Тәспі-Тәһлил дәстүрі
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ел егемендік алған соң, өлгеніміз тіріліп, сөнгеніміз қайта жанды, ел-халық болып шүкірлік етіп, Саттар Иеге сансыз мадақ айттық. Егемен ел болғалы ширек ғасырдан аз ғана уақыт өтсе де, мәдениетіміздің өзегі һәм тірегі болған кейбір төл дәстүрлерімізге үрке қарайтын жаңа буын қалыптасып үлгерді. Діни үдерістерді айтпағанда, өз халқымыздың тарихи тәжірибесінен бейхабар кейбір қандастарымыздың сан ғасырлық халықтың имандылық құндылықтарын жоққа шығарып қызылкеңірдек боп тартысатын тұстарын арагідік кездестіріп тұрамыз. Қозғап отырған тақырыбымыз да кейбір азаматтарымыздың көңіліне көп нүкте қойған мәселелердің бірі. Тақырып аясындағы негізгі сұрақтардың реті мынадай: «Тәспі-Тәһлил түсіру немесе Тәспі-Тәһлил айту дегеніміз не? Бұл дәстүрдің шарғи негізі бар ма? Мұндайды көрмеп едік, естімеп едік, бұл қайдан шыққан зат!» деген сұрақтар. Көптің көкейіндегі күрмеуді Құдіретті Хақтың көмегімен тарақатуға тырысып бағайық.
Халқымыздың мұсылмандық дәстүрінде әсіресе, оңтүстік өңірлерде бір кісі дүниеден бақиға көшкенде, қаза болған шаңырақта «Тәспі-Тәһлил айту» дәстүрі қалыптасқан. Тәспі-Тәһлил айту дәстүрі жайлы таным, діни сауаты бар көнекөз қариялар қатары сиреген сайын жаңа буын арасында бұл мұсылмандық дәстүр көмескіленіп барады. Бұрындары дүниеден бір кісі бақилыққа көшсе, ауыл молдасының бастамасымен жамағат болып Тәспі-Тәһлил түсіріп жататын еді. «Елу жылда ел жаңа жүз жылда қазан» дегендей, Қызыл империя салтанат құрған тұста көптеген мұсылмандық құндылықтардың күре тамыры қысылған еді. Еліміздің оңтүстік өңірінен басқа аймақта жамағат болып Тәспі-Тәһлил айту үрдісі жойылған. Бүгіндері, бұл дәстүрдің еліміздің әртүрлі өңірлерінде халық арасында өте кең қолданыста болғанын ескі деректерден, күнімізге жеткен ақын-жыраулардың жәдігерлерінен оқып білеміз. Өкінішке орай, Тәспі-Тәһлил айту айтатын көпшілік, большевиктер билігінің қылышынан қан тамып тұрған уақытта қуғын-сүргінге ұшыраған, итжеккенге айдалған, атылған. Тәспі-Тәһлилге берік, сенім сертін жықпай, иман қуатында қалған бір шөкімнің үзіктері Қаратаудың Теріскейінде тақырыпқа арқау болған имани дәстүрді күнімізге дейін жалғастырып келеді.
Хош, сонымен «Тәспі-Тәһлил» дегеніміз не? Қысқа әрі нұсқа айтар болсақ, «Тәспі-Тәһлил» деген Кәлима Тайибаны 70 мың рет айту. Тоқатері «Лә иләһә илАлла Мұхаммед Расул Алла» сөзін 70 мың рет айтып, қайтыс болған адамның әзіз рухына бағыштау.
«Тәспі Тәһлил» атауы айтып тұрғандай «Тәспі» дегеніміз арабша «Алланы пәктеу, ұлықтау» мағынасын беретін арабша «Тасбих» сөзінің айтылуда қазақ тіліндегі тілдік өзгеріске түскен түрі. Ал «Тәһлил» сөзі Кәлима Таухидті айтып, Алла Тағаланы ұлықтау, зікір ету, еске алу деген мағына береді.(Тәһлил, Кәлима Таухид, Ислам энциклопедиясы 25 том 214-215 б. Анкара 2022) Яғни «Лә Иләһә ИллАлла (Алладан басқа құдай жоқ)» сөзін айту. Біздің Кәлима Тайиба деп айтатын сөзіміз шарғи тұрғыда «Таухид кәлимасы» немесе «Кәлима-и Таухид» деп аталады. «Таухид кәлимасы (Лә иләһә илАлла Мұхаммед Расул Алла)» – Исламның негізі. Бұл сөз, құдіреттің, ұлылықтың, мейірімділіктің һәм құдайлық жаратушылықтың тек Бір және Бар болған Аллаға ғана тән екендігін білдіреді. Кәлима Таухид – момынның Жаратушы Алланы бір деп тану тұжырымы.
Кәлима Таухид – 1. Лә иләһә илАлла (Алладан басқа құдай жоқ) және де 2. Мұхаммед Расул Алла (Мұхаммед Алланың Елшісі/Пайғамбары) деген екі қысымнан (бөліктен) тұрады. Оны айтудың түпкі мәні «Алланы жалғыз» деп тану, қабылдау, сену. Осы сөз Ислам дінінің негізгі сенімдерінің бастау көзі. Мұхаммед Пайғамбар (сғс): «Қиямет күнінде менің шапағатыма бөленіп, шын бақыттың дәмін тататын жан шын ықыласымен Лә иләһә илАлла Мұхаммед Расул Алла деген кісі» дейді. (Бұхари, Ғылым, 33; Рикак (Нәзік) 51).
«Лә иләһә илАлла» кәлимасы Құранда 37 аятта кездеседі. Оның 3-еуі «лә иләһә иллАлла», 30-ы «лә иләһә илләҺу», 3-еуі «лә иләһә иллә әнә» түрінде, 1-еуі «лә иләһә иллә әңтә» формасында қасиетті мәтінде орын алған. Бұл сөздердің барлығы Құран Кәрімдегі Алланың жалғыз құдірет иесі екендігін паш еткен мағыналас тіркестер.
Ел ішінде «Тәспі Тәһлил» деп аталып кеткен бұл дәстүр түркі халықтарының арасында Хатым Тәһлил немесе Тәһлил Хатым деген атаумен белгілі. «Хатым» сөзі «тауысу, бітіру, тәмәмдау, мөр басу» деген мағынаны беретін араб сөзі. Ел ішінде «Хатым Құран» деген Құран Кәрімді басынан аяғына дейін бір әріпін қалдырмай оқып, сауабын бақилық болған өткендерімізге бағыштайтын шарғи дәстүр бар.
Хадистерді негізге алған кейбір шариғат ғұламалары қандай да бір мұсылман Құран Кәрімді бастан аяқ толық оқыса «Хатым Құран» түсірген болады. Ал «Хатым Тәһлилді» яғни «Кәлима Таухидті» 70 мың рет айту сол «Хатым Құран» түсіргеннің сауабына тең болатынын айтқан. (қараңыз. Абдулла Дәхләуи «Мақамат-ы Мазхария» 78 б.; Сайидаддин Фарғани «Манахижул-Ибад иләл Меад»)
Кәлима Таухидті оқыту, айтқызу және де айту арқылы Жаратушыны еске алу кісі баласына орасан зор сауап (Алла тарапынан игі ісі үшін берілетін сыйлық) беретін шарғи амалдардың ішіндегі ең көркемі һәм Алланы зікір етудің ең ұлығы ретінде әспеттеледі. Шариғатта қолданатын «Зікір» сөзі Алланы еске алу және Алланы еске салу деген мағынаны білдіреді. Мұхаммед (сғс) «Ең абзал зікір – Лә иләһә ИлАлла, ең абзал дұға – Әлхамдулиллә» деген. (қараңыз: Ибн Мажа, Әдеп 55). Осы сияқты һәр күні 100 рет «Лә иләһә ИлАлла» деген кісінің Алла Тағала тарапынан сыйға бөленетіні туралы (Ибн Мажа, Әдеп 54) көптеген хадистерді мысалға келтіре беруге болады.
Әхли-Сүннет ғалымдарының ұлығы саналатын ұстаз Мұхиддин ибн Араби хадис шәріпке сүйене отырып: «Егер бір адам қайтыс болып, ол мәйіт үшін 70 мың рет Таухид кәлимасы (Лә иләһә илАлла Мұхаммед Расул Алла)» айтылып, сауабы қайтыс болған кісінің рухына бағышталса, Кәлима Таухидтің (Лә иләһә илАлла Мұхаммед Расул Алла) құрметіне жәһәннәмда болса да шығартылады» дейді. (Мұхиддин Ибн Араби, Футухатул-Меккия, 4/474).
Келесі бір сөзінде Мұхиддин ибн Араби Пайғамбар сғс-нің хадисін негізге ала отырып “Кім де кім 70 мың рет Лә иләһә илАлла’ десе, ол кісі өлмей тұрып жәннәтпен сүйіншіленеді” дейді. (Ұқсас хадис мәтіні үшін қараңыз: Ибн Араби, Футухатул-Меккия, 4/474)
Ислам ғұламаларының хадистерге сүйене отырып, Кәлима Таухидтің шарапаты жайлы жазған көптеген жазбаларын кездестіруге болады. Мысалы:»Лә иләһә илАлла» деген жан, бәлелер мен қиыншылықтардын құтылады.» делінеді. (қараңыз: Әт-Тәрғиб уәт-Тәрхиб, Mунзири, 2/414. Беззар, Taбараниден)
Енді бір жазбаларда «Лә иләһә илАлланы» көп айтып иманыңызды жаңартыңыз» (қараңыз: Mуснад, 2/359; Хакім, әл-Mустедрек, 4/256; әл-Хайсами, Мажмауз-Заваид, 1/52) десе, «Зікірлердің ең абзалы Лә иләһә илАлла» дейді. (қараңыз: Термизи, Дағуат 9; Ибн Мажа, Әдеп55)
Алланың Елшісі сғс. «Таухид Кәлимасы» туралы «Егер кімде кім Лә иләһә ИллАлла десе, басқа табынған нәрселерінен жүз қайырса, оның мал-мүлкі мен жанына тиісу харам болады. Ары қарай одан есеп алу Алланың ісі.» (қараңыз: Имам Mуслим, Иман 37).
«Лә иләһә ИллАлла деген ұлық һәм қасиет тұнған бір сөз. Оны шын көңілмен айтқан адам жәннәтті өзіне уәжіп қылады. Егер бұл сөзді кәззаптық пен өтірік айтар болса, жалған дүниеде малы мен жанын сақтаса да, оларға тозақтан құтылу жоқ.» (қараңыз: Aлауаддин әл-Хинди «Kәнзүл-Уммал», l, 220).
«Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед сғс-нің Алланың Елшісі екендігіне куәлік еткен һәрбір кісі пейішке кіреді» (қараңыз: Aлауаддин әл-Хинди «Kәнзүл-Уммал» l, 215).
Тақырыбымызға тұздық ретінде сахих хадистен мысал келтіруді орынды санаймыз. Хадисті жеткізуші Жәбир ибн Абдулла (рғ). Бұл тұлға Ислам тарихында ең сахих хадистерді жеткізген сахаба ретінде танылған кісі. Мәтіндегі Сағд ибн Мағаз (рғ) сахабалардың ең үлкендерінен һәм құрметтілерінен болған тұлға. Хадис мәтінінің арабша нұсқасынан кейін қазақша аудармасы берілді.
عن جابر بن عبد الله، قال: لما دفن سعد، ونحن مع رسول الله صلى الله عليه وسلم، سبح رسول الله صلى الله عليه وسلم فسبح الناس معه طويلا، ثم كبر فكبر الناس، ثم قالوا: يا رسول الله مم سبحت؟ قال: » لقد تضايق على هذا الرجل الصالح قبره حتى فرجه الله عنه »
Жәбир ибн Абдулладан (рғ) Сағд ибн Мағаз (рғ) дүниеден өткен соң, жерленді. Біз Алланың Елшісімен (сғс) бірге едік. Пайғамбарымыз сғс. тәсбих айтты. Сол жердегі адамдардың бәрі Алланың Елшісімен бірге қосылып өте ұзақ уақыт тәсбих айтты. Сосын Пайғамбарымыз сғс. тәкпір айтты, адамдар оған қосылып және өте ұзақ уақыт тәкпір айтты. Тәсбих, тәкпір біткеннен кейін адамдар хз.Пайғамбардан сұрады: «Я, Алланың Расулі, не үшін тәсбих айттыңыз, мына кісіге? Сол кезде Алланың Елшісі сғс.: «Мына салих кісінің қабірі тарылып, ол қатты қиналып бара жатыр еді. Осы тәсбихымыздан соң, Алла Тағала оған жеңілдік берді» – деді. (қараңыз: Тахридж әл-Муснад әш-Шуғайб, 15029 бет. Хадистің мәртебесі: Сахих. Ән-Насаи оны «Әл-Сунан әл-Кубраға» 8224 енгізген. Қосымша дереккөз: https://hadithprophet.com/hadith-19088.html )
Жалпы, бұл хадистен түсінетініміз, қайтыс болғандар үшін неше рет тәсбих, Тәһлил айту нақты көрсетілмесе де тәсбихты, Тәһлилді, тәкпірді ұзақ уақыт айтудың бақилыққа атанған мұсылманға пайдасының тиетінін Мұхаммед Пайғамбар өзі көрсеткен амал екенін сахих хадистерден үйреніп, білеміз. Яғни Тәспі-Тәһлил айтып, оны тәкпірмен бекіту қарапайым бір дәстүр емес, Мұхаммед Пайғамбардың ашық түрде үмбетіне көрсеткен сүннет амалы екенін көруге болады.
