Қожа Ахмет Ясауи мұрасы

Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымындағы діни-этикалық өлшемдер:дүние мен ақырет, күнә және халал-харам мәселелері

Нұржан Парпиев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығы Түркістан/Қазақстан

ҒТАМР 21.21.31, Нұржан Парпиев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығы Түркістан/Қазақстан e-mai: nurzhanparpiyev20@gmail.com, https://orcid.org/0000-0001-9651-2809

 Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымындағы діни-этикалық өлшемдер:дүние мен ақырет, күнә және халал-харам мәселелері

Аңдатпа

Бұл мақалада Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегінде дүние мен ақырет, өлім мен қиямет, күнә және халал мен харам ұғымдарының рухани-танымдық мазмұны мен тәрбиелік мәні жан-жақты түрде қарастырылады. Зерттеу барысында Ясауи хикметтері негізінде аталған ұғымдардың исламдық дүниетанымындағы орны мен адамның рухани кемелденуіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан талданады. Сонымен қатар адамның фәни өмірінің қысқалығы, ақыретке дайындықтың мәні, қиямет күніндегі жауапкершілік, нәпсіні тәрбиелеу және рухани жетілу мәселелері Ясауи дүниетанымы аясында сараланады. Мақалада ислам этикасының негізгі ұстанымдары ретінде күнәдан сақтану, халал мен харам шекарасын сақтау, шынайы тәубе ету арқылы адам мен Жаратушы арасындағы рухани байланысты нығайтатын маңызды құндылық екендігі негізделеді. Сонымен бірге Ясауи мұрасындағы адамгершілік, имандылық және сопылық құндылықтардың тәрбие-танымдық сипаты анықталып, олардың қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік дамуы үшін өзектілігі көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері барысында Ясауи дүниетанымындағы рухани құндылықтар жүйесін тереңірек түсінуге және ислам дүниетанымының негізгі қағидаларын ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді.

Кілт сөздер: Қожа Ахмет Ясауи, Диуани хикмет, дүние, ақырет, өлім, қиямет, күнә

Abstract

This article comprehensively examines the spiritual-cognitive content and educational significance of the concepts of worldly life and the Hereafter, death and the Day of Judgment, sin, halal and haram as presented in Khoja Ahmed Yasawi’s “Divan-i Hikmet”. The study provides a scholarly analysis, based on Yasawi’s hikmets of the place of these concepts within the Islamic worldview and their role in the spiritual perfection of the individual. In addition, the article explores, within the framework of Yasawi’s teachings, the transient nature of human worldly existence, the importance of preparing for the Hereafter, accountability on the Day of Judgment, the discipline of the nafs and the paths to spiritual refinement. The article substantiates that the fundamental principles of Islamic ethict include avoiding sin, observing the boundaries between halal and haram, attaining spiritual purification through sincere repentance as a vital spiritual connection between the individual and the Creator. Furthermore it highlights the educational and cognitive value of the moral, spiritual and Sufi principles embedded in Yasawi’s intellectual heritage and demonstrates their contemporary relevance to the spiritual and moral development of society. The findings contribute to a deeper understanding of the system of spiritual values underlying Yasawi’s wordview and facilitate a scholarly interpretation of the fundamental principles of the Islamic worldview.

Keywords: Khoja Ahmed Yasawi, Divan-i Hikmet, worldly life, the Hereafter, death, the Day of Judgment, sin

Аннотация

В данной статье комплексно рассматриваются духовно-познавательное содержание и воспитательное значение понятий мирской жизни и вечной жизни (ахират), смерти и Судного дня, греха, дозволенного (халяль) и запретного (харам), представленных в труде Ходжа Ахмеда Ясави «Диван-и хикмет». В ходе исследования на основе хикметов Ясави проводится научный анализ места данных понятий в исламском мировоззрении и их роли в духовном совершенствовании человека. Наряду с этим в контексте учения Ясави рассматриваются вопросы бренности земной жизни человека, значения подготовки к вечной жизни, ответственности в Судный день, воспитания нафса и духовного совершенствования. В статье обосновывается, что важнейшими принципами исламской этики являются воздержание от греха, соблюдение границ между дозволенным (халяль) и запретным (харам), духовное очищение посредством искренного покаяния как духовной связи между человеком и Творцом. Кроме того, раскрываются вопитательно-познавательный потенциал нравственных, духовных и суфийских ценностей, содержащихся в наследии Ясави, а также их актуальность для духовно-нравственного развития современного общества. Результаты исследования позволяют глубже осмыслить систему духовных ценности мировоззрения Ясави и способствуют научному изучению основных принципов исламского мировоззрения.

Ключевые слова: Ходжа Ахмед Ясави, Дивани хикмет, мир, загробная жизнь, смерть, Судный день, грех

 Крісіпе

Тарихи тұлға ретінде Қожа Ахмет Ясауидің ХІ ғасырдың екінші жартысында сол кезеңде Испиджаб атауымен кеңінен танымал болған Сайрам қаласында дүниеге келгені және жеті жасына дейін осында өмір сүргені зерттеу әдебиеттерінде орныққан тұжырымдардың бірі болып саналады. Оның әкесі Шайх Ибраһим (Ибраһим ата) Сайрам өңіріне танымал сопылық тұлғалардың бірі болған. Анасы-шайх Ибраһимнің халифасы Мұса шейхтің қызы, жергілікті дәстүрде Қарашаш ана есімімен белгілі болған Айша хатун. (Saifunov&Sambetov, 2023:283). Анасынан ерте айырылған Ясауи әкесі дүниеден өткеннен кейін әпкесі Гауһар Шахназбен бірге белгісіз себептермен Сайрамнан көшіп, Түркістанға қоныс аударғаны баяндалады. Ясауидің алғашқы білімді әкесінен кейін Сайрамның көрнекті ғалымдарының бірі шайх Бахауддин әл-Испиджабиден алғаны туралы дерекке сүйенсек, оның бстапқы білім алу кезеңі Сайрамда өткен деп тұжырым жасауға болады. (Ünal, 2026:678).

