Хикмет
2016 жылдың соңғы аптасы. Бұл жыл Ясауиға қайта оралу жылы болды. Енді бір сәт Құл Қожа Ахмет Ясауидің бір Хикметіне құлақ салыңыздар.
Хикмет
Аяу, достар, құлағың сал мына сөзге,
Не себептен 63-те ендім жерге?
Мағражда Хақ Мұстафа рухым көрді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Хақ Мұстафа Жебрейілге қойды сауал:
«Бұл неліктен тәнге кірмей тапты кәмал?
-Көзі жаста, халқы бірге, жаны адал!..»
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жебрейіл айтты:»Үммет ісі сізге бір Хақ,
Көкке шығып, періштеден алар сабақ,
Нала қылса сыйлар оған «Жеті табақ»,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
«Перзентім» деп хақ Мұстафа қылды кәләм,
Одан кейін барша әруақ берді сәлем.
«Нұр дариядай толып, тас» деп айтты маған,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Рахымына пида болдым уахи келді,
Зікір салдым, жан-дүнием балқи берді.
«Перзентім» деп Хақ Мұстафа үлес берді.
Сол себептен 63-те ендім жерге.
«400 жылдан кейін шығып үммәт болғай,
Өмір бойы жасап елге басшы болғай,
144 мың мұждаһидтер қызмет қылғай»
Сол себептен 63-те ендім жерге.
9 ай, 9 күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тағат таппай көкке ұштым,
Ғаршы-гүрсі баспалдағын барып құштым,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Ғарышта мен намаз оқып, тізе бүктім,
Ризалықпен Хаққа қарап жасым төктім,
Жалған ғашық, сұм сопыны жүндей түттім,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жаннан кешпей үһілеудің бәрі жалған,
Жалтақтардан жөн сұрама, жолдан қалған,
Жаны адалды әр уақытта қолдайды Аллам,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Бір жасымда әрауақ маған аян берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді,
Үш жасымда шілтен келіп халім білді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Төрт жасымда Хақ Мұстафа хұрма берді,
Адал пейіл жолға салдым қанша елді,
Қайда жүрсем Қызыр бабам бірге жүрді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Бес жасымда белді буып тағат қылдым,
Руза тұтып, намаз оқуды әдет қылдым,
Ертелі-кеш зікір салып мадақ қылдым,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып, дәріс алдым мәләйіктан,
Күдер үзіп пәни дүние ғажайыптан,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жеті жаста Арслан бабам іздеп тапты,
Кемісімді көрген замат бүркеп жапты
«Бихамділла, көрдім-ау» деп бетімді өпті,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Арслан баптан алды ажал «Аманатты»
Хор қыздары ақ торғынмен бетіп жапты,
70 мыңдай періште кеп зар жыласты,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жаназасын оқып, жерден алды олар,
Бір мезетте ұжмақ жайға барды олар,
Рухын алып, жәннат сарай салды олар,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Алла оған жер астынан мекен етті,
Мәңкүр-нәңкүр:Кім раббің?-деп келіп жетті,
Арслан бабам:-Ислами!-деп баян етті,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
…Ақылды алсаң, жараңдарға қызмет қылғыл,
Адал жолды тұтқандарға ізет қылғыл,
Арамдықтан қайтқандарға құрмет қылғыл,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Сегізімде сегіз тарап жол ашылды,
Хикмет айт-деп басым ғажап нұр шашылды,
Бихамділла, Кәміл пірім бал таттырды.
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Кәміл пірім: -Мұстафаны шәксіз білгін,
Қайда жүрсең уағызына тағзым қылғын,
Жалбарынып Мұстафаға үммәт болғын,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Тоғызымда толық түстім тура жолға,
Тәбәріктей алып жүрді қолдан-қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, жүрдім зорға,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Он жасыңда оғлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа мойын бұрдың бұл ғанибет.
Енді келіп жолда қалсаң, сол қасірет!
Сол себептен 63-те ендім жерге.
25 хикмет
18-мың ғаламға, сәруар болған Мұхаммед,
33-мың асхабқа, Сардар болған Мұхаммед,
Жалаңаш пен аштыққа қанағатшыл Мұхаммед,
Соры қайнаған үммәтқа, шапағатшыл Мұхаммед,
Түн баласы ұйықтамай, таң атырған Мұхаммед,
Ғаріппенен жетімге, жаны ашыған Мұхаммед,
Жолдан азған күмраға, жол аршыған Мұхаммед,
Күні түскен адамға, жәрдемдескен Мұхаммед,
Әбужәһіл Лаһабқа, қарғыс айтқан Мұхаммед,
Жаны таза жандарға, алғыс айтқан Мұхаммед,
Намаз, руза қылғанға, ғибадатшыл Мұхаммед,
Тынбай таспих тартқанға, риадатшыл Мұхаммед,
Малғұн-Лағын шайтанға, арбалмаған Мұхаммед,
Шариғаттың ақ жолын, нұрландырған Мұхаммед,
Тарихатқа жол басшы, адастырмас Мұхаммед,
Хақиқатқа да ол басшы, шатастырмас Мұхаммед,
Дұғалары бек қабыл, болатұғын Мұхаммед,
Жамандыққа жақсылық, қылатұғын Мұхаммед,
Тауфих берген залымға, жалалатшыл Мұхаммед,
Сәжде еткенге жығылып, ибадатшыл Мұхаммед,
Бес уаықттық намазда, имаматтық Мұхаммед,
Мағраж ұшып барғанда, шаһадатық Мұхаммед,
Ғаршы-гүрсі үстінде, сайрандаған Мұхаммед,
Сегіз пейіш егесі, жайраңдаған Мұхаммед,
Міскін Ахмет үмметін, ырза қылған Мұхаммед,
Ғаріп, пақыр, жетімге, мырза болған Мұхаммед,
Періштеге, адамға, тұлға болған Мұхаммед!
Асыл мұраны біздерге жеткізген Әбиболла Мұхамеджанұлы