Әулиелер Сұлтанының асыл сүйегі
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – жамағатхананың төрінде орналасқан әулиелердің Сұлтанының асыл сүйегін арулап қойған қабірхана бөлмесі болып табылады.
Қабірхананың қабырғаларының ұзындығы 7,15 метрлік шаршы бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен көмкерілген тайыздау ойықтар бар. Қабірхананың дәл ортасында Әмір Темірдің әмірімен Үндістаннан әкелінген шымқай жасыл нефрит тектес тастан әулиенің құлпытасы (жалпы көлемі: ені -1,25 м, ұзындығы -3,15м, биіктігі – 2,6м) қойылған. Үш бөліктен тұратын құлпытаста бұрыштама бағаналар мен сталактиттерден басқа жазу-сызу жоқ. Әулие қабірханасының маңыздылығы ғимараттың төріне орналасқандығынан емес, күмбездің өзіне жалғасып жатқан солтүстік порталдың таңғажайып әшекейінен де аңғарылады. Құлпытасты айналдыра Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауиге сыйға тартқан қола шырағдандары қойылған. Шырағдандардағы жазулардан хижираның 799 жылы құйылғанын оқуға болады. Қабірхананың төбесі сыртқысы қатпарлы, қосқабатты күмбезбен көмкеріліп, сыртын мозайкамен қаптаған. Қатпарлы күмбездің сыртқы диаметрі 10 м, жалпы биіктігі 21 м, күмбездің 52 қатпары бар. Күмбездің сталактитті ернеуі ғажайып өрнекті майоликалық тақташалармен көмкеріліп, мойындығына көк түсті жыланкөз кірпішінен өріліп, куфа таңбасымен жазылған, ірі жазулар бар. Әулиенің қабірхаансының төрде орнласуы, оның ерекше көркем, эпиграфиялық жазулармен өрнектелген солтүстік порталының болуы, қатпарлы күмбезінің іші-сыртының, қабырғаларының әсем безендірілуі бөлменің қасиет киесін айқындай түседі. (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Буклет. Түркістан: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 3-ші басылым, 2015).
***
Көрхана кішігірім бір бөлмеден тұрады. Төбесінде көк керамикадан көмкерілген қырлы күмбезі бар. Діни нанымдағылардың бірін-бірі қарғағанда, я серт етіскенде «көк күмбез ұрсын», «көк күмбезге салдым», «я көк күмбез жарылқай гөр» дейтіні осы күмбез. КүмбездІң ішкі төбесіне құйма сталактиттер қондырылған. Құлпы тастың қасында өрнектелген ағаш қоршау тұр. Оны Қожа Ахмет Ясауидің бибісі жерленген орын дейді.
***
Бұл мешіт үйінде бейсенбі күндері түнімен отырып тек ғұламалар мен дәруіштерге ғана жахр (…), яғни дауыстап зікір салып, мінәжәт етуге рұқсат етілген.
***
Мұнан соң бастаушы қожа зиратшыларды көрхананың оң жағындағы зиратхана тәріздес коридорға апарған. Мұнда да көрханаға жапсарлас есіктің орнына орнатылған әшекейлі тор көз ағаш рама бар. Сол раманың бер жағында Қожа Ахмет Ясауидің қабірімен қатар мрамордан жасалған үлкен құлпы тас жатыр. Құлпы тасқа жерленген кісінің аты-жөні, Құраннан аяттар жазылған. Егер бұл тасты тазартып қойса, есікті ашып-жапқанда жарықпен шағылысқан мрамордың сәулесі айна тәрізді жарқ етіп екінші жаққа түседі. Еңкейіп қараған кісі қазандықтағы кейбір суреттердің осы тасқа түскенін айқын көреді. Сондықтан мұны «айна-тас»; «әулие тас» деп атаған.
Бұл таста «Әсман хүсна» деп аталатын құдайдың мың бір аты жазылған. Кімде кім сыртындағы жазуларды сипап көзіне сүртсе көзі ашылып, беліне сүртсе бел ауруынан арылмақ, басына сүйкесе бас ауруын қоймақ, егер сәулесіне кездессе құдайдың нұры жауып, бақыты ашылмақ» деп уағыздаған.(Болат Қорғанбеков, филология ғылымдарының кандидаты Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар кітабынан алынды)
сурет «OYLA Научно-популярное издание» сайтынан алынды