«Қисаси Рабғузий» авторының туған жері – Рабат Оғыз қыстағы Шәуілдірде
Қазақ әдебиеті, жалпы түркі әдебиеті тарихында «Қисасул әнбия» немесе «Қисаси Рабғузий» («Рабғузи қиссалары») атты шығарманың орны бөлек.
Әйгілі әдебиет зерттеушісі Бейсембай Кенжебаев 1969 жылы «Қисасул әнбияға» арналған мақаласында оның Қазан төңкерісіне дейін қазақ арасында көп тарағанын, хат таныған қазақ оны оқығанын, білгенін айтқан болатын. Атақты «Біржан сал мен ақын Сараның айтысында» Сара осы «Рабғузи киссасынан» мысал келтірген болатын:
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,
Сөз білсең бұл да сенің жамандығың.
«Қисасул әнбиден» естімеп пе ең?
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратты Хақ,
Надандығың білінсін, бұл сөзге бақ.
Хауа анаға бұрын барған Адам Ата,
Есіткен жоқ па едің, мұны да ақымақ?!
Зерттеуші Алма Қыраубаеваның пікірінше, «Қисасул әнбиядағы» қазақ арасына кең тараған, қазақ әдебиетінде осы тақырыптағы ертегі, дастандардың тууына әсер еткен қиссалардың бірі «Ескендір Зұлқарнайын» болған. Абай көпшілікке мәлім «Ескендір» поэмасын жазғанда «Қисасул әнбияны»да оқып білген деген болжам бар.Тұрмағанбет Ізтілеуовте Рабғузи әңгімелерінің кейбірін өлеңге айналдырып жазған екен. Рабғузи шығармасында тәлім тәрбиелік мәні бар әңгімелер қазақ арасында кең тараған. Зерттеушілердің пікірінше, Рабғузи кітабы пайғамбарлар, сахабалар туралы қисса-хикаяларды, аңыздарды қамтыған түркі тіліндегі бірінші шығарма болды. Майлықожаның баласы Исабек ақын:
Қисасул әнбиенің кітабында,
Артық жесең қой еті арам деген, – дейді.
Қазіргі зерттеулерде оның туған жері Хорезм немесе Орта Азия аумағы делінуде. Алайда біз жинаған археологиялық, топономикалық, картографиялық деректер Рабғузидің туған жері Оңтүстік Қазақстан деп айтуға мүмкіншілік береді. Біз осы жерде Хорезм аталған аймаққа жергілікті түсінік, ұғым бойынша аз түсінік беріп көрелік. Мәдени, тұрақты қала, мемлекет түсінігінде Хорезм Амударияның Аралға құйған атырауында орналасқан көгалды аймақ (оазис). Бір қызық жайы Хорезм ұғымы Амудың сол жағасына жүрмеген. Бұл Хорасанның жері. Ал көпшілік, халықтық ұғымда Хорезм аймағы болып Амударияның оң жағасы мен Сырдарияның сол жағасын ту Бұхараға дейінгі аймақты атап келген.
Тарихтан белгілі бұл аймақ Шыңғысханның жорығына дейін көп жылдар Хорезм билеушілерінің қол астында болды. Бұған қандай дәлелдеріміз бар? Профессор Бейсембай Кенжебаевтың 1969 жылғы мақаласындағы мәліметтерге сүйенсек, Рабғузы Оғыз Рабат деген шаһардың қазысы болып істеген адам. «Қисасул әнбияның» ол әлгі шаһардың әкімі, әйгілі бек Насыретден Тоқбоға деген кісінің тапсыруы, өтініші бойынша сол Тоқбағаға сыйға тартқан. Ал Тоқбоға мұсылман дініне, түрік әдеп-ғұрпына енген әдебиетті сүйетін монғол болса керек. Рабғузи аталған шығарманы 710 жылы қыжырада, жаңаша жыл санау бойынша 1310 жылы жазған.