Түркі тарихындағы ең көне сопылық дәстүрдің негізін қалаған тұлғалардың бірі Түркістан пірі деген құрметті атаумен танылған Ясауи, Орта Азияда мұсылман руханиятының қалыптасуы мен дамуына айрықша ықпал еткен көрнекті шайх болып саналады. Оның Түркістанда қалыптастырған хикмет дәстүрі шәкірттері мен дәруіштерінің рухани қызметі арқылы Анадолыға және ислам әлемінің басқа да аймақтарына кеңінен таралды. Ясауи өз өмірін Құран мен сүннет қағидаларына негіздей отырып, исламның рухани-адамгершілік мазмұнын терең меңгерген тұлға ретінде махаббат, ирфан және ықылас секілді діннің негізгі рухани құндылықтарын өзінің ілімі мен өмір салтында айқын көрсетті. (Каrayzı Bal, 2026:2). Оның «Диуани хикмет» атты мұрасы ғасырлар бойы түркі жұртының діни-рухани санасын тәрбиелеп, имандылық пен адамгершілік құндылықтардың берік орнығуына қызмет етіп келеді. Ясауи хикметтерінің негізгі өзегі адамның Жаратушымен байланысын нығайту, өткінші дүниенің мәнін ұғындыру және мәңгілік ақырет өміріне дайындық жасау болып саналады. Ислам дүниетанымында адам өмірі екі кеңістіктің фәни дүние мен бақи ақыреттің арасындағы қысқа сапар ретінде қарастырылады. Сондықтан дүниенің алдамшы қызықтары мен уақытша игіліктеріне шектен тыс байланып қалу адамның рухани дамуына кедергі келтіреді.

Ясауи өз хикметтерінде дүниенің өткіншілігін, өлімнің бұлжымас ақиқат екендігін, қиямет күнінің сөзсіз келетіндігін және әрбір адамның жасаған жақсы-жаман амалдары үшін жауап беретіндігін терең философиялық әрі тәрбиелік тұрғыдан баяндайды. Ол адам баласын жалған дүниенің қызығына алданып қалмауға, өмірдің шынай мәнін түсініп, ақыреттік жауапкершілікті әрдайым жадында ұстауға шақырады. Ясауи түсінігінде өлім қорқыныштың емес, адамның өзін-өзі тануы мен рухани есеп беруінің бастауы ретінде көрінеді. Ақын әрбір жанның ажал дәмін тартатынын еске сала отырып, адамды тәкәппарлықтан, дүниеқоңыздықтан және немқұрайлылықтан сақтандырады. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың с.а.с хадис-шарифтерін негізге алған ол, жиналған байлықтың, мансап пен атақ даңқтың, ақыретте адамға ешқандай пайда бермейтіндігін, керісінше адамның берік рухани байлығы оның иманы, ізгі амалдары, адал еңбегі және Аллаға деген шынайы ықыласымен айқындалатынын тұжырымдайды.

Сондай-ақ ол, адам өміріндегі ең маңызды рухани ұғымдардың бірі болған «күнә» мәселесіне ерекше тоқталады. Оның пайымдауынша адамның кемелдікке жету жолындағы басты кедергілердің бірі нәпсіге еріп халал мен харамның арасындағы шекараны бұзу. Сондықтан Ясауи өз хикметтерінде күнәнің адам жанын қарайтатынын, рухани әлемін әлсірететінін және ақыреттік жауапкершілікті ауырлататынын ескертеді. Ол мұсылманды әрдайым адалдыққа, шынайылыққа, әділдікке және харамнан сақтануға үндейді. Осы тұрғыдан алғанда Ясауидің дүние мен ақырет, өлім мен қиямет, күнә мен халал-харам туралы көзқарастары ислам дүниетанымының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл ұғымдар оның хикметтерінде өзара тығыз байланыста қарастырылып, адамның рухани кемелденуі мен ақыреттік бақытына жету жолындағы негізгі қағидалар ретінде ұсынылады. Сондықтан Ясауи мұрасын зерттеу тек әдеби немесе тарихи тұрғыдан емес, діни-философиялық және тәрбиелік маңызы зор рухани құндылықтарды тану тұрғысынан да ерекше өзектілікке ие.

Материалдар мен зерттеу әдістері

Зерттеу барысында Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымындағы діни-этикалық категорияларды ашып көрсету мақсатында негізгі дереккөздер ретінде «Диуани хикмет» шығармасының қазақ және түрік тілдеріндегі нұсқалары, сондай-ақ Ясауи мұрасын зерттеген ғалымдардың еңбектері пайдаланылды. Сонымен қатар ислам дүниетанымының негіздерін айқындау үшін «Құран Кәрім» мен «Сахих әл-Бұхари» сияқты діни дереккөздерге сүйеніледі. Аталған материалдар негізінде Ясауи дүниетанымындағы дүние мен ақырет, күнә, халал мен харам ұғымдарының адамгершілік, рухани тәрбие және сопылық таным тұрғысындағы мәні қарастырылды. Ясауи химеттеріндегі бұл категориялардың адамның ішкі жан дүниесін тазарту, нәпсіні тәрбиелеу және кемелдікке ұмтылу идеясымен тығыз байланысты екендігі айқындалды.

Зерттеу барысында философиялық-этикалық талдау әдісі толық қолданылды. Осы әдіс негізінде Ясауидің дүниетанымындағы дүниенің өткіншілігі, адамның жаратылыстағы орны мен мақсаты, өлім мен ақырет ақиқаты, адам еркіндігі мен жауапкершілігі, ізгілік пен зұлымдықтың арақатынасы секілді экзистенциялық мәселелер жан-жақты сараланады. Сонымен қатар ақынның адам болмысының мәні, рухани кемелдену жолы және Жаратушыға жақындау туралы көзқарастары ислам философиясының құндылықтық жүйесі аясында қарастырылды. Аталған әдіс арқылы хикметтерде көрініс тапқан күнә, халал мен харам, тақуалық, адалдық, ар-ождан және жауапкершілік ұғымдарының моральдық-этикалық мазмұны анықталып, олардың адамның рухани  жетілуіндегі орны нақтыланды. Нәтижесінде Ясауи мұрасы жеке тұлғаның ішкі жан дүниесін тәрбиелеуге, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға және рухани кемелдікке жетелеуге бағытталған терең философиялық-этикалық ілім ретінде бағаланады.

