Ғалымның хаты

Ғалымдар қаласы

Соңғы екі күннің ішінде зиялы қауым ең көп талқылаған бір мәселеге қатысты 13-ғасырда жазылған парсы тіліндегі бір хикая есіме түсті. Сол хикаяны аударып сіздермен бөліссем деп шештім.
Тасатқыштар…
Баяғы бір заманда бай да бақуат шығыстың бір елінде «Ғалымдар» қаласы болыпты. Бұл қалада мыңдаған оқымысты, данагөй, білімді адамдар өмір сүріпті. Ғылыммен айналысумен қатар шәкірт те тәрбиелейді екен. Жұмыстары тек осы ғылымның төңірігінде болады екен. Кітап жазады, зерттейді, аударады, үйретеді, талқылайды және …. Күндердің бір күнінде Ғалымдар қаласының тұрғындары Ғалымды да Ғылымды да өз деңгейінде бағаламайтын басшыға тап болыпты. Жылдар бойы ғалымдар мен данагөйлер басшылары не десе де төзіп, басшысының тірліктері ұнамаса да шыдап, бас шұлғып, арасында ұнатпаса да мақтап, марапаттап өмір сүріпті. Шығыс халқында жиі кездесетін бір әдет басшыға жағыну. Содан арасында бір топ «ғалымдар» басшыға жағымпазданудан жарысқа парапар дүниелерді жасаумен әуреге түсіпті. Басшының көңілінен шығу үшін әртүрлі адам баласының ақылына келмеген, естіп-білмеген керемет әңгімелерді айтып, небір адам баласы сенбейтін ғажап хикаяларды айтумен болыпты. Олар бұл әрекеттерімен патшаның көңілін есіртумен болыпты. Өздері ғалым да данагөй адамдар болған соң мұндай «әдемі» сырты жылтырақ, іші қалтырақ әңгімелерді айту оларға түкке де тұрмайды. Басшыларының жайсыз адам екенін өзара күңкілдеп қана айтады екен. Әдетте базарға не моншаға барғанда екеуара кездесе қалған жерде айтып жүретін болыпты. Арасында біраз ғалымдар бұл басшымыз бізге ұнамайды, істеген істері ғылымға қайшы, шындықты бетіне айтайық десе, қалған көпшілік оларды ұстап алып, тіліңді тарт, үндеме деп сабап-сабап сазайын тартқызады екен. Басшыға олай деуге болмайды, бізде бәрі дұрыс, бәрі керемет, бәрі ғанибет! Біздің қалада ешқандай мәселе жоқ! Басшымыз әділ, адал және адамшылығы мол дейді екен, қалған көпшілік. Көңілі қалған шындық іздеген бір топ ғалымдар өзге «Ғалымдар қаласына» не болмаса басқа да аймақтарға біржолата қоныс аударып тыныпты. Бұл қалада тұрып, қате болса да бәрі дұрыс деп өмір сүргенше, өзге жерге барып шөп теріп жесем де, өлмеспін депті олар.
      Ал басшы болса, өз ісінің кем-кетігін айтатын бір пенденің жоқ екенін көрген соң, әлемдегі ең мықты адам өзім екенмін, не істесем де дұрыс екен деген пікірде болады. Нәтижеде өзін жөнге салатын ешбір адамы жоқ ортада өмір сүрген бұл басшы, көптеген қателіктерге барады. Оның қате екенін бәрі көреді, жандары ауырады, налиды, бірақ басшыларына барып «неге бұлай істедіңіз» деп сұрамайды, сұрақ та қоймайды, тіпті сұрақ қою керектігі естеріне кіріп те шықпайды. Ғалымдардың жағдайлары күннен күнге нашарлап бара жатса да, басшыларын көргенде құрдай жорғалап өтірік жырларын айтудан шаршамайды. Бірте-бірте ғылыммен айналысудың орнына мүлдем басқа істермен айналысатын болыпты. Ғылыммен айналысу, шәкірт тәрбиелеу деген ең басты шаруалары бір шетте қалып, өздері тек басшының бітпейтін бір тапсырмаларын орындаумен уақыт өткізіпті.
     Әлқисса, біршама уақыт өтеді. Күндердің бір күнінде жат жұрттық ғалым Ғалымдар қаласында тұратын досын іздеп келеді. Ғалымдар қаласының шырайы кетіп, ғалымдардың жағдайы нашар екенін бірден түсінеді. Олардан әлгі ғалым: қалайша бұндай күйге түстіңдер, деп сұрапты. Бар мән-жайды естіген соң, осыншама уақыт неге шындық үшін күреспедіңдер, неге үнсіз қалдыңдар, сендер ғалымсыңдар ғой. Ғалым адам әрқашан да шындық пен әділдік үшін күресуі керек емес пе, – депті. Сендердің соншама ғылымды игергендіктеріңнен не пайда, егер бәрің жабылып бір адамға шындық пен әділдіктің не екенін үйрете алмасаңдер, деп қатты күйініпті. Қала берді мынадай қорқақ, жалтақ, өтірік марапатты айтудан жалықпайтын түрлеріңмен қалайша шәкірт тәрбиелеп, қалайша ғылыммен айналысып жүрсіңдер, деп ашуланыпты. Ғалымдардың бәрі үнсіз қалыпты. Біреуі үн қатпапты. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегенге жүгінгені болса керек.
