Рабғұзи

Тоғызыншы жылы болған оқиғалар

Бұл жылы зекет парыз болды. Мұхаммед ғ.с. әр рудан зекет алу үшін ғамал, яғни зекет алушылар жіберді. Тәбрүк соғысы осы жылы болды. Рүм патшасы исламға қарсы соғысқа келеді деп естіді. Пайғамбар ғ.с. әскер дайындауға бұйырып, 30000 әскер мен ережеп айында Мединеден шықты.

Мүнәфиқтар қайсар, өте қуатты болса да, біреулер соғысуды білмейміз деп, біреулері ісім бар деп Мединеде қалды.

Тәбрүк дегеніміз Шам жерінде болатын: Мединеден 14 күндік жол.

Пайғамбар ғ.с. әскерімен Тәбрүкке дейін барды. Дұшпан тарапынан соғысқа еш даярлығы жоқ екендігін көріп, сау-сәләмәт Мединеге қайтты.

Бұлар Тәбрүк соғысына кеткен кезде мүнәфиқтар Зарар атты мешітті жаңадан тұрғызған еді. Мақсаттары: ислам арасына петна (петна – яғни бұзық жолға түсушілер) түсіру еді.

Пайғамбар ғ.с. Тәбрүктен қайтқаннан кейін Зарар мешітін өздеріне зиян келтіретін етіп, мүнәфиқтердің жүрегіне қасырет түсіртті.

Әр күн топ-топ адам пайғамбар ғ.с.-ға келіп, иман келтірді. Осы уақытта Изәж ә Насроллаһи сүресі енді.

Пайғамбар ғ.с.-нің қызы хазреті Ғұсманның қатыны Үммі-Гүлсім осы жылы опат болды.

ОНЫНШЫ ЖЫЛЫ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР

Пайғамбар ғ.с. Хадит-бин Уәлитті Нажрен халқын иманға үндеуге жіберді. Нажрен халқы қабыл етіп, мұсылман болды. Осы жылы пайғамбар ғ.с. хазреті Ғалиды Иемен халқын иманға үндеу үшін жіберді.

Барлық халық бір күнде мұсылман болды. Иемен тайпалары исламды қабыл етті. Пайғамбар ғ.с. бұған шат болды. Сәжде етіп шүкір қылды.

Осы 10-шы жылы пайғамбар ғ.с. қажы қылуға ниет етті. Құрбандық алып, қырық мың қажыменен Зұлқағда айының бесінде Мединеден шығып, Зілхажжаның төртінде Мекке Мүкәрәмға кірді.

Атыраптан мұсылмандар қажыға келіп жатты. Бұл жылы қажылардың саны жүз мыңға жетті. Пайғамбар ғ.с. Арафат тауында құтба оқып, әсерлі уағыз насихат қылды.

Пайғамбар ғ.с. екінді намазын оқып, Ғазбән есімді түйесіне мінген еді. Сол арада Жебірейіл ғ.с.-нан аят енді. Түйе аяттың мазмұнын білгендей шөкті. Көңілге жақсылық түсті. Сақабалар бұл аятты естіп, барлығы сүйсінді.

Пайғамбар ғ.с. Мүздәлфәға барды. Мүздәлфәдә тұрып, Хақтағаладан барша үмбеттің күнәсін ғафу етуін сұрады. Хақтағаладан сүйініш хабар болды. Барша үмбәтін жарылқады.

Расулалла Мүздәлфәдән айт күні Мүнәға барды. Жетпіс түйе құрбан қылды. Алпыс үш түйені өзі бауыздады. Қалғанын хазреті Ғалиға бауыздатты.

Айт намазынан кейін Расулалла дін ислам үкімдерін түсіндіріп, уағыз-насихат айтты. Сол кезде сақаба қажыларының көңілдері босап, көздерінен жас орнына қан ақты. Мұның соңында: «Әй, адамдар! Сізге дін ислам заңдылығын жеткізе алдым ба?!» – деді. Баршасы: «Әрине, жеткіздіңіз!» – деді. Мұхаммед пайғамбар: «Әй, Раббым! Куә бол!» – деді. Сақабалар пайғамбар ғ.с.-нің бұл уағыздарынан кейін оның опатының жақын қалғанын сезді.

Пайғамбар ғ.с.-нің ұлы Ібраһим осы жылы опат болды. Хүжрәттің 11-ші жылының сафар айында пайғамбар ғ.с. Шам тарапына дін исламды насихат ету үшін әскер әзірлеуге бұйырды. Әсәмә бин Зейдті әскер басшы етті. Осы айдың соңында сәрсенбі күні пайғамбар ғ.с. ауруға душар болды.