Талдау

Ясауидің дүние мен ақырет, өлім мен қиямет ұғымдарына қатысты көзқарасы

Адам болмысы мен дүниенің мәнін түсіндіруде ислам дүниетанымы ерекше философиялық жүйе ұсынады. Бұл жүйенің негізінде барлық жаратылыстың фәни яғни уақытша екендігі, ал әзәли (мәңгілік) тек бір Аллаға тән екендігі туралы онтологиялық қағида жатыр. Мұнда Алла тағала абсолюттік болмыс ретінде қарастырылып, барлық жаратылған жаратылыс соған тәуелді, өзгермелі және шектеулі деп танылады. Бұл көзқарас дүниені тұрақты шындық емес, керісінше уақытша қалыптасқан құбылыс ретінде түсіндіруге болады. Адам осы әлемде өмір сүре отырып, көбіне материалдық құндылықтарға бейім келеді. Байлық, дүние-мүлік, әлеуметтік мәртебе сияқты игіліктер уақытша болса да, адам кейде оларды тұрақты әрі ең жоғарғы мақсат ретінде қабылдайды.

Алайда ғылыми-философиялық тұрғыдан қарағанда, бұл құндылықтар адамның өмір сүруін жеңілдететін құралдар ғана. Олар адамға белгілі бір мүмкіндіктер бергенімен, оның түпкі болмысын немесе мәңгілік тағдырын анықтай алмайды. Себебі олардың өзі уақыт пен өзгеріске тәуелді. Адам ғұмырының өзі де осы дүниедегі барлық құбылыс сияқты шектеулі және өткінші. Өмірдің басталуы мен аяқталуы адамның болмысының уақытқа бағынышты екендігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, адам өмірі тек биологиялық процесс емес, сонымен бірге моральдық және рухани жауапкершілік кезеңі болыпта саналады. Сондықтан адамның құндылығы, оның жинаған дүниесімен емес, жасаған амалдары мен ұстаған моральдық қағидаларымен өлшенеді. Ислам түсінігі бойынша адам бұл дүниеден кейін ақырет өміріне өтеді, онда оның барлық іс-әрекеттері толық есеп-қисапқа алынады.

Бұл жүйе моральдық жауапкершіліктің абсолюттік деңгейін білдіреді, өйткені әрбір әрекет өз салдарына ие болады. Жақсылық пен жамандық әділет өлшемімен таразыланып, адам өз еңбегіне қарай сауап немесе жаза алады. Бұл сенім адамды жауапкершілікке, әділдікке және рухани кемелдікке ұмтылуға жетелейді. Осы себептен дүние уақытша құралдық кеңістік болса, адам өмірі сынақ пен амал ету кезеңі, ал ақырет осы амалдардың түпкі нәтижесі көрінетін мәңгілік әділет кеңістігі ретінде сипатталады. Бұл жөнінде Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:

وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَعِبٌ وَلَهْوٌ ۖ وَلَلدَّارُ الْآخِرَةُ خَيْرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَ ۗ أَفَلَا تَعْقِلُون

«Дүние тіршілігі еш нәрсе емес тек ойын-сауық қана. Әрине ақырет тақуалар үшін абзалрақ. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» (Құран Кәрім, 2023, Әнғам-32 аят). Құран ілімінен нәр алған ата-бабаларымыз дүниенің уақытша, ал ақыреттің мәңгі шындық екендігін терең түсінген. Сол себепті олар өмірдің өткіншілігін ұмытпай, әр ісін жауапкершілікпен атқаруға тырысқан. «Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ» деген даналық сөз арқылы да олар бұл дүниеде мәңгі ештеңе болмайтынын, бәрі өзгеріп, аяқталатынын ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Ясауида бұл мәселенің мәні мен маңызына терең тоқталған. Исламның негізгі қағидаларын басшылыққа алған ол адамды рухани кемелдікке, шынайы тәубе мен берік иманға үндейді. Осы ойларын ақын өз хикметтері арқылы көркем өрнектеп былай дейді:

Уа дариға, махаббаттың жамын ішпей,

Бала-шаға, үй-мүліктен түгел кешпей

Қылмыс-күнә түйіндерін мұнда шешпей,

Шайтанға еріп жан берерде састым, міне. (Кенжетай & Бөкебаев, 2010:10).

Бұл шумақтан негізгі адамның өмір бойы рухани ақиқатты елемей, тек дүние мен отбасы, мал-мүлікке байланып қалуының салдары. Ақын «махаббат» деп Аллаға деген рухани сүйіспеншілікті айтып, адам соны сезінбей соңында өмір сүргеніне өкініш білдіреді. Сонымен қатар, пенде бұл дүниеде күнәларына кешірім сұрамай, тәубеге келмей уақыт жоғалтады. Ал өлім келген сәтте бәрі кеш болып, адам қатты сасып, өкінішке түседі. Сондықтан бұл дүниеде рухани өмірді ұмытпай, күнәдан арылып, өмірді бос өткізбей дайын болуы тиіс. Өйткені өлім сәтінде өкініштің пайдасы жоқ. Ясауи өз хикметтерінде дүниенің өткіншілігін негізгі тақырыптардың бірі ретінде терең қозғайды. Ол көпшілікті дүниеге  тым байланып қалмауға шақырып, барлық материалдық игіліктердің уақытша екендігін жиі еске салады. Сондықтан оның көптеген бәйіттерінде дүниенің алдамшы, тұрақсыз және  пендені ақиқаттан алыстатуы мүмкін деген құбылыс ретінде бейнеленеді:

Бұл дүниеде жаратылған мақлұқтарға,

Енді білдім тірі жүру болмас екен

Бұл өлімнің шербеті екен ащы шындық,

Бар адам ішпей одан қалмас екен. (Оспанұлы & Айнабекұлы, 2001:123)

деп Ясауи шумақтарында Құрандағы«Әрбір жан өлімнің дәмін татады كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُالْمَوْتِ»

