтары біздер. Солтан әкем әуелі Тоққұлыға, кейін Басқамысқа тұрақтайды, – деп еске алады Солтан қожаның баласы Рапық аға.

Нұрқай дамолла Жанқозықажыұлынан дін сабағын үйреніп, оның алдын көрген Солтан, Әшім, Әпсағит қожалардың қасиеттері елге мәлім. Басқамыста тұратын Солтан атаның ордасына құлақ естіп, көз көрген жерден науқасы маза бермеген, жүйкесі сыр берген, ішіне кірне тиген ғаріп жандар ағылып жатады екен. Перзент сұрап келетіндер кейін балалы болып жататын көрінеді. Есінен адасып ауырғандарды аяқ-қолдарын байлап әкелгенде Солтан ата сыртқа шығып, қарсы алып, дұға оқып, үшкіргенде әлгі адам лезде тынышталып, сабыр тауып, үйге енген. Тіпті қол-аяғы тартылыпқалған адамдарды үйге көтеріп кіргізген соң ата оқыған дұғаның арқасында өз аяғымен жүріп кеткен. Сұлтан қожа сиямен арабша жазылған ішірткіні су қосып, ішкізеді, тіл-көзден, пәле-жаладан, шошып ауырмаудан сақтандыратын тұмар жазып, оқып беріп отырған. Араздасқан ағайынға тоқтау салып, татуластыруға да мән берген.

Солтан қожаның келіні Бақтылы Айдарханқызының айтуынша, Исабек ишан атасы сияқты емшілік әрі көріпкелдік , алдын ала болжағыштық қасиет дарыған Солтан қожаның үйінде әдетте шай-дәм таң алакеуімнен беріле бастайды екен. Еміне дауа іздейтіндер өз алдына, ақыл-кеңес,  жөн сұрап, батасын алуға да жұрт ағылып келіп жатқан. Үйге қандай сырқат адам келе жатқанын алдын-ала білген Солтан қожа: «Ал, келін, балалар, үйге кісі келеді, дайын отырыңдар», – деп ескертеді екен.

Әдетте ауыл ақсақалдары, көрші-қолаңдар Солтан қожаның үйіне келгендермен бірге қонақта болып, науқастардың сырқатынан айыққанына атаның да көңілі марқайып, балаларды шақырып алып, өзі үйреткен діни өлеңдерін, бәйітті айтқызып отырған. Солтан қожа інісі Барбарды бас қылып, ауыл балаларына жұма күндері діни сабақ берген. Балаларды алдына шарт жүгіндіріп отырғызып,құран сүрелерін, аяттарды жаттатқызған. Келесі жұмада сол бәйіттерді жатқа айтқызып отырған.

– Мен Солтан атамның қолына 1960 жылы келін болып түстім. Атамыздың бетіне тіке қарамайтынбыз. Ол жазық маңдайлы, қазіргі арабтардай мұрны қоңқиған, орта бойлы, зор денелі, әрқашан да күлімсіреп, жүзінен нұр құйылып тұратын кішіпейіл, адамгершілігі мол, қарапайым адам еді. Біздің үйде Мәшһүр атаның оқалы тақия киіп түскен суреті болды. Атам: «әндетіп айтатын бәйітті жазған Мәшһүр ата. Суретін тығып жүріңдер» , –  деп отыратын. Өйткені ол кезде заң басқа еді ғой. Үйге келген кісілер бізді де дінді уағыздайды деп тексеріп қоятын. Басқамыс пен Қарақоғаның ортасында Исабек ишанның қарындасы болып келетін Бәтима апам жатқан «Апай зираты» болды. Атам ерте кезде Нұрқай молладан сабақ алған кісі, – дейді Бақтылы апа. Сол шатырлы тамды кезінде Бөрібай, Бұланбай деген байлар салғызған екен. Кейін ол бұзылып, құрылыс материалдары аяқасты болмасын деп жұртшылық Басқамысқа ұстахана салады. Он саусағынан өнері тамған Ермекбай сол жерде ұсталық етіпті. Кейін Ермекбайдың басшылық етуімен көпшілік Исабек ишанның зиратын қайтадан жаңалайды. Сол кезде Ермекбай құдайдан бір перзент тілепті. Ниеті қабыл болып, сонда туған бала осы Шербек (Шетен) екен.

