Бір суреттің сыры

Құнды жәдігерлер ғалам назарында

Хандар шежіресі

XVIII ғасырда жазылған «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» (Memory of the World) тізіміне енгізілгенін сүйіншілеген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «қазақ халқының тарихи жадының аса құнды жәдігері – «Хандар шежіресі» халықаралық деңгейде мойындалды» деген болатын. Бұл оқиға, ғылыми қауымдастық үшін үлкен олжа, барша қазақ үшін үлкен мәртебе екені белгілі. Халқымыздың өткенін зерделеп, түп-тамырымыздың терең қатпарларынан тағлым алып, қадіріне жетудің бір өнегесі болды.

«Әлем жады» – дүниежүзілік мәдениеттің үлкен бір бөлігін білдіретін,  әлем халықтарының қағазға түсіп, хатталған озық ойының, рухани жетістіктерінің эволюциясының дәлелі. Бұл өткеннің бүгінгі және болашаққа қалдырған мұрасы. «Әлем жадысының» маңызды бөлігі кітапханаларда, мұрағаттарда, мұражайларда және жеке иелікте сақтаулы болса да жоғалып  кету қаупі төніп тұр. Уақыт дегенін алады, күтіп сақтаудың кемдігінен тозуы тағы бар. Сол себепті 1992 жылғы құрылған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы құнды құжаттық мұраны (қағаз, аудиовизуалды, цифрлық немесе басқа форматтағы) жойылуын болдырмау және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қандай да бір ел болмасын жазба мұраларын анықтауға, есепке алуға және сақтауға ынталандыруға арналған себепті, жәдігерлерді алдымен ұлттық, сосын өңірлік және халықаралық деңгейлерде сараптап құжаттық мұра тізімдері жасалады. Ұлттық тізілімдерге ұсынып, оның «Әлем жады» бағдарламасына енгізуін осы ұйымның ұлттық комитеті немесе ұлттық комитет болмаған жағдайда, ЮНЕСКО істері жөніндегі тиісті ұлттық комиссия бекітеді. Біздің жағдайымызда Ұлттық кітапхана директоры «Әлем жады» бағдарламасы бойынша ұлттық комиссиясының төрағасы болып табылады.

Ұлттық комитет әр түрлі ұйымдар мен жеке тұлғалардың иелігіндегі құжаттық мұраны табу, анықтау және басқа да үйлестіру жұмыстарын  жүргізеді.

 Құнды жәдігерлерді іріктеудің өз ережесі бар  

Әрбір құжат өз уақытының туындысы. Кейбір құжаттар өз кезеңінің елеулі әлеуметтік немесе мәдени өзгерістерінің көрінісі, құжаттық айғағы. Кейде құнды жәдігер жаңа тарихи оқиғаның куәсі, соның жолашары болуы мүмкін. Құжаттың қайда жазылғаны да маңызды. Яғни, жасалу орны құжат құндылығының негізгі атрибуты болып табылады. Ол дүниежүзілік тарих пен мәдениетте үлкен рөл атқарған белгілі бір аймақ туралы ерекше маңызды ақпаратты қамтуы мүмкін, немесе қазіргі заманға жетпеген, жойылып кеткен  қалалардың немесе мекемелердің сипаттамалары болуы да ғажап емес. Оны да ескереді. Құжат жасалған кезеңнің әлеуметтік-мәдени контекст көрсетуімен бірге, адамдардың, біртұтас халықтың сипаты, әлеуметтік, өндірістік, көркемдік немесе саяси дамудың маңызды аспектілері таңбаланғаны үшін де жәдігердің құны артады. Ол негізгі өзгерістердің, өтпелі кезеңдердің, прогресстің немесе регрессияның мәнін көрсете алады. Көрнекті тұлғалардың әр түрлі саладағы тұлғалардың тарихи интеллектуальды үлесін  ашады. Сонымен қатар құжаттық мұраның нысаны ерекше эстетикалық, стильдік немесе тілдік мәнге ие болуы мүмкін.