(Құран Кәрім, 2023, Әнбия-35 аят), деген аятты негізгі рухани-танымдық тірек ретінде алып, адам баласына терең философиялық ой салады. Ол бұл ақиқатты тек діни ескерту тұрғысында емес, адамның өмір сүру мәнін қарауға итермелейтін экзистенциалдық шындық  сипатында түсіндіреді. Ясауи дүниенің фәнилігін, адамның уақытпен шектелген болмыс екендігін үнемі еске салып, пендені ғафлеттен яғни рухани ұмытшақтықтан сақ болуға шақырады. Оның пайымдауынша адам баласы өлімнің бар екенін біле тұра, көбіне оны алыс деп қабылдап, өмірін дүние қызығына арнайды. Алайда өлім әрбір адам үшін міндетті ақиқат болғандықтан, оған дайындықсыз қарау қателік. Осы себепті Ясауи хикметтері адамды тек ойлануға емес, нақты рухани әрекетке яғни тәубе, ізгі амал, ішкі тазалық пен жауапкершілікке жетелейді. Сондықтан бұл аят Ясауи көзқарасында адам санасын оятатын негізгі қағидаға айналады. Ол арқылы ақын дүниенің алдамшы сипатын әшкерелеп, шынайы өмірдің мәні уақытша байлықта емес, мәңгілік ақиқатқа бағытталған рухани дайындықта екендігін терең ұғындырады. Бұл жөнінде мына шумақтарында:

Бұл дүниеде патша мен – деп кеуде керген,

Қайғы алдында тоспа қойып шатыр керген,

Неше жылдар қауым құрып серік болған

Ажал келсе бірі опа қылмас екен. (Оспанұлы & Айнабекұлы, 2001:124)

Сонымен қоса тағы бір хикметтерінде:

Неше мыңдап дүние жиған хандар кәні?

Бұл сөздердің әрбіреуі мағына кені,

Опасы жоқ, опасыз бұл дүние тәні,

Ғапыл адам көріп ғибрат алмас екен  (Кенжетай & Бөкебаев, 2010:138) деп, мейлі патша болсын, мейлі ғалым, мейлі қарапайым пенде болсын бұл дүниенің қысқалығының бәріне ортақ ақиқат екенін аңғартады. Адам баласы қаншалықты биікке көтерілсе де қаншалықты дәулет пен даңққа жетсе де, уақыттың алдында бәрі бірдей әлсіздігін түсінеді. Сондай-ақ өлім жеткен сәтте дертке шипа іздеген дәрігерлердің де бұл ақиқатқа тосқауыл бола алмайтындығын ақын келесі хикметінде терең мағыналы оймен жеткізеді. Адам қаншалықты ем іздеп мыңдаған ғалым мен дәрігер жиналса да, ажал уақыты келгенде оған қарсы тұрар күш жоқтығын еске салады. Өйткені өмір мен өлімнің өлшемі пенденің қолында емес, ол Жаратушының жазған тағдырымен ғана жүзеге асады. Бұл тұста ақын пенденің әлсіздігін, оның ғылымы мен білімі орасын зор дамыса да, өлім алдында дәрменміз болатындығын ескертеді. Ақын дәрігердің тек себеп іздеп шипа беруге тырысқанымен, ажалдың алдын алуға шамалары жетпейтіндігін мына өлең жолдарында бейнелейді:

Бұл дүниеде тәуіппін деп дауға кірген,

Дауы бекер, айтқан сөзі жалған білген,

Адамзаттың дертіне шипа берген

Ажал келсе, өз еміне дәрменсіз екен (Ераслан, 1991:37) деп, адам баласының өмірінің шектеулілігін, әр сәтін құлшылықпен өткізу керектігі жөнінде ғибрат береді. Ясауи хикметтерінде жиі-жиі өзін сынау арқылы адамзатқа терең тағылымды ой тастайды. Ол өз кемшілігін алға тартып, нәпсінің әлсіздігін әшкерелеу арқылы әрбір оқырманды ойлануға, өзін-өзі таразылауға шақырады. Мына хикметтерінде ақын қиямет күні болатын сұрақ-жауаптың ауырлығын ерекше әсерлі түрде суреттейді:

Құл Қожа Ахмет, жиырма бірде арқаң жауыр

Не қылғайсың, күнәларың таудан да ауыр,

Қиямет күні азап қылса Раббым Қадір

Ей достарым, не деп жауап бердім міне? (Мұхаммеджанұлы, 2007:22)

Ал тағы бір хикметінде ақын қиямет күнінің үрейін, адамзаттың ақырет алдындағы жауапкершілігін және қылкөпірден өтудің аса ауыр сынақ екендігін терең психологиялық әрі діни-философиялық тұрғыдан бейнелейді. Хикмет мәтінінде қиямет көріністері адамның рухани әлеміне әсер ететін күшті эмоционалдық образдар арқылы суреттеліп, пенденің бұл дүниедегі іс-әрекеттері мен ақыреттегі тағдыры арасындағы себеп-салдарлық байланыстары ашылады. Автор қылкөпірді тек діни ұғым ретінде ғана емес, адамның өмір бойы жасаған жақсылықтары мен жамандықтарының таразыға тартылатын әділет өлшемі түрінде де көрсетеді. Осы арқылы оқырманды тәубеге келуге, ізгілік пен имандылық жолын ұстануға үндейді. Қияметтің қорқынышты көріністері мен қылкөпірдің қиындығын суреттеу арқылы ақын адам санасында жауапкершілік сезімін қалыптастырып, рухани кемелденудің маңызын анықтайды. Мұндай идеялар сопылық әдебиеттің негізгі дүниетанымдық ұстанымдарымен сабақтасып, адамның өткінші дүниеден гөрі мәңгілік өмірге дайындалуы қажеттігін насихаттайды:

Қияметтің азабынан ақылым қайран,

Көңілім қорыққан, жаным үріккен, көкірек ойран,

Ділім шошып сырат атты қыл көпірден,

Ақылым кетіп естен танып қалдым достар. (Жармұхамедұлы & Дәуітұлы 2007:14)

