Бір суреттің сыры

Зұлқарнай шыңы

Ғалым, ақын, әнші-жырау, күйші Зұлқарнай Икрамов жайында

 Университеттің көп жылғы татымды тарихын қайта зерделеп, оның әрқилы кезеңдердегі ролін айшықтасақ, уақытпен көмкеріліп жатқан көптеген оқиғалардың куәсі болатынымыз анық. Оқу орны әлеуетіне кезінде өздерінің қомақты үлестерін қосқан қазір өмірден озып кеткен ғалым ұстаз ағаларымыздың есімдері мен жарқын бейнелері ел жадында. Өмірден озғандарды бір – бірімен салыстыра сипаттау әбестік болар. Десе дағы, олардың біразынан оқ бойы оза шапқан физик – ғалым, ақын, әнші, күйші, суретші Зұлқарнай Икрамовтың тұғырлы талантын елге, өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат еттік.
Икрамов Зұлқарнай Сыр бойындағы діни ағартушылық ой сананың қалыптасуында өзіндік орны бар Құлболды Ишан Сұлтанұлының (шамамен 1785-1850) төртінші ұрпағы.
З. Икрамов педагогикалық институтты бітіргеннен кейін сол оқу орнына оқытушылыққа қалдырылады. Киевтің Т.Г.Шевченко атындағы мемлекеттік университетінің аспирантурасына өз бетімен түсіп, әлесдік деңгейдегі ғалым, профессор А.Л.Наумовтың жетекшілігімен диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын алады. Ғылым саласында Украина мен Қазақстан арасындағы осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан ұлы байланыс көпірінің негізін қалағандардың бірі – осы З.Икрамов.
Зұлқарнай Икрамовтың қаламынан «Дана қыз», «Ай туралы аңыз», «Ауылымда еңбек ері бір қыз бар», «Сәдуақас Сақи», «Еріккенге арман көп» сияқты поэма, дастандар туындады. Аталған шығармалар мазмұны мен танымдық тәрбиелік маңызы мен әдеби шығармашылық стилі жағынан танымал ақындар шығармаларынан кем түспейді. «Ай туралы аңыз» дастанында айдың сүйген жарын күннің жарлығымен бір жұлдыздың оның ұйықтаған уақытын пайдаланып ұрлап кеткенін дастанға негіз етіп, ай мұңын өлеңмен өрнектейді.
Ал, «Сәдуақас Сақи» атты дастанда Сәдуақастың өзінің сақилығын тоғыз жасар ұлы Әбілданың қанын жүктеп дәлелдегендігі дастанға арқау етеді.
Зұлқарнай Икрамов әдебиетті көп оқып, терең зерделеген ғалым. Ол өзінің досы, Байдүйсен Жиенбаевқа жазған бір хатында «Біржан мен Сараның айтысы» жайлы елге беймәлім көптеген деректерді келтіреді. Бұл айтыс жайлы қазіргі зерттеушілердің еңбектері Зұлқарнай ағаның келтірген уәждерін дәлелдейді. Д.Жолжақсыновтың «Біржан – Сара» жайлы жақында экранға шыққан фильміндегі кейбір эпизодтар З.Икрамовтың ойларымен тоғысып жатады. З.Икрамовтың: «Сараның ұрпақтары, таныс туғандары Талдықорғандағы Ленин колхозында тұрады. Байеке, Сара туралы мәлімет білгің келсе, соған бар. Сараның бір поэмасы бар деседі. Өмірінің әр кезеңі туралы айтқан өлеңдері де бар», – деген болжамына қарағанда, Сара жайлы зерттеушілер үшін талай белгісіз дүниелер жатқан сыңайлы.
