Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малдан түңілген,
Мұның өзі – зар заман.
Зарлығының белгісі:
Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі – тар заман.
Тарлығының белгісі:
Ұл сыйламас атасын,
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс, қанқойдың,
Бір нехақсыз шатасын.
Өзі қылғанына өкінбес
Күнде сонан татарсың!
Қасиет кетіп барады,
Ата менен анадан.
Құда, тамыр, дос кетер,
Ине жүрмес арадан.
Қыз сыйламас анасын.
Ер жеттім деп шаштасар,
Салыстырынып өнесін.
Старшын қойған болыпты,
Бір некесіздің баласын.
Көзіңді ойып барады,
Ол жаңылып тәубесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Алмайды оның кеңесін.
Момынды жеп барады
Күнде тесіп төбесін.
Қазақ сеннен көп кетті,
Тәңірім болғай демесін.
Жасы кіші інісі,
Сыйламайды ағасын,
Алысып жыртар жағасын.
Біріне-бірі көпсініп,
Көмек қылар баласын.
Қой деп айтса қоя алмас,
Ақсақалдан ұялмас,
Шабысар тұра қалаға.
Қаныққан соң жалаға,
Көшеде жүрген көп тілмаш,
Мінгізіп шабар шанаға.
Дұшпаным менің осы деп,
Алып келер алдыңа,
Өзінің туған бауырына.
Келген соң ол кімді аяр,
Жығып салар дүрені,
Қызыққан соң параға.
Көшіп кетер жерің жоқ,
Жау айбынар ерің жоқ,
Сөйтіп қалмай не қылдың,
Құтылмастай бәлеге.
Ант жұқпас бойына,
Қапа болып тұрарсың,
Асың жұқпас бойыңа,
Әрне түсер ойына,
Бейшара болған сұм қазақ,
Жалмауыз болды ұлығың,
Азып тозған кезіңе,
Қазақ сенің сорыңа.