    Өзге жұрттан келген ғалым: Бұл мәселені шешуге болады, ол туралы ойланып ертең сөйлесейік, депті. Ертесіне барлық ғалымдар қайта жиналып тағы да кеңес құрыпты. Осы тығырықтан шығудың түрлі жолдары айтылыпты, түрлі пікірлер ортаға салыныпты бірақ нақты шешімге келе алмапты. Содан өзге жұрттық ғалым ортаға шығып былай деп сұрапты: «Ғалымдарды осы жағдайға жеткізген басшы ЗАЛЫМ ба, әлде арсыз да әлсіз жалғыз басшының артық-кем кеткен тұстарын ашық түрде айтып, мынау дұрыс, мынау қате деп шындық үшін күреспеген ғалымдар ЗАЛЫМ ба? Барлық ғалымдар ойланып қалыпты, ұяты барлары қызарыпты, ұяттан кетіп қалғандары бозарыпты, тек басшыны мақтап өмір сүруге дағдыланғандары сұрланыпты.
    Әлқисса, әлгі ғалым былай деп насихат беріпті: Достар, әрбір адамды бірінші кезекте оның ортасы, өмір сүретін қоғамы тәрбиелейді, жөнге салады, артық-кемін түзейді. Басшыңыздың осындай болғанына әрқайсыңыз үлес қосқаныңызды білсеңіздер, бұл тығырықтан шығудың жолы оңай. Бірнеше ғылымды игерсеңіздер де бір басшыға ие болуға бәріңіздің жабылып шамаларыңыздың жетпегені сіздерге үлкен СЫН депті. Бұдан шығатын бір жолды білемін. Ол үшін ертеңнен бастап басшы не істесе, сіздер де айна қатесіз тура соны қайталаңыздар деп кеңес беріпті. Әлгі ғалым мен барлық басқа ғалымдар ертесінен бастап басшы не істесе соны қайталапты. Басшы қақырынса қақырыныпты, айқайлап сөйлесе қалғандары да тура солай айқайлап сөйлепті, жекірсе жекіріпті, ащы сөздер айтса ащы сөздерді қардай боратыпты және…..
Әлқисса, үш күнге жетпей Ғалымдар қаласының парықсыз басшысы өз еркімен қашып кетіпті. Себебі мыңдаған адамның бір-бірімен айқайлап, шыңғырып, жекіріп сөйлегеніне, әсіресе өзі қандай былапыт айтса, сол былапытты мыңдаған адамның қайталағынына жүрегі шыдамапты және ең сорақысы жүзі суық, көздері аларған, бірін-бірі ұрып, түртіп, тепкілеген ғалымдарды көргенде тіпті шошыпты. Содан бұл қаладан кетіп қана құтыламын деп қашып бара жатса, әлгі басшыны көрген бір топ жас шәкірттер артынан ТАС ластырып, қумақшы болыпты.
Бұны көрген жат жұрттық ғалым: Шәкірттер! Қашқан адамның артынан тас лақтыру оңай, бәлкім өмірдегі ең оңай шаруа онсыз да қашып бара жатқан адамның артынан тас лақтыру болар. Бірақ мықты адам өз уақытында басшының өзіне барып, қара қылды қақ жарып, нақты дәлелдермен шындықты айтады, шындық пен әділдік үшін күреседі. Ендігіде, артынан қуып, тас атқандарың дұрыс емес, деп тоқтатыпты. Содан шәкірттер ұялып, кешірім сұрапты. Ғалымдар қаласы бұрынғы қалпына келіпті. Ғылыммен айналысып, елдің көркейуі үшін аянбай еңбек етіпті. Мыңдаған білімді, данагөй адамның бір емес мыңдаған адамдарды жөнге салуға болатынын жақсы түсініпті және шәкірттерге осыны насихат етуден шаршамапты. Содан Ғалымдар қаласы бүкіл шығыстың ғылым мен білімінің ордасына айналып дүниежүзіне даңқы тарайды. Ғылымдағы ең үлкен жаңалықтар осы қаланың ғалымдарының атсалысуымен жасалынады. Ғылымның саналуан саласындағы ең танымал шығармалар осы қаланың ғалымдарының қаламынан шыққан екен.
07/02/2021 Алматы.
парсы тілінен аударған Ғалия Қамбарбекова «фб» парақшасынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button