Кезінде Республиканың мәдени қоғамдық өмірінде болып жатқан сан алуан оқиғалардан Зұлқарнай аға шет қалған емес. Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), аудандық «Коммунизм жолы» газеттерінде республикалық журналдарда өзінің сан алуан өзекті ойларын оқырмандарға жеткізіп отырған. 1958 жылы алғаш рет Жамбыл мен Қызылорда облыстарының ақындар айтысы өткен болатын. Сол айтыста Жамбылдық Есдәулет ақын мен Сырдариялық Рахмет жырау, Мағираш Сариковамен, Дулат ақындардың, Әбу Жүсіп пен Мыңатай ақындардың айтыстарына талдау жасап, салауатты ой пікірлерін білдіреді. Ол бұл айтыстар жайлы – «Бұрын айтысты аз тыңдағандықтан ба, әлде осы айтыс біркелкі тәуір болғандықтан ба, әйтеуір таяуда болып өткен ақындар айтысы тыңдаушылардың жүрегіне де әдемі әсер қалдырды. Қазақтың осы бір тамаша дәстүрі, әдеби ерекшелігі, ескі мектебі еске алынып мән берілгеніне ерекше қуандық… Айтыс басында, не соңында жырашары немесе басалқы сөздері болатын, ол жоқ. Ең болмаса ақындарды жәй әншейін таныстырмай, бір ақын жыр арқылы көпшілікке таныстырса. Кейбіреулер осы күнгі жеңу, жеңілу мақсат емес дейді, бұл біздіңше дұрыс емес. Жеңем деп тырысқан ақынның ғана аузынан асыл сөз тізбектері шығады, әлемде болып жатқан жаһан жаңалығын т.б. қосып жыр айтса теріс болмас еді. Өйткені, бір оқиғаны жырлау жырға қосу бұл да қазақтың ежелгі дәстүрі. Кеңес тұсында осындай оқиғаларды жырлау Исаның шығармашылығында кездеседі. Мысалы, оның «Он бір күн, он бір түн» жыры». Зұлқарнай ағаның өткен ғасырдың ортасында айтылған осы тұщымды ойлары Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі мәдени әдеби өмірінде жалғасын табуда.
Украинаның Т.Г.Шевченко атындағы мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүрген кезінде аяулы жарыАқпейшенге, достарына жазған сағынышқа толы лирикалық өлеңдері оқырмандарды бейжай қалдырмайды. Оның: «Сені ғана таңдадым», «Бәрібір сені сүйемін», «Көңілің сенің болмашыны ойға алса», «Алғайсың мені есіңе», «Асыл жарға» т.б. өлеңдері шынайылығымен ерекшеленіп, нәзіктігімен жүрек қылын тебірентеді. Бұл өлеңдерінде адал жарына, достарына деген кіршіксіз махабатын қарапайым, татымды да тартымды сөздермен жеткізе білген.
З.Икрамов шығармашылығынан қысқа ойлармен тұжырымдалған оқушыны әр түрлі өмірде кездесетін, қарағанда қарапайым болғанмен, терең зерделесеңіз үлкен мәселелерге итермелейтін этюдтер де ерекше орын алады.
Оның «Екі суретші», «Бәрі еркектер күні ғой», «Сөзіңнің сыңайын көріп тұрмын», «Татулық деп…», «Орысшаға олақ, қазақшаға одан да олақ» сияқты қара сөзбен жазылған қысқа қайырымдары қоғамдағы кездесетін көптеген әттеген-айларды алға тартады. Бұл этюдтерде жалқаулық, немқұрайлылық, тілге байланысты шалағайлық т.б. көтерілген мәселелер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған емес.
Ал «Күшік пен құрбақа», «Мәндібай мен Сәндібай», «Кекілік пен шыбын» сияқты мысал өлеңдері адамдар арасындағы кездесетін мақтаншақтық пен тойымсыздық, тұрақсыздық сияқты мінездерді сын садағына алады.
Зұлқарнай ағаның әкесі Әбіласанов Икрам (1898-1937ж) асыра сілтеудің құрбаны ретінде халық жауы деп танылып, ауыр жазаланған. Оның зардабы жұбайы Рахия апаға оңай тиген жоқ. Тірі жесір атанған Рахия апа жазықсыз жазаға ұшырап ұсталып кеткенде балаларының ең үлкені Жаллаладдин 14 жаста, Мұхтарима 11 жаста, Муфтахаддин 9 жаста, Зұлқарнай 2 жаста еді.