А. Қыраубаеваның кітабына сүйенсек, оның әкесі Рабат Оғыз қыстағының қазысы болған, ал Рабғузи деген лақапты туған жеріне байланысты алған екен. Рабат атауының шығуы «рабат»-«белгілі арақашықтықта орналасқан қарауыл бекеттермен» байланысты. Бұл сөзбен керуендер тоқтайтын орынды да белгілеген. Әрине, жалпы Рабат атты елді мекендер ортағасырда аз болмаған. Өзбекстанда Рабати-Мәлік, Қырғызстанда Ташрабат, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт тауының етегінде де Рабат бар. Алайда Насреддин Рабғузидің туған жері жай Рабат емес. Ол «Рабат Оғыз» делінуімен ерекшеленеді. Сондықтан біз Оңтүстік Қазақстан осы күнге дейін Рабат деп аталатын және байырғы елді мекен орны, археологиялық ескерткішке назар аудармақпыз. Рабат атты археологиялық ескерткіш төбешік Сырдарияның сол жағасында, Маяқұм елді мекенінен оңтүстік шығыста 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Рабат ескерткіші Сырдария бойымен Шыназдан Түркістанға таяу Үшқайық өткеліне дейінгі аумақты аралап өткен, Н.В. Рудневтің 1900 жылы 24 ақпанда «Туркестанские ведомости» атты газетте жарияланған «Заброщенный уголок» атты мақаласындағы байырғы елдімекендер тізімінде кездеседі. «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты энциклопедиялық басылымда ол IV-VIII ғ.ғ. ескерткішіне жатқызылған.
Алайда, оның үстінде жатқан күйдірген кірпіштерге қарағанда ол ортағасырлық дәуірдің ескерткіші. Бұл Рабаттың басты ерекшелігі Өгізсай деп аталатын Сырдарияның байырғы арнасына таяу орналасуында. Осы екі арада бас штабтың Түркістан деген 1:500000 масштабтағы 1963 жылғы дайындалған және 1970 жылы қайта басылған картасында Өгізсай (Огизсай), 1982 жылы басылған Түркістан (II-42-09 K-42-IX) деген 1:200000 масштабтағы картада және 1982 жылы басылған Балтакөл (II-42-08 K-42- VIII) деген 1:200000 Сырдарияның сол жағындағы құрғақ арна Өгізсай (Сухое русло Огизсай) деп белгіленген.Өгіз жылғасы жайында В.А. Каллур (1900 ж.) мен И.А.Кастанье (1910 ж.) бір топ материалдар жариялады.И.В.Захарованың«Шымкент оязындағы қазақтардың XIX ғ. аяғы XX ғ. басындағы егіншілігі жөнінде» деген зерттеуінде Көксарай қасынан Сырдариядан шығарылған көне «Өгізжылға» атты арық болыпты делінеді. Өгізсайды канал деп түсіну соңғы кезге дейін ел арасында кең тараған. Дәстүрлі көзқарас Ә. Шілтерханов тың баяндауында төмендегідей: «Сырдарияның қазіргі бөген салынған, теңіз жасалған ұрымтал тұсынан ілгері VIII – XX ғасырларда бабаларымыз дарияны деміктіре байлап, төрт тарам су ағызған. Сол төрт тараммен дарияның қазіргі арнасы мен Арнасай екеуі елге мәлім. Ал, қалған екеуі құм астында жатыр. Әйтсе де, біржолата құрып кеткен жоқ. Ұзындығы 300 шақырымға созылған Өгіз арықтың жобасын әр жерден әлі көруге болады. Қазіргі атақты Шардара арнасы да сол Өгізарықтың жобасымен салынған. Маяқұм, одан төменгі көне Оқсыз қалаларының тұсында Өгізсай атап жүрген арықтың жобалары қазір де тіпті анық. Сонымен, біз қарастырып отырған Рабатты басқа Рабаттардан ажырату үшін орта ғасырда Рабат Оғыз немесе Рабат Өгіз деп аталауы әбден мүмкін.
Өзбек зерттеушісі Э.И.Фозиловтың пікірінше, ол Хорезмнің Рабутуғуз деген жерінде туған. Тарихи және археологиялық әдебиеттен Хорезмнің төл аймағында Рабат Оғыз, Работуғуз деген елді мекенді іздеп таппадық. Ал, Отырар иелігі Шыңғысхан келер алдында Хорезмге қосылғанын ескерсек, бұл жағдайдың көп ғасырлар өтсе де ұмытылмағынын Махмуд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» – «Өнегелі адамдардың ерліктері жайлы ғаламат құпияларындағы» еңбектен аңғару қиын емес. XVII ғасыр ортасында жазылған шығармада «Отырар – Иассының аржағында орналасқан қала, Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах кезінде оның мемлекетінің шығыс жағындағы шекаралық қаласы болды», – делінеді. Сондықтан, Отырар алқабындағы Рабатты Хорезмдік деп санау дәстүрі XIV ғасырда, яғни Рабғузи заманында сақталуы ғажап емес.
С.А. Қасқабасовтың пікіріне сүйенсек, әйгілі шығарманың авторы Мауараннахрда, Рабати Оғыз деген жерде туған және оның Рабғузи деген бүркеншек аты содан шыққан. Отырар алқабындағы Рабат ескерткіші Сырдарияның сол жағалауында болғандықтан ол Сырдария мен Амудария ортасын алып жатқан Мауараннахр аймағына кіреді. Міне, осы Насреддин Рабғузидің туған жеріне тән белгілерінің Отырар алқабындағы Рабатқа сай келуі бұл ескерткіштің Рабат Оғыз екенін дәлелдейтін басты айғақ бола алады. Біз оны XIV ғасыр басында «Қисас-и Рабғузи» немесе «Қисас-уль анбия» деген аттармен мәлім болған қолжазбаның авторы Насреддин Рабғузидің туған жері деп болжаймыз. Сонымен, біз қарастырып отырған Рабатты басқа Рабаттан ажырату үшін орта ғасырда Рабат Оғыз немесе «Рабатуғуз» дер аталуы әбден мүмкін. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Қырғы Өзгент және Төменгі Өзгент деген екі ескі қаланың орны бар. Негізі Өзгент емес Оғызкент. Бір кездері қазіргі Орта Азия аталып жүрген аймақтың Түркістан екенін ұмытпауымыз керек. Ал осы Түркістан атты өлкеде Оғыз хандығы болғандығы шындық. Оғыз хандығының орталығы, яғни Оғызкент біз айтып отырған жерде болуы кәдік емес. Олай болса кенттен бары жоғы 200 шақырым жердегі ағын сулы сайдың атауы Өгіз суы емес, Оғыз суы болады. Демек, біз іздеп отырған мекен Рабат Уғуз, яғни Оғыз суындағы Рабат болып шығатын шығар. Ал, Рабаттың атауы мен міндетін тәптіштеудің аса көп қажеті жоқ деп білеміз.
