Жақында Өзбекстан Ұлттық Архивінде жұмыс істеп отырғанда бір іске көзім түсті. 1872 жылдың 15 декабрінде жазылған ариза хат екен. Түркістан уезінің бастығы майор Реймерстің атына жазылған. Хүрматлү Түркістан уезінің хәкім жанобларына! – деген сөздермен басталады. Мазмұны төмендегіше:
«Біз Қожалар мен Сунақтар қоңсы рулармыз, санымыз мың шаңыраққа жетті, бірақ шашырап қоныстанғанбыз, қазір Сырдария бойымен көшіп жүреміз, текке ғана 200 шаңырағымыз Алтыата болысында, 200 шаңырағымыз Жаманбай болысында және 400 астам шаңырағымыз Жаңақорған болысында тұрады. Болыс сайлау кезінде, Би, старшындарды сайлауы кезінде санымыз аз болғандықтан біздің жақ әділетсіздік көреді, себебі Қоңыраттардың саны көп, олар ылғи өзінің рулас адамдарын билікке сайлайды. Біз даусымыз жетпей, сыртта қалғандай күн кешеміз. Дауласып би алдына барған кезде билер ылғи Қоңырат болған соң өз руластарына жақтасып әділетсіздік көрсетеді. Біз барлық жағынан әртүрлі қысым көреміз. Әсіресе түтін салық жинау кезінде бізге көбірек салық салып жібереді, өздеріне азырақ салады.
Біз Қожа мен Сунақ руы Сырдария бойында көшіп, қоңсы қонған халықпыз, әр жерде шашыраңқы тұрамыз, егер барлығын жинасақ мың шаңырақ боламыз. (сол кездегі заңдар бойынша Бір ру жеке өзі алдына болыс құру үшін жалпы саны 1000 шаңыраққа жетуі керек – Автордан). Басшылықтан осындай теңсіздікті болдырмай, бізді өз алдымызға жеке болыстық болып құрып беруіңізді құрметпен өтінеміз. Болыс басқарушысы мен старшындардың жалақысын толық өтеп тұруға уәде береміз».
Осы арызға қолын қойып таңбасын басқандар: Хақы Аббасов, Ерубай Төлегенов, Дайыр Қосымов, Ахмет Аққожа ұлы, Нармұхамет Артықов, Жүсіп Айнақожа, Жақып Тоққожин, Балсейт Досқожин, Сарықожа Бабақожин, Ахмет қожа Сабырқожин, Кенже Жорақұл ходжин, Балтақожа Айқожин, Далман қожа Нұрмамбетов, Төре Марманов (Шарманов?), Жүніс Абзалов, Ниат Қаратаев, ауыл ауыл старшиналары: Қуандық Қартбаев, Балтақожа Аймұхаметқожин, Тұрсынхан Ғұмарқожин. Бұл қол қоюшылар Жаңақорған, Алтыата және Жаманбай болыстарында тұрады. Аудармашы: тілмаш Г.Хамитов.
Арыз хат Түркістан уезінің бастығы майор Реймерстің атына жазылған. Бұл қожалар мен оязной арасында алдын-ала келісілген шаруа болса керек. Бұл өтініш арызды алған соң екі аптаның ішінде Түркістан уезі оязнайы майор Реймерс «ешбір қарсылығым жоқ» – деп ілеспе хат жазып 30 декабрь күні Ташкентке Сырдария облысының басқармасына бағыттап жібереді. Шамасы Ташкенттегі ұсынысты қабылдамай қосымша мәліметтер талап еткен болуы керек. 18 январь 1873 жылы Ташкентке тағы да бір түсініктеме хат жазыпты. Онда, мен бұрынырақта жазған Қожалар мен Сунақтар Сырдарияның сол жағасында мекендеп отырады, Абыл-арал, Мырзакөл, Тассуат деген бекетке дейін, ары қарай өзен бойымен Күйікарал деген жерге дейін, одан арық қарай Жаңақорған бекетінде. Одан ары қарац Сырдың оң жағымен Жаңақорған бекетінен бастап Алакөл, Бозкөл деген жерлерге дейін толық қамтыған. Пошта жолы мен Сырдың ортасындағы жерлердің барлығы солардыңкі. Әрине олардың арасында басқа 200-300 шаңырақ басқа рудың адамдары да бірге көшіп қонып жүреді. Бірақ олар басқа жаққа көшіп, жерлерін алмастырып ауыстырып алса болады. Мен танитын қожа, сунақтардың тек 20 шаңырағы ғана ылғи көшіп жүреді, қалғандары толық диханшылықпен айналысады, Сырдың бойындағы қыстауларын тастап ұзап кетпейді.
Хаттардан белгілі болғанындай оязной Реймерс қожалардың тарабына шығып өз алдына жеке Сырдария болыстығын ашып бермек болған. БІрақ Ташкенттегі бастықтар ұсынысты қолдаамаған себебі бұл қожалар мен сунақтар қоңырат елінің ішінде отырған.
Әр қайсысынан жерді бөлшектеп сосын бір бүтін болыстық жасауға келіспеген, ұсынысты қабылдамай тастаған. Бірақ бұлар да жеке болыс ел болсақ деген арманын тоқтатпады, үмітін өшірмеді. Жылда түрлі өтініш арыз жазып сұрай берген. Ақыры тарихтан белгілі болғанындай сол шамамен 10 жылдан кейін 1880 жылдардың басында жаңа «Сырдария болыстығы» құрылып ол жерде қожа, сунақ руларынан болыстар мен билер сайланған еді.
Дереккөз: Өзбекстан Республикасы Ұлттық Архиві, И-17 қор, 1-тізімдеме, №3029-іс. 10 парақ. Істің толық атауы: По рапорту Туркестанского уездного начальника с прошением киргиз Ходжей и Сунаков его уезда Джаманбаевской, Алтатинской и Яны-Курганской волостей об образовании из них отдельной волости. Начато 5 января 1873 года – окончено 6 сентября 1874 года. – 10 листов.
Мақала авторы: тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы, 20.05.2024 жыл. Ташкент.