Жәдігердің мазмұны мен сипатына қарай сирек болуымен қатар, тұтастығына да оның, толық нұсқасы ма, көшірмесі ме, әлде өзгертілген бе, зақымдалған ба, ол да ескеріледі. Құжаттың  жоғалу қаупіне де мән беріледі.

Осы жағдайларды қарастыра келе,  «әлем жадының» бар талабынан шығып, құжатты алдымен ұлттық тізімге алып, одан кейін аймақтық сосын барып ЮНЕСКО- ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне ұсынады.  

Хандар шежіресі осы талаптардың биігінен шығып, әлемдік мұраға енді.   Қазақ хандығының негізі 1465 жылы Алтын Орда  мемлекеті ыдырауының нәтижесінде құрылды. Хан – қазақ әскерінің жоғары қолбасшысы болды, елдің тұтатсығын қорғаумен қатар, сыртқы саяси қызметтерді атқарды.  Жоғарғы билік соты хан қолында болды. Қазақ хандығы төре-шыңғыс ұрпақтары үстемдігімен белгілі, осы әулеттің  яғни Шыңғыс ұрпақтарынң генеологиясы шежіресі билеушілердің «тазалығын» анықтау да маңызды болғандықтан осы құжат жасалған.

«Хандар шежіресі»  – ені 45 см, ұзындығы 3 метрден асатын, жұқа ақ матаға желімдеп жапсырған қағазға жазылған бірегей құжат. Екі жағы ұршық басына бекітіліп, ұршықтың сабындай жұмыр ағаш таяққа  оралған. Оны 1964 жылы Орталық кітапхананың бұрынғы қызметкері  Е.Байболовтың атына Челябі облсы, Субутах Магнитный зерно совхозының Южное бөлімшесінде тұрған С.Б.Кулбасиновтен келіп түскен.  Қолжазба мәтіні түркі-шағатай тілінде араб таңбасының насхи, насталиқ үлігілерімен түскен. Қағазға қара сиямен хаури қаламмен қамыс қалам) немесе қауырсын қаламмен жазылған. Мамандар ХҮІІІ ғасырлар туындысы деп шамалап отыр. Шежірелер  қара сөзбен, өлеңмен де кестелеп те жазылады. Бұл схемалы сызбалы шежіре. Суретіне қарап отырсаңыз адам аттары қызыл сиямен сызылған шеңберге жазылады да, одан тараған ұрпақтар тағы сонда кішігірім шеңберлерге тарамдалып, өзара түзу сызықпен ұштастырып  отырады. Бұл шежіренің маңыздылығы сол, тарихи тұлғалардың, әулие-әмбие, хандар мен патшалардың  әрқайсы жазылған шеңберде ұсақ әріппен  сол адам туралы түсінік берілген.

Шежірені шартты түрде үш  бөлімге бөлуге болады, дәстүрі шежірелерде Адам пайғамбардан Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарларға дейін шежіресі, араб-парсы заманындағы халифалар мен шейхтардың тізбесі, түрік-монғол заманындағы Шыңғысханға дейінгі және Шыңғысханнан Абылайға дейінгі  Абылайдан оның ұрпақтары Кенесары-Наурызбай кезеңін қамтиды. Хандардың аты-жөні, туған жері, қайтыс болған жылы және билік құрған уақыты көрсетілген. Шежіреде өзбек, татар, қырым хандарының ұрпақтарының есімдері жүйеленіп, көрсетіледі. Жазылған жері мен көшіруші белгісіз. Өкініштісі, қолжазбаның басы мен соңындағы  жазбалары тозып, өшіп қалған, орта тұсы жақсы сақталған.

1992 жылдан бері бұл жұмыс тоқтап тұрды деп айтуға болады. Жақында Джакартада өткен ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің (MOWCAP) отырысында «Ғылым ордасы» РМК қорында сақталған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сирек басылымдар жинағы бағдарламаның өңірлік тізіліміне ресми түрде енгізілді. Аталған номинациялық өтінімді Қазақстан тарапы дайындады. Бұл да елімізідң рухани өміріндегі үлкен жаңалық.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

https://kaz.inform.kz/news/handar-shezhres-xviii-gasirdin-bregey-kolzhazbasi-yunesko-tzlmne-end-d0d6d0/

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button