Қарабура – түркі жұртына ортақ тұлға
Орталық Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен Қарабура әулиенің ұлт тарихынан алар орны ерекше. Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің шаңырағын көтеріп, ірге бекітіп, нығаюына Қарабура әулие белсенді атсалысқан. Әсіресе, сайын далада ислам дінін уағыздап, қалың елге асыл діннің қадір-қасиетін ұқтыруда Қожа Ахмет Ясауи ілімін жаюда ол кісінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Үкаша ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да пір тұтады. Бүгінде Созақ ауылындағы әулие кесенесі мұсылман қауымының киелі қорымына айналған.
Ескіден жеткен есті сөз Қарабураның ел басқаруда өзіне де, өзгеге де төрт түрлі ұстамды талап қойғанын айтады. Біріншісі – әділет, әділеттілік; екіншісі – адалдық, тазалық; үшіншісі – білімділік, батырлық; төртіншісі – адамгершілік, имандылық. Осы қасиеттердің ұшқыны бар мыңдаған сауатты жастарды ел арасына жіберіп, мұсылман дінінің маңыздылығын түсіндірген. Діни сауаты бар азаматтарға молда, қажы, ғалым деп құрмет көрсеткен. Дін таратушы Ысқақ бабтың ұрпақтары Қожа Ахмет Ясауи мәйітіне өте адал ұстаз ретінде Қарабурадан басқа адамның қолын тигізбеуін алдын ала халыққа ескертіп кеткен екен деседі. Қарабура әулие Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарып, барлық жерлеу рәсімін өзі жасаған. «Пайғамбардан артық қызмет етуге хақым жоқ» деп құлшылық жолына көшіп, хандық билікті тапсырып бірнеше жылын жер астындағы қылуетте өткізген екен. Әулиенің діни-рухани өнегесі кейінгі уақытта да жалғасын тауып жатты. Осы жолды ұстанған діндарлар мен игі жақсылардың мүрдесін кесене маңына қою дәстүрге айналған.
XVІІІ ғасырдың бас кезінде кесенеге Ясауи жолын жалғастырған Құрбан атаның жерленуі осындай діни-рухани сабақтастықты танытады.
Қарабура өзінің бірінші қызы Бегім сұлуды Оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Екінші қызы Әмбар Бибіні Ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама ғалым Сүлеймен Бақырғаниға ұзатып, одан туған немере қызы Айша Бибі Сүлеймен Бақырғани өлген соң екінші әкесі Зәңгі бабаның тәрбиесінде болған. Ол Тараздағы ғашық жары Қарахан патшаға барар жолда жылан шағып, өмірден озған. Айша Бибінің кесенесі Тараз қаласының маңында. Ташкенттен 12 шақырым жерде Әмбар Бибінің, Қызылорда облысында Бегім сұлудың кесенелері бар. Қарабура ханға қойылған белгілер Қытайда, Қашқарда, Иранда, Түркияда, Тәжікстанда, Қырғыз елінде де аз емес. Атақты Жүсіп Баласағұн Қарахан мемлекетіндегі Қарабура ханның хандық дәуірін, ел басқарудағы ұстанымдарын «Құтты Білік» дастанында жазған.
Қарабура ұрпақтары жыл сайын маусым айының орта шенінде Қарабура әулиеге ас береді. Дәстүрге айналған 20 жылдың ішінде еліміздің көптеген облыстарында Қарабура мәдени орталықтары құрылып, жылма-жыл бабаға ас беру жақсы жолға қойылған. Осы шараға үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Соңғы бес-алты жылда тек қана ас емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар өткізіліп келеді. Есімі елге белгілі азамат марқұм Құрал Ержановтың бас болуымен салынған Қарабура әулие кесенесінің бүгінде жан-жағы көркейіп, айналасы Орта Азиядағы ең көрікті пантеондардың біріне айналды. Төңірегіне 600-ден аса белгітастар қойылған. Мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар, шамданғанда қайрат бітірер ұран» дейді. Тіпті, Қарабура дүние салып, сүйегі Созақ топырағына жерленген соң да оның зираты күллі түркі жұрты үшін киелі орынға айналған. Оның кесенесінің қасына қоңырат Құрбан ата, тарақты Шілмәмбет би, тама Құлтас би, сары үйсін Белгібай қажы жерленген. Бұл біз үшін үлкен абырой. Себебі, Қарабура қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ тұлға.
Сексенбай қажы ТҰРЫСБЕКОВ, «Қарабура әулие» қайырымдылық қорының вице-президенті, Созақ ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері