Жас кезімізде ауылда қоржын үйде тұрдық, өзі екі бөлме бір бөлмесі сарай сияқты ескі құсқы заттар тұрады.Екінші бөлмесіне әкей мен шешей,сосын әжем, екі ұл мен екі қыз жетеуміз бір бөлмеде өстік.
Бір күні аяқ астынан әкей көрші ауыл Шіркейілден 80 жастан асып кеткен,екі көзі су қараңғы соқыр кемпір мен 6 класс оқитын ұлды екі есекпен көшіріп алып келді.Туыс екен бізбен. Кемпірдің жалғыз баласы соғысқа кетіп, хабарсыз кеткен де, келіні қайтыс болған. Соқыр кемпір мен баланың қиын жағдайын көріп, әкей шыдай алмай көшірген екен. Әлгі кемпірді жетектеп үйдегі ұл мен қыздар кезектесіп дәретке апарып, қолына су құйып кебісін жөндеп кигіземіз.Шешем кемпірді легенге суға түсіріп жуындырып жатушы еді.Көп үзамай бізге жиен боп келетін, бала-шағасы жоқ аяғы ақсақ Байман шал үйде жататын болды.Ол кезде үйге сыймаймыз деген жоқ шығар.Әкей-шешей қарсылық білдірген жоқ.Тердің исінен бөлме сасып кетеді екен. Бір күні апам Дариха шыдай алмай мұрнын басып:
-Апа мұның не? Кіл қайыршыларды жинап мына сасық иістен өлетін болдық қой -деді.
Сонда апам:
-Тәйт осыларды жинағанда, сендер үшін жыйнап жүрмін, осылардың батасы сендерге қабыл болады,- деп еді.
Сол бата қабыл болдыма, ағайынды төртеуміз аман сау бақыттымыз.
Айтпақшы әлгі кәриялар бес жыл үйде тұрып бірнен кейін бірі қайтыс болды.Әкей бір-бір ешкісін сойып намаздады. Осы кезде әр құран оқыған сайын әлі мүсәпірлердің атын атап қоямын. Мына суретте сол кездегі тұрған үйіміз.
Болат Омарәлиевтің Фб парақшасынан алынды