1990 жылы Ташкент қаласынан «Езувчи» баспасы «Қисасы Рабғузи» кітабын екі том етіп басып шығарды. Бұл жайында кітапты дайындаушылар былай дейді: «Кітаптың ең көне қолжазба нұсқасы XV ғасырда көшірілген болып, ол Британия музейінде сақталып келеді. Осы нұсқаның факсимилесі белгілі ғалым К.Гронбек басшылығымен 1948 жылы Копенгагенде басып шығарылды. Міне, осы факсимиле қолыңыздағы кітапты дайындаушылар үшін негіз етіп алынды». Ілгері айтқанымыздай қазақ, өзбек арасында «Қисасул әнбиенің» бірнеше түрі бар. Бірақ, мына нұсқадай әрбір құбылыс, іс-әрекет, өзгерістерге Құран аяттары мен пайғамбар (с.ә.у.) хадистерінен дәлел келтіріп, Илохий құдіреттің нұсқауынсыз ешнәрсе болмайтынын дәләлдеген емес. Оның үстіне мына нұсқа ескі түркі тілінің диалектінде жазылған. Бұл жайлы өзбек зерттеушісі Э.И. Фозилов былай айтады: «Қисаси Рабғузидің тіліне келгенде соны мойындау керек, оның тіл мәдениеті Орта Азиядағы Түркі тілдердің баршасы үшін бірдей ғылыми мәнге ие.Табиғи нәрсе,кітап тіліндегі кездесетін сөздердің кейбіреу лері бүгінгі оқушы үшін түсініксіз болып қалған. Уақыттың өтуі, әртүрлі заман ағымдарының әсері, саясаттың ауысуы мен мәдениеттің ауысуы нәтижесінде кейбір сөздер өз міндетін өтеп болған және айналымнан шығып қалған. Сонымен бірге өмірдің ауыр сынауларына төтеп берген және бүгінгі күнде тілімізде кең қолданылып жүрген сөздер Рабғузи жазып қалдырған бағасыз жәдігерліктің әр сөйлемінде ұшырайды». (Өзбек тілінен аударған С.С.)
Осы күнгі айналымнан шығып қалған, ескі жыр-аңыздарда кездесетін сөздер бар. Бұл нұсқаның бір ерекшелігі Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам атауын Пайғамбар Қызыр әлейкісаламға әкеледі.Ол былай баяндалады:«Қызыр» мағынасы жасыл болар. Қайсы тасқа Қызыр әлейкісалам отырса,ол тас жасыл болар еді. Сол үшін Қызыр атады. Айтады, қай жерге отырса, сол жер көгерер еді. Кей біреулер Қызыр пайғамбар еді. Кейбіреулер айтар, пайғамбар емес, ғалым, муслих еді деп. Тегі Сайрамдық. Бани Исраилде ер жетті. Мәңгі сусын ішіп тірі қалды. (Қисаси Рабғузий, 2 кітап, 68 бет.) Осы сөздерді оқып алып мен (Сейіт Омар Саттарұлы) Сайрамдағы Ибрахим ата мазарының шырақшысына барып: «Мына кітапта осылай деп жазылыпты, қаншылықты сенімді? Сіз не айтасыз?»,- дегенімде – «Ия, ол солай. Осы маңда Қызыр әлейкісалам анда-санда осында соғып тұрады екен, – деді. Соңынан бұл сөзді қазір Шығыстану ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Момынов растайды. Түркістан қаласында тұратын шежіреші, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек те Қызыр пайғамбардың Сайрамда туылғанын растап отыр.
Сонымен, ұзын сөздің қорытындысы «Қисасул әнбие» (Қисасул Рабғузий) Оңтүстік Қазақстан оның ішінде Отырар ауданы жерінде жазылған кітап. Қазақ топырағынан бір пайғамбар шыққан. Бұл кітап М.Әуезов атындағы мәдениет және өнер институтынан жас ғалым Төре Әлі Қыдырдың аударуымен қазақ тіліне аударып, XIV ғасырда өмір сүрген бабамыздың асыл жәдігерлігі халыққа жетті. Ендігі міндет осы асыл жәдігерлікті сөз бұйдаға салмай, ғылыми түрде жете зерттеп, бабамыздың тұған жеріне белгі, ескерткіш қойып, жер, мекен атауын беріп үрім-бұтағымен табыстыруға асығайық. Бабамыздың кітапты жазғандағы мақсаты да халықтың «ғалымың хаты өлмейді»демек аты да өлмейді дегені осы шығар.
Мұхтар Қожа
тарих ғылымдарының докторы,
Сейіт Омар Саттарұлы,
шежіре зерттеуші, дін танушы.
Міне мына қарта Рабат маңының қай жерде екенін көрсетеді