Қожа Ахмет Ясауи мұрасы

Жасыл күмбезді неге жоғалттық?

Төреғали Ташенов

Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінің күмбезі өткен ғасырдың 55-жылдарына дейін жасыл түсті болғанын білеміз бе? Яғни оның жасыл түсі Сталин заманында көргендердің есінде сақталған. Мұртты көсемнің кезінде не одан кейін жасалған реставрациядан соң, күмбезі қазіргі аспан түстес кейіпке енген көрінеді.

Жасыл күмбез туралы мен ең алғаш 90-жылдары академик Рахманқұл Бердібаевтың жазуынан оқыдым, ол кісі жас күнінде жасыл күмбезді өз көзімен көргенін баяндаған.

Ол кісінің айтқаны — кесененің бүкіл күмбездері жасыл болған деген сөзді білдірмейді, әрине. Бірақ Әзірет Сұлтан жатқан қабірхана үстіндегі күмбездің жасыл түсті болғаны тарихи шындық. Қожа Ахмет

Ясауидің құлпытасының өзі де жасыл түсті яшмадан жасалған. Кесененің қабірхана күмбезінде жасыл сырлы қыштардың болғаны ғылыми құжаттарда да тікелей көрсетіліпті. Жасыл алтыбұрышты қыштардың үстіне алтын түсті геометриялық өрнектер салынған екен.

Archnet (Ага Хан мәдениет қорының архитектуралық дерекқорында) қабірхана күмбезінің сыртқы бөлігі жасыл және алтын түсті өрнекті қыш тақташалармен қапталғаны нақты жазылыпты.

ЮНЕСКО-ның кесене жөніндегі құжатында да қабірхана күмбезінің сыртқы беті жасыл-алтын түсті қышпен безендірілгені көрсетіліпті.

Ал неге күмбезі жасыл түсті? Ол Әзірет Сұлтанның Пайғамбар тұқымы, яғни әулеттік тегін, Әһлі бәйт екенін білдірсе керек. Мәдинада Пайғамбар тура жасыл күмбездің астында жатыр. Ертеректе Түркияда болғанымда білетін кісілер тарихи кесенелердегі қабіртасқа оралған жасыл сәлде белгісі Пайғамбарымыздың ұрпақтары екенін білдірсе, ақ сәлде белгісі әулиелердің қабірі деп түсіндіргені есімде. Осылайша Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи жатқан бөлме үстіндегі күмбез о баста жасыл түсті болып, өткен ғасыр ортасында аспан түстес көгілдір түске боялып кеткені өкінішті…

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button