Бабалар мұрасы болашақ үшін маңызды
Айқожа ишан Темірұлы мен оның әулетінде сақталған жәдігерлер

Естеріңізде болса, осыдан екі-үш жыл бұрын Айқожа ишан Темірұлының 250 жылдығы аталып өтті. Бабамыздың құрметіне Ас беріліп, шығыстанушы ғалымдар бас қосқан үлкен жиынға көбіңіз қатыстыңыздар. Осы оқиғаға орайластырылып ашылған мешіт пен Қариларды даярлау орталығы бүгінде жұмыс істеп тұр. Бұл Бабаның барша ұрпақтарының мақтанышы ғана емес, ауданымыздың рухани өміріндегі айтарлықтай оқиға десек артық емес.
«Салемнің де сәті болады» демекші, соңғы үш жылда жиналған бабалардан қалған жәдігерлер жайында айта кеткім келеді. Шағын да болса музейдің жүгін алып тұрған мұражайымыздың дәстүрлі дінімізге, қазақ руханиятына салатын олжасы жайында баяндамақпын.
Игі істердің басында жүрген Айқожа ишанның ұрпағы Талғат Әзімханұлы ағайындарды жинап, «жұмысты қалай бастаймыз?» деп, ақылдасқан сәттен-ақ жәдігерлерді жинау қолға алынды. Айқожа ишаннан тараған он бір ұлдың ұрпақтары өсіп-өнген бір қауым ел, шамамен 2 мыңнан астам шаңырақты құрайды. Әр шаңырақта күні кеше өткен әкелеріміз тұтынған заттар, олардың аталарынан, қазақтың «иіс» деген ырыммен сақталып келген бөрік, ішік, тон, шапандар, аналарымыз тоқыған алаша-кілемдер айта берсек, жәдігерлеріміз жетерлік екен. Оны бір орталыққа жинап, сақтау тарих үшін қажеттілігі бар нәрсе. Бұл кешегі өткен аталарымыздың өмір салтынан хабардар етеді, қазіргі күні ұмытылып бара жатқан ата кәсібін біліп меңгеруге де зор мүмкіндік.





Мол мұрамыздың ең басты құндылығы – кітап. Қазіргі күнде музейге бөлінген төрт бөлменің біреуі түгелдей шағатай, араб-парсы тіліндегі кітаптардан тұрады. Арасында қолжазбалар бар. Кітаптардың сақталып, біздің қолымызға жетуінің өзі аталарымыздың үлкен жанқиярлық ерлігінің арқасында деу керек. Кезінде үйінен араб тілінде жазуы бар қағаз шықса итжекенге айдаған заманда аталарымыз ықпай, кітабын қолдан түсірмей, ілімін жалғастыра берген ғой. Осы кітаптардың арасында Құран, тәпсірлер, қисса-дастандар бар. Көне кітаптардың мазмұына қарап отырып, ата-бабаларымыздың үлкен ілім иесі екенін білеміз. Айқожа ишанның Шатырхаты, тақиясы мен тәспісі де қолымызда. Өзбекстан мұрағаттарында Айқожа ишанға қатысты бірнеше құжат табылып, онда Айқожа ишанның Жаңақорған өңіріне қазы болып тағайындалғаны растайтын құжат көшірмесі де қолымызда.

Осында әулеттің қуғын-сүргін құрбандарының архив құжаттары қойылған. Бұрхановтар әулетінің, Сәруар ишан Ибадуллаұлының, Тажідін Жақыпұлының тергеу қағаздарымен қатар фотолары қойылды. Арыс қаласында тұратын Сәруар ишанның ұрпағы Әлайдар табыстаған Ишанның жайнамазы, қоржыны, қамшысы мен кітаптары баға жетпес құнды жәдігерлеріміз.
Әззам ишаннан қалған қара қазан да, мағзұмдар пайдаланған жез самауыр мен темір ошақ та сақтаулы тұр.
Мұндағы әрбір заттың өзіндік тарихы бар. Айталық, Үсейін мағзұмнан қалған шаңырақты қалпына кетіруге түркістандық қолөнерші Пахриддин Садықұлы қолқабыс берді. Бұл жәй шаңырақ емес, оны жасаған шебердің қол ақысына бала берген деген аңызы бар шаңырақ. Сол үшін де қымбатты. Әр әулеттің сәбиін тербетккен алды бір ғасыр болған бесіктерде баға жетпес құнды дүниелер. Әлі де ағайындардың қолында тұрған мұрамыз баршылық. Бұл жәдігерлер тек ана Айқожа ишан ұрпақтарына қатысты болғандықтан құны арта түседі. Егер кеңірек алса, қазақстандағы ишандық мектептің бір белгісі ретінде де зерттеушілер үшін тартымды болмақ. Бір әулеттің шегінен шығып, өткен ғасырлардың тарихын тірілтетін естеліктерімен қызықты. Жалпы қазақ тұрмысының бір сипаты ретінде де мәдениетімізде алатын орыны зор.
Осыған дейін он шақты кілем қорымызға түсті. Сандық-кебеже, шабадан, тігін машинасы, ескі фотолар, кесе-шәйнекке дейін қаз қалпында сақтаулы тұр. Болашақта музейдің қорын көбейтіп, ынталы жастар үшін шеберлік сабағын өткізетін, мысалы алаша-кілем тоқитын мүмкіндік ашамыз. Одан бөлек шағатай тілін игеру сияқты істерді қолға алса, орталықтың қызмет аясы кеңейе түспек.

Аса құнды жәдігерлерді сақтаған ұрпақтары өз еріктерімен орталыққа алып келіп, аманаттауы – тарихқа құрметі, бабаларына деген адалдық. Жасыратыны жоқ, уақыт өте келе, бұл заттар тозып, жоғалып кетуі мүмкін. Егер орталықта музейде жиналатын болса оны күтіп-баптап болашақ ұрпақтың игілігіне жаратамыз. Сөздің реті келгенде айта кетейін, осыған дейін Айқожа ишан мен ұрпақтарына қатысты жәдігерлерді жинадық. Алайда тарих толық болуы бұл аздық етеді. Әлі де ишанның, мағзұмдардың мұрттарының тарихын түгендемей ишандық жолдың тарихы түгенделмейді. Сол себепті бабаларымыз пірлік еткен жерлерінде қалған аңыз-әңгімелері мен аталарынан естіген есктеліктері болса, сонымен өңірге белгілі мұрттарынан қалған заттар болса біздермен хабарласып өткізуіне болады. Біз әрбір заттың тарихын ұқыптап жазып алып, тағы бір бөлмені тек ишандардың мұрттарына арнап, жәдігерлер арқылы тарихтың ақтаңдағын толықтыратын боламыз.
Осылайша Жаңақорған өңірдегі рухани өмірдің бір саласының тарихтың қойнауында қалдырып қоймай, болашақ ұрпақтың қажетіне жарайтындай етіп мұражайда сақтап, ғылыми айналымға енуіне себепкер боламыз.
Сабырхан Караматұлы, «Айқожа баба» музейінің қор сақтаушысы. Байланыс телефоны: +7 7757697064
Жаңақорған тынысы газеті №95 (8909) 13 желтоқсан