Бұл шумақта автор қиямет күнінің қорқынышты көрінісін бейнелейді. Кейіпкер қиямет азабын ойлап, жанына үрей ұялатады. Сырат көпірден өтуді елестеткенде, оның көңілі алаңдап, рухани күйзеліске түседі. Автор адамның Алла алдында жауап беру сәтінен қорқуын әсерлі түрде жеткізеді. Ал мына хикметінде ақын Пайғамбардың с.а.с үндеуіне сүйене отырып, қиямет күніне қатысты діни-танымдық ойларын көркем түрде баяндайды. Шығармада ақыреттегі әділ сот идеясы негізгі тақырып ретінде көрініс тапқан. Ақын пендені Пайғамбар с.а.с өсиетіне құлақ асып, ізгілік пен имандылық жолын ұстауға шақырады. Сонымен қатар қиямет күні әрбір жанның жасаған амалдарына қарай сауап немесе жаза алатынын баяндап, Алланың шексіз әділеттілігін дәріптейді:

Күллі йәумин бәтәрүн деді хақ Мұстафа,

Үмбет болсаң құлақ салғын ей әһлі-уафа,

Жақсы жанға сауап беріп, жаманға жаза

Қиямет күні тартады жазасын достар. (Tatcı, 2017:190)

Ясауи көптеген хикметтерінде дүниенің өткіншілігін, адамның фәни өмірдегі болмысын, өлімнің бұлжымас ақиқатын, қиямет күні мен ақыреттегі жауапкершілік мәселелерін терең философиялық және діни-танымдық тұрғыдан зерделейді. Сонымен қатар оның хикметтерінде қиямет күніне қатысты Құран аяттарындағы бейнелер кеңінен қолданылып, көркемдік тәсіл арқылы терең діни-танымдық және тәрбиелік мазмұнды жеткізу қызметін атқарады. Оның көзқарасында қиямет тек әлемнің ақыры ғана емес, сонымен бірге иләһи әділеттің толық жүзеге асатын күні. Ақын қияметтің сұрапыл сәттерін суреттеу арқылы адамның рухани сергектігін оятуға ұмтылады. Ол ай мен күннің бір арнаға тоғысатынын, аспан әлемінің үйлесімді тәртібі бұзылып, көктің қақ айырылатынын, жұлдыздардың шашырап түсетін кезеңін, адамзат тарихындағы ең қорқынышты әрі шешуші мезет тұрғысынан сипаттайды. Мұндай көріністер Құрандағы эсхатологиялық (ақырзамандық) сипаттамалар мен сабақтасып, дүниенің мәңгі емес, бір күні өз соңына жететінін бейнелейді. Сонымен қоса ақын қиямет күніндегі адамның психологиялық жағдайын ерекше әсерлі сипаттайды. Ол үрей мен қорқыныштың соншалықты күшейетінін, тіпті емізулі аналардың өз сәбилерін ұмытып кететінін, әр пенденің өз басының қамын ойлап, туған ата-ана, жұбайы және балаларынан безіп қашатынын ескертеді. Бұл көріністер адамның дүниелік байланыстары мен әлеуметтік мәртебесінің ақырет алдында ешқандай пайда бере алмайтындығын аңғартады.

Күнә ұғымы және халал-харам ақиқаты

Ислам діні адам өмірінің барлық қырын қамтитын кемел жүйе ретінде жеке тұлғаның рухани, моральдық, әлеуметтік және экономикалық өмірін реттеуді мақсат етеді. Сондықтан исламда құлшылық амалдары ғана емес, адамның күнделікті тұрмысы, ішіп-жеуі, киінуі, еңбек етуі, сауда-саттығы, отбасылық және қоғамдық қатынастары да шариғат қағидаларымен үйлестірілген. Ислам құқықтық-этикалық жүйесінде әрбір іс-әрекеттің халал немесе харам өлшемдері белгіленіп, мұсылман адамнан осы шекараларды сақтауы талап етіледі. Мұндай ұстаным адамның рухани тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықтың нығаюына негіз болады. Қасиетті Құран Кәрімде адал рызық табудың маңыздылығы ерекше атап көрсетілген: «Уа адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер және шайтанның ізіне ермеңдер. Расында  ол сендерге ашық дұшпан.» (یَـٰۤأَیُّهَا ٱلنَّاسُ كُلُوا۟ مِمَّا فِی ٱلۡأَرۡضِ حَلَـٰلࣰا طَیِّبࣰا وَلَا تَتَّبِعُوا۟ خُطُوَ ٰتِ ٱلشَّیۡطَـٰنِۚ إِنَّهُۥ لَكُمۡ عَدُوࣱّ مُّبِینٌ) (Құран Кәрім, 2023, Бақара-168 аят). Бұл аят мұсылманның тек тұтынатын азығының ғана емес, оның табыс көзі мен өмір сүру салтының да адал болуы қажеттігін білдіреді. Сонымен қатар Алла Тағала:«Ей иман келтіргендер! Өздеріңе берген рызықтардың тазасынан жеңдер»( یَـٰۤأَیُّهَا ٱلَّذِینَ ءَامَنُوا۟ كُلُوا۟ مِن طَیِّبَـٰتِ مَا رَزَقۡنَـٰكُمۡ) (Құран Кәрім, 2023, Бақара-172 аят) деп бұйырады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз с.а.с адал кәсіп пен таза табыстың маңызын ерекше атап көрсеткен. Мәселен Нұғман ибн Башир р.а. риуаят еткен мына хадисте Пайғамбарымыз с.а.с былай дейді: «Халал мен харам үкімдері анық белгіленген. Алайда олардың арасында үкімі көпшілікке айқын бола бермейтін күмәнді мәселелер де бар. Сондықтан кімде-кім өзін күмәнді нәрселерден сақтаса, ол адам өз дінін кемшіліктерден және абыройын күмәннан қорғайды. Ал күмәнді істерден тыйылмаған адам біреудің егінінің шетіне қой бағып жүрген қойшыға ұқсайды, өйткені оның қойларының егінге түсіп кету қаупі бар.» (Сахих әл-Бұхари, 2005. 37-б). Бұл хадис мұсылманның өмірінде сақтық қағидасын ұстанып, күмәнді істерден аулақ болуы қажеттігін көрсетеді. Исламдағы бұл ұстанымдар сопылық дүниетанымда аса маңызды орын алады. Сондай-ақ Ясауи хикметтерінде нәпсіге еріп, күнәға бой алдырудың рухани зардаптарын жиі еске салады. Ол адамның рухани дәрежесінің көтерілуі үшін алдымен өз кемшіліктерін мойындап, тәубеге келуі және Алланың бұйрықтарына толық бойұсынуы қажеттігін насихаттайды. Ясауи хикметтерінде күнәні ашық мойындау, адамның өз іс-әрекетіне есеп беріп, рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдірудің бір жолы ретінде танылады. Осы арқылы ақын оқырманды харамнан тыйылып, адалдыққа негізделген халал өмір салтын ұстануға үндейді. Сол себепті оның шығармаларындағы тәубе, тақуалық және нәпсіні тәрбиелеу идеялары исламдағы халал-харам қағидаларымен тығыз байланысып, мұсылманның рухани жетілуінің негізгі шарттарының бірі ретінде көрініс табады:

Сақал-мұртың ағарып, көңлім қара,

Махшар күні рақым етпесең, хәлім мүшкіл,

Өзіңе аян, амалым аз, күнәм сансыз,

Періштелер күнәларымды білді, достар. (Bice, 2019:49)

Халал мен харам шекарасы адамның иман сынағындағы табыс немесе жеңіліс өлшемін айқындайды. Өйткені мұсылманның әрбір іс-әрекеті мен таңдауы осы өлшемдер негізінде бағаланады. Бұл нәтижеге сай адам не сауапқа, не жазаға ие болады. Сондықтан исламда халал мен харам мәселесі адамның рухани өмірі мен ақыреттік тағдырына тікелей әсер ететін маңызды қағида есебінде қарастырылады. Осы қағиданы терең түсінген Ясауи айналасындағы жандарға күнәнің ауыр салдарын ескертіп, оларды тақуалыққа, нәпсіні тыюға және шариғат талаптарын берік ұстануға шақырады. Ол осы ойларын мына хикметінде былайша жеткізеді:

Күнә дерті меңдеп, сырқат болдым,

Сол себептен Хақтан қорқы, сергек болдым. (Bice, 2019:51)

Ясауи тағы бір хикметінде рухани кемшіліктеріне деген өкінішін білдіріп, өзінің ішкі толғанысын шынайы түрде жеткізеді. Ол жасаған қателіктерін мойындап, Алланың алдында жауап беретіндігін терең сезінеді. Осы арқылы адам баласын күнәларының салдары туралы терең ойлануға, тәубеге келуге және Жаратушыдан кешірім сұрауға үндейді. Өзінің пенделік әлсіздігін мойындаған Ясауи былай дейді:

Алпыс бірде шермедемін күнәйімнан,

Ей, достар, көп қорқамын Илаһымнан,

Жаннан кешіп, пана тілеп Құдайымнан

Пәруар жарым дидарыңды көрермін бе? (Нұрахметұлы, 2016:26)

Күнәһар адамдарға насихат айтқан Ясауи, қаншама қате іс-әрекеттер жасап, күнәға бой алдырса да, өз қателіктеріне өкініп, көз жасын төкпейтін әрі шынайы тәубеге келмейтін жандардың рухани жағдайына алаңдаушылық білдіріп былай деп үн қатады:

Бейнелері әшекей, қияметтен қорықпас,

Пасықтық пен бұзықтықтан именбес,

Риямен тасбих ұстап, көз жасын төкпес

Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз тәбәрүк. (Tosun & Eraslan 2019:137)

Жалған сөйлеуді ауыр күнәлардың бірі деп санайтын ол, мұндай жаман қасиеттің адамды рухани азғындыққа жетелейтінін ескертеді. Оның түсінігінде өтірік айту тек адамгершілік қағидаларына ғана емес, исламның негізгі құндылықтарына да қайшы келетін іс. Осыған байланысты, өтірік айту мен күнәға бой алдырудың Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне жараспайтын іс екенін баяндап, мұндай әрекеттердің салдарынан ақыретте тозақ азабына ұшырау қаупі бар екендігін еске салады:

Әл-Кәззәбу лә үммати деді сізге,

Ол Мұхаммед хақ Расул еді бізге,

Өтірікшіге жұмақ жоқ, ант етемін,

Өтірікпен имансыз кетпеңіз, достар. (Tosun & Eraslan 2019:236)

Ал Хақты сүйген жандар дүниенің өткінші қызықтарына бой алдырмай, рухани құндылықтарды жоғары қояды. Олар Алланың разылығын барлық нәрседен үстем қойып, халал мен харамның ара-жігін қатаң сақтауға ұмтылады. Сондықтан харамға қол созбай, күмәнді істерден де бойын аулақ ұстайды. Мұндай жандардың тапқан табысы мен несібесіде тек адал жолмен келеді, өйткені олар рызықтың берекесі оның көптігінде емес, халал болуында деп түсінеді. Осының нәтижесінде Ясауи Хақты сүйген пенделердің басты белгілерінің қатарына адалдықты, тақуалықты және дүниеге тәуелсіз рухани ұстанымдарды көрсетеді:

Дүниеге көңіл байламас,

Арамға қол былғамас,

Хақты сүйген ғашықтар

Адалынан дәм татар. (Eraslan, 1991: 334-335)

Бұған қоса Ясауи, күнәға бой алдырып халал мен харамның  ара-жігін ажыратпайтын адамдарды сынға алады. Әсіресе өздерін рухани жолдың өкілі яғни пір ретінде танытып, іс жүзінде күнә мен харамнан тыйылмайтын жандардың екіжүзділігін әшкерелейді. Ақынның танымында Аллаға деген махаббат пен рухани кемелдік құрғақ сөзбен емес, адамның іс-әрекеті, тақуалығы және шариғат талаптарына сай ұстануы арқылы көрініс табады. Сондықтан ақын, өздерін махаббат жолындамын деп танытып, нәпсісіне еріп шариғат қағидаларын ұстанбайтын жандарды сынға алып, олардың шынайы рухани жолдан ауытқығанын мына сөздермен жеткізеді:

Тәліппін деп айтады, олла-біллә ынсапсыз

Некесізге қарайды көздерінде жоқ ынсап,

Кісі малын жеп жүрер, содан ділі емес саф

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрүк

 

Пір қызметін қылдық деп тәліппін деп жүреді,

Жиып арам-ұласты құлқынына ұрады,

Көздерінде ылғал жоқ алқа ішіне кіреді

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрүк  (Кенжетай & Бөкебаев, 2010:186)