Қоғамның қозғаушы күші – Адам болғандықтан, оның өмірінде тегіне тікелей байланысты, қайталанатын бір заңдылықты атап өтудің реті келгендей. Зұлмат жылдардың құрбаны болғандар негізінен талантты, арыстан жүректі, білімдар, Отаны үшін от кешуге дайын жандар болған. Сондықтан негізсіз «халық жауы» атанғандардың ұрпақтары табиғи таланттарымен елді елең еткізген тұлғалар болды. Олардың қатарына: Ш. Айтматовты, Қ.Мұхамеджановты, Б.Төлегенованы, И.Бекбаевты, Қ.Жаңабергеновты көптеген азаматтарды жатқызуға болады. Бұл тізімде З.Икрамовтың да ерекше орны бар.
Тектіліктің туын тік ұстаған Икрамовтар әулетінен шыққандар елді тамсандыратындай азаматтар еді. Жәлеладдин Икрамұлы (1923-1986жж) М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің философия кафедрасының аспирантурасын бітіріп, көп жылдар бойы Қазақ технология институтының (Шымкент) философия кафедрасын басқарды. Ақындықтан да құр алақан емес аға бос уақытында жыр жазуды ермек ететін-ді. Ал, Муфтахаддин (1928-1986жж) «Қоғалыкөл» ауылында көп жыл мектеп директоры, ұлағатты ұстаз атына қаяу түсірмей кетті. Мұхтарима апай (1925-1990жж) Ана атты асыл сөзді паш етумен өмірден өтті.
Зұлқарнайдың қызы Ақбота Икрамова Қорқыт ата университетінің музыка-педагогика факультетінің ұлағатты ұстазы, ана, ұлы Ақансері – программист Астанада тұрады. Ақансерінің екі ұлы да МГУ-ді радиомеханика, математика мамандықтары бойынша бітіруге жақын, Сәкені-Шымкенттің қалалық әкімшілігінде құрылыс саласын басқарады, қызы Ақерке – Астанада қаржы аналитигі.
80 жылдық мерейтой жақын қалған ҚМУ-інде кезінде әлемдік деңгейде болған ғұламалардың қызмет еткені университет тарихында өшпес із қалдырды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, профессор А.Д.Тайманов (1917-1922жж) математик мамандар даярлаудың белесті кезеңі болды. Профессорлар Н.Р.Күнқожаев, Ә.Тәжмағанбетов, доценттер С.Бекбаев, Н.Жүнісов, Ә.Ахметов, Ә.Жақыпұлы сияқты өздерінің сауатты терең білімдерімен, салауатты тәрбиелерімен шәкірттерін сусындатқан ұстаздар еңбегі еш кеткен жоқ. Ұлағатты аға ұстаздар атын әлемге паш еткен шәкірттерінің алдыңғы сапында болған да Зұлқарнай Икрамов еді.
Зұлқарнай аға өзі көрмегенмен ұрпақтары ата жолын қуатынына зор сеніммен бақилыққа аттанғанды.
Ағаның өнегелі өмір жолын Ақпейшен жеңгеміздің Зұлқарнай ағаның қазасына байланысты:
Бұлт айналып басыма,
Тұман түсті қасыма.
«Ақсұңқарым» мерт болды
Отыз тоғыз жасында…
Бұрала біткен еменім,
Тасып бір аққан өзенім.
Бүріңді жаңа ашқанда,
Сұм ажал алды-ау керегін, – деген зары Алланың қаперіне ілінсе керек, ұл-қыздары мен немерелерінің бақытты боларын тамашалап, Шымкент пен Астананың арасын шаңдатып өмір кешуде. Қандай қуаныш құшағында жүрсе де, Зұлқарнай ағаның рухымен мәңгі бірге болатын жеңгемізге ұзақ ғұмырлы болыңыз, қуаныштан бас алмаңыз демекпіз.
Қазбай Құдайбергенов,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің профессоры.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button