Қозғап отырған сауабы мол ғибадат халық арасында аздап көмескіленгені болмаса, күнімізде кейбір өңір мұсылмандары арасында қайта жаңғыруы да көрініс тауып келеді. Жоғарыдағы келтірілген Кәлима Таухидке қатысты хадис риуаяттары «Лә иләһә илАлла» сөзінің сауабының орасан зор екенін айғақтайды.
«Тәспі-Тәһлил» айту тәртібі.
Түсіндіруге тырысып отырған «Тәспі-Тәһлил айту» дәстүрі қазақ даласында мынадай үлгіде орындалып келген. Кісі қайтыс болған үйде, молданың бастауымен «Әғузу, Бисмиден» соң, жамағат дауыстап «Лә иләһә илАлла» яғни шарғи Хатым Тәһлил, біздіңше «Тәспі-Тәһлил» 70 мың рет айтылады. Әрбір 100-інші «Лә иләһә илАллаға» бір рет «Мұхаммед расул Алла» тіркесі қосылып айтылады. Мысалы, «Тәспі-Тәһлил» айтатын молданың жамағаты 100 кісі болса 70 мың жүзге бөлініп айтылады. Егер 30 адам болса 70 мың 30-ға бөлініп айтылады. Жалпы, айтушы жамағаттың санына қарай бөлініп айтылады. Барлығы біткеннен соң, Тәһлил басы (молдекең) Тәкбир Тәшриқты дауыстап әдемі әуенмен 3 рет айтады, жамағат та Тәһлил басына қосылып Тәкбир Тәшриқты дауыстап айтады. Молдекеңнің кәлиманы дауыстап айтуы, ал жамағаттың кәлиманы іштен айтуы да жайыз. Жамағаттың барлығы кәлиманы 70 мыңға толтырған соң, бітіргені жайында Тәһлил басына білдіреді. Молдекең «Тәспі-Тәһлилдің» сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап, Алладан күнәсінің кешірілуін тілейді. Негізі «Тәспі-Тәһлил» айтудың қандай пішінде болатынын жамағатқа молдекең түсіндіреді.
Асылында бұл дәстүр ескіде жария дауыспен айтылып келген, яғни барлық жамағат 70 мың кәлиманы айтқанда, бал арасының ұясындай құжылдап отырып, әдемі һәм жағымды сарынмен көркем түрде орындаған. Сырттан қараған кісіге «Тәспі-Тәһлилді» орындаушыларға бейне бір самал жел теңсеп тұрған гүлдің, ал олардың дауысы омартадағы бал арасының хикметті қарекетін еріксіз еске түсіретін-ді. Совет үкіметінің атеизм идеологиясының дінге қысымы Тәспі-Тәһлилдің ел ішінде барынша бәсең дауыспен айтылуына мәжбүрледі. Қазақ қоғамында «Тәспі-Тәһлил» жамағат жаназа шығарудан екі, екі жарым сағат бұрын айтылып келген. Бірақ «Тәспі-Тәһлил» айтудың шариғатта жаназадан бұрын, жаназадан кейін деген нақты бекітілген үкімі жоқ. Сондықтан жаназа шығарылып, кісі жерленіп келген соң да «Тәспі-Тәһлил» түсіре беруге болады. Ең маңыздысы «Тәспі-Тәһлил» айтамын деген ықыласты жамағаттың мәйіт шығатын үйге жиналуының жағдайына байланысты еркін форматта жүйеленіп кете береді. «Тәспі-Тәһлил» айтушы жамағаттың мәйіт иесінен бірдеңе дәметуі шариғатқа қайшы. Бірақ мәйіт иелері (қайтыс болған адамның жақындары) я болмаса бір мұқылис (ықыласты жомарт мұсылман), қолы ашық дүниесі бар кісінің «Тәспі-Тәһлил» айтушыға мүліктей я болмаса қаржылай қолдау көрсетуі шарғи жайыз саналады.
Мұхаммед Пайғамбар өсиет еткен Ислам дінінің негізгі тірегі саналатын «иман айту», «иманды ұдайы жаңартып тұру» деген мұсылмандық құндылық халқымыздың төл дәстүрі ретінде «тонның ішкі бауындай» төл құндылығымызға айналып кеткенін көреміз. Халқымыздың дүниеден өткен жақындары үшін мәйіт шыққан үйде «Тәспі-Тәһлил айту» дәстүрі ардақты Пайғамбар өсиетіне деген адалдықтың дәлелі.
