Бір суреттің сырыЖаңалықтар

“САРАМАН ЖОЛЫ” ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Қайнар Олжай

САРАМАН ЖОЛЫ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ,
АЛ “САРАМАН ЖОЛЫ” ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әкелі-балалы Мұхтар және Мұрат Әуезовтер туралы кітабының тұсауы кесілді.
Бұл — төрт жылғы жазу еңбегінің түйіні. Ал арғы бастауы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, Мұхтар Абрарұлының “Абай” энциклопедиясын дайындау барысында Ләйла Мұхтарқызы Әуезоваға жолығуында жатыр. Ғалым апа сонда жас баспагер-зерттеушіге әкесі Мұхтар Әуезов туралы да материал жинай бергеннің артық болмасын емеурін етке.Сонымен “Абай” энциклопедиясынан бірнеше жылдан соң “Әуезов” энциклопедиясы “Атамұра” баспасынан жарық көрген. Енді ақпараттық, құжаттық құндылығы олардан кем емес, ал жазылу көркемдігі мен қуаты анағұрлым асып тұрған “Сараман жолы” жарыққа шықты.
Тұсаукесер барысында автор-академик кітапқа жиналған жекелеген материалдарға тоқталды. Қаламгер-ғалым Әуезовтың басынан өткен төрт қатерлі кезеңдегі деректерді ерекше атап өтті.
Жалпы кітап үш тағдырды араластыра өріп отырған ерекше жанрда жазылған. Олар — Мұхтар Әуезов, Фатима Ғабитова және Мұрат Әуезов — қайсар да қамқор әке, асыл жар және алтын ұл.
Үш тағдыр тап болған қиындықтар мен олар сақтап қалған құндылықтар арқылы жарты ғасырдағы қазақ-совет қоғамы толық көрініс тапқан. Үш тұлғаның сыртында қазақтың Райымжан Мәрсеков, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхаммед Қонаев, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов, Сақтаған Бәйішев, Сәтімжан Санбаев, тағы басқа көптеген тұлғаларын осы еңбектен тануға болады. Бұларды аз десеңіз Пономаренко, Соболев, Никольская, Леонов және басқа ұлты бөлек қайраткерлер мен қаламгерлердің Әуезовке берген пайдасы, тигізген зияны зерделенген.
Кітап тегіс тарихи деректерге негізделген. Оларды іздеп-табу мен ретіне қарай қолданудың азабын жазған адам ғана білер.
Кітап Мұхтар Абрарұлының шегедей мықты логикасымен шегенделген. Әрбір деректің неге соқтырғанын немесе неден сақтап қалғанын оқырманның көз алдына әкеліп отырады.
Үшіншіден, кітап Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қылыштай қиып түсер өткір тілімен жазылған. Мұндай тілді тек өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдары арасында қазақ әдебиетінен армансыз сусындап, сол уақыттағы ата-ана, мектеп пен университет ұстаздарының тәлімінен өткен журналист қана қолдана алады. Иә, мұнда тарихшының қасаң, жазушының аста-төк тілі жоқ.
Кітапта қажетті фотосуреттер және құжаттардың фотокөшірмелері берілген. “Бұл айтып отырғаны кім еді?” деп санаң сан саққа жүгірмейді.
<span;>Тұсаукесер рәсімге ғалымдар Бақытжан Тұрсынов, Зиябек Қабылдинов, Берекет Кәрібаев, Серік Негимов, Қансейіт Әбдезов, Мұхтар Әуезовтің жиені Диар Қонаев, ақын-жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Бауыржан Жақып, кітапты шығарған “Атамұра” баспа корпорацияның президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, тағы басқалар қатысып, бірқатары ыстық лебіздерін жеткізді.

Қайнар Олжа

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button