Күндердің бір күнінде мінбәрға шығып, тағы да насихат айтты: «Әй, Адамдар! Алла атымен сұраймын, егер менде әрбір кісінің алатын хақысы болса, немесе нахақ соғып, ренжіткен болсам, бүгін менен сол қарызды алсын, қияметке қалдырмасын», – деді. Бұл сөзді қайталап екінші рет айтты. Ешкім жауап бермеді. Үшінші мәртебе тағы қайталап айтты: «Хақтағала қиямет күні ешкімнің хақын қалдырмас. Егер біреуге жасаған қиянатым болса, ұялмасын, айтсын», – дейді. Сол кезде Ғакәшә есімді бір қарт сақабалар жанынан тұрып: «Әй, Расулалла! Алланың есімімен қайталап сұрамасаң, айтпас едім, Тәбрүк соғысында мен сенің жаныңда едім. Сен түйеге мінген едің, сонда түйеңді ұрмақ болғанда маған қамшың тиіп кетті», – деді.

Пайғамбар ғ.с: «Бәрекелді. Иә, Ғакәшә! Сен жақсы айттың», – деді. Хазреті Біләлға әмір етіп: «Тез барып, қамшыны әкел!» – деді.

Біләл қамшыны Расулаллаға алып келгенде, Расулалла қамшыны Ғакәшәға беріп жатып: «Әй, Ғакәшә! Мен сені қалай соққан болсам, сен де мені солай соқ», – деді.

Ғакәшә сонда: «Әй, Расулалла! Менің ол уақытта арқам жалаңаш еді», – дегенде Расулалла мүбәрәк арқасын ашты. Хазреті Ғали, Әбәбәкір, Ғұмар, Ғұсман, Хасен, Хұсаин баршасы орындарынан атып тұрып: «Әй, Ғакәшә! Кет, не істемексің. Бізден қарызыңды ал, әйтпесе басыңды бір-ақ шабамыз», – деді. Пайғамбар ғ.с. бұларға: «Сабыр етіңіздер. Алла тағала сіздердің ниеттеріңізді біледі. Ғакәшә өзінің ойын жасасын», – деді. Пайғамбар мүбәрәк арқасын ашты. Нәбут мөрінен күн ұқсас нұр көрінді. Ғакешәнің көзі нәбүт мөріне түсті. Сол сәт көзінен жас ағып, өзінен-өзі тағат ете алмады. Пайғамбар ғ.с.-нің Нәбүд мөрін өбіп, аяғына жығылды: «Әй, Расулалла! Сенен кім реніш көрсін. Баршамызды кәпір зұлматынан құтқарып, бізге әдеп беріп, үйреткен сенсің. Менің мақсатым сізді ұрмақ емес, өзім қартпын, ғұмырдан өткенде тамұқтан құтылу үшін сіздің арқаңызды сүйдім», – деді. Расулалла бұл сөзді естіп: «Сүйінші саған, әй Ғакәшә! Алла тағала сені тамұқ отынан арашалайды. Әй, менің үмбетім! Жұмаққа баратын кісіні көргілерің келсе, Ғакәшәға қараңдар», – деді. Осы себепті сақабалар Ғакәшәға тағзым етіп, оның қолдарын сүйді.

Ибн Мәсғұт айтады: «Пайғамбар ғ.с.-нің опаты жақын болғаннан кейін, анамыз Айша Сыдыққызының үйіне келді. Мұнан соң пайғамбар ғ.с.-нің мүбәрәк көзі жасаурап: «Сіздерден айырылар уақыт жақындады. Айтар өсиетім: мені Ғали жуындырсын. Пазилбин Ғаббас су құйсын. Әсемә-бин Зәйд бұларға болыссын. Мені осы киіміммен, Иемен шаһарынан келген ақ кілеммен кебіндеңіз. Жуып, кебіндегеннен кейін мені төсегіме жатқызып, өздеріңіз шығып тұрыңыз. Төсегім менің қабірімнің шеті болар. Ол үшін сіздер шығыңыз, Хақтағала әуелі маған рахметін ендірер. Мұнан соң періштелер тобымен Жебірейіл ғ.с. жаназа намазын оқыр.

Мұнан соң Мікәйіл, онан соң Ісрәфіл, Әзірейіл жаназа намазын оқыды. Мұнан соң сіздер келіп, жаназа шығарыңыз», – деді.

Пайғамбар ғ.с. 12 күн ауырды.

Пайғамбар ғ.с. хүжрәттің 11-ші жылында Рәбиғұл айының 12-сі күні, дүйсенбіде түс уақытында қайтыс болды.

Пайғамбар ғ.с. Меккеде 53 жыл ғұмыр кешіп, Мединеде 10 жыл тіршілік етіп, 63 жасында дүниеден көшті.

Хазреті Айша пайғамбар ғ.с.-нің қабірі жанында жылап: «Әй, жібек киім кимеген, жұмсақ төсекке жатпаған, арпа тамағымен тамағын тойдырмаған, намаз ықтиярын қылған, Расүл-Раббіл-ғаләмін», – деп зарлаған еді.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button