Ал Хақты үнемі еске алып, жүрегін зікірмен тірілтіп, тек халал рызық іздеуді өмірлік ұстаным еткен жандарды Ясауи шынайы дәруіштер деп санайды. Мұндай адамдар дүниенің өтпелі қызықтарына берілмей, харамнан бойын аулақ ұстап, әрбір ісін Алланың разылығына сәйкестендіруге тырысады. Олардың рухани болмысы сыртқы мінез-құлықпен ғана шектелмей, ішкі тазалықпен, ниеттің адалдығымен және тақуалықпен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан алғанда Ясауи мұндай пенделерді кемел руханиятқа жеткен, шынайы сопылық жолды тұтқан ізгі жандар есебінде бағалайды:

Түнде Хақты еске алып, көз ілмейді

Адал асты тілейді, арам жемейді,

Дәруішке жарасар осы сипат әрдайым,

Құлшылық жолын тастауға көңіл бөлмейді. (Tatcı, 2017:254)

Бұл жолдарда Ясауи дәруіштің негізгі рухани сипатын жалпылама түрде суреттейді. Ол шынайы рухани адамды түнде ғибадат пен зікірден ажырамайтын, жүрегі ояу күйде болатын жан деп сипаттайды. Мұндай адам адал рызықты ғана таңдап, харамнан толықтай бойын аулақ ұстап, құлдық пен құлшылық жолынан таймай, дүниелік құмарлықтардан ұзақ тұрады.

Алынған нәтижелер

Нәтижеде Ясауи дүниетанымындағы діни-этикалық өлшемдер өзара тығыз үйлесімділікте қарастырылатынын көрсетті. Ясауи түсінігінде дүние, ақырет, күнә, халал, және харам ұғымдары дербес діни түсініктер ретінде ғана емес, адамның рухани- адамгершілік болмысын қалыптастыратын біртұтас этикалық жүйенің құрамдас бөліктері тұрғысында танылады. «Диуани хикмет» мазмұнын талдауда аталған ұғымдардың адамның өзін-өзі тануы, нәпсісін тәрбиелеуі, моральдық жауапкершілігін арттыруы және рухани кемелдікке ұмтылуы мәселелерімен тікелей үндесетіндігі анықталды. Мәселен дүние ұғымы адам өмірінің түпкі мақсаты тұрғысында емес, рухани жетілу жолындағы уақытша мекен, әрі сынақ кеңістігі ретінде бағаланады. Дүниелік игіліктердің өтпелі кезеңін ұғыну адамды байлық, мансап, атақ-даңқ секілді уақытша құндылықтарға, шектен тыс тәуелді болудан сақтандырады. Сонымен қатар дүниеден толық бас тартуды да білдірмейді. Керісінше дүниеде өміп сүре отырып, оның игіліктерін орынды пайдалану, нәпсілік құмарлықтарға берілмеу, рухани құндылықтарды жоғары қою қажеттілігіне негізделеді. Осы себептен алғанда Ясауи дүниетанымындағы дүние түсінігі адамның материалдық және рухани болмысы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған этикалық ұстаным ретінде сипатталады. Ал ақырет ұғымының нәтижелері Ясауи мұрасының моральдық жауапкершілік түсінігімен тығыз байланысын көрсетеді. Ақыретке сенім адамның дүниедегі әрбір іс-әрекетінің нәтижесі мен жауапкершілігі бар екендігін сезінуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты хикметтерде дүниелік өмірдің өткіншілігі мен ақыреттік өмірдің мәңгілігі салыстырыла отырып, адамды ізгі амал жасауға, адалдықты, әділеттілікті, қанағатты ұстануға бағыттайтын ойлар көрініс табады. Демек ақырет ұғымы Ясауи көзқарасында тек діни сенім нысаны емес, адамның мінез-құлқын реттейтін сондай-ақ оның моральдық таңдауына ықпал ететін маңызды этикалық бағдар қызметін атқарады. Сонымен қатар күнә ұғымы Ясауи мұрасында кең әрі терең мағыналық сипатқа ие. Күнә адамның діни талаптарды бұзуымен шектелмей, оның рухани тазалығына нұқсан келтіретін, жүрекке кері әсер ететін, нәпсінің күшеюіне себеп болатын моральдық ауытқу ретінде түсіндіріледі. Осы себептен алғанда оның хикметтерінде адамның тәубеге келуі, кемшілігін мойындауы сондай-ақ рухани тұрғыдан жаңғыруы ерекше мәнге ие. Яғни күнә ұғымы адамды жазғыруға бағытталған түсінік ретінде емес, оның өзін-өзі саралап, иман кемелдігіне бет бұруына мүмкіндік беретін этикалық категория кейпінде көрініс табады. Халал мен харам ұғымдарына тиісті нәтижелер оның көзқарасында діни-этикалық талаптардың практикалық қырын анықтайтынын танытады. Халал ұғымы адал өмір сүрумен сабақтас болса, харам ұғымы адамды рухани және моральдық тұрғыдан аздыратын әрекеттерден сақтануды білдіреді. Бұл категориялар адамның сыртқы іс-әрекетін сипаттаумен ғана шектелмей, оның ішкі ниеті мен жүрек тазалығына да қатысты қарастырылады. Тұтастай алғанда алынған нәтижелер Ясауи дүниетанымындағы діни-этикалық категориялардың барлығының түпкі мазмұны, адамның рухани-адамгершілік қырынан кемелденуіне бағытталғанын дәлелдеді.