Қожалар ислам дінін насихаттап қана қоймай, жас жұбайлардың некесін қиып, ер балаларды сүндетке отырғызған. Ауылдың ақылшысы да, қорғаншысы да Солтан қожаға үлкен түгілі кішкене балалардың өзі ақыл сұрай келіп отырған. Солтан қожа азан шақырып қойған есімдер қазір жетіп артылады. Ожай (Оразбай) құрдасының үш баласының атын да ата қойған екен. Бастапқыда құдағилары жеті жыл бала көтермейді. Бірде ата сол үйге барып, бір аяғын босағаның ар жағына, бір аяғын бер жағына қойып: «Сен ұл туасың, атын Мешхат-Шәріп қой, одан кейін тағы екі ұл дүниеге келеді» , – депті. Расында да, құдай беріп, тұңғышының есімін Мешхат-Шәріп қояды. Одан кейінгі туған ұлдың атын Ишарат деп қойыңдар депті ата. Арада біраз жыл өткенде олар «Спартак» совхозының үшінші бөлімшесіне қоныс аударады. Бір күні Солтан қожа Оразбайдың ағасы Сағадатқа: «Інің мен келініңінің жағдайлары қалай екен. Амандығын біліп, барып кел», – дейді. Қожаның бірдеңені біліп айтып отырғанын сезген ол қыстың боранды күнінде сәлем-сауқатын салып ала барса, келіні жас босанып жатыр екен. Сәбидің атын Мерхат қояды. Ал үлкендері Мешхат кейін өздеріне күйеу бала болады. Мешхат арабшадан аударғанда қасиетті асыл тас деген ұғымды білдіреді екен. Сол Мешхат көзі тірісінде атына заты сай болып, мейірімді қалпымен жан-жағына шуағын шашып өтіпті.

Солтан қожа кезінде колхоздың жылқысын бағады. Бірде көзге түрткісіз боранда ықтаған жылқыларды тауып әкелсе, үйде әйелі Жәмәш шеше босанып жатыр екен. Үйдегілер: «жылқы бар ма?» , – деп сұрайды ғой. Сонда ата: «Бар, бар», – дейді. Сонда туған баланың есімін осылайша Барбар қойыпты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендейін, қыстың бір күнінде, бір жағынан боран, екінші жағынан түз тағысы жылқыларға қырғидай тиеді. Көк те аппақ, жер де аппақ, таяқ тастам жердің өзін көру мұң болғанда, Солтан ата қолында құрығы, атпен шауып жүріп, «Бір Алла, әруақ» деп, аятты оқығанда шашырап жүрген жылқылардың бәрі бір жерге жиылып, үйіріліп, аман қалады. Сонда атаның балалары: «Жападан жалғыз өзіңіз жылқыларды бір жерге қалай үйіріп, жинадыңыз?», – дегенде ол кісі: «аруағым бар, Қызыр бабам қасымда», – дейді екен. Тағы бірде Солтан ата жайып жүрген 18 жылқы сорға батып кетеді. Жылқыларды құрдымға кеттіге балаған бастық аптығып қайтып келсе, жылқылар сордан шығып тұр. Сөйтсе Солтан ата шапанын жерге төсеп, намазын оқып, бір құдайға сыйынған. Содан жылқылар сордан шығыпты. Әлгі көрінісіті көргендер сонда қайран қалыпты. Осындайда еске «Адамнан сұрағанның бір бүйірі, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген сөз түседі.

Кеңес заманында ел ішінде мешіт болмаған. Ауылдың үлкендері Солтан атаның үйіне жиналып тарауық, айт намазын оқиды. Сол кездің өзінде үлкендер түгілі, жас бала да, қыз-келіншек те ауыз бекітіп, ораза ұстаған. Кішкентай балалардың өзі айт күні құран оқып, үй-үйді аралап айттағанда, бірі құран сөздерін ұмытып қалса, екіншісі жалғастырып әкетіп отырған.

Солтан қожаға арнайы ат басын шалатындар көп болған соң, пітір садақа да түседі. Сонда ата елден түскен қаражатты Павлодардағы Бижан мешітіне беріп отыратын.