Сауабы мол ұлы ғибадатты халқымыздың қарапайым салты һәм дәстүрі етіп қолданысқа енгізген мұсылман бабалардың пайым-парасаты әлбетте тілімізге бал тамызады. Шарапаты мен қасиеті мол «Тәспі-Тәһлил айту» дәстүрінің ел-халықтың рухани қазынасы ретінде дамып отыруы момындар қауымы үшін аса маңызды дүние. Сөздердің ең ұлығы һәм ең көркемі болған «Лә иләһә ИллАлла» кәлимасын көп айту, кісінің кеудесіндегі қара жүрегін ағартатын, мұз жүрегін жібітетін, тас жүрегін жұмсартатын құдіретті де сырлы кәләм (сөз) екенін Хақ жолында қабірге кіргенше қызмет еткен ата-бабаларымыз мұраларында өсиет етіп мирасқа қалдырған. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп түйсек, Тәспі-Тәһлил айтуды – Алланың әмірі һәм Мұхаммед Пайғамбардың сүннеті екенін аят-хадис көрсетіп тұр.
Жазбамызды қазақ даласындағы «Тәспі-Тәһлилдің» Ақ Ишан (ХІХ-ХХ ғ.) атамыз жырлаған Тәһлил түрімен тәмәм қылуды жөн көрдік. Мархабат.
Тәһлил (Ақ Ишан)
Зікірлердің абзалы – Лә илләһә илл-Алла. Иманымыздың нышаны – Лә илләһә илл-Алла.
Жақсылықтың бағзы әні –Лә илләһә илл-Алла. Амалдардың мысалы – Лә илләһә илл-Алла.
Сегіз жәннат кіліті – Лә илләһә илл-Алла. Жеті тозақ құлыбы – Лә илләһә илл-Алла.
Жарқыратып жаныңды –Лә илләһә илл-Алла, Тазартатын тәніңді –Лә илләһә илл-Алла.
Таразыға жеті көк, Жеті жермен қойылса, Бәрінен де салмақты – Лә илләһә илл-Алла.
Кәлимәи Таибә, Кәлимәи Шаһадәт, Кәлималар жүрегі – Лә илләһә илл-Алла.
Тақуалық кәлима – Лә илләһә илл-Алла. Тарыққанның тірегі – Лә илләһә илл-Алла.
Көк қақпасы ашылып, Шарықтайды ғарышқа, Ықыласпен айтсаңыз – Лә илләһә илл-Алла.
Рауаятта Мүслімнің Жан-тәнімен берілген, Жаны жәннат кіреді – Лә илләһә илл-Алла.
Жүзінен жас төгілсе, Жүрегімен егілсе, Сүйінші бер жәннаттан – Лә илләһә илл-Алла.
Ағартады көңілді, Жаңғыртады өмірді, Сипаты бұл Алланың – Лә илләһә илл-Алла.
Шын сағынып жүдесең – Лә илләһә илл-Алла. Хақтың нұрын тілесең – Лә илләһә илл-Алла.
Балдай дәмін татқандар, Таңсәріде жатпаңдар, Білем десең дәйім айт – Лә илләһә илл-Алла.
Күнәларды жоюға, Хақ нұрына тоюға, Бұдан артық амал жоқ – Лә илләһә илл-Алла.
Сатып алар жаныңды Жәһаннам отынан, 70 мың мәрте айтса – Лә илләһа илл-Алла.
Шәксіз жәннатқа кірер, Есеп азап кім көрер, Соңғы сөзі болса егер – Лә илләһа илл-Алла.
Әһлі тақуа опасы – Лә Иләһа иллАлла, Әһлі ділдің сапасы – Лә Иләһа иллАлла.
Сахыралардың шаңынша – Лә Иләһа иллАлла. Ағаш жапырағынша – Лә Иләһа иллАлла.
Жаңбыр тамшыларынша – Лә Иләһа иллАлла. Озал менен Ақырға көпір болып салынса,
Мағұлым хақ санынша – Лә Иләһа иллАлла.
Ия, Иләһи, тауфық бер – Лә Иләһа иллАлла. Пенделерің жалынса – Лә Иләһа иллАлла.
Арман бар ма, өлерде Хақтың Нұры ағылса Тілімізге алынса! – Лә Иләһа иллАлла.
Сайфунов Бауыржан Насырдинұлы,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,
Теология факультеті, Негізгі Ислам ғылымдары бойынша философия докторы (PhD)