Қорытынды

Ясауи мұрасы орта ғасырларда Орта Азия, Анадолы мұсылман руханиятының дамуына терең ықпал еткен діни-философиялық, моральдық-этикалық ілімдердің бірегеей жүйесі болып саналады. Оның хикметтері ислам таным жүйесінің негізгі категориялары саналатын дүние мен ақырет, күнә, халал мен харам мәселелерін тұтас антропологиялық, онтологиялық, аксиологиялық жүйе ретінде қарастырады. Ясауи  адамның жаратылу мақсатын, оның бұл дүниедегі орнын және ақыреттік жауапкершілігін түсіндіру арқылы рухани кемелденудің әмбебап модельін ұсынады. Зерттеу барысында анықталғандай, Ясауи ойлау жүйесінің негізінде исламдық болмыс философиясы жатыр. Сопы ақын дүниені абсолюттік ақиқат ретінде емес, фәни яғни қысқа мерзімді әрі шартты болмыс кеңістігі деп сипаттайды. Сондай-ақ оның шығармаларында нәпсіні сындыру, тақуалық, өзін бақылау, өзіне есепке тарту, рухани тәрбие мәселелері ерекше орын алады. Оның хикметтері бүгінгі адамды да өзін-өзі тануға, рухани жауапкершілікке, имандылыққа жетелейтін маңызды бағдар болып қала береді. Қорытындылай келе оның мұрасы тек ортағасырлық түркі жұртының рухани сұраныстарына жауап берген тарихи құбылыс қана емес, сонымен бірге қазіргі заман жағдайында да өзінің діни-танымдық, моральдық және гуманистік құндылығын сақтап отырған әмбебап рухани-философиялық жүйе шеңберінде бағаланады.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Әл-Бұхари Әбу Абдулла Мұхаммед. (2005), Сахих әл-Бұхари. Өзібек тілінен аударған Қожатайұлы Д, Алматы: ҚМДБ.
  2. Bice H. (2019), Divan-ı Hikmet’ten Seçmeler, Ankara Kültür Yayınları.
  3. Диуани Хикмет (2010), Дайындағандар: Кенжетай Д және Бөкебаев Б, Алматы: «Нұрлы әлем» баспасы.
  4. Диуани Хикмет (2001), Дайындағандар: Оспанұлы Ә және Айнабекұлы Т, Шымкент: «Ғасыр-Ш» баспасы.
  5. Диуани Хикмет (2007), Аударған: Мұхаммеджанұлы Ә, Астана: «Фолиант» баспасы.
  6. Диуани Хикмет (2007), Аударғандар: Жармұхаммедұлы М, Дәуітұлы С, Шафиғи М, Алматы: «Өнер» баспасы.
  7. Divan-ı Hikmet, (2016), Hoca Ahmed Yesevi / Editör: Mustafa Tatcı, – Ankara: Merkez Repro Basım Yayın Ltd. Şti.
  8. Divan-ı Hikmet’ten Seçmeler, (1991), Eraslan K, Kültür Bakanlığı yay., II. Baskı, Ankara.
  9. Divan-ı Hikmet. Bice H. hayatibice@yahoo.com , www.yeseviyiz.biz
  10. Karayazı Bal (2026), Hoca Ahmed Yesevi, Yunus Emre ve Dede Ömer Ruşeni’de Benlik İnşasında Miskinlik Kavrami. Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi, Yaz-Haziran, Sayı 118, s.1-23
  11. Құран Кәрім: қазақша мағынасы және сөзбе-сөз аудармасы.(2023), Дәуір баспасы. Алматы.
  12. Saifunov B ve Sambetov Zh. Anmed Yesevi Hakkında Bibliyografik Araşnırma. Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi, Bahar-Mart 2023, Sayı 105, s.279-299
  13. Tosun N ve Eraslan K. (2019), Hoca Ahmed Yesevi Külliyatı. Ankara: «Ahmet Yesevi Üniversitesi» yayınları.
  14. Ünal F. Yesevi’nin Doğduğu Topraklar: Orta Çağda Sayram. Türk Kültürü ve Hacı Bektaş Veli Araştırma Dergisi, Yaz-Haziran 2026, Sayı 118, s.677-691
  15. Хикмет жинақ: Даналық сыр (1998). Аударғандар: Жармұхаммедұлы М, Дәуітұлы С, Шафиғи М, Алматы: «Жалын» баспасы.

 

References

  1. Al-Bukhari Abu Abdulla Muhammad. (2005), Sahih al-Bukhari. Ozbek tilinen audargan Qozhataiuly D. Almaty: QMDB.
  2. Bice H. (2019), Divan-ı Hikmet’ten Sechmeler, Ankara Kultur Yayınları.
  3. Diuani Hikmet. (2010), Daiyndagandar: Kenjetai D jane Bokebaev B, Almaty: “Nurly Alem” baspasy
  4. Diuani Hikmet. (2001), Daiyndagandar: Ospanuly A jane Ainabekuly T, Shymkent: “Gasyr -Sh” baspasy.
  5. Diuani Hikmet. (2007), Audargan: Muhammedjanuly A, Astana: “Foliant” baspasy.
  6. Diuani Hikmet. (2007), Audargandar: Jarmuhammeduly M, Dauituly S, Shafigi S, Almaty: “Oner” baspasy.
  7. Divan-ı Hikmet, (2016), Hoca Ahmed Yesevi / Editor: Mustafa Tatci, – Ankara: Merkez Repro Basım Yayın Ltd. Şti.
  8. Divan-ı Hikmet’ten Sechmeler, (1991), Haz. Eraslan K, Kultur Bakanlığı yay., II. Baskı, Ankara.
  9. Divan-ı Hikmet. Bice H. hayatibice@yahoo.com , www.yeseviyiz.biz
  10. Karayazı Bal (2026), Hoca Ahmed Yesevi, Yunus Emre ve Dede Omer Rusheni’de Benlik İnshasında Miskinlik Kavrami. Turk Kulturu ve Hacı Bektash Veli Arashtırma Dergisi, Yaz-Haziran, Sayı 118, s.1-23
  11. Quran Karim: qazaqsha magynasy zhane sozbe-soz audarmasy.(2023), Dauir baspasy. Almaty.
  12. Saifunov B ve Sambetov Zh. Anmed Yesevi Hakkında Bibliyografik Arashtırma. Turk Kulturu ve Hacı Bektash Veli Arashtırma Dergisi, Bahar-Mart 2023, Sayı 105, s.279-299
  13. Tosun N ve Eraslan K. (2019), Hoca Ahmed Yesevi Kulliyatı. Ankara: «Ahmet Yesevi Universitesi» yayınları.
  14. Unal F. Yesevi’nin Dogdugu Topraklar: Orta Chagda Sayram. Turk Kulturu ve Hacı Bektash Veli Arashtırma Dergisi, Yaz-Haziran 2026, Sayı 118, s.677-691
  15. Hikmet jinaq: Danalyq syr (1998), Audargandar: Jarmuhammeduly M, Dauituly S, Shafigi M, Almaty: “Jalyn”.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button