Аузынан Алласы, қолынан Құраны түспеген ата аузын оразадан екі ай бұрын бекіткен. Сонда жұрт оразаны бір ай ұстаса, ол үш ай ауыз бекітіп отырған. Бірде сумаңдаған өрттің қызыл тілі жан-жағын жалмап ауылға  жақындайды. Абдыраған жұрт дүрлігіп, сең соққан балықтай күй кешеді. Сонда Солтан қожа өрттің алдына шығып, дұға оқиды. Іле өрт өз-өзінен сөніпті. Енді бірде жанып жатқан үйге барып, дұғасын оқығанда, өрт сөніп, әлгі үйдің бала-шағасы, дүние-мүлкі аман қалыпты. Солтан қожа тіпті малшылар «малымызға көз тиді» десе де, қораларына барып дұғасын оқыған соң, мал төлдері аман қалып, өсіп-өнген. Ғаріп-мүсәпірлерге көмегін аямайтын ата әр кез: «Жетім қақысын жемеңдер. Қолдарыңнан келсе, көмектесуге тырысыңдар. Бір жетімді қуантсаң, Алланың шарапаты тиеді», – деп отырады екен.

Солтан қожа шаңырағына келгендер ырымдап дастарханнан нан алып, «балаларымызға қожекеңнің шапағаты тисін», – деп ырымдаған. Жаз айларында сойған малдың етінен тәбәрік дәмететінін сезетін ол көршілеріне таратып бергізген. Тіпті ата ауыл үйлерін аралағанда жанында қожаекеңнен тәбәрік алғысы келетіндер бірге еріп жүреді екен. Ата өзіне берілген садақаны қасында еріп жүрген кісілерге, көрші-қолаңның балаларына таратып беріп отырған.

Кезінде атеистік бағытты ұстанған заманның кейбір жандайшаптары Солтан қожаның да ізіне көп түседі. Содан да болар, қожа ұрпақтары бертінге дейін «қожа тұқымымыз» деп айтудан жасқанып келген. «Осы таяғым Жандәржанда болады» , – деп айтып отыратын Солтан қожа жасы келіп, қарттық меңдеген шақта таяғын, «тері сіңген құтым» деп көйлегін де немере інісі Жандарбек атаға табыстайды. Бертін Жандарбек ата ауырып жатқанда зираттың иесіз қалып бара жатқанына кейіген екен. Қараусыз жатқан бейітке әркім қалай болса, солай кірері анық. Бұрындары ол жерге барғандар аяқтарындағы кебістерін шешіп кіретін. Атам зиратына тек қожалар бастап апарып отырған екен. Қазір де жөн білетіндер қасиетті мекенге қожалардың ұрпақтарымен барады. Ал Жандарбек атаның қасиетіне тоқталу өз алдына жеке әңгіме.

Ел тәуелсіздігінің арқасында жер-жерде жұртты имандылыққа ұйытар мешіттер ашыла бастады. Ал Ақкөл-Жайылма төңірегіндегі елді-мекендерде ашылған мешіттерге Исабек ишан ұрпақтарының есімдері берілді. Мәселен, Ақкөл мешіті Исабек ишанның, Өлеңті ауылындағы мешіт Солтан қожаның, ал Ақтоғай ауданының бас мешіті Жандарбек қожаның атында. Осы аталған мешіттерде қасиетті қожалардың кейінгі ұрпақтары дін жолымен қызмет етуде. Ақтоғай мешітіне Жандарбек атаның кенже баласы Ахметолла имам, Ақкөлде Ғаббар атаның баласы Кәкім имам, Өлеңтідегі мешітте қожа аталардың жиені Бектемір имам, Шідерті ауылындағы мешітте Сәлім қожа атаның баласы Солпаш имам басшылық етуде.

Солтан атаның ағасы Қасым отызыншы жылдардағы «үндеместе» Омбы жаққа кетуге мәжбүр болған. Қасымнан Фаридаш деген қыз қалыпты. Ал Жақан ағасы қажылыққа барып қайтқан. Бірақ одан ұрпақ қалмаған. Ішкі жаққа бірге барған кенже інісі Әшім қожа кейін елге қайтып оралыпты. Әшім атадан қызы Мәскеуде тұрады. Қазір одан тараған жиендері бар. Рапық ағада 4 ұл бар. Әлі күнге дейін Солтан қожа атаның қасиетін жадында сақтаған жандар әуелі бір Алладан медет тілеп, сосын аталардың басына барып, түнеп қайтады. Өмірінде қолына ақша түссе, жетім-жесірге таратып беретін, дүние-мүлікке қызықпаған Солтан қожа шариғатты берік ұстанып өткен жан.

Рапық аға мен Бақытылы апа Исабек ишан мен Солтан қожа аталардың таяқтарын, құранын көздерінің қарашығындай қастерлеп ұстауда. Қасиетті қожалардың көзіндей болып сақталған сол таяқтар құнды да қасиетті жәдігер дерлік.

 

Роза МҰСАБАЙ

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button